Мұса тойдан торығып қайтты, торықса да бір жалқын сәуле көкірегінде жылт етіп жарық шашып қалды, сол сәуленің жетегінде аяғын жеңіл алып, үйге шаршамай жетті. Талай тойды көрді, талай тойдың көркі болды, бірақ фонограммамен әуен лекіткен әншілерге жетер шама жоқ, тойдың көркі солар боп тұр. Бірақ, қара домбыра өзін жерге қаратқан емес, қос ішекті бипаздап шерткенде жұрт жапатармағай қол соғып, ілуде біреу «Өйда!» - деп даусын шығарып, дем беріп отырады. Эстраданы аңсап отырғандар да табылмай қалмайды. Дүркіреп қол соққанда: «Күйді аңсайтындар бар екен- ау» деп іші шым ете қалады. Әйтсе де, соңғы отыз жылда сырдаң тартып, ел алдына сирек шығатын болды, мемлекеттік концерттерге күйші бар-ау деп шақырмайды, қобыз бен домбырада өгей баладай мұң бар. Күйсандық пен саксофон, сыған домбыра-гитар мен дүрсілдеген барабаны бар концерт ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып жүр. Өзі көбіне сырқат зайыбының қасында отырады, дәрі-дәрмегін беріп, елу жылдан бергі серігінің қамын жасап, сол күліп сөйлесе, көңілі тоғайып, қабағын түйсе, жүрек тұсы мұздай боп жүрген жайы бар. Арагідік барған тойдан да шаршайды, бәрі жапатармағай сөзжарысқа түседі, сөз шіркіннің обалын ойламайды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтін ілуде біреу көзге түсіп қалады. Ал, әлгі кісінің аты-жөні кім екен, қарттыққа бет алған қырма сақал. Даң-дұңнан аты-жөнін де жөндеп ести алмады, той иесінің құдасы әлде нағашысы ма, не де болса салмағы бар сырбаз адам, сөзді де алғашқылардың бірі ғып берді. Салбыраған гүлді галстугі де өң-жүзін әспеттеп тұр, әйтеуір қара жаяу емес, атқа мінген біреу, әйтпесе билікке жақын әлдекімнің жамағайны. Сөз саптасы соған келеді. Мұса «Төремұратты» тартып болғасын сол кісі ортаға шығып, тілегін айтып болып, күйшіге ауысты.
- Осы біз қызықпыз, - деп сөз тиегін ағытты. - Енді домбыраға тиісуді бастадық. Домбыраны самолетке алуға болмайды екен. Ол не, өткір пышақ па, жарылғыш зат па? Неге сыған домбыра-гитарды алуға болады? Харамның нағыз өзі сол емес пе? Оу, бұл Құрманғазы мен Дәулеткерей, Дина мен Тәттімбет ұстаған киелі дүние емес пе? Олар домбыраны иен далада арқасына асып, аялап алып жүрген. Оған ешкім де тыйым салмаған. Бұнымен депутаттар айналыссын, ендігі сөзді соларға қалдырайық. Ал, менің айтарым – домбыра мен қобызға ешкім де бөгет бола алмайды. Ол екеуі самолетсіз де күнін көре алады, - деп иығы қайқаң етіп, сөзін әрі жалғады. - Мына жігіттің есімі Мұса, танып тұрмын, жаңа «Төремұратты» тартты. Оу, бұл күйдің қиыны да күрделісі ғой. Мен қолыма домбыра ұстап көрмеген қазақпын, бірақ күй атаулыны ажырата білем. Бұл күйді екінің бірі тарта алмайды. Есіме түсіп отыр, студент кезіңде, бір отырыста осы күйді «вальс королі» Шәмші саған жеті рет тартқызғаны. «Құмарым қанбай отыр, тағы бір тартшы», - деп жетіге дейін жеткізді. Сосын «Енді әйел, бала шағамызға барайық», - деп сол әсермен үйді-үйімізге тарадық. Оған да жылжып отыз жыл өтіпті. Сол күйдің күмбірі әлі көкірегімде сорғалап тұр. Жұрт «Адайды» қуып тартады. «Адайды» қуып тартуға болмайды, ол маңғаз даланың өр үні. «Адайға» бап керек. Інім, «Адайды» бір тартшы, - деп Мұса отырған үстелге қарай саусақ ұшын шошайтты. - Келе ғой, інім.
Жұрт жым-жырт, шанышқының шықылы мен тәрелкенің тықылы сап тыйылды. Мұса сырқат зайыбына асығып, топтан сытылып кетсем бе деп отыр еді, тосын сөзді жерге тастамай домбырасын әлпештеп ұстап, ортаға шықты да, егделікке берілмей әлі де тіп-тік боп тұрған кісінің қасына келді.
- Ал, баста, - деді.
Күйдің бір туғаны болса да, мына кісінің алдында қипақтап қалды, сосын қос ішекке саусақ тигізіп, желдірте жөнелді. Асықпай бап іздеді, «қуып тартады» деген қасында тұрған кісінің аузынан шыққан сөз ызыңдап құлағынан кетпей қойды. Қос ішекке баппен дем беріп, ширыққан саз өз-өзінен лекілдей төгілді. Күй біткен кезде орнынан тұрып, жұртқа басын иді.
- Тұра тұр, - деді мына кісі оң қолтығынан алып. - Асықпа. Көрдіңіздер ғой, «Адайды» осылай тарту керек. Асып-саспау керек, ел мен жердің мінезін көрсету керек. Ал, енді мына жігіттің көкірегіне қараңыздаршы, тап-таза, бір төсбелгі жоқ. Көкіректің таза болғанына не жетсін! Сені, сол «Төремұратты» тартқалы бері, ұдайы сыртыңнан бақылап жүрем. Қазір алпысты иектеп қалдың, үкіметтен әлі бір алғыс алмапсың. Солай ғой? - дегенде:
- Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медалім бар ғой, - деп жіп-жіңішке даусымен шынын да, сырын да айтып салды.
- О-о, үлкен марапат алған екенсің, ол бәрімізде бар, - деп миығын тартты. - Осы біз неге «Парасат» орденін парасаты жоқ адамдарға береміз, мысалы, - дей бергенде:
- Аға, мен асығыс едім, келініңіз сырқат еді, - деп оң қолтығынан алған кісінің қолынан сытылып кетті. Ол сөйлеп қала берді. Сөйтіп, өзінің жетпіс бесі мен әйелінің жетпісін қосып өткізген той иесіне асығыс екенін айтқанда, ол қалтасына қолын салып: «Таксимен қайтыңыз», - деп умаждалған он мың теңге ұстатты. Көңілшектігіне салып, қолын қайтармады. Жүргінші жолымен қайтып келе жатқанда: «Бәрі осы ма?» - деп көңіл шіркін өзіне сұрау сала берді. «Менікі осы «қатын ауру, бала жас, келі түйіп жатырмынның» кері ғой», - деп тағы бір тоқтады. «Күй тартып, жұртшылықты дүр сілкіндірсін де» деп біреу арқылы сөз салып еді, береген емес, суық қол екен. Мейлі, бұйырғаны да, фонограммамен шырқап, миллион сұрайтын әнші емеспін, менің сенгенім – қара домбыра. Қол-аяғым аман болсын. Маған әлгі кісінің айтқан сөзі миллион сомға татиды, домбыра ұстап көрмеген адамнан мұндай сөзді бірінші естуім. «Парасат» орденін парасатты адамдарға беру керек», - деп бастай бергенде... сірә, анау атақты драматург кісінің айтқан сөзін қайталағысы келді-ау деймін. Сол жиналыста мен де болғанмын, салтанатты жиында шақырумен бір күй тартқанмын. Сол жолы ұят-ақ болды, бірақ дәл тигізді. Сол кісі айтқанын дәл тигізетін мерген ғой өзі. Қитұрқы қылығымен аты шыққан коммерсантқа «Парасат» орденін таққан мәдени мекеменің басшысы: «Қалеке, «Құрмет» орденін тақтыңыз, бір ауыз лебіз айтсаңызшы», - дегенде, «Мен не дейін, жұрт көріп отыр ғой, кімде құрмет жоқ, кімде парасат жоқ екенін», - деді де, мінбеден түсе берді. Жұрт ду қол соқты. Қара тобырдың қолынан қол соққаннан басқа не келсін...».
Мұса үйіне жақындап қалды. Зайыбына домбыра туралы естіген жақсы сөзін жеткізіп, ауру көңілді бір ауыз жылы сөзбен емдеуге асығып келеді. Зайыбы кітапханашы еді, бір жыл болды, екі аяғын әрең басып, қолтықтап жүретін халге түсті, әйтеуір тілі бар. Жақсы сөз естісе жадырап қалады, газет-журналға көз жүгіртіп, бұрынғыдай кітап «кеміре» алмайды, «жанарым бұлдырап, талып кетеді» дейді. Мұсаның жақсы сөзін естуге жолын тосып отырады.
Құлыпты екі бұрап, есікті ашты. Жым-жырт. Дәліздің шамы жанып тұр. Жатын бөлме көлеңке, жақындай бергенде еденде қырынан түсіп құлап жатқан зайыбын көрді. Ол күйеуіне қарап сұқ саусағын әрең көтеріп, ерніне тигізді, сосын құлағын көрсетті. Бұл – «айтар сөзің болса айта бер, тыңдаймын» деген белгісі еді. Балалығы бойынан кетпеген сәби көңіл Мұса не істерін білмей аңырып тұрып қалды да, еркектікке салып, екі қолтығынан алып, елу жыл отасқан жарын әрең көтеріп, төсегіне жатқызды. Ол төсекке жатқасын сұқ саусағы дірілдеп, бозарып кеткен ерні мен сырғасы жоқ құлағын көрсете берді. Біраздан кейін тілге келді.
- «Сарыжайлауды» тартшы, - деді күбірлеп.
Мұса әп-сәтте мүсәпір боп қалған серігінің айтқанын екі етпеді, домбыраны алып, Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» шертті. Дариға дірілдеп, сәл басын изегендей болды да, көзін жұмды. Сарыжайлау дәурен өздерінен алыстап бара жатқанын сәби көңіл күйші сезе қоймады, өзінің ақ ниет, әпенді қылығына салып, домбырасын шертіп болды да, көзі жұмылған зайыбына: «Болды, бүгінге жетер», - деді. Ол да: «Болды», - деп күбірледі. «Осы мен неге жедел жәрдем шақырмаймын?» Зайыбының бозарып кеткен өңіне қарап тұрып, қалта телефон ұстамайтын басы қалалық телефонның құлағын көтерді. Асып-сасып 03-ті теріп еді, зың-зың еткен дыбыс қайталана берді. Көз алдына көшеде бәрін басып озып, ысқырып бара жатқан бүйірінде 103 деген жазуы бар томпақ мәшине елестеп кетті де, 103-ті терді. «Скорый», - деді қыз дауыс. Бұл мекен-жайын айтты. «Что случилось?» - дегенде, не дерін білмей: «Тежело, тежело», - деп орысшаны белін майыстырып қайталай берді, соңын: «Очень тежело», - деп бір-ақ қайырды. Жарты сағатқа жетпей аққа оранған бір жігіт пен бір қыз жетіп келді. Тамырын ұстап, жүрегін тыңдады, көзін ашып, қарашығына үңілді.
- Жағдайы критический,- деді еркегі шорт кесіп. - Ауруханаға алып кетеміз.
- Тірі ме? - деді Мұса.
- Жағдайы ауыр. Комаға түскен.
Еркек дәрігер ортасынан бүктеулі былғары зембілді алып кеп бүктеуін жазды да, қимылсыз қалған Дариғаны салып ап зембілдің алдына түсіп, есіктен шыға берді.
- Мен не қыламын? - деді Мұса әбіржіп.
- 6-шы ауруханаға келіңіз. Дайындықсыз болмаңыз.
Екі ақ желең міндеттерін өтеп, әйелді алып, еркекті тастап, томпақ мәшине ысқырығы жер жарып жүйткіп кете берді.
«Ертең тәуелсіздік күні ғой» - деп күбірледі Мұса томпақ мәшиненің соңынан телміре қарап тұрып. - Бұл қалай болды өзі? Дариға қайда кетіп бара жатыр? Жаңа ғана «Сарыжайлауды» тартқанда басын изегендей болып еді. Сарыжайлау дәуреннің біткені ме?» Талантты адамда туыс аз, дос сирек. Сырын жасырмай айтып, анда-санда хабарласып тұратын, аға тұтып жүрген ауылдас кісіге телефон соқты. Ол да қалта телефон ұстамайтын біреу. Зың-зың еткен жіңішке дыбыстан кейін: «Иә» деген қарлығыңқы дауыс шықты.
- Қадеке, келініңізді алып кетті. Жағдайы нашар дейді. Мен сенбей тұрмын. Жаңа ғана «Сарыжайлауды» тартып бергем...
- Дәрігер кеп алып кетті ме?
- Иә, зембілге сап алып кетті. 6- шы бәлниске...
Дариғаның сырқатынан хабардар кісі алқынып тез-ақ жетті.
- 6-шы аурухана дедің бе?
- Иә... - Мұсаның даусы әрең шықты.
Такси ұстап, екеуі 6-шы ауруханаға жетті. Бас дәрігердің орынбасары анығын айтты. Кеңейген жүрек талмасы. Палатаға кіргізе бергенде жүріп кетіпті.
- Өлім туралы анықтаманы дайындап жатырмыз. Мәйітті ертең аласыздар, - деді аспай-саспай.
- Ертең тәуелсіздік күні емес пе? - Мұса жіңішке даусымен жабығып тұрып тіл қатты.
- Өлім ештеңеге қарамайды, - деп көргені көп жанашыры әбіржіп тұрған жігітке одырая қарады.
***
Кешке таман Мұсаның қоңыр телефоны шыр етті.
- Мұса, саған «Барыс» ордені беріліпті ғой. Екінші дәрежелі. Жаңа ғана «Хабардың» соңғы жаңалықтарынан айтты. - Жанашыр ағасының даусы жарқын шықты. - Музыкаға сіңірген еңбегі үшін, - деді. Ол жақта біреуің бар ма еді?
- Қай жақта?
- Өй, сен де бір... Жақсы, қазір жетем. Ақтықты дайындайық, қызыңды шақыр, үйдің ішін тазалап қойсын.
Мұса жүрек тұсына қол тигізіп отырып қалды. «Жаңа жанашыр көкем не деді? Бұл не сөз? «Барыс» дейді, қайдан келген барыс? «Ол жақта біреуің бар ма еді?» - дейді. Менде домбырадан басқа не бар?» - деп аң-таң қалып тұрғанда қоңыр телефон тағы да шыр етті.
- Бұл қалалық әкімшіліктен. Ертең сізге «Барыс» орденін тапсырамыз. Сағат 10-да Достық Үйіне келіңіз. Кешікпеңіз.
- Менің әйелім о дүниелік болды. Ертең жаназасы.
- Жаназаны кейінге қалдырыңыз. Салтанат тәуелсіздік күніне орайластырылып отыр. Тағы хабарласам.
Екі жақ та жым-жырт қалды. Мұса аспаннан түскендей аң-таң..
Әкімшіліктің дегені болды. Мәйіт үйге бір түнеп, Кеңсайдан мәңгілік мекенін тапты. Мұса кеудесіне ілінген сегіз бұрышты дөңгелек марапатты таққан күйі мең-зең күй кешіп жүр. «Осыны Дариға көрмей кетті-ау», - деп өксіп те алды. «Жұрт көрсін, қара жаяу емес екенімді білсін», - деп әпенді көңіл өзін-өзі қатайтып та қойды. Көргені көп жанашыр ауылдасының «Ана жақта біреуің бар ма еді?» - деген сөзі де құлағынан ызыңдап кетпей қойды. «Менде қара домбырадан басқа не бар?» - деп өз-өзіне жауап берді де, кешегі тойда «Адайды» тартқызып, парасат туралы сөз айтқан кісі көз алдына кеп тұра қалды. «Не де болса бар бәле сонан келді-ау деймін, аузы дуалы, жоғарыда сөзі өтер біреуі бар шығар. Не де болса өнердің жанашыры...».
Кеңсайға мәйітті жерлеп, құран бағыштап, ас бермекке «Жұлдыз» мейрамханасына кіре бергенде, қарсы алдынан шыққан әнші жігіт: «Жеңгейдің арты қайырлы болсын!» - деді де: «Барысыңыз» құтты болсын!» - деп кеудесіне көзін сата қарады. «Мынау маған көңіл айтып тұр ма, құттықтап тұр ма?»
Жұрт жайғасып, марқұмның жақсы қасиеттерін айтып жатты, әсіресе көз көргендер кітапқұмарлық қасиетін ерекше бағалады, тағы біреу: «Дәл тәуелсіздік алған күні жарынан айрылып, кеудесіне «Барыс» орденін тақты», - деп айтып салды. Мұсаның бала көңілі тағы да босап кетті. «Осыны Дариға көрмей, мына жұрт көріп отыр ғой». Әлгі біреу әлі сөйлеп тұр. «Мұсадай дәулескер күйшіге осы марапат әлдеқашан берілуі керек еді», - деп сөзін аяқтады. Мұсаның көзінен бір тамшы жас ыршып кетіп, басын төмен игенде сегіз қырлы марапаттың бір ұшы жасқа малынды. «Осыны тақпай-ақ қойсам қайтеді», - деп түйреуішінің ұшын іздеп түртінектей бергенде қасында отырған жанашыр көкесі шаңқ етті.
- Қолыңды тарт! Қатыны өлген жалғыз сен емес. Жылама! Тиме «Барысқа!»
Жүрегі жаралы Мұса қолын тартып ап тіктеле қалды. Көңіл айтқандар сөз шіркінді түйдек-түйдегімен боратып жатыр.
Есіктен екі күн бұрын «Төремұратты» тамсана тыңдап, «Адайды» тартқызған кісі тіп-тік боп кіріп келе жатыр. «Бұл қайдан жүр? Өлімнің хабарын кімнен естіді екен?» Кешелі бергі елес тірі сұлбаға айналып, дегбірі кеткен күйші бір отырып, бір тұрды.
