Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Толымбек Әбдірайым. Әлемде әуелеген әндер...

11.05.2024 2247

Толымбек Әбдірайым. Әлемде әуелеген әндер 14+

Толымбек Әбдірайым. Әлемде әуелеген әндер - adebiportal.kz

Эссе

Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі композитор, танымал музыка зерттеушісі, жазушы, журналист, суретші Илья Жақановпен 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, өнер бөлімінде істеп жүргенде танысқанмын. Содан бері ағалы-інілі адамдардай араласып кеттік. Сол рухани туыстығымыздың айғағындай, мен Ілекеңнің шығармашылығы жәйлі «Дария шабыт» (2003 ж), «Ағыл-тегіл»(2014 ж) атты екі кітап жаздым. 

«Ағыл-тегілге» қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбекең – Әбіш Кекілбаев, атақты ғалым, филология ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Ұлттық Мемлекеттік университеттің профессоры Серік Негимов алғысөз жазды.

Ілекеңнің    шығармашылығының    қыр-сырына, әндерінің тарихына үңіліп жүргенде байқағаным - композитордың көптеген әндері шет елдерге де кең тараған екен. Әсілі ән мен әуенге тіл де, сөз де, шекара да бөгет емес. Жүректен шыққан ән жүректерге жетіп, тыңдаушысын елтіп, еліктіріп, әлдилеп, мұңайтып, жұбатып, толқытып, тербеп, ынтықтырып жүре берері рас.                                                                                     

Композитор дүниеге әкелген әндердің әрқайсысы - өз алдына тарих, өз алдына бөлек хикая! Және композиторлардың кез келгені, ән салса, қәне?! Бұл тұрғыдан, Ілекеңде кешегі сал-серілердің дәстүрі берік сақталған. Көп жағдайда әндерінің сөзін өзі жазады, әнін өзі шығарады, өзі орындайды. Бір сөзбен айтар болсақ, Илья Жақанов шығармашылығы басқа өнер иелеріне қарағанда, қайталана бермейтін ерекше құбылыс!

Жуықта, Ілекеңнің туған күні болды. Аз емес! Екі сегіз - 88 жас!

Ертең, (11.05.24ж) Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияда Илья Жақановтың шығармашылғыныа арналған «Әнім саған, Туған ел!» атты концерті болады. 

Әдебиет, өнер, мәдениет жанашыры, оқырман қауымның көзайымына айналған «Әдебиет порталына» төмендегі эсссемді ұсынып отырмын. 

Құрметпен, автор.

                   Қытайдың Шыңжаң өлкесінде...

Илья Жақановтың ең алғашқы әні – «Түн ортасы болғанда» деп аталады. Сөзі Қасым Аманжоловтікі.

Осы әнге байланысты бір құпиямен... оны орыстың «Одинокая гармонь» әніне құлай беріліп, сонымен ғана тыныстап, қатты қызығып жүріп, сол әсермен жазып еді. Әсіресе, әннің соңғы шумағы:

         Может, радость твоя недалеко,

         Да не знает, ее ли ты ждешь...

         Что ж ты бродишь всю ночь одиноко,

         Что же ты девушкам спать не даешь, -

деп біткенде таңғажайып бір сурет таң-тамаша қалдыратын. Осы елестен көз жазғысы келмей:

         Снова замерло все до рассвета,

         Дверь не скрипнет, не вспыхнеть огонь.

         Только слышно, на улице где-то,

         Одинокая бродить гармонь, -

деп басталатын бірінші шумағы Ілекеңді қайтадан «тұтқындап» алып, бір тәтті түс секілді тербей беретін-ді.

Сол сезім, сол бір лирикалық толғаныс ақыры бір күні, 1956 жылдың қоңыр күзінде:

         Түн ортасы болғанда,

        Отырсың жігіт нені ойлап.

        Кімнің атын жазасың,

        Қайта-қайта шимайлап. 

        Махаббаттың бұлбұлы,

       Жүр ғой сенен алыстап.

       Ол естімес үніңді,

      Шақырсаң да дауыстап, 

- деп келетін әні дүниеге келді. Оны алғаш тыңдаған жора-жолдас, құрбы-құрдас, студенттік орта Ильяның ән шығарғанын гулетіп ала жөнелді. Тіпті кейбіреулер оны үйреніп те алды. Баян сүйемелімен сызылтқандарды да көрді. Өз жүрегінің лүпілі өзге жүректердің де пернесін дірілдете бастады. Осы құбылысқа елтіп жүргенде «Салтанат», оған ілесе «Сағыныш», «Ақ қайың» әндері шыға келді.

Бұл үш ән бірден радиоға қабылданды. Композиторлардың ортасына енді де кетті. Бұл 1958 жылдың көктемі, жазы.

Сол жылдарда Алматының жоғарғы оқу орындарында Қытай Халық Республикасының, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағының қазақ жастары оқитын-ды. 

Сол жастар жазғы каникулда Шыңжаңға қайтқанда біраз қазақ әндерінің қатарында Илья Жақановтың «Салтанат», «Сағыныш», «Ақ қайың» әндерін алып барыпты. Бұл оқиғаны Ілекең, сол жастардың бірі – көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтен естіп, білді. Содан бастап күні бүгінге дейін композитордың әр жылдарда жазған әндері түп-түгел, қаз-қалпында Шыңжаң қазақтарына емін-еркін жете берген. Мұны 1993 жылдың ақпан айында композитор Үрімшіге барғанында анық байқады. Ондағы айтулы әншілер Хамит Ысқақ пен Рәфиладан бастап, жай қарапайым жұрт кез-келген жерде, кездесулер мен жиындарда, отырыстарда бірінен соң бірін айтып, таңғалдырды.

Хамит «Даниярдың әні», «Әсел» әндерімен, Рәфила «Еділ-Жайықпен» біраз шет елдерге белгілі бопты.

Әсет Найманбаевтың белгісіз «Ардағын» білетін айтулы ақын Рахметолла Әпшенің үйіне келгенінде ақжарқын мінезді жеңгей: «Өзінен бұрын әні жеткен інімді маңдайынан бір сүйіп алайыншы», - деп еміренгені бар.

Үрімшіде болған жиырма шақты күн ішінде шыңжаңдық ағайындардан өз әнін түп-түгел естіп, тыңдап, пешенесінің жазыла, жарқырай түскені, әй, ешқашан ұмытыла қоймас, тегі.

Ақын Рахметолла Әпшенің:

«Біз Москва, Алматы радиосын транзистордан тыңдап жүреміз. Сіздің «Жайлаукөл кештеріңіз», «Подмосковные вечера» әні секілді бір нәзік лирика, деген сөзі де есінде.

Илья Жақанов әндерінің шет ел жұртшылығына шығуы осылайша басталып еді.

                            «Әлбетте, өзіміздің ән!..»

1993 жылдың маусым айында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында болды. Мұнда Әль-Фараби атындағы мемлекеттік Ұлттық университетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев басқарған фольклорлық экспедицияның құрамында келді.

Бұл аймақта Абақ керейлер ғана тұрады. Жалпы саны үш жүз мыңдай екен. Соңғы жылдарда оның біразы Қазақстанға қоныс аударыпты.

Бұл жерде Илья Жақанов ән зерттеді. Өз әндері бұл аймаққа 1958 жылдан бері қарай әр кез жетіп жататын көрінеді. Ілекеңнің «Еділ-Жайық», «Әсел», «Асылым», «Толағай», «Арқаның аруы», «Салтанат», «Ақ қайың», «Жайлаукөл кештері», «Даниярдың әні», «Ағады Ертіс», «Алматы кешінде», тағы басқа да әндерін аймақтың белгілі әншілері емін-еркін шырқайды екен.

Композитор Алматыға қайтар сапарында сол әндерінің біразын, алпыс минуттық концертін пленкаға жазып алды. Баян-өлгейлік ағайындар: «Әлбетте, сіздің ән - өзіміздің ән» деп сүйінішті сөздер айтты.

                            Романтикалық  ария

1963 жылдың қазан айының  10 жұлдызы...

Сол күні Москва радиосы, таңертеңгілік хабарында: «Известный киргизский писатель Чингиз Айтматов стал лауреатом «Ленинской премии» деп қуанышты жаңалықпен елең еткізді.                                    

Ілекең қазақ телевизиясында, жастар редакциясында қызмет істейтін. Жұмысқа келді. Телевизияда гу-гу әңгіме. Айтматов жөнінде жиналыс бола қалды. Қазақ ҚСР Теледидары мен радио жөніндегі комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаев (Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабын аударған өте білімді, білікті, өресі зор, аса мәдениетті, өткір де жігерлі, әрі жайсаң мінезді, көркем жан. Т.Ә.):

- Айтматов лауреат атанды. Біздің Мұқаңның, иә, Әуезовтің тілегі орындалды. Қырғыз жазушылары Айтматовты жазушы деп санамайды. Түкке керегі жоқ пендешілік, ол. Өсетін, өркендейтін ел өйтпейді. Сөздің қысқасы – мен Москвамен байланыстым, бүгін Айтматов өзінің Фрунзесіне келеді. Ал, біз оны қырғыздармен сөйлестірмей, Алматыға алып келуіміз керек, дәл ертең – 11 қазан күні, Телевизия студиясында қазақтың өнер иелері қатысқан баспасөз конференциясын өткізуіміз керек. Ал, іске сәт, кірісіңіздер, - деді.

Ертеңінде, қазан айының 12 жұлдызы күні баспасөз конференциясы өте қызықты өтті. Мәслихатты, Москвада М.Горький атындағы әдебиет институтында Айтматовпен бірге оқыған ақын Жаппар Өмірбеков жүргізіп отырды.

Осы баспасөз конференциясында Илья Жақановтың, соның алдында ғана жазған жаңа туындысы – «Даниярдың әні» айтылды. Оны орындаған, консерватория студенті, тамаша тенор Мәдеш Ниязбеков. Сүйемелдеген пианист Семен Бенедиктович Коган. Ілекең ән орындалып болған соң, ән нотасын Шыңғыс Айтматовқа сыйлады.

Сол жылы, көп ұзамай бұл ән қырғыз радиосында қырғыз әншісі Салмарбек Шерәлиевтің орындауында беріле бастады.

«Аңсаған менің әнімсің» спектаклінде Даниярдың ролін ойнаған Арсен есімді актер де жан тебіренте айтқаны сондай, қырғыздар келе-келе оны «Даниярдың ариясы» деп те атайтын болды.

Бір жолы қырғыздың асқақ үнді теноры Тоқтанәлі Сейдәлиев «Даниярдың әнін»  Москва телевизиясынан шырқады. (Т.Сейдәлиев Алматы консерваториясын бітірген, профессор Бекен Жылысбаевтың шәкірті. Кейіннен Кеңес Одағының халық артисі атағын алды. Т.Ә.) 

Айтматов Өзбекстанға барған бір сапарында «Даниярдың әнін» Навои атындағы опера және балет театрының бір талантты әншісі, қарақалпақ жігітіне өз қолымен беріпті.

1964 жылы жаз айында, Алматыда өтіп жатқан Өзбекстанның мәдениет күндерінің қорытынды концертінде, Жұма есімді қарақалпақ жігіті «Даниярдың әнін» Өзбекстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелімен орындап, Қазақстан жұртшылығын таң-тамаша қалдырды. (Өзбектер өз бағдарламасында оны: И. Жаканов. «Менің Жәмилашым» деп жазыпты. Т.Ә.)

Ән бірте-бірте жай орындалып, интер оркестрдің репертуарына өткен. Оркестр дирижері Фарух Садықов: «Илья аға, сіздің бұл арияңыз өзбектің тенорлары мен баритондарының бағын ашты. Олар бұл арияны бір-бірінен қызғанып, таласып орындап өздерінің атағын шығарды. Нағыз бельканто шеберлері әуелететін сүйегі ірі, әуезі, құштар сезімі оттай ыстық, иә, Айтматовтың өзі айтқандай «романтикалық» ария! Композитор Евгений Григорьевич Брусиловский бұл әнді «Ария» депті деген сөзді қазақ дирижерлерінен естідім» - деді, 1998 жылы күзде Шымкентте, Шәмші Қалдаяқов атындағы ән конкурсіне жюри мүшесі боп келіп, танысып, емін-еркін әңгімелесіп, суретке түсіп сейіл құрып жүргенінде.

                   «Бұл ария Итальяндық операдан ба?»

1984 жыл. Қазан айының 17 жұлдызы. Опера әншісі Қанат Құлымжановтың шығармашылық портретін жазу мақсатымен Ілекең әңгіме-дүкен құрды. 

Қанаттың үні сондай жарқын, аса қуатты биік тенор. «Біржан-Сара» операсында Естай партиясын өте сәтті ойнаған сері көңілді, алғыр, алымды әнші.

Сол күні ол әңгімесінің бір тұсында былай деді: «1974 жылдың жаз айында Сирия мен Ливанда болдық. Біздің делегация құрамында – Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, домбырашы Мағауия Хамзин, шағын ансамбль – дирижері Малгаждар Әубәкіров, Бақыт Әшімова, опера театрының екі бишісі – Лора Мәшекева мен Феруза Жолымбетовалар бар.

Қай жерлерде болып, қандай концерттер берсек те Бибігүл Төлегенова «Гауһартас» пен «Бұлбұлын» (авторы Латиф Хамиди), Бақыт Әшімова Біржан салдың «Ләйлімін», «Желбір жекенді», орыс әні «Над полями, над чистымиді», Роза Бағланова Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлымын», «Ах, Самара, городок» әнін, Мағауия Хамзин Огинскийдің «Полонезін» орындады. Ал, мен «Даниярдың әнін» айттым. Аудармашылар ән сөздерін аударып тұрды.

Дамаск қаласында француз телевизиясы келіп, біздің концертімізді сатып алып, киноға түсірді. Сонда бір режиссер, «Бұл ария итальяндық операдан ба?» деп сұрады. Біздің әншілер мен музыканттарымыз бұл сауалға таңғалды: «Бұл біздің қазақ композиторы Илья Жақановтың әні!» деді. Француздар сүйсінген кейіпте бастарын шайқады. «Романтика!.. Романтика!..» деген сөздерді естідім.

Менің бір білетінім – «Даниярдың әнін» лирикалық тенордан гөрі, жо-жоқ, сол лирикалық тенордың өзі-ақ болсын, бірақ ішкі қуаты мығым, әуелеп, өрлей түсетін қайырмасын жан шыдатпас ыстық қуатпен сорғалатып, асқақтата бітірсе кез-келген сахнаның құдіреті ғой-ол! Өзім солай сезінемін. Ағылып жатқан мелодия! Қайнаған сезім, ол! Махаббаты күшті адамның романтикалық шалқуы, аңсауы, аһ ұруы, ол!

Е-е, айтқандай, Асаура деген қалада кеңес инженерлері Евфрат гидроузелін салып жатыр екен. Бұл жердегі концертімізде де «Даниярдың әніне» ұзақ қол соқты.

Осы әнді жазғанда жүрегіңіз қалай соқты екен, Ілаға, а?! Бірдеме деуге тілім жетер емес, Ілаға, а?!.» 

            «Березка» ансамблі билеп жатыр

1974 жыл. Күз айы.

Алматы теректерінен алтын жапырақтар төгіліп жатты. Күз лебі білінді. Сол күні Ілекең үйде Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдап, мүлгіп отырды. Көз алдында клавишке төне түсіп, аузындағы дирижерлық таяқшаны рояль қақпағына тіреп қойып, бар дүниеден оқшауланып, сұрғылт өңі қуара түсіп, ал, ал, енді бірде сол солған реңіне қан жүгіріп, сәл жымиғандай болып, бір армансыз жандай елжіреген Бетховен!

Илья Бетховенге сүйсіне қарады. Шерлі көкірегі толған арман, соната мөлдіреген жайын жас жігіттей жүзі нұрланып, бір тәтті елеске мәз болады өзінше, сүйінеді, емінеді оған.

Бір кезде осы ұйыған тыныштықты шылдырлаған телефон үзіп жіберді елең еткізіп, бұзып жіберді. Есін алған ғажайып суреттен әп-сәтте көз жазып қалды, аң-таң боп.

-Алло!

- Ой, Илюша, это же я ...Алтынбек! Слышишь, а? Поздравляю тебя!.. Ой, сондай укмуш... только начали... открой телевизор... Москва каналын кош! Дереу, давай... давай, быстро, дорогой!

Ілекең сасқалақтап телевизорды қоса қойды. Қолында телефон. 

Алтынбек:

- Көрдің бө? Сениң обонуң «Асылым»! «Березка» ансамблі билеп жатат. Аларға сенин бул обонуңның нотасын былтыр Фрунзеге келип, гастрольде жүргенде мен бергем, Илюша.

«Асылым!..» «Березка» ансамблі толқып жүр мүлде. Биші қыздар лып-лып етіп, сырғиды бір, ұзын шаштары төгіле түсіп.

Алтынбек мәз. Телефонды тастар емес. Би бітті. Жүрек толқулы.

Сол көрініс күні бүгінге дейін тебіренте елжіретеді.

Алтынбек Жаныбеков Алматы консерваториясында Брусиловскийдің класын үздік бітірген аса көрнекті қырғыз композиторы, профессор досы Ілекеңнің!

Алғаш рет «Әселді», одан кейін «Асылымды» тыңдағанда Шыңғыс Айтматов: «Ошол «Асылымды» қайта тыңдалық, а? Бұл обонду тыңдағанда мен емнеге бир «Тополек мой в красной косынке» китебимдеги Кадишанин келбетин көз алдыма келтирем. Өзуң де жакшы айттың, бул обонду Кадишаның образынан жаздым деп. А десе бул жулдыздай жайнаган келинчек кандай сулуу, а? Жаркылдап тур, ал «Асел» болсо, ол армандуу, муңдуу, Ильястын кенен кокурогунуң Ысык колдей толкуган аңсауы, аңсауы, ошол сезимди «Асылым» жеңилдетип тур... а, карасаң болот Кадишаға, а?! Мимолетная любовь! Аның кучун, кубатын кара, а?!» деп тебіреніп еді, осы сөзі қаз-қалпында есіне түсіп, «Асылым» әніне, оны басқа біреу жазғандай сұқтанатыны бар Ілекеңнің.

«Асылымды» қырғыздар өздерінің ән жинақтарына қырғыз әні деп кіргізіп жатады.

Илья Жақанов, «Асылымды» 1993 жылдың ақпан, маусым айларында  Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтардан да тыңдады.

«Жайлаукөл кештері», «Толағай», ГДР сахналарында

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының «Салтанат» ансамблі бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдарда ел аузына ілігіп, шет елдік гастрольдерге де шығып жүрді. Сондай сапарларының бірі – ГДР-да болды.

Бұл жайды өз көзімен көрген, Қарқаралы қаласындағы № 1 орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Роза Әмірина: «1988 жылдың, желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызында, біз ГДР-да, неміс жұртын таңқалдырған концерттерімізде «Жайлаукөл кештері», «Толағай» әндерін жиі-жиі орындадық. Екі әннің нәзік лиризмі немістерді ойландырып тастады. Әндер орындалғанда неміс тіліне қолма-қол аударылып отырды», - деп естелік жазып берді.

 Ол Ілекеңнің архивінде сақтаулы тұр.

                «Нені ойладың?»  Францияда

- 1976 жылы «Салтанат» ансамблі Францияда өтетін 19-шы фольклорлық фестивальге қатысу құқығына ие боды, - дейді Роза Әмірина. 

Біз ол сапарда бір айдай болдық. Фестиваль негізінде Конфолан деген қалада өтті. Оған 22 елден кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымы қатысты. Бұл фестивальді ұйымдастырған фермер Курсаже деген миллионер екен. Мұндай фестивальге қатысу үшін біз өте мұқият дайындалдық. Өйткені, біз тек Қазақстан емес, Кеңес одағы атынан барып едік. Сондықтан да жауапкершілікті жоғары сезіндік.

Біздің репертуарымызда француз халық әндері, орыс әндері, қазақтың әндері мен күйлері бар еді. Осы сапарда Қанат Әділбаева екеуміз Илья Жақановтың, ақын Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазған «Нені ойладың?» әнін дуэтпен орындадық.

Бір қызық жай ойыма оралады. Дайындық аяқталып, енді москвалық комиссияға тапсырарда алты ай дайындалған осы әннің сөзін ұмытып қалғаным да бар. Бірақ, оған қарамастан осы әнді «құлаққа жылы-жылы мелодиясы өте бай» деп алған болатын. Қысқасы, фестивальде елуге тарта берілген концерттердің бәрінде де «Нені ойладың?» әнін орындадық. Халық өте жылы қабылдады. Әннің мәтіні француз тіліне аударылып тұрды.

                         «Еділ-Жайық» Самарада

2008 жылы, қараша айында Орал облыстық мәдениет департаменті бастығының орынбасары, музыкант Марат Қалиевпен сұхбаттасып отырғанда, төмендегі әңгімені айтты:

- Мен Самара қаласындағы мемлекеттік өнер мен мәдениет институтында оқып жүрдім, - деді ол. – Юрий Михайлович Паршин деген деканымыз бар. Өте терең білімді, дүние танымы кең, талғамы биік, мейлінше қатал мінезді жан. Классика мен халық әндерін ерекше жақсы көреді. Эстрадалық музыка мен әндерді жақтырмайды. Осы ұстазымыздың талғамынан шығуға тырысатынбыз. Осы бір қиын жан бір жолы бізге ерекше үйірілді. 1990 жылдың  1 мамыры қарсаңында біз концерт әзірлеп, репетицияда гуілдесіп жүрдік. Концерттің бағдарламасына «Еділ-Жайық» әнін қосып, оны гитар, баян, домбырамен сүйемелдеп айта бастап едік, сондай бір репетицияны байқап қалған Юрий Паршин залға кіріп келіп:

- А ну-ка, что это за песня? – деді.

Біз сасқалақтып, жүрексініп, үндей алмай тұрып қалдық. Ол кісінің ойлы жанарынан бір жылылықты сезінгендей болдық па, «Еділ-Жайықты» сызылтып айта бастадық. Паршин ойлана, қиялға бата тыңдады. Терезеден сыртқа көз салған күйі:

- Это, что, казахская песня? – деді, сол толқыған сезімде, жұмсақ сөйлеп.

- Да, Юрий Михайлович! – деп шу ете түстік.

- Это народная или современная песня? – деді Паршин.

- Да, Юрий Михайлович, современная песня. Автор – Илья Жақанов. Очень популярный композитор Казахстана, - дедім мен.

-А, он казах что ли? – деді Паршин таңғалып.

- Да, он казах, Юрий Михайлович.

-Классическая песня! Хорошо поют казахи! Хорошо! Молодцы! – деп Паршин толғана сөйледі.

Сол күннен бастап біз «Еділ-Жайықты» институт концерттерінде жиі-жиі айтатын болдық. Юрий Паршин бұл әнді тыңдаған сайын бізді рахаттана мақтап жүрді.

Содан арада он сегіз жыл өтті. Оралда бір музыка фестивалі өтіп жатты. Самарадан ұстазымыз Юрий Михайлович Паршин да сол жиынға қатысты. Сол үш-төрт күнде ол кісі барлық концерттерде «Еділ-Жайықтың» орындалуын қиыла сұраумен болды.

          ...Астрахань жерінде

Астраханьда Ақсарай деген жер бар. Бұл Илья Жақановтың ата-бабалары, әкелі-балалы Нәрік пен Шора батыр жайлаған жер. Еділдің бір тармағы Қиғаштың арғы беті. Орыстың белгілі тарихшысы академик Орлов бір зерттеуінде: «Нарик-бай со своими сорококибитичным таминцами переехал с Казани в Аксарай» деп жазды. Осы Ақсарай былқылдап жатқан бір көркем жер. Бұған тиіп тұрған Ганюшкинді Шора өзені қақ жарып ағып жатыр. 

«Еділ-Жайық» әнінің барған жері көп-ақ. Бұл әңгіме соның бірі. Осы Ақсарайда Москваға қарай шыққанда жүз шақырымдай жерде Қарабайлы қаласы бар. Сол қалада Ғайнулла деген кісінің қарындасы Әлия тұрады екен. Әлия қырық жасқа толыпты. Осы қуанышқа орай ағасы Ғайнулла қасында әйелі Нағима және Науқан Байқовты (Ақжайық ауданындағы жұрт оны «Левитан» дейді екен. Т.Ә.) ертіп барыпты.

Әлияның үйінде келісті отырыс болады. Сол жиында жергілікті қазақтар бұлардан «Еділ-Жайық» әнін орындап берулерін өтінеді. Бұлар іркілмейді, әнді айтады. Бір кезде бірге отырған орыс дәрігерлер «Еділ-Жайықты» қайта-қайта айтқызады. Орыстар: «Великолепная песня! Какая широта!» десіп таңғалысады.

Бұл – 2000 жылдың күзінде болған оқиға. Ілекең оны 2001 жылдың 28-ші сәуір күні Ақжайық ауданының Бағдат есімді азаматынан естіді.

                 ...Түркияда

1994 жылдың шілде айында Түркияның Анталия қаласында дүниежүзінің алпыстай елі қатысқан халық музыкасының фестивалі өтті. Осы фестивальда Атыраудың Дина атындағы ұлт аспаптар оркестрі «Гран-При» жүлдесіне ие болды. Осы оқиға жөнінде оркестрдің бас дирижері Рысбай Ғабдиев былай деді: «Фестивальдің соңғы күні қорытынды концертте біздің оркестр қазылар алқасының шешімімен Моцарттың «Түрік Рондосын», Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Серперін» және Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әнін орындады.

                       ...Иранда

Илья Жақанов 1995 жылдың қаңтар айының бірінші жартысында сол елде тұратын қазақтарды зерттеу мақсатымен, Горгон, Бендер – Түркмен, Тегеран қалаларында болды. Экспедиция құрамында – профессор Тұрсынбек Кәкішев, журналист Қоянбек Ахметов және Илья Жақанов бар еді.

Сол күндердің бірінде Горгон қаласында тұратын көшелі, беделді ел ағасы Ақмұрат ақсақал (Ислам Жеменейдің әкесі. Т.Ә.) шәй үстінде:

- Немістермен соғыс кезінде совет жауынгерлері, әлбетте, қазақ  жігіттері «Ақтамақ» дейтін әндерді айтып жүрді. Одан бергі жылдары Қазақстаннан бірер ғана ән жетті-ау, деймін, - деді әңгіме қозғап.

- Қандай әндер? - деді қазақстандық меймандар.

- Е-е, ол әндер - «Әнім сен едің» мен «Әсел» ғой. Көп ұзамай «Еділ-Жайық» деген ән айтыла бастады. Тыңдаймыз, жылаймыз, елді, жерді сағынып.

Тұрсынбек Кәкішев «Еділ-Жайықтың» мән-жайын айтып, Ильяға қайта-қайта орындатты. Ақмұрат ақсақалдың Испахан қаласында істейтін инженер баласы «Еділ-Жайықты» диктофонға жазып алды, көзіне жас толып отырып.

Бұдан соң Ілекең «Дүние» деп аталатын әнін орындағанда бәрі көздеріне жас алып, мүлде езіліп қалды. Сонда Тұрсынбек Кәкішев:

- Ойпырай, мына ән бүгінгі «Елім-ай» ма, құдай-ау? Әй, Илья, осы әніңді жиі-жиі айтшы, айналайын! – деді толқып.

Кельндегі қазақтардың  шырқауы...

2002 жылдың 23 маусым күні Ілекең тіл ғалымы, академик Өмірзақ Айтбаевпен кездесіп, сұхбаттасқанда, Өмекең Германияда Кельн қаласында болғанын, онда Илья Жақанов әндерінің қазақтар арасында айтылатынын сөз етті.

Бұл әңгімеден бұрын ондағы қазақтар шырқап жүрген Ілекеңнің  біраз әндерін Уахап Қыдырханов диктофонына жазып әкеліп, өз кабинетінде («Шалқар» газетінің редакторы еді. Т.Ә.) тыңдатқан-ды. Сол әндердің ішінде есінде қалғаны – «Арқаның аруы», «Жайлаукөл кештері». Бәрі де Қайрат Байбосынов репертуарындағы әндер.

                        ...Голландияда

1995 жылы желтоқсан айында әнші Сәуле Жанпейісова «Окно в Европу»  деген фирманың шақыруымен Голландияда жеке концертін берді. Амстердамда және сол қалаға жақын бір шағын қалада теледидарға түсіп, сол концертте «Еділ-Жайық» айтылды. Домбырамен айтты. Көрермен күшті қабылдады.

Амстердамда Сәуле радиоға жеке концерт берді. (Онда тыңдаушылар эфирде бірге отырады екен. Т.Ә.) Көрермендер сол жерде сұрақтар қойды. Концертті москвалық орыс жігіті, продюссер Максим Шапошников жүргізді.

Сәуле тағы бір қалада «Толағай» әнін айтты.

Германияның Бранденбург қаласында да  Сәуле Жанпейісованың жеке концерті болды. Мұнда да «Еділ-Жайық» пен «Толағай» әндері орындалды.

Мұнымен қоса Бельгияның көптеген қалаларында болып, концерттің бәрі өте сәтті өтті. Онда да «Еділ-Жайық», «Толағай» әндері шет жұртты таң-тамаша қалдырды. 

Сәуле Жанпейісова бұл жолы жиырма күндей концерт берді.

                            ...Түркияда

2009 жылдың маусым айының 12 жұлдызы күні Сәуле Жанпейісова Анкарада, ашық стадионда концерт берді. Онда Сәуле қырғыздың «Сарыби» және Илья Жақановтың «Бозқараған» әнін консерватория студенттерінің оркестрімен орындады. Дирижері Айтқали Жайымов. Ән өте сабырлы темппен шырқалды. Жайымов: «Дәл осы темппен айтса, керемет!» деп тұрып алды.       

                            ***

2003 жылы Сәуле Жанпейісова, сол кездегі Атырау облысының әкімі Аслан Мусинмен, тағы басқа адамдар бар, Астраханьда болып, Володар, Нариман аудандарында концерт беріп, «Еділ-Жайықты» шырқағанда ел ерекше толқып, тебіренгенін сөзбен жеткізу мүлде мүмкін емес.

Бұл – жаз айы еді.

                ...Италияда

Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры, математик, ірі ғалым Кенжеғали Кенжетаевтің естелігі:

- 2005 жылдың қаңтар айында Италияның атақты қаласы Неопольде болдым. Күллі әлем Неополитан әндеріне ынтық. Мұнда дүниені Итальян әнімен таңғалдыратын небір жезтаңдай тенорлар шырқаған. Солардың ішінде «Ұлы Карузо» фильмінде Карузо ролін керемет ойнаған Марио Ланцаны айтса да жетіп жатыр. Жалпы, италияндықтар әнші халық. Жай ғана әнші емес, биік үнді үздік әнші. Тенорлар елі! Олар өзге халықтың әншілерін онша менсіне бермейді. Бізді осы сапар Италияның атақты ғалымы, профессор Джовани Матарацу ерекше ілтипат көрсетіп, жақсы күтті. Жасы алпыстың ішінде. Қағылез, арықша келген, өте сыпайы, мәдениеті жоғары сезімтал жан. Негізгі мамандығы,  математик-механик. Көбіне классикалық әндерді тыңдайды екен. Біз де классикалық музыканы көп тыңдадық. Бір қызықты отырыста мен «Еділ-Жайықты» айттым. Италяндықтар бұл әнге таң-тамаша боп, қайта-қайта тыңдады. Әлбетте, біз әнші емеспіз, бірақ, менің италяндық профессорым Джовани Матарацу «Еділ-Жайықты» терең түсінді. Оның ойланып отырып: «Өте кең тынысты ән. Адам сезімінің шарықтауы! Биік шырқауды керек етеді» - деген сөзі есімде қалып қойыпты.

                    ...Болгарияда

Ақтөбе облысының Алға ауданында Болгарка деген село бар. Баяғыдан болгарлар тұрады. Олардың фольклорлық ансамблін ақтөбеліктер жақсы біледі.

Бір жолы Алматыдан «Қазақ фильм» студиясының режиссерлары осы болгарларға келіп, тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың қазақша сөйлеп, ән салғанына қатты қызықты. Он бес адамнан құралған ансамблі бар екен. Он бес қыз-жігіт! Он бес өнерпаз! Соларды қазақша киіндіріп, Қара Қобда өзенінің жағасына барды. Күн бұлтты, жер тойбатпақ, жаңбыр, қақаған қара суық. Осыған қарамай киноға түсіргенде болгарлар «Еділ-Жайық» әнін қазақша шырқады. Бұл оқиға «Қазақ фильм» қызметкерлерін керемет тебірентті.

Бұл – 1989 жылдың күзі болатын.

                       ...Орынборда

Аслан Мусиннің Ақтөбе облысында әкім боп тұрған кезі. Елеусін Сағындықов облыс әкімінің орынбасары еді. Ақтөбе мен Орынбор туысқан қала ретінде бір-бірімен тығыз байланыста.

1997 жылы Ақтөбенің облыстық мәдениет басқармасының бастығы Еркін Құрманбеков жүз елуге тарта облыс өнерпаздарын басқарып, Орынборға барды. Бұларды орынборлықтар ағаш үйлерге жайғастырып, керемет күтті.

Сол күндері тамаша концерттер өтіп жатты. Қазақтың ән-күйлері. Небір өнерпаздар асқақтата ән салды! Көрерменнің қошеметіне бөленді ақтөбеліктер. Сондай, бір үлкен концертте «Еділ-Жайық» ансамбльмен орындалды. Сол сәтте залдағы жұрт, әсіресе, орыс, қазақ бұл әнге дүркіреп тұрып қол соқты. Қайта-қайта орындатты. Бұлар Ақтөбеге қайтқанша орынборлықтар «Еділ-Жайыққа» таңғалумен болды.

                                                                                                                       05.03.2011 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар