Асхат Өмірбаев. Әмина
…бұл Араб түбегінде ғана болған оқиға емес, «жаһилет» дәуірі деп саналған қараңғы заманның жаннан түңілетін көрінісі.
(новелла)
Бұл күні аспан әліптің артын баққандай жерге бір тамшы тамызбай түнеріп тұрды. Араб түбегінде әрі-бері ойқастап, құтырынған долы жел тарының қауызындай шағыл құмды су шашқан толқындай бүркіп-бүркіп жіберді. Сусыма құмды шырқ үйіріп, шыр айналған долы дауыл адамдарды әбден әбігерге салған. Көзін көмкеріп, аузына кіріп шықырлатқан шағылдың таныс дәмін жорықтан қайтқан ерлерін күтіп алған әйелдер елей қоймады. Олар пәренже киіп, соғыстан аман-есен қайтқан күйеуін есігінің алдында тосып алып, қуаныштан мойылдай көздері жылтырай түсті. Ерінен айрылғандар зар еңіреп, бір-бірін жұбатып жатты. Күңіреніп, жылап-сықтаған дауыстар рәбаб аспабының сазындай жүректі жаралап, үй-үйге тарағанша толастамады.
Зейнеп отағасының аман-сау келгеніне қуанып, үстіндегі киімдерін шешті. Қолына жылы су құйылған құман алып, күйеуіне қызмет қылды. Дастархан жайып, үйдегі бар азықты – түйе сүті мен бес-алты құрманы алдына тосты. Ол кенеп пен ешкі терісінен істелген төрт бұрышты шатыр-үйдің іші жылылық пен жарыққа толғандай сезінді.
- Бәлсінген жауды талқандап, мал-мүлкін түгел олжаладық, - деді Убайр бір қара құрманы сүйсіне тістеп. - Маған да бір күң тиетін болды. Ертең әскербасы бәрімізге дүние-мүлікті теңдей бөліп береді.
Зейнеп ернін жымқырып алды. Отағасының екінші рет үйленетінін қалыпты жағдайдай қабылдады.
- Астан алып отырыңыз, - деп күте түсті күйеуін. – Шөлдеген шығарсыз, салқын сусынды көбірек ішіңіз.
Убайр келіншегіне көз салды. «Тосын жаңалыққа қалайша тіл қатпай, тіпті таңырқамай, сырын ішіне бүгіп отыра береді. Бұл қатын дегенінің не ойлап отыратынын да білмейсің?» деді іштей. Көзінің қырымен қарап, еш өзгеріс байқамаған соң басын шайқап, жантая кетті. Қайта уылжыған жемістей әйелінің арада екі жыл өтсе де сағынбай, сабырлы кейіптегі қалпын сақтағанына таңданыс білдірді.
- Ертең туыстарды аралап, көрісіп келейік, - деді Убайр түйе сүтінен дайындалған салқын сусынды рахаттана сіміріп. Сәлден соң салынған төсекке жете алмай, көзі ілініп кетті.
Ертеңінде сәскіде ұйқыдан оянған Убайр соғысқа кеткенде әйелінің аяғы ауыр екенін еске түсірді.
- Бала қайда? - деп сұрады Убайр. Әйел зеңгір көкте найзағай шарт-шұтыр ете қалғандай селк етті.
- Баламыз өлі туды, - деп айта салды Зейнеп жеңіл күрсініп. – Қыз болатын.
- Қыз дейсің бе? – деп жымиды отағасы. – Онда жұмысымызды жеңілдеткен екен.
Осы жақсылығы үшін Убайр іштей өзі сиынатын пұттардың атын атап, алғыс айтты.
...Арада бір жылдар өтті. Убайр жиі сауда керуенімен алыс шаһарларға сапар шегіп, сауда жасайтын. Бірде Убайрға күңі бұл жоқта Зейнептің бір қызды ертіп үйге әкеп жүретінін айтты. Отағасы сапардан ойда-жоқта оралғанда үйде әйелінің жанында сүйкімді бір қыз отырғанын байқады.
- Бұл кімнің қызы? – деп сұрады Убайр. Зейнептің екі көзі жасқа шыланып, әкесі қызын көрген соң тиісе қоймас деген үмітпен болған жағдайды баяндап берді.
- Мені кешіріңізші, өтінемін! Мен сізге өтірік айттым. Сіз соғысқа кеткенде қыз тудым да, сізден қорыққан соң нағашыларыма апарып тастадым. Бұл - сіздің қызыңыз. Аты – Әмина.
Убайрдың жүзі қап-қара болып түтігіп кетті. Ашуға булығып үйден шығып кетпекке оқталды. Есесіне Әминаның мойылдай қара көздері күлімдей түсті.
- Әке! – деп дауыстап жіберді. Құлаққа жағымды сәби үні әке жүрегін селк еткізді. Убайр өзіне қуана жүгіріп келе жатқан қызын көріп, не істерін білмей, бір орында состиып тұрып қалды.
- Алақай, әкем келді! Әкем келді!
Әмина жүгіріп келіп, әкесінің тізесінен құшақтай алды. Зейнеп тіл қата алмай, қызына бір, күйеуіне бір қарады. Убайр еріксіз кішкентай қызының басынан сипап, сыртқа шығып бара жатып әйеліне:
- Әминаға ер баланың киімін кигіз, - деп бұйырды. Зейнеп қуанғаннан орнынан ұшып тұрып, қызын қапсырай құшақтап, солқ-солқ етіп жылап жіберді. Түкке түсінбеген Әмина анасына қарап:
- Үммая, неге жылайсыз? – деп қызы бетіне тесіле қарап қалды. – Сіз де әкемнің келгеніне қуанып жылап жатырсыз ба? Онда мен де жылаймын, - деді Әмина.
Арада екі-үш күн өткенде Убайрдың дүние-мүлкіне көз тігіп, қызғанып жүретін көршісі мұнымен сөзге келіп қалғанда: «Менің ұлдарым өскенде сенің қызыңның қызығын көретін болады әлі» деп кекетті. Убайр арам ниетті көршісінің жасырған құпиясын біліп қойғанына ызаланып, ашуы терісіне сыймай, теріс бұрылып кетті.
Күн екінтіге таяған мезгіл. Қабағын қарс түйген Убайр қызын еркелетіп қасына шақыра бастады. Мұны сырттай бақылап тұрған Зейнеп көңіліндегі маза бермеген күдігі сейілгендей болды. Әмина әкесіне күлімсірей қуана жетіп келді.
- Әке, мен сізді жақсы көрем. Сіз де мені жақсы көресіз ғой, иә?
- Иә, қызым. Мен де сені жақсы көрем.
- Әке, сіз бұрын қайда болдыңыз?
- Алыста болдым қызым.
- Енді анам екеуімізді тастап кетпейсіз бе?
Убайр қинала басын изеді.
- Мен саған бір керемет көрсетемін, - деді Убайр. Ол қызын ертіп қала сыртына шықты. Зейнеп бұлардың үйден алыстап кеткенінен сезіктеніп, жасырын соңынан ерді. Убайрдың қолына күрек алғанын көріп, жүрегі зырқ етті. Күйеуі бұрын бұл екі рет қыз туғанда қызылшақа нәрестені тірідей топыраққа көміп тастаған болатын. Көз алдында ес біліп қалған қызының жарық дүниемен қош айтысқанын қаламаған ана соңдарынан зыр жүгірді. Зейнеп жанұшыра жетіп барып, күйеуінің аяғын құшып зар жылады.
- Убайр! – деп тұңғыш рет бар дауысымен айғай салды. Күйеуі мол денесімен кері бұрылды.
- Убайр! Қызымызға тиіспеші! Өтінемін, оған мына жарық өмірді қишы!
- Жап аузыңды, қатын! – деді ол шарт кетіп.
- Убайр! Әминаны аясаңшы, ол сенің туған қызың ғой!
- Кет дедім ғой, саған!
- Әмина! – анасы бар күшімен қызын құшақтап алды.
- Көзіме көрінбей жоғал, қатын! Енді үніңді шығарсаң, талақ қылып, қаңғытып жіберемін.
- Үммая, - деп айғай салған Әмина бар күшімен шешесіне қарай ұмтылды. Убайр әйелін итеріп жіберді де, қызын көтеріп алып, ілгері жүріп кетті.
Аспан түнере түсті. Кенет көкте қорғасын бұлттар қарауытып, шатыр-шұтыр етіп найзағай ойнады. Құм суырған есірік жел азынай түсті. Қала сыртына шыққан соң Убайр қызына көр қаза бастады. Әкесінің бұл ісін түсіне алмаған қызы тізесін құшақтап, отырып жылай бастады. Жерді белуардан қазған соң қызын көтеріп, шұңқырға тастап жіберді.
- Әке! – Әмина шошынған жанұшыра айғайлап жіберді.
- Кешір, қызым!
- Әкешім мені неге топыраққа көміп жатырсыз? Мені жалғыз тастап кетпекшісіз бе? – деп шырылдады.
- Кешір, қызым! Осылай істеуге мәжбүрмін.
- Әке, олай жасамаңызшы! Сіз мені жақсы көремін дедіңіз ғой.
- Иә, қызым, жақсы көрем. Сенің осындай кішкентай, күнәдан пәк күйінде көз жұмғаныңды қалаймын.
- Әке, күнә деген не? Мен қандай күнә жасадым?
- Ешқандай. Бірақ бойжеткен кезде бізді ұятқа қалдырасың ба деп қорқам.
- Әке, мен сіздің айтқаныңызды тыңдайтын болам. Мені көмбеңізші!
Убайр қызының сөздерін тыңдай берсе, бойын аяушылық сезімі билеп, ойымнан бас тартармын деп қорықты. Бос шағылды күрекпен көсіп алып, шұңқырдағы қызының аяғынын астына тастай берді. Аспанда найзағай шатырлап, көкжиекте ақ таяқтар пайда болып, ізім-ғайым жоғалып жатты. Бұл кезде шыңғырған Әминаның кеудесі мен басы ғана қылтиып көріп тұрды. Кішкентай қыздың бет-әлпеті әлемтапырақ болып, шашыраған шағыл көзін аштырмады.
- Әке, әке, мені көмбеңізші! – Әминаның топырақ басқан екі бетінен көз жасы сорғалады. Сол сәтте аспанда қайта жай оғы ойнады. Жаңбыр сіркіреп жауа бастады. Убайрдың үсті малмаңдай су болды. Төпелеген жаңбыр көзін аштырар емес. Ол қызын тезірек тірідей көміп тастағысы келіп, топырақты төменге сырғыта берді. Құлағының түбінде қызының жантүршігерлік жылаған дауысы жаңғырып кетті.
- Әй, Убәйр, – деп айғай салды біреу ту сыртынан. Жалт қарады.
- Таста күрегіңді!
- Шеше, сіз мұнда неге келдіңіз. Менің ісіме араласпаңыз, - деп Убайр мән берместен қызын көме берді. Тәслима күрекке жармасты. Убайр бой бермей жағаласып, қарулы қолымен күректі жұлқып, тартып алды. Амалы құрыған Тәслима немересінің жанына жата кетті.
- Әже, - деп айғай салды Әмина. Ә-жеее!
- Убайр, мен төрімнен көрім жақын адаммын, көмсең мені немереммен бірге көм!
- Шеше, былай тұр!
- Жо-ооқ, - деп кесіп айтты Тәслима. – Мен сенің шешең емеспін. Мен – әйелмін. Мені де бірге көм!
- Жоқ, сіз менің анамсыз. Мен сізді жақсы көрем, көме алмаймын.
- Мен де сені кішкентай кезіңде жақсы көргенмін. Кәне, неге тұрсың? Бізді көміп, мақсатына жет!
Убайрдың қолдары қалтырап, күрегі уысынан сусып кетті. Дымқыл топыраққа тізерлей отыра кетіп, маңдайын тигізді.
- Кешірші! Кешірші мені, анам!
- Кешірші мені, қызым! - деді жанарын жас жуып. Убайр есі ауысқан адамдай екі қолмен топырақты қазіп, қызын шығарып алды. Қызының ауызы-мұрнына топырақ кіріп, тұншығып қалған екен. Әрең дем алады.
- Әке, әке, - деді Әмина. – Әке, мен сені жақсы көрем.
- Мен де сені жақсы көрем, - деп Убайр қызын қапсырай құшақтады.
Бұл кезде әлгінде ғана ашуға булығып, жан-жаққа бытырай бастаған қап-қара бұлттар арасынан күн сәулесі Убайрдың жанарындағы жасқа жылт етті.
* * *
- Иә, құрбым, бұл Араб түбегінде ғана болған оқиға емес, «жаһилет» дәуірі деп саналған қараңғы заманның жаннан түңілетін көрінісі. Күллі халықтың дінсіздіктен тартқан зияны болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірге келіп, Ислам дінінің орнағанынан бастап бұл қасіреттен адамзат баласы сап тиылды. Ал қазақ халқы қашаннан да қызды гүлге теңеп, ананы жәннатқа жетелеуші ардақтымыз деп төбесіне көтеретіні белгілі. Жазушы болаған соң ба, алты қырдың ар жағынан орғытып сөйлегім келіп тұрады. Сол үшін өткен ғасырдың жантүршігерлік хикаясын баяндап отырмын.
- Әсерлі әңгімеңізге айтар алғысым шексіз, - деп қыз баяу ғана жауап берді.
Әйел халқының бастан өткерген қилы-қилы тағдырынан сыр шерте отырып, дәл мынандай жантүршігерлік надандық менің ата-бабамның басында болмағанына мың сан шүкірлік айттым. Қызды қонағым деп қадірлей білген қазақ болып туылғаныма шаттандым. Менің аянышты әңгімемді жанарынан мөлдір моншақ домалата тыңдаған қаракөз құрбымды мерекесімен құттықтап, шоқ гүлді ұсынғанымда жүзі нұрланып сала берді.
