Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Зәкір Асабаев. Қажымұқанға жасалған қастандық...

11.02.2019 5851

Зәкір Асабаев. Қажымұқанға жасалған қастандық

Зәкір Асабаев. Қажымұқанға жасалған қастандық - adebiportal.kz

Өмірдің тар жол, тайғақ кешуін бір кісідей бастан өткерген көрнекті ғалым, техника ғылымының докторы, профессор Абай Тұрсынов Ленинград қаласының жоғары оқу орындарында ұзақ жыл ұстаздық етіп, бертінде Алматыға көшіп келген, зейнеткер. Абай Тұрсыновтың айтуынша, Қажымұқанмен жақсы қарым-қатынаста болған ата-анасы бір жолы әйгілі палуанды төніп келген ажалдан аман сақтап қалыпты (оған өзі тікелей куә болған). Сол жайлы Әбекең былайша сыр шертеді:

– Байдың баласы деп қуғынды көп көрген әкем Әбдірахман кезінде Бұхара медресесінде оқыған, рабфакта тыңдаушы, қызыл әскер құрамында мұсылман отрядының мүшесі, Ленинградтағы Эрмитаж бен Орыс музейінде Шығыс тарихы мен мәдениеті бойынша кеңесші болған. Тәжікстанда Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Туған жері – Ташкент қаласының іргесіндегі Жаңажол ауданына қарасты Торқыс ауылы. Анам Жайсаң әйгілі әнші Жамал Омарованың анасы Жаңылыспен апалы-сіңлілі. Мен Жамалмен бөлемін.

1928-29 жылдардағы байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезінде еті тірі, көзі ашық әкем Тәжікстанға өтіп, Сталинабадта бас сауғалайды. НКВД қызметкерлері оның кім екенін білгенмен, орыс, тәжік, өзбек, араб, қазақ тілдерін білетін адам ауадай қажет болғандықтан, қамауға алмастан, әртүрлі қызметке пайдаланады. Екі жыл шекаралық алыс заставада бастық болады. Кейін Сталинабадқа барып, осында 1932 жылғы аштықтан жүздеп, мыңдап келген босқын қазақтарға көмектесетін қабылдау орнын ашады. Қалаға жақын жерден қазақ ау-ылын ұйымдастырады. Біраз уақыт әке-шешем де сол ауылда тұрып, кейін Сталинабадқа көшеді. Қалада да, ауылда да үйлері болды. Мен 1932 жылы 23 қаңтарда Сталинабадтағы Орзоб өзенінің оң жағына орналасқан әйелдер босанатын үйде өмірге келіппін. 1940 жылдан бастап үш жыл Алматыда тұрдық. Мұнда Жамал Омарованың күйеуі Есей жездем жұмыс, баспана беріп қамқорлық жасаған аса мейірімді, иманжүзді Біләл Ықсанов деген кісімен бір аулада тұрып, оның кейін мемлекет қайраткері болған (біз Мұса дейтінбіз) Мұстақым деген ұлымен бір төсекте сүндетке жатқанымыз өзінше хикая.

1943 жылы – әкем соғыста – әжем, анам, інім төртеуіміз атамекеніміз Жаңажол ауданына оралып, сонда 1951 жылы орысша орта мектепті медальмен бітірдім. Өзбекстан комсомолы орталық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Су шаруашылығы институтына түстім. Оған сол кездегі Бүкілодақтық мақта шаруашылығы министрі Усман Юсупов та септігін тигізді. Өзбекстанда бірінші басшы болған, ферғаналық өзбек Усман ака біздің ағайын-туыстармен дос-жаран еді, қазақшаға судай болатын.

Институтты бітірген соң Красноярскіде (ГЭС) екі жыл істеп, сол жерден Ленинградқа аспирантураға шақырылдым. Кандидаттық, докторлық қорғап, біржола қалып қойдым, сонда үйлендім. Кейін Алматыға қоныс аудардық.

Бұларды алда баян ететін жайларға қатысты болғандықтан айтып отырмын. Енді соларға келейін.

Бірнеше мамандығы бар, сауатты әкем Сталинабадтағы сырттан келетін гуманитарлық азық-түлік, киім-кешек, басқа да көмектерді қабылдап, алыс-жақын елді мекендерге полуторка жүк машинасымен жеткізіп тұрды. Сол кездегі мұсылмандардан шыққан бірден-бір шофер еді. Басқалары орыс, көбі таулы жердің қиын асуларында апатқа ұшырап, біреулері маскүнемдікке салынды. Біз тұратын көше бойында қазақтар көбейіп, түрлі кәсіппен шұғылданды.

Әкемнің табысы мол, жетіспеушілік, жоқшылық дегенді білмейміз. 1938 жылы жазға салым бүкіл қалаға қазақтың Қажымұқан палуаны келе жатыр деген хабар тарады. Қазақ атаулы түгел құлақтанып, тәжіктерге кім екенін білдіретін мүмкіндік туғанына қуанды. Жалпы, Тәжікстан Кеңес өкіметі кеш орнаған республика-тын. Алыс таулы аудандарда кеңестік тәртіпті мойындамау, бағынбау, басмашылық, қарақшылық қырқыншы жылдарға дейін созылды. Сондықтан ба екен, айналада кімнің дос, кімнің жау екенін ажырату оңай емес-тін. Бірақ, тәжіктердің көбі кіммен болса да ортақ тіл табысып, қазақтарға жақсы қарады. Өз басым әке-шешемді қалтқысыз құрметтеген талай тәжікті білемін.

Көп кешікпей зарыға күткен цирк те келіп, біздің үйге жақын жердегі базар алаңына шатыр тікті. Шағын вагондар қатарласа тізіліп, үйретілген жануарларға (ат, түйе, аю, ешкі, ит) ашық қоралар жасалды. Тәжіктер музыкаға бейім, өнерлі, би десе кәрі демей, жас демей жанып кетеді. Цирк келді дегенде, ойын болатын күнге дейін ертелі-кеш кернейлетіп, сырнайлатып, ән шырқап, би билеген тәжігі, қазағы, өзбегі аралас халық қуанышында шек болмады.

Цирк ашылатын күні де солай болды. Бір кезде «ойын басталады» деген дауыс естілді. Жұрт тынышталды, ойын өтетін алаң мұқият тазартылды. Музыка ойнап, цирк алаңына оң қолын жоғары көтерген Қажымұқан шықты. Үстінде спорт костюмі. Ары-бері асықпай жүріп, жұртқа тағзым етті. Жаршы оның кім екенін, атақ-дәрежесін жариялап болысымен: «Ал, іштеріңізде дүниежүзіне белгілі палуанмен күш сынасам дейтіндер бар ма, бар болса, ортаға шықсын!» – деп хабарлады. Сәлден соң ұлты белгісіз, бірақ, мұсылманша киінген біреу, одан кейін нақ сондай тағы біреу, тағы тағылар шығып жатты. Қажымұқанға шақ келген ешқайсысы жоқ, әрине. Бәрінің жауырыны жер иіскеді (олардың алдын-ала дайындалған цирктің өз адамдары екенін кейін білдік).

Палуандар күресінен кейін алаңға өзге артистер шықты: гимнастикашылар, жонглерлер, үйретілген жануарлар дегендей. Әсіресе, масқарапаздардың (клоун) өнеріне тәнті боп, төбелері көкке жеткендердің екі езулері құлағында.

Үзілістен кейін алаңға қайта шыққан Қажымұқан біресе білектей темірді доғадай иіп, біресе екі пұттық тасты басынан айналдыра оңды-солды үйіріп, бұлшық еттерін ойнатып, талай тамашаға кенелтті. Онан соң бірнеше әртіс – бірі Қажымұқанның арқасына, бірі төсіне, бірі иығына жабыла мініп, аяғы ғана көрінген батыр алаңды айнала жүріп өтті.

Ең соңында алаңға қалың етіп ағаш үгіндісі төгілді. Оған Қажымұқан арқасымен жатып, тұла бойын көмкере тақтайлар мен тіреуіштер қойылды. Бұл батырдың бүгінгі соңғы «өнері». Қазір кузовына адам толы полуторка машина палуанның үстімен жүріп өтеді. Жұрт у-шу. Кейбіреулер көруге бата алмай, көздерін қолымен жабады. Кенет кернейдің даусы естілісімен, машина қас қаққанша палуанның үстімен өте шықты да, алаңның қарсы бетіне барып тоқтады. Демдерін ішінен алған көрермендер палуан аман ба, жоқ па, біле алмай дал.

О, ғажап! Төрт адам көтеріп әкелген тақтайлар мен тіреуіштерді жан-жаққа сарт-cұрт лақтырып, астынан Қажымұқан атып тұрды. Дін аман. Көрермендер ышқына айқайлап, көздеріне жас алғандар, теріс айналғандар қаншама. Керней-сырнайдың үні құлақты жарып ол барады. Қатты қорыққан мен бақырып жылап жібердім. Жанымда отырған Шынар әжем бетіме мұздай су бүркіп, есімді жиғызды.

Ойыннан кейін бүкіл қазақ цирк алаңына жақын жердегі біздің үйге жиналып, әне-міне дегенше бір баспақ, бір қойдың еті қазанға салынды. Үлкен бөлмеге мол дастарқан жайылды. Мені орталарына алған әкем, тағы бірнеше жасы үлкен ақсақал палуанды дәмге шақыруға бардық. Суға шайынып, киімін ауыстырған палуан иығына қазақы жібек шапанын жауып, басына тақиясын, аяғына жылы шұлық киіп, ағаш скамейкада демалып отыр екен. Бізді көріп жылы жымиды да, үлкендермен жеке-жеке қол беріп амандасты. Мені жерден іліп алып жоғары көтерді де, маңдайымнан бір сипап, төмен түсірді. «Үйлеріңнің жақындығы жақсы екен, машинадан жалықтым», – деп баруға келісім берді. «Барша әртісті ертпейсіз бе?» – деген әкеме: «Қажеті жоқ, олар ертеңге дайындалады», – деп жалғыз жүрді.

Үйге келдік. Қора толған қазақтар екі жарылып, палуан ортада келеді. Есік алдында қолын жуып, кең бөлмеге кірдік. Қадірлі адам-дар осында, орын жетпегендер көрші бөлмеге отырды.

Бір таңқалғаным, батыр тамақты аз жеді . Бастан ауыз тиген соң, бір құлағын маған кесіп беріп, жамбастың етінен бір кесіп аузына салды да, екеуін де қасындағы ақсақалға ұсынды. Ол да солай жасап, палуанның сарқыты бүкіл үйді аралап шықты. Дәу табақ еттен де мандытып дәм татқан жоқ. Дабыр-дұбыр, лепірме сөз, ән, күй болмай, палуанның әңгімесі тыңдалды. Алдын ала дайындалған ішімдік бөтелкелері ашылмады. Қажымұқан «керегі жоқ» деген соң тентек судан ұрттауға басқалар да бата алмады. Әкем үй иесі ретінде дастарқан басындағыларды палуанға кезек-кезек таныстырып, көрші бөлмедегілер де естісін деп, қаттырақ сөйлеп отырды. Әкемнің Қажымұқанмен бұрыннан таныс екені де аңғарылмай қалған жоқ. Қонақтардың қанша отырғанын білмеймін, ұйықтап кетіппін.

Ертеңіне болатын ойынға мені апарған жоқ. Ойын болды ма, жоқ па, оны да білмеймін. Цирктің қанша күн өнер көрсеткені де жадымда жоқ. Бірақ, цирк жабылар қарсаңдағы көрініс есімде. Әдеттегі ойын бітіп, палуанның үстінен машина өтетін кез жеткенде бұрынғыдай емес, ештеңе болмайтынын біліп жайбарақат отырған жұрт кенет жай түскендей улап-шулап, дүрлікті де кетті. Палуанға қалқан болған «көпірдің» кілт шөгіп, төмен түсуіне сол да жеткілікті еді. Кузовтағы адамдар дереу секіріп-секіріп түсіп, оларға көрермендер қосылып, алаңға ұмтылды. Бұл екі ара-да «көпір» астынан өңі боп-боз боп, азар көтерілген Қажымұқан машинаның жанына тәлтіректеп барды да, шоферді тік көтеріп алып, дөңгелектің астына атып ұрды. Арғы жағын ашу-ызасы тасып-төгілген көпшіліктің өзі «тындырып», жүргізушіні жаһаннамға аттандыра салды.

Бірнеше адам Қажымұқанды зембілге салып, алаңнан алып бара жатты...

Содан бастап «палуан сахнаның сыртында жан тәсілім етіпті», «шофердің өлімі үшін тұтқынға алыныпты», «түн жарымда әлдебіреулер тауға қашырып жіберіпті» дегендей бірінен-бірі өтетін небір қорқынышты өсек-аяң гулеп берсін. Ал, Қажымұқанның сол жоқтан жоқ болып, суға батқандай із-түзсіз кеткені анық-тын.

Осы оқиғадан кейін барша қазақтың еңсесі түсіп, жабырқап, жасып жүрді. Әкем де үйден шықпай, машинаның артқы дөңгелектері мен моторын алып тастап, күні бойы соларды шұқылайды да отырады. Мені ешқайда жібермейді. Гуманитарлық көмектер сап тыйылды. Анда-санда ұсқынсыз біреулер әкемнің жанына кеп, тұрып-тұрып қайтып кетеді.

Үш дөңгелекті велосипедім бар еді, соны мен де күніне бірнеше рет бұзып, бірнеше рет жөндеймін. Одан жалықсам, үлкен бөлмеге кіріп, төрге жиналған төсекті бұзып ойнаймын. Бұрын көрпе, көрпешелер сандықтың үстінде тұратын еді. Неге екенін қайдам, қазір сандықтың орнында сырты киізбен оралған – шөккен түйедей – бума тұрады. Өзі тым үлкен, биік. Көрпе, көрпешелер соның үстінде. Көрпелерді еденге құлатқан соң, буманың үстіне әрең шығып, төменге қарғимын. Мүмкіндігінше алысқа секіруге тырыса-мын. Кейде әлгі бума мені өз-өзінен лақтырып жібергендей болады. Бұғанам сына жаздайды.

Бір жолы түн жарымда оянып кеттім. Ұйқым қашып, әлденеге елегізимін. Жанымда әкем де, шешем де жоқ. Бүйірдегі бөлмеден болар-болмас жарық байқалады. Жақын барып қарасам, есік пен төрдей жерде спорт костюмін киген таудай адам созылып жатыр да, әкем оның аяғын уқалап, шешем үлкен кесеге құйған шайды теңселте шайқап отыр. Мені байқаған жоқ. Таудай адам бірінші байқап, түрегеп отырды да: «Бүгін арқамды уқалаудың керегі жоқ, оны мана күндіз мына бала тындырды», – деп күлді әкеме қарап. Таудай адам Қажымұқан еді. Қорқып кетіп, анамның артына тығылдым. Таудай адам қасына шақырып, тізесіне отырғызды, ба-сымнан сипады. Ешкім үндемейді, мен ұялғаннан төмен қараймын.

Анам шамды сөндіріп, тез жаттық. Ертеңіне ұйқыдан оянысыммен әкем ешкімге ештеңе айтпауымды ескертті. Өзі кешке қарай машинаны апыл-ғұпыл жөндеді де (машина бұған дейін де бабында болса керек), қараңғы түсісімен Қажымұқанды кузовтың түбіне жатқызды. Үстіне азық-түлік салған қап, қоржын, басқа да бірдеңелер тиеп, кабинада жападан-жалғыз әлдеқайда түнделетіп жүріп кетті. Бірнеше күннен кейін үйге оралды. Әкемнің аман-есен келгеніне, Қажымұқанның қауіп-қатерден құтылғанына шүкірлік еттік.

Осыдан кейін, неге екенін қайдам, қаладағы үйді тастап, қазақтар тұратын «Орджоникидзе» колхозына көшіп бардық. Неміс колонистерінен қалған – едені цемент – аңыраған суық үйге орналастық. Әкем Орзоб ГЭС-іне механик боп кірді. Ол жерде суық тиіп сырқаттанған соң, колхоз бастығына жұмысқа жарамсыз екі жүк машинасынан бір машина құрастырайын деп өтініш айтты. Бастық қарсы болған жоқ. Бұған кемі бір-бір жарым ай уақыт керек екен. Сондықтан, әкем анам мен мені пойызға отырғызып, Ташкенттің маңындағы туған жері – Жаңажол ауданына жіберді. Онда туған-туыстарды армансыз аралап, бір айдан кейін Сталинабадқа аттану үшін Кауфманская стансасына бардық. Жанымызда – бізді шығарып салуға келген анамның шешесі Бусара мен туған інісі Қуанышбек нағашым. Майда-шүйдені айтпағанда, іші сәлем-сауқатқа лық толы екі бума жүгіміз бар. Екеуі де зілдей ауыр. Бұл жерге пойыз кейде бес минут тоқтайды, кейде тоқтамай, баяу жүріспен өте шығады екен. Үлгерсең міндің, үлгермесең қалдың. Билет қолда болса да, көңіл алаң. Залда бізден басқа адам жоқ.

Кенет есік жақтан аяғына саптама етік, бұтына галифе шалбар, үстіне сырма көйлек киіп, белін жалпақ белдікпен буған зор денелі адам алақ-жұлақ етіп кіріп келе жатты. Залды көзімен шолып, бізді көрісімен, ентелей жүгірді.

Жүрісі ширақ, жеңіл. Ол Қажымұқан еді. Аяқ астынан мәре-сәре болдық та қалдық. Қуанышбек нағашым перронға шығып кетті. Қажымұқан анамның жанына отырып, бірдеңелерді айтып жатты. Мен оның тізесіне шықтым да, жырық-жырық құлақтарының біріне азар ілініп тұрған оймақтай қызыл етті жайлап ұстап көрдім. Басын қозғаған сайын оймақтай ет діріл қағып қозғалады. Дүрдиген үлкен мұрны да түртіп қалсаң, түсіп қалатындай көрінеді.

Кенет есіктен көрінген Қуанышбек нағашым: «Пойыз келе жатыр, тоқтамайды екен!» – деп дауыстады. Асығып-аптығып сыртқа ұмтылдық. Екі буманы екі қолына ұстаған Қажымұқан перронға шыққан соң бірін әжеме, бірін нағашыма ұстата сап, пойызды күттік. Пойыз таяла бергенде алдымен вагон ішіне мені доптай атып жіберді. Ізінше анамның мінуіне көмектесті. Онан соң орғып барып, пойыз жүрісіне ілесе алмай, кейін қала берген нағашым мен әжемнің қолындағы екі бума жүк пен жеңілдеу заттарды әкеп алдымызға тастады да: «Қош бол! Әбдірахманға сәлем айт!» – деп айқайлады. Даусы тарғылданып, құмығып шықты. Көзінен жас ыршып кеткендей көрінді.

Бізді шығарып салған адамның кім екенін білген пойыздың жолсеріктері мен былайғы жолаушылар анам екеумізге елден-ерек ілтипат білдіріп, Сталинабадқа жеткенше қас-қабағымызға қарап барды.

Пойызға отырған соң анам мені көпке дейін сөйлетпей, ананы-мынаны айтып қақпайлай берді. Тек Сырдариядан өткенде ғана шешіліп, «Қажымұқанның құлақтары неге жырым-жырым» дегеніме, «ол жапон палуанының ісі» деді. Онан соң кілемге үсті-басына сабын жағып шыққан судандық зәңгінің аузына шеңгелін салып, бас терісін сыпырып алғаны жайлы айтты. Бәрін білуге құмартқан мен:

– Сталинабадта оны не үшін өлтірмек болды? – дедім анама. Барлығын да бұрыннан жақсы білетін анам:

– Ол − жергілікті НКВД адамдарының ісі. Қажымұқанды жапон тыңшысы деп көзін жойып, біреулерге жағынғылары келген болса керек. Бірдеңе десе машина астына түсіп өлген өзі дей салу түк емес. Алайда, арам ойлары іске аспай, өздері ит болды. Сол қарғыс атқан күні батырды жаншып өлтіргісі келген шоферге алдымен кузовтан секіріп-секіріп түскен – көбі қазақ – адамдар жол бермей, палуанды аман сақтап қалды. Жауыздардың ызаланған адамдар қастандық жасаушы, әрі бірден-бір куәгер шоферді сол замат жоқ қылады деген болжамдары дәл келді. Қастандық ұйымдастырушылардың Қажымұқан машина астында жазым болмаған жағдайда жаппай тәртіпсіздік белең алып, ызғын-шу үстінде батырды байқатпай атып тастай саламыз деген пасық ниеттері орындалмады. Есесіне, ашулы халық сүйікті палуанын іздеп, түні бойы жер-жердің бәрін шарлады, цирк вагондары мен базардағы қойма, дүкендерді қиратып, тас-талқанын шығарды, жойды, бүлдірді. Бірақ, батырды олар да, қаскүнемдер де таба алмады.

Қастандық жасалған кештегі апақ-сапақ кезінде Қажымұқанды әлдебір сенімді адамдар көрші үйдің қорасы арқылы біздің үйге әкеліп жасырып, өздері «палуан қашып кетті» деген лақап таратып жібереді. Тіпті, «Әмудария арқылы өз қолымызбен Ауғанстанға шығарып салдық» деуші адамдар да табылып жатты.

Қажымұқан дүрбелең біткенше біздің үйде жатты. У-шу саябырлаған соң әкем Денау, Сұрхандария (Жиделібайсын), Қашқадария арқылы палуанды Самарқан жақтағы Жизақ өлкесіне апарып, сондағы азуы алты қарыс қыпшақ ағайындарының қолына тапсырады. Олардың бас көтерер азаматтары тездетіп Ташкент арқылы Мәскеумен байланысады. Ондағылар Қажымұқанға ешкім тиіспесін деп жарлық берген соң ғана па-луан еркіндікке шығып, Ташкент маңайындағы ел-жұртты аралайды, қонақ болады. Сонда анам екеуміздің келгенімізді естіп, бізді іздеп табады.

Қажымұқанға Сталинабадта жасалған қастандық сыры осындай. Ол туралы әлі күнге дейін айтылған-жазылған ештеңе білмеймін. Анам марқұм Мұратқан Тәнекеев деген кісі Қажымұқан туралы кітап жазарда Алматыдан әдейі іздеп келіп, біраз мағлұмат алды деуші еді. Кейін кітабы шыққанда жөнді ештеңе кездестіре алмадық. Себебін білмеймін. Не анам толық айтпады, не цензура жібермеді, бірдеңе деу қиын. Жалпы, Қажымұқан жөнінде дерек-мәліметтер жұтаң. Айтылатын сөздер бір-бірінен алыс емес, егіздің сыңарындай ұқсас. 51 медалінің бәрін сатып жіберді немесе жоғалып кетті дегенге кім ила-нады? Жұмбақ. Олардың бәрін жіктеп-саралау менің міндетіме жатпайды. Бұл жерде жетпегенді жеткізіп, толмағанды толтыра қояйын дейтін де ниетім жоқ. Көзім көріп, куә болған, өзім білетін нәрсені ғана ортаға салғанды жөн көрдім. Ішімде кетпесін, жұртшылық біле жүрсін деп...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар