Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сұраған Рахметұлы: Уақыт тоқтап тұр, біз кетіп бар...

20.02.2016 4072

Сұраған Рахметұлы: Уақыт тоқтап тұр, біз кетіп барамыз

Сұраған Рахметұлы: Уақыт тоқтап тұр, біз кетіп барамыз - adebiportal.kz




Suragan-11-218x300.jpg
Аспандағы жұлдызды күйсеп қойып,

Іңір жатыр бұзаудың желісінде...


– Сұраған аға, туған жер, өскен ортаңыздан бастасаңыз әңгімені…


– Моңғолияда Өлгийден тура Шығысқа қарай 150 шақырым Көксерке деген ұлы Күнгей тауы бар. Басы Текелі, Қос Жаматы, аяғы – Бүркіт тауына дейін жалғасқан жота. Осының бөктерінде тудым. Қарасу деген мөп-мөлдір жіңішке өзен ағады. Сол жерде 1958 жылы 22 қазанда дүниеге келіппін. Қарасу, Қара өткел – менің жан ұйығым.


– Сіздің «Қобдаға асқан қоңыр ел» кітабыңызды оқыдық. Жалпы Моңғолия қазақтарының сол жаққа көшіп, қоныстануын осы кітаптан оқып танысуға болатын сияқты.


– Иә, тарихи сарап ретінде Моңғолия қазақтарының басынан өткен-кеткендерін саралап, ғылыми тұжырымдармен жазылған еңбек. Марқұм Дидахмет Әшімханұлы ағамызға разымын. Жаны жәннатта болсын. Дидахмет ағаның әйгілі «Жынды жел» әңгімесін моңғол тіліне тәржімаладым. Жазушының көзі тірісінде осы әңгіменің моңғолша нұсқасы жарияланған басылымды да жеткізіп үлгеріппін-ау. Кейбір ғалымдардың пікірінше Моңғолия жеріне қоныс аударған қазақтар бір күнде көшіп бара салған жоқ. Қазақтардың Моңғол жеріне қоныстануын Мәнж Чин династиясы әкімшілігі Бейжің арқылы орналастырып отырғандығы белгілі. Бұл туралы көп жазылды. Моңғолия қазақтары Моңғол жеріне қоныс аудара бастаған тұс тым әріден басталса керек. Яғни 1760-1860 жылдардың арасында Моңғол жеріне қарай үдере көшкен көштің сұлбасы анық байқалады. Әсіресе 1860 жылдары барған алғашқы ауылдардың бірқатарында руы Арғын Дүттің ауылы. Соңынан Керей Ханкелді руының Дүмжік Баянтөлектің ауылы, кейінірек Көбеш батыр Айтбайұлымен қатар Ізғұты, Найман руының Қалдеке биі, Шерушінің Жылқышы бастаған ауылдары өз кезегінде қоныс тепкені белгілі. Осының барлығын түгелімен сараптап, «Қобдаға асқан қоңыр ел» тарихи-сараптамалық еңбекке енгіздім.


– Балалық шағыңыз әжеңіздің аялы алақанында өткен көрінеді. Бұлай дейтін себебім, әжеңіз туралы әдемі өлеңіңіз бар екен.


– Менің әжем Өр Алтай өңіріне танылған айтыскер еді. Кезінде Мәми бейсіден ат-шапан сый алған дарабоз айтыс ақыны. Руы – Керей ішінде Құлтайболат. Есімі – Әштәри Сәріпқызы (1880-1973). Жас кезімде әжемнің ай кекілді ұлы болдым. Әкемді аға деп әспеттедім, шешемді апамнан қорқып, атымен атаушы едім. Шешеме көрнеу бетімнен иіскетпедім. Бірақ әжем жоқ жерде ептеп «ақылы» түрде ғана сүйгіздім. Бірақ қалай істесем де әжем оны біліп қоятын-ды. «Мен жоқта мына қатынға бетіңнен иіскетіп қойғансың-ау» деп кеңкілдеп күлетін. Мойындайтынмын, бетім қызарады. Сол кезде әжем мені алдына өңгеріп отырып, шашымнан сипап, «кешіретіндей» емеруін танытады. Қайран әжемнің салалы жұмсақ саусақтары әлі күнге дейін есімде. Түсіме кіреді. Ең бақытты шағым әжемнің бауырында өскен күндерім. Әкем жалғыз еді. Сырттай өте қатал көрінетін. Маған кей сәтте ұрысқан кезде әжем киініп, Қарасудың басындағы көп бейітте жатқан атама қарай тартып кететін едік. Ағам соңымыздан келіп «айыбын мойындап», апамды атқа мінгізіп, мені алдына алып қайтатын! Бір кездері әжемді қатты сағынам.


«…Әжем қонды түсіме кеп,

Үркітпеші кірпігім…», – деп жыр жазғаным бар. Әжем «Ақаң қажы былай деуші еді» деп (Ақыт қажы Үлімжіұлы) аңырата жөнелетін-ді. Мен жантайып жатып тыңдай берем, тыңдай берем. Ұшы-қиырсыз қиялға батам. Қиялшыл болдым.


suret-2


– Алғашқы оқыған кітаптарыңыз туралы аз-кем тоқтала кетесіз бе?


– Моңғолияның Дэлүүн деген жерінде мекендедік. Алтай тауының сілемдері, әйгілі Бессала, Бұлғын, Түвшин көл – біздің жайлау. 1966 жылы осы жерде һәм Дэлүүнде 1-сыныпқа бардым. Жайлаудан еңкейіп Қарасуға қарай көшіп келе жатырмыз. Қыркүйектің бірі шамасы болу керек. Ағам мені, апам, әпкем – үшеумізді мектепке жақын орналастыруға «шешім қабылдаған». Біздің кішкентай астро киіз үйді бес түйеге артып көшетінбіз. Жалғызағаш суынан өткеннен кейін үш түйені жетелеп ағам, шешем, бауырларым – күзеуге қарай, екі түйені бөліп апам, әпкем Сәлімжан – үшеуміз мектепке беттедік. Мені ағам, /әкем/ осы кезде өте бір өшпес мейіріммен аттандырған секілді. Жол жорғалай басатын көктөбел атқа мінгізді. Қанжығамда көк матадан тігілген сөмке, ішінде 3-4 ескі оқулық бар. Әйтсе де мен 7 жасқа келгенде қара таныдым. Апам айтқан қиссаларды жаттап өскендіктен болар, кітап оқуды өте ерте бастаған секілдімін. Қоржында «Манас батыр», «Алпамыс», «Қобыланды» және оқып берген сайын қайталатып отыратын, әжемнің жақсы көретін Ақыт қажының «Қобда кеңесі», Сәбиттің «Сұлушаш» жырлары бар. Сонымен мектепке келдік. Апам мені сыныпқа енгізіп, өзі аздап отырды да үйге қайтты. Біртүрлі алағыздым. Апамның артынан кетіп те қалғым келді. Бір уақта сыныпқа дәу қара жігіт ағасы енді. Қолында ұстарасы бар. Онысын алақанына кезектеп жанып тұр. Көзі маған түсті. Шошып кеттім. «Бері шық!» – деді ол, – кімнің баласысың?». «Апамның», – дедім. «Аһа, апаң Әштәри ма?». «Иә». «Ендеше, бір өлең айтып жібер», – демесі бар ма?! Жас мұғалім қыз бір жағынан «айта ғой» деп болмағасын, сарната жөнелдім. Сондағы өлеңім мені өмір бойы ұятқа қалдырды. Ұстазым Ырыс Шайзадақызы жаңадан мектеп бітіріп келген жас ұстаз екен. Сол кісіге қарап тұрып:

«Ақ көйлектің етегі

Желбір-желбір етеді.

Жел көтерген етекті

Мен көтерсем нетеді…», – деппін. Дәу қара көзінен жас аққанша күлді. Ұстазым ұялып, орнына отырып жатты. Дәу қара маған «шешін!» деді де, ұстарамен айкекілімді сыпыра бастады. Көзімнен жас шықты. Бақырдым. Сонда «ой, әкеңнің аузын… апама айтам…» деген айқайымды таныс ұстаздар да естіген секілді. Соңынан олардың барлығы осы «дарақылығымды» айтып жұртқа жайып еді. Үйге келдім. Шашым тоқырайған, көзім іскен. Әжем шошып кетті. Иә, бұл менің өмірдегі бірінші рет көрген қағажуым еді. Қайран әжем, жұп-жұмсақ алақанымен басымды сипап отырып, жұбатқан. Қазір солардың барлығы сағыныш боп қалып жатыр.


йййй


– Алғашқы өлеңдеріңіз қай кезде жарық көрді?


– Ұмытпасам, 1972 жылы «Бүркіт тауы» деген атпен шағын ғана балаң өлеңім жарық көрген. Соңынан біраз уақыт өлең жазбай кеттім. 1974 жылы бір топ өлең жаздым. Мүмкін оны әркімге оқып та берген шығармын. Оқығандардың көбі ақымақтығыма мысқылмен қарайтын. Сол кездегі «Жаңа талап» журналында істейтін бір ағай маған: «Келешекте ақын болам десең, Октябрь, Ленин көсем туралы жазғаның дұрыс», – деп кеңес бергені бар. Менімен бірге оқыған өлең жазатын балалардың дәл осындай өлеңдері «Қазақстан пионері» газетінде дүркін-дүркін жарияланып тұратын. Ал, мен сол өлеңімнен қатты ұялғаным есімде.

«…Аспандағы жұлдызды күйсеп қойып,

Іңір жатыр бұзаудың желісінде…», – деген жолдар талай адамның күлкісін келтіргені белгілі. Соңынан жарық көрген кітаптарымда осы өлеңнің толық нұсқасы бар.


– Кезінде сіздің «Зауал» атты өлеңіңіз «Қазақ әдебиетіне» тұңғыш рет жарияланып, көпшілікті елең еткізіпті…


– Ол рас болуы мүмкін. Мен «Зауалды» жазған кезімде, яғни 1990 жылы 30 жаста едім. Бір күні ұйықтап жатып түс көрем. Өлеңнің ұстыны біртіндеп құлағыма естіле бастағандай. Ояна салысымен зайыбым Раушан Базарханқызына ақырындап айтып, қағазға түрттік. Соңынан өлең болды. «Қазақ әдебиеті» газетіне өлеңді Омарғазы Айтанұлының өлеңімен бірге жариялаған. Содан соң адамдардың ортасында гу-гу әңгіме басталсын. «Солай да солай, Сұраған Рахметұлы қазір алпыстан асқан жазушы болса керек» десе, енді біреулері «бұл кісі Омарғазы Айтанұлымен бірге Тарымның түрмесінде отырған» деп жорамалдайды. Енді біреулері, менің досым Нұрлан Өнербаевтың орындауында «Зауалды» тыңдап тұрып, «Сұраған марқұм қай жылдары өмір сүрген адам?» деп сауал қойған көрінеді?! Осы жағдайдан кейін менің өлеңдерімді алғаш рет Фариза Оңғарсынова алдырып, өзінің «Ақ желкен» журналына жариялағаны бар. Соңынан «Ғұмыр формуласы» атты өлеңімді «Парасат» журналы Смағұл Елубаевтың таныстыруымен жария етті. «Зауал» шыққаннан кейін мен Қазақ әлемінде «ақын» деген анықтамамен танылдым десем де болады.

…Зымыран жалғанның ділсіз ұлықтарының,

Шашбауын көтеріп, астауын жалаған кіріптар ұлымын,

Сол үшін маған да – Зауал! – деп аяқталатын өлеңнің қысқаша тарихы осылай.


– Жыр-жинақтарыңыздан махаббат туралы өлеңдер көп кездеспейді. Жеңгемізге жыр арнамағансыз ба?


– Махаббат туралы өлеңдерім аз. Жеңгелеріңнің есімі – Раушан Базарханқызы. Жерлес едік. Осы дүниедегі қазақ қыздарының ішіндегі, менің көзіммен қарасаңыз, ең ажарлысы да, білімдісі де осы кісі еді. 1982 жылы үйлендік. Алтай тауының бауырындағы Бұлғын өзенінің жағасында дүркіретіп той жасадық. Раушанның әкесі Базархан дүниеден өте ерте кеткен тұлға. Руы – Молқы-Машан-Айтуған-Бегәлі. Оспан батыр Ісләмұлымен аталас. Раушан орта мектепте өте жақсы оқыды. Зерек болды. Соңынан Моңғолиядағы шет тілдер институтын, Екатеринбургтегі УрГУ-да оқыды. Жан дүниесі таза, аса сезімтал, білімдар. «Теріс саптаған тесеге» ұқсаған мені бүгінгі деңгейге жеткізген де сол кісі. Егер жақсылап қарайтын болсаңыздар менің жыр-жинақтарымда Раушанның саф бейнесі көрінетін өлеңдер аз емес. Махаббат туралы көптеген әурешілікті сөз еткен кітаптарды оқыдым. Солардың бірі Фридрих Ницшенің (1844-1900) сүйіктісі ХІХ ғасырдағы ең рухы биік әйел затының бірі Луиза Андреас Саломенің (1861-1937) тағдыры. Сүйіспеншіліктің қандай азап екендігін осынау тұлғалардың басынан өткендігінен сезінуге болады. «Көлеңкенің сүгіреті» атты жыр жинағымды Раушанның рухына арнап «Фолиант» баспасы Нұрлан Исабек бауырыма ұсындым. «Жан ғұмырым – Раушан» кітабым Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасында жатыр. Кітаптарымның болашақ тағдыры менің қолымда емес. Мен өмірімде сүйіспеншіліктермен «ойнаған» жоқпын. Раушан тәтеңнен тамған жалғыз жауһар – Олжас атты ұл бар. Олжас Екатеринбургтегі Б.Н.Ельцин атындағы УрГФУ (Уральский Федеральный Университет имени первого Президента России Б.Н.Ельцина) бітірді. Бұған да үлкен шүкірлік. Арманы үлкен, жинақы, кіді азамат болып келеді. Махаббатым туралы кейін кеңірек толғанғым келеді. Өткен жылдан бері сары мұңға оранған жырлар жаздым.


Қазақ поэзиясы сенім мен сезім аясында гүл жаратынына сендім


– Сіз Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбы бойынша тарих ғылымының кандидатысыз. Оспан батыр тарихын көп зерттедіңіз…


– Иә, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының Бас қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы 1944 жылы наурыздың 5-6 жаңасында Моңғолияның батыс шекарасы Кеңестер Одағының генералдарымен және де Моңғолияның Үкіметбасшысы, сындарлы маршал Хорлоогийн Чойбалсанмен кездесуіне тарихи, ғылыми түрде баға беруге құлшыныс жасағанымыз бар. Оспан Ісләмұлы – теңдессіз туған ұлы тұлға. Бұл туралы американдық Линда Бенсон қатарлы ірі-ірі тарихшылар көп жазды. Біз жоғарыда тілге тиек еткен Қамқаш Исаұлы осы кездесуді ұйымдастыруға тікелей мұрындық болған адам. Оспанның азаттық жолындағы ғұмыры 1940-1951 жылдар арасы. Батырдың 11 жылғы азаттық жолындағы қиян-кескі тағдыры 1951 жылы көкек айының 29-ы күні біткен. Қытай тарапынан оған аса ауыр жаза кескен. Менің көз алдыма ақбоз атқа мінген, екі көзі оттай жанған қазақтың қас батыры елестейді. Дәл осы тақырыпта бір кино сценарий сұлбасын жазып бітірген едім. Құдай қаласа, алдағы жылдардың еншісінде қалады. Тарихшы болу қиын шаруа секілді. Арнольд Тойнби, Освальд Шпенглер, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек қатарлы гиганттарды толық оқымаса тарихшы болып жүрудің өзі күлкілі.


– Моңғолияда әскери салада қызмет атқарғаныңызды біреу біледі, біреу білмейді. Әңгімені сол жаққа бұрсаңыз…


– Армия қатарында 10 жыл болдым. Офицерлік шенім – капитан. Сардарлық қызмет көп уақытымды алды. Үйренгенім де аз емес. Қазақ еліне қарай көш басталған тұста бұл қызметпен біржола қоштасуға тура келді. Қазір жақсы естеліктер ғана есімде. Армияда жүрген кезімде қазақ газет, журналдарын өте көп тапсырып оқитын едім. Әлем әдебиетімен ертерек «дерттендім». Іштей «Неге осы?» деген сауалдар астында ғұмыр кештік. Сол кездерде қолыма түскен соны өлеңдердің бірі – ақын Мейірхан Ақдәулеттің «Қос үрейлер үйі» атты өлеңі. Өлең аса ұзын болуы мүмкін. Бірақ, таңғаларлық еді. Сол кезден бастап қазақ поэзиясы Ұлықбек, Жәркен, Иранғайып, Мейірхан, Тыныштықбектердің түренімен қызықты бола түскен-ді. Шалғайдан талып естілетін сарындай Омарғазы Айтанұлының үзінді-үзінді жырлары қолымызға тиген-ді. Қазақ поэзиясы сенім мен сезім аясында гүл жаратынына сендім.


– Талант туралы сіздің ойыңыз да бөлек шығар? Хас таланттар неге өлім туралы көп жазады?


– Әрине. Талантты бір уақытта бұғалықтап ұстауға болады, бірақ түбегейлі құлыптап ұстауға келмейді. Таланттар көбінесе өлім туралы жазады. Бұл екіұшты мәселе, біріншісі – өлімнен қорыққаннан емес, екіншісі – тірліктен жалыққандықтан да, бұлданғандықтан да емес-ті. Жалпы өлім дегеніміз – керісінше ұғым. Ақынның биологиялық өлімінен кейін, оның нағыз өмірі басталады. Сіз Жұбан Молдағалиевті білесіз бе? «Мен қазақпын! Мың өліп, мың тірілген…» деп жазды. Ақын бұл жерде биологиялық өлім туралы айтып отырған жоқ. Адамзат, оның ішінде саналы адамзат ғұмырында бір-ақ рет өлмейді. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп бір-ақ рет өлетін пенде болса, ол күдікті хайуан. Мысал көп. Анау бір Эрнэст Хэмингуэйдің (1899-1961) сезім селі теңдессіз. Кірпияздық, талғам, төсектегі жар қылығы, ес-түссіз ынтықтық! Поляк аруы Агнесса фон Куровски, Елизавет Хедли, Полина Прайфер, Марта Гелхорн, Мери Уелштермен махаббаты трагедияға толы. Көзіне ажал елестеген ұлы жазушы Хэмингуэй 1961 жылы өзін атумен тынған!


Magauinmen


– Сенім туралы ойларыңыз қызықты…


– Сенімсіз өзіне де, өзгеге де күмәнді жандар көп. Ең бастысы санасыз, пайымсыз пенделерге ренішпен қараймын. Өкініштісі, мені тағдырым осындай пенделермен үнемі бетпе-бет ұштастырып тұрды. Кейбіреулер өзіне қанша құрмет көрсетуге тырыссаң да бәрібір сені сатады. Күйінесің. Сол үшін басқамен ашты араз боласың. Сенің биязы күйіңді ол өзіне тиімді жағынан пайдалануды көздейді. Жығылсаң – сүйемейді, сүрінсең – күледі, табалайды. Ең қатерлі іс – қазақтың қазаққа кедергі келтіруі. Көз алдыңда «беттің арын белбеуге түйіп», «өз бетін аямай басқаның бетін шиедей» етеді. Адамның ішкі пайым, парасатының өзінде аса үлкен тәртіп болуы керек-ті. Өзге былай тұрсын, өзін де құрметтей алмайтындар көп. Осының бәрін көргенде жүрегің жыртылады, көңіліңе суық ызғарлы жел енеді. Адамилықты бет-жүзінен, жүрегінен адалап мансұқтаған пенделер арасында жүргенің қандай аяныш?! Ішкі өңі, өлшемі сызылып, бұзылған әлеуметтің ғұмыры қалай ұзақ бола алады? Қоғам тобырға айналу үшін аса көп уақыт қажет емес секілді. Пайымы – хайуандыққа, райы – жабайы анайылыққа, өзі болып жатса, басқаны таптап өтуге бар алкеуделік пен желіктің бәрі қатерлі. Соңы қыспақ, қысастық, жүйкенің сыр беруі, сағыңның сынуы біржақты дерт емес. Бұл – бізге жеткен індет, сана тозғындығының белгісі.


– Ішкі үрей, уайым, әттең-айыңыз бола ма?


– Аңсау мен шөлдеуді өз ортаң ғана саған «сый» ете алады. Көз алдыңда бүлінген болашақ, жойыла бастаған руханият бұлдыры көрінетін. Тоңмойын, жалқау, от пен ошақ қасындағы күйбеңнен құтылу үшін басқа әрекет керек. Біздің ғалам күн санап өзімізге жат болып бара жатқандай. Жақының бейтаныс, хакімің бейсауат болса, ақырзаманның таяу келуі. Фейсбук, твиттердегі админдер, әлеуметтік желілердегі жеккөрінішті пікірлер бізді біртүрлі үрейге қарай басқаруы мүмкін.


– Кеудесімен қорғай алатын адал достарыңыз көп пе? Дұшпандарыңыз ше?


– Дұшпаныңның күштісі жақсы ғой. Жылбырақ, жабысқақ дұшпаннан сақтанып жүремін. Дос дегеніміз – терең әрі керісінше ұғым. Аздаған достарым баршылық. Қызықтысы, аз бола тұра, олардың бірде-бірі мені сатып кетпеген. Жолай жоңышқа теріп жүргенде кездескен, кездесер жолбикелер көп. Оларға да аса құрметпен қарайтын жанмын. Дауылға қарсы жанымды төсеп, жағамнан алған сансыз шеңгел тырнақтардан құтыла алмай жүргенде, аспаннан тамған жалғыз нәр секілді достың бір түйір жақсы сөзіне семірген кездерім аз емес. Алтынтоғыс Қайсарұлы деген балалық шағымның куәсі ең жақын досым бар. Кейіннен көз жазып қалғам. Мықты ақын. Екінші сыныпты бітірер жылы бір қызға ғашық болған! Нағыз ессіз сүйіспеншіліктің мәжнүні еді! Оның қанша қыздың басын айналдырғанын білмеймін, бірақ та «Сарымсақ сан» атты эротикалық өлеңі бар. Өмірімде бұндай керемет жазылған өлеңді оқымаған да шығармын.


Ішкі жалбарынышым құдайдан қорқуды үйретті


– Кімнен қорқасыз, қандай бағадағы адамсыз?


– Ішкі жалбарынышым құдайдан қорқуды үйретті. Сыртқы арпалысым өзімнен қорқуды ескертті. Оқыс мінезім бар. Сол үшін өзіме көп жағдайда «екі» деген баға қоюға құмармын. Намыс па, кекшілдік пе, білмеймін, әйтеуір бір бәле бар ішімде. Әйтеуір жақсы қасиет емес деп шамалаймыз.


– Біздің әдеби даралығымыз қай маңда жүр? Осыған қысқаша жауап бересіз бе?


– Бұл сұрақты маған кезінде Садық Нұриддин бауырым қойған еді. Ендеше бүгін айна қатесіз сол пікірлерімді қайталасам, әбестік болмас. Иә, Әлем әдебиетіне өзгеше құбылыс болатын аса құнды шығармалар өмірге келді. Тек бір ғана мысал үшін, Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа қырғынының» өзі бір әлем. Уильям Катберт Фолкнерде мынадай бір керемет сөйлемдер кездеседі. «…Менде сүйікті жазушы жоқ, ал сүйіп оқитын кітаптар көп…». Меніңше, М.Мағауин биігін бағындыру – кейінгілерге арман болып қала берер. Ал, қысқа ғұмырында аса құнды еңбектер қалдырған Шоқан Уәлихановтың «Құлжаға саяхат күнделігін» күрсіне отырып парақтап шығуға жалықпайсың. Өкінішті, өкінішті өмір! Келте ғұмыр! Ал, ұлтты күйреткен немесе басқаның өгей идеологиясына табынған жарамсақ «туындылар» жөнінде не деуге болады? Анна Ахматова бір сұхбатында: «…Мендельштам – аса сезімтал талант. Ол – Сталинге арнап үш өлең жазып, оны бірнеше адамға оқып бере алмай жүріп-ақ қазаға ұшыраған бейбақ…» дейтіні есіңізде ме? Осип Эмильевич Мендельштам болса орыстың ұлы ойшылы Лев Николаевич Толстойша айтсақ, «…Мемлекет – адамзатты тонау және езіп-жаншу үшін зорлықшылдардың ойлап шығарған, өлтіруге арналған машинасының табанына жаншылған құрбан». Қазақ прозасы да, поэзиясы да дерт-дербездің шеңгелінде қалған тұстары болған. Бірақ, ол – өткен, кеткен шақтың «сыйы», ал қазір «өткен дәуірмен» өмір сүруге болмайды. Қызылдың құрбаны, әйгілі көсемсөзші, әдебиеттанудың негізін қалаушы – Ақаң (Ахмет Байтұрсынов) «…дерттің іріңін, шірігін сүрткенмен, тұқымы жоғалмай, ауру кетпейді…» деп нені меңзеді? Мінеки, проза мен поэзияның әлемдік өлшемі бойынша Мұхтар Әуезовтің «Қыр әңгімелері», С.Мұқановтың «Сұлушашы», М.Жұмабаевтың «Қорқыты», С.Сейфуллиннің «Айшасы», Б.Майлиннің «Шұғасын» өзара салғастырып қарауға болатындай. Алайда І.Есенберлиннің 1969-1973 жылдар арасындағы бір шоғыр «жарылыс жасаған шығармаларының» орны бөлекше. Әсіресе «Алтын Орда» басқа тілге сирек аударылды, батысқа жетпеді.. Осыдан кейін немесе осы аралықта Әнуар Әлімжанов «Жаушы», «Махамбеттің жебесімен» келеді. Осы тақылеттес әлемдік құндылықтардың көшбасында тағы да Мұхтар Мағауиннің 1981-1983 жылдары басылған «Аласапыраны» тұр. Соңғы жылдар ширегінде Бейімбет Майлин, Төлен Әбдік, Тұрсын Жұртбай, Тұрысбек Сәукетай, Айгүл Кемелбай түрендері күшті естіле бастады. Мен тізім жасайын деп отырғаным жоқ. Әлемдік санатқа қандай бір туынды жеке жанашыр көзқарастың ықпалымен енгізілмейді. Әлемдік санаттағы туынды іріктеледі, өлшенеді, соңынан әлемдік құндылықтар қатарында қалдырылады.


– Біздің драматургиямыз әлемдік деңгейде көтеріле ала ма?


– Италияның бір режиссері Луижи Пиранделло 1934 жылы Нобель сыйлығын алған дарынды адам болған. Ол өлерінен екі жыл бұрын өмірді құрмет тұту керек, алайда қасірет пен ауыр сынақ, кішкентай ғана қателіктерден орын алатын улы жарақаттарды жан дүние көтере алар ма екен дейді ғой. Сол бір дарын иесі 1917 жылы «Ол былай», 1921 жылы «Авторын іздеген алты кейіп» атты пьесасын ұсынған. Өз өнерін өткізу үшін фашистік партияға ілесіп, соңынан туған жерін тастап, Еуропаны кезіп тентіреп кеткен оны әйгілі Б.Муссолинидің өзі іздеп тапқан. Бізде Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі», Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтаны» – әлемдік құндылық. Күллі құндылықтың тууына бір себеп. Ол – біздің өткен қасіретіміз. Қарап отырсақ, Қазақ әндігерлерінің басынан өткен қасіреттерінің өзі қайран.


–Ендеше күмәнді мәселелер жоқ деген сөз бе?


– Түр мен мазмұн араласып кетті. Жолбарысты қысып, кішірейтіп мысық етуге бола ма?! Ал, мысықты өсіріп созып, кеңейтіп жолбарыс ету мүмкін бе? Пафос – биіктікті көрсететін ішкі қимыл. Бірақ метафизикалық шексіздіктің өліарасында қыстырылып тұрған түр мен мазмұнды дұрыс жолға итеру керек. Әкемтеатрының әртістері түгелдей сахнадан кино әлеміне көшті. Сахна сарбаздарының көбі осы бағытта жүр. Жуықта «Құнанбай» кинофильмі жарық көрді. Дұрыс, әрине. Бағасын жалпылай жұрт, кемеңгер көрермендер береді. Әлемдік биікке де жетуі мүмкін. Демек, «закон» солай деп заңдылықты бұзуға болмайды. Жазушылар ұлы Құнанбайды әр қырынан жазды. Суретшілер әр бояумен сызды. Қ.Қуанышбаев ертеректе, Д.Жолжақсынов жуықта оның рөлін сомдағандар. Хош. Осының бәрінде дәлдіктен ауытқыған бір ғана кілтипан бар. Кейде ойлайсың, осылардың бәрін көріп отырып. Құнанбайдың қай көзі ақаулы еді деп?! Әйтеуір бір көзі солай еді деп долбарлай салуға болмайтын тұлға ғой. Бұны осымен доғарайық. Қазақ театрын өліаралық дағдарыстан алып шыққан құдірет мәдениетті басқарып келген шенеуніктер емес, Ұлы құтқарушы Тәуелсіздікпен бірге келген туындылар, оны тірілткен өнер майталмандары. Мысалы, тек Рахымжанның «Бейбарыс сұлтаны» мен Иран-Ғайып жазған «Қорқыттың көрі». Осыларды жандандыратын әлемдік ұлы гиганттар бізде барына шүкіршілік. Сонау Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов), Асекеңдер (Асанәлі Әшімов) болмаса, олар осы заманға лайықталып, өте жылдам өзгермесе не болар еді? Кезінде Американың драматургі Южин О’Нил деген ирландиялық отбасынан туған бейтарап біреуді ешкім білмейтін. Талантты сотқардың 20-дан астам драмасы бар. Ол соның екеуімен ғана тек «Провинстаун Плейерз» емес-ау, күллі Америка театрын дағдарыстан алып шығып, Еуропа театрларын дамытуға дейін барды. Жуықта ғана атыраулықтар Рахымжан Отарбаевтың пьесаларынан Халықаралық фестиваль ұйымдастырды. Біз сол жерде «Махамбет» пен «Басты» көрдік. Атыраулық ел-жұрттан айналайын! Мен өмірімде тұңғыш рет «әкім» деген «шенеунікке» разы болғаным соншалық, оның мыс шеге секілді білімдар орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы деген жас мырзаны құшақтап тұрып сүйдім?! (күлді). Социалистік реализм немесе Лениншіл ілімнен ілкідегі әлемдік санадағы деңгейге дейін секіріс жасай алған Қазақтың Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, Рахымжан Отарбаев, Иран-Ғайып сынды ағаларға браво!


– Аудармамен айналысасыз, арасында саяси-сараптамалық мақалалар жазасыз. Өлеңдеріңіз өз алдына бір төбе. Уақытты қалай табасыз?


– Уақыт тоқтап тұр, біз кетіп барамыз. Аудармамен айналысайын демеймін, алайда қазақ оқырмандарына ең қат, саф өлеңдерді жеткізу міндеті тұр. Сол үшін әлемге аты мәшһүр ақындарды қазақша сөйлету дұрыс секілді. Осыған қатысты «Қаламұш әлем» кітабым әзір болғалы қай заман. Бағы жанбай жүр. Уақыт құптап, Құдай жарастырса, өз кезегінде сәті түссе, жарық көрер.


Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ



«Жұлдыздар отбасы» журанлы № 3. 2016 жыл



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар