Жат өлкеде жауған «Жаңбыр»: Гүлшін Гиләни поэзиясындағы сағыныш сарыны

152

Жат өлкеде жауған «Жаңбыр»: Гүлшін Гиләни поэзиясындағы  сағыныш сарыны - adebiportal.kz

Поэзияны адам жанының ең нәзік сезімін тербейтін ғажайып құбылыс десек, жат жерде, мұһажырлықта туған жырлардың жөні тіпті бөлек.

 Иран әдебиетінің тарихында классикалық қалып пен модернистік бағыттың арасында алтын көпір болған көрнекті шайыр Гүлшін Гиләнидің тағдыры мен шығармашылығы – осы сөздің айқын дәлелі. Оның ХХ ғасырдың ортасында жазылып, кейін тұтас бір буынның бойтұмарына айналған «Жаңбыр» (Баран) өлеңі – жат өлкедегі сағыныш пен туған жерге деген перзенттік махаббаттың асқақ нышаны.

«Гүлшін Гиләни» деген лақап атпен танымал Мәджд әд-Дин Мирфахраи 1910 жылы Иранның солтүстігіндегі Рашт қаласында дүниеге келген. Бастауыш мектепті өзінің туған жерінде оқып, орта білімді Тегерандағы «Дар ол-Фонун» мектебінде алды. Кейін Тегеран университетінде философия және педагогика мамандығы бойынша жоғары білімге қол жеткізді.

Бұдан соң білімін жетілдіру мақсатында Англияға аттанды. Алғашқыда әдебиет мамандығы саласында оқығанымен, кейін бағытын мүлдем өзгертіп, медицина саласына бет бұрды. Алайда, ІІ Дүниежүзілік соғыстың басталуы оның оқуын қалыпты жалғастыруына кедергі келтірді. Осы қиын-қыстау кезеңде ол Лондондағы радиода диктор болып жұмыс істеп, күнелтуге мәжбүр болды. Соғыс аяқталғаннан кейін ғана медициналық білімін қайта жалғастырып, докторлық дәрежеге қол жеткізді. Оқуын тәмамдаған соң Лондонда қалып, дәрігерлікпен айналысты. Бірақ, ол Иранға ешқашан қайтып оралған жоқ. Ақын 1972 жылы 20 желтоқсанда Англияда дүние салды.

Гүлшін өлең жазумен жас кезінен айналысты. Оның алғашқы шығармалары бірте-бірте зиялы қауымның назарына ілініп, тұңғыш рет 1928 жылы «Армаған» журналында, кейінірек «Рузегаре ноу», «Форуғ» және «Сохан» басылымдарында жарық көрді. 

1948 жылы Лондонда ақынның «Жасырын» (Наһофте), «Махаббат пен араздық» (Меһр о кин) және «Сен үшін бір гүл» (Голи барайе то) атты өлең жинақтары жарық көрді. Ақынның шеберлік деңгейін танытатын, шығармашылығының шыңы ретінде бағаланатын туындысы – махаббат туралы «Қиял пердесі» өлеңі.

Гүлшін Гиләнидің шығармалары тілінің қарапайымдылығы және жатықтығымен, сайып келгенде, бұқара халыққа етене жақындығымен ерекшеленеді. Оның поэзиясының алтын діңгегі – табиғат пен махаббат тақырыптары. 

Зерттеушілер Гүлшін Гиләниді классикалық поэзия мен модернистік, оның ішінде «нимаи» бағыты поэзиясы арасындағы алтын көпір, өтпелі кезеңнің ақыны санайды. Ол парсы поэзиясы дәстүрлі қалыптан шығып, жаңару дәуірін бастан кешіріп жатқан уақытта өмір сүрді. Иранда ғасырлар бойы қатаң ұйқас пен өлшемге бағынған ғазалдар мен қасидалардан тұратын классикалық поэзия үстемдік етсе, ХХ ғасырдың I жартысында Нима Юшиж бастаған «жаңа поэзия»-«шере ноу» ағымы келді.

Гүлшін өз замандастарының көбісі сияқты әдебиеттегі жаңашыл бағытқа бейім болды. Ақын әрі ерікті ұйқас – «нимаи», әрі қара сөзбен жазылатын «мансұр» өлең түрлерінде де жазғанымен, негізінен жартылай дәстүрлі өлең формасының шеберіне айналды. Оның әдеби ортадағы танымалдығы «Сохан» журналында «Жаңбыр» (Баран) өлеңі жарияланғаннан кейін басталды.

Бұл туындының жазылу тарихы да ерекше. Гүлшін Гиләни Екінші дүниежүзілік соғыстың бас кезінде жат жерде, соғыс бұлты торлаған мұнарлы Ұлыбританияда жүргенде бөтен мәдени ортада оқшау қалды. Дәл осы тұста ақынның қиялын балалық шақтың ескі естеліктері қанаттандырып, туған жері Гиланда өткен бейқам шағын сағына еске алып, «Жаңбыр» өлеңін 1944 жылы қағазға түсірді.

Гүлшін Гиләни – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі өлеңдері мектеп оқулығына енген алғашқы жаңашыл шайыр. Оның «Жаңбыр» өлеңі жазылғанынан отыз жыл уақыт өткен соң ХХ ғасырдың 70-жылдары мектептің бастауыш сынып оқулығында жарияланды. Туынды мектеп қабырғасындағы миллиондаған баланы шаттандырып, қуанышқа бөлеп, олардың сүйікті өлеңіне айналды.

Ирандық әдебиет сыншысы әрі зерттеуші Камиар Абеди Иранда балалар әдебиеті мен поэзиясы жаңадан қанат жайып келе жатқан жылдары бұл өлеңнің оқулыққа қалай кіргізілгені туралы құнды мәлімет қалдырған. Оның жазуынша, бұл туындыны, жалпы қазіргі заман поэзиясы мен жаңашыл өлеңдерді бастауыш және жоғары сынып бағдарламаларына батыл енгізген белгілі ғалым, доктор Хасан Анвари болған.

Иранның білім жүйесі аталған өлеңді оқулыққа балаларға парсы поэзиясының тек классикалық қалыпта ғана емес, осындай еркін, әуезді де заманауи стильде де бола алатынын көрсету үшін де қосқан сынды. Парсының классикалық стильдегі өлеңдері мектеп оқушыларының түсінігі үшін күрделі болса, «Жаңбыр» өлеңінің мазмұны бала психологиясына жақын, тілі қарапайым, өте жеңіл, ойнақы және әуезді.

Иран мектептерінде бұл өлең жай ғана жаттау үшін емес, оның астарындағы терең мағына үшін де оқытылады. Өлеңнің басында есейген лирикалық кейіпкер қаладағы тар бөлмеде жалғыз тұрғанымен, ол мұңға батпайды, балалық шақтың шуағы мен табиғаттың дүлей күшін еске ала отырып, өмірді барынша сүю керек деген қорытындыға келеді. Бұл өсіп келе жатқан балаға «Өмірде қиындық та, дауыл да, жаңбыр да болады, бірақ өмір сонысымен көркем» деген өмірлік үлкен пәлсапаны, дидактикалық мәнді сіңірудің ең үздік әдеби үлгісі болып табылады.

«Жаңбыр» өлеңі – адам жаны мен табиғаттың егіздігін, балалық шақтың сағынышын өте нәзік суреттеген классикалық шығарма. Өлеңнің негізгі тақырыбы — жаңбыр бейнесі, табиғаттың құбылмалы сұлулығы және соның аясында өте шыққан қайталанбас балалық шақ. Автор жауып тұрған жаңбырға қарап тұрып, туған жері Гилан ормандарында өткен он жастағы алаңсыз, бақытты балалық шағына саяхат жасайды.

Иран аумағының үлкен бөлігі құрғақ, шөлді және таулы аймақтардан тұрады. Ал Каспий теңізінің жағалауындағы Гилан останы мәңгі жасыл ормандарымен, толассыз жаңбырымен және тұмса табиғатымен ерекшеленеді. Лондондағы жаңбырлы күндер ақынның санасында мүлдем басқа бейнені, балалық бал дәурені өткен осы жаңбырлы өлке туралы көріністі оятты. Автор туған жерінің бояуын, ылғалды ауасы мен бүлдіргенін, «қара таңқурайын» өте шынайы суреттеген.

Өлеңнің өзегі шендестіруге негізделген: сыртқы әлемде – соғыс бұлты торлаған, ғұрбаттағы суық Еуропа, ал ақынның ішкі әлемінде – балалық шақтың шуақты күндері мен туған жердің мөлдір тамшылары. Жат өлкеде жауған жаңбыр Гүлшін үшін жай ғана табиғат құбылысы емес, өткен күн мен бүгінгі күннің арасын жалғаған уақыт көпіріне айналды.

Өлеңнің ішкі ырғағы жаңбырдың терезеге соққан дыбысымен, табиғаттың үнімен үндесіп, жауынның бірде жедел, бірде баяу жауатын серпінін қайталайды. Алғашқы жолдарынан-ақ оқырман жауын тамшыларының тырсылымен бірге ақынның бүлдіршін кезіне саяхат жасайды:

Тағы жаңбыр, 

Әнмен, 

Сансыз гауһармен 

Үйдің төбесіне жауып тұр...

Кейіпкердің арықтан секіруі, тас лақтыруы, тал майыстыруы сияқты детальдар кез келген баланы өз іс-әрекетін танып, өлеңді тез жаттап алуға ынталандырады.

Гүлшін Гиләни бұл шығармасында сағыныш сарынын ауыр мұң немесе торығу ретінде көрсетпейді. Керісінше, Гиланның табиғатын, орман ішіндегі жасыл әлемді, жаңбыр астында жүгірген баланың пәк қуанышын сипаттау арқылы өмірге деген шексіз махаббатты жырлайды. 

Жат өлкеде жауған «Жаңбыр» жай ғана туған жерді сағыну емес, мұндағы сағыныш – жарқын сағыныш, жат өлкеде жүрсе де өзінің рухани тамырын ұмытпаған, балалық шағының тазалығын сақтап қалған жанның ішкі монологы.

Гиләнидің өлеңіндегі сағыныш тақырыбының мазмұны – классикалық парсы поэзиясының «ғұрбат» мұңынан тамыр тартса, оның көркемдік пішіні, психологиялық параллелизмі мен баяндау мәнері батысеуропалық романтизм мен модернистік әдебиеттен келген. Сол себепті оның «Жаңбырын» тек Иранның ғана емес, әлемдік деңгейдегі мұһажыр лириканың үлгісі санауға болады. Лондонда тұрақтап, Иранға екінші қайтып оралмаған ақын өз еліне өлең-жаңбыр болып құйылды.

Өлеңнің басты идеясы – өмірдің кез келген сәтінің, ол мейлі жарық күн болсын, мейлі қараңғы нөсер болсын, өзінше сұлу әрі құнды екенін ұғыну. Автор өткен күнге деген сағыныш арқылы адам баласына үміт сыйлайды. Өлең соңындағы сәбиге – келешек ұрпаққа арналған сөзі өмірді қандай болса да сүюге, оның әр сәтінен сұлулық көре білуге шақырады: «Өмір қараңғы болса да, жарқын болса да, көркем, көркем, көркем!».

Гүлшін Гиләнидің бұл өлеңі – тек табиғат лирикасы ғана емес, жаңбыр тамшылары арқылы адам өмірінің мәнін, оның өткінші әрі қайталанбас сұлулығын түсіндіретін терең пәлсапалық туынды. 

 

Жаңбыр

Гүлшін Гиләни

Тағы жаңбыр,

Әнмен,

Сансыз гауһармен,

Үйдің төбесіне жауып тұр.

Мен терезенің артында жалғыз тұрмын.

Жылғалардан су ағуда.

Екі-үш кептер уілдеп,

Қуанып, шаттанып,

Сәт сайын арлы-берлі ұшады. 

Әйнек пен есікке 

Жұдырық пен шапалақ тиеді. 

Аспан бүгін басқа –  

Көгілдір емес. 

Жаңбырлы күн –

Жағымды, тәтті. 

Гиланның ормандарындағы

Бұрынғы бір күнгі саяхатты еске түсіреді: 

Он жастағы бала едім.

Бақытты, шат. 

Жұмсақ, нәзік. 

Ширақ, пысық. 

Құстан, жорғалаушыдан 

Жайылушыдан 

Орман шулап,

Қым-қуыт болды. 

Аспан теңіз сынды көгілдір.

Әрегідік бір-екі бұлт. 

Менің жүрегімдей күн ашық. 

Орманның иісі таза, ылғал, 

Масайтатын шараптай.

Әсем құстар,

Ағаштардың үстінде ұшып жүрді.

Тоғандар тыныш, суы мол. 

Жапырақ пен гүл барлық жерден көрінді. 

Жарқыраған лалагүлдің күлтесі.

Шуақты күн. 

Үстерін мүк басқан 

Тастар судан терілді. 

Сол жерде секіріп,

Шуылдасып, бақылдасып, 

Бақалар отыр. 

Өзендер ағаштардың түбінде

Екі есе әсем әуенмен, 

Мастар сынды айналып ағады. 

Бұлақтар шуақты әйнектер сынды, 

Жұмсақ, жағымды.

Сыңғырлап, дірілдеп. 

Оның ішінде қызыл, жасыл, сары, көгілдір,

Ұсақ тастар. 

Балалық желікпен 

Еліктей шапқылайтынмын. 

Арықтан секіріп, 

Үйден алыстап кететінмін. 

Су бетінде діріл пайда болу үшін 

Ұсақ тас лақтыратынмын. 

Құдық пен шұңқырдан су алатын 

Иінағашты сындыратынмын. 

Сырға талдың бұтақтарын 

Төмен майыстыратынмын. 

Қолым қызыл, қара таңқурайдан

Түрлі түске боялатын. 

Құстардан құпия хикаяларды,

Соққан желдің ауызынан 

Өмірдің құпияларын еститінмін. 

Сол жерден көргендерім 

Тартымды, көркем еді. 

Шат едім.

«Күн! Уа, жүректі жұбатушы күн! 

Осындай сұлу жүзді саған жарқыраған күн берді. 

Әйтпегенде сұрықсыз болар едің. 

Егер жарқыраған мейірім болмағанда... 

Күн! Уа, сұлу күн! 

Егер сұлулық болса, күннен болады. 

Уа, жасыл, сұлу ағаш! 

Қандай сұлулық болса да күннен болады». 

Бірте-бірте, 

Ақырын-ақырын,,

Бұлттар батылдана түсіп, 

Аспан қарауыта бастады. 

Жарқыраған күннің жүзі жабылып, 

Жаңбыр жауды. 

Орман ұйытқыған желден 

Теңіз сынды теңселді. 

Жаңбырдың дөңгелек түйіршіктері 

Барлық жерге жайылды. 

Найзағай, өткір семсердей 

Бұлттарды кесті. 

Әумесер найзағай күркіреп, 

Бұлттарды жұдырықтады. 

Тоғанда үйрек

Ортадан, шетінен, 

Жылдам, көп жүзді. 

Жаңбырдың қолы 

Тұманның күміс бұрымын тарады. 

Жел қатты соғып, шашты желбіретті. 

Ағаштардың түбіндегі көгал 

Ақырындап теңізге ұласты.

Бұлттардың мамық теңізінің ішінен

Тұманды орман көрінеді. 

Орман сондай әсем еді. 

Пай-пай! Орман неткен көркем еді! 

Ән де көп, әпсана да көп. 

Әпсана да көп, ән де көп. 

Жаңбыр сондай жағымды жауды. 

Пай-пай! 

Жаңбыр керім көркем жауды! 

Гауһаршашудың ішінен 

Мәңгілік құпиялар мен аспандық насихаттарды естідім. 

Тыңда мені, сәбиім менің! 

Ертеңгі ердің көз алдында, 

Өмір қараңғы болса да, жарқын болса да,

Көркем, көркем, көркем!

Айнаш Қасым, шығыстанушы, 

филология ғылымдарының кандидаты, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan