Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Ұларбек Дәлейұлы. Хат бармайтын қыстақ ...

28.04.2021 6972

Ұларбек Дәлейұлы. Хат бармайтын қыстақ

Ұларбек Дәлейұлы. Хат бармайтын қыстақ   - adebiportal.kz

Әңгіме

Ол кезде біз жайлауда, Бәйжеде болатынбыз. Серіліктаудың басына мамырлай шөккен жаз бұлты, іргеде сылдырап аққан бұлақ, аспанда баяу қалқып, жем іздеген тағы құстар – менің балалық өмірімнің мұңды да ұмытылмас картинасы-тұғын. Шешеміздің өреге жайған құрттарын кержағал кезқұйрық алып кете беретін. Күн ашықта шегіртке теріп, бытырай жайылып жүрген он шақты шөжесіне де үнемі қауіп төніп тұратын. Аптап ыстық апталап шыжғыратын да, соңы жауынға ұласатын. Алтай жаңбыры бірде сібірлеп, бірде сіркелеп жауып, Көктерек аспаны мұнарлы мұңға бой ұсынатын.

Кей шақтары бейқам аспанның көкірегін қарс айырып, кенет күн күркіресе, қараша үйде от жағып отырған анамыз «Субханалласын» айтушы еді. Бұл даңқты Алтайдың қаһарлы табиғатына деген біздің ауыл тұрғындарының тотемдік иланымы һәм «Найзағай – әке, жаңбыр – ана, себепсізден өлтіре қоймайды» деген аңғал сенімі-тұғын.

Шөпке, егіндікке кеткен балаларын (әкемнің ағалары) ойлап, мазасы қашқан апам да біздің үйге келіп, шешеммен ұзақ сөйлесіп, шай ішетін. Сонау бір қиянкескі соғыста шейіт кеткен Көбеш батырдың мазары сарбаздарымен бірге біз тіккен қоңыр үйдің іргесіне жақын еді. Тастан жиналған үлкен қабірліктің жоғарғы жағындағы дөңеске екі үй көрші қонатынбыз. Күректі жақта, әлде Жігербай асуында қытайлармен болған соғыста жағынан оқ тиген батыр бірнеше күн ажалмен арпалысып жатып, қайтыс болған екен. Атамның олар туралы айтқан әңгімелері еміс-еміс есімде қалса да, осында бір жақын туысымыз жатқандай, зират басына қорықпай келе беретінмін.

Біздің ауылда жұмбақ күйде есі ауысып кеткен бір қыз бар-тұғын. Түрі қап-қара, шашын жайып алып, кейде ауыл үйді аралап кететін. Әке-шешесі қой бағатын қарапайым жандар еді. Солармен бір үйде жатпай, іргеге жапырайтып тіккен оңаша қоста ұйықтайтын. Біз оқудан қайтатын жол сол үйдің қасынан өтетін. Тура қасына маңға жеткенде балалар топтасып алып жүретінбіз. Ауылға қара бүйі қаптап кететін жылы кенже інім екеуміз Көбеш батырдың зиратына қатпарлап жиған тастың арасынан бүйі теріп, ойнап жүргенбіз. Бармақтай қара бүйілерді қолымызға шыпырлата жинап алып, көрші балаларды қорқытамыз. Бір ғажабы сол бүйілер адамды шақпайтын. Күн кешкіріп қалған. Қайдан сап ете түскені белгісіз, қасымызға сол жынданған қыз жетіп келіпті. Қорыққанымнан тұра қашуға ыңғайланып едім, інімнің селт етер түрі жоқ. Оны тастап кетуге қимай мен де тұра бердім. Үй жаққа қарасам шешем есік алдында туырдық жамап отыр.

– Әй, келіңдер бері, менен қашпаңдар! – деді әлгі қыз. – Тауға отынға кетіп барамын. Үрімжіде оқитын бір жігіт маған алтын сырға алып берді, міне, көріңдер, – деді тағы.

Құлағына қарасам, қойларға тағатын белгі – теңгені тізіп тағып алыпты. Басын ары-бері бұрғанда мыс теңгелер сылдыр-сылдыр етеді. Біз сықылықтай күлдік.

– Ол маған хат жазып тұрады екен. Бірақ, жазған хаттарының бірі де келмейді. Сендер оқудағы ағаларыңа айтсаңдаршы, сол жеткізіп тұрсын. Бірақ, біздің қыстаққа хат келмейді. Келген де емес. Сендер осында көп құран оқып тұрыңдар. Мұнда жатқан аталар да туыстарын күтеді. Бірақ, ол жаққа да хат бармайды, – деді тас қабірлерді иегімен нұсқап. Сол сәтте жүзі талаурап, екі беті көгеріп кетті. Ұстамасы ұстап қалған күні осылай долданып, ел кезіп кететінін еститінмін.

– Келіңдер мұнда! – деп шақырған шешемнің дауысы естілді. Қолында бір кесек наны бар. Інім екеуімізді етегіне тарта, алыстау тұрып қызға қолындағы нанды ұсынды. Шешем берген нанды жұлып алған ол, бұрылды да тауға қарай жүгіріп кетті. Содан кейін ол жаққа барып ойнауды сиреттік.

Біздің ауыл не бір хикаялардың, қанды соғыстардың, ұзынсонар әңгімелердің куәсі-тұғын. Бұзау жайып жүріп, мойнақ пен асу үстінен қалтамызды толтырып, атылған оқтардың жезін теріп келуші едік. Жаңбыр суынан қарайып кеткен жездерді киізбен ысып жарқыратып алып, асық орнына ойнай беретінбіз.

Көктерек қыстағы жаңбырлы жаздың да, қуаңшылық жылдардың да зардабын бірдей тартатын. Кейде шілде туа құтырына жауатын тау жаңбырының соңы селге ұласатын да, мазасыз тұманды күндер аптаға жалғасып кетуші еді.

Үйшік іргесінде ұйықтап жатқанда, төбемізден үрейлі қылыш жарқ ететін. Сол кезде біз қорқыныш құшағында шешейдің отын кіргізіп жүріп су болған етегіне тығылатынбыз. Таудың қара бұлты аузын көпіршіткен шудалы қара бурадай қаһарымен төніп келіп, нөсерін ұйытқыта төккен шақтарда түндікті тіреуішпен шошайта тіреп қойып, қарағай бұтағы мен ақсөңке аршаны маздата жағушы еді жайлаудағы жұрт.

Құлындарын бауырына қымтай түсіп, нөсер тамшылары сорғалаған түндікке көңілсіз көз салған шешем бауырларымды ұйықтатып жататын. Мен жамау-жамау жабағы көрпені жамылып, түтіні бықсыған ошақты үрлейтінмін.

– Анашым, ала бұзауымды үйге кіргізіп алайыншы, егіздің сыңары еді ғой, – деп өксік пен қорқыныш аралас үн қаттым.

Анам көнбеді.

– Өздерің сыймай жатқан қараша үйге хайуанды тықпалап қайтесің? Мал баласы онсыз да жауыннан өлмейді...

Жаным ашитын, желі басында алысып ойнайтын жұбанышым еді ол бұзау. Өйткені, біздің Көктерек қыстағының салтында сиыр егіз туса, біреуін артық санайтын.

Шешем жұлығы шыққай аяқ киімдерді отқа қақтап қойып, өзі мұңлы жүзбен бықсыған түтіннен көз алмай ұзақ қарап отырды. Оның уайымы көп еді. Жалғыз сиырымыз селден өте алмай, арғы беттен біздің жауын өткен сүркейлі үйімізге қарап мөңіреп тұратын. Жиен атаның түйесі де жартастан құлап өлгеніне көп болмаған. Одан қалса таудағы жараланған адамдар мен қансыраған жаралыларды емдеп, босандырып үлгере алмай қалған сәбилер өлімін көре беріп, үйге жабырқау кейіпте оралатын әкемді ойлайтын сол сәтте.

Апам болса көз жасын көрсетпей, мені бауырына баса жатып, сыртта бір деммен сатырлап жауған нөсер дауысын естіп көзіне жас алатын. Өн бойында батылдықтың, денесінде тезек пен қаптың шірік иісі сіңіп қалған шешем мен апамнан өзгені пана тұтпайтынмын.

Мені құшағына баса жатып, батырлардың даңқы жайында ұзын-сонар әңгіме айтып беретін еді.

– Қорықпаңдар, – дейтін, – күн жауа береді. Найзағай түсе береді. Әкелерің мына жауында аман келсе болды...

Сүт иісі аңқыған екі қарындасым мен інім алаңсыз ұйқыда жататын. Ол кезде есейіп қалған мен көп нәрсеге сене бермейтінмін. Босағада сүйеулі тұрған, жаңбыр тамшыларынан жүзіне енді ғана тат жұға бастаған үлкен балтаға қарап үнсіз ой кешетінмін...

Менің сол мейірімді апам, момақан апам Алтай жайлы қаншама хикаялар біледі, қаншама аңыз айтып берді десеңші?! Апам айтқан аңыздардың ішінде Алтай орманын шапқан жабайы сауытты батырлар; ормандағы Ана – Ақ қасқыр; Ақ қасқырды емген жалаңаш сәби; шығыстан ауған Қағандар жайлы аңыздар әлі күнге құлағымның түбінен естіліп тұрғандай болады.

– Соларға ұқсамасаң тумағыр! – деді апам сол күні түндікті жауып келіп. Өйткені, ол кезде Алтайдың нөсері басталған әрі әкем толғатқан әйелді аман босандырып, көңілді келген еді.

Біздің қыстақ алып таулар құшағында үнсіз мүлгиді. Сол тауға шыңып, Жігербай асуына өрмелемегелі, саусағымыз қанап жартастан сарымсақ термегелі қаншама жыл өтіп кетті?!

Саусақ демекші, соны бүгіп санайықшы, бір, екі, үш, төрт.... отыз жыл!

Ұзап кетіпті ғой. Иә, ұзап кетіпті...

Ұлы мәртебелі оқырмандарым үшін менің айтатыным көп-ақ. Есіме түсе беретіні тағы да сол апам ғой. Ол кісі жиырма бес мың шақырымды шөп шақаймен басып, жолай кездескен әр қыстақ сайын әйел алып, өз қандасын миллиондап қырып салған Мау Зыдұң жолдас жайлы жақ кірісін ашқысы келмегенімен, өзіміздің тауларда күні кеше ғана ғұмыр кешкен қазақ батырларының ерлігін жыр қылатын. Өйткені, ол өз ұлдарын ғана емес, жалпы қазақ ұлтының әрбір жас өскінін даланы сүюге үндейтін. Тіпті, маған қора қиын тазалауға жәрдемге келген Боқидың Әділіне дейін шай үстінде шағын әңгімелер айта отыратын. Өзі оқу көрмегенімен, мына Ұлы Даланың бастан өткерген барлық қасіреттеріне, аңыздарына қанық болатын. Бейбарыс сұлтан, Есугей бабамыз жайлы, тіпті кешегі өткен Ақбоз атты Сүлеймен мен Оспан батыр жайлы хикаяларды ерінбей баяндайтын.

Күн кешкіре жаңбыр да саябыр тапты. Тау ішінің қараңғылығы тым қою болады. Шешем сол жақ іргедегі кебеже мен ошақ қасындағы шәй үстелге екі жерден білте шам жақты. Тауға қарай жамырай өрлеген балалармен бірге ағаларым да малмандай су болып, мектептен қайтып келді. Кешкі асқа қоралана отырдық. Шешем дәмдеп пісірген кеспе көже салқын іңірде бәріміздің таңдайымызға татып барады. Астан кейін іле-шала шай ішетін тау қазақтарының әдеті бар. Өрістен қайтқан мал қораланып, лақтар көгенделген соң, бір қалыппен жанған тезектің қып-қысқа жалынына қарап отырып, апамыздың әңгімесін тыңдаймыз.

«Көтерілістің екінші жылы, – деді апам иегі кемсеңдеп, – ел ағалары тозған жұртты бастап, моңғолға ауды. Мерген аға мен (Сүлеймен батырды қайынағасы болған соң солай атайтын) мен Мұса мерген бастаған азаматтар соңымыздан қуған қытай шеріктерінің жолын тосып, Ақбиік асуында қалды. Еміс-еміс естіліп тұрған мылтық дауысы біртіндеп бәсеңдеді. Қанға малтыққан жансар көш ақырын жылжып келеді. Шекараға жақындағанда алдымыздан тосқан моңғол шеріктері оқты жаңбырша жаудырды. Артта қуғын, алда тосқауыл. Ел ағалары дағдарып, алғашында ақыл таппай қалды. Ақсақалдар жиналып, кеңес құрды да, біздің елдің Зәңгісі саналатын Тұқай аға (Тұрдыбек зәңгі) бас болып, Шәкер, Шіңгілбай зәңгі, молқы Қақыш би қатарлы адамдарды Қалқаға елшілікке жіберді. Бұлғынның жалпағынан өткен арт жақтағы ел де үздік-үздік келіп жатты. Қару ұстауға жарайтын азаматтардың бәрі жандарын белге байлап, қатын-бала, кәрі-құртаңды, қарағай арасына ірге баса тігілген үйлерді күзетуге аттанды. Моңғолдар жақтан атыс тоқтап, сол жаққа кеткен кісілерден хабар күттік. Ертесі жұрт таңғы шайға отыра бергені сол еді, Нарманты жақтан мылтық дауысы естілді. Қарауылда жүрген жігіттердің бірі «Жау келді, жау!» деп жоғары қарай шауып өтті.

Шеруші Нәби молда бас болған азаматтар жалма-жан жиналып, буулы теңдерді шешті. қаруы жоқтарға қару, қару ұстай алатын әйелдерге мылтық, қапшығымен оқ үлестірді. Оның бәрі біздің азаматтардың жаудан түскен олжасы еді. Ерте көктемдегі бір тыныштықта, Тұрғын жазығында Есімхан, Ырысхан бастаған ел ағалары мен мерген аға бар бірнеше қолбасылар мылтық көтере алатын, бойында қайраты бар деген адамдарға бала-шаға, кәрі-құртаң, әйел демей соғыс өнеріне баулыған. Ін қазып жатқан сарышұнақ тышқандарды жылт ете қалғанда атып түсіруге әбден машықтанған жігіттер бойындағы бар өнерлерін көрсеткен еді сонда. Қоршауда қалған елге сол жаттығу көп ес қатты. Келе жатқан жаудың алдын тосып, қожыртасты асуға бекінген жас жігіттер мен атан түйенің жүгін жалғыз артатын қайратты келіншектер шеріктердің жолын күтті.

Зағипа екеуміз үш келіншекті ертіп, екіден оқаулы бесатар алып, биіктен, самырсын басынан орын алдық. Мақсатымыз – алда-жалда қытай шеріетері алдыңғы тосқауылдан өтіп кетсе, кілең жас балалар мен ауру кәрілер қалған киіз үйлерге жолтпау.

Өңмеңдей ұмтылған жаудың алдыңғы үшеуін Қапырыш мерген атып түсіріпті. Әркес-тіркес атылған оқтардан бейқам келе жатқан шеріктердің алдыңғы тобы баудай түсіпті де, қарағай түптеріне бұғыпты. Сол кезде жас та болса мергендігімен, батырлығымен көзге түскен Қапырыш бастаған жігіттердің ерлігі аз елді үлкен қырғыннан сақтап қалды. Жауға түске дейін тұрыстық беріп, бері қарай беттетпей тұрды. Алғашқы кезекте-ақ жойқын тосқауылға кезіккен жау «Мұнда қазақтардың сайлауыт тобы жасырынған екен» десе керек, біртіндеп шегініп кетіпті.

Алғашында қарсы жақтан толассыз атылған оқтан біз жақтан жазым болғандар да болды. Бойын толық жасырып үлгірмеген екі келіншекке қатар оқ тиіп, бірі ошақ басындай жерге секіріп кетіпті. Қарнын оқ ескен ол, ішектері шұбатылған күйі жаны шықпай біраз жатыпты»...

Апам көз жасына ерік берді. Қоздаған тезек отына жылынған қараша үйді паналаған бес-алты жан қоңырқай сәуле шашқан білтешамға үнсіз телмірудеміз.

«Әлім құрып, самырсын басынан зорға түстім. Бір топ жас жігітті қасына ерткен Нәби молда оққа ұшқан шейіттердің сүйегін оңаша үйге қойдырып, жаназа қамына кірісті. Моңғолдарға елшілерді бастап кеткен жігіт түс ауа оралды. Үсті малмандай су, өңі құп-қу. Қытай қуғынынан босқан елді паналату үшін жансауға сұрап кеткен кісілерді Қалқа шеріктері екі сөзге келмей атып тастапты. Жау қабағынан бір сұмдықты сезіп, сақ тұрған бала жігіт атына мініп, қашып үлгіріпті. Өзен бойына жақындағанда атына оқ тиіп, суға секіріп аман қалыпты да, ағысты бойлай жүзіп отырып жеткен беті осы екен.

Кешке қарай соңымыздан қуған қалың қытай шеріктерінің қоршауында қалдық. Мерген аға бастаған мықты жігіттер тобы үлгіріп келе алмай қалды. Бала-шағаның обалына қалмау үшін шылауышымызды бақанға байлап, жаудан сауға сұрадық. Жүздері адам жейтін қорқаудай сұрланған шеріктер бізді түнделете қуып отырып, Нармантыға қайтарды. Бас көтерер ер азаматтардың бәрі байлауда. Бізді қарауға елу шақты шерік қалды да, өзгесі көтеріле жиналып, асығыс ілгерілеп кетті. Алда не сұмдық боларын болжай алмаймыз. Қарағайлы қапталдан шығып, кең аңғарға келгенде, ұйқысы қанбаған, ас-су ішпеген ел жүруден қалды. Бастықтары болуы керек, бірнешеуі оңаша шығып, күңкілдесіп, біраз сөйлесті. Сәлден кейін шеріктердің ішіндегі жол бастаушы тілмаш ұйғыр бізге демалып, ас ішуді бұйырды.

Екі жағын қарағай мен самырсын қаулай өскен аңғарда ашыққан жұрт қолда барын жеп, әл-қуат жинаймын дегенше болған жоқ, айналамыздан тарс-тұрс атылған мылтық дауысы шықты. Қатын-қалаш, кәрілерден қауіп күтпей, мылтықтарын бір-біріне сүйеп қойып, қалғып кеткен шеріктердің бес-алтауы лезде жер құшты. «Жәнібек, Жәнібек!», «Әруақ, әруақ!» деп айқайлаған дауыстар ішінен балуан ағаның (атамның ағасы Райхан батырды айтады) дауысын анық таныдым. Зәресі ұшып, мылтығын қарманған шеріктердің бірнешеуі ғана оқ шығарып үлгірді. Таудағы соғысқа әбден дағдыланып алған сарбаздар соғысты шай қайнатым уақытта аяқтады. Қырық шақты шерік оққа ұшқан екен, жараланып тірі қалған жетеуін азаматтар байлап тастады. Мерген аға мен Сұрмерген атанған аталарың жаудың негізгі шеріктерімен соғысып жатыпты. Балуан қайнаға, Сәйпіл бастаған жиырма жігітті бізді құтқарып алуға жіберіпті. Екі ортадағы хабарға қол-аяғы жылдам, аты жүйрік Самарханды хабаршыға қойыпты да, сол арқылы біздің жайымыздан хабар алып отырыпты. Сәске болмай осында жетіп, бекініп алыпты. Аңғардың екі жағына оннан бөлінген мерген жігіттер бізді күзетіп отырған қытай шеріктерін сырттай екіден-үштен иемденіп алыпты. Атысуға белгі берілгенде көзі өткір, мылтығы түзу азаматтар өздері көздеген шеріктерді отырған орнында жер құштырды. Бұл әдісті жауды аңдағанда мерген аға көп қолданады екен.

Кеше кеште жау басқан апақ-сапақта ауру енесін арқалап, үш балсын жетектей қашқан Зағипа жеңгемізді артқы жақты барлауға кеткен Сәйпілдер ертіп келді. Соңымыздан қуған қытай, алдыдан тосқан моңғол шеріктердің оғынан шейіт болғандарды жау келгенше әр қарағай мен самырсынның түбіне аманатқа жерлеген еді. Олардың сүйегін арулап, жаназалап қайта жерлеуге Нәби молда бас болып, тоғыз азамат аттанды.

Қолға тірі түскен жеті шеріктің бірі ауыр жарақаттан өліп қалды. Көп туысы жау қолынан өлген руы шыбарайғыр Жетей деген жігіт ол кезде жас еді, қалған алтауын ел көзінен тасаға апарып атып тастап, туыс кегін алмақ болды. Оған ақсақалдар көнбеді. Соғыс басталарда Мәсәли молданың «Қолға түскен тұтқынды өлтіруге болмайды» деген жарғысы бойынша, оларды тірі қалдырып, етекке түскенше елмен бірге алып жүрді.

Оқтан үркіп, табыннан бөлініп, сай-салада лағып жүрген ат-үйелерімізді жинастырып алдық та, табан аудармай екі көшіп, Бәйтіктегі Шіңгіл еліне келіп қосылдық. Сағынысқан, жыласқан, жоқтасқан, шұрқырасқан ел. Бәйтік бойы азаназан болды.

Қарағайты бойында басы қайта қосылған елдің қуанышы ұзаққа созылмады. Соғысқа шығар азаматтардың азығын қамдап, киімдерін жамап, бұлақ басына тігілген үй алдында құрт қайнатып отырғанмын. Кенет аспан жарылардай гүрілдеген дауыс шығып, кезқұйрықтай қаптап, жеті сәмолет жетіп келді. Қаруларын қолына алған ер азаматтар аспанға қарата айқыш-ұйқыш оқ атты.

Жақын отырған бірнеше үйдегі қыз-келіншектер қолымызға ілінген балаларымызды алып, тұтаса өскен самырсынға қарай жүгіріп, үштен-төрттен бөлініп, биік самырсынға шығып алдық. Гүрілдеген пәле төбемізден бір ұшып өтті де, қайта айналып тағы жақындады. Аспаннан ысқырған дауыс шығып, іле-шала төңірегіміз гүрсілге толып кетті. Жылаған бала-шаға үніне атылған мылтық дауысы қосылып, айнала азан-қазан болды да кетті. Бауырыма кірген екі баланы тас құшақтап, басымды күрмеммен жауып алғанмын. Бір кезде ысқырық дауысы дәл төбемізден шықты да, «гүрс» еткен дауыс есімізден тандырды. Маған жақын алып самырсыннан отты қою түтін бұрқ етті. Есім кіресі-шығасылы. Абыр-сабыр басылғандай болған бір әредікте жан-жағыма қарасам, Несібелі құрбым шыққан самырсынға доп түскен екен. Ұшар басынан түбіне дейін қақырай айырылған биік самырсынның жаңқаланған бұтақтарында ілінген адамның ішек-қарын, өкпе-бауырларынан бу бұрқырайды»...

Апам да, шешем де көз жастарын тия алмады. Жасы сексенге жуықтаған кейуананың қазіргі бүгілген мұңлы халі – өткен өмір естеліктерінің сырты кемірілген, тозған бір кітабы сияқты еді.

***

Арада жылдар өтті. Алапат соғысты, «Қара нардың бұйдасын жау кескен» қанды көшті жетелеп, Құбының құмы мен Шегіртай арасын ғасырға жуық көшіп, талай ізді басып өткен асыл апатайым жоқ қазір. Ақық жаһұттан соққан алып ескерткіштей ғазиз тұлғасы жүрегіме ғұмырлық сағынышыммен бірге шөгіп қалған.

Шешем де қартайған. Жүзінен әр, көзінен нұр тайған. Әкем екеуінің бар ғұмыры бірге өткен, мен туып-өскен ауылымнан хабарсыз қалғалы қай заман?.. Күн өткен сайын шөгіп бара жатқан әкем мен анамды сол ауылымның куәгеріндей көремін.

Қарлы қарашада апамды ақ кебінге орап жатқанда, ақым үйге үлкендердің рұқсатынсыз кіріп бардым. Шоқ қамыстай селдіреген аппақ шаштары көзіме оттай басылды. Ештеңе болмағандай, жаңа ғана шаңырақ салған атанды шөгеріп, жүк түсіріп болғандай, немес жау ұшағы бомбалап кеткеннен кейін самырсын басынан түсіп келіп, алаңсыз ұйықтап кеткендей сұлқ жатыр. Қаумалаған жұрт алқызыл текеметке орап, Мұрат жездемнің шанасына басып жатқанда, жүгіріп барып, бас жағына отырып алдым. Көзім ешнәрсе көрмей қалғандай. Атам жатқан көрді қайта қазып, қарсы бетінен үңгіген көрлікке жайлап жатқызғаны есімде. Мен үшін ең ұлы, ең аяулы, асқақ болған адамның ендігі мекені осы еді ...

Көк арша арасында жатып алып, жақындаған жау шеріктерін екіден қабаттап ататын сұрмерген атанған ұлы атам екеуі Бәйгетөбе баурайындағы алып қабірстанда, жауға бірге аттан салған жолдастарымен бір қойнауда жатыр.

Сағыншымды, жанымды кемірген жалғыздығымды айтып оларға хат жазар ма едім, шіркін?! Алайда, олар енді хат ешқашан бармайтын «қыстақта» жатыр. Оны айтасыз, атам мен апамды ғұмыр бойы қуып өткен қытай шеріктері тартқан сым-торлардың арғы жағында қалған қимастарым – Серіліктауым мен Көктерегіме, «Секпілтай, Шаңқан, Тұрғыныма» да хат бармайды қазір.

Байлауы жоқ бұл дүниеде адам баласынан өкініш пен арман таусылған ба, тәйірі...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар