Жазушының жансусары

109

Жазушының жансусары - adebiportal.kz

Нұрхалық Абдырақынұлы – прозаның эссе, әңгіме, хикаят секілді біраз жанрында қаламын әбден төселдіріп, өз бағытын айқындаған қаламгер. «Мүмін» – оның екінші романы. Жазушының бұдан бұрынғы шығармаларын оқығанда, өскен ортасының әр алуан оқиғалары мен сырлы сипаттарын прозасына сыналап енгізіп жіберіп отыратынын байқаған едік. 

Бұл романын оқыған кезімізде де туындыгердің кешкен күндері, арман-аңсары мен жансусары әдемі өрілгеніне куә болдық. Роман оқиғасы жазушының қиялынан өрілген жай көркем туынды ғана емес, өз басынан кешкен өмірлік деректердің шебер үйлесімін аңғартады. Әлбетте, әр жазушы әдебиетке өз өмірбаянын әкеледі. Өзі көрген-білгенін жазады. Бердібек Соқпақбаевша айтсақ, «жазушы өзін жазады». Өз өмірін құрғақ көшіріп, сылдыр баяндап шықпайды. Олай істесе оның оқырман жұртшылықты еліктірер, қызықтырар көркем шығарма болып шықпайтыны түсінікті. Өзі көзімен көрген, немесе басынан кешкен сан түрлі оқиғаларды көркем шығармасына арқау ете отырып, ірі-ірі ойларын ұсынады. Айтпесе негізгі оқиғаға жанама сипат, қосымша штрих, деталь етіп енгізіп, туындысын түрлендіріп отыру – әлмисақтан бергі бар құбылыс. «Мүмін» романының басты жетістігі – автордың өмірді сырттай бақыламай, ішінен сезініп жазуында. Шығармадағы оқиғалар қолдан құрастырылғандай емес, шынайы өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдырады. Сондықтан оқырман Шалғынбайдың қуанышына қуанып, күйзелісіне бірге түседі.

Автордың есте қаларлық тұстарының бірі – деталь беру шеберлігі. Қарапайым көріністердің өзінен үлкен мағына шығады. Мысалы, ту шығару сәттері, ауыл өмірі, велосипедпен ағылған халық, кешкі көшелер – бәрі көз алдыңа кино сияқты келеді. Осындай суреттеулер романның атмосферасын күшейтіп тұр.

Романда рухани ізденіс тақырыбы өте терең берілген. Бастапқыда қоғам ағынымен жүрген Шалғынбай уақыт өте келе өзін, ұлтын, дінін, өмірдің мәнін іздей бастайды. Оның ішкі өзгерісі бірден емес, өмір сынақтары арқылы табиғи түрде дамиды. Бұл – кейіпкерді шынайы әрі тірі етіп көрсеткен.

Роман бір буынның рухани күйзелісі мен ізденісін бейнелейді. Романның басты ерекшелігі – өмір шындығын жасандылықсыз, табиғи ағынымен беруінде. Бас кейіпкер Шалғынбайдың өмір жолы оқырманды еріксіз ойға жетелейді. Ғашықтық желісі әсерлі шыққан. Алтынай мен Шалғынбай арасындағы сезім таза, ибаға құрылған. Қазіргі әдебиетте сирек кездесетін рухани махаббат көрінісі романға ерекше жылылық береді. Кейіпкердің қызға деген құрметі мен адалдығы оның ішкі мәдениетін танытады. Шығармада махаббат тек сезім емес, адамды тәрбиелейтін рухани күш ретінде көрінеді. Алтынайдың бейнесі – сыртқы сұлулықтан бұрын ішкі тазалықтың символы. Шалғынбайдың оған нәпсімен емес, құрметпен қарауы биік моральдық ұстаным ретінде әсер етеді.

Махаббаттан басталған тазалық рухани тазалыққа, жан тазартуға ұласады, махаббат бастауы парасатқа ұласады. «Мүміндегі» махаббат - адамды күйрететін де, қайта тірілтетін де күш. Ол кейіпкердің жан дүниесін тазартып, өзін-өзі тануына себеп болады. Сондықтан романдағы ғашықтық желісі шығарманың философиялық табиғатын тереңдетіп тұрған маңызды көркемдік арналардың бірі болып табылады.

Автордың романын «Мүмін» деп атағаны да ойландырады. Бұл – адамның ішкі тазаруын, имандылығын білдіретін ұғым. Жазушы Қытай мен Қазақстан екі сынды екі елдің қоғамдық-саяси жүйесін бірдей көрген, біраз жайларды өз басынан өткерген, сондықтан да сол жайлардың адамдар жанына салған жарасын терең сезіне, жүрегінен өткізе отырып жазады. Романда рухани дағдарыс, ұлттық сана, әлеуметтік қысым және адам болмысының ішкі күйзелісін терең бейнелеген. Онда жеке бір адамның өмір жолы ғана емес, тұтас қоғамның рухани ахуалы, тарихи кезеңнің адам психологиясына түсірген салмағы көркем түрде жинақталған. Романның атауының өзі символдық мәнге ие. «Мүмін» сөзі діни мағынада «иман келтірген адам» деген ұғымды білдіргенімен, шығармада бұл сөз рухани ояну, адамдық болмысты сақтау, ар тазалығы секілді кең мағынада қолданылады.

Романның басты кейіпкері Шалғынбай – қоғамдағы өзгерістер мен рухани жұтаңдықты жанымен сезінген кейіпкер. Ол классикалық батыр немесе қоғамды өзгертуге ұмтылған күрескер емес. Керісінше, бүгінгі заман адамына тән күйзеліс пен күмәнді, жалғыздық пен ішкі ізденісті бойына жинаған типтік обыраз. Автор оны бірден дайын философ ретінде емес, өмірдің ащы тәжірибесі арқылы рухани өзгеріске түсетін адам ретінде көрсетеді.

Шығарманың алғашқы тарауларынан бастап автор кейіпкердің әлеуметтік ортасын дәл бейнелейді. Мәселен, Қытай мемлекетінің соңғы жылдары Шығыс Түркістан өңірінде жасап жатқан қазақ, қырғыз, ұйғыр қатарлы аз санды ұлттарға қарата жүргізген саяси қысымдары, сондай-ақ, елге – Қазақстанға оралғаннан кейінгі көрген рухани соққылары оқиға ретімен сенімді, әсерлі баяндалады. Бас кейіпкер Шалғынбайдың халықпен бірге жүріп, ауыл өмірін көруі, қарапайым кедей отбасылармен араласуы оның дүниетанымын өзгертеді. Автор романда: «Кедейліктің мал-мүлікте емес, адамның жан дүниесінде болатынын сезді», – деп жазады. Бұл сөйлем – романның әлеуметтік-философиялық концепциясын ашатын маңызды тұжырымдардың бірі. Мұнда кедейлік тек тұрмыстық мәселе емес, рухани әлсіздікпен байланысты құбылыс ретінде танылады.

Шалғынбайдың елге оралған соң кәсіпкерлікпен шұғылдануы немесе мұғалімдік қызметке келуі де шығарманың идеялық желісінде негізгі ойларын жеткізетін маңызды сюжет. Оның Түркістан қаласында мұғалім болып орналасуы, кейін Алматыға біржола қоныстануы – бәрі де тартымды оқиғалар. Мысалы, мектеп өмірінің күн сайын қайталанатын механикалық сипаты арқылы автор қоғамдағы рухани тоқырауды көрсетсе, оған жасалған кедергілер қоғамдық мәселелердің шындығын ашады. Кейіпкер Шалғынбайдың: «Адамды қайталатып емес, ояту керек шығар…» деген ойы романның бүкіл ағартушылық идеясын аңғартады. Бұл жерде жазушы педагогикалық жүйені ғана емес, жалпы қоғамдағы ойсыз қайталауға құрылған тіршілікті сынайды.

Әдебиеттанушы Л. Гинзбург психологиялық прозаның негізгі ерекшелігі адам жанының ішкі қозғалысын көрсету екенін айтқан. «Мүмін» романында бұл ерекшелік анық байқалады. Кейіпкердің жан дүниесі көбіне ішкі монолог, ой ағымы, еске алу тәсілдері арқылы ашылады. Шалғынбайдың сыртқы әрекетінен гөрі оның ішкі әлеміндегі арпалыс маңыздырақ. Ол өмірдің мәнін іздейді, қоғамдағы жасандылыққа қарсылық білдіреді, рухани тазалыққа ұмтылады.

Роман композициясында классикалық фабулалық құрылымнан гөрі сана ағымы басым. Оқиғалар бір-бірімен қатаң сюжет желісі арқылы емес, кейіпкердің психологиялық күйімен байланысады. Бұл – модернистік прозаның белгілерінің бірі. Автор кейіпкердің жан дүниесін көрсету үшін уақыт пен кеңістікті еркін қолданады. Өткен шақ естеліктері қазіргі сәтпен араласып, кейіпкер санасындағы үздіксіз қозғалысты бейнелейді.

Мектеп өмірін суреттейтін эпизодтар романның әлеуметтік қуатын арттыра түседі. «Таңертең қоңырау соғылады. Балалар кіріп-шығады. Сабақ айтылады. Дәптер тексеріледі. Қайта қоңырау. Ертең де сол» деген жолдарда өмірдің механикалық сипаты дәл берілген. Бұл тек мектептегі жағдай емес, жалпы қоғамдағы рухани тоқыраудың символы. Автор қайталанатын күндердің арасында адамның ішкі әлемі жоғалып бара жатқанын көрсетеді.

Шалғынбайдың балаларға жаңа тәсілмен сабақ өткізуі де астарлы идеяны аңдататын мәнді эпизод. Ол құрғақ ережеден гөрі өмірлік ой айтуға тырысады. «Мүмкін мұғалімнің жұмысы күнді қайталау емес… бір күннің ішінен жаңа адам шығару шығар…» деген тұжырым романның гуманистік идеясының көрінісі. Мұнда адамды қалыптастыру, рухани жаңғыру мәселесі алдыңғы орынға шығады.

Романның көркемдік жүйесінде ирония маңызды қызмет атқарады. Автор қоғамдағы жалған пафос пен жасанды ұрандарды астарлы түрде әшкерелейді. Кейбір эпизодтарда сыртқы күлкі байқалғанымен, оның астарында терең трагедия жатыр. М. Бахтин мұндай құбылысты «екі үнді сөз» деп сипаттаған. «Мүмінде» де кейбір диалогтар мен сипаттаулардың астарында авторлық мысқыл анық сезіледі. Мысалы, «иттің өзі “оралман” деп тұмсығын көтеріп, дөң айбат көрсетті» деген сөйлем арқылы жеткізеді.

Романда тұлғасы біршама дараланған келесі бір кейіпкер  – Тасқын. Ол рухани еңбектің қоғамдағы бағаланбауын танытатын тұлға. Автор аудармашы, мұғалім, журналист секілді зиялы қауым өкілдерінің ішкі күйзелісін Тасқын арқылы жинақтайды. Оның алаңғасарлығы, өмірге бейімделе алмауы  – қоғамдағы рухани адамдардың қорғансыз күйінің белгісі.

Жазушы әсіресе қазіргі қоғамдағы рухани шаршауды дәл байқай алған. Романдағы кейіпкерлердің көбі өмір сүріп жүргенімен, шын мәнінде өмірдің мәнін жоғалтып алған жандар секілді әсер қалдырады. Олар күнделікті тіршіліктің қамымен жүріп, өз жанын ұмытып кеткен. Автор мұны ашық айыптамайды, бірақ кейіпкерлердің ішкі бос кеңістігі арқылы оқырманға терең сезіндіреді.

Шалғынбай бейнесінің сәтті шығуының тағы бір себебі – оның мінсіз кейіпкер болмауында. Ол кейде ашуланады, кейде торығады, кейде үмітсіздікке беріледі. Бірақ дәл осы әлсіздіктері арқылы ол тірі образға айналған. Қазіргі әдебиетте жасанды батырлардан гөрі, шынайы адасатын, қиналатын кейіпкерлер оқырманға жақынырақ. Осы тұрғыдан келгенде Шалғынбай – бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарысты бастан өткеріп жүрген талай адамның жиынтық бейнесі.

Автор шығармасында адам мен қоғам арасындағы қайшылықты ғана емес, адамның өз-өзімен күресін де терең берген. Кейіпкердің негізгі майданы сыртта емес, өзінің ішінде жүріп жатады. Оның жүрегіндегі күмән мен сенімнің, үміт пен торығудың арпалысы романның негізгі психологиялық өзегін құрайды. Осы ішкі драматизм шығарманың эмоциялық әсерін күшейтіп тұр.

Шығармада ұлттық мәселе де маңызды орын алады. Автор қоғамдағы отарлық сана қалдықтарын, ұлттық рухтың әлсіреуін, тіл мен мәдениет мәселесін астарлап береді. Бұл жағынан роман постколониялық әдебиет сипаттарына жақындайды. Ондағы ұлттық болмысты сақтау мәселесі, кейіпкердің «Мен қазақпын!» деген ішкі арпалысы бүкіл шығарманың рухани өзегіне айналған. Жеке адамның тағдыры арқылы ұлттың рухани жағдайы бейнеленеді.

Пейзаждық суреттер де романның психологиялық табиғатын тереңдете түседі. Мысалы: «Көк жүзін торлаған сұрғылт бұлттар ерсілі-қарсылы асығыс жылжып барады» деген секілді суреттеулер кейіпкердің ішкі көңіл күйімен астасып жатыр. Академик З. Ахметов табиғат суретінің адам психологиясын ашудағы рөлін ерекше атаған. «Мүмінде» пейзаж көбіне кейіпкердің жан дүниесінің көркем баламасы ретінде қолданылады.

Автордың тілі қарапайым әрі бейнелі. Романда артық пафос жоқ. Сөйлемдер өмірлік шындыққа жақын. Кейіпкерлердің тілі олардың әлеуметтік ортасын дәл танытады. Диалогтар табиғи құрылған. Әсіресе ауыл адамдарының сөйлеу мәнерінде ұлттық бояу айқын сезіледі.

Психологизм – романның басты көркемдік жетістіктерінің бірі. Шалғынбайдың жалғыздығы, күдігі, өмірден түңілуі, қайтадан рухани мән іздеуі терең суреттеледі. Ол материалдық дүниеден шаршаған сайын рухани әлемге жақындай түседі. Осы арқылы автор адамның шынайы бақыты сыртқы жетістікте емес, ішкі тепе-теңдікте екенін көрсетеді.

Романның соңына қарай кейіпкердің рухани өзгерісі айқындала түседі. Ол бұрынғыдай тек қоғамға ренжіп жүретін адам емес, өмірдің мәнін түсінуге ұмтылған тұлғаға айналады. Бұл өзгеріс кездейсоқ емес, бүкіл шығарма бойындағы ішкі эволюцияның нәтижесі. Романдағы ең маңызды ерекшеліктің бірі – автордың адам жанының көзге көрінбейтін иірімдерін дәл бере алуында. Шалғынбайдың өмірге, қоғамға, өз-өзіне деген көзқарасы бір сәтте өзгеріп кетпейді. Оның рухани жаңғыруы ауыр күмән, жалғыздық, күйзеліс арқылы келеді. Бұл – шығарманың өміршеңдігін арттырған көркемдік шешімдердің бірі. Өйткені шынайы рухани өзгеріс сыртқы уағызбен емес, адамның өз ішіндегі арпалыспен жүзеге асады. Жазушы осы ішкі процесті сенімді суреттеген.

Романдағы тағы бір назар аударатын қыр – уақыттың психологиялық сипаты. Шығармада нақты тарихи кезең аталғанымен, автор уақытты тек күнтізбелік өлшем ретінде алмайды. Уақыт кейіпкердің жан дүниесімен бірге қозғалады. Кейде бір күн ұзақ ғұмырдай сезілсе, кейде бірнеше жыл бір сәттей өте шығады. Бұл тәсіл кейіпкердің ішкі күйзелісін тереңдетіп, оқырманды оның жан әлеміне жақындата түседі. Тағы бір жағынан «Мүмін» романын әлеуметтік реализм мен философиялық психологизмді ұштастырған шығарма райында бағалауға болады. Бұлай деуіміздің себебі: мұнда қоғам мәселесі мен адам жанының трагедиясы қатар өрілген. Автор бүгінгі заман адамының рухани портретін жасауға, олардың жан дүниесіндегі жасырын жарақаттарды танытуға ұмтылады. Романның құндылығы  – қазіргі қоғамдағы рухани бос кеңістікті дәл көрсете алуында.

Сонымен қатар шығармада публицистикалық сарын да байқалады. Кейбір тұстарда авторлық ой тікелей айтылып кетеді. Бірақ бұл романның әлсіздігі емес, оның стильдік ерекшелігі ретінде қабылданады. Өйткені шығарма тек оқиға айтуға емес, ой айтуға құрылған. Сондай-ақ, романда көрілген көрнекті бір жетерсіздік – тартыссыздық. Жазушы күрделі де қайшылықты сюжеттер құрғанның орнына, бірнеше тарауларында діни мәселелерге қатысты авторлық концепцияларын ұзақ баяндауға жол береді. Бұл шығарманың көркемдік тұтастығына белгілі жақтан ықпал еткені анық. Бұл шығарма қазіргі қоғамдағы адам мен ардың, ұлттық сана мен заманның, махаббат пен иманның арасындағы күресті терең бейнелей алған туынды.

Қорыта айтқанда, Нұрхалық Абдырақынұлының «Мүмін» романы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі рухани-интеллектуалдық бағыттың көрнекті үлгілерінің бірі. Шығармада адам мен қоғам, рух пен материалдық дүние, сенім мен күмән арасындағы қайшылықтар терең бейнеленген. Романның басты жетістігі – бүгінгі адамның жан әлеміндегі бос кеңістікті, мағына іздеу процесін көркем әрі философиялық деңгейде аша алуында. Сондықтан «Мүмін» тек бір кейіпкердің тағдыры емес, тұтас дәуірдің рухани портреті ретінде бағалануға лайық. Жалпы, «Мүмін» – руханият, махаббат, ұлт тағдыры мен адам болмысы туралы терең ой қозғайтын роман. Бұл шығарма оқырманды тек оқиғаға емес, өз жан дүниесіне үңілуге шақырады. Тұтастай алғанда, Нұрхалық Абдырақынұлының «Мүмін» романы – қазіргі қазақ прозасындағы рухани-психологиялық бағытты тереңдеткен маңызды туындылардың бірі. Роман оқырманды дайын жауаппен емес, күрделі сұрақтармен беттестіреді. Адам деген кім? Бақыт неде? Қоғам адамды өзгерте ме, әлде адам қоғамды өзгерте ме? Осындай мәңгілік сауалдар шығарманың өн бойында көркем әрі философиялық сипатта өріліп отырады. Шығарманы оқып шыққан оқырман тек Шалғынбайдың тағдырын бақылап қоймайды, өз жан дүниесіне де үңіледі. Романның басты құндылығы да осында. Ол оқырманды үнсіз ойлануға мәжбүр етеді. Адамның шынайы өмірі сыртқы табыста емес, ішкі тыныштықта екенін сезіндіреді. Сондықтан «Мүмін» романы — рухани ізденіс жолындағы адамның жан айнасы іспетті туынды.

Сондықтан «Мүмін» романы тек көркем шығарма ғана емес, қазіргі қоғамның рухани ахуалына қойылған көркем диагноз іспетті. Шығарма оқырманын ойландыруымен, адам жанының терең иірімдерін ашуымен және рухани ізденіс мәселесін көтеруімен құнды.

Талдаубек Қадыл

Әдебиеттанушы-ғалым, PhD доктор

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan