...іші ‒ сұлу, әлемі ‒ әсем

Тап-таза өмірдің өзіндей нанымды, шынайы һәм тартымды. Тез оқылады, тез сіңеді, тез қорытылады. «Анау неге былай болды? Мынау неліктен сондай?» деп автор оқырманын діңкелетпейді.

94

...іші ‒ сұлу, әлемі ‒ әсем - adebiportal.kz

Жаһан әдебиетінде иппологиялық сарындағы жақұттай жарқыраған көркем шығарма көп қой, қайсыбірін айтайық. Тек оқу керек, тану керек, салыстыру керек. Анна Сьюэлл, Эрнест Сетон-Томпсон, Александр Куприн, Виль Джемс, Петр Ширяев, Лев Брандт, Майкл Морпурго, Шыңғыс Айтматов, Борис Алмазов, Алексей Свирский, Федор Абрамов, Николас Эванс, Ольга Перовская, т.б. Мінеки, енді, осы қатарға Есболат Айдабосынның «Бүкірі» де кеп қосылғанын зор қуанышпен айта аламыз. Жылқы жануары туралы жазылған ұлы туындылардың бірі де бірегейі ‒ Лев Толстойдың «Холстомер» повесі (1886 ж.). Есболат Қоспасының да, Толстой суреттеген гусар Никита Серпуховскийдің де күйі ‒ бір күй. Екеуі де ‒ ат үшін жаны ауырады, екеуі де ‒ ат үшін азап шегеді. 

Туынды басында, аяғында және бурыл жорғаға мінген қарияның еміс-еміс елес беруіндегі мифтік (мифопоэтика) штрихты есепке алмағанда, «Бүкір» ‒ реалистік рухтағы шығарма. Тап-таза өмірдің өзіндей нанымды, шынайы һәм тартымды. Тез оқылады, тез сіңеді, тез қорытылады. «Анау неге былай болды? Мынау неліктен сондай?» деп автор оқырманын діңкелетпейді, бәрі түсінікті, бәрі ұғынықты, стилі де, сюжеті де, құрылым-архитектоникасы да ‒ классикалық-академиялық, яғни дәстүрлі үлгі-нұсқада. Ой сорабын іздеп, тәптіштеп айтып, тәпсірлеп отырмайсың: адам мен жануардың өсу-даму динамикасы, санда болғанымен де, санатта жоқ Бүкір тұғырлы тұлпарға айналады, топ жарады, иесі де, өзі де түрлі қарсылықтарға тап болады, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, бабы келіскен Бүкір көпті таңғалдырады, кейін көрсеқызардың көз құртына айналады, талас-тартыс, конфликт, шығарма соңында жылқы ғайыпқа сіңеді... Болған-біткені ‒ осы!.. Ал, арадағы әңгімені әсершіл оқырман өзі асықпай оқып тауысып алар... 

Ұлттық санамыздың алтын «сандығында» сақталған бедерлі бейнелер жетерлік: Байшұбар, Керқұла атты Кендебай, Ақбоз ат, Тайбурыл, Қубас ат, Көкойнақ, Шалқасқа, Нарқызыл, Ақтабан, Ақлағыр, осылайша кете береді. Данышпан қазақ ат қойғыш қой, жылқының да әр кезеңін елеусіз-ескерусіз қалдырмаған: тай, құнан, айғыр, жорға, күлік, байтал, қулық, жабы, бесті, құла, сәурік, азбан, тарпаң, т.б. Бұл ‒ жай ғана атау емес, бұл ‒ мәндік-мазмұндық символ, түлеудің түрлі-түрлі сипаттары, физиологиялық-биологиялық қана жетілу емес, ой-санада мықтап орныққан прообраздар, таным картинасы, болмыс трансформациясы. Тарихта, мәдениетте бір дүние екіншісін толықтырып отырады, ат бар, демек, материалдық құндылықтар да болуға тиіс қой (құйысқан, өмілдірік, үзеңгі, жүген, ноқта, қамшы, шылбыр, таралғы, шап айыл, төс айыл, пыстан, тоға, үзбе, қаптал, сағалдырық, сулық, т.с.с.). Ат туралы асырып жазғандар қазақта аз ба екен?.. Тұтас бір галерея түзілген. Ілияс, Тәкен, Сәкен, Әбіш, Асқар, Мұхтар, тағысын тағы. Арыға барсақ Сақ, Ғұн заманындағы ат баптау дәстүрі, одан бергі жылқы жөніндегі тарихи жылнамалар, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ / Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» деп басталатын Абайдың өзі аттың сынына жүйрік емес пе еді?! Бағзыдағы бабаларымыз айналасына атой сап жорыққа аттанғанда, дене бітімі, тұла бойы тұлпармен тұтасып кеткендей боп, жауы үрейленіп, Кентавр турасындағы келісті аңыздар туған кездер де бүгінде тауарихқа айналғанымен, көз көрмесе де, көңіл сенеді, жады жаттайды, ұрпақ ұмытпайды. Жылқыны терең зерттеп жүрген тарихшы, этнолог-ғалым Ахмет Тоқтабай: «Қазақ жылқысы ‒ жылқылардың анасы» дегенді бір емес, бірнеше жерде айтып жүр. Ботай қонысындағы жабы ‒ түсінген жан үшін көпті аңғартатын археологиялық дәлел.

Енді, есте жоқ ескі дәуірден Есболаттың «Бүкіріне» қайта оралайық... Туған-туыс, жақын-жуық, тіптен қоғамның өзі тіксінген, жатсынған, бөтенсіген, болады-толады деп ойламаған, Тағдыр күресініне лақтырып тастаған Қоспа да ел-жұртты елең еткізді. Юнгиандық архетипке (К. Юнг) сәйкес, бала кезден теперіш-тепкі көріп, азап шегіп, жанына «жара» біткен Қоспа-Ердәулетті оқшауланудан, бойындағы тұнған комплекстерінің тұтқынына айналудан құтқарған құдірет-кие ‒ Бүкір. Туриндегі оқиға есте шығар, иә? Фридрих Ницще ара түсіп, атты аямай сабап жатқан арбакешті итеріп жіберіп, артынша, жануардың мұң тұнған жанарына қарап, іштей тілкескенде жынданып кетті емес пе?! Сол іспеттес әлеуметтік-рухани қысымнан Қоспа әумесерге айналмаса да, қойыртпақ қоғамнан, ниеті бұзық адамдардан әлдеқайда биік екенін көрсетті, өн бойында чемпион-жеңіскерге тән қасиет барын танытты. Қоспаның сырты көз тартарлық, кісі қызығарлық болмағанымен де, іші ‒ сұлу, әлемі ‒ әсем. Ұсқынсыздық да ‒ эстетикалық категория. Мәселенки, Ұсқынсыз үйрек. Жұлдызқұрт көбелекке я Жанна-Мари Лепренс де Бомонның Құбыжығы ханзадаға айналмай ма?!. Есболаттың Бүкірінде де сондай бір ішкі метаморфоза бар. Адамына қарап ат та алдына мақсат қоятындай, бір дүниені дәлелдегісі келетіндей. Автордың Бүкірді Қырғыз асыратын жері бар еді ғой, соған иландық (бұл ойдан шығарылған эпизод па әлде тарихи факт па, о жағын білмедім). Қилы-қилы жағдаяттарға байланысты қазақтың жат елге кетіп, атажұрттан көшкенін көз көрді ғой. Оларға кінә қоюдан аулақпыз, алайда налитынымызды қалайша жасырайық, іштей тынасың, булығасың. Сол сияқты көркем шығарма болған соң, «Бүкірден» де астар іздедік. Өз топырағында тосырқап, тосқауыл көріп жүргендер, шетелге шығып, өзін-өзі көрсетіп, көптің ықыласына бөленіп жүргені де өтірік емес қой.     

Автор «бүкір» қоғамды түзеп әуре болмаған, мұрат тұтпаған да, тек оның қандай екенін көрсеткен-ді, себеп-салдарын айқындаған. Осы тұрғыдан келгенде, Есболат Айдабосынға шығармашылық табыс тілейміз, еңбегі еселене берсін дейміз!..   

Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, 

әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, PhD

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan