Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қарымды ғалымдардың құнды зерттеуі...

08.08.2013 6023

Қарымды ғалымдардың құнды зерттеуі

Ulttik adebiet.jpeg

Зерттеуші авторлар – қазақ әдебиеттану ғылымында қарымды еңбек етіп жүрген белгілі ғалымдар Д.Қам­забекұлы, Б.Омарұлы, А.Шәріп.

Әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігі, өзгеден өзгешелігі, даралық бет-бедері оның ментальдігінен көрінеді. Ментальдік ұғымы «сана, ақыл-ой, зерде» деген мағынаны білдіреді. Қазақтың жалпақ сөзімен айтсақ, «адамның жан дүниесі». Мәтелденген сөз орамымен бейнелесек, «Мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде». Мұндағы «адам аласы – ішінде» деген ұғым көбінесе тар мағынада қарабайырлау қабылданғанмен, кең мағынада «адамның жан дүниесі» деген танымды білдіреді. Ал енді оны ғылыми анықтамамен тереңнен тартып, парасатпен пайымдайтын болсақ, ментальділік – белгілі бір мәдени ортада өмір сүретін, дүниені өзінше қабылдайтын, дара ойлау жүйесі бар, өмірлік құндылықтары қалыптасқан, тұрмыстық және әлеуметтік мінез-құлқы орныққан адамдардың жиынтық сипаттамасы. Сол жиынтық сипаттама сақталған басты бір сауыт – халықтың сөз өнері, ұлттық әдебиеті. Кешегі Алаш зиялыларының зерде-түйсіктеріндегі «Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасалмақ емес» деген пайымдары ұлт руханиятында әдебиеттің мән-маңызы ерекше бөлек екенін аңғартады. Ұлттық құндылықтарды шетке ығыстырып келе жатқан жаһандану дәуірінің бүгінгі шындығында ұлттық әдебиеттің «сауыт–қорғаныштық» сипатының мән-маңызын тану, оның ғасырлар бойы жинақталып сақталған мол қазынасын заманауи үрдістермен байланыстыра отырып терең зерделеу – аса өзекті мәселе. 

Зерттеуде қазақ әдебиетіндегі ұлттық ментальділіктің бастау арнасын, эволюциясы мен трансформациялану белгілерін айқындайтын әдеби айшықтар, белгілі бір кезеңдік рухани көріністер зерделенеді. Авторлардың пайымдауынша, қазақ менталитетінің қалыптасуына халқымыздың көшпелі тұрмысты кешуі, батыс пен шығыс арасындағы транзитті географиялық жағдайы, тәңіршілдіктен қалған наным-сенімдер мен исламның ұштастығы сынды факторлар әсер еткен. Аталған үштағаннан түзілген ұлтық ментальділіктің болмыс-бітімін, көркем сананың сыр-сипатын зерттеуші авторлар қазақ әдебиеті тарихының бел-белестерін, атап айтқанда, ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулық поэзияны, ХІХ ғасырдағы зар заман әдебиетін, Абай және ағартушылық бағыттағы ақындар шығармашылығын, ХХ ғасырдың басындағы Алаш идеясын талдау арқылы пайымдайды, зер безбеніне салады. 

Монографияда ұлттық әдебиеттің даму заңдылықтары жер жүзілік әдеби дамудың ортақ заңдылығынан шет қалмағандығы, көркемдік сананың мифтік-поэтикалық сана, дәстүршіл сана, тарихи сана сынды ортақ түрлері де туған әдебиетке тән сипат екені айқындалған. Зерттеушілер, әсіресе, көркемдік сананың дәстүршіл және тарихи сана түрлерінен туындаған әдеби ментальдік құбылыстарды кеңінен талдайды. Бұл орайда зерттеу нысанына жыраулық поэзиядағы «Құтты қоныс» әлеуметтік утопиясы, зар заман поэзиясындағы азаттықты аңсаудан туындаған налу мен наразылық, Абай шығармашылығы, Алашшыл (елшіл) әдебиеттің түркішілдік, жәдитшілдік, милләтшілдік бағыттары алынған. Аталмыш кезеңдік көріністердің ментальдік сыр-сипаты зерттеу еңбектің «Әдеби-тарихи үрдеріс және дәстүрлі ментальдік», «Зар заман поэзиясы және ұлт ментальдігінің трансформациясы», «Түркі ментальдігі және қазақ ағартушылығы» атты бөлімдерінде зерделенеді. Бөлімдер бірнеше тарау­шадан тұрады. Айталық, алғашқы бөлім «Көркемдік сана түрлері және дәстүрлі ментальдік», «Ментальдіктер мәмілесі және ұлттық мінез», «Жыраулық жерұйықнама», «Абай: бейуақ тұстың бағыты» деп аталатын тараушаларға бөлінсе, екінші бөлім «Бұғалы жырлар «болжалы», «Екіге жарылған» ел бейнесі», «Көшпелілік пен отырықшылдық: ментальді қарама-қарсылық», «Отарланған санадағы ортақ сарындар» атты тараушаларға, ал үшінші бөлім «Қазақ жәдитшілігі», «Білім бағдары, батысқа бетбұрыс», «Милләт және милләтшілдік. Көшбасшы бейнесі», «Елшіл әдебиет еңсесі» деп келетін тараушаларға бөлінген. Әрбір тараушалардың көтерген жүгі салмақты, ал одан құралған бөлімдердің танымы терең, пайымы мол. Жалпы, монография – қазіргі әдебиеттану ғылымының кең аяқ алысы мен терең тынысына үндес, сан-салалы ғылымдар тоғысында ғана шынайы пайымдар түзей алатын гуманитарлық саланың заманауи талабына сай жазылған құнды зерттеу. Зерттеу еңбекті филолог, мәдениеттанушы, этнолог ғалымдар, сондай-ақ ұлт руханиятына қызығушы мамандар кеңінен пайдалана алады.

Алмас Әбсадықов, 

филология ғылымдарының докторы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар