Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Т.Ибрагимов: Мен Абайды Оқи-Оқи Уланып Қалған Адам...

08.08.2015 2747

Т.Ибрагимов: Мен Абайды Оқи-Оқи Уланып Қалған Адаммын

Т.Ибрагимов: Мен Абайды Оқи-Оқи Уланып Қалған Адаммын - adebiportal.kz


- Төкен  аға, аз-кем әңгіме - дүкен жасап жіберсек қалай қарайсыз. Жұмысыңыз орынша ма?

- Семей қаласында орналасқан Абайдың мемлекеттік тарихи - мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының  директоры болып қызмет атқарғаныма жуықта 33 жыл толып, жақында ғана басқа демалысқа шықтым. Қазір мұражайдың кеңесшісімін. Менің жұмысым таңертеңнен кешке дейін болмағанда Абайдың бір сөзін оқып қалу. Сол жалғыз сөзге басымды иіп қызмет жасау. Сол жалғыз сөздің ығымен жұмыс жүргізу. Абайды оқығаннан  кейін маймыл болмасаң бір нәрсе ұғасың емес пе.

-  Мысалы...

- Мысалы, Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» - деген сөзін сен сияқты журналистер көп айтады. Ол олай емес, дұрысы: «Махаббатсыз  дүние дос». Ойлап қарасаңшы қалай «махаббатсыз дүние бос» болады. Абай: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар!» - деп айтқан. Мұндағы  ойы мен жүрегінде имани махаббаты жоқ адам  дүниеге дос (вшизм) болатынын айтып тұр. Абайдың айтатын «махаббаты» қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік емес. Ол басқа - махаббат. Өте үлкен дүние. Осындай үлкен махаббаты болмаған адам - заманды танымайды. Оған дүние жақын тұрады. Міне, «дүние дос» деген осы. Заманды танымаған адам қайтеді. Жемқор болады, қазіргі коррупция деп ұғыңыз.

Біз Абайды түкте танымаймыз. Танымаған соң ұқпаймыз. Адамдарда Абай айтқан «үлкен махаббат» болған да ғана дүние оңалады.  Ол: ұлы ғұрыпың, ұлттық мүддең, тыныштығың, тілің, дінің. Осыларды сүй. Сол «үлкен махаббат».

-  Төке, осы Абай қандай адам?

- Абай сұмдық «оңбаған». Адамды тірідей өлтіреді, жаның шықпай тұрып жүрегіңді суырып алады. Маған айтады-ау: «Біріңді бірің ғизат етіс, тұрғандай бейне қорқып және шошып» дейді. Қарашы, қорқып отырғаным аз болғандай және шошуым керек. Ойпырым-ай, Абайда: «Аш түйенің күйсегеніндей» дейтін зәреңді ұшыратын теңеу бар. Бұл сұмдық ғой, түйенің өзі аш, ол қәйтіп күйсейді. Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін. Ал енді Абаймен сөйлесіп көр. Қара шал өте қиын адам. Кейде осы кісіге «қатты ренжіп» қиналамын, қарап отырып адамның масқарасын шығарады ғой. Адам сияқты бірдеме айтайын десең, бәрін айтып тастаған. Қалай ренжімейсің...

-  Сіздің бойыңызға Абайдың уы әбден  тараған-ау шамасы. Зар мен заһарын күнде жұтасыз ба?

- Дәл таптың бала!. Мен Абайды оқи-оқи  кәдімгідей уланап қалған пендемін. У басыма шыққанда жаман саяжайыма барып  жападан жалғыз жатып алам.  Абайдан қашқан түрім. Қашсамда құтылмаймын, бәрібір түнде келіп билеп алады. Бір қарасам Абайды оқып отырғаным. Тура түн ортасы болғанда елесі келеді. Былай қабырғалап келіп, қарсы алдыма шығып алып: «Өй, сен бірдеме ұғып отырсың ба?» дейді ғой. Осыдан кейін қалай күйінбейсің. Менің түк түсінбей отырғанымды біліп қояды. Міне, бұл сондай адам.
Кейде отырып алып ашуланам келіп. Абаймен ренжісіп қалғанда мұңымды  айтып марқұм Қайым Мұхаметханқа барушы едім. Ол кісі: «И-и-и... сен неменеге бүлініп жүрсің?» дейді. Мен айтамын: «Қайым аға,  Абайды өз ағайындары қамшының астына алып, жон арқасын тіліп сабады.  Мал бар, дәулет деген жетеді. Алдына түсетін өзінен ақылды адам жоқ. Осы Абайдың өлеңде несі бар. Елге ақыл айтып қажеті қанша. Барды да таяқ жеді. Тапқан қызығы осы ма?» деймін. Қайым аға ақылды адам ғой кеңкілдеп тұрып күледі. Осыны айтамын да шай да ішпей кетіп қалам.

- Сіз өткендегі бір сұхбатыңызда: «Абай, Шәкерім, Мұхтар әлемі тұтас дүние» депсіз. Оларда Абай сияқты «қиын» адамдар ма?

- Ойбай-ау олар мен сияқты жаман адамдар бойлай алмайтын шексіз әлем емес пе. Мұхтар Әуезов  - Абай емген уызбен ауызданған сойқан ғой. Алғаш ғарып  танығанда оқығаны Абайдың өлеңдері мен қара сөздері. Мұхтар марқұмның өзінің жазғаны бар: «Алғаш молдадан ғарып танып үйге келсем, атам Әуез басқа балалар сияқты қозы-лақпен ойнатып қоймай Абайдың өлеңдерін оқытып қоятын» -дейді. Осылай Абаймен ауызданған Әуезовтың білімі бізге қайдан күш береді. Оның үстіне өзі де сөзсоқты адам.  Екеуі қосылып алғанда «менің күнім күн емес». Енді оған «түрмеде» жатып-жатып жаңа босаған Шәкәрім келіп қосылды. Бұның өзі үлкен ономалия. Қазақша айтқанда қоянжым сияқты дүние, ойдың қайдан шығып жатқанын, сөздің астары қайда кетіп барады түк аңғара алмай қаласың.  «Мектеп» деген осы, «дәстүр» деген сол. Осыны шала - пала ұғып аламызда басқаға жеткізе алмай әлегіміз шығады-ау.

- Біз Абайды өткен ғасырда коммунистік идеология тұрғысынан насихаттап келдік. Соның өзінде асып-төгіліп жатты. Оған сіз айтқандай Шәкерім келіп қосылды. Қазір осыларға жамау қоспай «таза қазақша» түсінетін заман келген жоқ па?

- Қазір уақыт өзгеріп кетті. Абайдың өзін мүлде қайта қарау керек. Неге? Абайды ең терең түсінген, Әуезовтенде артық білген, данагөйдің жатырын жарып шыққан, тірідей сөзін тыңдап, өнегесін алған, оқыған, игерген, тырнақтай күнінен қасында жатып сөзін жаттаған адам - Шәкерім Құдайбердіұлы. Егерде Шәкерімді былай таман апарып айналдырып көрсең  Абайдың жаңа түрі шыға келеді. Былайша айтқанда Шәкерімнің ішінде тағы бір Абай жатыр. Біз осы жаңа Абайды түстеп-түгендеп, танып, мына тағылым Абайдың қай ойының баламасы, қалай түрленуі, қандай қайнардан ағып шықты, осыны ашпайынша Абай толық ашылмайды.

- Не істеуіміз керек?

- Өмірі өстіп, өтірік таласып жүреміз. Менікі жай бір  айта салған сөз. Әйтпесе, Абайды ашу қиын. Қазіргі ақындардың өле жатқанында 4-5 том, кейбіреулерінде 15-20 том өлең жинақтары бар. Абайда бар болғаны 176 өлең, 3 поема, 45 қарасөз, 1 мақала. Ал оқысаң таусылмайды.

- Бір мақаласы не туралы еді?

- Әлгі «Қазақтың шығу тегі туралы» деп аталатыны. Шыққан тегіңді түсіндіріп береді. Абай тарихшы...

- Осы мақаласында  Абай: «Қазақтың шыққан тегі моңғол» деп неге айтты екен?

- Ондай сөз бар. Бірақ Абай біз секілді арнайы зерттемеген адам. Кейбір мәселеде ондай түсінігі  болған шығар.  Мүмкін бір деректен алған шығар. Онысы бізге жетпеген. Тіпті алғаш  «Дала уалаяты» газетіне: «Болыс болдым мінеки», «Жаздыгүні шілде болғанда» дейтін өлеңдері шыққанға дейін өзінің жазғандарына назар аудармаған. Кейін барып «өй, мынау керек екен ғой!» деп жазған дүниелерін реттеп жинай бастаған.

- «Дала уалаятына» өлеңдері қай жылы шығып жүр?

- 1886 немесе 1889 жылдардың бірі. Дәл есіме түспей тұр. Осыдан кейін сөзіне өзі мән берген. Өлеңдерін насихаттай бастаған. Көрші-қолаң, сөз білетін ағайын-туғандар көшіріп алып оқитын болған. Оның сыртында тобықтылар бөспелеу жұрт. «Біздің Абайдың сөзі» деп басқа елге ұзатылған қыздарының жасауына ақынның өлеңдерін қосып жіберетін болған.

- Ақынның қандай өлеңдерін қыздың жасауына қосты екен?

- Үйлену тойы, махаббат тойы болғаннан кейін «Айтым, сәлем  қаламқас», «Көзімнің қарасы»... деген сияқты қырланып-сырланып, былқылдап-бұлғақтап, сөзі жұпар атып тұратын өлеңдерін жасауға қосқан болуы керек. Абай өлеңдерінде  мәдениетті эротика басым. Ол сезім ғой. Сезім болмаса поезия тумайды.

- Абайды алғаш таныған Алаш зиялылары деп жүрміз. Осы қаншалықты ахиқат?

- Алаш зиялылары Абайды тануға ұмтылды. Бірақ бәрі емес. Мысалы, 1909 жылы Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын Петербордан шығаруға ат салысқан адамның бірі - Әлихан Бөкейханов.

- Бураганскийдің баспасынан шыққан жинақты айтасыз ба?

- Соны айтам. «Бураганский» деп  ғалымдар қате жазып жүр. Шын аты - Илья Бораганский. Қырым татарының тұқымы. Өзі профессор, калиграфист болған.

- Петерборда тұрған ба?

- Иә, сонда тұрған. Бораганскийдың баспасын тауып беріп жүрген -Әлихан Бөкейханов. Әрі Абайдың шығармасын өзімен бірге алып жүріп халыққа насихаттаған да - Ә. Бөкейханов. Мысалы, Павлодардан 100 шақырып жерде «Тұз қала» дейтін кент бар. Өткен ғасырдың басында осы жерде Әлиханды патша шенеуніктері тұтқындаған. Тұтқанға алынған адамды түрмеге жаппай тұрып, алып жүрген дүние мүлкін тексеріп хаттама жасайтын тәртіп болған. Ол қазір де бар. Сондағы Әлиханды тұтқындау барысында толтырылған хаттамада: «Абайдың өлеңдер жинағы - 1, бағасы 100 теңге» -деп жазыпты.

- Жаңағы Петербордан шыққан Абай  өлеңдерін жинап, баспаға  дайындаған да Әлихан Бөкейханов па?

- Жоқ. Абайдың өлеңдерін жинап әзірлеген - Кәкітай.  Өзі де Петерборға Әлиханмен бірге барған. 1912 жылы Кәкітай Ысқақов қайтыс болғанда Әлиханның жазған қазанама мақаласы бар. Сонда айтады: «Марқұм Кәкітай екеуіміз Петерборға барып Абай өлеңдерінің жинағын шығарып едік. Ескі  жазудан аударып Кәкітай жаңа ғаріпке түсіріп еді...» дейді.

-  1918 жылдың басында Алашорда үкіметі Семейге көшіп келді. Оларға Абай тұқымдарының  бүйрегі бұрылды. Солай ғой?

- Мынаны біліп алған. Алашқа Абай тұқымдарының бүйрегі бұрылды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ Алаш азаматтары Абайдың атағына, тұқымына ықтап Семейге келді. Себебі, онда өзі оқымысты, ғалым, қайраткер Абайдың баласы Тұрағұлдың көзі тірі тұр. Бұл бір. Екіншіден, қазақ мәдениетіне қатысты алғашқы орталық Семейде құрылды. Оны есеп комитеті деп атаған. Қазіргі мәдениет министрлігі сияқты міндет атқарған. Оның ұйымдастырушы мүшелерінің ішінде Абай болды. Одан кейін, тұңғыш өлкетану мұражай негізінде ғылыми-көпшілік кітапхана Семейде ашылды. Тағы да Абай ұйымдастырушылар қатарында болды. Патшалық Ресейдің географиялық қоғамының Семейде бөлімшесі орнады. Оның мүшесі - Шәкерім Құдайбердіұлы.  Осылай қазақ топырағындағы  алғашқы мәдениет нүктелері Семейде ашылды. Барлығы белгілі дәрежеде жұмыс істеп тұрды. Әрі Абайдың баласы Тұрағұлдың ықпалы халық арасында төтенше күшті еді.  Осылай Семейге Алашорда келді.

- Тұрағұл Алаштың қатарына қосылып  қызмет атқарды емес пе?

- Иә, Тұрағұл Алашорданың тапсырмасымен Торғайға барып әскер бастап әкелген. Семейде Алаш миллициясын құруға қатысқан. Олары кәдімгідей қызылдармен соғысып жеңіп кеткен. Одан кейін Семейде «Жәрдем» деген баспа болды. «Таң», «Сарыарқа» журналдары осында басылып тұрды.  Тұрағұл Алашты қолдап көсілтіп-көсілтіп мақалалар жазды. Жаңағы басылымдар төңірегіне Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Бияхмет Сәрсенов секілді ғаламаттар жиналды.

- Осы басылымдарды кім қаржыландырып тұрды?

- Өзіміздің ауылдағы қазақтың байлары қаржыландырып тұрған. Мәселе былай болған ғой. Жоғардағы ғаламаттардан басқа Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар ақылдасып отырып саясатқа қарсы мақаланы  бұрқ еткізеді. Жандарамдар мақала авторын сол күні түрмеге жауып тастайды. Әйтпесе журналға айыппұл салады. Зиялылар журналға айыппұл салдырғанша өздері барып түрмеге жатып шығады. Содан әлгі оқығандар ел ішіне жаушы шаптырады. «Азаматымызды түрмеге қамап қойды, шығарып алатын қаржы жіберіңдер!» дейді. Қазақ қызық халық ғой, «Ойбай, пәленшекең Сібірге айдалып кетпесін!»  деп байлар ақша береді. Сол ақшаға әлгілер газет-журналын шығаратын болған. Ақша таусылатын кезде тағы біреуі «тентек» мақала жазып  әлгі әдісті қайталайды. Осылай күн көрген.

- Шәкерім қажы Семейде құрылған Шығыс Алашорданың Бас қазысы болғаны жайлы  дерек бар ма?

- Е, оны елдің бәрі біледі. Семейдегі Алашорда бүгінгінің тілімен айтқанда Шәкерімді Жоғарғы соттың төрағасы етіп сайлаған. Ол туралы өзінің «Ұмтылғанның өмірі» дейтін шығармасында жазып кеткен. Қазылық істейін деп барсам ешкім орын бермейді. Қызылдармен билікке таласып қырқысып жатқан кез. Содан береке болмайтынын білдімде: «ішім ауырды» деп ауылға кетіп қалдым, дейді.

- Сіз Шәкерім қажының  өлімі жайында не білесіз?

- Әлі айтылмай жүрген мынадай бір ақихат бар. 1931 жылы 5 қыркүйекте үлкен көтеріліс болған.

- Қай жерде?

- Шыңғыстауда. Сонымен бірге Шұбартауда да көтеріліс болған. Осы екі көтерілісті «ұйымдастырушы Шәкерім»  деген ел арасына күдік тараған.  Көтерілісті Семейден әскер шығып басып тастаған. Одан кейін көтеріліске қатысқан адамдар топ-топ болып жансауғалап тау-тасқа қашады ғой. Осылай апалас-төпелес болып жатқан тұста Қарабұлақтағы шошаласында отырған Шәкерімге өзінің баласы Зият келеді. Қасында Әзімбайдың Бердеші бар.  Олар айтады: «Жүріңіз Қытай асамыз!» дейді. Қажы үндемей отыра береді. Сөзге Бердеш араласады: «Сіз бірге жүріңіз! Ол жаққа сізді ертіп апарсақ, беделді боламыз. Бармасаңыз өлтіріп сүйегіңізді әкетеміз. Оның өзі бізге бедел болуға жарап жатыр»-дейді. Бердеш әсіре қатыгез адам. Арғы бетке өтерінде тіліне көмбеген өзінің туыстарын түгел атып кеткен.  Сонымен Бердеш қажыны көндіреді. Шәкерім айтады: «Жарайды айтқандарың болсын. Менің Ботақан асуында жасырған қоймам бар. Ішінде жазған кітаптарым қалып барады. Соған барып келейін».
Қытай асып кетуге сайланып отырған топ сонда да қажыға сенбей өзінің атақты қоңыр атын алып қалып, сырын білмейтін тор қасқаны мінгізіп жібереді. Егер қоңыр ат тақымына тигенде  ешкімге ілдірмес еді. Сонымен Шәкерім қоймасына кетіп бара жатып, жолда бандыларды қуып жүрген қызыл әскердің көзіне түсіп қалады. Олар: «ойбай, бандылардың біреуі әне, кетіп бара жатыр ұстайық!» деп тұра ұмтылады. Шәкерім жарықтық тұра қашады. Осылай атып жіберген.

-  Әскерлер қашқан адамның Шәкерім қажы екенін танымаған ба?

- Әркім әртүрлі айтады. Шын мәнінде атқанға дейін танымаған. Ақыры атқан әскерлер қажының сүйегін түйеге артып Бақанасқа алып келеді. Шеттеу бір қораға түсіп сүйекті  «енді не істейміз» деп отырғанда бір топ әскері бар Қарасартов келеді. Келе салып айғайлайды: «бәріңді құртам, жоғалтам, неге атасыңдар!» дейді. Себебі: «Шәкерімді тірідей ұста!» деген тапсырма алып келе жатқан беті екен. Сол жерде үштіктің сотын ұйымдастырып осылай да, осылай: «қатты қарсылық үстінде Шәкерім оққа ұшты» деп хаттама толтырады.
Бәрі біткенен кейін топырлап жүрген жұртқа: «мына мүрдені алыңдар, өздерің жерлеңдер!» дейді. Ешкімнің  батылы жетіп мәйітті жерлеуге ала алмайды. Қызылдар өтірік «жем тастап» кім келіп сүйекті алса соны тағы атқалы тұрғанын жұрт біледі. Осы оқиға кезінде манағы Бердеш бастаған топ ішінде Шәкерімнің үлкен ұлы Зият бар бір белдің астындағы сайдың ішінде тығылып отырады. Бұл 1931 жылы қазан айының 2 күні болатын. Ертеңінде Бердеш бастаған топ сүйекті жерлеуге батылы жетпей түгелдей Қытай асып кеткен.

-  Содан қажыны кім жерлеген?

- Таң атқаннан кейін әскерлер қажының мәйітін  алып кетеді. Ана сайға апарады, мына сайға апарады. Олардың артынан көзге түспей Кәрімқұлдың Қабышы деген азамат еріп отырады. Әкесі Кәрімқұл Шәкеріммен замандас, әрі құда-құдандалы адамдар екен.  Бір заматта әскерлер мәйітті Құрқұдыққа алып келеді. Бұл арада Майбасардың бәйбішесі Май апаң қайтыс болғанда зиратын тұрғызу үшін кірпіш қазған үлкен апан бар екен. Соған әкеліп  қажының мәйітін  тігінен тастап кетеді.

- Осының бәрін әлгі Қабыш көріп тұрған ба?

- Иә, көзімен көрген жалғыз адам осы Қабыш. Алыстан бақылап қарап тұрған.

- Артынан Ахатқа мүрдені тауып берген кім?

- Осы Қабыш. Алғаш 1958 жылы ертіп барып көрсетті.

- Әкесі атылғанда Ахат қайда жүрген? Ол да Қытай асып кеткен бе?

- Ахат Қытайға бармаған. Ол 1929 жылы  түрмеге қамалып сотталып кеткен. Әкесі өлген соң босап шыққан. Бертінде өзін соттаған адамға рахмет айтып, құшақтап бетінен сүйіп әлек болатын жарықтық. «Неге олай істейсіз?» дегендерге: «Егер мені осы адам соттап жібермегенде бәрі бір әкеме ілесіп тайраңдап жүріп, бірге атылып кетер едім» дейтін. Расында осы сөзінің жаны бар.
Ахат түрмеде қоян бағыпты. Ол туралы  Төлеген Смайловтың  кітабында жазылған. Осы кітаптан көп дерек табуға болады.

- Төлеген Смайлов та түрмеде болған ба?

- Жоқ. Түрмеде жатқан досы Ахатты Төлеужан Смайылов іздеп барған. Қоянын бағып жүріп өзін іздеп келе жатқан Төлеужанды байқап қалған Ахаң: «Қаш Төлеужан, маған жолама қаш, мен жұқпалы аурумын» - дейді екен. Онысы мен «Халық жауы» атандым кесірім саған да тимесін деп өзінше досына қалжыңдағаны.

-  Ахат жарықтық түрмеден босағанда ағасы Зият Қытай асып кеткен, әкесі оққа ұшты. Қалай күн көрді екен?

- Бертінде, Ахаңнан  «әкеңіз өлгеннен соң күніңіз не болды?» деп мен сұрамаймын ба. Сонда айтатын: «Түрмеден шықтым да Қытай асып кетейін деп ойладым»-дейді. Содан Мақаншыға қарай жол тартқан.  Жолай сұрағандарға «Мақаншыда тұратын Тұрағұлдың қызы Мәкенге кетіп барам» деп айтады екен. Мақаншыға жетпей жолда Мәкеннің күйеуі Ұлықбекті ұстап әкеле жатқан адамдарға кезігеді. Дереу райынан қайтып Тарбағайды бөктерлеп басы ауған жаққа жүре берген. Бір қараса Лепсіге келіп қалыпты. Содан пойезге отырғанда Алматыдан бірақ шыққан. Сонда барып Әуезовты паналаған.

- Жаңағы Қабыштың істегені ерлік екен.

- Бұл түк емес. Қабыштың нағыз ерлігі мынау: әкесі Кәрімқұл мен анасы Қанымгүл  қайтыс болғанда өзеннің арғы жағындағы өз ауылының зиратына жерлемей адам аяғы бармайтын Құрқұдыққа әкеліп Шәкерім қажының қасына жерлеген. Қажының сүйегі жатқан апанды ұмытып қалмау үшін осылай жасаған. Онысын ешкімге айтпаған. Ел болса: «мынаның есі дұрыс емес шығар» деген де қойған. Қабыштың осы ерлігін бағалап мына мен екі жыл бұрын Құрқұдықтағы  әкесі мен шешесінің басына ескеркіш тұрғыздым.

- Ахат әкесінің мәйітін 30 жылдан кейін қазып алып қайта жерледі. Осы оқиға туралы нақты білетін адамның бірісіз. Не айтасыз?

- Қажының жатқан жерін 1958 жылы Ахат алғаш келіп көріп кеткені жайында жоғарыда айттым. Содан 1961 жылы шілде айының 27 күні  мүрдені қазды. Екі күн қазып әкесінің сүйегін тырнағына дейін түгендеп санап алды. Содан тамыздың 8 күні Жидебайға апарып Абайдың зиратынан 60 метр жердегі дөңнің үстіне жерледі. 1984 жылы Ахаттың өзі дүниеден өткенде дәл осы араға әкесінің қасына апарып мен өз қолыммен жерледім.

- Шәкерім қажының сүйегін қазып алғаннан кейін екінші рет қалай жерледі?

- Жидебайда Әрхамның ұлы бар еді. Соның үйіне әкеліп шамадандағы сүйекті қойды. Жаназасын шығарды. Жетісін берді. Сегізінші күні жерледі. Ахат ғажап адам еді. Саған мына айтайын: 1983 жылы желтоқсанның 23 күні Ахаттың Ресейде тұратын баласы «Физули қайтыс болды» деген хабар келді. Қайым Мұқаметқан екеуіміз барып естірттік. Тура бір күннен кейін желтоқсанның 24 күні менің баламның үйлену тойы болатын. Содан қайтті дейсіз ғой: «Сендер ешкімге айтпаңдар мен баламның тойына қатысайын»-деді. Тойға қатысып ертеңінде өз баласын жерлеуге ұшып кетті.

-   Ахат әкесінің ақталғанын көре алмаған екен ғой. Көзі тірісінде «әкем ақталады, шығармасын халық қайта оқитын болады» деген сезімде болды ма?

- Ахаңның тағы бір кісілігі қашан барсаң әкесінің қолжазбасын көшіріп отырады. Көшіргенін сенімді адамдарға таратады. Әкесін ақтау туралы Қайым екеуі бірігіп төрт патшаға арыз жазды. Оның бәрін мен жіберемін. Алдымен Брежневке жазды, хабар болмады. Артынан Андроповқа, Черненкоға жазды. Біздің хат барғанша патшалар өліп қалатын бір заман өтті.

- Атақты «қиқар» қария Шәкір Әбенов туралы не білесіз?

- Шәкір Әбенов әулие адам еді. Асқан білімді, орысша қандай сауатты. Әкесі Әбен Абаймен шен таластырып, бәсекелесіп өткен. Абай Семейдегі өлкетану мұражайына қырдан дүниелер жіберіп тұрған. Әбен болса одан асып түскісі келіп Омбыдағы дала музейіне экспонаттар тапсырған екен. Жуықта соның дерегін таптық. Шәкерім ақталғанда Семейде үлкен жиын өтті.  Күн жауып тұр. Халықтың ықыласы сондай бірде-бір адам жиынды тастап кетпеді. Осыған Шәкір қеліп қатысты. Өзің сияқты журналистер сұрап жатыр: «Шәке, сіз Шәкерімді көрдіңіз бе?» дейді. Сонда Шәкір: «Әй, Шәкерім менімен құйрығын сүрте ме, ол өзі сияқты болыс Әбенмен сөйлеседі емес пе. Мен ол кезде ит қуып жайында жүрген жындымын»-дейді. Сонда жасы тоқсанның үстінде. Бір ауыз өтірік айта алмайтын адам еді. Басқа біреу болса қиыстырып соғып жіберсе кім біліп жатыр.

- Сізбен қатты дос болған дейді. Шын ба?

- Рас. Екеуміз қатты дос болдық. Мінезі қиқар, албаты адам шыдамайды.  Бірақ білмейтіні жоқ. Оны тағы айта бермейді. Бірдемелерді суыртпақтап сұраймын. Отырып -отырып алдады да тура таң атар алдында ең бір жақсы әңгімелерді айта бастайды. Мен қалғып кетем. Ояна келсем жеті атамды көшіріп боқтап отырады. «Неге боқтайсыз?» десем, «Жәй, әншейін қалғып кеткен екенсің оятқаным ғой» - деп, жуып шаяды.
Шәкір біз сияқты адамдармен таласпайды. Ол Мағжан Жұмабаевтармен сөйлеседі. Замандасы ғой. Ол Сәкенмен үзеңгілес жүрген адам. Ілияс, Бейімбеттермен достас-дәмдес болған адам.

- Айтпақшы Шәкір ақсақал Сәкен Сейфуллинге ат қосшы болып жүргені туралы бірдеме айтты ма?

- Айтты. 1931 жылы аштықтың күйіп тұрған кезінде Сәкен кәдімгі командировкамен Үржар, Мақаншы өңірін аралауға шығады. Қасындағы ат қосшысы - Шәкір Әбенов. Шәкеңнен мен: «Сәкенге қалай еріп жүрдің?» деп сұраймаймын ба. Жарықтық айтатын: «Әй, анау Сәкенің жаман жылауық екен. Ат үстінде сорайып отырып алады да, еңкілдеп жылайды-ай келіп»-дейтін.

- Сәкен неге жылады екен?

- Ойбай-ау адамдар аштықтан қырылып жатқан жоқ па. Жол бойы теңкиіп-теңкиіп өліп жатқан қазақ. Қолдан келер қайран жоқ. Сәкен осыған күйініп зар еңірейді ғой. Бүкіл қазақ аузына қараған адамның еңкілдегені Шәкірге қораш көрінген шығар. Бертінге дейін Сәкеннің атын айтпай «жылауық комиссар» деп қылжақтап отыратын.

-  Шәкір атамыз Мұхтар Әуезовпен де жора-жолдас болған адам ғой. Ол туралы бірдеме айтты ма?

- Мұхтар Әуезов Шәкірден үлкен. Сондығы шығар Шәкір ол кісіні қатты сыйлап отыратын.  Өзім куә болған бір оқиғаны айтайын. Бірде іссапармен Алматыға Жазушылар одағына барсам Шәкір де сол жерде жүр екен. Мені көріп: «Әй,  бері жүр, үстіңгі қабатта Мұхтардың ұлы Мұрат отыр дейді, барып көрейік»-деді. Бардық. Мұраттың  қолынан қысып біраз отырды. Алғаш рет көріп отыр. Содан: «Әй, Мұрат, сенің әкең барып тұрған мылжың адам еді» деп, түйеден түскендей дүңк еткізді. Мұрат тегі шалдың мінезін білетін болар жайлап ғана: «Неге?» деп сұрады. Сондағы айтқаны: «Қасым Аманжолов бар бір топ ақын тойғанша арақ іштік. Ертеңінде басым зырқырып тұр екен. Не істерімді білмей  қойын дәптерімді ашып жіберіп көзім түскен бір нөмірді тере бастадым. Сөйтсем, Құдай атып, Әуезовтың үйіне түсіппін. Мені бірден таныды. Үні жып-жылы «басың ауырып тұрса біздің үйге тез келе қал!» дегені. Шауып жеттім. Үстелдің үстінде бір бөтелке арақ тұр. Аузы ашық. Содан кетті: анау жақта соғыс болып жатыр, мына жақта дүние өзгерді... ұзынсонар әңгіме басталды. Үнім өшіп, өзегім кеуіп өліп барамын. Сөзі бітер емес. Бірде ары қарағанда дайын тұрған стақанға арақты құйдымда тартып жібердім. Әрең жаным қалды...» дегені бар.

- Шәкірдің Жамбыл ақынға арнап шығарды дейтін шайпау-шалыс  өлең бар. Сонысы рас па екен?

- Жамбылға шығарған Шәкірдің өлеңі түбірімен өтірік. Мен өзінен осыны он рет қайталап сұрадым. Соңында айтқан жауабын жазап алдым. «Мен ондай өлең шығарғам жоқ, егер шығару керек болса басқаша жақсылап шығармаймын ба» дейтін.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар