(Қуандық Түменбайдың «Көк тайғақ» хикаяты туралы ой -толғам)
Қуандық Түменбайдың шығармаларын оқығанда бір нәрсе жетелеп әкетеді. Оқып болғанша тұтас бір ғасырдың киносын көріп шыққандай күй кешесің. Оның кейіпкерлері де, оқиғалары да ойдан құрастырылған дүние емес, қазақ ауылының кешегі өмірінен суырылып алынған шындықтай көрінеді. Сондықтан да шығарманы жауып қойған соң кейіпкерлер ұмытылып кетпейді, қайта санаңда өмір сүре бастайды. Өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер.
Қуандық аға сол есте қалған күндерді сөзбен сөйлетіп, уақыттың шаң басқан беттерін қайта тірілте алады. «Мәріп көпірі», «Ауылдағы Ленин», «Смахан шлөзі» атты үш тарауды оқығанда мен дәл осындай әсерде болдым.
Бұл хикаяттың сыртқы оқиғасы өте қарапайым. Әскерден қайтқан Сұлтанбек түн ішінде ауылына қарай келе жатыр. Бірақ жазушының шеберлігі сол – қарапайым жолды үлкен рухани сапарға айналдырады. Хикаяттағы үш шақырымдық жол жай ғана ауылға апаратын жол емес. Бұл – кейіпкердің өз өткеніне жасаған сапары. Сұлтанбек тек алға жылжып келе жатқан жоқ, балалық шағына, достарына, әскерге кеткенге дейінгі өміріне қайта оралып келеді. Моншаны көрсе – бала күнгі қорқынышы есіне түседі, «Мәріп көпіріне» келсе – ауыл адамдары ойына оралады, поштаға жақындағанда әскердегі хаттарын еске алады, стадионды көргенде бала шағы қайта тірілгендей болады. Осылайша жазушы жолды географиялық кеңістік емес, естелік кеңістігіне айналдырады.
Сұлтанбек өзін әскерден шынығып, өзгеріп қайтқан азамат ретінде сезінеді. Бұрын шайтаннан қорқатын бала енді түн ішінде жалғыз жүріп келеді. Ол өзін достарымен теңестіріп, кей тұста олардан биігірек көретіндей әсер қалдырады. Оның қайта-қайта «Айт, два!» деп әскери адыммен жүруі де осының белгісі. Бұл сөз шығармада бірнеше рет қайталанады. Бір қарағанда әскери пәрмен сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде ол Сұлтанбектің ішкі күйін білдіреді. Ол өзін жеңімпаз сезінеді. Өмірдің сынағынан өтіп келгендей көреді. Бірақ автор дәл осы тұста кейіпкерді биікке көтеріп алып, артынша өмірдің ең ауыр соққысын береді. Өйткені ол ауылға жеткенде өзін күтіп отырған ең қымбат адамынан айырылып қалады. Шығармадағы ең әсерлі бейненің бірі – әже. Қызығы, әже шығармада көп көрінбейді. Көп сөйлемейді де. Бірақ бүкіл хикаяттың жүрегі осы кейіпкерде тұр. Сұлтанбек жол бойы қайта-қайта әжесін ойлайды. «Әжем не істеп жатыр екен?» деген сауал шығарма бойымен бірге жылжып отырады. Автор осы күту сезімін оқырманға да жұқтырады. Сондықтан хикаяттың ең ауыр тұсы – әженің өлімі емес. Әженің соңғы сөзі. «Көрдім бе?». Бар болғаны екі сөз. Бірақ сол екі сөздің ішінде бірнеше жылдық сағыныш, үміт, күту, немереге деген махаббат жатыр. Жазушы ұзақ қоштасу көрінісін жасамайды. Жылау жоқ. Зар жоқ. Бірақ дәл осы қарапайымдық жүрекке қаттырақ тиеді.Ал осы тұста оқырманды ойландыратын тағы бір сұрақ бар. Әскерден екі жыл күтумен болған ұлын көргенде анасы неге ерекше қуанбады? Меніңше, бұл жерде Қуандық Түменбай адам психологиясын өте нәзік берген. Біріншіден, Күлпараның мінезі сондай. Ол сезімін сыртқа шығара бермейтін, бар ауыртпалығын ішіне жұтып үйренген ауыл әйелдерінің бірі. Екіншіден, ол сәтте үйде қуаныштан да үлкен қайғы тұр еді. Ана баласының келгеніне қуанды, бірақ өлімнің көлеңкесі сол қуанышты басып қалған. Үшіншіден, ең маңыздысы – Сұлтанбек жүрегімен әжесінің баласы болатын. Ол үйге кіргеннен-ақ анасын емес, әжесін іздейді. Мұны ана да сезеді. Сондықтан Күлпараның үнсіздігі мейірімсіздіктен емес, қуаныш пен қайғының ортасында қатып қалған адамның үнсіздігі сияқты қабылданады. Меніңше, бірінші тараудың негізгі тақырыбы әскер де емес, сағыныш та емес. Бұл – кешігіп қалу туралы шығарма. Адам өміріндегі ең ауыр өкініштердің бірі – бір ауыз сөзді айтып үлгермеу, бір адамды көріп үлгермеу. Сұлтанбек дәл сондай өкініштің алдында тұр.
Жазушының «Ауылдағы Ленин» тарауы мүлде басқа арнаға бұрылады. Бұл бөлімде уақыттың адам тағдырын қалай өзгертетіні көрсетілген. Бұл тарауды оқығанда өз балалық шағым еріксіз есіме түсті. Біз мектепте оқып жүрген кезде Ленинді жай тарихи тұлға емес, қасиетті адамдай қабылдадық. Біреуге сөзіміздің рас екенін дәлелдегіміз келсе: «Лениннің басын бір тиынға сатпаймын!» деп ант ететінбіз. Құдайды емес, Лениннің басын айтатынбыз. «Ол – Ленин бабамыз!» «Ол – Ленин данамыз!» деп ұрандатып өскен кеңес дәуірінің соңғы түлектерінің біріміз. Сондықтан хикаяттағы Ленин ескерткішінің трактормен сүйретіліп әкетілуі мен үшін жай ғана мүсіннің алынуы емес, тұтас бір дәуірдің көз алдымда құлағанындай әсер қалдырды. Бұл тараудағы ең үлкен табыс – төрт достың әңгімесі. Асқар, Есіркеп, Жасан, Сұлтанбек. Бір қарағанда жай ғана ауыл жігіттері. Ал шын мәнінде олар – төрт түрлі көзқарас.
Асқар – ашық сөйлейтін, ешкімнен қаймықпайтын мінездің иесі. Жазушы оны «есалаң» деп сипаттайды. Бірақ шығармадағы ең батыл ойлардың көбі дәл осы кейіпкердің аузынан шығады. Есіркеп – білімді ұрпақтың өкілі. Көп нәрсені түсінеді. Бірақ қарсы тұруға дәрменсіз. Оның аузынан қайта-қайта шығатын: «Уақыт қой...» деген сөз шарасыздықтың символындай естіледі. Жасан – үндемейтін адам. Бірақ шығарманың өн бойында ең сенімді адамның өзі болып қалады. Ал Сұлтанбек – осының бәрін тыңдап, өмірді жаңадан танып келе жатқан кейіпкер. Олардың дауы, қалжыңы, бірін-бірі қағытуы, кейде шектен шығып кететін әңгімелері – ауыл жастарының табиғи болмысын береді. Қуандық ағаның үлкен шеберлігі де осында. Ол кейіпкерлерін мінсіз етіп көрсетпейді. Олар сыра ішеді. Дауласады. Бірін-бірі келемеждейді. Артық сөйлейді. Бірақ дәл сол үшін тірі көрінеді. Әсіресе Байшуақ бейнесі ерекше әсер қалдырады. Байшуақ жаман адам емес. Ешкімге қиянаты жоқ. Бірақ арақ оның өмірін де, беделін де біртіндеп жеп қойған. Ең ауыры – баласының соны көріп отыруы. Сұлтанбек үшін әкесі бала кезде биік тұлға болған шығар. Бірақ енді ол әкесіне ересек адамның көзімен қарай бастайды. Мәріптен көпір қалды. Смаханнан шлөз қалды. Шәдібектен ескерткіш қалды. Ал Байшуақтан не қалады? Міне, осы сұрақ шығарманың астында үздіксіз ағып жатады. «Смахан шлөзі» тарауы осы ойлардың бәрін түйіндейді. Меніңше, бұл бөлімнің өзегі «адамның артында не қалады?» деген сұрақ. Автор бекерден-бекер үш адамды қатар алып отырған жоқ. Мәріптен – көпір қалды. Смаханнан – шлөз қалды. Шәдібектен – Ленин ескерткіші қалды. Бірақ уақыт олардың бәрін бірдей қабылдаған жоқ. Көпір қалды. Шлөз қалды. Ал Ленин ескерткіші сүйретіліп кетті. Өйткені саясат өзгереді. Идеология өзгереді. Ал халыққа қызмет еткен еңбек қалады. Осы тарауда Жасан бейнесі ерекше ашылады. Әкесі сияқты өзі де үндемейді. Бірақ ең сенімді адам сол. Сұлтанбекті қолтықтайтын да – сол. Қиындықта жанынан табылатын да – сол. Әкесі су жолын күзетсе, өзі достықтың жолын күзетіп жүргендей әсер қалдырады.
Соңғы бөлімдегі монша да жай ғана монша емес. Қазақ әдебиетінде су көбіне тазарудың белгісі. Сұлтанбек: «Құлан-таза тазарып шықсам ғой...» дейді. Ол денесін ғана емес, жанын да тазартқысы келеді. Әжеден қалған мұңнан. Әкесі туралы күмәннан. Өткен күндердің ауырлығынан. Бірақ моншаға жеткенше қайта-қайта құлайды. Бұл да символ. Өмір адамды бірден тазартпайды. Алдымен тайғанатады. Сосын құлатады. Сосын қайта тұрғызады. Сондықтан әңгіменің соңындағы: «Өмір қандай тамаша!» деген сөз маған ішкен адамның сөзі болып көрінбейді. Бұл – өмірдің ащысы мен тұщысын татып келе жатқан адамның сөзі. Әжесінен айырылған. Әкесінің кемшілігін көрген. Заманның өзгергенін көрген. Бірақ соған қарамастан: «Өмір қандай тамаша!» деп айта алған адамның сөзі.
Сондықтан мен бұл хикаяттың негізгі идеясын былай түйіндер едім: Қуандық Түменбай үш тарау бойы адамның өмірден не алатынын емес, өмірден кетерде артында не қалдыратынын сұрайды. Біреу көпір қалдырады, біреу шлөз қалдырады, біреу жақсы сөз қалдырады, біреу адал достық қалдырады. Ал уақыт бәрін електен өткізеді. Соңында атақ та емес, саясат та емес, адамға жасаған жақсылығың ғана қалады.
Сол себепті хикаяттың соңында біз моншаға асығып бара жатқан төрт жігітті ғана көрмейміз. Біз уақыттың дауылынан аман өткен төрт достықты көреміз. Ал Қуандық Түменбайдың шеберлігі – сол достықты, сол адамдарды, сол дәуірді бізге қайта тірілтіп бере алуында. Өйткені өмір өткен күндер емес. Өмір – есте қалған күндер.
Айжамал Жолдасқызы,
қаламгер, кітапханашы
