Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жарас Сәрсек: Одашылармен о бастан қаным қас...

18.11.2016 3956

Жарас Сәрсек: Одашылармен о бастан қаным қас

Жарас Сәрсек: Одашылармен о бастан қаным қас - adebiportal.kz


912466_694916905_8.jpg


- Өлеңде ақынның интелектуалдығы жасырынып тұрады ғой. Өлең жазу үшін білімді болу қаншалықты керек?


Білім – парасат-пайымның жемісі болса керек. Пайымсыз білім, білім болмайды. Қаламға іліккеннің бәрін қағып алып оқыдым, ақыл-ой жауһарлары санатындағы ғаламдық дүниелердің бәрін тауыстым дейтіндердің парасат иесінің алдында талай күмілжігенін көзбен көргенбіз. Көріп те келеміз. Сондықтан парасат-пайымға бастамаған білімнің поэзияға бере қояры шамалы.



- Қадыр Мырза-Әлінің «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» дегенін жаттап өстіңіздер. Бірақ, Сіздің «қоңыр» өлеңдеріңізде тартыс, драма, эмоция бәсең сияқты...


Мен тау бөктерінде томаға тұйық жатқан Сүмбе дейтін ауылда туып ержеттім. Ауласын – ит, есігін – құлпы күзетпейтін киелі мекен. Адамдары ақжарқын. Әркім өз шаруасын біледі. Көше аралап өсек айтатын ақжаулығы жоқ ауыл, күйбең тіршілігі бір бітпейтін ауыл. Көктемнен – жазға, жаздан – күзге, күзден – қысқа жүздері тотығып, маңдайы тершіп, маңайындағыларын бір қараңғы, бір жарықта ғана көретін еңбекқор елдің ортасында өстім. Демек менен туған өлең өз өмірімнің көшірмесі, өз көшірмем болуы заңдылық.



Содан соң кешегі кеңестік кезеңнен қалған өлшем – бүгінгі поэзияға өлшем бола алмайды ғой. Ақиқатын айтсақ, Тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан әдебиетке баға беру әлі ерте.


- Жазушылар одағының мүшесі болу қаншалықты жауапкершілікті жүктейді?


Жазушылар одағы өнім өндіріп шығаратын зауыт емес. Ол – сенің әріптестерің бас қосатын киелі шаңырақ. Әдебиет, Ұлт мәселесін талқылайтын мінбе. Мінбеде міңгірлеу ұят.


- Бір өлеңіңізде «Аз болсақтағы ақылыменен көп едік» дейсіз. Өзіңізбен үзеңгілес ақындардан кімді көш ілгері бағалайсыз?


Ғайыпқа айналған Ә.Ботпанов, марқұм Ә.Балқыбек, М.Райымбекұлы, Б.Бабажанұлы, Қ.Құттымұратұлы, Б.Айтболатұлы, Р.Сейілхан, С.Рзахмет менің нағыз достарым. Әрқайсының сөз патшалығында өз орны бар. Бір-бірін толықтырып тұрған бір бүтін әлем.


- «Сарай ақындары» деген таптаурын түсінікті жиі көтеріп жатамыз. Сол жанрдың бағытын ұстанған ақындармен қандай тақырыпта әңгімелесесіздер?


Шынайы сезіммен жазылған дүниеге «шытынай» берудің қажеті жоқ. Одашылармен о бастан қаным қас. Әсіресе шынайылықтың үстіне шығып алған кезде...


- Шынын айту керек, қоғамда оның ішінде ақын-жазушылардың арасында жерге, жүзге, руға бөлінушілік деген өршіп тұр. Осының есебінен нашар әдебиетшілердің бағы жанып кетуі мүмкін ғой...


Ондай бақ айнымалы ғой. Оған бола бас қатырудың еш қажеті жоқ.


Күні кешеге дейін кезінде елдің рухани көсемі ретінде дәріптеліп келген әдебиетіміздегі алыптар тобынан бүгінде қаншасы оқылады? Солардың рухани айналымда қаншасы қалды? Ал солар батасын беріп, қазақ көркемсөзінің ауласына қорғаштап кіргізген классиктерінің жағдайы не болды?


Қасым, Мұқағали, Төлеген, Жұмекендер Алланың берген ауасын ғана азық қып жүргенде, олардың аузынан ақ май ағып, аяғы жерге сәл ғана тимей тұрды. Атақ та, абырой да солардыкі болды. Енді не болды? Уақыт бәрін өз орнына қойды.


- Сіз өлең жазғанда Жұмекен ақын мен Төлеген Айбергеновтың ығына жығылатын сияқтысыз...


Оны сыншылар айтсын. Мықтылардан бірдеңе жұғысты болып жатса, көп көрмеймін!


- Кезінде Әділ Ботпанов бір жолдан тұратын өлең жазып, эксперимент жасады. Замандасыңыздың мақамына салып, не айтар едіңіз?


Әділді соңғы көргенімде: «Жәуке, Алматыда ақын көбейіп кетіпті...» деді де қойды. Қалыпты стиль, қалыпты ырғақты меңзесе керек. Содан өзің айтпақшы бір жолдан ғана тұратын өлеңдерін оқыды. Өзінің айтуынша бұл оның «сең бұзғышы» екен. Оған ұзақ дайындалған...


- Әдебиетте «анау жақсы, мынау жақсы» деп салыстыруға қалай қарайсыз?


Кез келген шығармашылық адамында азаматтық болмыс бірінші орында тұруы тиіс. Сонда ғана мұндай сұрақ қойылмайтын болады.


- Жарас Сәрсектің шығармашылықтағы шыңы «Көзсүзген» бе?


«Көзсүзген» – қарапайым ғана өлең. Бір деммен жазылған дүние. Алайда жұрт осы өлеңге ынтық. Неге екенін білмеймін...



Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы                     


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар