Диас ауылдағы атасына қонаққа келген, жасы бесте.
- Тұр, балам, тауға барайық. Бүгін ерекше күн, - деген әкесінің дауысынан оянды. Ерекше күн дегенге елең етіп, атып тұрды.
Міне, томпаңдап, әкесіне еріп тауға бара жатыр. Қалалық Диастың тауға алғаш баруы.
Айналаның бәрі көкпен таласқан шырша, қарағайлар. Жұпарлы шөптер, гүлдер, бұталар. Жақын маңда алмұрт, алма, таңқурай, басқа да көз тартар жемістердің хош иісі баурап барады.
Әнеу тұста сыңғырлап бұлақ ағып жатыр екен. Диас томпиған алақанын толтырып таудың суын ішіп көрді. Мұздай екен. Дәмі де үйдегі судай емес, тәп-тәтті. Диас судан тағы ішкісі кеп, әкесі сияқты бұлақтың шетіне етбеттей жатып, судан сіміріп салды. Судың тәттісін-ай!
Әкесі таудың шыңын бетке алып жүріп келеді. Диас томпаңдап еріп келеді. Күн батып, қас қарайғанда таудың шыңына да жетеді. Арқаларына асып алған рюкзактарын жерге түсірді. Диастың әкесі бірден шатыр құруға кірісіп кетті. Диас әкесіне көмектесіп жүр. Әп-сәтте төрт адам сиярлық кең шатыр дайын болды. Кірер тұсы дөңгелене ашылатын сырғыма құлыпшамен жабылады екен.
Тауда жұлдыздар ап-анық көрінеді. Қандай керемет, мұнда жұлдыздардың бәрін көруге болады екен ғой. Қалада жүргенде бұл жұлдыздар көрінбейді
Диас кірпік қақпастан жұлдыздарға қарап отыр. Жұлдыздар барған сайын көбейіп бара жатқандай.
Диасқа мына жұлдыздар қуанып тұрған сияқты көрінді. Жұлдыздардың бәрі Диасқа қарап күлімдеп, жымыңдайды.
- Е-хе-хе-ей, - Диас орнынан атып тұрып, шатырды айналып жүгіре жөнелді.
Шатырды айнала секеңдей жүгірген Диас жұлдызды аспанды қызықтап отырған әкесінің құшағына қойып кетті. Әкесі Диастың маңдайынан иіскеп, құшағын жазып, қасына отырғызды.
Түнгі тынық ауада таудағы дыбыстар анық естіледі екен. Әнебір тұста шегірткелер шырылдайды. Мына бір тұста құстардың қанатының серпілісі естіледі. Диас әкесінің иығына басын қойып, түнгі таудың үнін тыңдап, жұлдызды аспаннан көз алмай қарап отыр. Теледидардан көргенде басқадай, өз көзіңмен көргенде мүлдем өзгеше әсер береді екен.
- Бүгін жақсылап тынығып алайық, таң қылаң бере бір ғажапты көреміз, - дейді әкесі.
Диас қандай ғажайып болатынын ойлап, күлімсіреп жатып ұйықтап кетті.
- Тұра ғой, балам, - деген әкесінің жылы дауысынан оянды.
Шатырдың іші таң бозамықтанып, бұрындары байқалмаған әлдебір шуақпен сәулеленіп жарқырай бастайды. Диас әкесіне ілесе палаткадан шығып, таудың салқын ауасын мұрнын пүштите тыныстап тұрып, таудың қалың өскен ағаштарының арасындағы жарқыраған сәулені көзі шалды. Әкесіне қарап еді, әкесі тауға шыққанда ұстайтын таяғына сүйеніп, жарық сәуледен көз алмай қарап тұр екен. Сәуле ұлғая түсті. Әкесінің жүзі ерекше нұрланып барады. Таңырқаған Диас біресе әкесіне, біресе әлгі сәуле шыққан тұсқа қарайды. Ауада бір өзгерістің пайда болғанын сезіп, пүштиген мұрнымен таңғы салқын ауаны иіскелеп қояды.
Сәуле ұлғайғаннан ұлғайып, таудың биік шыңдарына жетіп, таңғы аспанмен астасып кеткендей. Диас кірпігін қақса болды, осы ғажайып көрініс жоғалып кетердей демін ішке тарта, таң-тамаша күймен әкесінің қолынан ұстай алып, сәуле шашқан тау шыңына қарап қалған. Таудың шыңдары да, ондағы өсетін ағаштар да, көк аспан да бәрі-бәрі алтындай жарқыраған сәулемен нұрланып барады. Ғажайып сәуле көк аспанды, бар әлемді жарқырата барған сайын ұлғайып барады. Жанды жылытар шуақты сәуле Диас пен әкесіне сәт сайын жақындап келе жатқандай.
- Әке...
-Тыныш, балам.
Диас өз көзіне өзі сенбей әлгі жақындап келе жатқан сәуледен көз алмай қарап тұр. Айналаны жарқырта нұрға бөлеп, әрбір шөп-шөпшекті аялай сипаған алып сәуле Диас пен әкесінің алдына кеп тоқтайды.
Жарқыраған ғажайып сәуле Диас пен әкесін бастан аяқ көмкеріп кетті. Жарқыраған сәуле Диастың көзіне шағылысып, Диас алақанымен көздерін жұма қойды. Бір сәт тұрып, жұдырығымен екілене уқалап, қайта ашты көздерін. Тап алдында алтын мүйізді бұғы тұр екен. Мөлдіреген сұлу көздерімен бұларға қарайды. Диастың жүрегі қуаныштан атойлап қоя берді. Бұғы тау суындай сыңғырлаған күміс үнмен кернейлете әкесіне үн қатты.
Әкесі қуана күліп, ұлын желкесіне мінгізіп алып, бұғыға жақындады. Диас енді көрді. Бұғы апаның қарағайдың бұталарындай тарамдалған алып мүйіздерінде күміс бесік тұр екен.
- Білесің бе, балам. Бұғы-апа әркімге бір көріне бермейді. Кеше таңда аян берген келетінін айтып. Міне, қарашы, Бұғы апа бізге бесік әкеп тұр. Келешекте сенің арыстан жүректі, мыңдардың жүрегіне жол табатын бауырың келеді дүниеге.
- Бауырым бола ма? Алақай! Бауырыммен ойнайтын болдым. Алақа-а-а-а-й! - Диас шаттанып, сақылдай күліп, аяқтарымен тепкіленіп қалып, қолдарын шапалақтап жіберді.
Әкесі Диасты биікке көтеріп алып, Бұғы-апаның алдына қойды. Диас Бұғы-апаның жып-жылы тұмсығынан бір-екі сипап, қуаныштан сықылықтап күліп, біресе әкесіне, біресе Бұғы-апаға кезек-кезек қарайды.
-Бұғы апаға сенің қуанғаның ұнап тұр. Арқама мінгіз дейді сені. Тау шыңдарына шығарып, әлемнің ғажабын көрсетіп, серуендетіп келем дейді.
-Мені ме? – Диас таңданыстан көздері жыпылықтап біресе бұға-апаға қарайды, біресе әкесіне қарайды.
- Иә, сені, - әкесі күлімсіреп, Диастың арқасынан қағып қойды.
Бұғы - апа көкке ұмтыла кеңістікке тарамдалған алып мүйіздерінде тұрған күміс бесікті ал дегендей, басын сәл еңкейтіп, мөлдіреген көздерімен Диасқа мейірлене қарайды.
Әкесі сәуле шаша жарқыраған күміс бесікті Бұғы апаның мүйізінен алып, қасына қойып, Диасты жерден көтеріп алып, Бұғы апаның арқасына мінгізді.
Бұғы-апа басын маңғаздана көтеріп, тұмсығын көкке соза кернейлете ән сала бастады да еппен алға басып, көкке таласқан қарағайлы орманның ішіне кіріп бара жатты.
- Алақай! Алақай! – Диас алақандарын шапалақтап, Бұғы- апаның алтын мүйіздерінен тараған жарқыраған сәулеге көміліп, шаттанысқа толы қуанышы айналасына тарап жатты. Диастың шаттанған сыңғыр күлкісі алып орманның шет-шетіне тарап, тау шыңына дейін жетіп жатты.
Диасты мінгізген Бұғы апа алып қарағайлы орманнан өтіп, тау шыңдарына жетіп, тау шыңында сәуле шашып, тұмсығын көк аспанға қарай көтеріп, бұғыларға тән көркем күлімсіреп, жан-жағына маңғаздана қарайды.
- Мен адам баласын қуанышқа бөледім! - деп кернейлете үн қатты кеңістікке Бұғы апа.
- Алақа-а-а-а-й! – шаттанған Диас алақандарын шапалақтап-шапалақтап қояды.
Биік бір таудың шыңына шығып, енді бір тауды айналып, қарағайлы орманды жарқырата сәулесімен көмкеріп, Диасты мінгізген Бұғы апа аяңмен көкпен таласқан таңғажайып алып таудың ұшар биік шыңына көтеріліп келе жатыр.
- Әк-е-е-е!
- Ұ-лы-ы-ы-ы-м!
Диастың сыңғырлаған, шаттықа толы бала дауысы мен әкесінің мейірімге толы бақытты дауысы бүкіл кеңістікке тарап жатты.
