Сая Қасымбек: Пьеса – өгіздің мойынын қайырғандай шымыр болмаса, сахнада өліп қалады

Шымкентте жатып қаншама пьеса жазып, театр өнерінің өрісін кеңейтіп, көрермен тәрбиелеп, әдебиеткеде  қызмет қылып жүрген  Сая Қасымбек деген драматург, жазушы апайды әлеуметтік желіде  көптен бақылап жүрген едім.  Соңғы жылдары тарихи тұлғалардың тағдырын зерттеп, көне дәуірдің үнін бүгінгі оқырманға жеткізуде  әуелі «Көк бөрілері» романын, одан кейін үш жыл, сегіз ай отырып, Қожа Ахмет Яссауи туралы «Қылуеттен ұшқан Құс жолы» романын жазған қаламгерді сұхбатқа тартып көрсек деген ой ғой біздікі, ақыры сәті түсті. 

Сая Қасымбек: Пьеса – өгіздің мойынын қайырғандай шымыр болмаса, сахнада өліп қалады - adebiportal.kz

Күткенімдей, бұл кісінің әңгімесі әдемі екен. Мысалы, анау жылдары Түркістанда жаңадан ашылған театрға көрермен жинау оңай болмаған. Кей күндері залға бес-ақ адам келсе де, қойылымды тоқтатпай, театр мәдениетін мектеп оқушыларынан бастап қалыптастыруға күш салған кездерін айтқанда бұл кісінің театрды қаншалықты жақсы көретіні аңғарылады. Одан бөлек, қаламгердің өнер, әдебиет, өмір жайлы тұжырымдары да бөлек екен.

Сонымен, драматург, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сая Қасымбекпен сұхбатымыз былайша өрбіді.

«Көшпенділер» деген сөзге жаным қас

-  Сырт көзге сіз өзіңізге жайлы, өз ырғағыңызбен өмір сүріп, шығармашылықтан рақат тауып отырған адамдай әсер қалдырасыз. Осы әсер шындыққа қаншалықты жақын? Жазудың рақаты басым ба, әлде азабы ма?

- Жастау кезде өзімді дәлелдегім келіп жанықтым. Бәріне үлгергім келіп «Неге 24 сағат?.. Неге 34 сағат емес?!» дейтінмін. Бұлтартпайтын «Өмір» деген жол, өз еркіне бағындырады екен. Жанықсам да, «алған бетіңнен таймасаң жетесің» дегендей құлағыма сыбырлап, өз өлшеміне салды. Алғашында көнгім келмей жанталастым. Өлшем – мойындатты. Тасқындаған көбік төгіліп, сабыры түзілді. Марқұм әкем өте парасатты жан еді. «Асыққанмен уақыт тілі жетпейінше асылып өлсең де, өзгермейтін нәрсе – өзгермейді. Сабырмен күт!» дейтін. Жас кезде сабырға салу қайдан болсын?! Десе де, сол жаныққанның бергені де бар. Нәтижесі жаман емес. Зейнет жасына жеткенде жалақысы бар жұмыстың соңында салпақтамай, бірден жұмыстан шықтым. Алпыстан асқан соң, күш-қуат деген шіркінмен санаспасқа болмайды екен. Яссауи - түркі әлеміне белгілі тұлға болғандықтан, терең зерттеуді, қиыс баспауды қажет ететін романыма қажырымды арнау үшін жұмысты тәрк еткенге бел шешкеніме өкінбеймін. Егер, дер кезінде шешім қабылдамағанымда, 3 жыл 8 ай дегенде аяқталмай қалуы мүмкін еді. Алаңсыз шығармашылыққа ендеуден өзіме тыныштық таптым. Таңмен алаөкпе болып жұмысқа жанықпайсың. Өзім құрған жоспармен жайбарақат қарекет еткеннен жаныма сабыр қонақтады. Шығармашылықтың рақатына кенелдім десем, артық айтпаймын. Жұмыс, үй, бала-шағамен арпалысып жүріп қаншама пьеса, роман жазғаныма таң қаламын. Жастық қуаттың арқасында болса керек. Бүгінде «зейнеткер» деген «рельске» түсіп, бірқалыпты ырғақпен роман жазып жатқан жайым бар. «Шығармашылық азап» өзіме ләззат сыйлайды. Ой-санаңның туып жатқан дүниемен егелетіні менің ғана емес, күллі шығармашылық адамына тән жайт қой. Жүректе егелмесе, сана қайрағында қайралмаса, тұщымды дүние қайдан тусын? Әйтсе де, тіршіліктің майда-шүйдесін ойлауға мұрша қалдырмайтыны ғажап. 

- «Жүректе егелмесе, сана қайрағында қайралмаса» деген сөзіңіз күшті екен, өзіңіз  бүгінде тарихи роман жазып жүрсіз. Неліктен бұны таңдадыңыз? Бүгінгі заманның адамын жазу жеткіліксіз болды ма, әлде өткеннен қазіргі өмірге жауап іздейсіз бе? Мысалы, тарихи кейіпкерді таңдағанда сізді әуелі оның өмірбаяны қызықтыра ма, тағдыры ма, әлде өзі өмір сүрген дәуірдің жұмбағы ма?

-  «Көшпенділер» деген сөзге жаным қас. Біз ықылым заманнан өркениеті алға озған ел болғанымызға Отырардағы көне қорғандағы жиырма ғасыр бұрынғы су құбыры, тастан ойылған ванна, мыңжылдықтың алғашқы жүзжылдығындағы Саураннан табылған унитаз дәлел. Тастан – құмы басым табиғатымыздың ықпалынан сол кезеңдегі зәулім үйлер мен қорғаны берік қамалдар тастан қаланбағаны, тарихымыздың сәулетін жел мен жауыны шайып кеткені өкінішті. Мәселен, Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың ең үлкен көрме залы Пазырақ қорғанынан табылған асыл қазынаға арналған екен. 1981 жылы студент кезімде телевизордан Эрмитаж жайлы деректі фильм көрдім. Ең үлкен залдың маңдайшасындағы «Артефакты найденного с Пазыракского кургана» деген жазуы әлі көз алдымда. 4,5 мың жыл бұрынғы түкті кілемнен бастап, төрт дөңгелекті ағаш арба, алтыннан құйылған ат әбзелі, алуан әшекейден көз тұнады. Айтып тұрған гид «Біздің Пазырақ» демеді. Неге екені, сол сөзге ерекше мән бердім. Өйткені, Пазырақ славян нәсілді емес – көне түркі екенін кейін білдім. Осыдан он бес жыл бұрын «Пазырақ жайлы көркем дүние бар ма екен?» деп, қолым жеткен жеріне дейін зерттедім. Таппадым. Пазырақтың көне түркілік екеніне көзім жетіп, жақсыны өз нәсіліне бұрып жіберетін «жатқа» иелендіргім келмей, Бас кейіпкеріме айналдырдым. Әлбетте, «Көк бөрілері» романымның бас кейіпкері Пазырақты жазатынымды сол кезде білмедім. Бірақ, сонау жылдары санама түскен ұрық – романға айналды. Демек, шығармаларым Кейіпкері мен дәуіріне қызыққаннан туса керек. 

- Ия, рас айтасыз, оның үстіне арихи роман жазу үшін дерекке сүйену қажет, бірақ дерек пен көркем қиялдың арасында шекара бар. Тарихи тұлғаның бізге беймәлім ішкі әлемін жазғанда өзіңізді қаншалықты еркін сезінесіз? Қиялға қай тұста жол бересіз?

- Қожа Ахмет Яссауи жайлы «Қылуеттен ұшқан Құс жолы» романымды 3 жыл 8 ай жаздым дедім ғой. Туасында, Яссауиді зерттегеніме 25 жыл болды. Суфизм жайлы не деген зерттемені көз майымды тауысып зерделегенім өзіме аян. Әдетте «Яссауи» десе «Диуани хикмет жазған» түркілік сопы» деумен шектелеміз. Тереңінен айтып бере алмаймыз. Себебі, Қожа Ахмет Яссауидің өмірі құпия. Қолымен жазылған бірде-бір хикметі сақталмағаны нағыз тылсым!.. Неге сақталмаған?.. «Диуани хикметінен» бастап, «Көңіл айнасы» ілімдік трактовкасы да шәкірттерінің жазбасымен жетті. Яссауиге дейінгі ғұламамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің дүниесі Иран мен Дамаскіні айтпағанда, Стамбулдағы Сүлеймани кітапханасында, Лондондағы Британ кітапханасы мен архивтерінде сақтаулы. Тіптен, Нидерланды еліндегі Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы болғанда, бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген Яссауидің қолжазбасы неге сақталмаған? Өмірдерегінің өзі әлі күнге тартыс. «Яссауи былай депті» деген аңыздарды 25 жыл бойы зерттедім. Басым көбінен өзге ел аңызының сілемін көрдім. Түбірінде нақты дерек болмағандығын ұғуыма, ара-жігін айыруым үшін миға қаншалық салмақ түскенін айтудың өзі артық болар. Ылғи киноға лайық роман жазуым керек деп ойлайтынмын. Аңызға сүйенсем шынайы бейнесін туғыза алмайтынымды түйсініп, «Диуани хикметі», «Көңіл айнасымен» қоса 862 жылы Самарқанда дүниеге келген суфизмнің бәйтерегі әл-Матуридиің «Таухид Кітабы», әлем суфистерінің трактовкалары мен өз яссауитанушы ғалымымыз Досай Кенжетайдың сопылық жайлы ғылыми дүниелерін бағдаршамыма алдым. Суфизм – рух. Мистика әлемімен тығыз байланыста. Шексіздік серігің. Шексіздікпен сырласқан рух құпиясына сүңгисің. Қабатында Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар басынан кешкен қақтығыстарды қосып отырдым. Өйткені, Тұлға – қоғам мүшесі. Тұлғаның қалыптасуына, жаңа бетбұрысқа жетелеуіне қоғамдағы қақтығыс тікелей ықпал ететінін ескердім. Айналып келгенде, өткен дәуір тұлғалары жаныма жақын болып шықты. Замануи тақырыпқа жазған романымды аяқтағаныма екі күн болды. Бізде баспа мәселесі өте қиын ғой. Өзің төлемей, өзі басса 5 жылға авторлық құқыңды алып қоятыны көңіліме қонбай жүр. «Елу де елу» деген позициясы жоғы қиын екен. Яссауи жайлы «Қылуеттен ұшқан Құс жолы» романым дін басқармасының қатаң сараптамасынан өтті. Жүрегім жарылардай қуандым. Мәселе қаржыға тіреліп, үйімде жатқан жайы бар.   

- Енді мынадай сұрақ қойсам… тарихи тұлғалардың тағдырын жазғанда әйелге тән қандай сезімталдық немесе байқағыштық көмектеседі деп ойлайсыз? Жалпы алғанда тарихта әйелдердің дауысы көбіне ерлердің шешімдері мен әрекеттерінің көлеңкесінде қалып қойғаны рас, сіз өткен дәуірді зерттегенде тарихта аты аз аталған әйелдердің тағдырына назар аударасыз ба?

- Әйел тақырыбы «кіл көлеңкеде» қалатыны рас. «Әйел – Тұлға» ұғымын жекедара жарқ еткізген Б.Жандарбеков ағамыздың «Сақтар» романындағы Томирис анамыз болды. Бәлкім, оған дейінгісін ұмытсам, айыпқа санамаңыз. Томирис ерекше әсер етіп сүйікті кейіпкеріме, өмірдегі идеалыма айналды. Болат ағамыздың мықтылығы да сол деп ойлаймын. Өзім де Томирис пен Зарина патшайым жайлы пьеса жаздым. Әзірге сахналанбай жатқаны өкінішті. Көркем туындымда көне тарихи кезеңге қалам тартқанда, Бас кейіпкердің қасындағы әйелге мән беремін. Бас кейіпкермен бөліскен тағдырына, ықпалына тереңінен тоқтауға тырысамын. Әзірге жеке әйел-тұлғаға роман жазбадым. Жаратқан Ие мүмкіндік берсе, алдағы уақытқа тарих бетіндегі айтулы апамыздың тағдырын жазуға жоспарым бар. «Көк бөрілер» мен «Қылуеттен ұшқан Құс жолы» романдарымда әйел тағдырына, қайраткерлігіне, қоғамдағы орнына тоқталдым. Ал, драматургияда Әйел тағдыры  – басты тақырыбым. Әйел тағдырын көтеретін «Лифт» атты драмам Астанадағы Жастар театры мен Семейдегі Абай театрының (атауы «Кешір мені» деп өзгертілген) репертуарынан түспей келе жатқаны қуантады. Соңғы аяқтаған заманауи романымның бас кейіпкерлері де – Әйел. Әлі басылып шықпаған соң, атауын жазбай отырмын. 

«Сіз неден жұмсақсыз?» - дегеніне Лука атайдың: «Өмірдің илеуін көп көргеннен болар», - дегені бар ғой,..

- Ал енді жазушының әділет сезімі оның шығармашылығына қаншалықты әсер етеді? Өмірде әділетсіз деп қабылдаған нәрселеріңізді көркем әдебиетте қайта қарастырып, өзіңізше жауап іздейтін кездеріңіз бола ма?Адамның басына ауыр сынақ түскенде оның бұрынғы сенімдері мен құндылықтары қайта таразыланады ғой, сіздің өмірге, адамға, әділетке деген көзқарасыңыз қай кезеңде қатты өзгерді?

- Жазушы жазып отырған туындысында қанша Кейіпкер болсын адвокатына айналады. Онсыз әділдік тумайды. Әрқайсының өз шындығы бар. «Неден сатқындыққа барды?.. Неге батылы жетпеді?..» секілді алуан сұрақты қоя отырып жауабын іздейді. Сұрақ пен Жауап әділ болмаса – жалғандық таптап кетеді. Туындың соламсақтанып, көрермен не оқырманның жүрегіне жетпейді. Бүгінгі оқырманның алақандай телефонынан әлем классикасын оқып, зерделеп отырғанын ескерсек, әділетсіз шешімің кері процеске айналып кетеді. Өмірде әділетсіздікке жиі ұшырайтын оқырман, парағын ашқан дүниеден әділет іздейді. Сыдыртқан сөз әрі кетсе орта белге жеткізер, әділдігі жоқ шешімнен жалығып, тіптен, екі дүниені – өз өмірі мен қолындағы көркем туындыны жаулаған әділетсіздіктен түңіліп кетуі мүмкін. Басымнан ауыр сынақ кешсем де, әділетсіздік шекарасын аттамауға тырысамын. Өмірдің өзі миллиондаған қателіктің жиынтығы екенін ескерсек, тым құрығанда кешкен қателікті қайталамауға жанталасамын. «Мен – ондаймын. Мен – бұндаймын» деуден аулақпын. Періште көкте. Пенденің қателесуі қалыпты жайт. Бастысы, қиянатқа жол бермеу. Қасірет кешкен адамның жаны жұмсаратынын тағдырдың тепкісінде көп иленген өзімнен сеземін. Горькийдің «Шыңырауындағы» балерина өлім аузында жатып: «Сіз неден жұмсақсыз?» - дегеніне Лука атайдың: «Өмірдің илеуін көп көргеннен болар», - дегені бар ғой, өзімді сол Лука атай секілді сезінемін. 

-  Бұл жауабыңыз адамды толқытады. Айтыңызшы, сіз жазсам дегенді ертеден армандадыңыз ба? Әлде жазу бірте-бірте өміріңіздің өзегіне айналды ма? Одан кейінгі сұрақ, бір кездері әлеуметтік желіде Оңайгүл Тұржанның өлеңдерін жиі бөлісіп жүрдіңіз. Оның өлеңдерінен өзіңізге жақын не таптыңыз? Өзіңіз айта алмай жүрген сезіміңізді сол өлеңдер айтып бергендей болды ма?

- Балалық шағымда ауыл ортасындағы жалғыз клубқа анда-санда келетін киноға барғанымыз болмаса, бүгінгідей ақпарат легін ұялы телефоннан біліп отыратын заман болмағанына қуанамын. Өйткені, біз кітап оқитынбыз. Кітап оқудан жарысатынбыз. Ауылға сессиядан қайтқан студенттерді аңдимыз. Кітап әкеледі ғой. Қазіргідей қалта телефоны жоқ. «Пәленше кітап әкеліпті» десе, құстай ұшамыз. Кім бірінші жетсе – кітап соныкі. «Өзім де жаздырып алдым. Кетерде әкетуім керек» дейді. Жанығып кезекке тұрамыз. Кітап оқымайтын бала сирек болушы еді. Мен 7-ші сыныпқа көшкенде завферма болып істейтін әкемнің жылқышысы кенеттен қайтыс болып, әкем аяқ астынан жылқы бақты. Оқыған кітаптарымда жайлаудағы өмір жайлы, әсіресе, Әуезовтің «Абай жолындағы» жайлауға қызығатын басым, әкемнен жазда жайлауға шығатынымызды естігенде бақыттан басым айналды. Жайлауға құр бармай, бір қап кітап ала кетемін. Киіз үйдің іргесін түріп қойып кітап оқығанның ләззатын айтыңыз! Сасықшиелі деген жал-жал құмды жерді жайладық. Жылқы суарудан бос кезімде жал-жал құмға етпеттеп жата қалып кітап оқып, кейде, күннің батқанын байқамайтынмын. Жұлдызды аспанға қарап жатып, кітаптағы кейіпкерлермен сырласамын. Біреуіне жаным ашыса, енді бірін жек көріп кетемін. «Шіркін, мен де кітап жазсам, басқалар оқып, мен секілді кейіпкерлерін талдаса» деп қиялдайтынмын. Бірақ, жазушылыққа ұмтылмадым. Шынымды айтсам, жазушылыққа оқытатын оқу барын білмедім. Сенсеңіз, драматургия факультеті барын беріде, кездейсоқ білдім. Түркістан сазды-драма театрында қызмет етіп жүргенімде, «Иассауи қасіреті» деген драмамды Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметов сахналаған болатын. Бірде, театрымызға әйгілі Ә.Кекілбаев пен М.Жолдасбеков ағалар келіп, қойылымды көрді. Алдымен М.Жолдасбеков ағамыз сахнаға шығып, Қожа Ахмет пен Әзәзілдің сахнасындағы тартысты «қазіргі замандағы болып жатқан қақтығыс» деп баға берді. Әбіш ағамыз маңғаз баса сахнаға шығып, жүрекжарды пікірімен қуантты. Сахнада қасында тұрғанмын. «Қалқам, қарымың мықты екен, драматургияны Европаның қай школасында оқыдыңыз?» - деп сұрады. Төбемнен мұздай су құйып жібергендей болдым. Өйткені, драматургияға оқытатынын білмедім. Өздігімнен білімімді жетілдірген басым, ал, кеп састым! Өздігімнен ізденгенімді естіп, Әбіш аға таң қалды. «Таңертеңгісін қонақ үйге келші, қалқам. Сұхбаттасайық», - деді. Таңертеңгі шайға бардым. Әбіш Кекілбаев ағамызбен таңғы шай үстіндегі сол сұхбатым – өмірлік қазынама айналды десем жаңылмаймын. Әдебиет әлемінен көп мағлұмат алдым. Бірде «драматургияға Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы академияда арнайы оқытатынын содан соң білгенімді, Әбіш ағадан ұялғанымды» Әшірбек Сығай ағамызға айтқанымда, «Қысылатын түгі жоқ. Қаламың қарымды. Шекспирді біреу оқытты деймісің, тоқтамай жаза бер», - деп жұбатқан еді. Драматургияға келгенім де адам айтса сенгісіз. Кентау қаласында Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің «Өнер» факультеті ашылды. Завкафедрасы Р.Сейтметов бірде мені бөлмесіне шақырты: «Әдеби тілің шұрайлы. Мына пьесаны аударшы», - деп, М.Байджиевтің «Жених и Невеста» деген пьесасын қолыма ұстатты. «Жазушы емеспін, қалай аударамын? Пьеса дегенді жазушы ғана аудармай ма?» - деп, таң қалдым. «Шекспирді 200-ден аса адам аударды. Ештеңесі жоқ. Аудара бер», - деген соң, амалым таусылып, аудармаға кірістім. Бір жағынан қызық. Үш күнде аударып шықтым. Райымбек аға оқып шығы: «Аударма екі түрлі болады. Сөзбе-сөз және мағынасымен аударылады. Сен сөзбе-сөз аударыпсың. Іркіс боп тұр. Мағынасымен аударшы», - деді. Тың дүние қызық қой, екі күнде мағынасымен аударып шықтым. Бірден ұнатты. «Сен Оңайгүл Тұржанның өлеңдерін үнемі оқып жүресің ғой. Соңын түйіндегенге Оңайгүлдің өлеңінен бір шумақ тапшы», - деді. «Аудару басқа, ақыннның өлеңін рұқсатсыз қолдануға бола ма?»- деп зәрем қалмады. «Бір шумаққа ештеңесі кетпейді. Қайта, қуанады. Бірдеңе деп жатса, жауабын өзім беремін», - деді. Содан, Оңайгүлдің өлеңінен екі жерге бір шумақтан екі шумағын қолдандым. «Драма режиссері» мамандығында оқып жүргендіктен, «Қалыңдық пен Күйеуді» өзім сахналадым. Мар ағамыз келіп көріп: «Сая, сен әйелсің ғой, Ана мен Қалыңдықтың монологын менен тереңдеу ашыпсың», – деп батасын берді. Осылайша, драматургияға қалам тартуыма М.Байджиевтің «Қалыңдық пен Күйеу» пьесасы мұрындық болды. Сондақтан ба екен, маған Кейіпкері екі-үштен аспайтын пьеса жазған ұнайды. Монопьесам да бар.       

«Лифт» пьесамның тууы да қызық

- Ұзақ жыл Түркістан театрында драматург болып еңбек еттіңіз. Театрдағы жылдарыңызда адам мінезінің қай қырын тереңірек таныдыңыз? Сахна сізге өмірді түсінуге көмектесті ме, әлде өмірдің өзі пьесаларыңызға материал берді ме?

- Түркістанда Р.Сейтметов ашқан театрда директоры бола тұра «қолым көсеу, шашым сыпырғы» боп еңбек еттім. Сонымен бірге Қазақ-түрік университетінде «Актер шеберлігі» сабағынан бердім. Бүгінде шәкірттерімнің алды сол театрда белді актерлерге айналды. Режиссураны бітірген соң, сахнада спектакль қойдым. Жанталасқан шығармашылық ғұмыр кештім. Қойылым барысында миымды пьесаның динамикасын қалай дамыту процессі қайнап-пісті. Көбіне өмір толқыны – пьесаға жетелейді екен. Бірде машинада келе жатып «Қазақ радиосы» ма екен, әлде, «Шалқар» ма, ұмыттым... Таңмен радио жүргізушісі «Редакциямызға Америкаға жалғыз қызын оқуға жіберген ата-анамыз қызынан келген соңғы хатын әкелді. Атын өзгертіп, хатын оқуға рұқсат етіңіздер», - деп бастап, «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға арман арқалап кеткен Аиданың «Өзге дінді қабылдап, жат ел жігітін сүйіп қалғанын, артта қалған Қазақстанға оралмайтынын» жазған хатын оқи жөнелді. Жұмысқа жеткенше есімді жинай алмадым. Күні бойы ойландым. Ертеңіне бір деммен үш адамдық «Сот» деген драмамды жаздым. Райымбек ағамыз бірден сахналады. Әшірбек Сығай ағамыз көріп: «Сая, мына тақырыптың қаны тамып тұр. Бүкіл театрларға ұсын. Жастар сабақ алсын», - деген еді. Ал енді, «Лифт» пьесамның тууы да қызық. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, «Жасым жиырма үште. Балалар үйінде тәрбиелендім. Сүйетін жігітім бар. Үйленуге ұсыныс жасады. «Ағам боп шықса қайтемін» деп, сөз байласқанға қорқып жүрмін» дегенін оқығанда, төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Үш күн бойы толғандым. Төртінші күні таңнан бастаған «Тексіздер» драмамды түс ауа, сағат бестер шамасында аяқтап, шәй ішейін деп жатсам, Астанадағы Жастар театрында әдебиет бөлімін басқаратын Назерке деген қыз телефон шалып, репертуарында жүріп жатқан «Наурыз Ару» ертегімнің екі-үш беті жоғалып қалғанын, салып жіберуімді өтінді. Сөз соңына не жазып жатқанымды сұрады. Жаңа пьесаға осы қазір нүкте қойғанымды айттым. «Салып жіберіңізші» деп өтінген соң, ертегінің артынан салып жібере салдым. Ертеңіне сағат он бірлер шамасында: «Сая апай, құттықтаймын! Пьесаңыз шығармашылық алдында бірауыздан қабылданып, бұйрық шығып қойды. Бекболат Құрманғожаев ағай қоятын болды. Нұрқанат Жақыпбай ағай атын «Лифт» деп өзгертті», - деп Назеркем телефон шалғанда, сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені, жазылғанына әлі тәулік болған жоқ еді. Әлі күнге репертуарынан түспей келеді. Ең жылдам сахналанған пьесам болды. 2016 жылы Астана Жастар театры премьерасына шақырғанда бардым. Әлбетте, сахнада пьесаң құлпырып кеткенін көргенде қуанасың. Өзің қатардағы көрерменге айналып бірге күліп, бірге жылайсың. Оны бастан кешу керек. 

Түркістанда театр ашылған жылдары «план» деген қаржы таптыратын пәрменді талаптың шығармашылығыма ықпалы болғаны бар. Жаңа жыл қарсаңы болатын, Пернеш Нәлтаева деген мықты әкімгерім: «Планды беретін оқушы. Маған Жаңа Жылмен байланысты ертегі керек», - деп талап етті. Не істерімді білмей отырғанымда, Нәзира деген қою бөлім меңгерушісі: «Мынаны қай қойылымға тіркеймін?» - деп, бір қойылымға тігіліп, репетиция барысында ол сахнасы түсіп қалған алты қарғаның костюмін көтеріп кірді. Екі қысым қатар кеп, шарам таусыла терезеге қарасам, театрдың тұсындағы алаңқайды қарға дегенің басып қалыпты?! Қарғаны қайда кірістіруім керегі миыма сап етті! Сонымен, Жаңа жылдық ертегіме кірісіп кеттім. Әлі есімді, Жылан жылы шығатын жыл еді. Ертегі соңында Жылан қоштасарда балалар түрі суық, әшейінде адам қорқатын Жыланмен қоштасқысы келмей жылайтын. Театрдың кішігірім балконында тұрып, балалар ертегінің қай жерін қабылдап, қай жерін елеусіз өткізіп жіберіп жатқанын жіті қадағалап тұрып, елеусіз жерін келесіде елейтіндей жөндейтінмін. Балалардың ең сүйікті кейіпкері Қоян болатын. Не керек, әр жылда Жаңа Жыл жайлы бір-біріне ұқсамайтын ертегі жазамын. План дегенің асыра орындалып, Пернекүлімнің де көңілі жайланатын. Демек, өмір – пьесаға жетелейтін болғаны.            

- Театрдағы жұмысыңыздың ішінде өзіңізге ерекше қымбат бір қойылым немесе бір пьеса бар ма? Оның сіз үшін орны неліктен бөлек? Театрда жазған дүниеңізді актердің аузынан естіп, сахнада көресіз, кейіпкеріңіз өзіңіз ойлағаннан өзгеше болып шыққан сәттер болды ма? Сахна авторға нені үйретеді?

- Режиссурамда өзіме ең қымбаты М.Байджиевтің «Қалыңдық пен Күйеу» драмасы мен Т.Нұрмағамбетов ағаның драмасын «Ақ босағаң – арың» («Табалдырығыңа табын» деп автордың келісімімен өзгертілді) сахналағаным болды. Екеуі қойылатын күні Пернеш: «Билет таратпадым. Көрермен өзі келеді», - дейтін. Расында, көрермені көп болды. Алғашқы жылдары бұрын-соңды театры болмаған Түркістанда жаңа ашылған театрға көрермен тарту өте қиын болды. Басты көрермен – мектеп оқушысы мен студенттер. Ересек публиканы жинай алмай қиналдық. Бірде Пернешім: «Қаладағы екі мыңнан аса оқушысы бар мектептің Мырзахмет Сарманов деген директоры қақпасынан кіргізбей қуады. Не істеймін?» - деп, жылап келді. Көп ойланып жатпастан: «Мектебіндегі ең тәртібі қиын оқушы мен ұстаздарын, айқайы басым ата-анасын «Ақ босағаң - арың» қойылымына залға сыйғанша тегін әкел. Алдымен көрсін. Сосын көре жатармыз», - дедім. Тегін болған соң директорынан бастап, тәртібі қиын оқушылары, ұстаздар мен айқайшыл ата-аналар залға сыйғанша тегіс келді. Спектакль соңында қолыма микрофон ұстап сахнаға шықтым. Келіп көргендеріне рақмет айта бастағаным сол екен, шашы иығына түскен сырықтай жігіт сахнаға қарай ентелеп келеді екен. Түсінен сескеніп шегініп қалдым. Қарасам, көзі домбығып кетіпті. Қолымнан микрофонды жұлып алып:  «Апай, артистер, мен осы күнге дейін әкемді жек көріп, түсінбей келіп едім. Сіздерге рақмет!» – деді де, жылаған күйі қолыма микрофонды ұстата салып залдан жүгіріп шығып кетті. Бір әйел орнынан тұрып: «Бес балам бар. Мектепте ақша жинайтынға наразы шығатынның бірімін. Балама мынандай дүние көрсететін болса, нан жемей кетсем де, билетіне ақша табамын!» – деді. Оқушылар, ата-аналар жарыса сөйлеп жатыр. Театр  қызу диспут алаңына айналды. Ең соңында  ер адам орнынан көтерілді. Маңғаз жүрісіне қарап, Мырзахмет директор екенін бірден сездім. Келбеті келісті кісі екен. Сахнаға шығып қолымды алды. Микрофонды ұстап: «Сая ханым, ең алдымен мынандай қойылымды оқушыларыма көрсетпей, әкімгеріңізді мектебіме жолатпағаным үшін басымды иіп кешірім сұраймын», –  деп басын игенде, айтарға сөз таппай қалдым. «Біз жылдап санасына жеткізе алмайтын тәрбиені бір жарым сағатта жүрегіне құйып бергеніңізге рахмет», -  деп, бұдан былай екі мың оқушы түгел көретінін айтып, Пернештің билетті өз мектебінен бастауын өтінгенде..., 250 орындық залды тегін кіргізгенімнің есесіне – 2000 оқушы тапқан Пернештің қуанышында шек жоқ. Кейде: «Сая апай, сіздің баяғы бала көрерменіңізбін. Ертегі бастамас бұрын сіз сахнаға шығып, «Балалар! Театр деген – таңғажайып сұлулықтың ордасы. Қазір шымылдық түрілгенде, сиқырлы ертегі әлеміне тап боласыңдар»  – деп, театр туралы керемет айтып беретінсіз.  Театрға келетін күні шалбарымызды үтіктеп, ақ көйлек киіп, қыздар ақ бантик тағып, далада жер лай болса целлофан қалтаға сулы шүберекті үйден салып шығып, театрға жеткенде аяқ киімді сүртуімізді тәтпіштеп айтатынсыз. Келесіде сіз айтқан ережені орындайтынбыз. «Ертегі көріп отырып шемішке шақпаймыз. Қағазын шықырлатып кәмпит жемейміз. Қабығын еденге тастамаймыз» деп айта келе соңында «Ендеше, ертегімізді...», - деп пауза ұстайтынсыз. Сол кезде бәріміз «Бастаймыз!» - деп бірауыздан айтатынбыз» деп, оқушы кезіндегі сезімін айтып амандасқанда қуанып қаламын. Осындай күрестердің нәтижесінде Түркістан қаласында театр көрерменін мектептен қалыптастырдық. Кешкі қойылымның алдына Райымбек аға екеуіміз кезек шығатынбыз. Алғашқы жылдары 5 көрермен келген күндер болды. Аз деместен қойдық. Өйткені, жаңа істі жүргізудің қиындығын қабылдадық. Ал, «Қалаңдық пен Күйеу» қойылымыма Мар Байджиевтің өзі батасын берді. Бірде спектакльден соң бір жас қыз келіп: «Апай, мен Қалыңдық секілді бала күнімде ауырып қалғанымда тіркелгенмін. Қазір сауығып кеткенмін. Жігітім жүзік салып қойды. Жақында тойымыз. Мен де қазір айтпасам, Қалыңдық секілді болуым мүмкін бе?» - деп сұрақ қойғаны есімді. Әрине, басқа да спектакльдер қойдым. Ең сүйікті қойылымым осы екеуі болды. Театрдан басым істі болып 2008 жылы кеттім ғой. Одан бергі не боп жатқанынан бейхабармын.

Роман – ат бауырын жазып шабатын шексіздік 

- Енді қараңыз, пьеса жазу дегеніміз - кейіпкерді сөйлету, әрекетке түсіру, тартысқа әкелу, ал роман жазғанда автордың мүмкіндігі де, жауапкершілігі де өзгеше. Сіз үшін осы екі жанрдың ең үлкен айырмашылығы неде?

- Пьеса мен роман – спорттағы спринтер мен аламан бәйге іспеттес әлем қой. Пьесаның баратын жері – сахна. Пьеса өгіздің мойынын қайырғандай шымыр болмаса, сахнада өліп қалады. Сахнаның партнері – көрермен. Пьеса – сахнадағы бір жарым сағаттық өмір. Қысқа да нұсқа диалог арқылы өрбіп, басы мен аяғын шымыр түйіндеп үлгеруің керек. Шымылдық түрілген сәтте көрермен декорацияға бес минут қарайды. Әрі қарай актерлердің қақтығысына күмп етеді. Міне, сол кезде қан майдан басталуы керек. Драматургтің шешімі асау сахнаны бағындырмаса, біттің. Театрдың үш тағанының бастысы – драматургия. Пьесаны режиссер қояды. Актер – тірілтеді. Өрілген таспадай сахнаны дөңгелетіп тұратын үш тағанның үндестігінен көрермен күледі, жылайды, күрсінеді, ойланады. Пьеса – айналдырған бір жарым сағатта сананы жаулайтын ауыздығын қаршылдатып шайнасқан  тартыс.  

Роман – ат бауырын жазып шабатын шексіздік. Оқиғаны өрбітуге, шегініс жасауға, қақтығысты ұлғайтуға мүмкіндік зор. Роман жазғанның ләззатын «Көк бөрілері» романымды жазғанда сезіндім. «Көк бөрілері» - тұңғыш романым. Оқырманнан кері байланыс туғанда қуандым. Ал, Қожа Ахмет Яссауи жайлы «Қылуеттен ұшқан Құс жолы» романымды 3 жыл 8 ай жазып жүргенде, аламан шапқанның мәнін түсіндім. Төрт жылға жуық өмірім Яссауимен бірге атып, бірге батқан күндер легімен ғұмырымды ұзартты. Әр күнім сюжеттік дамумен арпалысты. Ұйықтап жатып та іздендім. Жаның егеледі. Егеле тұра қайралады. Сонысымен қымбат. Роман – оқылуының өзі бірнеше күнге созылатын ғажап әлем. Екеуі де мен үшін қымбат.   

       

-  Қазіргі театр мен драматургияға қандай көзқарастасыз? Бүгінгі сахнада қазақ қоғамының қандай мәселелері жеткілікті айтылмай жүр деп ойлайсыз?

-  Жас драматургтер жеткілікті. Өкініштісі, басым көбінің пьесасы сахнаға жетпейді. Жеткен күнде қаламақысын жарытпайды. Драматург те ет пен теріден жаралған адам. Шаштараз сізге тегіннен-тегін шаш қырқып бермейді ғой. Ал, билетінен қаржы тауып отырған театрлар пьесаны тегін не өте арзан бағаға алғысы келеді. Алғашында репертуарға ілігу үшін бір пьесасын беруі мүмкін. Сосын түгін тартқанмен май шықпасын біліп, драматургиядан көңілі айниды. Киносценарийге ауып кетеді. Не мен секілді романға көшеді. Қазіргі режиссерлер көбіне инсценировкамен қойғанды қалайды. Инсценировкаға еш қарсылығым жоқ. Бірақ, театрдың бір тағаны – драматургия өліп қалатынын ескерсе артықтық етпейді. Сахнада айтылмай қалған тақырып жоқ десем болады. Бәрі айтылып жатыр. Бірақ, қандай деңгейде, мәселе сонда. 

- Өмірде айтқыңыз келіп, бірақ айта алмаған сөздеріңізді қағазға түсірген кездер болды ма? Жазушының ішкі еркіндігі деген не? Адам өмірде айта алмағанын әдебиетте айта ала ма? Әлде көркемдік шындықтың да өз шекарасы бар ма?

- Өмірде бәрін айта берсек, шекарадан шығып кеткеннен бұрын – естір құлақ таппай қалуыңыз әбден мүмкін. Шығармашылыққа келгенде сөз басқа. Іште қайнап жатқан мәселені қалам ұшынан төгу – жан рахаты. Жазушының ішкі еркіндігі болмаса, шынайы дүние тумайды. Шынайылық жоқ жерде көбік сөздің көпірмесіне айналып, әрі кетсе екі парақтан соң оқырман романыңызды қоқысқа лақтырады. Бүгінгідей әлем әдебиеті алақандай қалта телефонда тұрған заманда, оқырман ішкі еркіндікпен жазылған туындыны талап етеді. Өз басым қисынсыз, өтірік мәймөңкеден қашамын. Әлбетте, туынды қиялдан қалқып шығуы үшін «шекараны жарып шығуы» керек. Тіршілік, сан-алуан шекараның тізбегімен қинайды. Мойынсұнасың. Ал, шығармашылықта шексіздікпен үндесу арқылы еркін ұшасың. Қиял жүрік. Шарықтаған қиялың он сегіз мың ғаламмен қауышады. Сен – ғаламға айналасың. Сұлулығымен шырмайды. Тәнті ете отырып іздегеніңе жауап қатады. Шексіздік – қиялдың аккумуляторы іспетті жетелейді. Егер, шығармашылықта қоғам шектеуімен қаламды шеңберге қамасақ, берерің не болмақ? 

Сатыбалды ағаның естелігін қозғаған қара пеш 

- Қыста қара пеш, жазда кептірілген жемістер мен тосаптар… Жазбаларыңыздан тұрмыстың өзіне тән бір жылылық сезіледі. Осы қарапайым тіршіліктің шығармашылыққа әсері бар ма? Жазушының жақсы жазуы үшін осындай өз әлемі болуы керек пе?

- Шығармашылықпен арпалысып жүріп фейсбук деген «төртінші төркінмен» сырласуды ұмытпаймын. Достығымда мыңдаған парасатты жандар отыр. Әрқайсынан аларым мол. Адам кіл терең дүниеден шаршайды. Өзіме байланысты айтамын. Сонау, орта ғасырдағы тұлға жайлы жазып жүріп, миды жеңіл жазбамен желпіп алғың келеді. Кейде, көзіме түскенді, селт етпені парақшама сүйкей саламын. Жұмыс істеп жүргенде «Таңғы жазбалар» деген парақшам болатын. Шығармашылығымды тыныштықта жазғалы машина тасқынынан децибелі шарықтаған қала тіршілігінен сырт жерден, кенже баламыз екеуіміз үй салдық. Газы жүргізілмегеніне қарамадым. 8 жыл пеш жақтым. Алғашында пеш жаққанға үйрене алмай қиналдым. Үйреніп алған соң рақаттанып жағатын болдым. Жылыту жүйесін құрған ұстам шебер боп шығып, небәрі екі шелек көмірмен екі этаж үйім қыз-қыз қайнап шыға келеді. Қара пештің гулеп жанған дыбысын тыңдап, құбылтып билеген отына қарап отырғанды сүйе бастадым. Қыстың күні таңғы сағат 5-те тұрып пеш жағамын. Таңғы кофем үстінде құр отырмай «қара пешімнің көңіл-күйін» фейсбукке жаза бастадым. Марқұм Сатыбалды Нарымбетов ағамыз ең бірінші болып пікір жазатын. Бірде: «Сая, қара пеш жайлы таңғы жазбаңнан апамның исі мұрныма келіп, жаным рақаттанады. Апам біз ұйықтап жатқанда пеш жағатын. Тықырын естіп жатып, рақаттанып ұйықтайтынмын. Менің француздың айтулы марапатын алғанымды білесің ғой. Қара пеш жаққан кемпір мен қара пеш жайлы 70 бет жазып берші. Француз стилінде кино түсіргім келіп жүр», - деп өтініш айтты. Мойын бұрғызбайтын қу тіршілік пе, әлде, жалқаулық па, әйтеуір жазбадым. Қайран аға қайтыс болғанда өтінішін орындамағаныма әлі күнге өкінемін. «Таңғы жазбамды» үзбей жазғанымды оқыған пеш жағатын көптеген әйелдер жекеме шығып, алған әсерінен пеш жаққанды жақсы көріп кеткенін оқып қуанатынмын. Қара пеш – қазақтың қазынасы ғой. «Ошағыңнан от өшпесін, қара қазан түспесін» деуінде терең мән бар. Бүгінде, газ келіп, қара пешім жағусыз қалды. Жақсы көріп кеткенім сонша, қара пешімді сүргізбей сақтадым. Зейнеттің жақсы жері күні бойына үйде болғандықтан - кептірген жемісім мен пісіріп жатқан асым жайлы, көшеде селт еткізген оқиғаларды фейсбук парақшама жазамын. Ұмытыла бастаған үй қолданысында болған заттар мен көңілге қылау салған қоғамдағы жайттарды да жазамын. Парақшама тіркелген достар не деген пікір жазады деңіз? Кейде, сүре салған жазбама тереңінен жазылған пікір оқып, ұялып қалатыным бар.          

    

- Кейде сол әлеуметтік желіде жазу үстіндегі сәттеріңізді бөлісесіз. Жұмыс барысын жұртқа көрсетудің қандай мәні бар? Бұл - өзіңізбен бөлісу ме, оқырманмен сырласу ма, әлде ойыңызды дауыстап айтудың бір жолы ма?

- Өмірдің қақпақылын көп көрген адам тұмшаланған ойдан шаршайды. Өзімді айтамын. Әлбетте, құпияны тұмшалап ұстауды естен шығармаймын. Әлеуметтік желіге жазатыным бер жағы ғана. Кейде жас қаламгер жекеме сұрақпен шығады. Жауап жазып отырып: «Басқа да жас қаламгерге қажет боп қалар», - деп, шығармашылық жайлы ойымды парақшама жазамын. Ой бөліскен ұнайды. Көбіне «идеямды ұрлап алады» деп қорқамыз. Иә, плагиат көбейген заманда ол да дұрыс. Бірақ, мың жерден идеяңды ұрлап алса да, тап сіз жазғандай алып шықпауы әбден мүмкін. Яссауи жайлы романымнан кей тұсын қысқаша жариялап отырдым. Қызығы, Яссауи жайлы пікір жазылмады. Құпия тұлға жайлы пікір айту қиындығын түсіністікпен қабылдадым. Жазып жатқан туындым жайлы ой бөліскеннен қорықпаймын. Қайта, жазылған кей пікір ойлантып тастайтыны бар. Мәселен, Отырар шапқыншылығы жайлы киносценарий бастағалы жатқанымды жазғаным қызу таласқа түсті. Соншалық тартыс туады деп ойламадым. Тартыс ағымынан Шыңғыс хан мен Отырардың күйреуі турасындағы бүгінгі қоғамның көзқарасын зерделедім. Ғажап қой?! Мәселен, Ардақ Әмірқұловтың сценарийін жазып, режиссерлігімен түсірілген «Отырардың күйреуі» фильмі Тәуелсіздік алған жылы тұсауын кесті. Ол кезеңде Шыңғыс ханға деген қоғамның көзқарасы Мұхтар Шаханов ағамыздың поэмасындағы көзқараспен үндес болатын. Ал, әлеуметтік желіге ойымды жазғаныма алуан пікір-тартыстан «дейінгі» Шыңғыс хан мен Қайыр ханға деген «кейінгі» – бүгінгі қоғамда қалыптасып үлгерген көзқарастың алшақтығын көрдім. Демек, туындың жайлы ортаға салып отырғаннан анау айтты залал жоқ.

-  Дәл қазір не жазып жүрсіз?

- Заманауи тақырыптағы романымды аяқтағаныма екі күн болды. Жоспарым көп. Зейнетте екенімді ұмытпай, күш-қуатым жеткенше қаламымды тоқтатпаймын деп ойлаймын. Көптен кезек күткен туындымды бастағалы отырмын. 

 - Әңгімеңізге рахмет. 

(Фотосуреттер Сая  Қасымбектің жеке архивінен).

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1157

Taza Qazaqstan