«Сен расында жақсы адам болдың ба?»
Бұл шығарма кешірім туралы емес. Кейбір қателіктердің кешірілуі мүмкін екенін мойындай отырып, бірақ, оның ешқашан түзетілмейтінін еске салатын шығарма
«Қаңбақ ұшар даланың желіменен...»
(Халық әні)
«Отбасында беделді отағасы, дәулеті шалқыған шаңырақтың иесі, қызметіне қылау түсірмей абыроймен атқарып, зейнетке шыққан мен – советтік пошташы – ұлымның: «Сіз жақсы адамсыз, бірақ, жақсы адам да еркінен тыс біреуге қиянат жасауы мүмкін», – деген сөзіне қарсы уәж таппай, күмілжіп төмен қарай бердім».
Жазушы Дәурен қуаттың «Бруклин көпірін» елдің алдымен оқығандардың бірі сияқтымын, бірақ, тек өзің оқымай, басқалар да оқысын деп бірнеше адамға оқуға бердім, міне, бүгін осы шығарма жайлы айтайын дедім. Кез келген оқырман шығарманы бастап оқығанда әрқилы ой жетегінде болатыны рас, біз осыған дейін қуғын-сүргін, соғыс, Колыма туралы оқыдық та, фильмдер де көрдік, автордың бұл тақырыпқа қайта оралуына не себеп болды екен дегенді басында ойлап отырдым. Бірақ соңына жеткенде түсінесің, автор «Бруклин көпірі» арқылы тарихи фактілер жағынан тың жаңалық ашам демеген, автордың негізгі айтпағы мүлде басқа нәрсе – адам өз өмірінде өзі байқамай қаншама тағдырдың өзгеруіне себепші болуы мүмкін және кейбір қателіктерді кешірді дегеннің өзінде ештеңе өзгерту мүмкін емес. Біз көбіне оны тағдырға жабамыз, ал, шынында бұл солай ма? Шығарма құрылымы осы ойға да қызмет етеді.
Басында ауылдың қарапайым пошташысы жайбарақат әңгімесін бастайды. Ол өзін жақсы адам санайды, шынымен де өмір бойы адал еңбек еткен, елге сыйлы, баласын жақсы етіп өсірген, зейнетке абыроймен шыққан жан. Оқырман да оны солай қабылдайды. Оның Нью Йоркке барып, Бруклин көпірін көрген сәттері өмірінің жеңісі, жетістігі секілді әсер береді. Осы жерде яғни Бруклин көпірінде оны сыртынан бақылап жүрген адамның пайда болуы бүкіл шығарманың бағытын өзгертеді. Міне, осы сәттен бастап көпір көз алдымызда жай ғана сәулет туындысы емес, өткен мен бүгінді жалғайтын көпірге айнала бастайды.
Негізі білесіз, әлемге әйгілі Бруклин көпірі эмигранттардың символы есепті, Америкаға келген талай халықтың тағдыры осы көпірмен байланысты. Шығармадағы екінші кейіпкер Асылзада да солардың бірі. Бірақ ол жай ғана эмигрант, елінен өз еркімен кеткен адам емес, ол жаққа оны тағдыры айдап апарған. Көрмегені қалмайтын Асылзаданың өмірін басқа бермесін. Автор лагерьдегі қорлықтарды, аштық, адамдар хайуаннан да төмен дәрежеге түсетін ауыр көріністерді иланымды суреттеген. Сонда да шығарманың ең сұмдық жері лагерь емес, сізге айтайын, ең қорқыныштысы – адамдардың қатыгездікке үйреніп кетуі: тұтқындарды немістер де адам деп қарамайды, кеңес билігі де адам деп қарамайды, түрмеде әлдісі әлсіздерді қортық қиялы жеткенінше қорлайды, қарауылдар аш адамдарға нанды маймылша қағып алыңдар деп лақтырады, ұл балаларды қорлаған азғындар бар, осылардың бәрін оқып отырып, қатыгездікте ұлт жоғын ойлайсың. Егер билік адамды шыбын деп қабылдаса, қай қоғамда да осындай жауыздық тууы мүмкін.
Қаңбақ философиясы
Сәл шегініс жасайын, маған ерекше әсер еткен жердің бірі – Асылзаданың қаңбақ туралы ойы болды. Қаңбақ дегеніңіз біздің ұғымда «ұшарын жел, қонарын сай білген», беталбаты сенделген қадірсіз өсімдік қой, ал Асылзада оны мүлде басқаша көреді. Ол қаңбақтың даланы аралап, тұқым шашып, жаңа өмір жалғайтынын айтады. Бұл өте күшті метафора. Сөйтіп, қаңбақтың өзі туған жерге пайдасын тигізеді екен, ал өзін сол қаңбақтан да сорлымын деп есептейді.
Байқасаңыз, қаңбақтың мағынасы шығарма бойында бірнеше рет өзгеріп отырады. Қараңыз, әуелде қаңбаққа ұқсау – Асылзадаға трагедия, тағдырдың мазағы ретінде көрінді, ал соңында тырбиған со қаңбақ өзінше бір даналық өлшеміндей болды. Яғни повесть басындағы қаңбақ пен соңындағы қаңбақ образы арқылы да рухани өсуді көреміз. Өйткені айдалып кетті деген әкесімен кездескенде, ол ұлына сол қаңбақты өмірдің ұстазы ретінде тануды ұсынды. Осы арқылы автор өте терең ой айтады: кейде адамды сақтап қалатын нәрсе оның тамыры емес, желмен бірге қозғала білу қабілеті. Иілмеген ағаш сынады. Ал қаңбақ иілмейді де, сынбайды. Ол дауылмен бірге көшіп, өмірді жалғастырады.
Сондықтан бұл шығармада қаңбақ қаңғыбастықтың, босқындықтың емес, өміршеңдіктің символы. Бұл жерде әкесі жүйенің өзгермейтінін, ұлының ақталмайтынын түсінеді де, сондықтан оған батыр болуды емес, аман қалуды үйретеді.
Біздің көбіміз ерлік дегенде жауға қарсы шабуды елестетеміз, өліп құны сұраусыз кеткендер қаншама, ал кейде ең үлкен ерлік – тірі қалу болып шығады. Яғни автор үшін ең басты құндылық – адамның жалғасуы, рухтың аман қалуы, ұрпақтың өмір сүруі. Сол үшін әкесі оған: «қаңбақ болудан қорықпа» дейді. Қаңбақ ешқашан бір жерге байланбайды, бірақ қайда барса да өзімен бірге туған даласының дәнін алып жүреді. Асылзада да дәл сондай тірлік кешті, елден амалсыз кетті, Ресейде жүрді, Украинадан өтті, Түркияда тұрды, Америкаға барды, бірақ қай елде өмір сүрсе де, анасына қазақша хат жазумен болды. Әкесін іздеді. Хатында үнемі балалық шағын еске алады. Демек, оның денесі ғана көшіп жүр, рухы туған даласынан ешқашан көшкен жоқ.
Тағы бір қызық деталь – оның әкесін «Әулие» дейді. Меніңше, автор мұны мистикалық мағынада ғана қолданбаған, нағыз әулиелік болашақты дәл болжауда емес, адам табиғатын тануда. Әкесі баласына Америкаға баруды жай ғана географиялық бағыт ретінде айтып отырған жоқ, ол еркіндікке қарай жол көрсетіп отыр. Ол солай өзі бара алмайтын жолды ұлы жүріп өтетінін, өзі көрмейтін еркіндікті немерелері көретінін болжайды.
Бұл жерде «Менің немерелерім құлдықтың құрсауына түспей, бодандықтың қамытын кимей, еркіндіктің құшағында еркелеп өсуі керек» деген әке арманы ғана емес, қуғын көрген тұтас бір буынның арманы тұр.
Жетпей қалған хаттар
Асылзада шешесіне қаншама хат жазады, оның біреуі де оған жетпейді. Сол алыста аңыраған шешесі оқи алмай арманда кеткен хаттарды біз оқып отырмыз. Бала кезінде әкесі жұмсағанда ойынға асығып тұратынын еске алған кейіпкердің:
«Ал қазір мені біреу жұмсаса екен, коменданттың мені құлақкесті құлша жұмсар жұмысы бітпесе екен деп тілеймін. Мен үшін жұмыс біткен күн – тындым күн, тіршілік таусылған күн, апа» деп жазатын жері бар.
Бұл сөзде тіршілік үшін күрес, тұтқын адамның бүкіл психологиясы жатыр. Мысалы, біз жұмыстан шаршасақ, үйге барып демаламыз дейміз, ал тұтқын жұмыс тоқтаса, «енді бітті, жазаға кеседі, өлтіреді» деп қорқады.
Демек, еңбек бұл жерде өмірдің өзі болып кеткен. Және анасына жазған хаттағы саумал жайлы, қоңыр құлынға қатысты естеліктерден тамағыңа өксік тығылады. Аш адамның балалық шақтағы бір тостаған сүтті еске алуы соғыстың миллиондаған статистикасынан әлдеқайда ауыр.
Жақсы адам да еркінен тыс біреуге қиянат жасауы мүмкін
Шығарма бойы Асылзадамен бірге жүресіз. Соңында күтпеген жерден автор назарды пошташыға бұрады. «Сіз жақсы адамсыз. Бірақ жақсы адам да еркінен тыс біреуге қиянат жасауы мүмкін».
Негізі пошташы ешкімді атқан жоқ, азаптаған жоқ, соттаған жоқ, бірақ баласының анасына жазған хатын жеткізбеді. Бір қарағанда бұл кішкентай ғана іс сияқты, ал шын мәнінде бір ананың өмір бойғы үмітін үзген қиянат. Зұлымдықты тек Сталин, Гитлер сияқтылар жасамайды, олардың жүйесіне мыңдаған қарапайым адамдар үнсіз келіскенде және орындағанда зұлымдық өмір сүре береді деген автордың ойын түсінесің. Кейде адам өз ісін міндетімді орындап, сонымен бірге қоғамға жақсылық жасап жатырмын деп ойлайды. Пошташы да солай ойлаған шығар. Несі бар, Асылзаданы күзеткен қарауыл да бұйрық орындадым деді, тергеуші де мемлекетке қызмет еттім деді. Бірақ адам өз арын мемлекеттің бұйрығынан төмен қойған жерде қасірет басталады. Пошташының трагедиясы да сонда, ол өзін өмір бойы жақсы адаммын деп ойлап өтті. Бірақ өмірінің ең соңында бір ғана хаттың тағдырын есіне түсіргенде, өзінің бүкіл ғұмырына күмән туды.
Қызық ия, кейде жамандықты зұлым адамдар емес, өздерін жақсы адам санайтын адамдар жасауы мүмкін. Өйткені зұлым өз әрекетін біледі, не істеп отырғанын біледі, ал жақсы адам өз қателігін өмір бойы байқамай өтуі мүмкін.
Оны диалогқа шақырып, сұрақ қойған ұлы еді. Шындықты білетін ұлы. Әрине, ұлы әкесін жек көрмейді.
Оқып болғанда «автор неге пошташы мен Асылзаданы кездестірмеді екен?» деп ойлағаным рас, бірақ, олар кездессе,сөйлессе, кешірім сұрап, оқиға жеңілдеп кетер еді, ал үнсіз қалу арқылы автор өткеннің кейбір жарасы ешқашан толық жазылмайтынын көрсетеді.
Бітпейтін соғыс
Жер бетінде соғыс әлі жүріп жатыр. Бұл қасапшылық неге жоғалмайды? Әлбетте, соғысты қару бастамайды, адам бастайды, қатыгездікті идеология жасамайды, соған сенген, нанған адамдар жасайды. Тоталитарлық жүйенің ең үлкен жеңісі – миллиондаған қатыбасты тәрбиелеуі емес, керісінше миллиондаған жақсы адамды өзіне қызмет еткізе алуы.
«Біз Совет өкіметінің әскери соты маңдайымызға қара таңба қылып басқан қауіпті элементтер емеспіз, санасы саясатпен уланғандардың қолымен жасалған қылмыстар мен ұятты істердің тұтқынымыз», деген сөйлем бар еді шығармада. Рас қой, біз тарихтағы қасіреттерді көбіне Сталиннен, Гитлерден, соғыстан, саясаттан көреміз, бірақ автор одан да терең қабатқа түседі, ол зұлымдықтың түп-тамыры жеке адамның ішінен басталатынын айтады: бір адам бұйрық береді, екіншісі орындайды, үшіншісі көріп тұрып үндемейді. Осы әрекеттің қосындысы ақырында миллиондаған тағдырды талқандайды.
Адамзат неге бір қателігін қайта-қайта жасайды? Өткенінен сабақ алмағаннна ба? Ақыры сабақ алмасақ, қорытынды жасамасақ, онда тарихты неге оқимыз, онда неге Шыңғысхан деп, басқа деп дауласа береміз?
Бұған жүз жауап болуы мүмкін, біреуі мынау – біз тарихты көбіне өткен шақ деп қабылдаймыз, «ол кезде Сталин болған, Гитлер болған, сөйткен, сондай заман еді», осылайша біз жауапкершілікті өткенге ысырып қоямыз. Ал жазушы Дәурен Қуат осы шығармасы арқылы өткенді бүгіннің айнасына айналдыруға тырысады. Ол оқырманнан:
«Егер сен сол заманда өмір сүрсең, кім болар едің?» деп сұрайды.
Шынында кім болар едік, пошташы ма, тергеуші ме, үндемей қалған көрші ме, әлде өмір бойы ұлынан бір хат-хабар күткен Үзілдік кемпір ме?
Міне, шығарманың күші де осында. Ол бізді сырттан қарап отырған бақылаушы қалпында қалдырмайды.
Автор әр адамның қолында басқа біреудің тағдыры болуы мүмкін екенін ескертеді.
Біз өзімізді әрдайым жақсы адам санаймыз. Бірақ бір күні өткен өміріміз бізге қарап: «Сен расында жақсы адам болдың ба?» деп сұраса, ойланып та қалуымыз мүмкін.
Сондықтан бұл шығарма тоталитарлық жүйе туралы ғана емес, ар алдында есеп беру жайлы шығарма болып есте қалады.
«Тобылғының түсі қызыл болатыны ұяттан екен»
Айтпақшы, шығармадағы кейбір диалогтардың пәлсапалық қуатына тоқтала кетейік. Асылзаданың қартпен сөйлескен кезіндегі ормандағы заңдылық жайлы айтатын тұжырым ойға жетелейді. Шынымен де бір кеңістікте өсетін қарағай мен шырша, қайың мен самырсын барлығы күн сәулесін көбірек алуға, жарыққа, жылуға ұмтылатыны да, бірақ, бір ағаш биіктеген сайын екіншісіне көлеңке түсіретіні, әлсіз ағаштың өмір сүру мүмкіндігін тарылтатыны да рас.Т абиғаттағы бұл күрес жеккөрушіліктен емес, тіршілік заңынан туады. Ағаш ешқашан өзіне ұқсамайтын ағашты жек көріп құлатпайды, ода пендешілік жоқ. Ол тек өмір сүргісі келеді. Ал адам ше? Адам тіршілік үшін ғана емес, идея үшін, билік үшін, атақ үшін, саясат үшін, тіпті өз үрейі үшін де басқа адамды өшпенділікпен құртады. Міне, адамның қатыгездігі табиғаттан асып кетеді.
«Тобылғының түсі қызыл болатыны ұяттан екен». Әрине, бұл биологиялық шындық емес, біздің халықтың моральдық философиясы. Тобылғы ормандағы алауыздықтан безіп кеткендей суреттеледі. Ұяттан қызарғандай болады. Ал адам ұяттан қызармайтын дәрежеге жеткен. Бұл жерде автор
өркениет дамыған сайын адамның адамгершілігі де өсуі , дамуы мүмкін бе деп сұрақ қалдырады, шынында ғылым дамыды, бәрі бар, заң қатып тұр, біздің ұятымыз ше, өсті ме?
«Ұят – абақты. Лагерь»
Автордың ұятты абақтыға теңеген осы теңеуіне қайта-қайта оралдым, басында біртүрлі онша қиыспай тұрғандай көрінгені рас, әлде дыбыстық жағынан үндеспегесін бе... Сосын түсінесіз.
Салыстырып көрсеңіз, лагерь дегеніміз адамның еркіндігінен айырылған жер болса, ұят дегеніміз де адамның жан дүниесіндегі түрме, былайша айтқанда егер адамда ұят болса, ол өмір бойы өзі жасаған қателігінен қашып құтыла алмайды.
Көрдіңіз бе, «баяғыда сөйткен екенсің, ерінен бір, жалғызынан екі айрылған байғұс кемпірдің үмітін сарқып, азапқа салып, обалды қылған екенсің, ол жетім кемпір сағыныш пен күтудің азабынан жүйкесі шатқаяқтап, кембағал болып арманде кеткен екен» деп пошташыны ешкім соттаған жоқ, түрмеге де қамаған жоқ, бірақ шығарманың соңында ол өзінің жан дүниесіндегі лагерьге қамалады. Енді өмірінің соңына дейін сол хатты есіне алумен өтетін болады.
Адамды тарих соттамайды, өзінің жады соттайды. Заңнан өйтіп-бүйтіп құтылуға болады (жылпостар, беті қалыңдар, ақшасы көптер, сыбайластар үшін бұл түк емес), тіпті адамдардың айыптауынан да құтылуға болады (адвокатың сайтанның өзін шатыстыратындай болса), бірақ, күндердің күні болғанда өз жадыңнан қашып құтыла алмауың мүмкін. Сондықтан ең ауыр түрме – ардың ішінде тұрғызылған түрме.
Сол сияқты Асылзада да лагерьден қашып шыққанымен, өткеннің естелігінен, азабынан, санадағы жарақаттан ешқашан құтыла алмайды, демек, ол да, пошташы да, екеуі екі түрлі лагерьде өмір сүрмек.
Неге «Бруклин көпірі» аталып отыр?
Шығарманың өзінен бұрын атын естігенде, шетелдің бір шығармасы сияқты көрінгені рас... Оқып болғасын өзіңіз де түсінесіз, меніңше, «Бруклин көпірі» деген атау шығарманың ең үлкен символы. Өйткені көпір дегеніміз екі жағалауды жалғайтын аралық қана емес, өткен мен бүгіннің көпірі, шығармада сөз болатын бірнеше әлемнің арасындағы өткел, ары қарай тарқата беруге болады:
қараңызшы, Бруклин көпірінде тұрған қария өзі барып тұрған Нью Йоркті көріп тұрған жоқ, сонда тұрып та Ақсуды, Үзілдік кемпірді, соғысқа кеткен бозбаланы, КГБ-ның дәлізін көріп тұр. Және Бруклин көпірінің екі жағында екі түрлі өркениет: тоталитарлық жүйеден шыққан советтік пошташы, екінші жағында еркін елде өмір сүріп жатқан Асылзада тұр. Мүмкін, бұл ар мен кешірімнің көпірі де шығар, өйткені пошташы көпірден өткенімен өзінің өткенінен өте алмайды, тууу Америкаға жеткенімен, ұлын бір көруді армандаумен ғұмыры өткен асыл анасына жете алмаған Асылзаданың арман-мұңы, сағыныш зары, қапасы оның мойынында.
Шығарманы толық баяндау мақсат емес, бірақ, жақсы дүние жайлы айтылу керек. Жазушы Дәурен Қуаттың «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын иеленген «Бруклин көпірі» шығармасы тіпті де соғыс, абақты, қуғын немесе Америка, көпір туралы емес, адамның өткені мен бүгіні, кінәсі мен ары, қасіреті мен үмітінің арасы жайлы шығарма екенін ғана айтқымыз келді
