Гүлбақыттың технология тілінде сөйлеген ертегілері
«Әдебиет порталынан» ақын, Халықаралық «Ертөстік» сыйлығының иегері Гүлбақыт Қасеннің «Цифрландыру дәуіріндегі ертегілерін» оқып қуандым. Себебі жаныма жақын тақырып.
Бұл шығармалар топтамасының ең басты ерекшелігі – автордың ертегіні қазіргі заманмен, цифрландыру дәуірімен байланыстыруға деген ұмтылысы. Балалар әдебиетінде жасанды интеллект, цифрлық әлем, жаңа технологиялар тақырыбы толық игере алмай жатқан бағыттарымыздың бірі. Үлкен жазушылар тіптен күле қарайды. Оларға әдебиеттің өзі жасанды болып кеткендей көрінеді.Сондықтан бұл топтаманың көтерген мәселесі өзекті әрі уақыт сұранысына сай дер едім.
Несі ұнады?
Автор балалардың бүгінгі өміріне жақын тақырыптарды таңдаған. Жасанды интеллект, ақылды ойыншық, цифрлық әлем, виртуалды кеңістік сияқты ұғымдар балалардың қызығушылығын оятады.
Әңгімелерде тәрбиелік ой айқын көрінеді. Қай шығармада да кітаптың құндылығы, білімнің маңызы, ата-ана мен ұстаз сөзін тыңдау идеясы алға шығады.
«Ақылды ойыншық» ертегісіндегі Ми бейнесі балаларға түсінікті әрі тартымды шыққан. Жасанды интеллекттің мүмкіндігін көрсете отырып, оның қалай болғанда да адамның ақылын алмастыра алмайтынын айтуы – сәтті шешім.
«Төлегеннің сағаты» ертегісінде шытырман оқиға элементтері бар. Құпия есік, тапсырмалар, уақытпен байланысты тылсым сағат – балалардың қызығатын тақырыбы.
«Тікелей эфир» ертегісі тарихи тұлғаларды қазіргі заманға әкелу арқылы балалардың Исатай мен Махамбетке деген қызығушылығын арттыруға тырысады. Бұл – тәрбиелік жағынан құнды тәсіл. Қазір мектептерде өтімді әдістеме ретінде кеңінен қолданылып жүр(автобуста қолданылуы енді ерсі).
«Ойын патшалығындағы күрес» ертегісіндегі Кітап пен Сега арасындағы тартыс символдық мәнге ие. Ол баланың ойын мен білім арасындағы таңдауын бейнелейді.
Дегенмен,осы шығармаларды оқып отырғанда Гүлбақыттың мұғалімдік мамандығы байқалып қалады. Кей тұстарда ертегі емес, түсіндірме мәтін немесе насихат айтып отырғандай әсер қалдырады. Кейіпкерлердің әрекеті арқылы көрсету орнына, автор ойды тікелей айта салады. Мұндайда
кейіпкерлердің мінезі толық ашылмайды. Мысалы, Ілияс, Мерей, Төлеген сияқты балалардың ішкі сезімі, эмоциялары өзгерісі тереңірек берілсе, Гүлбақыт өзінің ақындық лебін қосса оқырманға бұдан гөрі қызығырақ болар еді.
Оқиға желісінде тартыс аз. Ертегінің басты мақсаты– кейіпкердің қиындықты жеңуі. Мұнда кейбір кедергілер оңай шешіледі де, шиеленіс тез тарқап кетеді. «Туһ!»деп қаласың.
«Төлегеннің сағаты» ертегісіндегі идея өте қызықты болғанымен, құпия әлемнің мүмкіндігі тез аяқталып қалады да,осы жерде не жетіспей тұр деп ойланасың.Осыны хикаятқа айналдыруға болар еді деп қалдым.
Кей жерлерде авторлық түсіндіру мен дидактика басым түсіп, әңгіменің көркемдігі әлсірейді. Қорытындыны балалардың өздеріне қалдыру керек еді.
«Ойын патшалығындағы күресте» Кітап пен Сега қарама-қарсылығы сәл қарапайым берілген. Қазіргі бала үшін ойын да, кітап та қатар өмір сүретін құндылықтар екенін тереңірек көрсетуге болатын еді.
Шығармалар топтамасынык негізгі жетістігі – ертегі жанрын қазіргі технологиялық дәуірмен ұштастыруы. Автор балаларға жақын жаңа тақырыптарды батыл енгізген. Шығармалардың тәрбиелік жүгі ауыр, идеясы анық. Ал көркемдік тұрғыдан алғанда кейіпкерлер психологиясын тереңдету, оқиға тартысын күшейту, эмоциялық әсерді арттыру арқылы ертегілердің көркем қуатын одан әрі байытуға болады.
Қысқасы, бұл топтама– балалар әдебиетін цифрландыру дәуіріне бейімдеуге жасалған жақсы қадам. Оның ең үлкен жетістігі– баланы технологиядан қорқытпай, технология мен кітапты қатар дос етіп көрсетуге ұмтылуында.
Ділдәр Мамырбаева, балалар жазушысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
