Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір кездесуінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен интеллектуалды ұлт тәрбиелеудің маңызын үнемі атап келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы ретінде Президент кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған арнайы Жарлыққа да қол қойды. Бұл бастама қоғамда үлкен қолдау тауып, кітапқа деген қызығушылықтың артуына тың серпін берді.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде елімізде кітап оқырмандарының саны жыл сайын өсіп келеді. Мұны сала мамандары да растайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызының айтуынша, соңғы жылдары кітапханаға келушілер саны 150 пайызға артқан. Ең қуантарлығы – олардың басым бөлігін жастар құрайды.
Бұл өзгеріс тек кітапхана қабырғасымен ғана шектелмейді. Бүгінде Астана көшелерінде, саябақтар мен демалыс орындарында, қоғамдық көліктерде кітап оқып отырған жастарды жиі кездестіруге болады. Бұрын сирек көрінетін мұндай көрініс бүгінде елорда өмірінің қалыпты мәдениетіне айналып келеді. Қолына кітап ұстаған жас буынның көбеюі – қоғамдағы рухани сұраныстың артқанын көрсететін маңызды белгі.

Осы үрдістің қаншалықты кең қанат жайғанын көзбен көру үшін біз арнайы Астана қаласын аралап, қоғамдық орындарда кітап оқып отырған тұрғындармен тілдестік. Олардан қандай кітап оқып жүргендерін, кітап оқуға не түрткі болғанын және бүгінгі жастар арасында кітаптың орны қандай екенін сұрап білдік. Әртүрлі жастағы оқырмандардың жауаптары бір нәрсені аңғартты: кітап оқу бүгінде тек білім алудың құралы ғана емес, өмір салтына айналып келеді.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы – оқырманға қолайлы заманауи мәдени-рухани орталықтардың бірі. Мұнда кітап оқуға, ғылыми ізденіс жасауға және шығармашылықпен айналысуға барлық қажетті жағдай жасалған. Кең әрі жайлы оқу залдары, заманауи цифрлық қызметтер мен қолжетімді ақпараттық ресурстар кітапхананы әр жастағы оқырманның сүйікті мекеніне айналдырып отыр.

Кітапхана қоры қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын, сирек кездесетін басылымдарды, ғылыми еңбектер мен мерзімді басылымдарды қамтиды. Сонымен қатар мұнда кітап таныстырылымдары, әдеби кездесулер, шығармашылық кештер, халықаралық конференциялар, көрмелер мен мәдени жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып, кітапхана елорданың маңызды мәдени алаңдарының біріне айналған.
Бүгінде Ұлттық академиялық кітапхана оқырманды біріктіретін, білім мен руханиятты дәріптейтін, мәдени өмірдің қайнаған орталығы ретінде қызмет етіп келеді.

Ұлттық академиялық кітапханамен қатар Астана қаласында қалалық кітапханалар желісі де табысты жұмыс істеп келеді. Қаланың әр ауданында орналасқан кітапханалар тұрғындар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы орындарға шоғырланған. Оларда кітап оқу, білім алу және бос уақытты мазмұнды өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Заманауи оқу залдары, электрондық қорлар, балалар мен жастарға арналған арнайы кеңістіктер, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар оқырмандардың кітапханаға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.

«Кітапхана ашылғанына көп уақыт болмаса да, оқырман қарасы күн сайын артып келеді. Қазір жазғы демалыс болғандықтан ата-аналар балаларын ертіп келіп, бірге кітап оқуға уақыт бөліп жүр. Ең көп сұранысқа ие кітаптардың көшін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» бастап тұр. Сонымен қатар Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы мен қазақ және әлем халықтарының ертегілері де жиі оқылады. Негізінен балаларға арналған кітапхана болғанымен, ересек оқырмандардың да қатары көбейіп келеді. Сол себепті кітап қорында балалар әдебиетімен қатар көркем әдебиет, танымдық және түрлі бағыттағы басылымдар жинақталған. Қазіргі таңда кітапхана қорында 3 мыңға жуық кітап бар», – дейді Астана қалалық №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Сұңқарбекқызы.
Соңғы жылдары елордада кітап оқу мәдениетін қолдайтын жаңа қоғамдық кеңістіктер де көбейіп келеді. Атап айтқанда, заманауи кітап дүкендерімен қатар кітап оқуға арналған жайлы атмосфера қалыптастырған кітап-кафелер (book café) мен кофе ішіп отырып кітап оқуға мүмкіндік беретін мәдени орындар ашылуда. Мұндай кеңістіктер жастардың, студенттердің және шығармашылық орта өкілдерінің жиі бас қосатын орнына айналып, кітап оқуды күнделікті өмір салтының бір бөлігі ретінде насихаттауға өз үлесін қосып келеді.

Бұл үрдіс Астанада кітап оқуға деген сұраныстың артып келе жатқанын және елордада жаңа оқырман мәдениетінің қалыптасып жатқанын айқын көрсетеді.
Соңғы бес жылда әлемде де, Қазақстанда да кітапқа деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Егер бір кезеңде кітап оқу тек білім алудың немесе кәсіби қажеттіліктің құралы ретінде қабылданса, бүгінде ол адамның өмір салты мен мәдени таңдауының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Әлемдік әдеби кеңістікте романтика мен фэнтези жанрлары қайта жанданса, мотивациялық және психологиялық әдебиеттер күрделі кезеңдерде оқырманға рухани демеу болатын маңызды құрал қызметін атқарды.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердің ықпалы кітап оқу мәдениетіне жаңа серпін берді. Кітапқа арналған арнайы қауымдастықтар, бейнерецензиялар мен әдеби блогтар мыңдаған адамның оқырмандық талғамына әсер етіп, бұрын көпшілікке белгісіз болған көптеген авторлардың шығармаларын кең аудиторияға танытты. Цифрлық технологиялардың дамуы нәтижесінде электронды және аудиокітаптардың қолжетімділігі артып, оқырман кез келген жерде, кез келген уақытта кітап оқу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл үрдіс Қазақстанда да анық байқалады. Бүгінгі оқырман қазақ және әлем классикаларын ғана емес, қазіргі заманғы қаламгерлердің шығармаларын да қызығушылықпен оқиды. Жастар арасында кітап клубтарының, әдеби фестивальдердің, онлайн оқырман қауымдастықтарының көбеюі жаңа оқырман мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
