Т.Жармағамбетовтің «Нәзік бұлттар» повесі хақында

134

Т.Жармағамбетовтің «Нәзік бұлттар» повесі хақында - adebiportal.kz

Қазақ топырағындағы аз жасаса да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін суреткерлердің бірі – Тобық Жармағамбетов. Жазушымыздың жарқын бейнесі мен шығармашылық жолы туралы М.Мағауинннің естелігінде әдеби портрет айқын жасалған. «Тобық тым ерте кетті. Отыз тоғыз жасында. Прозашы қаламгер үшін жетімсіздеу. Тымқұрса енді төрт-бес жыл жүрсе керек-ті. ...Данте айтқан «жер ортасы» – отыз үш жас – ойлы адамның не бұдан әрі өрлей түсетін, не кері құлдырайтын межесі. Тобық та осы бетбұрыс, жолайрық кезеңде сынған сияқты. Ең басты себебі, жаңа айтқанымыздай, ұлттық танымның тұсаулы өрісі, саяси-әлеуметтік көзқарастың дүдәмал қалыбы. Біз тым үлкен талап, Тобықтың туа біткен мүмкіндігі тұрғысынан айтып отырмыз. Әйтпесе, барының өзі тәуба дерліктей. Тым олқы емес. «Нәзік бұлттардың» алғашқы жарымы ХХ ғасырдағы қазақ прозасының таңдама беттерінің қатарында; бұл, роман кейіпті хикаят тұтастай алғанда да ескірмейтін, кейін де оқыла беретін сапалы шығарма” [1], - деп баға берілген әдеби портретте Тобық жазушының шығармашылық шеберханасының әлеуеті толық ашылады. Жазушы Алматыдан көшкенмен, қаламгердің жүрегінен “Алматы” көшіп кеткен сыңайлы... 

Шығармашылығындағы өрлеу мен құлдырау кезеңін жақсы сипаттаған М.Мағауин оның да бірнеше факторын бұл естелікте айта келе, “Нәзік бұлттарына” ерекше тоқталады. Алайда Т.Жармағамбетовтің тек аймақтық әдебиеттану тұрғысынан зерттеліп қана жатқаны аздық етеді. Әйтпесе кезінде оның шығармаларын әлемдік деңгейдегі классиктердің еңбектерімен салыстыра пікір білдіргендері де жетерлік. Аңдатпамызда білдіріп өткендей, Тобық жазушының «Нәзік бұлттар» повесі жайында ой қозғауды жөн көрдік. Оның қаламынан туған барлық туындылар нәзік лиризмге толы. Прозадағы ерекше мелизм мен қаламгерлік шабыттың тоғысқан әсерлі сезім сыңғыры, лирикалық авторлық ой, поэзиядағыдай сұлулық жазушының барлық шығармаларына өзек болған. Оның «Нәзік бұлттар» повесі – қазақ топырағындағы ерекше эпикалық баяндау мен лирикалық толғанысқа құрылған повестердің ішіндегі шоқтығы биігі. Аты айтып тұрғандай, повесть – нәрлі нәзіктікке ғана емес, ерен психологияға негізделген шығарма. Сонау 1965 жылдары жазылған туынды болғанымен, өн бойында өзекті үлкен мән мен мағына жатыр. Шығарма сюжеті Алматыдағы оқуынан демалысқа жайлауға келген Теміржанның тебіренісінен басталады. Оның түнмен сырласуы, түн арқылы өзіне ерекше сезім ұялатып, табиғаттан тоят алуы адам мен табиғат арасындағы байланысты күшейте түседі. Оның түнмен сырласуы да жазушы тарапынан әсерлі жеткізіледі. «Аспанда ай жоқ, жұлдыздар самсап тұр. Олардың әрқайсысы қырлы асыл тастай іп-ірі және жап-жарық. Жас жігіт бауы ағытылған жеңіл туфлиін аяғынан босатып, жалаң аяғын құмға тигізіп еді, жер сап-салқын әрі ірі қиыршық құмды екен. «Жұлдыздар сияқты екен» деп ойлады ол құрғақ салқын құм қиыршықтарына аяғын басып, рақаттанып отырып. Ауада жел жоқ болғандықтан және жаздың күндізгі ыстығынан кейін жап-жайлы, нәп-нәзік [2, 5]. Шығарманың алғашқы жолдарынан-ақ ауылға оралған жас жігіттің далаға, туған үйге, түн тыныштығына деген сағынышы мен ерекше әсері сезіледі. Жазушы осы көріністер арқылы Теміржанның нәзік болмысын, балаң тазалығын және рухани беріктігін табиғи түрде аңғартады. Оның түнмен сырласуы, жұлдыздар әлемінен шабыт алуы кейіпкердің қиялшыл, сезімтал әрі арманшыл табиғатын аша түседі.

Түн мен Теміржанды психологиялық параллельде суреттеу арқылы қаламгер бас кейіпкердің ешкімге қиянат жасамайтын, өз мұратымен өмір сүретін кіршіксіз мінезін танытады. Сонымен қатар бұл эпизод Теміржанды балалық шағындағы жарқын естеліктерге жетелеп, оның жан әлеміндегі нәзік штрихтарды әсерлі бейнелейді.«Мына түн. Мына періште түн! – деп ойлады ол еріксіз, - бұл түн кімді болсын есінен адастырады ғой. Әлде менің осындай далада, қала шуынан алыс жерде өткізген алғашқы түнім болғандықтан ба екен, мүмкін емес. Мына жұлдыздарды неге теңеуге болады. Сүзгіге түскен ақ шабақтар сияқты жыпырлап тұр. Жоқ, жоқ, әлсіз теңеу. Миллион сұлудың көз жанарына ма. Жоқ, бұл да әбден жауыр болған теңеу... Бұлардың таза жарқылын еш нәрсеге теңеуге болмайды» [2, 6], - деп келтірілген Теміржан бейнесіндегі осы бір сөздер образдың өңін аша түскендей. Мұндай терең салыстырулар мен лирикалық толғаныстар әр адамның ойына келе бермейді. Олар өзін үнемі танып-білуге, өмірге байыппен қарауға ұмтылатын адамның ішкі дүниесін аңғартады. Теміржан да өмірдің қиын сәттерінде бала кезінде көрген күн сәулесіне шағылысқан су тамшыларының ғажайып көрінісін еске алып, содан рухани күш табады. Жұлдызды аспанды сол нұрлы тамшылармен салыстыруы оның қиялының байлығын, сұлулықты ерекше қабылдайтын нәзік жан екенін танытады. Шығарманың алғашқы беттері тартыстан гөрі лиризмге құрылғандықтан, әр оқырман оны бірдей қабылдай бермеуі мүмкін. Алайда адамдық, адалдық, жан тазалығы мен өзгенің бақытына құрмет сияқты құндылықтарды бағалайтын оқырман үшін бұл шығарма ерекше әсер қалдырады. Теміржанның түнмен сырласуы – оның нәзік те кемел болмысын танытатын көркем психологиялық шешімдердің бірі. Жоғарыда адам психологиясының табиғатпен үндесуі арқылы ашылғанын көрсек, енді жазушы кейіпкердің жан әлемін дыбыс арқылы бейнелейді. Теміржан түн тыныштығындағы сан алуан үнге құлақ түріп, олардың әрқайсысынан тылсым сұлулықты сезінеді. Анасының көсеуінің сыңғыры, әкесінің көмескі дауысы, қойдың шөп үзіп жатқан дыбысы, алыстан естілген түйенің боздауы бәрі бірігіп, кейіпкердің ішкі күйімен астасқан ерекше көркем кеңістік қалыптастырады. Жазушы қарапайым дыбыстарды психологиялық деталь деңгейіне көтеріп, Теміржанның нәзік болмысын табиғи түрде ашады. Шығармадағы дыбыс, түс және кеңістік бір-бірімен тұтасып, оқырман санасында тірі картина жасайды. Бұл – пейзажды жай фон ретінде емес, кейіпкер психологиясын танытатын көркемдік құрал ретінде пайдаланудың сәтті үлгісі. Түн суретінен кейін таңды бейнелеуі де символдық мәнге ие. Жазушы даладағы күннің шығуын ерекше лиризммен суреттей отырып, Теміржанның дүниені қабылдау ерекшелігін танытады. Ол Алматыдағы үйреншікті көріністен өзгеше, шексіз даладағы таңның сұлулығына тәнті болып, табиғаттан өмірдің жылуы мен үйлесімін іздейді. Осындай сәтте оның «неге кинооператор болмадым?» деп ойлануы да кездейсоқ емес. Бұл - сұлулықты көріп қана қоймай, оны өзгелерге жеткізуге деген ішкі ұмтылыстың белгісі. Осы тұста қаламгер табиғатты адам мінезін ашатын бейвербалды психологиялық амал ретінде шебер қолданады. Теміржанның көруі, сезінуі, таңғалуы мен ләззат алуы оның рухани өсуін, дүниетанымының тереңдей түскенін аңғартады. Ал операторлыққа деген ішкі құштарлығы шығарманың идеялық желісімен сабақтасып, Ілия мен Теміржанды дүниені сұлулық арқылы қабылдайтын рухтас екі бейне ретінде танытады. Сондықтан Теміржанның «Мен түн мен таңға бірдей ғашық болдым» деуі оның табиғатпен ғана емес, өмірдің өзімен үндес нәзік жанды тұлға екенін айқындайды.

Енді шығарма сюжетіне оралсақ, Теміржанның мінезі мен жан дүниесінің бір қыры табиғат суреттері арқылы-ақ ашылады. Оқиға оның туған жеріне оралып, айналасына ересек көзқараспен қарап, өмірдің шынайы қиындықтарын пайымдауынан басталады. Әсіресе, анасымен диалогі мен көзінің істен шыққан тракторға түсуі алдағы оқиғалардың негізгі өзегін аңғартады. Әкесі Қуан мен көршісі Үркербайдың су тартатын құрылғы мен тракторды іске қоса алмай әбігерге түсуі ауыл тіршілігінің күрделі жағдайын көрсетеді. Инженерлердің сирек келуі, техниканың жиі бұзылуы ауыл адамдарының тұрмысын ауырлата түседі. Осы көріністер арқылы жазушы кейіпкердің азаматтық көзқарасының қалыптасуына негіз қалайды. Шығарманың негізгі тартысы Теміржан мен Күнсаяның кездесуінен басталады. Даладағы бірсарынды өмір мен күйбең тіршілік Теміржанды жалықтырған сәтте, Күнсая оның өміріне жаңа серпін әкеледі. Ол Теміржанның арманы мен мақсатына қозғау салған рухани күшке айналып, кейіпкердің өз мүмкіндігін тануына, үлкен мақсаттарға ұмтылуына себеп болады. Осылайша, жазушы адамның тағдырын өзгертуге кейде бір ғана кездесудің немесе бір адамның ықпалы жеткілікті екенін нанымды көрсетеді.

Теміржанның ойын трактор, двигатель, тоған, табиғат пен ата-анасының тұрмыс-тіршілігі мазалайды. Осы толғаныстардың арасынан оның өміріне Күнсая жарқ етіп енеді. Бұл жай ғана жігіттік әуестік емес, кейіпкердің бүкіл болмысына әсер еткен терең сезімнің бастауы еді. Теміржан махаббатты өткінші құмарлық ретінде емес, кіршіксіз әрі қастерлі құндылық ретінде қабылдайды. Ол өзгенің көңіліне қаяу түсірмеуге тырысатын, сезімге адал, бірсөзді азамат ретінде көрінеді. Сондықтан шығармадағы Теміржан бейнесі жеңілтек әуестікке емес, адамдық пен асыл сезімді қадірлей білетін парасатты мінезге негізделген.

Күнсаяның Теміржанға назар аудармауы оның намысына тиіп, жігіттің ішкі жігерін оятады. Осы сәттен бастап Теміржан тек өз отбасының ғана емес, ауылдың мәселесін шешуге белсене кіріседі. Оның бұл әрекеттерінің түп-төркіні жай жанашырлықтан емес, Күнсаяға деген сезімнен туған ішкі серпіліс еді. Махаббат кейіпкердің бойындағы күш-қуатты оятып, оны батыл әрекетке жетелейді. Әкесі Қуан мен Үркербайдың істен шыққан құдық құрылғысын жөндей алмай жатқанын көрген Теміржан өз біліміне сүйеніп, қозғалтқышты іске қосып, су мәселесінің шешімін табады. Осы арқылы ол болашақ инженер ретінде қабілетін дәлелдеп, бастамашыл, жауапкершілігі мол азамат екенін танытады. Алғашында оған күмәнмен қараған ауыл адамдары да оның білімі мен табандылығына көз жеткізеді. Жазушы қосалқы кейіпкерлердің мінезін де жақсы ашады. Үркербай сөзге жүйрік, аңқылдақ ауыл адамы болса, Қуан - сабырлы, парасатты, көп сөйлемейтін әке, ал Зиян - еңбекқор әрі мейірімді ана. Анасының қарсылығы да сенімсіздіктен емес, баласына деген алаңдаушылықтан туындады. Ал Теміржан үшін тоған салу тек шаруашылық мәселесін шешу емес, өз қабілетін дәлелдеп, Күнсаяның сеніміне ие болудың жолына айналады. Жалпы, жазушының тағы бір ерекшелігі – адам психологиясын табиғатпен астастыра бейнелеуі. Психологиялық параллелизм арқылы кейіпкерлердің ішкі әлемі шынайы ашылып, олардың адалдық, мейірім, сезімге беріктік сияқты қасиеттері алдыңғы қатарға шығады. Осы арқылы қаламгердің өзі де адам жанының тазалығы мен рухани сұлулығын басты көркемдік мұрат еткенін аңғаруға болады.

Теміржанның ісіне басында анасы мен көршісі Үркербай қарсы болады, осыншама қаражатты, еңбекті босқа құртып, тракторды сындырып, оның бер жағында әкесі Қуанды тақырға отырғызып, сөз еститінін тілге тиек ете отырып, райынан қайтарғысы келіп еді, жігіт-жүрек оларға қарамады, Теміржанның әкесі ғана жас баланың көңілін қалдырмай, «істеп көрсінге» салды. Шынында, біздер, қазақтар, іске жас келсе, «осы не біледі дейсің, мұрынбоқ» деп менсінбей, жолатпай, жастың сағын сындырып, жігеріне құм құямыз. Керісінше, заман оқығандікі, заман жастардікі, күш - жастарда екенін, қазақ жастарының сауатты, білімді, қолынан іс келетін жас мамандар екенін, әрқайсысы өз мамандығын шексіз сүйетін, ісі үшін ішкен асын жерге қоятын жандардың өсіп келе жатқанын жазушы осы Теміржан мен Ілияның бейнесі арқылы көрсетеді. Шығарманың өн бойын қарап отырсақ, Теміржан да, Ілия да – өз саласының шеберлері. Тіпті Ілияның мамандығын шексіз сүйетіндігі сонша, әдемі кадр түсіремін деп оған тас пен ағаш құлап, мүгедек болып қалады, оны алдағы талдауларда айтатын боламыз. Жазушының қазақ жастарының заманауи бейнесін ашудағы тағы бір жаңалығы осы деп білетініміз. «Аспан айналып жерге түскендей. Трактордың темір бөлшектері жанып тұр. Бірақ Теміржан өзін дауыл күнгі толқынды теңізде жүрген бақытты теңізшідей сезінеді. Күні бойы тынбастан істеді» [2, 37]. Міне, осындай суреттеулер мол-ақ. Күннің ыстығына, аптабына қарамай, жанып  тұрған темір-терсекпен жұмыс істеп, топырақты айнадай тазартып, тері ағып, порша-поршасы шықса да, бастаған ісін соңына дейін апаруды ерекше махаббатпен мақсат тұтты. Бірте-бірте Күнсаяның бетін бері қаратып, «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, тоған басына Күнсаяның өзі келіп, ойы өзгеріп, Теміржанмен «адамша» сөйлесе бастады. Екеуі де бірден түсінісіп, алғашында оқу туралы сөйлесіп, одан кейін, өмір, адам, мінез, табиғат, жалпы ортақ тақырыптар төңірегінде сырласты. Ойы дұрыс адамдардың сөзі де дұрыс болады, сөзі дұрыс адамдардың бағыты, ойы, арманы, ойлағаны да дұрыс келеді. Теміржан мен Күнсаяның да бағыты – адалдық, арманы – адамдық, ойлағаны еңбек, оқу болатын. Теміржанның қалада біршама таныстары, соңынан жүгірген бай, ауқатты қыздары көп болса да, шынайы болмысы оны қаламады. Қанша жерден әдемі, ақылды болса да, ол қыздарға бір жүрегі жылымап еді, тартылыс күшіндей сондай бір әлем Күнсаяны көргенде барып «жұмысын» жасап, осы бір сезім оны көкке итермеледі. Теміржан – көріп отырғанымыздай, бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын, қолға алған мақсатын соңына жеткізбей қоймайтын, орта жолда сынып кетпейтін азамат. Күнсаямен ұзақ сөйлесіп, бірнеше ойдың отауында сөз таластырып, пікірлерін айқастырып, бір арнаға тоғыса алды. Сөйлеген сөзі, ойы, пікірі бәрі де шынайы, өзі секілді бейнені, өзі армандаған адамды танып көргендей болды. Жалпы, адамның өзі кейде психолог болып кетеді ғой, тіптен, өз адамын кездестірген кезде де, «менің адамым» деп жоғары жақтан іштей белгі беретіндей. Сол секілді Теміржан қызға бірден бауыр басты.

Осылайша тоғанның ісі алға басып, содан қуат алып, күнделікті жұмысын атқарып жүрген Теміржанның көңілін су сепкендей басатын оқиға болды. Оның тоған салып жатқанын естіп қойғандай, ауданнан төраға мен жалпы ауыл туралы кино түсіруге келген топтың келе қалғаны көңілін түсіреді. Ауданнан келген жандар мыналар еді. Олардың портреті ерекше суреттеледі: «Төрде қақ ортада кеспелтек келген жуан қара отыр. Сақал-мұрты алынбаған екен, онсыз да семіз бетінде ұсақ қара найзалардай түксиіп тұр. Өзін еркін ұстауына қарап, председатель боларсың деп ойлады. Теміржан сосын тағы да сақал-мұртын ала алмай жүргендігі жұмысы көп болғандықтан шығар, үйіне де бір жетіде әрең барады-ау деп ойлады. Ол, көбінесе біреудің кемшіліктерін келеке етіп, соған қарап тез қорытынды шығармайтын, қайта адамдардан көрген кемшіліктеріне себеп іздеуге тырысатын. Оның жанында отырған жас жігіттің қаладан келгені бірден белгілі. Ақ көйлек, қара галстук, қыры жығылмаған, шаң тимеген шағын да әдемі шалбары, бұйралатқан толқын шашы – соны дәлелдегендей. Көзі жайнап, күлімсіреп тұр. Жасы жиырма үштердің шамасында болу керек. Бет әлпеті нәп-нәзік. «Керім сұлу жігіт екен» деп ойлады да Теміржан еріксіз Күнсая жаққа бір қарап қойды. Жүрегінде кішкентай бір қызғаныш оты жылт ете қалғандай. Әлгі жуан қара жұртты қаратып сөйлеп отыр. Теміржанның ұққаны – мына жас жігіт Алматыдан келе жатқан кинооператор екен, осы ауылдың шопандарын киноға түсіріп алуға келген» [2, 65]. Бұл суреттеме – көп нәрсені аңғартатын аңдатпа эпизод. Өйткені, келген председатель тоғанға мүйізденсе, келген оператор Күнсаяға «шүйлігетінін» іштей сезді. Іштей жақтырмаса да, бірдеңені іші сезген Теміржанның қолы жүрмей, көңіл-күйі түсіп, жұмыс жасауға деген ынтасы бірте-бірте өше бастады. Арасында председатель де жекіп, тоған салуына келісім бермей, қарсылық танытты. Әке жүрегі алып-ұшып баласы үшін өзін «кепіл» санап, бір мүмкіндік, бір мұрсат сұрап, оны ауыл ақсақалдары қолдап, ақыры аяғында Теміржанның түсіндіруі арқасында келісім алынады. Осы жерде Теміржан тоған салу технологиясын білетіндігін ғылыми деңгейде түсіндіріп, маман ретінде қаншалықты сапалы болатынын, былтырғыдай емес, дұрыс орнығуы үшін жасалатын әдіс-тәсілдерді алдарына жайып салады. Көңілі бірлегенмен, Теміржанның «мотиваторы» көз алдынан бұлбұлдай ұша берді. Ілия екеуінің машинамен ауылды аралап, қатар жүргенін іштей ұнатпай, Теміржан қатты да қалды. Сірә, жаны нәзік, жүрегі таза болғандықтан ғой, бірден іштей күйзеліске беріліп, шынайы махаббатты жоғалтып алғандай күй кешіп, бір түрлі сезіммен арпалысады. Осы сәттен бастап оның жаны тыншымай, аласапыран күйге түсіп, жұмысынан береке таппай, іштей әбігерге түсті. Шегінерге жол жоқ, бастаған ісін аяқтау керек, оған барлық ауыл ғана емес, председательдің өзі үміт артып, қаншама ағаш, бөрене, қол көмек беретінін де айтып, шабыт берді, алайда бұл жердегі шабыт, Теміржанның «жаны» басқада болатын. Шынында, кейде адамның қолынан келсе де, жолы жүрмей тұратын сәті болады, іштей бірдеңе артқа итеріп, қолыңа әл, аяғына күш бермей, кежегені кері тартқызатын мезеттер де кездеседі. Тап осындай ішкі күйзеліс Теміржанның басынан өтіп жатты. Оны жазушы диалог барысында өте әсерлі сипаттайды. Ілия, Күнсая, шопыр, председатель: барлығы кино түсіруге бара жатқан жолдағы әрекеттер, ым-ишаралар, бейвербалды амалдар – бәрі-бәрі Теміржан образының ашылуы үшін «қызмет» жасайды. Жазушы осы тұста аянып қалмай, Теміржан образын түрлі көркемдегіш құралдармен ашады. Мәселен, Теміржанның Күнсаямен сөйлескісі келіп, оны Күнсаяның «бәрі қарап отыр, артынан» деп жолатпай, сөйлесуге ыңғай таба алмай, шай ішуін сұрағанын, алайда көк түтіндей ызаға булыққан Теміржанның шайға қарамай кетіп қалғандағы сәтін мына бір сөйлеммен береді: «Аллюминий кереуетті далаға алып шығып, сарт еткізіп жайып жіберді де, көрпе-көпшіксіз үстіне сылқ етіп құлай кетті. Үркербай үйінің жанында лапылдап қызыл от жанып жатыр. Оның үстінде шәйнек қараяды. Теміржан өзін қазіргі сәтте сол шәйнектей көріп кетті» [2, 82]. Бұл жердегі синтаксистік параллелизм өте ұтымды кетті. Үркербай үйінің алдындағы от сияқты оның да жүрегі жанып, шәйнек сияқты қарайып бара жатты. Қандай ұқсастық. Осы сәтте Теміржанның күнделікті сыр шертетін түндері, аспаны мен жұлдыздары көзден бұлбұлша ұшты, тіпті ақ төсегі де салынбай, селсоқ жата кетті, романтикаға осылайша бой берілмеді. Теміржанның жаны нәзік болғанымен, қырсық әрі тұйық мінезді. Ол ішкі сезімін ашық жеткізе алмайтын, өзгенің көңіліне қаяу түсіруден қорқатын ұяң жан. Күнсаяға деген өкпесін де сабырмен емес, ішкі күйзелісінің ықпалымен білдіреді. Бұл - оның жасандылықтан ада, табиғи болмысының көрінісі. Күнсая әңгімені жалғастыруға тырысқанымен, Теміржан үнсіздікті таңдайды. Осы тұста олардың арасындағы түсініспеушілік тереңдеп, тағдыр жолдары екіге айырылады: Күнсая Мәскеуге, Теміржан Алматыға, Ілия өз қызметіне оралады. Осыдан кейін шығарма сюжетіне Ілияның келуі оқиға желісін жаңа арнаға бұрып, тартысты күшейтеді. Теміржанның ауылға келудегі негізгі мақсаты – тоған құрылысын аяқтап, әкесі мен ауыл адамдарының үмітін ақтау. Тоған басында трактормен іштей тілдесуі оның жалғыздықтағы жан сырын, қуанышы мен мұңын қатар ашып көрсетеді. Еңбегінің жемісіне риза болған сәттерінде де Күнсаяны ойлап, сағыныш құшағына енеді.

Жалпы, Тобық Жармағамбетовтің кейіпкерлері – саясат пен қатыгездіктен алыс, адалдық пен адамгершілікті өмірлік ұстаным еткен жандар. Теміржан да осы сапардан тек еңбек жеңісімен емес, жүрегіне орныққан нәзік махаббат мұңымен оралады. Осы арқылы жазушы кейіпкердің ішкі психологиялық әлемін әсерлі әрі шынайы ашады.

Даланы, ауылды еске алса да, Теміржанның көңілінен кірбің кетпеді. Соңғы курсында осыншама үлкен іс тындырып, керемет тоған салып, сауатты деңгейде іс жүргізіп, елдің аузын қаратқанмен, оның жаны тыншымады. Оны мына бір ой арқылы байқаймыз: «... Теміржан есіктен басын сұғып, артқа бір қарағанда үй жанында әлі тарамай кішігірім ескерткіштей қақиып-қақиып тұрған адамдарды, күн сәулесіне малынған жазықты, тоғанды, оның жанындағы тракторды шалып қалды. Қоңырқай дала жаздың соңғы күндеріне кеудесін төсеп, жайбарақат жатыр екен. Осы көріністі шолғанда Теміржан кеудесінен әлдебір белгісіз сезімдер лып етіп өте шыққандай болды. Сол көмескі ой мен сол көмескі сезімге ерік бермегісі келгендей ол басын әнтек бұрып, алдындағы таспадай ширатылып жатқан жолға, екі жақта қарауылдай шөгіп жатқан қартамыс төбелерге, әр төбенің баурайында шоғырланып, ақырын жылжып, қалып бара жатқан бұта-шөптерге көңіл аударды. Бірақ, бұл да дала еді. Осы көріністер де оның көңілін түгел сергітіп жібере алмады» [2, 203]. Байқап отырғанымыздай, Теміржанның қаншама істі тындырып, үлкен шаруаның басын қайырып кетіп бара жатса да, көңілінде алаң, белгісіздік қалды. Артқа қараса, өмірінің барлық мезеттері көз алдына келетіндей, ойын да, сөзін де бұрып, Зейнешпен әңгіме айтуға кірісті. Өйткені ол ойдың тұңғиығына батып бара жатты, одан шығарып алатын жалғыз нәрсе – біреумен уақыт өткізу. Осылайша, Теміржан оқуының соңғы мезеттеріне кірісіп, өмірін өзгертуге тырысып, жан бақса да, оның көңілі басқаға алдана қоймады. Өзі сезгендей, жүрегінің бастары шымырлай берді, қанша жерден ұмытуға тұрарлық әрекеттер, жандар, айналадағы адамдар тырысса да, оның тастай, берік, шынайы жүрегі бала секілді алдануға көне бермейтін берік сезімге ұласып кеткен болаттай мықты, тегеурінді дүние еді. Осы мезетке дейін біз Теміржан, Ілия, Күнсая секілді кейіпкерлермен таныс болдық. Үш образ да өзідігінше әдемі, жастыққа малынған, үшеуі де әдемілікті, шынайы махаббатты қалаушы, адал сезімді бойына жинаған жандар ретінде көрінді. Қаламгер осы тұста Шарипаның образын беру арқылы Теміржанның мінезін бізге тағы бір қырынан танытты. Шарипа мен Күнсаяны қатар қойғанда, олардың Теміржанға деген көзқарасындағы айырмашылық анық байқалады. Күнсая Теміржанның көңіл күйін дәл танып, артық сөзге бармай, оны жалғыз қалдырады. Ал Шарипа керісінше, кейіпкердің жан күйзелісін түсінбей, оның өзімен-өзі болуға деген қажеттілігін елемейді. Осы арқылы жазушы екі әйелдің адамды түсіну мәдениеті мен рухани деңгейін қарама-қарсы қояды. Жазушы Шарипа бейнесі арқылы тек өз көңілін күйттеп, өзгелердің жан дүниесімен санаспайтын эгоистік психологияны көрсетеді. Теміржанның жанын түсінетін, рухани демеу болар жанды таба алмауы оның ішкі жалғыздығын тереңдете түседі. Жазушы кей сәттерде адамның айналасынан емес, тыныштық пен жалғыздықтан жұбаныш іздейтінін аңғартады. Алайда Теміржанның осы жан күйзелісін ешкім түсіне бермейді. Сол себепті ол жасандылықтан, мазақ пен үстірт қарым-қатынастан жиреніп, рухани тұрғыдан қажиды. Кейіпкердің осы көңіл күйі мен ішкі толғанысы Ілияға айтқан сөздерінен де анық байқалады: «Жоқ, екеуміздің жолымыз екі басқа. Мен болсам қарапайым ауыл шаруашылық қызметкерімін, баратын жерім – колхоз, совхоз. Ал, ол болса, қалаға үйренісіп қалған. Далаға тұру – оған тым көңілсіз болар еді, сондықтан жанын қинағым келмейді» [2, 208]. Осы бір сөйлемде қаншама идея жатыр. Теміржан Шарипамен арадағы қарым-қатынаста жан үйлесімі, мінез сәйкестігі немесе тағдыр тоғысы туралы ұзақ түсіндірмейді. Алайда оның үнсіз шешімінің астарынан екі бөлек ортада қалыптасқан екі түрлі дүниетанымның табиғи түрде қабыспайтыны аңғарылады. Қала мен дала арасындағы өмір салтының, құндылықтар жүйесінің айырмашылығы олардың рухани жақындасуына мүмкіндік бермейді.

Әдебиетте қала қызының ауылға келін болып, жаңа ортаға сіңісіп кетуі тосын құбылыс емес. Мәселен, Әзілхан Нұршайықовтің “Әсем” шығармасындағыдай, мұндай сюжеттер жиі кездеседі. Алайда Тобық Жармағамбетов бұл қалыпты қайталамайды. Теміржан Шарипаны өз бақыты үшін құрбан етуді қаламайды. Ол мұндай таңдау екеуіне де бақыт әкелмейтінін сезініп, өз тілегінен бұрын өзгенің тағдырын ойлайды. Осы арқылы кейіпкердің адамгершілігі, жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымы айқындала түседі.

Ал Алматыда Теміржан мен Ілияның рухани жақындығы тереңдей түседі. Екеуі де арманшыл, адалдықты жоғары қоятын, өмірге ұқсас көзқараспен қарайтын жандар. Бастапқыда Ілияны жатырқаса да, Теміржан уақыт өте оның адамдық болмысын танып, бақытқа лайық жан екенін мойындайды. Жазушы осы екі кейіпкер арқылы өзара түсіністікке, сенімге және рухани жақындыққа негізделген ер азаматтар достығының үлгісін көрсетеді. Алматыда тоғысқан екі тағдырдың сырласуы шығарманың адамгершілік идеяларын тереңдете түседі.

Күнсаяның Мәскеудегі күндері оқуымен өтеді. Ол музыкалық консерваторияның фортепиано бөлімінде білім алады. Музыкамен ғана шектелмей, мүсін, кескіндеме мен жалпы өнер атаулыға ерекше қызығушылық танытады. Оның болмысы сұлулыққа, нәзіктікке және шынайылыққа құштар, ал жасандылық оған жат. Бұл қасиеттері Теміржан мен Ілияның рухани әлемімен үндеседі. Үш кейіпкерді біріктіретін ортақ сипат - сұлулықты, адамдықты және шынайы сезімді іздеуі. Жазушы осы арқылы уақыт пен кеңістіктің алшақтығы рухани жақындыққа тосқауыл бола алмайтынын аңғартады. Осы сеніммен өмір сүрген Күнсаяға ұзақ уақыттан кейін Теміржан жүрек сырын ақтарған соңғы хатын жолдайды. Оның мәтіні төмендегідей: «Қымбатты Күнсая! Мен сезімімді қанша жасырғанмен, кеудеме сиятын емес. Саған жазып отырған осы соңғы хатымда айтайын дегенім – егер менің өмірімде қандай болмасын жарқын сәулетті кезеңдер болса, сондай кезеңдерді жасай алсам, соның бәрі саған деген махаббатым үшін істелген деп ұғарсыз. Әрине, қазір хат жазудың ең тамаша кезі емес екенін жақсы білемін, бірақ бұл тек бір жас жүректің дірілін білдіріп тыну ғана, дүниедегі ең жақсы көрген адамыңа сырыңды ашып қою. Және сіздің оны көмескі, тұманды емес, анық білгеніңіз дұрыс болар деп ойладым. Мүмкін бұл хаттың жазылуы, я уақыты қате болар. Бірақ, менің жазбауға еш мүмкіншілігім болмады. Бақытты болыңыздар. Ілияға сәлем айт. Айыптама, Күнсая. Дүниеде неше түрлі адамдар толып жатыр ғой. Осы хатты алған соң, оқып, жыртып, өртеп, ұшырып жіберіңіз. Егер жол түсіп, тағдыр айдап, кездесе қалсақ хат туралы бір сөз айтпауыңызды, айыптап қарамауыңызды сұраймын. Тағы да кешір. Теміржан» [2, 226]. Осынша уақыт сақтап жүрген сыр, жүректегі ой, көкейдегі көрікті сезім осы хатпен кешірек ақтарылды. Бұған кінәлі Теміржанның өзі. Осынша уақыт батылдық таныта алмай, өз-өзін жегідей жеп, өзі-өзімен санасып, ақыры аяғында өз ойынан өзі жиреніп, бақытынан бас тарту хатын жазды. Мүмкін, өз бақыты үшін күресіп, Күнсая үшін барлығын жасап, Ілияны басып озар ма еді. Жоқ, оның мінезі мен табиғаты ондай мазасыздықты, астамшылықты, алдын орауды, біреудің бақытын ұрлауды, біреудің көңілімен ойнауды қаламады, осылайша ынжықтық танытты. Бәлкім, ынжықтық та емес шығар, кежегесін осы бір өзінің мінезі тартты да тұрды. Қалай дегенде де, бұл жердегі Теміржанды ынжық, қорқақ, өз бақыты үшін күресе алмайтын, намысшыл, қырсық деп айыптағанмен, осы мінездердің біреуін де көре алмаймыз, ал осы махаббат мәселесіне келгенде, бұл мінездің жалпы атауын адамның көңіліне қарау деп ауыстырсақ қателеспейміз. 

Күнсая да жеңіл ойлайтын, біреу жылы қабақ танытты екен деп, соның ығына жығыла салатын жан емес еді. Теміржанның көңілі бар екенін білді, алайда ол жеткілікті жеткізе алмады, сол себепті ол қыз басымен өзі бірінші бастауға жүрексінген болар, Теміржанның да әрекеті бұлыңғырланып кетті. Теміржан қайтпас қайсарлық танытып, махаббат жолында жанкештілік жасаса, биікке жетер ме еді. Теміржанға мінезі жағынан Ілия қарама-қарсы, керісінше ол өз бақыты жолында барлық кедергіге бой ұрды, соңына дейін барды. Бұған қарап, Теміржан бір істі соңына жеткізе алмайды деген сөз емес, оның бір өзі тоғанды жасап шығару бұл теорияға тіпті де келмейді. Алайда адам мен тоғанды салыстыруға келмес, адамдық тұрғыдан алғанда, Теміржан адам жанын биікке қойды да, адамның өз еркіне салды. 

Сюжеттік желі бойынша Ілия мен Күнсая Мәскеуде кездесіп, қаланың мәдени орындарын аралайды. Күнсая оған жолбасшы болып, өнер әлемімен таныстырады. Осы эпизодтарда кейіпкердің шынайы болмысы толық ашылады. Бұған дейінгі детальдардан оның тәкаппар немесе екі жігіттің сезімімен ойнайтын жан емес екені аңғарылса, енді жазушы оның өнерді жан-тәнімен сезінетін нәзік табиғатын тереңірек көрсетеді. Алғашқы аялдама - Пушкин музейі. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Күнсая үшін музей - жай көрме залы емес, рухани толғаныс кеңістігі. Әсіресе Роденнің «Мәңгі тәңір» мүсіні алдында тұрған сәті оның эстетикалық дүниетанымын ашады. Өнер туындысын көргендегі ішкі күйзелісі мен тебіренісі, ал Ілияның оған тек «жақсы екен» деген тұрмыстық бағамен шектелуі олардың рухани қабылдауындағы айырмашылықты айқындайды. Жазушы осы көрініс арқылы өнердің адам жанына әсерін ғана емес, кейіпкерлердің ішкі әлемін де салыстыра көрсетеді. Күнсая үшін өнер сезім мен рухтың тілі болса, Ілия оған көбіне сыртқы тұрғыдан қарайды. Ол шығарманы бағалай алғанымен, Күнсая сезінген эстетикалық толғанысқа ортақтаса алмайды. Сондықтан Күнсая оның өнерді қабылдауындағы салқындыққа қынжылады. Бұл эпизод Ілия мен Теміржанның айырмашылығын да аңғартады. Теміржан Күнсаяның рухани әлеміне жақын жан ретінде танылса, Ілия өмірге неғұрлым практикалық, реалистік көзқараспен қарайды. Күнсая осы айырмашылықты іштей сезіне бастайды. Өзіне жақын деп жүрген адамның жан дүниесі өзінен алыс екенін, ал шын мәнінде рухани үндес жанның тағдыр тәлкегімен қасында болмай қалғанын түсінеді. Осылайша шығармада тағдыр мен рухани үйлесім мәселесі тереңдей түседі.

Мәскеудегі кейінгі оқиғалар да осы психологиялық алшақтықты толықтыра түседі. Ілия Күнсаямен оңаша қалып, қарым-қатынастарын жақындатуды қаласа, Күнсая мұны өзінің сеніміне жасалған қиянат ретінде қабылдап, оны «алдап соқтың» деп айыптайды. Осы арқылы жазушы кейіпкерлердің әрекетінен бұрын олардың дүниетанымдық айырмашылығын алдыңғы қатарға шығарады.

Күнсаяның жақсы бір қасиеті адамның жан-дүниесін түсіне алуы еді. Ілия барлық жан-тәнімен перронда Күнсаямен қоштасып тұрғанда, адам жанын тебірентер көп нәрсе айтты, іштей қабылдағысы келмесе де, Күнсаяның өңменінен өтті. Қазақ «өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді сүй» деп бекер айтпаған ғой, Күнсая да Ілияны өзін сүйгені үшін ғана сыйлады, екінші жағынан аяды. Міне, перронда жүрегінен ақтарылып сөз шықты. Алғаш рет Күнсая Ілияны осы жерде аяп еді. Аяйтындай реті болды, ол шығарып салғанда, тіпті көзінен тамшылап жас та шығып еді. Әрқашан әп-әдемі күймен, шашын жылтыратып, сықиып жүретін жігіттің көзінен жас шығу Күнсаяға ерекше күй кештірді. 

Сюжет желісі табиғи дамып, шығарманың композициялық тұтастығы бірізді сақталады. Осы кезеңде Теміржан ауылына оралып, бас инженер қызметіне кірісіп, ел өміріне белсене араласады. Ал Ілия бар уақытын сүйікті кәсібіне арнап, шығармашылық шеберлігін шыңдауға ден қояды. Жазушы оның жұмыс үстіндегі толғаныстары мен әріптесімен әңгімесін кездейсоқ енгізбейді. Бұл эпизодтар кейіпкердің мінезін тереңдетіп қана қоймай, кейінгі оқиғалардың бағытын алдын ала аңғартатын композициялық қызмет атқарады. Мұндай тәсіл қазақ әдебиетінде де жиі кездеседі. Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлының “Еңлік-Кебек” шығармасындағы Нысан абыз бейнесі бір ғана эпизодта көрінгенімен, Кебектің болашақ тағдырын алдын ала болжай отырып, шығарманың идеялық жүгін тереңдетеді. Осы сияқты Ілияның тау туралы толғаныстары мен кәсіби қызметіне қатысты көріністер де оның алдағы тағдыры мен рухани биігін ишаралайтын маңызды композициялық тетік ретінде берілген. Ілия – өз ісіне адал, шындықты бәрінен жоғары қоятын принципшіл тұлға. Ол тау туралы сюжетін аяқтау үшін ең қауіпті сәт: жартастардың құлау көрінісін міндетті түрде өзі түсіруді мақсат етеді. Әріптесі басқа фильмнен дайын кадрларды пайдалануды ұсынғанымен, Ілия мұндай ымыраға келмейді. Осы эпизод оның кәсібіне деген адалдығын ғана емес, мінезінің қайсарлығы мен принципшілдігін де айқындайды. Кейін дәл осы шешім оның тағдырын күрт өзгертіп, шығарманың негізгі тартысына бастау болады.

Қызметтік сапармен Мәскеуге келген Теміржан араға уақыт салып Күнсаямен қайта кездеседі. Сырттай бұрынғыдай жылы жүздескенімен, олардың арасында айтылмаған сезім мен үнсіз өкініш сақталғаны аңғарылады. Күнсая Теміржанның алғаш болып шешім қабылдауын күткенімен, Теміржан досына опасыздық жасауды ар санап, сүйген адамының таңдауына құрметпен қарайды. Осы арқылы кейіпкердің адамгершілігі жеке бақытына деген ұмтылысынан биік қойылады. Көп ұзамай Ілия «Таудағы қопарылыс» сюжетін түсіру кезінде ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылады. Осы сәттен бастап шығармадағы психологиялық тартыс тереңдей түседі. Теміржан досының жанынан табылып, оған рухани тірек болса, Ілия сүйген адамын аяушылық сезіміне тәуелді еткісі келмей, Күнсаяның таңдау еркін бәрінен жоғары қояды. Оның «Күнсая. Бақытты бол. Рұқсат. Ілия» деген қысқа ғана хаты кейіпкердің рухани биіктігін, сүйген жанын өзіне байлап қалудан гөрі оның бақытына жол ашуды жөн көретін азаматтық болмысын танытады. Шығарманың шарықтау шегінде Теміржан мен Күнсая арасындағы әңгіме махаббаттан гөрі адамдық жауапкершілік мәселесін алдыңғы шепке шығарады. Күнсая Теміржанға деген сезімін сақтағанымен, Ілияны өмірдің ең ауыр сынағында жалғыз қалдыруды ар-ожданына сыйғызбайды. Сондықтан ол жүрегінің емес, адамдық парызының үніне құлақ асады. Осы шешім арқылы жазушы махаббаттан да биік құндылықтардың: адалдықтың, жауапкершіліктің, жан тазалығы мен адамгершіліктің мәнін терең ашады.

Сайып келгенде, «Нәзік бұлттар» повесі - адам жанын тап басатын нәзік иірімге толы психологиялық шығарма, лиризмге толы адами болмысты сипаттайтын туынды. 


Абдуллина Анар Боранқызы
 

  1. Мағауин М. Тобық Жармағамбетов. Мұхтар Мағауин. Тобық Жармағамбетов 

  2. Жармағамбетов Т. Нәзік бұлттар. – Алматы, 2965. – 293 бет.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan