Ардың жалғыздығы: Cветқали Нұржан поэзиясының рухани өзегі
Мақалада Светқали Нұржанның «Дала», «Бабалар қазған үңгірде», «Құдай туралы жыр», «Ақын жыры», «Сүйінғара батырдың соңғы сөзі» шығармалары талдау нысанына алынып, олардың идеялық-көркемдік жүйесін біріктіретін негізгі рухани өзек – ар категориясы сараланады.
«Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,
Маңдайына мөр болып оқ басылған...»
Светқали Нұржан
Қазақ поэзиясының даму тарихында халықтың рухани болмысын, тарихи жадын және адамдық құндылықтарын терең бейнелеген көрнекті ақындар аз емес. Мұндай тұлғалар өз дәуірінің шынайы бейнесін ашып қана қоймай, ұлттың ішкі рухани үнін жеткізетін ерекше шығармашылық иелері ретінде танылады.
Әдебиет табиғатын зерттеген Ахмет Байтұрсынұлы көркем сөздің басты қызметі адам ойы мен сезімін бейнелі түрде жеткізу екенін атап көрсетсе, Зейнолла Қабдолов әдеби шығарманың мазмұны мен пішінінің тұтастығын көркемдік шеберліктің негізгі өлшемдерінің бірі ретінде қарастырды. Осы тұрғыдан алғанда, ақын шығармашылығын жеке тақырыптар жиынтығы ретінде емес, біртұтас идеялық-көркемдік жүйе ретінде зерттеу маңызды.
Светқали Нұржан – қазіргі қазақ поэзиясында ұлттық рух пен тарихи сананы терең жырлаған көрнекті ақындардың бірі. Оның шығармашылығында дала бейнесі, батырлық рух, ата-баба мұрасы, иман мәселесі және ақындық миссия мен тағдыр секілді іргелі тақырыптар өзара сабақтасып, біртұтас философиялық әлем қалыптастырады.
Ақын поэзиясының негізгі өзегін айқындайтын ұғымдардың бірі – ар категориясы. Бұл ұғым Светқали Нұржан шығармаларында адамның жеке моральдық қасиеті деңгейінде ғана емес, ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын өлшем ретінде көрінеді.
Мақала атауындағы «ардың жалғыздығы» ұғымы ақынның қоғамнан оқшаулануын немесе жеке трагедиясын білдірмейді. Ол ақиқатқа, рухани тазалыққа және адамдық жауапкершілікке адал тұлғаның ішкі қалпын білдіретін философиялық түсінік.
Қазақ әдебиетінің дәстүрлі кеңістігінде ақын әрдайым халықтың рухани үні ретінде қабылданған. Жыраулар дәуірінен бастап Абай, Мағжан, Қасым поэзияларына дейін ақындық болмыс шындықты айту, ұлт тағдырына жауап беру ұғымдарымен сабақтасып келді. Светқали Нұржан шығармашылығы осы дәстүрді жалғастыра отырып, оны қазіргі заманның рухани мәселелерімен байланыстырады.
Светқали Нұржан поэзиясында дала – ұлттық жадының кеңістігі, тарих – рухани сабақтастықтың негізі, батыр бейнесі – елдік сананың символы, ал иман – адам мен ар арасындағы байланыстың өлшемі ретінде көрінеді.
Сондықтан ақын шығармашылығын бір ғана тақырып аясында қарастыру жеткіліксіз. Оның поэзиясы – ұлттық рух, тарихи сана және адамдық жауапкершілік мәселелерін тоғыстырған тұтас көркемдік әлем.
Осы зерттеудің мақсаты – Светқали Нұржан поэзиясындағы ар концептісінің көркемдік-философиялық табиғатын ашу, ақын шығармаларындағы рухани сабақтастық пен ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін саралау.
Ардың жалғыздығы – ақын поэзиясының рухани өзегі
Әдебиетте жалғыздық ұғымы көбіне суреткер тағдырымен сабақтастырыла баяндалады. Алайда Светқали Нұржан поэзиясындағы жалғыздықтың табиғаты өзгеше. Бұл – қоғамнан бөлінудің немесе торығудың белгісі емес, ақиқатқа адал болу үшін ар алдындағы оқшауланудың шынайы көрінісі.
Ақын шығармаларын тұтас қарастырғанда, олардың барлығынан ортақ бір идеялық желіні байқайсыз: ол қандай тақырыпқа барса да, адамдық жауапкершіліктің қадір-қасиетіне соқпай өтпейді.
Батыр бейнесін сомдағанда – ер намысын танытады. Даланы жырлағанда – ұлт рухын сөйлетеді. Тарихқа үңілгенде – өткен алдындағы борышты еске салады. Құдай туралы толғанғанда – адамның ар алдындағы жауапкершілігін қозғайды. Осы тұрғыдан алғанда, Светқали Нұржан шығармашылығының негізгі өзегі – ардың мәңгілік өлшемі екені менмұндалап тұрады.
Қазіргі материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан қоғамда түп тамырымыздан алшақтамау үшін рухани өлшемдердің маңызы арта түсері анық. Осы тұрғыдан қарағанда ақын поэзиясы өткенді аңсау емес, ұлттық сананы жаңғыртатын рухани құрал ретінде танылады.
Светқали Нұржан түсінігіндегі ар – жеке адамның ғана қасиеті емес, халықтың рухани иммунитеті. Оның шығармаларындағы тұлғалар көбіне жалғыз – дара болып көрінеді. Алайда бұл жалғыздық әлсіздіктің белгісі емес. Керісінше, ол биік мұрат пен үлкен жауапкершіліктің көрінісі.
Ар жолын таңдаған тұлға әрдайым көпшілікпен бір бағытта жүре бермейді. Себебі ар адамнан ыңғайлылықты емес, адалдықты талап етеді. Светқали Нұржан поэзиясының қуаты да осы ішкі адалдықтан бастау алады.
Светқали Нұржанның аталған шығармаларының ең басты ерекшелігі - олардың ақынның жастық шағында, небәрі 18-20 жасында жазылуында. Бұл туындылар сезім әлеміне бой алдырмай, ұлттық рухтың әлсіреуіне алаңдаған арлы жүректің үні. уақыттан бұрын толысқан рухани сананың көрінісі болып табылады
Әсіресе, «Құдай туралы жыр» шығармасы ақынның жеке толғанысынан әлдеқайда кең қоғамдық-рухани мәселені көтеруімен ерекшеленеді. Ел тарихи жадынан ажырап бара жатқан, Құдайсыздық санасы әбден үстемдік құрған кезеңде жазылған бұл шығарма - ақынның қатыгез заманға көрсеткен рухани қарсылығы, адам мен Жаратушы арасындағы байланысты қайта жаңғыртуға бағытталған жанайқайы.
«Дала», «Бабалар қазған үңгірде», «Ақын жыры», «Сүйінғара батырдың соңғы сөзі» сияқты шығармаларда да ақын жеке тағдырды халықтың тарихи болмысымен сабақтастырып, ар алдындағы жауапкершілікті поэзияның басты өзегіне айналдырады.
Дала феномені: ұлттық рухтың кеңістігі
Светқали Нұржан шығармашылығында дала ұғымы ерекше көркемдік және философиялық мәнге ие. Ақын үшін дала – табиғат көрінісі ғана емес, ұлттың тарихи сипаты мен рухани кеңістігін танытатын қасиетті ұғым.
Ақын даланы сырттай бақылаушы ретінде суреттемейді. Ол онымен тілдеседі, оның үніндегі замананың зарлы күйлерін тыңдайды, бойындағы тарихи сырды сезінеді. Осы ерекшеліктер «Дала» өлеңінен анық байқалады.
«Бозторғай-ғұмыр төсін даланың шарлаған,
Бесін намазын балбалдар оқып сарнаған...»
Бұл жолдардағы бейнелік жүйе тек поэтикалық әсемдікке құрылмаған. Бозторғайдың нәзік үні мен балбал тастардың үнсіз сарыны арқылы ақын кең даланың ғасырлар бойғы қайнасып біткен құпия сырын, халық жадында сақталған мұң мен зарын жеткізеді.
Өлеңдегі табиғат пен адам болмысы өзара тұтасқан әлем ретінде көрінеді. Жел қобыз тартады, бұлт қан жамылады, боз мая ботасына ән арнайды. Мұндай көркемдік тәсіл қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы табиғатты жанды құбылыс ретінде қабылдау үрдісімен сабақтасады.
Ақын үшін дала – үнсіз кеңістік емес. Ол – тарихтың құпия сырларын құшағына басқан киелі мекен.
Өлеңдегі:
«Байқағыш болсаң, баба даланың бойында
Бітіп болмайтын бір сағыныш пен бір мұң бар...» деген жолдар шығарманың терең философиялық мазмұнын ашады. Өлеңдегі даланың мұңы – жеке адамның күйзелісі емес, бұл мұң ғасырлар бойы жинақталған халық рухының үні.
Ақынның:
«Бұл дала маған ұқсап барады бір түрлі...
Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін!» деуі де адам мен табиғат арасындағы рухани сабақтастықты білдіреді. Мұнда ақын өзін далаға тікелей теңемейді. Керісінше, өз болмысын туған жердің жұмбақ табиғатымен үндес құбылыс ретінде сипаттайды.
Светқали Нұржан поэзиясындағы дала – географиялық мекен ғана емес, ұлттық болмыстың көркем символы. Дала арқылы ақын халықтың тарихи шежіресін, рухани тамырын және мәңгілік құндылықтарын бейнелейді.
Тарихи жады поэтикасы: «Бабалар қазған үңгірде»
Әр халықтың рухани кеңістігінде өткеннің үнін сақтайтын қасиетті орындар болады. Олар тек тарихи нысан емес, ұлттың жадын, дүниетанымын және мәдени болмысын бойына жинақтаған рухани нысандар.
Қазақ дүниетанымында мұндай қасиетті кеңістіктерге дала, тау, қорған, қорым, ата қоныс сияқты ұғымдар жатады. Светқали Нұржан поэзиясында осы қатарға киелі үңгір бейнесі қосылады.
Ақынның «Бабалар қазған үңгірде» шығармасы – тарихи сананың көркем-философиялық деңгейде бейнеленген үлгісі. Мұнда үңгір табиғи нысан ретінде ғана алынбайды. Ол – уақыт тереңінде сақталған халық жадын танытатын символ.
Ақын үңгірге сыртқы қызығушылықпен емес, рухани ізденіспен келеді. Оның мақсаты – өткеннің үнін жүрекпен есту, бабалар аманатымен бүгінгі қоғамды тәрбиелеу.
Шығарманың алғашқы жолдарындағы көңіл күй осыны аңғартады:
«Келіп тұрмын қара үңгірге, ертегілер еліне.
Бір тылсым жел соқты үңгірден – айдаһардың демі ме...»
Бұл жерде үңгір қорқынышты мекен ретінде емес, құпиясы терең рухани кеңістік ретінде көрінеді.
Ақын мифтік бейнелерді жай ғана ертегілік элемент ретінде пайдаланбайды. Айдаһар, Жезтырнақ, Пері секілді образдар халық санасының терең қабаттарында сақталған архетиптік белгілер ретінде танылады.
Светқали Нұржанның көркемдік ерекшелігі – мифті өткеннің қалдығы деп қабылдамауында. Ол миф арқылы халық санасының тарихи терең қатпарларын ашады. Рухани тәжірибе тек жазба тарих арқылы ғана емес, аңыздарда, жырларда, жартастарда, тылсым табиғатта және ұрпақ жадында сақталады.
Өлеңдегі:
«Үңгірлерге үңілемін кітапхана – тауға кеп,
Делқұлылау тарихшыдай архивті ақтарған...» деген жолдар осы ойдың көркем түйіні іспетті.
Ақын үшін тау – үнсіз тұрған табиғат емес, тарихтың тірі шежіресі. Үңгір – қараңғылық мекені емес, жоғалған рухани жарықты іздейтін кеңістік.
Светқали Нұржан тарихи жадыны тек өткенді дәріптеу үшін пайдаланбайды. Ол тарихты айту арқылы бүгінгі адамдардың рухани жағдайына үңіледі. Бабалар қалдырған мұра алдында қазіргі ұрпақтың жауапкершілігі бар екенін есіне салады.
Өткенді тану – тек мақтану емес, өзіңнің кім екеніңді түсіну. Осы тұрғыдан алғанда, «Бабалар қазған үңгірде» – тарихи тақырыптағы шығарма ғана емес, ұлттық сана туралы философиялық толғаныс.
Ақынның негізгі сауалы: «Біз өз өткенімізді қаншалықты түсінеміз?» деген сұраққа келіп тіреледі.
Светқали Нұржан шығармашылығында бабалар әлеміне бет бұру – өткенге шегіну емес. Керісінше, болашаққа бағыт іздеу. Өйткені тарихи тамырынан ажыраған халық рухани тұтастығын әлсіретеді.
Үңгір бейнесі арқылы ақын қазіргі адам мен тарихи сана арасындағы байланысты көрсетеді. Заманауи өркениет адамды жылдам өзгерістерге жетелеген тұста рухани негізді жоғалтпау қажеттігін түсіндіреді.
Сондықтан бұл шығарма – бір адамның киелі үңгірге зияраты ғана емес. Ол – тұтас ұлттың өзінің тарихи тереңдігіне жасаған рухани сапары деп түсінген жөн.
Светқали Нұржан тарихты жай ғана жырламайды, тарихпен сырласады. Ал тарихпен тілдесе алған ақын ғана халықтың рухани жадын жаңғырта алады.
Иман және адам болмысы: «Құдай туралы жыр»
Қазақ поэзиясында Жаратушы туралы толғаныс ежелден келе жатқан рухани арналардың бірі. Жыраулар дәуірінен бастап ақындар адам мен Жаратушы, пенде мен тағдыр, өмір мен өлім мәселелерін жырдың өзегіне айналдырып келеді.
Светқали Нұржанның «Құдай туралы жыры» – осы дәстүрдің қазіргі заманғы философиялық жалғасы. Алайда бұл шығарма діни қағидаларды жай ғана баяндау немесе насихаттау сипатында емес. Ақын мұнда адам болмысының терең қабаттарына үңіліп, пенденің рухани жауапкершілігі туралы ой қозғайды.
Өлеңнің алғашқы жолдарында-ақ үлкен философиялық қайшылық байқалады:
«Құдай, сені жоқ деп жүр ғой адамдар,
Құдай, сені жоқ деп жүр ғой надандар...»
Бұл жолдардағы үн – жалаң діни ұстаным емес, адамзаттың рухани күйіне алаңдаған ақынның толғанысы. Ақынның сыны Жаратушыны мойындамайтын адамға ғана бағытталмайды. Негізгі нысана – өзін дүниенің абсолютті өлшемі санайтын пенденің тәкаппарлығы.
Светқали Нұржан түсінігіндегі иман – тек діни сенім ұғымы емес. Ол адамның кішіпейілділігі, ар алдындағы тазалығы, өзінің әлемдегі орнын сезінуі. Ақын адамды әлсіз жаратылыс ретінде көрсетпейді. Керісінше, оған үлкен моральдық жауапкершілік жүктелгенін түсіндіреді.
Өлеңдегі ирониялық сипат та осы идеяны тереңдетеді. Ақын ғылым мен техниканың жетістіктерін жоққа шығармайды. Бірақ сыртқы қуат ішкі рухани биіктікпен толықпаған жағдайда, оның адамзат үшін толық мәнге ие бола алмайтынын аңғартады.
Адамның мүмкіндігі артқан сайын оның жауапкершілігі де артуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Светқали поэзиясында Құдай ұғымы қорқыныштың емес, ақиқаттың белгісі ретінде көрінеді. Жаратушы – адамды басынатын күш емес, оның ішкі ар өлшемін оятатын рухани биіктік.
Өлеңдегі:
«Сен күлгенде өлмей қалған
Адамдар –
Өмір сүрсін сорлы Жердің бетінде!..» деген жолдар терең философиялық мазмұнға ие. Мұнда ақын адамзаттың әлсіздігін айтып қана қоймай, оның үмітін де оятады. Адам қателесуі мүмкін, адасуы мүмкін, алайда рухани жаңғыру мүмкіндігі де бар екенін еске салады.
Сондықтан «Құдай туралы жыр» – тек иман мәселесін көтеретін шығарма емес. Ол – адамның өз ары алдындағы жауапкершілігі туралы шынайы толғаныс.
Ақын үшін адамның ең үлкен соты – сыртқы әлем емес, өзінің ішкі дүниесі. Ал сол ішкі әлемдегі ең соңғы таразы – ар.
Осы тұрғыдан қарағанда, бұл шығарма Светқали Нұржан поэзиясының негізгі идеялық желісімен сабақтасады. «Далада» – ұлттық ардың, «Бабалар қазған үңгірде» – тарихи ардың, ал «Құдай туралы жырда» – адамдық ардың негізі қарастырылады.
Ақын шығармашылығында дін мен философия бір-біріне қарама-қарсы қойылмайды. Керісінше, олар адамның рухани тұтастығын танытатын өзара сабақтас ұғымдар ретінде көрінеді.
Қазіргі заманда адамның ақпараттық және техникалық мүмкіндіктері артқан сайын рухани сұрақтардың маңызы да күшейе түсуде. Сондықтан бұл шығарманың негізгі сауалы «Құдай бар ма?» деген мәселемен ғана шектелмейді. Оның тереңінде жатқан сұрақ – «Адам өз арын сақтап қала алды ма?»...
Светқали Нұржан поэзиясының ерекшелігі де осында. Ақын оқырманға дайын жауап ұсынбайды. Ол адамды өз ішіне үңілуге, рухани әлемін таразылауға шақырады.
Ақындық миссия және сөз жауапкершілігі: «Ақын жыры»
Қазақ әдебиетінде ақын бейнесі әрдайым биік рухани ұғымдармен сабақтасып келген. Жыраулар дәуірінде ақын – елдің сөзін сөйлеген тұлға болса, Абай дәуірінде – халықтың мінезін түзейтін ой иесі, ал ХХ ғасыр әдебиетінде – заманның шындығын жүрегімен сезінген рухани күрескер ретінде танылды.
Светқали Нұржан осы дәстүрді жалғастыра отырып, ақындық болмысты ең алдымен ар алдындағы жауапкершілік деп түсінеді. «Ақын жыры» шығармасы – осы ұстанымның көркем көрінісі.
Ақын бұл өлеңінде өнер иесін атақ пен даңқ иесі ретінде емес, үлкен рухани жүк арқалаған тұлға ретінде танытады. Өлеңнің алғашқы жолдарындағы:
«Асау көңіл – шығанға оқ па атылған,
Қанжар ма әлде қынында тот басылған?!» деген сауалды жолдар ақын табиғатының күрделі болмысын ашады.
Ақын көңілі – тыныштық тапқан қалыпты күй емес. Ол – үнемі аласұрған, шындықты іздеген мазасыз рух. Шынайы ақын қоғамның сыртқы тыныштығына емес, оның ішкі шындығына жауап береді.
Светқали Нұржан ақын табиғатын батырлық рухпен сабақтастырады:
«Ақын десем, көзіме елестейді,
Жолбарыстар тайлықпай отқа атылған.» Бұл бейне кездейсоқ алынбаған. Қазақ дүниетанымында жолбарыс – қайсарлықтың, айбардың, ерліктің символы.
