Адамның сұрақ қоя білу қабілеті оның құндылықтары мен ойлау тереңдігін айқындайтын маңызды факторлардың бірі екенін Мәулен Әшімбаев айтқан еді. Сол ой менің санамда ұзақ уақыт жүрді. Бір күні Серік Томановтың бір өлеңіндегі сұрақ төңірегінде ойландым.
«Өмірді қайтем, өтер де кетер өкінтіп,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған…»
«Өмірді қайтем? деген жерде бәрі түсінікті. Өмір өтеді. Тән топыраққа айналады. Адам дүниеден өтеді. Бұл – адамзатқа ежелден белгілі ақиқат. Ал «сезімді қайтем?» деген сұрақ мүлде басқа кеңістікке алып шығады. Ол адаммен бірге ғайып бола ма, әлде басқа формаға өте ме? Бәлкім кеңістікте өз ықпалын жалғастыра беретін болар?
Мен поэзияда мұндай сұрақты бұрын-соңды кездестірмеппін. Ақындар көбіне сезімді сипаттайды да, онтологиялық тағдырын, яғни оның қайда баратыны жөнінде толғанбайды. Бірақ дәл қазір мені таңғалдыратыны – қазақ поэзиясында осы бір сұрақтың қойылғаны. Сондықтан мен Серік Томановтың бұл жолдарын өлең жолы ғана емес, болашақ ғылым мен философияның алдына тасталған интеллектуалдық шақыру ретінде қабылдаймын.
Әрі «Interstella» фильмінен және Пьер Де Шарден, Джон Боулби сынды ғалымдардың теорияларынан қызық жауап тапқандай болдым. Алдымен ақынның «физикалық сұрағы» құр риторикалық эксперимент емес, танымдық интуицияның ғажап көрінісі екенін байқататын өзге де өлеңдерінен мысал келдіре кетейін.
Автор «Таң атса болды, күн батты. Ұршығын мезгіл зулатты» деген жолдарын оқығанда, көз алдыма кенет ұршық емес, Жердің өз осінен айналуы келді. Ұршық айналған сайын жіп оралатыны секілді, Жер де өз осін айналған сайын күн мен түнді, ай мен жылды өзіне орап, уақытты алға жылжытып отырғандай әсер қалдырады. Сондықтан бұл жолдарды уақыттың жай ғана өтуі емес, алып планетарлық механизмнің қозғалысы ретінде қабылдадым. Ақындар көбіне уақытты адамның көңіл күйімен байланыстырып, оны мұңды, бақытты немесе өлшеусіз құбылыс ретінде сипаттаса, Серік Томанов уақытты қозғалысқа түскен жүйе, үздіксіз жұмыс істеп тұрған механизм ретінде көреді.
Осы ойдың жетегінде ақын туралы дерек іздеп отырып, Көсемәлі Сәттібайұлының естелігіне тап болдым. Оның айтуынша, Серік Томанов жастайынан есеп-қисапқа жүйрік болып, «Қызықты физика» кітабын сүйіп оқыған, тіпті қарапайым тәжірибелер жасап көрсететін бала болған екен. Оны көргендердің көбі болашақта ақын емес, инженер немесе жаңалық ашатын өнертапқыш болады деп ойлаған. Осы естелікті оқыған сәтте поэзиядағы физикалық және инженерлік интуиция туралы алғашқы әсерімнің кездейсоқ болмағанын сезіндім.
Бұл ерекшелік ақынның тағы бір жолынан анық байқалады.
«Күндерді қайтем, сынаптай сырғып, зулаған…»
Сынаптың өзгешелігі оның жоғары беттік керілу қасиетінде жатыр. Ол тегістікке жабысып қалмайды, домалақ тамшы күйінде жылжып, көз алдыңнан сырғып өте шығады. Ақын уақыттың табиғатын дәл осы физикалық құбылыс арқылы береді. Өйткені уақыт та адам өміріндегі қуаныш пен қайғыға, кездесу мен айырылысуға аялдап қалмайды. Кеше ғана бүкіл әлеміңді толтырған оқиғалар алыстап, бірте-бірте естелікке айналады. Сынап образы уақыттың жылдамдығын емес, оның қолға ұстатпайтын, ешнәрсеге байланбайтын табиғатын ашып тұр. Алайда уақыт туралы ойдың ең қызық тұсы осы жерде басталады. Өйткені уақыттың өтетіні белгілі.
Ал енді «Тулаған сезімге» келейік.
Егер адам өліп кетсе, сезім қайда барады?
Адам кетеді. Бірақ оның жүрегінен шыққан бір діріл әлемнің бір жерінде тербелуін жалғастыра беретіндей көрінеді. Таңғалдыратыны да осы. Тәннен туған нәрсенің тағдыры түсінікті. Ал жүректен туған нәрсенің тағдыры қандай? Мүмкін, сезім жоғалып кетпейтін шығар. Мүмкін, ол иесінен бөлініп, басқа тағдырлардың құрамына енетін шығар. Сонда бір адамның махаббаты ғасырларға созылған көбелек эффектісіне айналып кетуі де мүмкін.
Осы тұста Пьер Тейяр де Шарденнің ноосфера туралы тұжырымы еске түседі. Оның пікірінше, адамзат жеке саналардың жиынтығы ғана емес, біртұтас саналық өріс құрайды. Материядан өмір, өмірден сана туындайды, ал сананың келесі даму сатысы ноосфераға ұласады. Сондықтан адам өміріндегі терең рухани тәжірибелер толық жоғалып кетпейді, олар адамдар арасындағы байланыстар арқылы үлкен ортақ саналық кеңістікке қосылады.
Тейяр үшін маңыздысы сезімнің бастапқы иесі емес, оның жалғасуы. Бір адамның махаббаты екінші адамның өміріне әсер етеді, ол өз кезегінде үшінші адамның тағдырына ықпал етеді, сөйтіп бастапқы сезім жеке эмоция шекарасынан шығып кетеді. Сондықтан Тейяр тілінде айтсақ, махаббат жоғалмайды, ол байланыстар желісіне айналады. Оның «Махаббат - ғарыштағы ең әмбебап, ең қуатты және ең жұмбақ күш» деуі де осыдан болса керек.
Бұл ойды психологиядағы Джон Боулби де басқа қырынан толықтырады. Оның байланыс теориясында адамның маңызды адамдармен орнатқан эмоционалдық қатынастары уақытша сезім ретінде емес, психиканың тұрақты құрылымы ретінде қарастырылады. «Белгілі бір адамдармен күшті эмоционалдық байланыс құруға бейімділік - адам табиғатының іргелі құрамдас бөлігі» деп жазған Боулби байланысты кездейсоқ эмоция емес, адам болмысының негіздерінің бірі ретінде түсіндіреді.
Бұл жерде Виктор Франклдың «Адамды ұстап тұратын нәрсе эмоция емес, мағына» деген идеясы да ойға оралады. Шынында да, уақыт оқиғаларды өзгерте алады, адамдарды ажырата алады, бірақ кейде мағынаны өзгерте алмайды. Сыртқы координаттар өзгергенімен, адамның болмысының өзегіне айналған кейбір мағыналар сақталып қалады. Мұны қазіргі философиялық тілмен мағыналық инварианттылық деп атауға болар еді.
Осы идеяны көркем түрде көрсеткен шығармалардың бірі – «Interstellar» фильмі. Гаргантюа маңында уақыттың өзі бұзылады. Купер үшін бірнеше сағат өтсе, қызы Мерф үшін ондаған жыл өтеді. Әке мен қыздың өмірлік уақыттары бір-бірінен ажырап кетеді. Қалыпты логика бойынша мұндай жағдайда байланыс әлсіреуі керек еді. Бірақ фильмде керісінше құбылыс байқалады. Купер Гаргантюаның ішіндегі тессерактқа түскенде, оның қолында қалған жалғыз нәрсе – қызына деген махаббат. Ол енді ұшқыш та емес, инженер де емес, астронавт та емес, оның бүкіл болмысы Мерфке жетуге деген құлшынысқа айналады. Нолан осы арқылы уақыт адамдарды бөліп жіберуі мүмкін болғанымен, тылсым байланысты жоя алмайтыны туралы гипотеза ұсынады. Гаргантюа уақыттың құдіретін көрсетеді, бірақ Купер мен Мерфтің байланысы уақыттан да тұрақтырақ болып шығады. Сол себепті адамның денесі өлген кезде сезім де дәл сол сәтте жойылып кетеді деп кесіп айту қиын. Боулби теориясы бойынша ол адамның ішкі құрылымында сақталады. Тейяр де Шарден теориясында ол ноосфераның бір бөлшегіне айналады-мыс. Ал Франкл мен Нолан ұсынған кеңістікте ол мән-мағына ретінде өмір сүруін жалғастырады. Сондықтан адамды таңғалдыратыны өмірдің өткіншілігі емес, өмірдің өзінен өміршең сезімнің табиғаты болуы мүмкін.
***
Ғалымдар, әдебиетшілер, музыканттар мен ойшылдардың кейбір бөлігі адам өмірінің түпкі мәнін материалдық игіліктен, атақ пен мансаптан емес, одан да биік рухани құндылықтардан іздеген. Абайдың «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөзі де адамның шынайы мұрасы дүние емес, уақыттан тыс өмір сүретін рухани ізі екенін аңғартады. Кей адамдар ғана сезіне алатын махаббат, шабыт, өнер, ар-ождан, адам жанына қалдырылған әсер секілді материалдық өлшемге сыймайтын рухани активтер. Мұндай биіктерге ұмтылу көпшілікке түсінікті бола бермейтіні анық.
Ойымды ақын Тұрсын Жұмаштың:
«Қырандар ғана ұшатын биік бар,
Қарғалар ұшады төменде.
Таңдайда шөл, маңдайда күйік бар,
Әйтпесе нем бар өлеңде…», -
дейтін өлеңімен түйіндейін.
Қосымша:
«Феномен человека» 287-бет: «Любовь — энергия. Обычно мы рассматриваем лишь сентиментальную сторону любви — все радости и горести, которые она нам доставляет. Мне же придется исследовать ее природу, динамику и эволюционное значение.»
288-бет: «Платон уже чувствовал и бессмертно выразил это в «Диалогах». Позднее философия Средневековья технически вернулась к той же идее в лице Николая Кузанского. В любви ищут друг друга части мира, дабы мир явил себя. Это не метафора, здесь скрыто нечто большее, чем поэзия. Будь то сила или искривление, но всемирное тяготение, которому мы все подвержены, есть не что иное, как изнанка или тень того, что на самом деле движет природой. Чтобы увидеть „ключевую“ космическую энергию, необходимо, если вещи обладают внутренним, сойти во внутреннюю или радиальную зону духовных влечений.”
279–281-бет: «Мы признали и допустили, что эволюция — это подъем к сознанию. … Мысль может продолжаться лишь в направлении сверхмышления, то есть сверхперсонализации. … Ноосфера, да и вообще мир, представляют собой совокупность не просто замкнутую, но и центрированную. Поскольку пространство-время содержит в себе и порождает сознание, оно неизбежно обладает конвергентной природой.»
287-бет: «Любовь — энергия. Обычно мы рассматриваем лишь сентиментальную сторону любви — все радости и горести, которые она нам доставляет. Мне же придется исследовать ее природу, динамику и эволюционное значение.»
Салтанат ҚАЙЫРБЕК
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
