Қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы Ілияс Жансүгірұлының шығармашылық мұрасы сан салалы. Ол қалам тартқан тақырыптардың ауқымы да кең. Ұлттық домбыра күнінен орай Ілияс Жансүгірұлының күй мұрасын сақтаудағы азаматтық ұстанымын танытатын мақаланы ұсынып отырмыз.
Осыдан 99 жыл бұрын қазақ баспасөзінде ұлттық құндылықтар туралы ірі мәселелер талқыланды. Қазақтың атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан музыка мәдениеті, халық ауыз әдебиеті, салт пен санасы толық талқылау тақырыбына айналып, ой көкпардың Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстар көркін қыздырып жатты. Сондай ірі мәселенің бірін көтерген Ілияс Жансүгірұлы болатын.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында осы бір оқиғаны еске салайық дедік: 1927 жылы 18 шілдеде «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақала жарияланды. Мақала авторы – Ілияс Жансүгірұлы. Бұл – оның ұлттық музыка мұрасына қатысты жазған ең маңызды публицистикалық еңбектерінің бірі. Бұл мақала сол кезеңдегі мәдени өмірдің жай-күйін ғана сипаттап қоймай, қазақ күй өнерін ғылыми тұрғыдан жинау мен сақтау мәселесін алғашқылардың бірі болып қоғамдық деңгейде көтерген тарихи үндеу ретінде бағаланады.
Ілияс мақаласын: «Елде не көп, ән көп, әдебиет көп, күй көп. Бірақ біз ел әдебиетінің, ел өнерінің бәрін жинап жеткізе алмай жатырмыз» деген өткір оймен бастайды. Бұл сөйлемнің өзінен-ақ автордың негізгі мақсаты аңғарылады. Оның пайымдауынша, қазақтың рухани байлығының басты мәселесі – мұраның жоқтығында емес, оны жинап, хаттап, ғылыми айналымға енгізе алмауында. Сондықтан мақала ұлттық мәдениетті сақтау туралы алғашқы қоғамдық манифестердің бірі ретінде оқылады.
Ілияс күйді тек музыкалық шығарма ретінде емес, халықтың тарихи жадының бір бөлшегі ретінде қарастырады. Ол күйдің әрқайсысы халықтың басынан өткен оқиғаларды, елдің тағдырын, белгілі тұлғалардың өмірін, көшпелі мәдениеттің дүниетанымын бойына сақтап тұрғанын терең түсінді. Сондықтан күйдің жоғалуы – бір музыкалық шығарманың ғана жоғалуы емес, ұлттық тарихи сананың бір үзігінің үзілуі деп білді.
Мақаладағы ең маңызды мәселелердің бірі – орындаушылық дәстүрдің үзіліп бара жатқанын көрсетуі. Ілияс атақты домбырашы Тойтанның қайтыс болуын мысалға алып, оның өзімен бірге ондаған күйді о дүниеге ала кеткенін күйзеле жазады. «Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр» деген тұжырым – қазақтың ауызша мәдениетінің осал тұсын дәл көрсеткен тарихи пайым. Автордың айтуынша, күй кітапта емес, орындаушының жадында өмір сүреді. Демек, күйшінің дүниеден өтуі – тұтас репертуардың жоғалуы деген сөз.
Ілияс осы мәселені көтеру арқылы қазақ фольклортану ғылымында кейін негізгі қағидаға айналған тұжырымды ерте айтты: халық мұрасын орындаушы тірі кезінде жазып алу қажет. Кейінгі этнографиялық және музыкалық экспедициялардың барлығы дәл осы ұстаныммен жұмыс жүргізді.
Мақалада ерекше бағаланатын тағы бір мәселе – Ілиястың Александр Затаевичтің еңбегіне берген тарихи бағасы. Ол Затаевичті қазақтың ән-күй мұрасын ғылыми түрде жинауға алғаш кіріскен тұлға ретінде жоғары бағалап, оның еңбегі арқылы қазақ өнері әлемге таныла бастағанын ерекше атап өтеді. Бұл жерде Ілияс ұлт мәдениетін бағалауда ұлттық тар өріске қамалмай, ғылымға қызмет етіп жүрген өзге ұлт өкілінің еңбегін әділ бағалай алғанын көреміз. Сонымен қатар автор тек мақтап қоюмен шектелмейді. Ол Затаевичтің жұмысын жалғастыру қажеттігін нақты ұсынады. Оның пікірінше, қазақтың әні мен күйі бір адамның еңбегімен толық жиналмайды. Сондықтан жергілікті зиялылар, мұғалімдер, газет тілшілері, сауатты жастар бұл іске түгел атсалысуы тиіс.
Мақаланың тағы бір құнды қыры – онда жүздеген күй атауының берілуі. Ілияс Жетісу, Арқа, Қарқаралы өңірлеріндегі күй қорын нақты мысалдармен көрсетеді. Ол тек атауларды ғана емес, оларды орындаған күйшілердің есімдерін де жазады. Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, Манарбек сияқты домбырашыларды атауы – қазақ музыкасының орындаушылық шежіресін сақтаудағы аса маңызды дерек. Бүгінгі күні бұл мәліметтер этномузыкатану ғылымы үшін құнды архивтік материал саналады. Ілияс күйді өңірлік мектептер тұрғысынан да қарастырады. Ол Балқаштың екі жағындағы елдердің бір күйді әртүрлі орындау ерекшелігін көрсетіп, қазақ күйшілік дәстүрінің аймақтық сипатына назар аударады. Бұл – кейін ғылыми әдебиетте қалыптасқан күйшілік мектептер теориясының алғашқы публицистикалық ишараларының бірі.
Автор мақаласының соңында: «Қалайда күй жиналсын» деп қысқа ғана қорытынды жасайды. Бұл – ұлттық мәдениетке арналған азаматтық үндеу. Ілияс бұл сөз арқылы мемлекетке де, зиялы қауымға да, өнер иелеріне де ортақ жауапкершілік жүктейді.
Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, Ілияс Жансүгірұлының аталмыш мақаласы ерекше көрегендікпен жазылғаны байқалады. Егер XX ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың ән-күй мұрасы жүйелі түрде жиналмағанда, халқымыздың көптеген күйлері мәңгілікке жоғалар еді. Кейін ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар, архивтік қорлардың қалыптасуы, халық музыкасын нотаға түсіру сияқты жұмыстардың барлығы Ілияс көтерген мәселелердің өміршеңдігін дәлелдеді.
«Қазақ күйлері жиналсын» мақаласы – публицистикалық шығарма ғана емес, ұлттық мәдени мұраны сақтау жөніндегі бағдарламалық құжаттардың бірі. Ол Ілияс Жансүгірұлының ақындық тұлғасымен қатар, мәдениеттанушы, фольклор жанашыры және қазақтың рухани қазынасын келер ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен ұлт зиялысы болғанын айқын көрсетеді. Сондықтан бұл еңбек қазақ музыкасының тарихын зерттеуде ғана емес, ұлттық мәдени саясаттың қалыптасу тарихында да ерекше орын алады.
