Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанболат Башар:«Абыз дала аңызы» атты хикаят турал...

11.12.2015 4113

Жанболат Башар:«Абыз дала аңызы» атты хикаят туралы

Жанболат Башар:«Абыз дала аңызы» атты хикаят туралы   - adebiportal.kz


«Әдебиет порталы» белгілі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Абыз дала аңызы» атты хикаятына жазылған Жанболат Башардың пікірін назарларыңызға ұсынады. Айта кетейік, қазақ журналистикасы мен әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер Жанболат Башарға «Өз сөзім – өзімдікі» деген айдар аясында аталған хикаяттың авторы көрсетілмей берілген болатын. Енді жазушының қатарлас қаламгеріне берген бағасын өздеріңіз оқыңыздар. 


Соңғы екі тәуліктің райы бұлыңғырлау, аспанды бауыры түнек сұрғылт бұлт шалып, ауаны дым басқан. Бүгін таң ата сілбіреп жаңбыр жауды. Мойнына су құйылған беймәлім жалғыз жолаушы шатқалдарды шарлап, басы ауған жаққа тартып барады».

Осы бір суреттің өзі-ақ, жалт қаратқандай. «Сұрғылт бұлт», «дым басқан ауа», «мойнына су құйылған жолаушы». «Мойнына су кеткен» деген сөз, әрине, жаңбырдың суы емес, тауы шағылған, жолы болмаған жолаушыны меңзеп тұр. Артық ауыз сөз жоқ: «...шатқалдарды шарлап,басы ауған жаққа тартып бара жатқан» тек қана табиғаттың кірбең күнімен жарыстыра берілген кейіпкерінің көңіл күйі ғана емес,сол бір шапқыншылық дәуірдегі бабаларымыз кешкен болжаусыз дүниенің де кейпін меңзеп тұрғандай.

Асылы,тарихтың сүрлеуіне түсіп, қиялдан қиып көркем дүние жасау, әрі оны көркем шындыққа айналдыру талантқа тәуелді іс. «Мойнына су құйылған беймәлім жалғыз жолаушы»... исі қазақты елдікке бастаған Керей ханның әкесі болатынын жазушы шыңыраудан су тартқандай там-тұмдап жеткізеді. Жазушы Абыз дала аңызын әріден қаузап, алмағайып заманның тереңінен сыр суыртпақтауға дайындықпен келгені көрініп тұр. Шығармадағы көне түркі сөздері де, хикаяттың тұла бойына жымдасып,әр беріп,әсерлендіріп, көне дәуірдің көріністерін көз алдыңнан өткізеді.

«...– Иә, өкінетіндей-ақ жай екен. – Анике шынында да қынжылыс білдірді.

– Ана, білімдар ақсақалдың аты-жөнін сұрамаппын. Жұмбақ ауылдың жайын білмеппін. Қолыма өзі қонған ханның қызынан қарап тұрып айырылдым», - дейді.

Бұл хикаятта айтылатын Жапандағы Жаһанның басынан өткен үш оқиға, немесе үш өкініш, Жаһанның өз аузынан баяндалып,оқырманды тың сүрлеуге бастай жөнеледі. Жаһанның кім екені, оның тағдыр талайындағы қауіп-қатер кейіпкердің аузынан суреттеліп уақыттың бедерін бере білген. Оқи отырып өзге дәуірдің салмағын сезгендей боласың. Тақ пен баққа таласқан сұлтандар мен бекзадалар арасындағы аңдысу, жанкешті күрес үнемі алға шығып немесе қапталдаса жарысып көз жаздырмайды. Біз шығарманың мазмұнына көп үңілеміз. Мейлі шығарма баяндалса да, суреттелсе де көркемдік биігінен төмендемесе игі.


Қандай шығарма болмасын ең әуелі адамның тәуекелі мен тәубесі,сол арқылы жұмыр басты пенде баласының: ойлануы, толғануы, күйінуі, сүйінуі оқиғаның орауына түсіп біте қайнасып кетсе ғана оқырманын тәнті етпек. Осы тұрғыдан алғанда «Абыз дала аңызы» сәтті жазылған. Жаһан мен Анике тағдырлас екеуі де хан тұқымынан болса да назардан шектеліп «мойындарына су кеткен» жандар.

«– Жошының ұрпағы таққа мұрагер болғаны үшін бірінің басын бірі жұтқаны жалпақ жұртқа мәлім. Қанша заман айналып түссе де осы қасірет билік төңірегіндегілерді иектеп кетпеді. Осындай себеппен басына қатер төнгенде көптеген сұлтандар пана іздеп, бір қиырды бір қиырға қосты. Алда-жалда барған жерінен сая тауып, аяғына нық тұрса – көкейінен кетпейтін хан тағының тақсіретін тартып, туғандарына деген кегі асқындай түсетін. Сосын, сол кек қайтадан ұзын жолдың бойында сабылтатын», - дейді.


Бұл тарихи шындық.Оның зардабы қарапайым халыққа тигені де өтірік емес. Бағзыдағы қазақ жұртының басының бірікпеуі себебінің өзі билік басындағы, дәлірек айтқанда, сұлтандар арасындағы таққа таластың тақсіреті болатын. Автор бақталастыққа құрылған қулық-сұмдықтың тонын айналдырмай мазмұнын мөлдіретіп суретейді.

Бір айта кететін жайт, Жаһанның үш өкінішінен соң шығармада Дешті Қыпшақ ұлысын билеген сұлтандар арасындағы тартыс тәтпіштеп айтылып, оқырманды сәл жалықтырып алатындай. Мысалы:

«... Сондай бекзаданың бірі Тоқтамыс еді. Ол – Алтын Орданың ішіндегі өзіне төнген қатерден күн ілгері бас сауғалады. Самарқанға қашып барып, Әмір Темірдің қолтығының астына енді. Бұл уақытта биліктің дәмін татып, қарақанаттанған Әмір Темірдің ойы мүлде басқа. Іргесінде жатқан көршілес ел – Ақ Орда мен Моғолстанды жаулап, қара басының құзіретін асыра түсуді көкседі. Сондықтан, Тоқтамыс сияқты сұлтанды құшақ жая қарсы алды». Әрі қарай тарихи шежіреге ұқсас баян. Бір есептен автор мұны әдейі беріп отырған болар, аттап кете алмаған шығар. Қалай дегенмен шытырман адам аттары жалықтыратын секілді.

«Теңіздің дәмі тамшыдан» демекші Ұлы дала аңызының бір тамшысын ғана таңдайға басып, шағын хикаяттан соны сезінсек, сезіндіре алсақ, сол олжа.

Әдеби көркем дүние болғандықтан мазмұны мөлдіреп, жинақы, шымыр болса соқұрлым тартымды. Ең бастысы жазушы оқырманды жалықтырмай бір оқиғадан біріне жетелеп, көркемдік әлеміне алып кіре алған. Айтар ойын оқиғаға өріп, арпалысқан өмір ағысына ілестіріп әкетеді. Жалпы өмірде жақсылықтың да, жамандықтың да адам қолымен жасалатыны әмбеге аян. Олай болса көркем шығармада адамның мінезі, әрекеті, тағдыры жымы білінбей, жігі көрінбей оқиғада өрілуіп кетсе құп. Мұндай сәттер «Абыз дала аңызында» жетерлік. Мен соған тәнті болдым.

Мәселен Барақ сұлтанның әйелі Айқұла-Бегімді телеүт қалмақтардың тұтқиылдан шабуылдап ұрлап кетуі, оны қайтару үшін Құбан-Құла тайшынның ауылына Барақтың жасырын барып, әйелін босатып алмақ болғанда, Айқұла-Бегім: «Құбан-Құла тайшының үш қызының кенжесі Науат-Бегімді әйелдікке алыңыз. Мені содан кейін келіп құтқарасыз», - деуі де әйел затының өр мінезін, қазақ қызының намысқой келбетін танытып, көп нәрсені аңғартатындай әсерлі шыққан. Осыдан кейінгі оқиғалар іркес-тіркес өріле жөнеледі. Жазушы қаламынан сол бір көрністер барынша бейнелі суреттеліп оқушыны еліктіріп, жетелеп, қимыл қақтығыстардың арасына алып кіреді. Бұл сөз жоқ жазушының шеберлігі.

«Бір күні, құрсақтағы бала үш айлық шамасында Науат-Бегім қапысын тауып, сытылып жөнеліпті. Тақымына ат тиісімен бірден еліне тартып отырған». Содан бастап Науат-Бегім аяғы ауыр болған кезде қапысын тауып еліне бірнеше мәрте қашып кетпек болады. Жаудың қызының өзі осынай, алған бетінен қайтпауы қазақтың ата жауының да осал болмағанын байқатады. Бірақ қанша қашқанымен қолға түсіп қайтып келіп, құрсағындағы баласын аман-сау босанып, қазаққа олжа салып отырған секілді. Мұның өзі ежелгі дәуір адамдары үшін кек қайтарудың бір тәсілі әрі кереметі болса керек. Жазушы соны өте әсерлі алып шыққан әрі жігер жанитын астарлы ойды қоса бергендей. Жаудың қызы қанша бұлқынса да қазақтың уысынан шыға алмауы, дұшпанның пысын басып тұр. Осы сәттер тамаша өрілген.

Хикаятта жылқының қасиетін ашатын, мінезін сомдайтын эпизод өте мол. Бұл түсінікті де, себебі ұлы даланы мекен еткен көшпелі елдің қанаты да, серігі де - жылқы. «Айдаса — жаудікі, ысқырса — желдікі» дейтін жылқы жануарсыз қазақты елестету мүмкін емес. Шығармада кездесетін жылқы аттары өзінше бір әлем дер едім. Соның өзі хикаяттың шырайына леп береді.

«...Бұл Баршынкөк атпен жұмбақ дүниенің соңынан ілесіп келе жатқан Әбілқайыр хан еді. Барақ ханның ұлы Жәнібек алқымнан ұстап, шаужайына жармасқанына зығырданы қайнағанда көзіне көрінген әбілет елітіп, есін алды. Енді бір мезет пенделер арасындағы бақталастығын қаперден шығарып, көзқұмарлығымен ілгері ексімдене берді», - дейді.

Әбілқайыр ханның басынан бақ тайған сәттегі бұлдыр-бұлдыр елес осылай басталады. Мына ұлы далада кім өтпеген — хан да, қара да өткен. Сен де соның бірісің деген ой оралады санаңа.

Түптеп келгенде жалғыз атты кейіпкеріміз Анике-Болат қазақтың тұңғыш ханы Керейдің әкесі. Ал, Анике-Болаттың құдай қосқан жары Жауһари-Сұлтан-Жамал Бегім Жапандағы Жаһанның қарындасы екенін білесіз.

Шығарманы оқып шығып түйген ойым: Қазақ хандығының тарихи бастауы,тайталасқан тағдыры, тақ пен бақтың кеселі, сұлтандар арасындағы бітіспес жаулық - соның бәрі халықтың басынан кешкен кер еді. Автор соны барынша ықшамдап, шеберлікпен жеткізе алған. Ұлы даланың кеудесінде талай жан алып, жан берген алмағайып кездердің өткені тарихтан белгілі. Жазушы соның көне сүрлеуін уақыт тереңінен аршып, көркем дүниеге, әдеби туындыға сәтімен айналдырған.

Түйіп айтқанда автор не айтқысы келді соны асықпай, аптықпай желісін бұзбай жеткізген. Егер әдеби шығарманы белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі (З.Қабдолов) деп қарасақ, «Абыз дала аңызынан» соны сезіне де, тұщына да алғандаймыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар