Аралқұмның айбары, талайлы тағдыры

148

Аралқұмның айбары, талайлы тағдыры - adebiportal.kz

(Жазушы Қуаныш Жиенбайдың  «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романы төңірегіндегі ой- толғам)

Жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты кітабы –биыл «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауы аясында жарық көрді (-Алматы, 2026. – 288 бет).

Романның мазмұн-құрылымы – он сегіз шағын бөліктерден (тақырыптардан) тұрады. Әр тақырыптың атауы қарапайым қойылғанымен, бекет бойындағы адамдардың өмірі мен еңбек жолындағы бітім-болмысы, қарым-қатынасы мен  айналаға көзқарасы, дүниетаным арналары, кәсіп-дағдысы, тұрмыс-тіршілігі, отбасылық ахуалдары кең көлемде және нанымды штрихтармен айшықты суреттейді.  

Анығында, романның бастапқы бөлігі мен соңғы беттеріне дейін – Байқоңыр космодромына жақын орналасқан Аралқұм бекеті, бекеттегілердің таң атқаннан күн батқанға дейінгі күллі тіршілік тынысы – темір жолмен тығыз байланысты.  Ары-бері тынымсыз жүйткитін  пойыздар, оған мінетін Һәм түсетін жолаушылар, олардың бір-бірімен адами қарым-қатынасы, бәрі-баршасы  ұзыннан ұзақ созылған теміржол бойында өрбиді. Алғашқы тараудағы («Ұтыс пен ұтылыс») Бетбақдала көріністері, табиғат құбылыстары, аң-құстар әлемі, ең аяғы көп көңіл аудара бермейтін құм кесірткелерінің өзіндік тіршілік қаракеттері де романды одан әрі індетіп оқуға итермелейді . 

Бетпақтан бағалы металл сынықтарын жинаушылар – Өтеміс пен Теңізбай Арал теңізінің тартылуына байланысты Төретамдағы қазақтар қоныстанған қыстаққа таяуда ғана көшіп келген. Елге белгілі ескі әуен – жұмыс жоқ, екі қолға бір күрек табылып жатса айдаладан сабылып, металл сынықтарын жинап, не бастарының іскені. Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов теміржолшы мамандықтарың жоқ деп, тағы да толып жатқан сылтаулар айтып, оларды депо маңына жолатпайды. Жанама кейіпкерлер санатында болғанымен Өтеміс  өмірдің ащы-тұщысын татқан, жинақтаған тәлім-тәжірибесі бар, әтібірлі азамат. «Өтеміске теңіз қайта айналып соғатын секілді болады да тұрады» (9-бет). Төретам туралы да өзіндік байлам-түсінігі ерекше.  «...Төретам – Сұлутам депосына қарайтын іргелі бекет. Әрине, Аралқұм бекетіне шөптері түскенде жайлырақ болар еді. Қайран, Аралқұм! Аралқұмға кез келгеннің қолы жете ме? Атақты Аралқұм бекеті теміржолшы мамандығы жоқтарды маңайына жолатпас. Бұған келгенде Аралқұмыңыз кез келгенге ашыла бермейтін алтын сандық. Оның кілтін тапқанша өзіңнің де саудаң бітер...» (10-бет). 

         Өтеміс пен Теңізбай Байқоңыр космодромынан қанша спутник ұшқанын, Бетбақтағы металл сынықтарының мән-жайын, оларды аяғын жерге тигізбей сатып алушылардың көптігін жақсы біледі. Олар қалай дегенде де, космодромның жабық занасында емін-еркін шапқылап жүр, бұл территорияға тірі пенденің жүріп-тұруларына  рұқсат жоқ.  Әскери тәртіп. Түптеп келгенде олардыкі қып-қызыл қылмыс. Төбелерінен кірпік қақпай бақылаған тікұшақтағылар жеңіл-желпі ескерту жасаса да оларға тым  ащулы қабақ танытпайды, қалайда жергілікті халыққа деген аяушылық сезімдері басым.  Бірақ олардың бірде болмаса бірде абыройсыздыққа қалулары мүмкін, жабық зона екі аяқтыларды бүйтіп сайраңдатып қоя алмайды. Ақыры бала-шағаларына нан пұлдық жұмыс болса да, мыналарды жұмысқа қабылдаңыз деп, Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақовқа  төтенше пәрмен береді. (25-бет). 

Біреудің бөгде сөзін көтере алмайтын, көкірегі өскен Аспандияр күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. «Төретамдағы екі кісіні жұмысқа қабылдайсың!» Бұл не пәле, әркім бүйтіп дікектей берсе бастықтың не абырой-беделі қалады? (27-бет).  Ситуация одан әрі шиелініседі.  Бір сөзбен түйіндегенде, алғашқы тарау осындай толғаныстарымен оқырман есінде қалады.

«Поезд тоқтамайтын бекет» атты бөлікте «Аралқұмның отымен кіріп, күлімен шыққан» қарт теміржолшы – Мөңкебайдың адами әлемі, таным-түйсігі, теміржолдың қос рельстей қатар өрбиді. Байырғы теміржолшыға - Аралқұм, Бәйгеқұм, Жеңішкеқұм, Қарақұм, Қызылқұм... өңшең құм суырған өңірдің барша тыныс-тіршілігі жадындағы жазулы хаттай таныс. Қалай дегенде де осы бекеттерден гөрі өзінің туған жері—Аралқұмы мың мәртебе артық және оған көзінің тірісінде инедей жамандық келтірмеуге тырысады.  Тіпті түн ортасында дөкей екендігіне қарамай, Аспандиярға телефон шалып, «...108-составтан жол бойы шүмектеп шикі мұнай ағып келеді, товарный Аралқұмнан аттанды»,--деп ескерту жасайды. Осының бәрі теміржолшыға тән адалдықтың, азаматтықтың белгісі (31-бет).

Қарт теміржолшы – Мөңкебай біртоға, салмақты жан. Бірақ туабітті мінезі мазасыз, қам-қарекетсіз отыра алмайды (36-бет). Кезекшілікте тұрған Үмбетбайды ұйқыдан оятып алады. 7-ші пойыздың Аралқұмға неге тоқтамайтындығын, жарықтың себепсіз сөнуін кезекшінің аузынан естігісі келеді. Біраз жайдан қаныққан соң былай дейді: – Саған айтар тапсырма мынау, бүгіннен бастап, сарғыш жалаушаңды ұстап, 7-ші өтіп кеткенше перронда қақшиып тұруды тоқтатасың!..Үнемі бас шұлғитын мақұлдың адамы емес, біздің де бір дүңк етер мінезіміз барын Аспандияр  білсін!»,--деп түпкі ойын, мақсатты ұстанымын батыл жеткізеді (40-бет).  Бұдан, әрине Мөңкебайдың  турашылдығы, бастықтардың дегендеріне көне қоймайтын батылдығы, теміржолшыға тән қайсарлығы аңғарылады. Өз кезегінде: «Артыңда бір қауым ел - аралқұмдықтар тұрғанын ұмытпа! Сені жау қолына беріп қойып, қарап отырады екен деп ойлама!- деп түпкі ойын да бүкпесіз жеткізеді (40-бет). Мөңкебайдың мұраты да, көптің қалауы да осы әділдікке келіп саяды.

Романдағы – «Мать Тереза», «Реніш», «Дрон, дрон...», «Ереуіл сенің неңді алған...», «Иман гүлі өскен өңір», «Құмдағы жойқын жарылыс», «Айқай», «Ақ бота», «Тосын шешім» атты тараулардан  яғни, шығармада анық аңғарылатын басты байламдар: еш өңірге ұсамайтын Аралқұм әлемі, оның адамдары мен бекеттегі қайнаған тіршілік ауаны, билік өкілдерінің, тіпті әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алған алдыңғы қатарлы дамушы елдердің дүниежүзілік сайтқа түскен космодром іргесіндегі қазақтар өмірінен хабардарлығы кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов пен байырғы теміржолшылар – Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай және олардың ұрпақтары – Арманжан, Мұратбек, Жасарал, Қанағат... т.б. бекет бойындағы бірлік-берекесін бекітіп, тұрғындар арасындағы қарым-қатынас сырын ашып, өмірдің беталыс-бағдарын айқындап,   уақыт талабына сай ілгерілету ісінде аянбай еңбек етіп келеді.

«Реніш» – депо бастығының (Аспандияр Нұрмақов) күйеу баласы Жарылқасынның әлденеге абыржып, тым мазасызданған сәтімен басталады. Романда депоның ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне жауапты - Жарылқасынның өмірбаяндық деректері, отбасылық ахуалы да кең тынысты орын алған. «Жасырын аралдағы» - Жарылқасынның аң атып, балық аулайтын кездері... «Жоғарыдан келген шенділерге» ел-жерді, табиғатты тамашалатып, өзі де сауық-сайранның бел ортасында жүруге бейімділігі көп жұрттың көңіліне қаяу түсіретіндігі анық (160-бет). Жазушы оны құрғақ суреттемей, сан-түрлі деректермен оқушының көз алдына жанды бейненің түр-тұлғасын дөңгелетіп әкеледі. Дәмелі «... күйеуін» тінтіп-тексеріп, сыртынан адам салып, аңдып жүретін тайыз түсініктің адамы емес. Тіпті, оның «қайда болғандығын, не істеп, не бітіріп жүргендігін де сұрамайды» (160-бет). 

Сұлутамдағы  еңселі коттедждің бірі Аспандиярдікі, екіншісі Жарылқасынға тиесілі.  Күйеу бала Аспандиярға әбден арқа сүйеп кеткен. Жалақысы да жоғары. Ендігі жерде оның барлық арман-мақсаты, Шөмішкөлдің кварц құмының қызығын көру.  Мына ғажапты қараңыз,  бұрын лүп еткен желмен есік-терезені басып тастайтын үрме құмнан зәрезап көрген қазақтар енді құмға зәру.

Ал, үш қабатты  еңселі коттеджге келіп, Аспандиярды бей-берекетсіз аянышты халін көргенде, Жарылқасын біреу үстіне бір шелек мұздай су құйып жібергендей шошып кетеді. Неге? Күні кешегі оңашадағы әңгіме, қысқаша сұхбат мүлде басқаша еді ғой. Таяда ғана екеуі елден бөлектеніп,  қызметтік машинамен - Сұлутамнан ұзап, дария жағалауына жеткен. Шөмішкөлдің теңіз жақ бетіндегі биік қырқаның төбесіне шығып, біраз мәселенің тігісін сонда жатқызған. Ал бүгін не болды, былқ-сылқ еткен мына кісінікі не жатыс (170-бет)? Шөмішкөл тұрғындарының таяу-болашақтағы - «аңыз өмірі», кварц құмы мен одан түсетін тиеселі табыс-олжаны  бөлісудегі баянды бастама қайда қалды (171-бет). Байқоңыр космодромынан әрбір спутник көкке көтерілген сайын жергілікті тұрғындардың одан әрі бақуатты өмір сүрулері үшін төленетін қыруар қаржы да кезегін күтіп, Аспандиярдың бөксесінің астында тығулы жатқан-ды» (172-бет)... Оны іске жарату тек екеуінің қолында. 

 Шығарманың сюжеттік құрылымын тәтпіштеп жатудан аулақпыз. Десе де «Ереуіл сенің неңді алған...» тарауындағы Сұлутам депосының бастықтығынан босаған, босаған емес,  төмендеген  – Аспандиярдың үйіндегі ахуал, ащы суды тамақтан шектен тыс ары өткізіп жіберген жағымсыз жағдайы, жұмыссыз қалған көңіл-күйі табиғи қалпында жан-жақты баяндалады (191-200-беттер). «Тосын шешімдегі»   өлкелік теміржол басқармасының бастығы Нұрәлі Сапаровичтің жедел түрде Аспандиярды іздетіп, жеделхат жолдап, жолығу сәті де нанымды шыққан. Екеуінің кездескендегі  Аспандиярдың үстінен қарайтын дөкейдің құрметі, шектен тыс ілтипаты, арқадан қағып, қарсы алуы да оқушыны одан әрі не болар екен деп ойға қалдырады (279-бет). Өзара сұхбат-сырласу үстінде  Сұлутамның Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан стратегиялық мәні жан-жақты айқындалып, (280-бет), арғы-бергі жайттар кең масштапта сөз етіледі. Негізгі әңгіме баянында: - Сұлутам депосының бастығы ауысатынын, теміржолды түбірлі өзгерістер күтіп тұрғаны анық аңғарылады (181-бет).  Кезекті тұста, Аспандияр  өмір жолында өкінішті жайттардың да орын алғанын есіне алады. Бұл ретте, әсіресе Арал теңізі жағалауынан Төретамға көшіп келген – Өтеміс пен Теңізбай есімді екі балықшыны жұмысқа қабылдамағанын елеулі кемшілік, негізгі ағаттығым еді деп, өкінеді. Енді, Аралқұмға көшіп барсам!-деген едәуір уақыттан бері көңілін күпті еткен түпкі ойларын да жайып салып, берік шешімі барын да бүкпесіз-боямасыз баяндайды (284-бет). Бұдан байқалатыны, өлкелік темір жол мекемесінің бастығы мен Аспандиярдың әңгімесі – ел-жұрттың ортақ мұраттарға негізделген келелі мәселелердің жайын қозғағанымен, басшылық тарапынан әр уақытта-ақ жасалатын - «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің орын алғандығын жеме-жемге келгенде мойындауға тура келеді.  Туындының  өзекті бір тақырыбы -- билік пен халық арасындағы алшақтық, тепе-теңдіктің  жөнді сақталмағаны, заң мен тәртіп, құқықтық мүмкіндіктердің көзден тыс, көңілден таса қалпында қалуы –  өткір пайым, өткір тілмен аңық көрсетеді. 

Осы реттен алғанда, біздіңше, жазушы Қ.Жиенбайдың қолтаңбасына тән ерекшеліктердің бірі – тақырып табиғатын терең барлап, байыпты зерттеп-зерделеп, соған сай өмір шындығын, адам факторын, уақыт пен кеңістік арақатынасын жіті аңғарып, кейіпкерлерлердің  әрекет-қимылдарын, даму эволюциясын сенімді түрде суреттейді. Сондай-ақ, аталған роман мазмұны, оқиғалық желісі, кейіпкерлер жүйесі, еңбек болмысы, адамгершілік пен жауапкершілік жүгі, кісілік пен кішілік мәні, тұрмыс-тіршілік иірімдері нанымды детальдармен айшықты баяндалған. 

Байқоңыр космодромы, ғарыш кеңістігі, Бетбақдала берекесі, Аралқұм, Бәйгеқұм, Төретам, Сұлутам, Сексеуіл т.т. теміржол бекеттері, теңіз бен темір жолдың тыныс-тіршілігі (42-бет), балықшылардың кәсіп-дағдысы, өмір-тұрмыстары (42-43-беттер), қасірет таңбасын танытатын – «...экологиялық апат аймағы» (43-бет) т.с.с. ел-жердің қыр-сырын, тарихы мен тағылымын, оның адамдарының мақсат-мұраттарын, әлеуметтік-тұрмыстық мән-жайын кең көлемде көрсетіп, жан-жақты қозғап, мәнді сипатта терең танытады. Сондай-ақ, жұрт жадында: «...Анық-қанығы әлі күнге дейін бір жұмбақ – Арал теңізінің тартылуына басты «күнәҺардың» бірі  -- Байқоңыр космодромы. Әрбір корабль аспанға ұшқан сайын, соңынан шұбатылып ере шығатын отты «құйыршық» бір көлдің суын заматында «ішіп тауысады-мыс»-, деген жолдар заман запыранын, қазіргі кезең шындығын, уақыт рухын бүкпесіз-боямасыз айқын аңғартады (41-бет). Қоғам байлығы – адам мен оның өмірін, еңбек болмысын, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын, маңыздысы ұзақ уақыттар бойғы «қасірет тағбасын» терең танытады.

 Бұл тұжырым  туындының оқырманға берер тағылымды тәрбиесін ортайта қоймас, десе де Арманжан мен Мұратбек, Жасарал, Айтөре бейнелері кең көлемде ашылмаған тәрізді, Мұратбек-Қанағаттың алғашқы кездесулерінде достық баяны, сағыныш пен сүйіспеншілік сезім иірімдері, тіпті батылдық, еркіндік, махаббат мерейі, сыйластық сыры да анық байқала бермейді (63-64-беттер)... 

Жазушы Қ.Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романында – Байқоңыр космодромына жақын жердегі теміржол бекеттері - Аралқұм, Бәйгеқұм, Сұлутам, Төретамдағы тіршілік тынысы, әскери қалашық пен кент тұрғындары арасындағы әлі күнге дейін түсіністікпен бір арнаға түсе қоймаған теңсіздік мәселесі де кеңінен сөз болады. Сонымен бірге романның барлық бөліктерінен – Сұлутам депосының бастығы  Аспандияр Нұрмақовтың іскерлігі мен жауапкершілігі, бекет тұрғындарымен, Аралқұм теміржолшыларымен берік байланысы, әрекет-қимылдары анық аңғарылады. Адами болмысы, арман-аңсарлары, мақсат-мұраттары, еңбекке көзқарасы, отбасылық ахуалы да кең орын алған. Анығында, Сұлутам депосының бастығы Аспандияр Нұрмақов – Байқоңыр космодромына таяу қоныстанған бекеттер мен оның тұрғындарын, қарт теміржолшылардың (мысалы, Мергенбай, Мөңкебай, Дүйсенбай, Ишанқұл, Сексенбай т.б.) өмір-тұрмысын, еңбек болмысын, осы бағыттағы «белсенді әрекеттерін» де жетік біледі.  Аспандияр мен аралқұмдық ақсақалдар (бес шал) арасы, көзқарас қақтығыстары да ортақ мұраттарымен жұрт жадында қаларыы анық. Бастысы, «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты роман – Байқоңыр космодромы маңына жақын қоныстанған Аралқұм бекеті бойындағы теміржолшылардың ел-жерге құрметін, ұлт пен ұрпақ мәнін, дәстүр тағылымын, адами мұрат пен патриоттық парыз-қарыз істі, еңбек болмысын, өмір-тағдырын, көзқарас эволюциясын,  сыйластық сырларын кең түрде суреттейді.

Анығында, біздіңше жазушы Қ.Жиенбайдың ««Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты романы өзіне ежелден таныс тақырып—Арал теңізінің тартылуы, космодром маңын мекендеген теміржол бекеттеріндегі өмір, қарапайым еңбек адамдарының қоғамдық-жұмысқа қатысты берік ұстанымдары  бұрынғы жарияланған («Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар») романдарының заңды жалғасы іспетті. Бүгін сөз еткен аталмыш шығарма аламан бәйгеден жүлде алып келгендігіне қарамай, қаламгердің сөз өнеріне деген жауапкершілігін, туған жерге алдындағы перзенттік парызын өтеудегі адал ниетінің бірі болар деп бағаладық. Замандас жазушыға шығармашылық табыс тілейміз, алда да тілге тиек боларлық өрісі биік туындыларының оқырман көңілінен  шыға беруіне  жанашырлық әрі шынайы ықыласымызды  білдіреміз.

                                                                           Рақымжан  Тұрысбек

                                    филология ғылымдарының докторы, профессор

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan