Жасындай жарқыл қағады жылдар!

105

Жасындай жарқыл қағады жылдар! - adebiportal.kz

СЕН ТУҒАН КҮН

Жетті-дағы құлаққа "шыр" етіп үн,

Осы күні сен тудың - білетінім.

Әнсің шырқап, ауасың демалатын,

Өмір сенсің мен үшін, сүретұғын!

 

Анаға тән мінезің еркімді ап тым...

Алғаш сәби "іңгәсін" сен тыңдаттың.

Әуелі Алла, сосын сен боларсың-ау,

Мынау жер үстіндегі ең қымбаттым!

 

Сен туған күн жырға осы толғатып ем...

Жаман ойлар жоқ қой, жоқ сенде атымен!

Бар мен жоққа келесің бірдей төзіп,

Отбасы отын үстеумен, лаулатумен!

 

"Немере" деп емініп, жазбай бір бой,

Еңбегіңнің есесін қайтардың ғой!

Туған күнің ғана емес, бүгін, бүгін...

Саған аппақ алғыстар айтар күн ғой!

 

ТАҢ АТТЫ…

Таң атты - тіршілік оянды!

Бақтарда құс сайрап, басты әнге!

Жұқты ніл ерніне ояңның,

Боялды боз түске аспан да өң.

 

Андыздай ескен леп түстіктен -

Қылаңыта атты таң құстаңдай...

Қанаты сусылдап құс біткен

Сол жаққа жамырай ұшты Алла-ай!

 

Таусаған таңғы ауа уызын...

Әуеде - сәбидің уілі!

Көлбеген шуақ та ұп-ұзын...

Бұл деген құбылыс бір ұлы!

 

Түн ұлы жарықпен жанасып,

Толды әлем әнге де, күйге де.

Таң нәркес кірпігін ғана ашып,

Күлімдеп қарайды дүниеге!

 

ҚАРАТӨБЕ-АЙ!

Жатыпты-ау бұл... атылып тап іргемде оқ,

Қанша арманды жоғалтты ел тұлдап ардақ.

"Қаратөбе" басында қабірлер көп ..

Аз-ақ жылда қалыпты бір "қала" орнап!

 

Ауылдаспен аттанған бақиға иен,

Жүруші едік күн сайын кездесіп те.

Енді... қырда дамылдап жатыр, міне...

Талбесіктен көшіп ол жербесікке.

 

Бәсе, көптен хат-хабар болмап еді...

Сөйтсем, міне, мәңгілік мекенінде...

Ұққандаймыз бейітін толғана "өбіп",

Өмірдің бұл мәні не екенін де!

 

Солай тағы... бір бұта түсті сынып!

Солай көл де суалар шалқып аққан.

Қара жердің асты мен үсті - суық...

Қайран жұртты демімен қалтыратқан!

 

"Қаратөбе". Құшаққа сыймас тіптен...

Құж-құж қайнап жатады ылғи маңы.

Он, жүз жанар қадалып қимастықпен,

Қарайтындай ауылға ылдидағы.

 

Білдік, білдік фәнидің жалғандығын,

 Оғыландарымыз өмірден өткенінде әр...

Ауылына аңсар-сағыныш, арман-мұңын

Арнай да алмай, арманда кеткен ұлдар!

 

Ех, Қаратөбе, Қаратөбе-ай!

 

ДАРИҒА-АЙ, СОЛ ҚЫЗ…

Әттең-ай, әлде...ұяң шығар қыз

Сезімін батып айта да алмайтын.

 Оған біз, бәлкім, "қиял" шығармыз ..

Уақыт есесін қайтара алмайтын!

 

Ешкімге бұрмай жүзін, қалғи ма?

Егіле мен көз жасы таусыла?

Ұрлана қарап, ізімді аңди ма...

Осы қыз маған ғашық-ау, сірә!

 

Уай, оны енді...бал ашып білем бе?

Жер түбіне мені ол жетелесе де - ерем!

Қыз уәжіне қай таласыпты пендең!?

Қыз ештеңе демей, "қателесе"де берем.

 

Жігіттің-дағы төзімін құртып,

Сыр алдырмайды ару (толы мұң - іште)

Сүйіп тұрып та, сезімін іркіп.

Қыздың қашан да жолы жіңішке...

 

Құр текке сезімді "сүрлемейді" уақыт.

Бағы тайды ма, тоналды ма әні?

Солса сезімі бүрлемей жатып,

Қыздардың өзі - оған кінәлі...

 

Үзді ме екен өмірден де үміт,

Болды ма тәтті ойдан да "талақ"

Көзден таса һәм көңілден де ұмыт,

Аулақта қалып қойған махаббат!

 

ЖАЗ КЕЛДІ

Сабат көлде салқындар қаздар, енді...

Кірпігінен таңның нұр маздап өрді...

Жон арқаны күйдіріп аптабымен

Міне, өлкеге жайдары жаз да келді!

 

Абыржытты аптабы аздап елді...

Жалт қаратқан құсқанат сазға әлемді,

Көкорайлы кезеңің бауысқандай

Ашық жайдарылыққа жаз бәденді!

 

Не жетер-ау осынау нұрлы шаққа!

Менмұндалап мұнартып тұрды шатқал...

Жаздың жасыл қойнына күмп  бердік біз,

Бір құшақтан ауысып бір құшаққа!

 

Мәз-мәйрамбыз. Орын жоқ құса-мұңға.

Бой ұсындық алапат күш-ағынға!

Бұлттар жетер біз жаққа жаңбыр алып,

Балбырадық өрттей жаз құшағында!

 

ЭКСПРОМТ

Алдымда эскиздер,

Жазылып бітпеген өлеңдер.

Уа, қайда бастайды ескі іздер?

Өлеңдер менен де өр!

 

Қазіргі өзімнен көп кіші,

Иесі жас ақын кемеңгер!

Айды да келеді өпкісі,

Құшам деп күнді де, елеңдер!

 

Жарқ етті жадымда, әттең, ол,

Жылдардың парағы жабылып кеткенде.

О, қандай отты өлең!

Ал қазір ондай жыр жоқ менде!

 

О, сосын, тебірене толқиды,

Ой тұнық, мөлдір һәм шынайы.

Баяғы кезімді сол күйі 

Оралта көр маған, Құдайым!.

 

Эскиздер, айтпағы мол да екен!

Санамнан мәні өшкен жоқ әлі .

Жас ақын нені айтпақ болды екен?

Жалғай да алмадым оны әрі!

 

ШЫРМАУЫҚ ГҮЛІНІҢ ИІСІ

Мұнартты маңай... мұздай боп тиіп тәніме,

Тоңазытып та жіберді таңның салқыны...

Ауылдағы әнеуу қауындықтан құзар сәріде

Шырмауық гүлінің исі  әлемді алып аңқыды!

 

Осы бір иіс, Құдай-ау, таңның деміндей,

Бес бұрыш күлте – сүюге ұмсынған еріндей!

Жазғы шілдеде адыраспаны да ашып ақ гүлін...

Ауыл-ай, шіркін... құдды бір жұмақ төріндей!

 

Таң атса-ақ қырға саулайды көктен ерек нұр,

Жаңбырдың уыз исі-ай, шіркін, о да өткір!

Шырмауық гүлдің ернінен сүйіп, өбектеп,

Көбелек түстес періштелері желеп-жебеп жүр!

 

Ақ, қызғылт гүлдер күннің кірпігіне сүйенген...

Исін алуға оның сапарға шығам жиі елге!

Шырмауық гүлінің иісі – ол, ол...жаз иісі,

Арамшөп болса да жұпары үшін оны сүйем мен!

 

Бәрібір оған – есіңе ап сағын, сағынба,

Бет-жүзін жуып құйып бір өтер жауынға...

Шырмауық гүлі жатыр-ау, шіркін, хош аңқып,

Ауылда, әнеуу шарбақтың аяқ жағында!

 

РҰҚСАТ ЕТ!

Қыс таяу, кешеу күзің не...

Үлбіреп гүлдей үзілген,

Үрзада сұлу, рұқсат ет

Сүйейін балғын  жүзіңнен!

 

Бір көсеп қойып отырмын

Көкірегімдегі отымды...

Алқызыл ернің ұмсынып,

«Мені сүй» дейтін секілді!

 

Көңілдің де бықсып оты енді...

Құлазыта береді екен мұң.

Жаспен жас болып жарассам,

Жасарып кетер ме  екенмін!

 

Аз сәттік қана қуаныш...

Арман да болар бұл алыс.

Әйтеуір, сені көрсем-ақ

Бойымды кернер бұла күш!

 

Сезімім семген бүр атты!

Бұл – менің ойлап ұятты,

Қас-қағым сәттік көктемді

Қызықтағаным сияқты!

 

Алысып оймен алуан көп,

Жүрсің сен маған арман боп!

Бір мәрте ғана өбуге

Рұқсат ет, басқа шаруам жоқ!

 

АҒАДЫ ЖЫЛДАР…

Өтеді жылдар,  келеді күндер,

Шолпы-шашбауын өреді гүлдер!

Әлі-ақ белгілі болады адамның

Боркемігі мен берені кімдер?

 

Ағады жылдар тасбауыр, жалаң...

Қарамай бөгет,  тосқауылға да!

Ащы-тұщының бәрі – сағыныш...

Өткеніңді налып еске алу ғана!

 

Бойыңнан мұң, шер табылар тағы...

Аяздай қарып бәрі де арқаны,

Құм-сағат сусып сарқылар сәтте

Өмірдің-дағы қадірі артады!

 

Сынаптай сусып ағады жылдар,

Қанатын талмай қағады жылдар...

Мұң ойлайтұғын мен ғана емес,

Мұң жүктер уақыт адамыңа да әр!

 

Жүріп келеміз бабалар ізімен...

Қатар кеп қысың, қара күзімен.

Қартаяр қырда құлпытастар да...

Әр таяр ғалам жүзінен!

 

Ағады жылдар, ағады жылдар...

Жасындай жарқыл қағады жылдар!

 

БАЛУАН ӨЛЕҢ…

Кітабым қақ айрылды,

Енді түптелмейтін секілді.

Онысыз да тасқа маңдайы ұрылды,

Алайда өлең...тіпті өлмейтін секілді.

 

Шырқырай көкке шығандап ұшты,

Шек-шектің шырылына ұқсап.

Қақ жарып барады бұраңдап ағысты...

Уа, қыз-өлең, ғұмыры қысқа!

 

Тасталасыңдар ма күресіндерге,

Менен кейін де өмір сүресіңдер ме...

Қайран жыр, қайтсем қыбыңды табам...

Қатар тұрмай-ақ қояйын ұлы есімдермен!

 

Жай таптырмайды өлең, жанымды жейді,

Тағдырымды түгел толғайды таңда!

Бойлай аға ма қанымды, мейлі,

Ойлай алам ба ол жайлы – тәуба!

 

Тарихта қалмасым анық та шығар,

Табылмай алтын қазсам да терең.

Алып та жығар, шалып та жығар

Бір балуан өлең жазсам деп келем!

Баймаханбет АХМЕТ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan