Айзада Сәдуақас: «Жүрегімді жүлде үшін сөйлете алмаймын»
Бүгінде тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жас ақын-жазушылардың қатары көбейгені қуантады. Әдебиетке өзінше бір жаңа тыныс, соны леп әкелген ақындардың бірі – өткір жырларымен, мінезді поэзиясымен танылса, ендібірі – азаттық рухын ардақтап, сыршыл өлеңдер жазып жүр. Шолып отырып, «Әдебиет порталында» осыдан 9 жыл бұрын жарық көрген ақын қыз Айзада Сәдуақастың өлеңдеріне көзім түсті.
Айзада Төлетайқызы – Ұлытау облысы, Жәйрем ауданында дүниеге келген. Балалық шағы киелі Жаңаарқа жерінде өтеді. Өлеңдері «Сарыарқа сазы», Жас толқын», «Арқадағы арда жыр» жыр жинақтарына енген. «Авторлық альбом» мүшәйрасының гран-при иегері. Нәзік лирикаға толы иірімдері бар жас ақын Айзада Сәдуақаспен сұхбаттасқан едік. Оқи отырыңыз.
- Айзада, поэзия әлеміне бала кезіңізден қалам тартқан екенсіз. Шығармашылық әлемге қаршадайдан қадам басуыңызға не түрткі болды?
- Кішкентайымнан әкемнің күн үзбей кітап оқығанын көріп өскен баламын. Шамамен жеті жасымда болу керек, әкемнің сөредегі кітаптарын реттеп жатқанын байқап, екі кітапқа көзім түседі. Әлі есімде, бірінің мұқабасы – жасыл, Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы еді. Бірі – қара түсті өрнектері бар, ақ кітап – Александр Блок. Ең қызығы, ол кезде әлі оқи алмайтынмын, бірақ екеуі де ақындардың жыр жинағы болып шықты. Әкемнен сол екі кітапты маған беруін сұрадым. Әкем әлі әріп танымайтын қызының кітапқа қызыққанын оң көрді-ау, қасыма отырып: «Биыл мектепке барасың. Егер хат танып, кітап оқуды тез үйренсең, осы кітаптарды сыйға тартамын»,-деген еді (жымиып). Бәлкім, содан болар, оқуды тез үйреніп кеттім. Әкемнің айтқан осы сөздері бала Айзадаға кәдімгідей мотивация болды деп ойлаймын. Хат тани бастағанымда, әкем уәдесінде тұрып, қызыққан кітаптарымды қолыма ұстатты. Мектептен үйге кіре, сөмкемді кіре беріске лақтыра салып, киімімді де ауыстырмай, тіпті анам шақырған асқа да бармай, пеш түбінде Абай атамыздың:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан», - дейтін өлеңін бар дауысыммен оқи бастайтын едім. Қазір қарап отырсам, кітапқа деген қызығушылығым осылай оянғанын көремін. Жып-жылы пештің түбіне отырып ап, кітапты бар даусыммен оқитын бұл үрдіс күнде қайталанатын болды. Бастапқыда қызық көрген ата-анам кейін жалыға бастады. Заңдылық. Сол уақыттарда үйге әкемнің марқұм үлкен ағасы келіп тұратын. Ата дейтінмін. Менің қылығымды айтып, шағымданып жатқан әке-шешеме атам теледидарда болып жатқан айтысты нұсқап: «Қайдан білесіңдер, мүмкін, қызымыз ертең осындай ақын болатын шығар»,- деп, мені қолдай жөнелгенін білемін. Артынан атамның маған келіп, «Өлең жазасың ба?»- деп сұрағаны да әлі есімде. Ол уақытта әрине өлең жазбаймын. Баламын ғой. Бірақ сөзден сүйеніш тапқан мен, мүмкіндікті құр жібергім келмей, атама қарап, «Жазамын!»,- дегенімді ұмытпаймын. Жоқ өлеңдерімді сұратқан атама Ыбырай Алтынсариннің «Өзен» деген өлеңін көшіріп әкелген едім. Балалық аңғал көңіл ғой. Атам мәз болып бір күліп алып: «Келесі жолы келгенімде өз өлеңіңді оқитын болайын»,-деп басымнан сипаған еді... Міне, қаршадайымнан мені өлең әлеміне жетектеген осындай тәтті сәттер есімде. Бүлдіршін Айзаданың көңіл тетігін дөп басқан атама айтар алғысым шексіз. Кейін атам ауыр халде жатқанында, туыстардан ол кісіге арналған өлең дәптерімді беріп жібердім. Оқушы кезім еді. Өзім барып үлгермедім…
- Иә, өлең арқылы адам көңілінің құпиясын ашып, сезім пернелерін дөп басатынын айтып қалдыңыз. Қазір поэзиядан алшақтап кетпедіңіз бе? Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев «Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия» деген еді. Жалпы өлең жазып жүрсіз бе?
- Кеудемде жаным барда өлеңнен алшақтауым мүмкін емес деп ойлаймын. Уақыт бәрін өзгерткенмен, өзгермейтін бір дүние бар. Ол – менің поэзиямен біте қайнасқан табиғатым. Өлең – жанымнан ажырамайтын тұтас болмысыма айналғалы қашан. Десек те, сұрағыңыздың жаны бар. Алшақтады деп ойлауға себеп болар дүние – ол менің ұзақ уақыт өлеңдерімді еш жерде жарияламай, әдеби ортадан алыстап кетуім. Бірақ, өз-өзіңнен алшақтай алмайсың ғой. Жаным қалаған сәтте, жаныма жарасқан қалыпта шығармашылығыммен бірге өмір сүріп келемін. Оны мейлінше саф, таза күйінде сақтағым келеді. Жүрегімді жүлде үшін сөйлете алмаймын. Сондықтан, поэзия әлемінде жадау жүруге бейіммін.
- Сіз үшін қазіргі заман ақынының қоғам алдындағы басты міндеті неде?
- Менің түсінігімде ақынның қай заманда болмасын жалғыз міндеті бар. Ол – жасандылықтан алшақ жүру, шынайы жазу. Ақындықты былай қойғанда, әр адам бұл өмірге өз бойындағы қасиетімен, талантымен, мінезімен, еңбегімен қаласа да, қаламаса да, қоғамда өз ізін қалдырып, не пайдасын, не зиянын тигізеді. Ал, өнер яки еңбек жолың сенің сол қалыбыңды айшықтайтын негізгі құбылыс. Ақындардың да өлең жазу стилі, тақырыптары, мүдделері әр түрлі ғой. Әр ақын өзіне ғана тән ерекшелікті байқап, бағалап, сол жолда шынайы жеткізуші болса, рухани азық іздеген қоғамда өз орнын табарына, әр өлеңі бір-бір жүрекке жетеріне сенімдімін.
- Әдеби үдерістің қозғаушы күші – ұрпақтар сабақтастығында дейміз. Тәуелсіздік кезеңінің поэзиясы мен алдыңғы аға буынның арасында қандай негізгі айырмашылық бар? Үндестігі қандай? Сіздің буын әдебиетке нендей жаңалық әкелді?
- Дұрыс айтасыз, ұрпақтар сабақтастығында әдеби үдерістің үлкен күші бар. Себебі өзіміз де алдыңғы буын ақындардың поэзиясына қарап бой түзедік. Сөзсіз бізге үлкен мектеп болды. Бірде қызығып, бірде еліктеп жүріп, біз де өз жолымызды қалыптастыра бастадық. Менің еліктеп бой түзеген, сөз саптамы мен өлеңдеріне қызаққан ақыным – Ақұштап Бақтыгереева апамыз. Мен мұны заман жаңарса да, жылдар өтсе де айта бермекпін. Он бес жасымда, бөлемнің кітап толы чемоданынан «Жайық қызы» кітабы қолыма түседі. Осы күннен бастап, өлеңдері арқылы ол кісінің өзінен тәлім алғандай болдым. Қалай өзгерсек те, не өзгерсе де, біз өзімізге о баста серпіліс берген құнды себептерді ұмытпауымыз керек. Ұрпақтар сабақтастығында уақыт керуеніне тән үлкен даналық бар. Ал біздің буын әдебиетке қандай жаңалық әкелді дегеніңізге шынымен, ойланып қалдым. Біреуге өлең жазу – сын, біреуге қалыпты дүние ғой. Қазір мен замандас ақындарды тереңнен оқып, заманауи поэзия әлеміне қанығып жүрмін деп айта алмаймын. Содан болар, аздап кідіріп қалғаным рас. Азды-көпті ұшырасқан, оқыған дүниелеріме сүйеніп бір ауыз айтар болсам, біздің буын қасиетті қара өлеңнің қалыбына жаңа серпін беріп, дәстүрлі ұйқастар мен үйреншікті баяндаудан біршама алыс – суреттеуі ерекше, өлең құрылысы ағыны сарқырап аққан бұлақтай, қалыпқа сия бермейтін дүниелер жазып жүр дер едім. Мысалы, жас ақын қыз Ділдә Уәлибектің:
«Біз жақта бір аспан болатын,
Тек қана шексіздік – өлшемі,
Өлердей сағындым мен соны,
Сағындым, таусылды тағатым.
Кірпікпен тарап нұр, шуақты,
Көкке көз тігуші ек ұзақ біз,
Ол мөлдір болатын сызатсыз
Анамның жанары сияқты»,- деген өлең жолдары жұп-жұмыр, әрі көз алдыңа жазиралы жазықтықта тұтас бір көкпеңкөк аспанды картина етіп әкеледі. Сондай-ақ, Қайрат Сейтқазиннің өлеңдеріндегі суреттеуі мен жеткізуі ерекше. Мысалы мына бір өлеңінде:
«Мен өскен өлкеде қыс қатал, жаз нәзік,
Даланың сазынан таба алмай өзге азық.
Жабығып жүргенде өлеңді үйрендім,
Бұлбұлдың әніне сөз жазып»,- деген жолдары өзіме қатты ұнайды.
Ақындық жолды үлкен жауапкершілікпен арқалап жүрген қазіргі жас ақындардың ізденуі көп. Сондықтан да, қазақ поэзиясы буын жаңарған сайын көкжиегі кеңейіп, қанық бояулары көбейе түсетіні анық. Мұндай мысалдарды келтіре берсек, шегіне жете алмаймыз және бұл қуантады. Өлеңде тек баяндамай, сөзбен сурет жаза білу қабілеті – ойдың ұшқырлығын, терең талантты көрсетеді.
- Тәуелсіздік кезеңінде қалыптасқан жас ақындарды жиі оқитын сияқтысыз...
- Әлеумметтік желінің арқасында кейде кездейсоқ, кейде іздеп отырып оқитын бірнеше жас ақындарым бар. Соның ішінде поэзиясы өзіме қатты ұнайтын ақындар: Ділдә Уәлибек, Айдын Байыс, Кәмшат Хасен, Қайрат Сейтқазин, Әсем Бөлекбай, Сандуғаш Серікқызы. Тізімді әлі де біраз жалғастыруға болады. Мен танымайтын қанша мықты ақындар бар екеніне де сенімдімін.
- Өлеңдеріңізді оқып отырып, кітабыңыз бар ма деп іздегенім рас. Жеке жыр жинағын шығару ойда бар ма?
- Иә, бұл көптен ойымда жүрген дүние. Өкінішке орай, бәлкім қуанышқа қарай, кітабымды әлі шығармадым. Неге қуанышқа қарай дейсіз-ау, себебі бірнеше жылдар бұрын жазылған өлеңдеріме қазір қарап көңілім толмайтын, қажет деп таппайтын тұстарым көп болады. Содан да болар, бүгінге дейін асығыстықпен кітабымды шығармағаныма қуанамын. Кім білсін, бәлкім бұл өмір бойы соңына жете алмайтын сөз құдіретінің алдындағы жауапкершілік пе? Бір қуантарлығы, бүгін әдебиетті қолдайтын, кітап шығаратын мүмкіндіктер баршылық. Менің мақсатым – сапалы, бір ғұмырға татиын өлеңдерді жинақтап, өзіме ғана тән ерекшелікпен, еркіндікпен, қолтаңбамен, еркін қалыпта жарыққа шығару. Алдағы уақытта бәрі өз қалауымдай болады деп сенемін.
- Өзіме ғана тән еркіндікпен, ерекшелікпен... деп қалдыңыз ғой. Өлең жазу – уақытпен үндесу ме, әлде зырғыған уақыттан қашып, тыныштықта өз әлеміңе тығылу ма? Сіз үшін...
- Жасыратыны жоқ, қазір әлемде бәрі материалдылыққа көп мән береді. Тіршілік қамымен жанымызды тыңдап, рухани жай-күйімізге үңілетін тыныш уақыт табыла да бермейді. Ондайда жаным мазасызданып, өзімді қоярға жер таппай қалатын сәттерім болады. Күйкі тіршіліктің өмірімде көбейіп бара жатқанын сезген сәтте, бірден тоқтаймын. Іштей өзіме оралатын уақыт келген екен деймін де, поэзия оқи бастаймын, күнделік жазамын. Кейде сондай сәттерде шабыт келіп, жаңа өлеңдер де жазылады. Сосын барып, көңілім тынышталып, жаратылысымның негізгі міндетін орындағандай тіршілігімді әрі қарай алаңсыз күйде жалғастырамын. Сондықтан, иә, өлең жазу мен үшін – өзіңе оралу, жүрекке үңілу. Ал жүрек дегеніміз – Құдайдың мекені. Шүкіршіліктің, тәубеге келудің бір түрі. Жалпы, жиі өз ішкі әлеміңе зер салған сайын, орынсыз эго мен тәкәппарлықтан арылып отырасың. Байқағаным сол.
- Жауаптарыңызға риза болып отырмын. Мынаны айтыңызшы, цифрлық технологияның дамыған дәуірінде желіде хит болған жеңіл өлеңдерді көп байқап жатамыз. Тіпті ол танымал қазіргі әндердің сөзі де болуы мүмкін. Салмақты, терең мазмұнды, нағыз поэзияның аражігін оқырман қалай ажырата білуі керек?
- Рақмет, сұрақтарыңыз кейіпкерді ашатын, ой салатын мәнді, мағыналы екенін атап өткім келіп тұр. Жауаптар да соған сай туындауда. Сауалыңызға оралсақ, біз адам ретінде өзімізге тым көп аламыз. Бәрін бақылауда ұстағымыз келеді. Десе де, әлі-ақ цифрлық дәуірдің жеңіл, желікпе күйі өз шегіне жетіп, тың көзқараспен алмасады.
«Тұрақсыздық – жалғыз ғана тұрақты,
Мына өмірдің заңдылығы сияқты», - деп «Қаңбақ» деген өлеңімде жазғанымдай, бәрі де жаңарады, бәрі де оралады.
Адам баласына жалығу тән. Поэзия әнге айналған соң, оны қайтып поэзия ретінде оқи алмаймын. Әнге сұранып тұрған өлеңдер болады. Әнмен жұпыны халге түсетін, артық салмақты қажет етпейтін, өз табиғи қалпында көркем өлеңдер де болады. Десе де, әннің сөзіне келер болсақ, бұл тұрғыда әнші, орындаушы, композитор өнер иелері құндылық назарын өнердегі өзіне емес, өзіндегі өнерді қадірлеуге бағыттағаны жөн болар еді. Ол кісілерде өздері ойлағаннан да жоғары ықпал ету күші бар. Сол өнер иелерінің туындылары арқылы халықтың талғамы қалыптасады. Ал ақындар әнге сөз жазарда өздерінің еңбектерін жеңіл ұйқас, мәнсіз сөздермен сындырмай, принциптеріне бекем болғанында о бастан бәрі дұрыс жалғасар еді деген пікірдемін. Және ақын дегеннің барлығы әнге сөз жаза алмайды. Оған да музыкалық қабілет керек. Өкініштісі, бүгінде жеңіл ұйқас жазса, ақынмын деп, сәл әндетсе әншімін дейтін шалажансар жан-жақтылар көп. Егер әркім нақты қолынан келетін, талантына дөп түсетін өз ісімен айналысса, әдебиет, мәдениет, өнер айдыны біраз тазарып, сапасы артатын еді. Бұл ашығында, барлық салаға қатысты. Дәл осы шығармашылық жолда өзімшілдік жарамсыз. Қоғам, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінбесең, таланттың да дауасы аз, жарасы көп. Өзіңді көрсету емес, қандай із қалдыратының туралы ойлану маңыздырақ. Жалпы, қоғаммен ұштасатын кез-келген әрекетімізге абай болуымыз керек деген пікірдемін.
- Әңгімеміздің соңында өзіңізге қолқа салғым келіп отыр. Жазған өлеңдеріңіздің арасында ерекше қадірлі, жүрегіңізге жақын тың туындыларыңызды «Әдебиет порталы» оқырмандарымен бөлісе кетсеңіз.
- Негізі өзімді ақынмын деп есептемеймін. Анда-санда қалам тартып, жазатыны бар жанмын. Сол жазған дүниелерімнің арасында «Феникс» өлеңі – жаныма ең жақын туындыларымның бірі. Өмірімнің қай кезеңінде болмасын мені рухтандыратын, қайта қанат бітіретін, тағдырымның шындығына толы өлеңім десем болады.
- Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!
«Әдебиет порталының» оқырмандарына ақын Айзада Сәдуақастың бірнеше жыр шумақтарын ұсынып отырмыз.
Феникс
Жоқты іздегені жанға бататын,
Кеште мұңайып, таң боп ататын.
Адасып барып, бақыт табатын,
Бақыт табуы уақытты алатын.
Бір ширекті кеп құрбан қылатын,
Қырдан асырып, жырдан құлатып.
Жанына жалын тыным бермейтін,
Тоқтатамын деп тілін білмейтін.
Өртеніп барып, күлге айналатын,
Күлден жаралып, Күнге айналатын.
Сүйіп те тұрып, қоштаса алатын,
Қош айтысқанмен, достаса алатын.
Тағдырдан келген шешім болатын,
Жүректе жалғыз есім болатын.
Ай - Қараша
Ішімде бос дүние,
Азынап ән салады.
Көңілсіздік көсіліп, тамсанады.
Жүрегімді өрт билеп жанып барам,
Одан сайын өршітіп жан самалы.
Тұсаулаған аяқтан бүгін мені,
Айтқызбаған сөзімді тілімдегі.
Соңғы үмітті мендегі суырып ап,
Саусағыңда бір алтын күлімдеді.
Ойға батқан жанымды ұғатындай,
Ақ жейдеңнен бұлқынып шығатындай,
Жүрегіңді аядым – жүрегімді,
Сол жүзіктің алдында бұғатындай.
Көз жасымды жасырып ұзақтадым,
Неге кеттім, жаныңда тұра тұрмай?...
Жаулар азаймайды
Жығылғаныңды көргенше,
Көр ұсынғаны,
Күлімдеп тұрып төр берсе.
Ор қазғандығы,
Арқаңнан қағып «құп» десе.
Жамандығыңды жалғап береді, бітпесе.
Жаулар жылжымайды,
Кейінге, әрі дұрысқа,
Қолдап тұрады, қалт кетіп жатсаң бұрысқа.
Жау деген жақын кешегі досың атанса,
Жарығым, оны кешіремін деп тырыспа!
Жаулар шегінбейді, шел басқанынша көзіңді,
Жауым досым деп алдағаныңша өзіңді.
Жымиып үйрен, жылағаныңды қаларға,
Бір тамшы жасты жуытпай тұрып жанарға!
Жаулар бүгілмейді, бүгілмейінше болмысың,
Ажырата біл жақын мен жаттың оңды ісін.
Жау деген сенің жеңістеріңе сәтсіздік,
Жау деген сенің жеңілісіңе қол мүсін.
Жау дегенің жоқ көнбістік біткен жандарда,
Жау дегенің жоқ жымысқы жағымпаздарда.
Жауыңнан досын көп болсын бірақ қашан да,
Жарық дүниенің есігін таңда ашарда.
Кең пейіл қанша табыстырғанмен алысты,
Тар көңіл сонша тас бауыр қылды танысты,
Зұлымдығы үшін жек көру керек жауыңды,
Сүю де керек қайрайтыны үшін намысты!
Жау көбеймесін, жаныңмен сенген сатпасын,
Жарқын жүректер жалғыздық дәмін татпасын.
Тірлікте мына төтеп бергенде бәріне,
Өзіңе өзің жау болуыңнан сақтасын!
