Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Зәки Ахметов: Өлең Өрнектері...

08.08.2015 4539

Зәки Ахметов: Өлең Өрнектері

Зәки Ахметов: Өлең Өрнектері - adebiportal.kz
Абай қазақ поэзиясының өлең өрнектерін дамытып, байытуға зор үлес қосты дегенді үнемі айтып жүрміз. Ұлы ақынның осы салада тындырған еңбегінің көлемі, мән-мағынасы шексіз зор екенін жоғарыда келтірілген әр түрлі мысалдардан-ақ көруге болады. Бұл тұста атап айтатын, есте сақтайтын нәрсе – Абай жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда қандай асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан белгілі көп тараған өлшем-өрнектерді керек жерінде қырнап, өңдеп, түрлендіріп, мейлінше мол пайдалану жағынан да соншалық зор өнегелі іс атқарды. Ол туралы біз осы еңбектің әр жерінде айтып келдік. Бұл жерде біз қазақ поэзиясына Абай тыңнан қосқан өрнектердің басты-бастыларына тоқталып өтпекпіз.
Сырмақ қып астына
Байының тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын
Бүксітіп,
Бықсытып
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ,
Жүзінің нәрі мен
Бойының сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді. 
Осындағы алты буынды тармақтар түгелдей үш буынды қос бунақтан құралса, қысқа тармақтар үш буынды болып келген. Бұдан біз осы өлең түрінің қазақ өлеңі құрылысының өзгешелік қалпын берік сақтап, поэзияда орныққан өрнектер негізінде өріліп шыққанын көреміз.
Қысқа тармақтардың ырғағын айқындай түсу үшін Абай бүксітіп – бықсытып – қоқсытып, бүкшиіп – сексиіп – түксиіп деген сөздерді үйлестіріп, үш буынды тармақтармен келесі алты буынды тармақтың бастапқы бунағын да ұйқастырып қойған. Етістіктен жасалған сипаттама сөздер өзінің нақтылы мағынасы, әсерлі суреттілігімен де назар аударады. Өлең ырғағын шығарманың мазмұнына байланысты алып қарасақ, осындағы ұзынырақ (алты буынды) тармақтардың соңында үш буынды ырғақтың айқын естіліп, оқшауланып шығуы, қайталануы айтылатын ойдың кекесін, сықақ, ажуаға толы мәнін ашып көрсетуге орайлы.
«Қор болды жаным» атты өлеңіннің де ырғағын, шумағы өзгеше құрылған:
Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен.
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?
Шумақ ішінде бес, алты, жеті буынды тармақтар белгілі ретпен келіп отырады. Бұл – оның негізгі ерекшелігі. Ал тармақтарды бөлек алсақ, бес буындысының өрнегі 3 буын + 2 буын болып келеді. «Сегіз аяқтағы» бес буынды тармақтар да сондай. Бұл ырғақ мақалдарда кездеседі. Алты буынды тармақтардың өрнегі 4 буын + 2 буын. Бұл да мақалдарда, қысқа өлеңдерде ұшырасады. Ал жеті буынды тармақтар мол тараған (4 буын + 3 буын) өрнектен құрылған. Тек алғашқы шумақтағы бір тармақ қана 3 буын + 4 буын болып келеді.
Абайдың өзгеше ырғағы, шумағы, ұйқасы бар өрнек тудырған бір өлеңі – «Сен мені не етесің?».
Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
Нег(е) әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа
Және жаттан
Бай тап, –
Өмір бойы қор етесің.
Бұл – қазақ поэзиясында да, Абай жасаған өлең өрнектердің ішінде де оқшау тұрған туынды. Дауыс толқынының еркін құбылып отыруына мейлінше сәйкестендіріліп құрылған осы өлшемнің басты ерекшелігі мұнда ұзынды-қысқалы, көлемі жағынан бірінен-бірі аумайтын екі бөлшектен тұратын болғандықтан, алғашқысын талдап көру жеткілікті. Мұнда бір алты буынды, бір сегіз буынды тармақ бар екенін көреміз. Төрт буынды тармақ – үшеу. Бұларға қоса бірі үш буынды және бірі екі буынды екі тармақ және бар. Әрқайсысы әркелкі осынша тармақтардың бір шумақта қалай жанасып, сыйысып, бірігіп тұрғаны таңғаларлық-ақ нәрсе! Осы әр түрлі тармақтардың шашырамай, жымдасып тұруының, шумақтың шұбалаң көрінбей, бас-аяғы жинақы болып, тұтастығы айқын сезілуінің сыры неде?
Шумақтағы ең көлемді тармақтар – екі алты буынды тармақ пен екі сегіз буынды тармақ – құрылысы жағынан сабақтас: соңғы бунақтары үш буынды. Осы төрт тармақ бірыңғай үйлесіп және бұлардың ұйқасы шумақтағы ұйқастың негізгі желісін құрап тұр. Шумақтың бір тұтастығын арттыруға мұның да себі бар. Үш буынды екі тармақтың соңғы бунағы үш буынды тармақтармен ырғаы жағынан жанасатыны сөзсіз. Ал төрт буынды тармақтар – алтау. Қайталанып отыратындықтан, қатар тұрғандары өзара ұйқасатындықтан, олардың ырғағы да күшті сезіледі. Мәселе олардың көлемі, құрылысы өзгеше тармақтармен орайлас келуінде. Ақырында қос буынды екі тармақ та өз орнын тауып қойылған, олар бір-бірімен және кейде алдындағы төрт буынды тармақпен ұйқасып отырады. Бұл өрнекті Абай басқа шығармаларында қолданбайды. Тегінде осы тәрізді құрылыс-бітімі бөлекше өлең өрнегі өзінің ретті жерінде ғана пайдалануға лайық, сондықтан өте сирек кездеседі.
Абай поэзияға енгізген осы өрнектің сөйлеу интонациясына бейімделіп жасалған қазақ әдебиетіндегі алғашқы үлгінің бірі екенін атап айту керек. Тақпақ өлеңдерде, ауыз әдебиетінің кейбір басқа нұсқаларында осыған негіз боларлық ырғақ-өлшемдер кездескенімен, бұл өлең сонылығы талас туғызбауға тиіс.
Қазақ поэзиясындағы Абай тыңнан қосқан өлең өрнектерінің ішіндегі ең күрделі және жарасымды жасалғаны – «Сегіз аяқ».
Мұхтар Әуезов Абай поэзиясындағы осы үздік көркем туындыны аса жоғары бағалап: ««Сегіз аяқ» – ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан зор шығарманың бірі», – деп жазды. Өлеңнің кестесін «бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түр», – деп сипаттады.
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған,
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағынан жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.
Осы шумақты бес буынды тармақтар мен сегіз буынды тармақтар белгілі ретпен кезектесіп келіп отыратынын көреміз. Бірақ басқа шумақтарда сегіз буынды тармақтың орнына жеті буынды тармақ түсуі де ықтимал. Бунақ кестесі 3 буын + 2 буын + 3 буын болып келетін сегіз буынды тармақ пен бунақ өрнегі 4 буын + 3 буын болып келетін жеті буынды тармақ жыр өлшемінде де, шумақты өлеңдерде де еркін алмасып түсе беретіні белгілі. «Сегіз аяқтағы» жеті, сегіз буынды тармақтардың бунақтық кестесі де дәл осындай.
Мысалы, жырда: 
Атаңның /аты/ кім болар?
Анаңның /аты/ кім болар?
Айтып кеткін, /қарағым,
Қандай жаман /күн болар.
Мұнда алғашқы екі тармақ 3 буын + 2 буын + 3 буын болып құралса, соңғы екі тармақ 4 буын + 3 буын болып келеді.
 «Сегіз аяқта»: 
Толғауы / тоқсан / қызыл тіл,
Сөйлеймін / десең / өзің біл.
Немесе:
Бойда қайрат, /ойда көз,
Болмаған соң, /айтпа сөз.
Мұнда да бастапқы екі тармақтың кестесі 3 буын + 2 буын + 3 буын болса, кейінгі екі тармақтың құрылысы 4 буын + 3 буын болып келеді.
Енді жеті, сегіз буынды тармақтардың бес буынды қысқа тармақтармен алмасуына келсек, бұл өлеңнің ырғағын түрлендіре түседі. Бұл жерде біз екі қысқа тармақтың олардан ұзынырақ бір тармақпен қосылып, үшеуден топтасатынын ескеруіміз керек. Және екі қысқа тармақтың өзара жанасу, жымдасуы олардың өзінен ұзынырақ тармақпен бірігуіне қарағанда әлдеқайда күштірек болатынын түсінуі қиын емес. Сондықтан шумақтың ырғақтық құрылысы жағынан қарағанда, екі қысқа тармақпен бір ұзын тармақ қатарласып (қарсы келіп) теңесу ыңғайы да сезіледі. Оған қосымша себеп – бұл үш тармақ шумақтың жеке бір бөлшегін құрайтындықтан, соңғы сегіз (не жеті) буынды тармақтан кейін дауыс толқынында айқын кідіріс (пауза) болады. Сонымен бірге, егер бес буынды екі тармақтың сегіз буынды тармақпен қосылып келетін кезін алсақ, шумақтың осы бөлшегін ырғақтық ерекшелігі жағынан басқаша қарастырылып, түсінудің де реті бар. Айталық:
Алыстан /сермеп/
Жүректен /тербеп/
Шымырлап /бойға/
Жайылған...
Бұлай қарағанда бірыңғай келген бес буынды ырғақтардың қатары үш буынды қысқа тармаққа келіп тынып тұр деуге болар еді. Немесе, басқа бір қырынан келсек, бес буынды тармақты сегіз буынды тармақты сегіз буынды тармақтың соңғы бунағын алып тастап, қысқартқан шолақ түрі деуге де болар еді. Әрине, сегіз буынды тармақ та, жеті буынды тармақ та біртұтас өлең жолы, оларды тек шартты түрде болмаса, бөлшектеп қарауға болмайды. Мұндай бөлшектеп қарастыру олардың құрылыс-бітіміндегі бірлік-ұқсастықты, жалғастықты түсініп білу үшін ғана қажет. «Сегіз аяқтың» шумағындағы тармақтарды өзіндік дербестік сипаты бар үш топқа бөлуге болады. 
1) Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным.
Қаңғыртты, қысты басымды.
2) Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
3) Сүйеніп күлкі, тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
Алғашқы үш тармақ бөлектеніп тұрғанымен, ырғағы дауыс толқынының өзгеру, тынуы жағынан алғанда толық тиянақты емес. Тек осы алғашқы үш тармақтың құрылысын, ретін айнытпай келесі үш тармақтың соңында ғана ырғақ, интонация болатынын көреміз. Осы екі топтағы үш тармақтан құралған шумақтың екі бөлшегінің арасын ажыратып тұрған да, оларды жақындастырып тұрған да – ырғақтың құрылыс-өрнегінің толық ұқсас болып, бірін-бірі түгелдей қайталайтын-дығы.
Соңғы екі тармақтың шумақ өрнегін толықтыру, түрлендіруде мәні ерекше зор. Мұндағы жеті (сегіз) буынды тармақтар алдыңғы екі топтағы соңғы тармақтардың құрылыс өрнегін қайталап, олардан өріліп шығатыны байқалады. Бірақ бұл екі тармақ шумаққа мүлде жаңаша сипат береді. Шумақ бұл соңғы бөлшексіз тек бірін-бірі қайталайтын үш тармақты топтардың тізбегі болып қана қалар еді.
Соңғы екі тармақтың дербестік сипатын арттыратын – олардың синтаксистік құрылысы, мағынасы жағынан бөлектеніп тұрғандығы. Мұнда көбінесе шумақтағы ойды түйіндеп, қорытындылайтын, нақыл сөз секілді тұжырым пікір айтылып отырады. Мысалы: 
Бойда қайрат ойда көз
Болмаған соң айтпа сөз
 
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
 
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
 
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
 
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым, тап шыным. 
Бұлардың мағынасы жағынан дербес, тиянақты екенін олардың көбі мақал, нақыл сөз түрінде кең тарап кеткенінен де айқын байқауға болады. Жалпы алғанда «Сегіз аяқтың» өте шебер өрнектелген ырғақтық құрылысы терең ойлы лирикалық өлеңге лайықталып жасалған.
Шумақтың ырғағына дауыс толқынының өзгеру ретіне ұйқас әбден сәйкес келіп отырады. Ұйқас кестесі – аабввбгг. Шумақта төрт түрлі үйлесім белгілі ретпен араласып келеді. Және үйлестен тыс қалатын бірде бір тармақ жоқ. Осының өзінен-ақ ақынның ұйқасты шумақ өрнегін ұстартып, жетілдіре түсудегі аса қажет құрал етіп, түрлендіріп пайдалануға қаншалық зор мән бергенін аңғарамыз. Мұндай бір шумақта төрт үйлесім қатар алынатын өрнек қазақ поэзиясында Абайдан бұрын болған емес. Бірақ әңгіме ұйқастың әртүрлі келіп, сан жағынан көп болуын айтумен ғана бітпейді. Олардың шумақтағы кезектесу реті ұтымды екенін ерекше атап кету де қажет.
Қатар келетін қысқа тармақтар егіз ұйқаспен үйлеседі. Бірақ қысқа тармақтардың егіз ұйқасы шумақтың алғашқы бөлшегінде бір түрлі де, екінші бөлшегінде екінші түрлі. Бұл да орынды. Үш тармақты екі бөлшекті жанастырып, біріктіру үшін соңғы тармақтардың үйлесуі әбден жеткілікті. Қысқа тармақтардағы егіз ұйқастың екінші рет қайталанбауы ырғақ, интонацияны барынша оралымды, икемді ету талабынан туған. Соңғы екі тармақтың да үйлесі – егіз ұйқас. Бірақ ұзын тармақтардың ұйқасы әр шумақта әртүрлі болғандықтан әсерлі шығады. Ұйқас туралы айтқанда, оның үнділігі, сапалық жағы ескерілуі керек. «Сегіз аяқта» қысқа тармақтарда үнемі екі буынды ұйқас, ұзын тармақтарда көбіне ұйқас қолданылады. Демек, өлең ұйқасы тармақтағы соңғы бунақты түгелдей қамти алатын болса, ақын осы мүмкіншілікті неғұрлым толық пайдалануға ұмтылған.
«Сегіз аяқтың» өлең өрнегі – ырғағы, шумағы, ұйқасы – өлеңнің мазмұнына, ондағы ой-сезім өзгешелігіне мейлінше сәйкес келеді. Өлең ырғығының әуезділігі, оралымдылығы, өзгеріп, түрленіп отыруға бейімділігі көркем түрді мазмұн байлығына, ой тереңдігіне үйлестіре білу шеберлігінен туған. «Сегіз аяқтың» өлең түріне тән жарасымдылықты, асқан көркемділік, зор ақындық қуатты, асқан шеберлікті танытады.
«Сегіз аяқ» секілді Абай поэзиямызға тыңнан қосқан өлең өлшемдерінен ақынның қазақ өлең құрылысының өзгешеліктерін, сипат ерекшеліктерін терең түсінгенін көреміз. Абай халық тілінің ырғақ-интонациялық байлығын жақсы сезінді, ең ұтымды ырғақтық өрнектерді талғап, екшелеп алып, жаңа, ұтымды өлшеулер туғызды. Қазақ тілінің үнділік, әуезділік сипаттарын толығынан ашып бере білді.
«Сегіз аяқ» өлшемінен Абай бір-ақ өлең жазса да, осы шығарманың маңыздылығы ерекше болғандықтан, сол арқылы-ақ өлеңнің кестесі қазақ поэзиясында берік орнықты. Бірталай ақындар «Сегіз аяқ» өлшемін қолданып көрді. Бірақ, осы күрделі, қиыннан қиыстырылып жасалған өлең өрнегіне сай көркемдік қуаттылық танытқан адам көп емес. Бұл тұста Шәкәрім, Ахмет Байтұрсыновтың осы өлең өлшемін қолдануы көңіл қоярлық деп айта аламыз.
«Сегіз аяқ» Абайдың ең таңдаулы поэзиялық туындысы болатыны – онда ақынның шеберлігіне тән терең ойшылдық, нәзік сыршылдық, керемет суреткерлік – бәрі ұштасып келеді. Ой-толғанысқа толы өлеңнің мазмұнына сай кең тынысты өлшемнің иірімі мол, еркін өзгеріп отыратын, серпінді, ширақ ырғағы, интонациялық әуезділігі айқын көрініс тапқан.
«Сегіз аяқ» өлеңін басталуы бар, шарықтау шегі бар, аяқталуы бар симфониялық поэма түріндегі шығарма деуге болады.

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. –
Алматы: Ана тілі,1995.- 205-223-беттер.
Дайындаған: Анар Малдыбаева, Абай институтының
 кіші ғылыми қызметкері

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар