Тарихтың түнгі үні немесе азаматтық поэзияның биігі

72

Тарихтың түнгі үні немесе азаматтық поэзияның биігі - adebiportal.kz

Астана күніне орай өткен «Байрағы биік байтағым» республикалық жыр бәйгесінде Әбубәкір Смайыловтың «Түнгі Астана. Бассыз салт атты» өлеңінің жүлделі орын иеленуі – қазақ поэзиясы үшін де, ұлттық руханият үшін де маңызды оқиға. Бұл – бір ғана шығарманың жеңісі емес, азаматтық үннің, тарихи танымның, көркем ойдың жеңісі.

Әбубәкір Смайылов – азаматтық поэзияның жүгін көтеріп келе жатқан санаулы ақындардың бірі. Оның қай өлеңін оқысаңыз да, жүректі селт еткізер сұрапыл қуат, тарихи зерде, ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілік қатар өріліп жатады. Ол тақырыпты сырттай жырламайды, сол тақырыптың өзегіне еніп, халықтың жан дүниесімен бірге толғанады. Сондықтан оның өлеңдері оқылып қана қоймайды, сананы сілкінтіп, жүректі тербейді. Бұл – нағыз азаматтық поэзияның басты белгісі.

«Түнгі Астана. Бассыз салт атты» – сондай қуатты шығармалардың бірі. Ақын Астананың түнгі келбетін суреттеу арқылы өткен мен бүгінді, тарих пен тәуелсіздікті, ұлттық жады мен бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігін бір арнаға тоғыстырады. Өлеңдегі елорда – жай ғана сәулетті қала емес. Ол – күллі қазақтың жүрегі, тағдыры мен тарихы тоғысқан қасиетті кеңістік.

Шығарманың ең әсерлі әрі көркемдік қуаты жоғары тұсы – Кенесары ханның бассыз ескерткішінің түнде тұғырынан түсіп, тұлпарына мініп, өз басын іздеп кетуі. Бұл – жай ғана көркем қиял емес. Бұл – тарихи әділеттің әлі де толық орнамағанын, ұлттың жазылмаған жарасын, азаттық жолында жанын қиған бабалардың рухани мазасыздығын бейнелейтін терең символ. Бір ғана көркем образ арқылы ақын тұтас ұлттың тағдырын сөйлетеді.

«Алқам-салқам қазақтың жаны осында» деген жолдар елорданың шынайы рухани болмысын айқындай түссе, шығарманың соңындағы:

«Қалай деуге болады, таң қаласың,

Ханға басын іздетіп қойған елді?!» деген ащы сауал әр оқырманның жүрегіне жетеді. Бұл – өткенге өкініш айту емес, тарих алдындағы жауапкершілікті еске салған азаматтық үн.

Өлеңді оқыған сайын көз алдыңа түнгі Астана келеді. Тыныш қала... Бірақ сол тыныштықтың астарында үнсіз жатқан тарих бар. Есілдің жағасы, Қараөткелдің қасіреті, Кенесары ханның рухы... Мұның бәрі ақынның қаламында тіріліп, бүгінгі ұрпақпен тілдеседі.

Маған бұл өлең ерекше әсер қалдырды. Әсіресе бассыз Кенесарының түн ішінде кең даланы кезіп, өз басын іздеуі – тек бір ханның тағдыры емес, тарихи ақиқатты, ұлттық тұтастықты іздеген қазақтың символдық бейнесі сияқты қабылданды. Осындай көркем шешімге бара алған ақынның ой тереңдігі мен суреткерлік шеберлігіне тәнті болдым.

Әбубәкірдің қай өлеңін оқысаңыз да, оның азаматтық болмысы мен ұлтқа деген адалдығы анық сезіледі. Оның жырлары – жай ғана поэзия емес, халықтың тарихи жады, елдік мұраты мен рухани мұңының көркем шежіресі. Сондықтан оның өлеңдері бүгінгі қазақ азаматтық поэзиясының ең биік белестерінің қатарынан лайықты орын алады.

Кейде бір өлең тұтас бір дәуірдің үнін жеткізеді. Әбіштің «Түнгі Астана. Бассыз салт атты» өлеңі – сондай шығармалардың бірі. Бұл елорданы мадақтаумен шектелмей, ұлттың тарихи жадын, Кенесары ханның қасіретті тағдырын және әділетке деген мәңгілік сағынышты көркем тілмен сөйлеткен туынды.

Олай болса, өлең оқиық?

ТҮНГІ АСТАНА. БАССЫЗ САЛТ АТТЫ

                «Мы привыкли жить в мире, где мы либо есть, либо нас нет. 

                Но ведь возможно и то и другое»

                                                           (Роберт Турман)

                «Қапа шығар қазаққа дедім іштей,

                 Қарындасы секілді хан Кененің»

                                                         (Есенғали)

Не қалды десек те біз көрмегендей,

Шарлап шаһар таппадым тең келердей.

«Қарындасы секілді хан Кененің»,

Сол қаланы сүйемін мен де өлердей!

Көңіліңді тұратын гүлге бөлеп,

Түстіктегі шәрлердің түндері ерек.

Мәжнүн талы талықсып құлағыңа

Сыбырлайтын сияқты бірдеңе деп.

Бірақ, нем бар басқаның қаласында,

Бес бересім, жоқ алты аласым да. 

Өзге тұрмақ өзі де түсінбейтін,

Алқам-салқам қазақтың Жаны осында!

Түнгі Астана бір жұмбақ мен білетін.

Тапқандаймын айтудың енді ретін.

Бұйығы Есіл, бүк түскен Қараөткел де

Бүгіп жатыр тарихтың шерлі бетін.

Тылсым күштер әдетте түнде өреді,

Емес бірақ бұл әсте жын-пері елі. 

Қараңғылық басқанда айналаны,

Олар-дағы оянып үлгереді.

Ескерткіш боп тұрғанмен Кенесары,

Есіл бойын кезіп жүр елесі әлі.

Түсіп келе жатады түн ішінде

Тұғырынан (басы жоқ!) дене жағы.

Көк шалғынның орнына тас төсеген,

Көк аспанмен таласқан асқақ, әсем-

Астананы жаңғыртып ат тұяғы

Батыр жүйткіп барады Бас көшемен

Шашыраған қазақтың басын құрап,

Шейіт болған жолында асыл мұрат,

Батыр жаны жай таппай өлген соң да

Кең даланы кезіп жүр Басын сұрап!

Шолпан жұлдыз туғанда Ай таранып

Тұрады осы көрініс қайталанып.

Таң сыз бере қажыған әлсіз дене

Тұғырына қонады қайта барып.

Арылып қалың тұман - ойдан енді

Таң да атты. 

Қоңыр тірлік, қой мәнерлі.

Қалай деуге болады, таң қаласың

Ханға басын іздетіп қойған елді?!

Журналист Мақпал Орынбетова 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan