Ел тарихында ұлттың тағдырын айқындайтын ерекше белестер болады. Қазақстан үшін сондай ұлы белестердің бірі – Тәуелсіздікке қол жеткізу болса, енді бірі – жаңа елорданың бой көтеруі. 1997 жылы еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Бұған бастабында күмәнмен, күдікпен қараған адамдар көп болды. Бірақ бұл батыл қадам өзін ақтады. Сарыарқаның сайын даласында сәулеті мен сәні келіскен Астана – бүгінгі Қазақстанның жүрегі, елдің асқақ арманы мен жарқын болашағының айқын көрінісі.
Астана – жай ғана әкімшілік орталық емес. Ол – тәуелсіздіктің тұғыры, ел бірлігінің алтын қазығы, жасампаздықтың жарқын бейнесі.
Бозоғым, бозбеткейлім – баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман, -
деп ақын Қалқаман Сарин жырлағанындай, ертедегі Бозоқ қонысының, кешегі Ақмол-Қараөткелдің, тың игеру дәуірінің бас қаласы Целиноградтың орнында, кең жазира даланың төсінде қысқа мерзім ішінде бой көтерген елорда бүгінде әлем мойындаған заманауи мегаполиске айналып келеді. Бұл – халқымыздың жасампаздықпен өрілген қажырлы еңбегі мен жас мемлекетіміздің кемел келешекке деген сенімінің жемісі.
Астана қаласының қанат жайып өсіп-өркендеуі – кәдімгі «Ер Төстік» немесе «Алтын сақа» ертегілерінің кейіпкерлерінің жылдам өсіп-жетілуі іспеттес. «Бір айда бір жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жасөспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, шал әкесі мен кемпір шешесін асырайды», - деп сипаттаушы еді ғой, Ер Төстікті. Расымен де күні кеше ғана көзбен көріп, куә болған Ақмола – қарапайым ғана сәулетті, өзіне тән өндіріс ошақтары бар, төрт жолдың түйілісінде орналасқан қатардағы облыстық қала болатын. Ақмоланың астана ретінде таңдалуына осы төрт жолдың түйілісінде, қос өзеннің ортасында, аумақтық тұрғыда еліміздің орталық бөлігінде жатуы да басты себеп болғаны анық және ол туралы жеткілікті айтылды да.
Басты көшелерінің атауларына қарап-ақ ондағы ұлттық рухтың орны есік пен төрдің қай жерінде екендігі аңдалатын еді. Ал қазір ше? Көше атаулары демекші, қаланың үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы даңғылдары, көшелері мен орамдары атауларының өзі көңілге қанат бітіріп, жүрекке қуаныш ұялатпай ма? Көнеден кешеге дейінгі астаналар, арғы-бергі тарихымыздағы есімі есте қалған айтулы тұлғалар, қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі жер-су атаулары, т.б. Көше атаулары бір мезгілде дәл осындай ұлттық сипатта қойылып үлгерген жаңа астана әлемде кемде-кем болар, сірә!
Астананың заманауи сәулеттік шешімдерге негізделген әсем ғимараттарын көргенде ақын Кәкімбек Салық былай деп жырлаған екен:
Бар қазақ қостамаса сенер ме едім,
Таңырқап тамашаға елеңдедім.
Сәулеттің өнер жеткен тамашасы,
Көз көрді Астанада дегендерін.
Иә, елорданың әрбір көшесі мен сәулетті ғимараты елдің өркендеу жолынан сыр шертеді. Көкке қол созған Бәйтерек – халықтың биік мұраты мен баянды болашағының белгісі. Ал Әбу Даби Плаза – Қазақстанның Орта Азиядағы биік орнын нышандайды. Зәулім сарайлар, кең даңғылдар, жасыл желекке көмкерілген саябақтар мен әсем көпірлер Астананың ерекше келбетін айшықтай түседі. Қалаға келген әрбір жан оның жаңашыл рухын, даму қарқынын және өмірге деген құштарлығын бірден сезінеді. Мұнда сіз шығыс пен батыстың сан ғасырлық байыпты сәулетттік шешімдерін, реализм мен сюрреализмнің, авангардизмнің үндесе үйлесуін көресіз. Әр тұстан бой көтеріп жатқан, ұлттық және әлемдегі белгілі астаналар мен мегаполистердің атаулары болып келетін тұрғын үй кешендер – Астананың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін және жаһандық қалалармен үндестігін де айқындап тұрғандай емес пе?
Астана – алып ғимараттар кешенімен, кең-кең көше-даңғылдарымен ғана танылып келе жатқан жоқ. Астана – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, жаңашылдық пен ізденістің ордасы. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапты жастар білім алып, ғылыммен айналысып, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік табады. Олар ертеңгі Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын азаматтар ретінде ел дамуына өз үлестерін қосады. Астана – қазақ әлемінің түкпір-түкпірінен аңсап жеткен адамдардың арманы жүзеге асатын қала. Отыздан бергі жылдың мұғдарында иығына асқан жолдорбасымен, үміті мен күдігінің жетегінде осы қалаға келген қаншама өрімдей жастар – бүгіндері өмірде өз орнын тауып, биік жетістіктерді бағындырған, ақар-шақарлы әулеттің басы, салиқалы отағасы мен берекетті отанасы болып отыр.
Бүгінде Астана халықаралық деңгейдегі маңызды кездесулер мен форумдардың орталығына айналды. Әлем елдерінің басшылары мен беделді ұйымдардың өкілдері бас қалада бас қосып, бейбітшілік, өзара түсіністік және ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Бұл – Қазақстанның әлем алдындағы абыройы мен беделінің айқын дәлелі.
Астана – өткен мен келешекті жалғаған алтын көпір. Ол халқымыздың азаттық жолындағы арманын жүзеге асырған Тәуелсіздіктің мәңгілік шежіресі іспетті. Елорданың әрбір жетістігі – ел жетістігі, әрбір жаңа белесі – ұлт мерейі.
«Отан – отбасынан басталады» десек, елге деген сүйіспеншілік оның жүрегі – Астанаға деген құрметтен де көрінеді. Бас қаланың көркеюі – мемлекетіміздің өркендеуінің айғағы. Сондықтан Астана – тек Қазақстанның астанасы ғана емес, ол – халқымыздың рухын асқақтататын, бірлігін бекемдейтін, болашаққа сеніммен жетелейтін қасиетті мекен. Оның жарқын келбеті тәуелсіз еліміздің мәңгілік дамуы мен кемел келешегінің символы болып қала береді. Астана – армандар орындалған қала!
Астана күні құтты болсын!
