Суреткерлік болмыстың рухани формуласы немесе Ғабит Мүсіреповтің «Жазушыға жеті керек» қағидасы туралы

122

Суреткерлік болмыстың рухани формуласы немесе Ғабит Мүсіреповтің «Жазушыға жеті керек» қағидасы туралы - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде жазушы табиғаты туралы терең пайым айтқан үлкен қаламгеріміз, мерейіміз  – Ғабит Мүсірепов. 

Оның шығармашылық туралы ойлары көркем туынды жазудың техникалық тәсілдерін ғана емес, суреткердің азаматтық болмысын, рухани жауапкершілігін айқындайды. Соның бір дәлелі – «Жазушыға жеті керек» деген тұжырымы. Бұл – тек жеті сөзден құралған тізім емес, жазушы тұлғасының эстетикалық және этикалық кодексі еді. 

Ғабит Мүсірепов жазушыға қажетті жеті қасиетті былай жүйелейді: білім, ой, тіл, ар-ұят пен намыс, ерлік, тәкаппарлық, табандылық. Бұл қасиеттердің әрқайсысы жеке мағынаға ие болғанымен, бір-бірімен сабақтасып, қаламгер тұлғасының тұтас моделін қалыптастырады.

Білім – шығармашылықтың іргетасы. Ғ. Мүсірепов ең алдымен білімді атайды. Бұл кездейсоқ жазылмаған. Әдебиет – тек сезімнің ғана емес, танымның да жемісі. Білімсіз суреткердің дүниетанымы тар болады, ал дүниетанымы тар қаламгер адам табиғатын, қоғам құбылыстарын терең бейнелей алмайды. Сондықтан білім – шығармашылықтың алғашқы баспалдағы. Мұнда тек кітап оқу емес, тарихты, философияны, мәдениетті, халықтық дүниетанымды игеру де қамтылады. Жазушы интеллектуал білім иесі болуы керек. 

Ой – әдебиеттің өзегі. Білім ақпарат береді, ал ой сол ақпаратты көркемдік жүйеге айналдырады. Ғабит Мүсірепов үшін әдебиеттің басты өлшемі – терең ой. Жазушы оқырманға оқиға ғана емес, ой ұсынуы тиіс. Көркем шығарма қоғамды толғандырған мәселелерді көтеріп, адамды ойландыру арқылы өмір сүреді. Сондықтан ойсыз шығарма уақытша әсер қалдырғанымен, әдеби құндылыққа айналмайды.

Тіл – суреткердің қаруы. Жазушының негізгі құралы – тіл. Кіді Мүсірепов қазақ әдеби тілінің көркемдік мүмкіндігін ерекше бағалаған суреткер. Оның шығармалары сөз дәлдігімен, стиль тазалығымен ерекшеленеді. Сондықтан тіл жазушы үшін тек қатынас құралы емес, эстетикалық құндылық. Ой қаншалықты терең болғанымен, ол көркем тіл арқылы ғана оқырманға жетеді.

Ар-ұят пен намыс – қаламгердің адамдық өлшемі. Жазушы ең алдымен адам болуы керек. Ар-ұят пен намыс – суреткердің ішкі моральдық өзегі. Егер жазушының ар алдындағы жауапкершілігі болмаса, оның шығармасы да шынайылықтан айырылады. Ғабит Мүсірепов бұл қасиет арқылы әдебиеттің тек көркем өнер ғана емес, қоғамдық жауапкершілік екенін аңғартады. Шындықты айту – ең алдымен ардың ісі.

Ерлік – ақиқатты айту батылдығы. Мүсірепов көрсеткен ерлік физикалық батырлық емес. Бұл – рухани ерлік. Жазушы қоғамдағы әділетсіздікті, заманның қайшылықтарын айтуға қорықпауы керек. Әдебиет тарихындағы ұлы шығармалардың көпшілігі осындай азаматтық батылдықтың нәтижесінде дүниеге келген. Сондықтан ерлік – суреткердің азаматтық ұстанымының белгісі.

Тәкаппарлық – өнер алдындағы биік талап. Бүгінгі түсінікте тәкаппарлық көбіне жағымсыз ұғым ретінде қабылданады. Алайда Ғабит Мүсірепов бұл сөзді басқа мағынада қолданады. Мұнда тәкаппарлық – өнерге деген талапшылдық, шығармашылыққа деген құрмет, арзан дүниеге қанағаттанбау. Нағыз жазушы өз шығармасына ең қатал сыншы болуы тиіс. Бұл – менмендік емес, өнердің қадірін білу.

Табандылық – талантты кемелдікке жеткізетін күш. Таланттың өзі жеткіліксіз. Оны үздіксіз еңбекпен шыңдау қажет. Табандылық – шығармашылық жолдағы ең маңызды қасиеттердің бірі. Жазушының әрбір шығармасы ұзақ ізденістің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сондықтан табандылық талантты нағыз шеберлікке жеткізеді.

Ғабит Мүсіреповтің «Жазушыға жеті керек» қағидасы – қазақ әдебиетіндегі суреткер тұлғасына арналған ең ықшам әрі мазмұнды эстетикалық тұжырым.  Бұл жеті қасиет жазушының кәсіби шеберлігін ғана емес, оның азаматтық, рухани және адамгершілік болмысын да айқындайды.

Бүгінгі әдеби үдеріс тұрғысынан қарағанда да бұл қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ақпарат көбейген заманда білім бұрынғыдан да маңызды болса, пікірлер көбейген қоғамда терең ойдың құны артты. Жасанды зерде дамыған кезеңде тілдің көркемдігі мен даралығы ерекше бағаланады. Енді оқырман әдеби туындыларға қайта бас қояды. Интеллектуалдық еңбектің құны артады. Қоғамдық өзгерістер кезінде ар-ұят, намыс, ерлік секілді моральдық ұстанымдардың маңызы еселене түседі. Ал өнер алдындағы биік талап пен табандылық ғана жазушыны уақыт сүзгісінен өткізетін шығармаларға жеткізеді. Сондықтан Ғабит Мүсіреповтің бұл жеті ұстанымын жазушының жеке қасиеттерінің тізімі ретінде ғана емес, қазақ әдебиетінің суреткерлік философиясын жинақтаған шығармашылық манифест ретінде бағалауға толық негіз бар.

Ал бүгінгінің жазушысы ақиқатқа іңкәрлік танытып жүр ме? Маңдайалды жазушыларымыз ұлттық мүддеге адал ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырдық... 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan