Есенғалидың екі кітабы
Ол — қазақ поэзиясына өзіндік өрнек, ерекше дауыс пен терең философиялық ұлттық болмыс алып келген суреткерлердің бірі. Есенғали Раушанов поэзиясында халықтық фольклор, жыраулық дәстүр, ұлттық этнография мен тарих терең көрініс тапқан.
(эссе)
БІРІНШІ КІТАП (Раушанов Е. «Жаздың жұпар жаңбыры» - эсселер, сұхбаттар. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2023. – 336 б. түрлі-түсті жапсырма).
Есенғали эсселері кісілік өлшемімен тұсайды.
Есенғали күмпиіп, сүмпиіп күн кешкендерге күле қарап ғұмыр сүрді. Мұнысын жасырған да емес. Есенғалимен үлкен де, кіші де, аға да, бала да санасты. Жөні болды. Есенғали Раушанов туралы сөз сарқылмас. Кім-кімнің де «Менің Есенғалиымы» бар қазірде. Кәмеледдин Бекзат туралы баянды тарихтан тартып, заманында қазақ кенде қалған танымдық ақпаратпен кенелтіпті. Есенғали Раушанов діндер тарихын тарқатуда, шығармашылығында дін негіздерінде сөз ұстауда, діни лексика, дін терминдерінде жеті оқуды бітіргендей жетік, озық. Ол маңызды дүниені ұғындыра, мән бере отырып араласты адамдармен. «Ұсақ-түйектің» мазмұнын дәріптеді.
«Науайидің Мір Әлішер атанатын себебі – кішкене кезінен бастап діни сауаттылығымен ерекшеленген» (23-б.).
«Шығыста өлең жазу деген не? ол – өзін-өзі сыйлаудың бастамасы. Шебер боп өзін өзгелерге сыйлата білген тұстан бастап шайыр тахаллус алады. Оны иемденудің жөн-жоралғы, сән-салтанаты – жеке бір этнографиялық һікаяның арқауы. Әңгімемізді ә дегеннен мұхтасарлап-қысқартып айтсақ тахаллус екі рет берілмейді, бір рет таңдадың екен – бұдан былайғы жерде ол сенің өмірлік серігің, серігің емес-ау, өзің. Сөздің киесі бар дейді» (31-б.).
Өзбектің Шолпан деген бүркеншік есім алған ақыны. Шолпан ақын, толық аты Абдулхамид Сүлейменұлы екен, бастапқыда осы бүркеншік атпен жариялапты өлеңдерін. «Шолпан шайырдың ғұмыры да таң жұлдызындай қысқа болды» (31-б.).
Шолпан ақындығын дәуірлік қопарылыстар тұрғысында таныту алымы қазақ әдебиеті тарихы бойынша өзектілігінде жарқ ете түскендей. Салыстырмалы әдебиеттанудың зерттеу бағыттарында, ғылыми негіздеп қойған дайын жоба. ХХ ғасыр басындағы әдеби мұраны сақтау, игеру міндеттерінде қазақ әдебиеті бойынша жасалған он-сан баяндама, төпеп жазылған қыруар сын мақала, әдеби айтыстардың түпдерегіндей; қазақ әдебиеттануында әлі де арғы-бергісі түгенделіп айтыла бермейтін тоқтамдар.
Усули жәдид ұғымында түркілік тарихи түйткілдерді өзбек әдеби тілі фактісінде қисындауы түркологияда ескерілген бе деп те елеңдетеді. Жәдидтің жайында өзбектегі өзгешелік түп-тұқиянынан сараланыпты. Бұл жөнде ортақтүркілік компоративистикада кейіннен ғана шетжағалап айтыла бастады. Бұрынғылар білген. Кейінгілер кенде қалған. Қазақ тілтануында, түркі тілдерінің тарихында маңызды.
«Ол замандарда Шығыс елдеріндегідей өзбек поэзиясы да ескіден келе жатқан классикалық әдебиет негізінде қалыптасып, дамыды. Медреселер мен мектептер әдебиетті оқытса, ол міндетті түрде араб не парсы тіліндегі поэтикалық дүниелер болды. Түркі деп негізінен құл Қожа Ахмед Иасауи, Әлішер Науайи, Софи Аллаяр секілді ортағасырлық жауһарлар оқытылды. «Мир Алишер пирим» деп қанша ұлықтағанмен, өкінішке қарай, ол жазған жырлардың басым көпшілігі қарапайым өзбекке түсініксіз еді. Әлі күнге дейін өзбек оқырмандарының басым көпшілігі оны оқып-ұғу үшін түсіндірме сөздіктерді пайдаланады. Әр саладағы «Науайи лұғаттары» деген сөздіктер бар. Әйтпесе оған тіс батыру қиын» (34-б.).
Шолпанның ақындық тағдыры. Отандық саяси тарихтың айналымға шықпаған тұстары.
«Бір нәрсені айтуымыз керек – ол жылдары Мұстапа Шоқай мен Нәзір Төреқұловтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловтың қамқорлығын көрген түрікшілдердің алды-арты тек Шолпан ғана емес еді, сондай-ақ Фитрат, Усман Насыр секілді өзбек таланттары еңбектерін Нәзір Төреқұлов түпнұсқадан оқығаны, оқып қана қоймай, бағалап, жариялап отырғаны дау туғызбасы анық. Қазақ пен өзбек жазушылары жақсы араласып тұрды» (36-б.).
Есенғали Шолпанның лирикасын өлеңдік түр айрықшалығында талдаған. Қазақ поэзиясының әлі де кем-кетігі жеткілікті, зерттелуі қажет бір мәселесі де осы. Шіркін. Есенғали осы бағытта да бәрін біліп, айтып үлгермей кетті-ау! Бұл жөнде, жиырмасыншы ғасыр басындағы түркі поэзиясы түрлерінде айтса, айта алатын Есенғали ...
Шолпан өлеңіне Рауф Парпи шайыр мұхаммас жазыпты. «Осы жерде мәзкүр жанрдың не екеніне азғана тоқтала кетелік. Шығыста аруз үлгісімен өлең жазған шайырлардың мұхаммасқа соқпай кеткені жоқтың қасы. Мұхаммас әдетте бес жолдан, яки бес тармақтан құралады. Соның алғашқы үш тармағын автор өзі жазады да, соңғы екі жолына ұстаздық (немесе мұхаммас арнаған автордың) екі тармағын пайдаланады. Бұл бестік өзара ішкі мағынасымен де, ұйқасымен де жымдасып тұруы шарт. Болашақта қалай болатынын Құдай білсін, әзірге біздің қазақ поэзиясына бұл сіңбей-ақ келеді. Жалпы, бізде аруз жоқтың қасы. Бұл бөлек әңгіме» (37-б.).
Шолпан туралы мақалада түркі поэзиясының ортағасырлары да, жаңашылдықпен жасаған жаңа уақыты да поэтикалық дәл, асқан түйсік, әдебиет тарихының даму өзектерін дөп басқан анықтықпен айтылып отырған. Әдебиет тарихын, өлең түрлерін зерттеушілер құлағына алтын сырға. Туыс тілдерден өлең аудару қиындығы аударма шарты, аударма теориясы сұрап тұрған тоқтамдары бар.
Әдеби байланыстар Шолпан, Мағжан тұсында аса дамыпты. «Кейде қазақ поэзиясы туралы қазақ сыншылары айтпаған ойды өзбек қаламгерлері айтып таңғалдырады» (39-б.). «Бұған не айтасыз?» дейтіндей.
Шолпан ақын туралы мақала әдебиет тарихы, алыс-беріс, түпкі тамырлар тұрғысындағы арнайы бір зерттеуге пара-пар салмақ көтеріп тұр. Бунин туралы жазды. Парижге тамсантып. Селк еткізіп, жалт қаратып, елжіретіп. «Есіл өмір» депті бір тұсында, Буниннің есіл өміріне қаратып.
«1920 жылы Париждегі Жак Оффенбах көшесінен шағындай үй сатып алады. Бірақ оны үй деп қабылдаған жоқ. Оның үйі бүкіл Ресей болатын.
Құстың ұясы бар,
Жыртқыштың үңгірі бар,
Менің нем бар, не таптым елден шығып,
Өлексенің кебі бұл – өлген шіріп.
Күнде оралам жалға алған пәтеріме,
Көрге кірген секілді, көрден шығып «42-б.).
Шолпан ақын туралы эссесінде ақ өлең туралы айтатыны бар.
«Оның әлі толық зерттелмей келе жатқан тағы бір қыры – қарасөзбен жазған өлеңдері. Өзбектер мұны оқ шьер (ақ өлең) дейді, кейде мансурә деп те жүр» (38-б.).
Бунин туралы Сөз қарасөзбен жазылған сұлу өрімдерге толы. Есенғали Раушанов қажетінде өлеңге бергісіз қара сөзді де жазатын.
Сен Женеуе де Буә қалашығындағы орыс мазарстанына арнап барды. Буниннің басына. «Осы ұлтарақтай ғана жерде бүкіл әлемді аузына қаратқан алып жазушы жатыр» 43-б.).
Қабір басында Абайдың 1893 жылы Буниннен аударған «Қорқытпа мені дауылдан» өлеңін оқиды. «Менің Бунинге оқыған дұғам осы болды» (45-б.).
Асылтекті Бунинді асылтекті Есенғали асыра мақтамаған. Екеуара, қолдан жасап, жапсыруға болмайтын, бір туыстығы бар.
«Оның аз жазғаны да рас. Анадай таланты, анадай талғамы, ақыры соңында анадай кіді мінезі бар адам көп жаза алмас еді. Ол арнайы бәйгелерге ғана қатысатын асыл тұқымды арабы арғымақ секілді еді, соның үшін той-томалақтан қалмай, тобыр арасында шаңтозаңға өкпесі өшіп, қалай да алып қалуға, алып қала алмаса шалып қалуға дағдыланған тобанаяқ, тоқпақ жал горькийлерді түсіне алмады, бәлкім, түсінгісі келмеген де шығар» (47-б.).
Айтса, Шығыс, Батыс әдебиетінің даңғыл бағыттарын, сөз алыптарын өміріндегі «ұсақ-түйегінен» шығармашылықтағы игіліктеріне шейін дымын қалдырмай біліп отыратын Есенғали. Бунин деп отырып әлем әдебиетінің биіктерін алай да, былай да астастырады.Буниннің Толстойды, Чеховты бағалап, саралау тәсіліндегі таным айшықтары нендей дөп, неткен тосын. Граф Толстойды, Горькийді қаралауы қалай?!
«Бунин Толстой туралы да жазады. Бірақ ол «Алтыншы палатаның» ауқымы «Соғыс жәнк бейбітшіліктен» бірде-бір кем емес немесе оқырманды «Ит жетектеген келіншектің» (кейбіреулер жазып жүргендей «Ит ерткен келіншек» емес) ішкі жан дүниесі «Анна Каренинадан» артық толқытпаса кем әсер етпейді деп жазған жоқ, «Шие бағын» «Қажымұратпен» салыстырмады» (Чехов шығармаларын салыстыруына қатыстырып айтқаны - Қ.М.) (51-б.).
Константин Паустовский мен Юрий Казаковты біз оқымағалы қашан? Оқыған тұста да Есенғалидай шама қайда!Әдеби шығарма және дін мәселесінде кеңестік кезеңде тоқырауға мәжбүр болған поэтикалық үрдіс, танымдық бағдар өзектілігінде Есенғали Толстой, Чехов, Бунин аумағында бірталай сыр суыртпақтаған. Шығармашылық мұратында сән үшін, формашылданып елпеңдемей, түбегейлі, әлімсақтан мығым иланымды ұстанды. Қазіргі қазақ әдебиетінің түптамырын үзбеген мұсылмандық классикалық дәстүрде айшықталған осызаманғы баянды бағытын ашты.
«Жалпы, орыс жазушыларының басты жетістіктерінің бірі, бәлкім, бірегейі, олар өз ата-бабалары ұстанған дінді өте жақсы білді. Жақсы білгендіктен сенді. Білмей сенудің тақсыретін тартқандар аз ба? Дін, әдетте, егер ол шын мәніндегі иман мен сенімге негізделген дін болса, Адамның жүрегін нұрландырады.» (53-б.).
Есенғали осы эсседе Ресей тарихындағы тығырыққа тірелген рухани құлдыраулар туралы, дәті барып, білсе де ешкім айналымға шығармайтын «қызықтарды» ашты, тұтас орыс әдебиетінің ықпалды өкілдері, олардың шығармашылығы хақындағы қайшы; рас шындықтар кеңістігінде Сөз өнерінің ұлы мәртебелі міндет-парызында рухани шаттықпен кенелтті.Шығармашылықтың түпмұраттары қилы-қилы жолдарда малтығып жүреді. Толстой да – сол. Бунин де – сол.
«Әлбетте, шау тартқан шал графтың ойлары кім-кімге де қызық еді. Ол Патшаның моральдық тұрғыдан азғын адам екенін, оның маскүнем бауырлары, қысқа күнде қырық құбылған қыздары, көңілдес әйелдері, маңына топтасқан неше түрлі алаяқтары туралы тұспалдап та, ашық та жазып жүрді. Христиан діні ұстанымдарына жат қылықтармен күресудің орнына «елді өзі бастап азғындыққа итермелейді» деді. Толстойдың шығармаларынан нені аңғарасыз? Бірінші көзге түсетіні – «Мынадай азғын патша ел билеп отырғанда орыс елі қайдан оңсын?!» деген ойдың сұлбасы» (54-б.).
Бунин патша туралы жаман да, жақсы да жазбапты. Толстой сынды әйелді «жек көріп» жазбапты.
«Жартасты көргенің бар ма,
Жарылып жартысы кеткен», – деген ғой «етінен ет кесіп бергендей» ғашық ақын.
Есенғали Раушановтың «Жаздың жұпар жаңбыры» жинағы бас көтертпей оқылады. Ақтарылған сыр, айтылған оқиға замандарға қарайлатады. Келешекпен кездестіреді.Жинақта Есенғали шайырдың дүниенің әрбір нысаналы, таңбалы нүктесінде тұрып түскен фотосуреттері бар...
Есенғалидың өмірден озғанына да 5 жыл өтіпті. Шығармашылығындағы «Бұлтты бұзып, Айды ашқан» өзгешелігі үшін құрметті. Былайшаңда өр көрінетін адамның кішілік кісілігі үшін. Құстардың құр торғай еместігін ашқаны үшін. Қазақ әдебиетінің тарихын қисындаудағы түбегейлі тосын тәсілдері, қанына біткен поэтикалық үрдістер үшін. Шығыс, Батыстың Кісілігін әспеттеген қалам мұраты үшін. Аяқ жетпес жерлерге жетіп көргені, Есен-Жомарттығы үшін. Еркіндігі үшін. Есенғали Ер болып жер басып жүріп кеткені үшін...
«Асылдың сынығы».
Есенғали эссені бір мәселеге он маңыз қосып толғайды. Ғафур Ғұлам. Тарихтың еншісіне өткен уақыттың дерек, дәйегі. Өзбек Елінің бір ғұламасы. Баяндалғанның барлығын көріп отырып оқисыз.
«Сөнбейтін жұлдыз». Давид Кугильтинов туралы. Ол кешкен, ол өткен от пен су. «Сібірдің салқыны қалмақтарды әлі күнге дейін қалтыратып келеді», – деп жазады адамсүйгіш Есенғали. «Амал деген айыңыз...» жыр жинағында тегі асыл Аюке хан туралы айтылатын.
Хан Аюке қандай-ды,
Ағарып атқан таңдай-ды,
Қара басыма қара күн туса керек деп,
Қара тиын сақтамаған хан еді ол,
Қалмақтың ала жібін аттамаған хан еді ол,
Ондай хан енді қайда бар?
Иван Бунин «Азапты күндер» хикаясында «Жер бетінен қалмақ деген халық біржолата жоғалды» деп жазған екен қазан төңкерісімен келген алапатқа қаратып. Баяғы Аюкеден кейінгі бұлғақта жарыла көшу тарихы сынды.
«... ол орыс тілің өте жақсы білсе де, өмір бойы тек қалмақша жазып кетті».
«... қабырғалы дүниелерінің қай-қайсысында да қалмақ фольклорын маңдайға ұстады». Давид Кугильтиновтың ақындық темірқазығы. «Рас, қанша бақыт кешсе де ол өмірден жалғыз боп өтті».
Ресей Федерациясындағы түбі бір түркі тілдестер туралы да айтады. Ноғайға қатысты бір ауыз сөз арнайы зерттеуге тартып тұр.
«... қазақ пен ноғай айрылды, қазақ сартқа қайрылды».
«Жақыным еді қалмақ». Жатсындырған замандар болды...
«Ұйғырдың ұлы перзенті».
Юсуббек Мұхлиси сексен бес жыл ғұмырында тойға бармаған. Сексен бес жыл ғұмырында сауық-сайран құрмаған. «Ана – Отанымыз бодандықта, сондықтан менің той тойлайтын не жөнім бар?!» дейтін марқұм» (67-б.).
Алматыда, осы тақау жылдарда, көршіміз қайтыс болғанда жаназа асына келген аягөздік бір ұйғыр қария айтқан.
«Басқа елдердегі бауырларымыз намаз оқығаны үшін азап көріп жатқанда кеңшілікте жүріп намаз қымау күнә» деп. Дәті берік, діні берік халық қой...
«Халал мехнат» Мұхлиса ағасын ойлағаны, қай-қайдағы, жай-жайдағыны айтқаны-ай...
Бақытын ресми билік маңынан іздейтіндерге, шенді шекпен кисе шелтірейіп шыға келгенге, жабылмаса «қарсы жақтан» арсылдайтын қаратөбет надандыққа жабықты. Бел шешпей, «мұз үстіне от жаққандар» бар ма? Рухани ұлт ақсақалы кім? Құн сұрамай, пұл сұрайтынымыз несі?
Жанат ішік, қамқа тон кие алмадым демей, ел үшін еңреген Мұхлиси.
Атамекендегілер ақын ұлына топырақ қазақ жерінен бұйырғанын қара жамылып қабылдапты. Есенғали – ізгілікті көз қылып, көрініс тудырып жоқтамаған. Қадірі асқан ақынын аса жақсы көргендер растайды.Есенғали эсселері, Светқали Нұржан айтса, айтқандай, бөлек әсер. Шалқар теңіздерде жүргізеді. Көне қалалардың жасаған замандарын көрсетеді. Булон орманында тыныстап ойға шомасың. Жақсыны жолықтырасың.
«Жалғыздық жыры». Алып шаһарлардың қирандылары, неше өркениет келіп, неше өркениет кеткен өлкелер, ғаламат ғимараттарды тұрғызу қиын, қирату оңай.
Жетісудағы Уәлибай мешіті. Хон Пик деген қытай азаматы бас шебері болыпты. «Ол мешіт құрылысына қанша ағаш кетеді дегенде «артық та емес, кем де емес, мынадай мөлшерде болсын» деп кесіп айтқанда халық таңғалысады. «Құрылыс болған соң бір арба артық, бір арба кем деген секілді...» деп сөз бастағандарға тағы да қайталап, «жоқ, мынадай мөлшерде болсын» дейді. Расында, құрылыс аяқталғанда, басы артық сынық қиынды да қалмаған. Егер бір тақтайын суырып алсаңыз, не бір тақтайды қосымша қақсаңыз, жаңа ғана көз алдыңызда құлпырып тұрған алып та әдемі құрылыс сыны бұзылып, көзге қораш көрініп шыға келеді-міс. Оны айтасыз, опырылып ортаға түсуі де мүмкін дейді» (69-б.).
Жаркенттегі осы Уәлибай мешітін Төкен Әлімқұлов прозасымен астастырады. Жөн демей, не дерсің?
«Сөз деген материалмен дәл осылайша жанкешті жауыпкершілікпен жұмыс істейтін И. Бунин прозасын, Ю. Казаков шығармаларын орыстар ғажап құрметтейді» (69-б.).
Тәкен қаламынан тыс қалмаған әлеуметтің қайран өмірі қос тармақ Сөзде тұр десе, рас.
Тәкен көкесінің өзі астын сызып оқитын жазулары туралы сөз. «Бай жақсы – батырдан да, биліктен де, әр істі ақша бұзар киліккенде». «Табаны тарланбоздың ескен желдей, Қоңырдан қой қоздатып көшкен елдей». «Ауылың ат тоқтасам ыраңдағы, Беліңіз азғана күн бұраңдап».
Егіз жолдардың тасасындағы хикаялар ойлантады. Тәкен көкесінің жұмбақтары да жұмбақ-ақ екен. «Не қалды Қаратауда – алтын қалды, Дариға, алтынға тең парқым бар-ды // Үй сырты ұйықтап жатқан атыз бойлап // Сан жетпес ала шапан сартым бар-ды. // Ағасы ауылымның Әлім еді // Әлімнің сыры жұртқа мәлім еді // Кешегі ақ қоянда ауыл-үйді // Сарт сойып садақаға бағып еді». Бұл жұмбақтың шешуі – қарбыз. Тәкен көкемнің ауылының тілімен айтсақ – дарбыз» (76-б.).
Есенғали Тәкен Әлімкұловтың ұшан-теңіз білімдарлығына да аса ынтыққан.
«Мен Тәкеңнің қай шығармасында да Шығыс шайырлары туралы айтылатынын, әсіресе Ақан сері күйінгенде парсыша бір ескі бәйітті сәл қазақшалап айтатынын еске алдым» (76-б.).
Сөздің мүддесінде Тәкен көкесінің тілқолданыстағы мүлт кеткен жерлерін жасырып-жабуы жоқ. Талай «теріс» сөзді теріпті. Тізіп те берген. Мұндай-мұндайдың классиктерде де болатынын айтады.
Пушкин, Толстой, Гогольдер – барлығы ілігіпті, ол аз десеңіз.
Есенғали шайыр енді күй, домбыраны оятады. Тәкен көкесінің қартайған саусақтарының икемге көнбей бара жатқанын көргенін есіне алады. Және... 1995-те Семейде, Шыңғыстауда өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы, сондағы бір жат оқиға.
Бәйгеде бірінші келе жатқан жирен жүйрік мәреге жете бере құлаған. Атшабар бала жүйріктің жүгенін сыпырып алып жаяу жүгірген. «Құлдыраңдап, құлап сүрініп бара жатқан қалқа бала». Бала қазақтың ежелгі дәстүрін қайталаған. Қазылар бәйгесін бермепті. Сценарий бұздың деп ұрыс естіген...
Тәкен көкесі, Тәкен Әлімқұловтың поэзия туралы талғам, танымы туралы кітап жазуға бар.
«Бәлкім, Тәкен көкеміз өткен заманның сал-серілері туралы жазғанда сол заманда тумағанына қатты өкініп отырған да болар, әлде солардың біздің кезімізде тумағанына қуанды ма екен?» (86-б.).
«Есіл Тәкен...», – депті. Келешек тәкентануға үміт жалғапты.
Сырбай Мәуленов. Лирикасы, айтса айтқандай, «ылғи бір жаздың жылы жаңбыры жауып тұрған секілді әсер етеді. Жұпар жаңбыр. Мөлдір, кішкене тамшылар...».
Есенғалидың өлеңтануы, қазақ әдебиеті тарихында таңбаланған дара ақындық өзегі арнайы зерттеулерді күтеді. Поэзиядағы түр, жанр, стиль, сөз айшықтау тәсілдері. Қазақ ақындығының тамыршысындай әділқазылығы. Кесімшілдігі. Төрелігі.
«Меніңше, Сырағаң қазақ өлеңіне Еуропа поэзиясында кең дамыған шағын өлең нұсқаларын яки миниатюралық жыр үлгілерін тұңғыш алып келді», – дейді (87-б.).
Тұманды, көкірегі сырылдаған күзді көргенсің. Бұлттан ырғып тамшылар секіргенде де қарап тұрдық. Қарағаштан сары жапырақтар ұшқан сол сәт. Көктем шыға көктеп қайта өседі. Ақын шашындағы күз қырауын кетіретін күш қане?
«Немесе тағы бір мысал:
Қалдым туған қоныстан кетіп,
Салды тағдыр неше түрлі күйге әкемді?
Мені қараңғы эшелон соғысқа жетіп,
Мені жарық эшелон үйге әкелді.
Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым көп болғасын.
Келгенімде егіліп шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғасын» (88-б.).
Есенғали қара өлең туралы толғаныпты бір сәт. Өлеңдегі «түршілдікті» ойлап отырып. «Түбінде қайтып келетін қазығы сияқты немесе басқа жұлдыздар не көшіп, не сөніп тым-тырақай боп жатқанда ескі жұрттан қозғалмайтын Темірқазық секілді қара өлең қала берді өз орнында» (88-б.).
Қазақ лирикасының кезеңдік даму бағыттарында өлең сапасына әділ эксперт болғаны да рас. Лирика, поэтика бойынша ғылыми зерттеулерде, әдебиет тарихын қайта түзуде Есенғали «экспертизасымен» санасқан жөн.
«Біз қазақ өлеңінің сапалық өзгеріске ұшырауын алпысыншы жылдармен байланыстырамыз. Бұрынғының ақындары жүріп өткен бірізділік, шектеулілік, көпсөзділік, өлең техникасы, әлсіздігі, атап айтқанда, бір-екі буынды ұйқастарды місе тұту секілді кемшіліктерден жаппай бас тартып, жаппай жаңа ізденістерге бет бұру сол жылдарда кең етек алғаны ақиқат. Бірақ Сырағаң ол буыннан іәлдеқашан бұрын жоғарыда бір термелеген жайттардан бойын аулақ салып жаңа жолға түскен ақын еді.
... Бес-алты буынды ұйқасты, мүмкін, алғаш әкелгендердің бірі Сырағаң болар деген ой туады» (92-б.).
Сырбай лирикасын «левитандық өлеңдер» деп те атапты. Нендей жарасымды еді!Ақын ағаларын дәл Есенғалиша жақсы көру – бір басқа. Сырбай ақындығы туралы сөз қазақ өлеңінің құрылысы маңыздылығындағы зерттеу проблемаларына ұласып отырған. Татар жырларының әсері айтылады. Әдеби ықпалдастық өзектілігінде.
«Бүкіл араб, парсы, түркі, үнді поэзиялары аруз өлшемі аясында дамыса, біз – қазақ деген халық әлем әдебиетінің бай жасауына тек өзіне ғана тән өлең формасын (қара өлең) қоса білген елміз. Бірақ мұны өзгеге түсіндіріп, сыртқа насихаттамақ түгілі өз арамызда тұщымды зерттеу объектісіне айнадыра білген бірде-бір ғалымды көрмей отырмыз» (96-б.).
«Мэтр». Ынсап өлшемі. Кісілік өлшемі. Шаңғытбаев мектебі. «Хазіреті Қожа Ахмет Иасауидің диуандары да көп емес. Бірақ ол түркі дүниесінің «бармай тапқан қағбасына» айналды» (104.).
Классикалық өлең дейді «Кәрі бүркітті».
Талғардың тарғыл тасына
Шалдығып қонды шәу бүркіт.
Тұлдырсыз тақыр басына
Қараша тұрды қар бүркіп.
Күс басқан мүйіз тұяғын,
Тайғанақ тасқа қадайды.
Тарап бір қойып қияғын,
Қиырға сосын қарайды.
Ұмыт болып бара жатқан сөз теріпті. Қазақ тілінен жоқ болған сөзде есеп жоқ сияқты. «Шәу бүркіт», «қамсау», «мүйіз тұяқ», «шәулі шөген», «қияқ», «қантүбіт», «қансүрен», «топшы», «тарнау», «тірнек», «сүрең», «баршын», т.б.» (104-б.).
«Қуан-ағаң үшін архаизм, неологизм деген жоқ. Қуан-ағаң үшін қазақтың сөзі бар» (104-б.).
Есенғали Сөздігі де қажет. Домбай, мәйін маймыл, көнек, көрт түйе, төлжу, құлтеке, үт, балмағыз, қиғақ, бөлтек, қолбатша, үзір, бақтияр қала, күдіс, тіздеулі, мойтап, т.б. («Амал деген айыңыз...» кітабынан – Қ.М.).
Ақындық тілді зерттеу Институты болса деген.
«Жаздың жұпар жаңбыры» кітабы тұтас сөз өнері тарихын оқытып шығарғандай маңызды.Қыруар ғұмырбаяндық деректер, кісілік айрықшалықтар, тұтас әдеби үдеріс. Есенғали кім туралы жазған, нені жазған дегенді жинақ бойынша тізімдеп шығуды міндет көрмедік. Есенғалидың «Құстар – біздің досымыз» энциклопедиялық еңбегі туралы арнайы сөз әлі де айтылар. Оның шығармаларын зерттеу басталған. Жалғасын табады. Есенғали Раушанов – деңгейі бөлек, мәртебесі жоғары шығармашылық тұлға. Оның ақындық айрықшалығы, эпикалық дәстүр жаңғырту өнегесі қазақ поэзиясының төлтума айрықшалықтарында, әлемдік үздік туындылар кеңістігінде ылайықты бағаланғаны, т.б. тауысып айта алмастай, «нар жүгін көтергендей» қастерлі болмысы – ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға ойысқан кезеңдегі Сөз өнерінің озық олжасы. Ол – әлем ақыны.
ЕКІНШІ КІТАП (Раушанов Е. «Амал деген айыңыз...» Шығармалар жинағы Алматы: «Жазушы» баспасы, 2017. – 224 бет.)
«Мынау, мынау, мынау үй».
Шумақ, тармақтар еркіндігінде дүние сыйғызған, құндылық сақтаған ескі жырды, Шәкәрім қажы «Айқапта» шығарған «Ескі ақындық» толғамында жүрегі иіп жоқтайтын ескі жыр.
Жәңгір ханның Байтоқ ақын асыра мақтанған 12 қанат боз ордасы еске түсті.
Мынау, мынау, мынау үй,
Ай бетіне ала шамдал орнатып,
Күн бетін күміс шілтермен торлатып,
Маңдайшасын Алтайдың алтынымен аптаған,
Маңғыстаудан сары ұлутас алдырып,
Қабырғасын қарыс жер қалдырмай қаптаған.
Табалдырығына таза мәрмәр төсеткен,
Күмбезіне күміс жауын қақтаған.
Алаш ұлы азат басын төмен иіп аттаған.
... Сен менен мұның атын сұрама,
Мұның атын мен айтсам,
Жын атасы Сейпілмас,
Құмырада сақтаған
Сетер аттай баптаған
Сексен жынның өре шабары хақ маған.
Сетер ат. Қандай ат? Сөздікте жоқ.
«Уа! – деп бір «серпіліп» сонда ақын бүй дейді:
Уа, мен айтсам, ғажайыптар үйі бұл,
Құлан, домбай бір үйыр.
Орда жылан бір бөлек,
Ұйықтайды екен алтында,
Шынжырлаулы көп төбет.
Ал арпылда, арпылда,
Мәйін маймын – ол да бар,
Көп төбеттің артында.
Әй, әттең дүние, енді азғана қиналса,
Адам болып-ақ кетер ме еді,
Әзірге әрі кеткенде home Sapins қалпында.
Сұлтанмахмұттың «Бір үйдесі» бар.
Тұспалды, ықшам, кеңқұлаш тармақты, жыраулық поэзияның өлшемі бөлек өлең үлгісінде 4 шумақ, 36 тармақты, буын саны 7 – 11 – 11 – 14 – 11 – 13 – 13 – 11 – 15 – 10 – 7 – 7 – 7 – 7 – 12 - ..., т.б. болып кете баратын айнымалы, бунақ саны да соған сәйкес «қырық құбылатын» қазақы толғамның дәстүрлі өлшемін бұзбай алып, ендігінің жұғымсыз мазмұнын күлкі ету. Тәсіл.
Әлемдік тәжірибеде Шығыста да, Батыста да бар тәсіл. Бір өлең туралы бір кітап жазуға болатын тәсіл. Есенгғалиша жазу.
Биялайдан жем беріп,
Азын көпке тең көріп,
Мен де бір қаршығаны өткіздім.
Кеше барсам, құзғын бопты құл баулы,,
Құзғыныма тізіліп тұр ел келіп.
«Құл баулы». Есенғали поэтикалық сөздікке енгізген тіркес.
Ой, біздің ел жазған-ай,
Ой, біздің ел жазған-ай,
Қатпар да қатпар қара тас
Қатты емес саздан-ай.
Он құлашты орпа деп,
Қырық құлашты орта деп,
Ана ата қоныс Үстіртте
Тереңдігі жүз құлаш
Үш мың шыңырау қазғаны-ай.
Толғаудағы «орпа» сөзін «Сөздік» дәптерге түсірдік.
«Әлқисса, шайхым Қожа Ахмет Иасауи». Ислам тарихы. Сопылық жөні. Адам баласының берік дәтін, бұзылмайтын дінін тіршілік қызуымен, қызығымен тұйықтау.
Мен білем,
Төбемізде Хақ тұр әман,
Әйтсе де, соншалықты қатты ма адам,
Мысалы, дария жақтан Ай туғанда,
Апыр-ай, қалай шыдап жатты бабам?!
Жиденің гүлдегені жабығуға антипод. Жаңғырған дүниемен қуану – адам сарыуайымның ырыздығы. Қайта жан кірген табиғат дүние кірін жуып кетті. Ақын тылсымды образға айналдырады. Жарылқаушы сұлулық көретін көз берген. Хазіреті Түркістанның қаласында нұрланып туатын Айды көрсеткен нығмет.
«О, жазған құс, сен, бәлкім, киелісің».
Қанатын мұңға малып құс отыр оңаша. Қайдағы бір мезет... Жалғыздықтың мың ақын жазып көрген күйі. Қанатын мұң басыпты. Оңаша қонақтапты сүйкімді құс. Абай қазақша да сөйлеткен «Сұрғылт тұман дым бүркіптегі» жігіт пе әлде!? Астастыру, шендестіру. Есенғали.
Тобырымен бірге ұшпай неге қалдың.
Анау – сенің аспаның.
Сен құссың ғой, жазған-ау, мен адаммын.
Мен деген басқамын.
Есенғали өлеңі пендені періштеге айналсам-ау дегізеді. Тап-таза ғой дүние.
Кешкі нұрға малынады тағы да,
Есік алды сыршыл бақ.
Періштелер қонып жатыр маңыма,
Қанаттары сусылдап.
Неге бүліндік???
Адам байланған өмір дәурені. Қосақабат сарындар, саздар.
Қырық жыл бұрын болған бір әңгіме айтылады бір өлеңде. Әлде болмаған ба?
Ішінде біртуар ағалар жүр.
Атын білмей қиырларға жол шектім,
Жүреді алып мені аман.
Бірде Тахаң Ахтановқа көрсеттім,
«Ол қай жұлдыз?» – деді ағам.
Тағы да айтты: «бір білсе оны біледі,
Соқпақбаев Бердібек».
Күлді және: «ылғи көпте жүреді,
Тарсынады ол жерді», – деп.
Бекең айтты: «Ахтановтан сұра сен,
«Жұлдызды» оның ұмытуы мүмкін бе?»
... Екі ағам да жерді тастап мына әсем,
Аспан жаққа көшіп кеткен бұл күнде.
Тахаңа ұқсап шалқығанмен еркелеп,
Айым туып оңымнан.
Бекеңе ұқсап жалығам да ертерек,
Сырттай берем тобырдан.
Ол кәдімгі жер жүзінің айтулы ақындары сынды еркіндігін бермеген ақын. Идеологияңа илікпеген. Бәреуден ықпаған. Жағдайға түспеген. Жан азаттығын сатпаған. Жаңғырық өлең жазбады. Ғұмырында Сөзді қорламады. Өлеңді форма мен мазмұнның шартымен қинамаған. Аз жазды. Сарқып айтты.
Тағдырды да, тарихты да, табиғатты да...
Айқараңғы түн. Арғы сайда адасқақ нар боздайтын. Ана жалғыз ұлдың сүйегін жоқтайды. Түннің дабылы өшпейді. Астау дүңкілдейді. Шелек даңғырлайды. Бұлар құмнан неге көшпей отырады? Әжесінің жалғызына не болған? Өлеңдегі бала ой ойлайтын...
Жылдар өтті. Жұпары бөлек түн иісі сағынтады. Осы сәт өлең туар еді.
«Кемпірқосақ». Тепкін көрген сияқты өлеңдегі адам. Айнығыш айнала мезі еткенде Аспан бар ғой дейтін. Өлермен бұлттар өңмеңдеп оны да жауып алған екен.
«Өлеңге арналған өлең».
«Кемпірқосақта» саяси баспана сұрап Аспанға барсам ба деп жүрген дәмесін шетжағалап айтып та тастаған өлең адамы.
Өлең – оның ата жұрты. Аңсап тапқан Қазақстаны. Үміт. Сенім.
«Әрине, менің әнім емес бұл ән». Тағы да өлеңдегі адам «Елім-айдың» зарындай сарнатып, құла-шағыр ойпаңнан ой өргізді». Екіұдай үміт. Не жетер. Не кетер.
Соны ойлап арпалысам, жанталасам,
Мекілді тарқап кеткен бар тамашам,
Дүние шыр айналар секілді еді-ау.
Қап тауын «Я, Бекет!» деп арқаласам.
... Біз дағы көштен қалған бір жаман нар,
Жын-пері өркешінде ыржалаңдар.
Сонау бір асқар таудың аржағында,
Дариға-ай, көрсем деген нұр заман бар.
... Әзірге...
Ық-панасыз.
Сыз.
Қара күз.
Түсе алмай ұлы сорап ізге нағыз.
Ымыртта батпақ кешіп тапырақтап,
Арығың алға ұмтылған біз баламыз.
Ағытылып кеткен бөгеттей Отаны, өткен-кеткеннің сабағы, болмай қоймайтындай болжамы арна салып тасыған өлеңдер. Доспамбет жыраудың Азаулысын – Азауды, алабын алты мәрте барып, айналып жүрген екен. Жетінші рет тағы көрейін деп келіп тұр. Стамбұлдан несі кем Азау ғой.
Мына көк жондағы көп мешіт,
Көлең-көлең көзді алса.
Көркем белге шыға алмай,
Көрт түйеде бұраңдай,
Қора айналып ез қалса,
Ер Доспамбет садағына сары шіркей балалап.
Есіл Азау суды жағалап.
Алшаң басқан жер еді-ау,
Келбеті бөлек кез нарша.
... Есесі кеткен еліне
Есенғали айта алмаған сөз қанша.
«Бәдік көшіру». Қара өлеңнің қоңыр мақамы. Алапат қуат. Жел тұсайды. Суды өртейді. Суық тас қайнайды. Сел ағады. Сең бұзылады. Быт-шыт мұз жару. Қайтадан іштен тынып жалғыз қалу. Неге дерің бар ма?
«Бұл Бозан деген суыңыз». Жоқтау жыр. Қайғы толғау. Боз биенің сүтіндей Бозан су неден қарайды?
Жыраулық поэзияны жаңғыртуға әуестік қазақ өлеңінің кейінгі 30-40 жылында көп байқалды. Үлгіге салып сөз тізу жете ме? Рух сақтап толғау?
«Абылайдың асында айталмаған сөз».
Иә. Абылай ханның иен түзде, айдалада өмірден өткені туралы естідік. Есен Білге не айтпақ? Бүктеуін жазбаған бір гәпке меңзей ме? Білмейміз. Білгеніміз, бұл қысқа жыр поэтикалық игілік болып шалқып тұр. «Көкшеде көп айдын қалды салқын көпіріп». Абылай кеткенде. Салқын көпіру.
«Есентай өзені».
Есенғали поэтикалық тілде қолданатын теңеулер туралы айтылу керек.
«Тақырды тастай қашқан ақ киіктей» дейді жолы қосылмай кеткен қымбатын. Тақырды тастай қашқан ақ киіктің қайтып оралмайтыны – аксиома. Арманды орманға теңегені бар қиыспайтынды қиюластырған шебердің.
Тізбе, тізбе, тізбе тау, тізбек орман,
Тізбек орман еді ғой – біздегі арман.
«Ормандай қалың арман» десе, біртүрлі естілер еді. Тізбек арман кімде жоқ? Ұқсатып астастыру. Кездейсоқ ауызға түскенде де, зор шайырдың дуалы аузына жарасатын тіркес.
«Күрең қызыл қайыңдарды» асығып жетіп, аралап кетсе ғой!
Алтын теңге төккендей жолға кілең,
Тізбе, тізбе жапырақ – ол да күрең.
Шат дүниеге ынтығу.
Күрең тауды қиялап таң атады,
Көр, көр деймін өзіме, қара тағы,
Қарай бер сен жапқанша жанарымды
Қара күздің сұп-суық алақаны.
«Бүркітке ат қою рәсімінде оқылған өлең».
Кілт бұрып «қайдағыны» қосып жіберетін «әдеті» бар. Өйтпегенде өлең өлең бе? Осындай өлең Есен ақында көп болады. Дүниемен бірге тербететін өлең. Ақындар шамданбасын. Оқушының құқымен айтуға болатын мадақ. Сыйлық бөліп отырған төреші, би, қазы емеспіз.
«Дегенде Сарытауқұм, Сарытауқұм».
Жарғанат ұшқан ымырт шақ. Поэтикалық көрініс емес. Сол ымырт шақтасыз.
Бұл ымырт келіп қалды қай жағымнан,
Жабысып қанатына жарғанаттың.
... Қырғауыл басы тарақ, құйрығы орақ,
Қонады ымырт ауа шиді қамап.
Неге-дүр, шүйгін алап абыр-сабыр.
Түсе ме аспаннан бір сыйлы қонақ.
Құс ұясына қонақтап жатыр. Қосақабат жарық дүниенің бір мәні.
«Ай көрдім, аман көрдім». Тең-тең теңеулер мұртын бұзбай жатады Есенғалидың кітаптарында. Иесіз құм, орман-тау, ұшқан құс, жаз бен күз, жүгірген аң, көктем, қыс... Әлпеті суық кеш. Таң атпай бұлқан-талқан бұлттармен бірге көшіп кету керек. «Малтығып», күнде сүріп жүрген жарық дүниең. Шүкір! Аспан. шексіздік. Зулап ұшқан Еркіндік. Елегізу. Күзгі мұң. Асыранды қаздар. Аспандап ұшқан аталастарына кесілген қанаттарымен желпілдейтінін көрген ақын. Бұл ақын көптің бірі емес болатын. Ол қайран қалдыратын айрықшалықтарымен қатарда жүрді. Білмейтіні жердің астында да жоқ. Адамзатқа бұйырған игіліктерге «тойымсыздығы» өзіне жарасты.
«Нөтіғ дәм де Пағи».
Тілеуін тілер «Құдай анасы» төрінде,
Бар ма екен мұндай бақтияр қала, тегінде.
Мен дағы бір кез шадыман шаһар едім ғой,
Анам бар еді, панам бар еді менің де.
Дүниенің төрт бұрышын көрді. Туған Қазақстанының тау-тасын тұтас білетін. Сөз қолданыста дәстүрге көп «қол салды». Өткеннен тірі жан «мұның не?» деместей еншісін алды. Өлеңі ағыс ашып, асыл сулардай жарқырады; кеңістік бұзып көкжиекке тартты.
«Көзге ілмей көк мешітті, тамам елді».
Шығандап жолым менің шетке шықты.
Жас талап от кешіпті жалаңаяқ
Бұл жүрек соның бәрін көп кеш ұқты.
Барғаным қылует деп – қожалақ там.
Жазғаным – бос күпілдеп боза – мақтан.
Сол жолды, сол бір жолды Сұлтаныма,
Таба алмай жүрмін әлі, о, Жаратқан.
Адасқан өлеңдегі бозбала деп те ойлаймыз. Ақын тұтас бір елдің ұзақ
жылдарғы дінді «ұмыту» мәжбүрлігіне меңзейцді деп ұғамыз.
Өлеңдегі осы адам ұдайы бейтарап ұстайды өзін. Дүние тылсымына тоқтам айтпайды. Пәлсапаламайды. Түп Иенің жарылқау игілігі шалқар. Ұлы дүние кең. Құстармен жарыса самғады...
Бізде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрі өтпелі – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бір құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар, – десе де...
Сен мықты болсаң – көз ілдір,
Түндігімді ерте жауып кет.
Әлдиле, сөйтіп өзің бір
Ұйқымды қайта тауып кеп.
(Таңшымшық құсқа айтады. – Қ.М.).
Енді бір өлеңінде ол өткен тарихтың алдында бас иіп тұрады. Туған жердің дүниеде жоқ бақытын қайта бастан кештіреді. Тұтқасынан ұстап есігін ашып еркін кіретін Өз үйің (бір өлеңінде айтатын - Қ.М.) – ата-баба қонысы. Жеті жұрт кеткен құт мекен.
Үстірт барсаң, дүзді көр,
Дүз дегенім – қасқа болған біздің ел.
Үстірт деген – оқиғалар керуені,
Оқулыққа кірмей қалған сіз білер.
Қайтады ертең құстарым,
Ернім мынау тілім-тілім кезерген,
Арман таудың аржағында қыс барын
Айтпасаң да сезем мен.
«Көктем таңы».
Беу, шіркін, мұндай түнді кім көріпті,
Арудың сыртта қалған кебісіне,
Бозторғай ұя салып үлгеріпті.
Есенғали « Жапон Хайкулары ізімен емес» топтамасындағы өлең түрі де аса қолайлы екен. Шын жүйрікке ойың, қырық бірдей.
Оның өлеңдеріндегі дәстүрлі желі – ғұмыр жас мотиві үштармақ орамдарда да сәтімен жалғасқан.
Шықпайды неге сенің иісің неге гүлдеп,
Неге сұр, неге ызғарлы биылғы жаз.
Қартайып келемін мен... келемін мен.
Билікке қаратып сөйлеуге дәті барған екінің бірі. Не – бірі.
Билігім билік-ақ емес пе?
Қарлығаш көкті төрім дер.
Әкеңнен қалған аспан жоқ,
Шіркей оянды, орын бер.
«Көктемнің көзі.
Аспан да, тау да ашылды бүркемелі,
Апыр-ай, бұрын қалай байқамағам,
Көктемнің көзі кеткен үлкен еді.
Ақ теңізім дөңбекшіп жатыр әні,
«Ақ емеспін мен!» дейді ол. Рас шығар.
Неге әйтпесе түнімен аһ ұрады.
... Ақынсың деп айдар тақты бір күні,
Менен бұрын әжем білген секілді.
Жақсылыққа апармасын бұл түбі.
Менің аңқау, періште әжем: «Қой, балам,
Оңбас» деді, түбі сөзбен ойнаған.
Одан бері қырық қаншама жыл өтті,
Әжем неткен әулие деп ойланам.
Бойдан желік, ойдан сабыр қашқалы,
Сөз түбінде бізбен ойнай бастады.
Жан-жағыма үрке қарап отырам.
Жас қыз алған шалдай сексен жастағы.
Өлең тізген болам кейде қырық құрап,
Жан-жағыма шеген салып, мықтылап,
Оның – бәрі құр далбаса, бос шату
(Соны дағы жаза алмайды жұрт, бірақ).
Ол «Гамлетті» аударыпты. Шекспирмен үндесіпті. Қазақ жыры неден кенде, неден кем еді. Ол қамтымаған мұң, сыр, жарық пен түнек бар ма еді?! Дәстүр тіріліпті. Қазақшаны жатсынбағанына, тұла бойды иітіп қазақ болып та сөйлегеніне Шекспир де қуанатындай. Есенғалиға барлығы сыйымды еді. Мінезі де, міні де. Бірдеңе деуге қимайтын аяулы. Жеті атасынан жарыған текті. Бойын жасырмай еркін жүрді. Ойын жасырмай шашып жазды. Дүниенің үнін естіді ...
Мишель Фуне автор және дискурс мәселесінің күрделі шығармашылық аумағынан бір ғана автор мен ол автор қисындаған мәтіннің арақатысын, мәтін меңзейтін мәтіннен тыс, мәтіннен бұрын тұрған бейне туралы зерттеуді бөліп алған. Шығарма талдаудың байырғы «қатып» қалған тәсілдерінен басқа. «Әдеби шығармашылықтың мәні өзінің жеке ережелерінің шеңберінен шығып, шектеулерін бұзатын ойын ретінде ашылады. Ол – шығарманың жазылу үдерісін ашу немесе көрсету емес, әрі субъектіні тілдің құралдарымен бекіту де емес, бәрінен бұрын, жазушы мұнда субъектінің әрдайым ішіне сіңіп кететін кеңістік жасау мақсатын көздейді.
Мишель Фуко мән берген әдеби шығармашылықтың басым түппиғылы туралы айтылған тоқтамдар қалыпты танымдық категориялар маңыздылығында қазақ әдебиетінің теориялық негіздерінде кең қарастырылмаған.Шығарманы тану тәсілдеріндегі жаңа өлшем, жаңа шектер туралы әлем әдебиеттануы сантарап қисындарын көлденең тастап келеді.
Фуконың шығармашылық негіз туралы айтатын тоқтамы, көп жағдайда, дінсіздікке ден қойған қондырма идеологияның ырқында жасаған өнер мен өнертануға жат, жабық күйінде қалып келген әдеби шығарманың тұрақты тұғыры – теологиялық мығымдық туралы сыр ашады.
«Түркістан. Қожа Ахмет Иасауи қылуеті.»
«Бозша торғай» атты топтаманың 4-өлеңінде жазыпты. О күндегі Түркістан шаһарының шағын кент болғандығын, сағым көшіп жататындығын. Жұма сайын жарға ұмтылған ағын – көп мешітке ағылған ел. Атасы жұртпен намаз оқымақ. Жол бойы тасбиғын санайды. Өткен-кеткеннен: «Мына жол Әзіретке бара ма?» – деп сұрайды. Немересіне осы жолды ұмытпа деген.
Мен болсам, туу алысқа кетсемдеймін,
Көзге ілмей көк мешітті, тамам елді.
Тамам ел, көк мешітті көзге ілмей, шығандап шет кеткенін кеш ұғынды.
Барғаным қылует деп – қожалақ там,
Жазғаным – бос күпілдеп боза-мақтан.
Сол жолды, сол бір жолды сұлтаныма,
Таба алмай жүрмін ғой, о, Жаратқан.
Десе де. Есенғали шығармашылығындағы діни, имани арқау туралы айтылды. Ілгеріде бұл жөнінде Әбіш Кекілбаев тауыса, түгендеп, тұтастырып тоқтам жасаған. Осы мәнде Есенғали Раушанов шығармашылығында тұнып тұрған мазмұн арнайы зерттелетіні - өзекті.
Қанипаш Мәдібаева,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының
бас ғылыми қызметкері.