Ақын мен батыр табиғатын жақындастыру арқылы Светқали Нұржан сөз өнерінің де күрес алаңы екенін көрсетеді. Нағыз ақын үшін қалам – жай ғана көркемдік құрал емес, рухани қару.
Өлеңдегі:
«Дана Абайдан Нұр алып,
От – Қасымнан...» деген жолдар ақындық дәстүр сабақтастығын танытады.
Ақын Абайдан – ой тереңдігін, Қасымнан – отты мінез бен азаматтық қуатты қабылдайды. Алайда дәстүрді жалғастыру өткенді қайталау емес. Ол – сол рухани биікті қазіргі заман кеңістігінде жаңғырту.
Светқали Нұржан поэзиясындағы ең қуатты образдардың бірі мына жолдарда көрінеді:
«Жүрегінен жыр болып қан тамшылап,
Маңдайына мөр болып оқ басылған...»
Бұл – ақын тағдырының символдық бейнесі. Жырдың қанмен келетінін, сөздің азаппен, күреспен туатынын білдірсе, маңдайдағы оқ – ақынның шындық алдындағы жауапкершілігінің белгісі.
Нағыз ақын кейде жалғыз қалады. Себебі ол көпшіліктің көңілінен шығуды емес, ақиқатқа адал болуды таңдайды. Осы тұста «ардың жалғыздығы» ұғымы қайта көрінеді. Ақынның ең үлкен жеңісі – танылу емес, сөзге адал болу.
Светқали Нұржан түсінігіндегі ақын – уақыттың жай ғана суретшісі емес, уақыттың ар алдындағы куәгері. Сондықтан оның поэзиясындағы ақындық – мәртебе емес, аманатқа адалдық болып елестейді.
Батырлық рух және елдік сана: «Сүйінғара батырдың соңғы сөзі»
Қазақ әдебиетінде батыр бейнесі әр кезеңде әртүрлі көркемдік сипатта көрініс тапты. Жыраулар поэзиясында батыр – ел қорғаған ердің символы болса, кейінгі әдебиетте ол ұлттық мінездің, тарихи тағдырдың және азаматтық ұстанымның көркем бейнесіне айналды.
Светқали Нұржан осы дәстүрді жалғастыра отырып, батыр тұлғасын тек өткен дәуірдің қаһарманы ретінде емес, бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар беретін тарихи тұлға ретінде танытады.
«Сүйінғара батырдың соңғы сөзі» – ақынның тарихи тақырыптағы ірі шығармаларының бірі. Бұл туындыда батырдың сыртқы ерлігі ғана емес, оның ішкі рухы, ел алдындағы борышы, өмірлік ұстанымы терең ашылады.
Шығарманың басты ерекшелігі – батырдың өлімін жеңіліс ретінде емес, рухани биіктік пен адамдық тұтастықтың көрінісі ретінде бейнелеуінде.
Қазақ дүниетанымында ел үшін жанын қиған ердің қазасы – тек қайғы емес, халық жадында сақталатын мәңгілік өнеге. Ақын осы ұғымды философиялық деңгейге көтереді. Сүйінғара бейнесі арқылы бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас халықтың тарихи санасы сөйлейді.
Шығармадағы:
«Адайдың ары емес тек,
Қазақтың қамы үшін де...» деген жолдар оның идеялық өзегін айқындайды.
Бұл жерде батырлық ұғымы тар аяда қалмайды. Ол рулық шеңберден шығып, ұлттық деңгейге көтеріледі. Сүйінғара – белгілі бір ортаның ғана емес, бүкіл қазақ елінің намысын қорғаған тұлға екендігі анық көрініс табады.
Светқали Нұржан батырды тек қол бастаған жауынгер ретінде көрсетпейді. Батырдың шынайы биігі – оның ел тағдырына деген жауапкершілігінде.
Ерлік – тек майдандағы жеңіс емес.
Ерлік – қиын кезеңде өз ұстанымынан айнымай қалу.
Ерлік – халықтың намысын жеке бастың тыныштығынан жоғары қою.
Өлеңде Сүйінғара батырдың ел тағдырын өз тағдырынан жоғары қоятыны анық байқалады. Ақын батырдың аузымен айтылған:
«Елім үшін туған ер,
Ел намысын қорғайды» деген мазмұндағы ой арқылы қазақ батырларының басты мұраты – жеке басының қамы емес, халықтың азаттығы мен елдің тыныштығы екенін көрсетеді. Мұнда батырдың өмірлік ұстанымы мен азаматтық болмысы ашылады. Кейіпкер үшін ерлік – міндет, ал елге адал қызмет ету – қасиетті парыз. Осы арқылы шығармада елдік сана мен отансүйгіштік идеясы күшейеді.
Сонымен қатар өлеңнің соңғы бөліктерінде батырдың өлім алдындағы сабырлы қалпы ерекше әсер қалдырады. Ол өз өміріне өкініш білдірмей, кейінгі ұрпақтың елді, жерді қорғауын аманат етеді. Бұл батырдың рухани беріктігін, қайсар мінезін және ұлттық мүддеге деген адалдығын танытады. Ақын Сүйінғара бейнесі арқылы нағыз батырдың ерлігі тек шайқаста ғана емес, ажал аузында жатса да туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігінде екенін көрсетеді.
Шығармадағы маңызды мәселелердің бірі – батырдың рухани жалғыздығы. Сүйінғара өмірінің соңында шипасыз науқас дендетіп әлсірегендей көрінгенімен, оның рухы сынбайды. Бұл – ажалдан жеңілген қарт батырдың жалғыздығы емес, ар жолынан таймаған қайсар тұлғаның жалғыздығы.
Осы тұста ақын мен батыр тағдыры өзара үндеседі. Батыр ел үшін қарумен күрессе, ақын сөз арқылы күреседі. Екеуінің де мақсаты ортақ: халықтың рухын сақтау.
Светқали Нұржанның тарихи поэзиясының қуаты да осында. Ол өткенді тек мадақтау үшін пайдаланбайды. Тарихтағы тазалық пен ұлылықты ұлықтау арқылы бүгінгі күннің рухани әлсіреген тұстарын емдейді.
Батыр бейнесі арқылы қазіргі ұрпаққа «Біз ата-баба аманатына қаншалықты адалмыз?» деген маңызды сұрақ қояды.
Ақынның көркемдік әлемі: ардың биік өлшемі
Әдебиет тарихында әр дәуірдің өз үні болады. Кейбір ақындар өз кезеңінің көңіл күйін дәл бейнелесе, енді біреулері уақыттан биік тұратын мәңгілік құндылықтарды жырлайды. Светқали Нұржан шығармашылығы осы екінші сипаттағы рухани құбылыстардың қатарына жатады.
Ақын поэзиясында дала да бар, тарих та бар, батырлық та бар, иман да бар, ақындық тағдыр мен миссия да бар. Алайда осы сан алуан тақырыптарды біріктіретін ортақ өзек – ар ұғымы.
Сондықтан ақын шығармашылығын жеке тақырыптардың жиынтығы ретінде емес, өзара сабақтасқан тұтас рухани-көркемдік жүйе ретінде қарастыру қажет.
«Даладағы» кеңістік – ұлттық рухтың мекені. «Бабалар қазған үңгірдегі» тереңдік – тарихи жадының көрінісі. «Құдай туралы жырдағы» толғаныс – адам мен ақиқаттың арақатынасы. «Ақын жырындағы» ой – сөз алдындағы жауапкершілік. Ал «Сүйінғара батырдың соңғы сөзіндегі» идея – елдік рух.
Осының барлығы бір үлкен ұғымға келіп тіреледі. Ол – адамның және ұлттың ар алдындағы жауапкершілігі.
Светқали Нұржан поэзиясындағы лирикалық «мен» жеке тұлғаның шеңберінде қалмайды. Ол халықтың тарихи тәжірибесін, мәдени жадын және рухани ізденісін бойына жинақтаған көркем бейне ретінде танылады.
Ақынның басты ерекшелігі – өткенді қайталауында емес, тарихпен сұхбаттаса отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін айта білуінде.Оның поэзиясындағы дала, тау, жел, үңгір, балбал, батыр секілді ұғымдар жай ғана көркем образдар емес. Олар – ұлттық сананың терең қабаттарынан туындаған символдық белгілер.
Светқали Нұржан қазақ поэзиясының дәстүрлі қуатын сақтай отырып, оны философиялық биікке көтерген ақын. Оның шығармашылығында жыраулардан жеткен елдік үн, Абайдан тараған ой тереңдігі, Қасым поэзиясындағы отты рух жаңа көркемдік сипатта жалғасады.
Осы тұрғыдан алғанда, «ардың жалғыздығы» – ақынның шығармашылық болмысын түсіндіретін негізгі ұғымдардың бірі. Ар жолын таңдаған тұлға әрдайым көпшілікпен бірдей жүре бермейді. Бірақ сол жалғыздықтың ішінде биік жауапкершілік бар. Светқали Нұржан поэзиясындағы жалғыздық – мұңның белгісі емес. Ол – рухани биіктің, ақиқатқа адалдықтың белгісі.
ҚОРЫТЫНДЫ.
Қазақ әдебиеті тарихында әр дәуір өз сөзін айтатын ақындарды дүниеге әкеледі. Алайда сол кезеңнің сыртқы көрінісін ғана емес, оның рухани ахуалын, ұлттық жадыны және адамдық өлшемдерді терең сезініп жырлайтын ақындар санаулы.
Светқали Нұржан шығармашылығы осындай рухани құбылыстардың қатарына жатады. Ақын поэзиясының негізгі өзегі – ар. Ол үшін ар – жай ғана моральдық түсінік емес, адам болмысының тірегі, ұлт өмірінің өлшемі және өнердің басты шарты.
Ақын даланы жырлау арқылы ұлттық рухты танытады. Тарихқа үңілу арқылы ұрпақ жауапкершілігін көрсетеді. Құдай туралы толғану арқылы адамдық ардың негізін іздейді. Ақындық туралы жазу арқылы сөз қасиетін қорғайды. Батыр бейнесі арқылы елдік рухты жаңғыртады.
Осы шығармалардың барлығын біріктіретін ортақ желі – рухани жауапкершілік. Светқали Нұржан өткенді аңсау үшін емес, болашаққа бағыт көрсету үшін жырлайды. Оның поэзиясы адам мен ұлттың ең басты тірегі – арды сақтау қажеттігін еске салады.
Осылайша, Светқали Нұржан поэзиясын «ар поэтикасы» тұрғысынан қарастыру ақын шығармашылығының ішкі тұтастығын, идеялық тереңдігін және рухани бағдарын ашуға мүмкіндік береді.
Светқали Нұржан – жалғыз жүрген ақын емес. Ол көпшілік үнсіз қалған сәтте ардың сөзін айтуды таңдаған ақын. Сондықтан оның жалғыздығы – жеке тағдырдың жалғыздығы емес, рухани жауапкершілікті арқалаған ерен тұлғаның жалғыздығы.
Ал мұндай жалғыздық – әдебиеттегі ең биік адалдықтың белгісі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003.
Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992.
Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп, 1973.
Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. – Алматы: Арда, 2003.
Қирабаев С. Әдебиет және дәуір талабы. – Алматы: Жазушы, 1976.
Нұржан С. Ай таранған түн. 4 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 2008.
Билім-ALL.kz. Светқали Нұржан шығармалары. Электрондық ресурс.
Әбдіғани Бәзілханұлы
Ақын, «Құқықтану» білім бағдарламасының магистрі,
«Әділет» партиясы Астана қалалық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі
