Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жолтай Әлмашұлы: Бақидан келген келіншек...

16.02.2016 5777

Жолтай Әлмашұлы: Бақидан келген келіншек

Жолтай Әлмашұлы: Бақидан келген келіншек - adebiportal.kz

(роман-драма)

 


 

Үйде отырған бәйбіше ұршықсыз болмас,

Түзде жүрген ер жігіт кіршіксіз болмас!

Халық сөзі.

 

* * *

...Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің!

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!..

Шәкәрім Құдайбердіұлы,

Қазақ ақыны


 

Бастау

 


 

жолтай әлмаш.jpg

Бір жыл өтті.

Байжұман, міне, мұңы мен мехнатын, әуресі мен әурелеңін арқалап, көңілге кермек ой ұялатқан кезекті бір жылды да артқа тастады.

Енді ғана ес жинағандай боп, еңсе тіктеп, соңына, жүріп өткен жолдарына көз салып еді, құдай-ау, бары-жоғы бір-ақ жыл! Сонша ұзақ, сонша созылмалы, сонша сұрғылт болып көрінген бұл неткен уақыт! Ойлап қараса, кәдімгі бір жыл! Мұндай жылдардың талайы басынан аунап, талайын қарсы алып, талай рет «жаңа жыл құтты болсын» дескен күндер өте көп болмап па еді! Ал, оның қасында...

Тағы бір, бірақ салмағы атан түйеге жүк болар, өте ауыр да мимырт жылды өткеріп салғаны рас. Оған да тәуба! Тәуба!

Кеше Кенжехан досы «бірер сағатыңды бөл» деп қиыла өтініп, бұны қаладағы ең қымбат мейрамханаға алып барды.

– Сенің бұлай үнемі қабағың түсіп, қайғы құрсауында жүре бергенің жараспайды, – деді ол үстелге отырып жатып. – Тірі жанның тірлігі бар. Өлгеннің артынан өлмек жоқ.

– Енді-і... дұрыс қой, – деп Байжұман күмілжіді. – Бірақ, еш ұмыта алмаймын. Тірлікте еркек деген атым бола тұрып, оны шын бағалай алдым ба, жоқ па – осы ой маза бермейді. Біз, еркектер, неткен дарақы, оны айтасың-ау, неткен нақұрыспыз.

– Олай деме, – деді Кенжехан. – Мына фәниде еркектің өз орны, әйелдің өз орны болуы керек. Екеуіне де Алла-тағала о баста бөлек табиғат, өзгеше мінез сыйлаған. Сосын да олар бір-біріне ұқсамайды. Ал, бірақ бірінсіз-бірі тағы тұра ала ма?

– Осы сөзіңнің әсіресе жаны бар, – деп, Байжұман қинала сөйледі. – Бірінсіз-бірі өмір сүре алмасы ақиқаттың ақиқаты. Дөп тиетін шындық.

Темекесін тұтатып, сорғылап, біраз уақыт тымпиды. Кенжехан екі бокалға күрең қызыл виноны шүпілдете құйды.

– Сен үшін көтерем, – деді. – Болашақ жақсылықтар үшін...

Өз бокалын жоғары көтере түсіп, төгіп-шашып, ашырқана сімірді. Байжұман да одан қалыспай, бокалды ерніне көңілсіз апарды.

Енді Кенжехан үлкен бір салалы әңгіменің шетін шығарды.

– Әйеліңнің фәниден бақиға озғанына да жылдан асты. Жетісі, қырқы өтті. Бар ағайын-туыс, дос-жаранды жиып, соңғы салауатты шара – жылын да бердің. Ал, енді...

Мүдіріп қалды. Байжұман оған қарай бетін бұрып, мойын қисайтты.

– Енді не?

– Енді өз тағдырыңды...

– Түсінбедім.

– Қайтадан үйленгенің...

– Жоқ, ол туралы айтпай-ақ қой.

– Неге?

– Әйелімді әлі күнге бір сәтте ұмыта алмай жүргенімді байқамайсың ба? Ойымнан да, қиялымнан да кеткен кезі жоқ. Барлық уақытта – көз алдымда!

– Түсінемін. Біраз жыл отастыңдар. Ұлың бар, қызың бар. Ұмыта алмауың да заңдылық.

– Олай болса, әңгімені неге қозғайсың?

– Өмір жалғасады ғой, достым! Еркектің күш-қуаты тасып тұрған кезде қу тізесін құшақтап, жападан-жалғыз қалуы деген...

– Балаларым ше! Неге жалғызбын?

– Үлкен ұлың үйленді. Өз отбасы бар. Қызың – шетелде білім алып жатыр. Яғни оның да өмір-тағдыры орайласа бастады.

Байжұман қамыға сөйледі.

– Әйелім... – деді даусы дірілдеп. – Бижамал сол шетелдегі қызын бір көріп, маңдайынан сүйіп қайтпақшы болып асығыс ұшып кетті. Сол сапардан, әттеген-ай, оралмай қалады деп кім ойлаған?..

– Оны бәріміз де білеміз. Самолет апаты. Жазым-дағы. Алланың ісі... – деп Кенжехан да даусы дірілдеп, жұбату сөзін тізбектеді. Мейрамханаға шақырып, тәтті дәмді жеп отырып, Байжұманды өзінше көңілдендірсем деп еді, қайта одан бетер қамықтырып алғанын аңдады.

Байжұман соңғы бір жыл ішінде, расында да қатты өзгеріп, көп сөзден тиылған, тым томаға-тұйық. Әлдебір бөтен бейнеге ауысып кетті десе артық емес.

– Қой, қайтайық, – деді Байжұман.

– Мына тамақты жемейміз бе?

– Тәбетім жоқ.

– Жарайды, онда. Қайтсақ, қайтайық.

Екеуі орнынан серпілді. Алдырған тәтті дәмді ең болмаса түрткен де жоқ, сол күйі үстелде үйіліп жатыр. (Ысырап болып қалып барады)

– Ұлың Ұларбек тез есейіп кетті, – деді Кенжехан жол үстінде. – Байқайсың ба, осы күндері сенің қас-қабағыңды бағулы.

– Е, менің жағдайымды жасасын деп пәтерге қызметші келіншек тауып әкеліп жүргенін қарашы оның. Қажет емес десем де тыңдамады.

– Ондай ұлдан айналса болмай ма!

– Тіл-аузым тасқа! Аман болсыншы әйтеуір... Болашақ – соларда!

– Дегенмен... – деп Кенжехан тағы да әлгіндегі әңгімеге орала берген. – Дей тұрсақ та әлі белің бүгіліп, жалың жығылып тұрған жоқ. Бір басыңды екеу етуді ойлап қою қалай десең де, Аллаға да, адамға да әбес емес...

– Осы әңгімені доғарайық, – деп Байжұман қос жанарын кілкілдетіп, Кенжеханға жақтырмай қарады. – Бұған еш зауқым жоқ. Түсінші мені...

– Жарайды. Қойдым.

Екеуі қош айтысты.

 


 

Бірінші түн


 

 

Байжұман үйіне келген соң, киімдерін шешер-шешпесте төсекке шалқалай берді де, сүйікті жары Бижамалды көз алдына елестетіп, ұзақ-қ ойға көмілді. Сол елеске балқып, енді бір сәтте қалай ұйқыға еніп бара жатқанын байқамады.

Қою түн. Қараңғы түн. Тып-тынық түн.

Бір бөлмеде жалғыз өзі.

Төменгі қабаттағы қызметші келіншектің ыдыс-аяқ жуып, тағы бір шаруаларын тезірек бітірмек боп, тысыр-тысыр етіп жүрген дыбысы мұнда мүлде естілмейді.

Қазір Байжұманның қорылдаған қоңыр үні ғана бөлмеге ақырын жайылып кетіп жатыр.

Тынымсыз-тоқтаусыз жайылған зор дыбыстан төбедегі гүл жапырағы іспетті чех люстрасы дір-дір ете қалатындай. Дәл бас жағына ілінген жалаңаш келіншектің, жо-жоқ ұйқыдағы арудың суреті салынған тартымды картина да қозғалып-қозғалып кететіндей. Дәу қоңыр шифонер де, бір бөлігі дөп-дөңгелек үлкен айнаны құрайтын комод та, жатын кереует жанына жапсарласа орналасқан қос тартпалы екі тумба да – бәрі тап қазіргі сәтте Байжұманның қорылын тыңдап, тына қалғандай. Осы әсем көріністі орындық үстіне қолайсыз тастай салған сұрғылт халат пен екеуі екі жаққа қарай төңкеріліп түскен қос тәпішкі ғана бұзып тұрған сыңайлы.

Көп болды, Байжұман түн төсегінде азапқа түсіп, ұзақ уақыт ұйықтай алмай, дамылсыз дөңбекшитін. Ой қажытып, сілікпесі шыққандай боп, әбден шаршап-қалжыраған кезде ғана кірпігі айқасатын. Осы әдет талайдан бері түнгі азабына айналып, жанына тыным бермей келе жатқаны бар-ды.

Ал, бүгін... неге екені белгісіз, өте тез ұйықтап кетіпті. Жастыққа басы тиер-тиместе көзі ілініп, дірілді қорылға басқаны сырт көзге мен мұндалайды. Кенжехан екеуі ішкен ішкіліктің әсері ме, жоқ болмаса кеш бойы келіншегі Бижамалды сөз етіп, қайта-қайта өткен күндерді ойлағандықтан көңілі жай тапқаны ма – әйтеуір Байжұман үшін бүгін ерекше жұмсақ түн басталып жүре бергені рас.

Түннің одан бетер ерекше, тіпті аса қызғылықты болатын тағы бір себебі бар.

Міне, біз енді осы жазбаларға тікелей себепші болған тосын оқиғаға ақырын жақындадық. Жақындап келе жатырмыз.

Кенет... құлақ түбінен жып-жылы, жанға жайлы тиген ыстық леп ескендей. Ұйықтап жатса да сол ләззатты лепті сезіне алған.

«Бұл кім? Менің бөлмеме бөгде кісі кірмеуші еді ғой.»

Көзін ақырын ашты.

Төбеге қарады. Люстра.

Сосын оң жағына қарады. Тумба. Лампа.

Енді сол жағына қарады. Тумба мен лампаны көлегейлеген бейне. Кісі бейнесі.

– Сен... сен кімсің? – деп шошына тіл қатты Байжұман.

Әйел затының нәп-нәзік үні жетті құлағына. (Бұдан әрі қарай екеуара диалогтар басталады)

– Бұл мен ғой!

– Кімсің деймін?

– Бижамалмын.

– Бижамал?! Жо-жоқ, ол бақилық. Бір жылдан асты...

– Қайтадан оралдым, – деп жылы жымиды Бижамал. – Әрірек жатшы, мен де жатайын. Ұйқыңды бағаналы бері күзетіп, мүлде шаршадым.

– Сен...сен расымен-ақ Бижамалсың ба? Рас айтасың ба?

– Әрине, рас! Бұл – менмін.

Бижамал төсекке бір бүйірледі. Байжұман аң-таң. Не сенерін, не сенбесін білмейді.

– Сен елессің! – деді сәлден соң. – Өзіңді ойлап, күн-түн іздеп, сағынған соң... Елес болып келіп... мазалағаның болар бұл!

– Неге елес боламын? Міне, бұл менмін. Қолыңмен ұстап көр. Денем, мүсінім... ұмытпаған шығарсың, ә.

– Әрине! – деді Байжұман. – Сенің мүсін-бейнеңді ұмытам ба? Ұмыту мүмкін бе!

Ақырын қолын созды. Қолы Бижамалға тиді. Денесі ып-ыстық.

– Оралыпсың ғой! Оралған екенсің ғой қайтадан! – деп Байжұман еріксіз кемсеңдеп жіберді. – Сағынғанымды білсең ғой әуелі.

– Білем, – деді Бижамал. – Бір жыл бойы мені ғана ойладың. Қиялыңнан шығарған емессің.

– Оны қайдан білдің?

– Өлгендер өлмейді.

– Ендеше, неге барлық өлгендер қайта оралмайды?

– Оралғысы келмейді.

– Неге?

– Өйткені, тірілер оларды өте тез ұмытады. Жылдам естен шығарады. Ал, сен ұмыта алмадың. Сағындың. Сарғайдың. Сосын қатты аядым.

– Оралғаның да содан ба?

– Әрине, содан.

Байжұман Бижамалды қысып-құшып тұрды да, кенет:

– Жоқ, бәрі өтірік! – деп қолын тартып ала қойды. – Өлгендер ешқашан тірілмейді. Сен Бижамал емессің. Басқасың.

– Сонда кіммін?

– Білмеймін кім екеніңді! Әйтеуір менің Бижамалым емессің.

– Әлі сенбей тұрсың ба?

– Қалай сенем! Сені бір жыл жоқтадым. Тек қиялымдағы елес болдың. Ал, бүгін...

– Сені аяғандықтан келдім демедім бе! Келгенім ұнамаса, қайтадан кері қайтайын.

Бижамал орнынан тұрды да, кетуге ыңғайланды. Байжұман:

– Тоқташы, – деді. – Шын Бижамал екеніңе көз жеткізіп алайын да.

– Ал, онда көз жеткіз.

– Сұрағым бар.

– Айт.

– Біз қай жылы үйлендік?

Байжұманның сұрағына Бижамал дәл жауап берді. Тіпті қай мейрамханада тойлары болғанын да, тойдан соң екі жігіттің төбелесіп, бірінің қолы сынып, ауруханаға түскенін де айтты.

– Біреуден естіген шығарсың?

– Онда тағы да сұра.

– Осыдан бес жыл бұрын екеуміз қай елге барып демалдық?

– Ессентукиге.

– Неге күнге?

– Он бес күнге барып, жеті күннен кейін сен аяқ астынан қатты ауырдың да, елге ерте қайтып кеттік.

– Менің ең сүйіп жейтін асым?

– Палау!

– Ең жақын досым?

– Кенжехан.

Енді Байжұман сұрағын тоқтатып, Бижамалға ұзақ қарап, ой үстінде отырды.

«Расымен осы келіншек менің Бижамалым ба? Ол өлмеген екен, ана дүниеде өмір бар деуші еді. Демек...»

Түн ауып бара жатыр.

Байжұманның бәрібір ұйқысы келетін емес. Тіпті шып-ширақ.

– Бижамал, – деді енді даусын бәсеңдете сөйлеп. – Мені сағындың ба?

– Оқта-текте ойлап қоямын. Ал, сағыну деген... біздің дүниеге жат.

– Неге? Неге олай?

– Өйткені, ондағы өмір мүлде басқаша. Әркімнің тиесілі шаруасы бар. Тек соны білуің керек.

– Сонда-а... менің сағынғанымды, сарғая іздегенімді қайдан білдің?

– Бізге фәнидегі пенделердің әрбір қадамы, әрбір әрекеті мүлде жұмбақ емес. Бәрін көз алдымызға әп-сәтте, керек еткен сәтте жылдам әкеле аламыз. Тек...

– Ол не?

– Фәнидегілер бізді тез ұмытып, тез естен шығаратыны жанымызға батады. Тіпті бақилықтар туралы егіле-езіле айту қажет емес деушілер де бар.

– Рас, оған келісемін, – деді Байжұман. – Солай айтатындарды менің де құлағым шалды. «Әруақты мазаламаңдар, тек Алланы ойлаңдар» дейтіндер арамызда баршылық. Дұрыс па, бұрыс па – өзім де түсінбеймін.

– Әруақты емес, кеше ғана қасыңда болған қимас жанды ойламайсыңдар ма? Ешкім жамандығынан бақиға озған жоқ.

– Сен неге келдің?

– Сағынышыңды басайын деп...

– Осында қаласың ба?

– Жоқ, таң ата қайта кетемін.

– Қалшы қасымда! Бірге болайықшы.

– Ол мүмкін емес.

– Неге?

– Өйткені, жер үстіне жарық кіргенде бақилықтар ғайып болады.

– Құшақтап жатсам ше?

– Жарық түсе бере мен міндетті түрде өзге дүниеге ауысамын.

– Келгеніңе рахмет!

– Саған да рахмет! Бір жыл бойы тек қана мені қиялыңа қонақтаттың. Санаңнан еш өшірмедің. Аңсадың. Сарғайдың. Күттің. Түсіңде сырластың. Оның бәрін де білемін.

– Бәрін бе?

– Бәрін де. Маған барынша адал болғаныңа дейін...

– Оны да білесің бе?

– Білемін.

– Олай болса кешегі Кенжеханның маған айтқан әңгімесін естіген шығарсың?

– Естідім, – деді Бижамал. – Естідім оны да.

– Не істеймін енді?

– Үйленуің керек.

– Кімге?!

– Өзің ойлап шеш. Көңіліңе ұнаған, жаныңа жақын жанды ізде.

– Жоқ! – деді Байжұман. – Сені ешкімге айырбастай алмаймын. Ешкім маған дәл сендей бола алмайды. Болуы мүмкін емес.

– Бақиға озғанша фәни заңына көнесің.

– Көнбесем ше?

– Онда түбі өкінесің.

– Қалай?

– Бүгінгі тірілігіңді ғана емес, алдыңда нендей тағдыр күтіп тұрғанын да алдын-ала айта алам. Бірақ, айтуға тиіс емеспін. Олай етсем – фәни заңын бұзып жіберемін.

– Қалайша?

– Фәнидегілер алдында не күтіп тұрғанын мүлдем білмегені абзал. Білді дегенше, өмірдің мән-мағынасы да өзгеріп сала береді.

– Сонда да білгім келеді.

– Айтуға хақым жоқ. Бақи дүниеде серт бергенбіз.

– Сен маған оралдың ғой. Осының өзі сертті бұзу емес пе!

– Рас! Берген серттің алғашқы шартын бұзып тұрмын. Шын сағынғаныңа бола... Неге мені сарыла-сарғая аңсадың екен! Осынша сағынғаның қалай?

– Сағынғаным үшін де кінәлімін бе?

– Жо-жоқ! Кінәлі емессің! Тіптен де кінәң жоқ. Саған... мәңгі ризамын. Тек болашағыңды айтайын десем... болмайды ғой.

– Айт! Енді білмесем, ішқұса боп өлетін шығармын.

– Алдымен келісіп алайық. Фәнилік еш пендеге тіс жармауың керек. Құпия ұстай аласың ба? Тек арамызда қалатынына уәде етесің бе?

– Уәде беремін.

Бижамал мүдіріп қалады. Байжұман тезірек естуге асығулы. Ынтығулы.

Сөз қайта жалғанады.

– Бір күні... қызметші келіншекпен көңіл жарастырасың. Оның аяғы ауыр болып қалады.

– Айт, айта түс!

– Ол саған «мені өзіңе әйел етіп аласың» деп қиғылық салады. Сен «алмаймын» дейсің. «Кеңсеңе барамын, бәрін айтамын, құпияңды жұртқа жаямын» деп қорқытады. Амалын қалмаған соң...

Байжұман басын бұлғаңдата:

– Бұл қиянат, – деп бақырды. – Ендігі тағдырым тап солай қиюласады дегенге еш сенбеймін. Қызметші қатын кім! Кім екен ол сонша!.. Оны үйден қуып жіберемін.

– Қуа алмайсың.

– Жоқ, қуамын.

– Өйткені, басқа әйел сенің мінезіңе шыдас бермейді.

– Оны кім айтты?

– Алдын-ала біліп отырмын.

– Ал, жарайды. Осы әйел-ақ үйде жүре берсін. Бірақ, неге онымен бір төсекке жата кетем? Ол кім, мен кім?

– Бір күні ішкілік ішіп келесің де, нәпсіге ерік бересің. Бар болғаны сол...

– Енді не істеуім керек?

– Үйленуге талап жаса. Әуелі өзіңе ылайық жар ізде.

– Мен біреуге үйленсем, өзіңді ұмыта бастаймын. Сен қайтып келмей қоятын шығарсың.

– Үйленген күннен бастап мен мәңгілікке жоғалам.

– Ал, оған дейін...

– Кел десең келем.

– Тіпті үйленбей қойсам ше?

– Онда келе берем. Тек... ана қызметші әйел...

– Оны ма! Оны бөлек үйге шығарам. Өзім көрмейтін жерге... Тамақ әзірлеп, киімді тазалап қойып, сосын шығып кетіп отырады.

– Бірақ еркектік нәпсі... еркіңнен асып түседі. Бәрібір іздейсің.

– Жоқ, ешқашан нәпсінің құлы болмаймын. Бір жыл бойы өзімді-өзім ұстадым емес пе?

– Оның басқа себебі бар. Менің бақи дүниеге аттанған бір жылдығымды өткізгенше ештеңеге алаңдамауға іштей серт бергенсің. Осыны орындауға тырыстың.

– Бұдан кейін де өзімді ұстап жүре алам.

– Сене алмаймын.

– Неге сенгің келмейді?

– Өйткені... –деп, Бижамал күмілжіді. – Өйткені, сен... мына мен фәниде жүрген кезде-ақ... көзімді ала бере-ақ...

– Жоқ! Жоқ! Ол өтірік!.. Өтірік!..

– Міне, таң да атуға таяпты, – деді Бижамал. – Кетемін.

– Қайда? – деп алқынды Байжұман. – Қайда кетпексің? Үйің осы.

– Бұрын осында едім, ал қазір... басқа жердемін. Бақида жайым бар.

Бижамал осыны айтты да, теріс бұрылды.

– Сені ешқайда жібермеймін, – деп Байжұман оны қапсыра құшақтады. –Осылай құшақтап жата берем.

– Сен ұйқыға кеткенде мен ғайып боламын...

– Мен ұйықтамаймын.

Жыл бойы сағына іздеген. Бижамалды қыса құшақтап, ұзақ жатты. Ұйықтамасына сенді. Өзінің ойы. Шынымен ұзақ-қ құшақтап, шексіз құшақтап жатқан сияқты болған.

Көзі бір сәтте ілініп кеткенін аңдамады...

Селк етіп, көзін ашып алса, жатын бөлмеде жападан-жалғыз. Қос тізесін құшақтап, бүк түсіп жатқан соқа басы.

Сол жағына жалт бұрылып қарады. Қоңыр тумба мен лампа. Елес-бейне мүлде жоқ. Бижамал мұнда тіпті де болмағандай. Бәрі де түсі секілді...

«Е, бәсе! Бижамал бір жыл бұрын самолет апатынан опат болған жоқ па! Бәрі де түсім екен ғой» деп ойлады.

Орнынан тұрып, беті-қолын жуып, таңғы асқа үстелге отырды. Қызметші әйел зыр жүгіріп, шәй алып келді.

– Бүгін тым кеш тұрдыңыз ғой, – деп, нәзік үнмен сұрап та қояды. – Қатты ұйықтадыңыз ба?

Байжұман оған ұрлана көз тастады.

«Түсімде көргенім расқа айналса ше! Ішкілік ішіп келген күні... жо-жоқ, ол мүлде мүмкін емес... Қиялыма қайдағылар кіре беретін болғаны ма!..»

Тез-тез киінді де, жұмысқа шықты. Тыста жеңіл көлік күтіп тұрған.

Жол үстінде келе жатып, қайта-қайта есіней берді.

«Ау, осы расымен-ақ түні бойы ұйықтамағанмын ба! Бижамалдың келіп-кеткені рас па? Ол рас болса, бүгін түнде тағы да...»

Жеңіл жымиды.Кеудесін кере дем алды.

 


 

* * *


 

Жұмыста, өз кабинетінде отыр еді, досы Кенжехан кіріп келді. Өте көңілді, дабырлай сөйлеп, Байжұманды құшақтай алды да:

– Жолың болады екен, – деді. – Адал жар болатын адам табылды.

Байжұман селк етіп:

– Мына сөзіңе түсінсем бұйырмасын! – деп қабағын түйіп, сырт айналды. – Асығыс үйлене қаламын деп уәде беріп пе едім? Айтып па ем сондайды...

– Е, кешегі сөз ше! Өзің емес пе үндемеген. Оны келісім белгісі деп қабылдадым, – деп, Кенжехан сөзге қонақ берместен тағы да даудырлап ала жөнелді. – Қысқасы былай. Өзі министрлікте істейді. Жасы отыздан асқан қыз. Отырыңқырап қалған демесең, сыпайының сыпайысы. Сыртыңнан біледі екен.

– Тоқта! Тоқта! – деп Байжұман орнынан тұрды. – Тап бүгін-ертең үйленем деген жоқпын, ендеше қыз туралы әңгімені осымен тоқтатайық.

– Ал, сонда...– деп Кенжехан күмілжіді. – Сонда сен...

– Үйлену мәселесін қоя тұралық. Онан да маған кешегі тапсырған жұмыс жайын айт. Шешілетін түрі бар ма?

– Ә, анау ма! – деп Кенжехан желкесін қасыды. – Сөйлесіп жатырмын. Бүгін кешке дейін, ары кетсе ертең түске дейін шешімін айтады.

– Онда жақсы. Қалғанын кейін сөйлесерміз.

– Дегенмен... әлгі менің ұсынысым...

– Кейін! Кейін деймін.

Әңгіме осымен тамам болды.

 


 

Екінші түн


 

 

Үйіне дәл бүгінгідей сабырдан айрыла, дегбірі кетіп, далақтап асықпағалы көп уақыт болған шығар. Баяғыда-а, Бижамалмен үйленген жылдары жұмыстан қолы босай бере, қара шаңыраққа қарай зытатын. Кейінгі кездері бәрі де салқындай бастаған. Достары жұмыс аяғында аз-кем бас қосып, еркектерше әңгіме-дүкен құрайық десе, жол-жөнекей бұрыла салу жаттанды әдет.

Бүгін бәрі де басқаша.

Әсіресе, Кенжеханның көзіне түспеуге тырысты. Тезірек үйіне жетіп алмақшы. Автомобиль жүргізуші жігітті асықтырып:

– Жылдамдатсаңшы! – деді. – Өте баяу жүргізеді екенсің ғой тіпті...

Шофер аң-таң. Соңғы жылдары Байжұман керісінше «жәй жүр, асықпа» деп үнемі ескертіп, нығырлап қоятын. «Осы жын қуғандай жүйткітіп айдайтындарды түсінбеймін» деп көп айтатын. Бүгін оның бірі де жоқ. Өзгеше мінезге ауысыпты.

Көзінің қиығымен айнадан бастығына ұрлана қарап қояды. Мінезінде шынымен өзгеріс бар. Ішінен ыңылдап әндетіп келе жатқан сыңайлы.

– Аға, Англиядағы қарындасыммен хабарласып па едіңіз?

Байқаусыз сұрақ қойып жіберді. Байжұман сол сәтте селк етіп:

– Ой, не! Оны неге сұрадың! – деген.

– Жәй... Көңілдісіз.

– Көңілді болу үшін міндетті түрде қызыммен сөйлесуім керек пе! Айтасың-ау! Бол! Жылдамдат! Үйге тезірек жетейін...

Шофер өзінің сәтсіз сауал бергеніне қысылып, газды қаттырақ басты...

Сырт киімдерін тез-тез шешіп, шәйға отырды. Қызметші әйел-Айсара:

– Кешкі асқа екі түрлі тамақ әзірледім, – деді. – Біріншісі – манты, екіншісі...

– Сол мантыдан үшеуін...

– Екіншісі...екінші тағамнан...

– Ол қажет емес. Өте шаршаулымын. Ұйықтағым келіп тұр.

– Айтқаныңыз болсын!

Тәрелкеге салынған үш түйір мантыны, тәп-тәтті болса да тауысып жеген жоқ. Үрлеп отырып, бір кесе шәй ішті. Бір алма жеді. Сонымен бітті.

Жоғарыға, өзінің жатын бөлмесіне жылдам-жылдам басып, жеңіл көтеріліп кетті.

Күн жаңа ғана батқанын біле тұрса да, көп ойланып тұрмастан, шешініп жатып қалды.

Ерте жатқан кісі ұйықтай ала ма! Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді. Жөтелді. Ыңырсыды.

Кенет... біреу есік қақты.

– Бұл кім?

– Айсарамын.

– Не керек?

– Балаңыз уайымдап жатыр. «Неге ерте жатып қалды?» дейді. Жағдайын сұра деген соң...

– Телефон соқпады ма?

– Телефоныңыз төмендегі залда қалып қойыпты.

– Ә, солай ма! Ендеше, айта сал. Бәрі жақсы. Қазір ұйықтаймын.

– Қайырлы түн болсын!

– Айтқаның келсін.

Айсара тысыр-тысыр басып, төменгі қабатқа түсіп бара жатты. Аяқ дыбысы Байжұманға анық естіліп тұрды.

«Әй, осы Айсара... қызметші келіншек жатын бөлмемді жағалап, мені шынымен-ақ айналдырып алғысы келіп жүр ме? Балам жағдайымды сұрады дегенсіп... Соны сылтауратып... Қой, не ойлап кеттім. Небәрі қызметші қатын емес пе! Әр нәрсенің өз жөні, өз реті бар дегендей...»

Төбеге көз салды. Әсем, әдемі, гүлді люстра! Бижамал екеуі Чехословакияға демалуға барғанда сатып алған. Сол жолы ерекше еркелей сөйлеп:

– Осыны алып, жатын бөлмеге іліп қояйықшы, – деп, әйелінің қатты қиылғаны есінде.

– Арқалап жүреміз бе? Елде де бар шығар.

– Люстра қатты ұнап тұр. Жатын бөлмеміз, көр де тұр, жарқ етіп, жанып шыға келеді.

– Жарайды, дегенің болсын.

Ақшасы қымбаттау болса да, саудалап алып, өзі зіп-зілдей, жол бойы арқалап, үйге әзер жеткізген. Ой, сондағы Бижамалдың қуанышты жүзін көрсең! Дереу қызметшілерді шақырып, қашан іліп болғанша дамыл көрмеген. Ілінген соң, бөлмеден шықпай, Байжұманды қайта-қайта шақырып: «Қарашы, қандай жараса кетті, енді екеуміз осы люстраға қарап жатып, тәтті ұйқыға кететін боламыз» деп, лапылдап сөйлеп еді-ау!

О, заман десе!

Одан бері де талай уақыт сырғып өтіп кетіпті.

Ой теңізіне малтып жатып, тәтті ұйқыға қалай кіріп кеткенін байқамады.

Кенет... жып-жылы дем сол жақ құлағын кәдімгідей ысытып бара жатты. Көзін ашып алды.

Дәл жанында – Бижамал. (Әрі қарай – диалогтар)

– Бұл сен бе! Келдің бе тағы да! – деп, абдырап сөйлеп, орнынан ұшып тұрды.

– Иә, келдім.

– Неге өте кеш келдің? Төсекке күндегізбей емес, өте ерте жатып қалдым. Сені тезірек көрейін деп...

– Кеш түн емес. Түн ішінде ғана келе аламын.

– Мейлі. Кеш те болса, келгенің қандай жақсы! Бүгінгі күн мүлде өтпей қойды. Өте ұзақ болып кетті маған..

– Оны білемін. Жас күніңдегідей, жігіт кезіңдегідей үйге асығып жеттің.

– Қазір қартайып қалдым ба? Қырық бестен ассам да, әлі сергекпін.

– Көңілің ғой. Қырық бес пен жиырма бесті салыстыруға бола ма?

– Кенжеханның әңгімесін де естідің бе?

– Естідім.

– Қарсы болдым. Сөзіне қонақ бермедім.

– Жоқ, келісуің керек еді.

– Жарайды, оны қойшы. Басқа нәрсені тілге тиек етелік.

– Не жайында?

– Кенжехан туралы. Шын досым деп ойлаушы едім, ал ол болса... өткен жолы бір отырыста мен туралы ғайбат әңгіме айтып, болмаған нәрсені...

– Білем. Арғы жағын айтпай-ақ қой. Достық та өте таза, шыныдай шыңылтыр болуы тиіс. Ондай достар өте аз, тіпті жоқ десе де артық емес.

– Неге? Неге солаймыз біз?

– Бақи жаққа барған соң фәни жұмбағы маған бар құпиясын айқара ашты. Адамдар ақиқаттан гөрі өтірікке құмар. Өйткені, ақиқатты кез-келген адам көтеріп жүре алмайды. Оның жолы өте ауыр. Қиын. Тастақты. Өтірік болса, лыпып тұрады. Айтуға да, айнуға да, тіпті қайтып алуға да ыңғайлы.

– Адамзат қоғамы өтірікке біржола бейімделіп кеткен бе?

– Қоғам емес. Адамдар. Ақиқатты әспеттеп, алақанға салып аяламайынша, өтірік өрге баса бермекші.

– Кенжехан неге өйтеді? Оған барлық уақытта адал болдым.

– Көңіліне тиген кездерің жоқ дей алмассың!

– Қашан? Қай кезде?

– Наградаға қосарланып ұсынылғанда, үлкен кісіге кіріп, атақты өзің алдың!

– Бастықтың өзі шешті. Шақырып алып айтты.

– Кенжехан да марапатқа ылайықты қызметкер деп өз аузыңнан айтпағаның рас қой!

– Оны қалай айтам! Бастық шешіп отырған соң...

– Жарайды, оны қоялық. Пәтер бөлінетін кезде қайталап таласқа түстіңдер. Онда да, сенде де екі бала. Сөйте тұра үш бөлмелі пәтерді сен алып кеттің.

– Арнаулы комиссияның шешімі болды.

– Сол комиссия екеуіңді шақырып алып, «біреуің ғана аласыңдар» дегенде, сен тағы су жұтып алғандай мыңқ етпедің.

– Не істеуім керек еді?

– Кенжеханға беріңдер дегенде...

– Қалай айтамын. Сендерді ойладым ғой.

– Бізді емес, өзіңді ойладың. Үш бөлмелі пәтерді ол алып кетсе, басқалар «беделі жоқ қызметкер екен ғой өзі» деп күлкі етеді деген жалған намыс жетегіне ердің.

– Жалған намыс деген не сонда?

– Ол – адамдар арасына іріткі салатын, дау-дамайға жетелейтін, сөйтіп біткелі тұрған істі барынша қиындатып жіберетін әулекі.

– Намысты болу да ер азаматтың көркі емес пе?

– Намысқа шабудың да өз орны бар. Жігіт барлық уақытта тек жеке бастың намысын ойлай берсе, өзімшілдікке ұрынады. Өзімшілдік – фәнидегі ең үлкен кесел...

– Кенжеханның маған бір кісідей өкпесі бар екен ғой онда. Өзі ешуақытта ондайын сездірмепті.

– Ол, әрине, мәдениеті бар жігіт. Алайда, көңілінің терең түкпірінде өзіңе деген реніші талай уақыттан бері қасатталып, тығылып жатқаны рас.

– Біреулер өз өкпе-назын айқайлап, дауыс шығарып, елге дабыра етіп айтуға әуес.

– Ондайлар бетпақ. Шаруаны айқаймен, у-шумен, қорқытып-үркітумен шешемін деп ойлайды.

– Сонда қайсысы дұрыс?

– Тектілік көрсетуден артық асыл іс жоқ. Адалдың ақысын ешкім де жей алмайды. Кеш болса да, түбі жеңіс-адал адамдар жағында.

– Барлық уақытта ма? Күдігім көп. Мысалы, менің бастығымды өзің білесің. Әлдеқайда кеш келді бұл мекемеге! Бірақ, тез-тез өсті. Биік мансапқа көтерілуі – кісі таңқаларлық.

– Сен де пенделік қызғанышқа есік аштың. Рас, бастығың тез көтерілді. Өзінің бар қабілеті мен мүмкіндігін осы жолға арнады. Өзін-өзі көрсетті.

– Мен де...

– Сен екі шаруаның басын ұстадың. Лауазымды да сатылай бергің келді, ғылымды да қоса сүйредің.

– Оның несі айып?

– Айып түгі де жоқ. Тек қабілет-қарымың екіге жарылды. Өз кезінде көп мүмкіндіктен құр қалып қоюға сол да жетіп жатыр.

– Өз ойымша ештеңеге кешіккем жоқ.

– Ел сыртыңнан буда-буда өсек таратқанын білесің бе? Олар айтты: «Осы жігіт бәріне де үлгеріп, бәрін де өзі иемденгісі келеді, тым ашкөз, тым тойымсыз екен». Жеңіл пікір елге тез жайылып кетті.

– Бір саланы меңгеру – әр адамның ісі. Ал, көп саланы меңгеру – парасаттың ісі!

– Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді деген тағы бар. Менің сөзім бе осы?

Байжұман аз-кем мүдіріп, ойланды. Өткен өмірі бір сәт көз алдына келе қалды.

Оқу бітірді. Қызметке араласты. Институтта жазған диплом жұмысын ұстазы жатып кеп мақтап еді, сол қамшы болды ма, енді кандидаттық диссертацияны қорғап тастамаққа ұмтылды. Ғылым дегенің азабы мен мехнаты көп жұмыс екен. Бір бастап алған соң, жарты жолда қалай тоқтай алсын! Аяғына дейін жетейін деді. Әрлі-берлі шапқылап жүргенінде, расында да қызмет жағы ақсаңқырады. Бірге оқыған досы Кенжеханның лауазымы бұдан жоғарылап, биіктеп бара жатты.

Диссертацияны қорғай сала, өз үйіріне қайта оралып, жұмысқа бар ынта-зейінін төкті. Басшыларды жағалап, дипломын көрсетіп:

– Енді болды, ешқайда алаңдамаймын, – деп қайта-қайта елпеңдеді.

Бастықтың бірінші орынбасары мұны көптен бері іштей ұнатушы еді, оңашалап:

– Сені басқарма бастығы еткім келеді, – деді. – Қарсы емессің бе?

– Жоқ.

– Олай болса, бірінші басшыға ұсыныс жасаймын. Тек бұл туралы ешкімге, тіпті ана Кенжеханға да ләм деме.

– Жарайды.

Арада бір апта өткенде басқарма бастығы болып шыға келді. Сөйтсе бұл орынға Кенжехан да ұсынылыпты. Досы келіп құттықтап отырып, өз аузымен айтты.

– Менің де үмітім бар еді, – деді. – Оқа емес, өзге емес, сен отырдың.

– О, оны білмедім ғой, – деді Байжұман. – Әйтпесе мен...

– Жә, қысылма. Басшылар шешті емес пе!

...Таң атып келе жатыр еді.

Бижамал кетуге ыңғайланды.

– Достықты ұзақ сақтап жүру үшін екі жақ та барынша адал, таза, шыншыл болуы шарт, – деді. – Фәниде ондайлар тым аз. Бірі адал болса, екіншісі – солқылдақ. Сын сәтте оп-оңай сыр беріп қояды...

Осыны айтты да:

– Мен кетейін, – деді.

– Бүгін жібермеймін. Таңды осы жолы ұйқысыз атырамын. Ең болмаса, сенің қалай ғайып болғаныңды көргім келеді.

– Оны көрерміз.

Ол Бижамалға үн-түнсіз көз жанарын сата, ұзақ-қ қарап отырды. Кірпік қақпауға тырысқан. Көзі еріксіз жұмылып бара жатқанын аңғармады...

 


 

* * *


 

Түскі асты Кенжехан екеуі оңаша ішті. Досы баяғы әдетінше саудырлап сөйлеп, көңілін аулап, әр саладан әңгіме қозғап отырды. Байжұман қазір өзін тым ыңғайсыз сезініп, Кенжеханға кінәлі көзбен қарағыштап қояды. Осыны аңғарған Кенжехан:

– Бүгін біртүрлісің ғой, – деп сұрады. – Ұйқың дұрыс болды ма?

– Жаман емес.

– Жайсыз түс көрдің бе?

– Жоқ!

– Ендеше, түріңе не жорық? Әлденеге алаңсың. Көңілің өз орнында болмай тұр. Әлде... ықыласың ауған бір қыз таптың ба?

– Қыз! Қыз! Содан басқаны ойлауды қойғансың ба! Айтпадым ба, үйленбеймін деп...

– Негізі – бұл өзің шешетін шаруа. Менікі достық ниет. Қабыл көресің бе, жоқ па – оны да патша көңіліңнен сұра. Бірақ...

– Сенің жанашыр жүрегіңе бек сенемін. Мені мазалаған басқа ой.

– Ол не?

– Шыныңды айтшы, Кенжехан! Сен маған өкпелісің бе?

– О не дегенің! Не үшін өкпелеуім керек? Екеуміз ұзақ жылдан бері ажырамас доспыз. Бұны бүкіл тамыр-таныстарымыз жақсы біледі.

– Доспыз-ау... – деп, Байжұман қабағын түйді. – Дос екеніміз әмбеге аян-ау...

– Саған бүгін бірнеңе болған! Құдай біледі, өте жайсыз түс көріп оянғансың! Еһ, айтпадым ба, жалғыздық тек бір Аллаға ғана жарасқан. Еркектің бір басы екеу болмайынша...

– Сол әңгіме! Тағы да қыз жайлы...

– Ендеше, сырыңды ашсаңшы. Сенің мынадай алаң көңіліңе не себеп?

– Түк те себеп жоқ. Жәй ғана көңілсіздік, – деді де, Байжұман:

– Арақ ішсек қайтеді, – деп, кенет жадырап сала берді.

– Ой, әлі түс, түстен кейін жұмыс бар. Оны қайтеміз?

– Ештеңе етпес. Бүгін өзімізге өзіміз демалыс жариялап жіберейік.

– Жарайды. Дегенің болсын. Тек...

– Тағы не?

– Бұл жерде ішпейік. Мына жерден бой тасалап, алысырақ кетейік.

– Оның да жөн.

Қаланың бір қалтарысындағы оңаша мейрамханаға барып, жеке кабинаға тапсырыс жасады да, ішкілік алып, ұзақ-қ отырды. Сәлден соң ішкіліктің буы бойға тарап, екеуі де масаң бола бастады. Байжұман Кенжеханға:

– Тағы да сұрағым келеді, сен маған ренжулісің бе? – деді. Кенжехан:

– Туһ, қадалған жерден қан алады екенсің, – деп, көңілсіздеу тіл қатқан. – Ал, ренжідім делік. Сондай жағдай болған екен делік. Енді оның не мәні бар? Талай заман өтіп кетті. Баяғыда-а....

– Сонда неге ренжіп едің?

– Есімде жоқ.

– Ә, мен білемін.

– Олай болса, айтшы өзің-ақ!

– Екеуміз бір пәтерге таласқан кез есіңде ме? Үш бөлмелі пәтерді алдымен алып кеткенімде сыртыңнан білдірмесең де, ішіңнен мені жек көрдің.

– Бәлкім болған шығар сондай сезім! Ол өткінші реніш.

– Ол ғана емес.

– Тағы не?

– Мен медаль алған жыл! Сен алған жоқсың.

– Ол кезде алмасам, кейінірек алдым. Ештен кеш жақсы.

– Не нәрсе де өз уақытында болғаны қандай ғанибет! Сенің өкпелеп-ренжуің орынды.

– Тағы да айтамын – мен ренжіген емеспін.

– Жоқ, ренжідің.

– Ренжіген жоқпын.

– Осылай мойындамай, қасарыса сөйлеуің – баяғыдан қордаланып қалып қойған ренішті байқатады.

– Ту-у,сені ме!, – деп Кенжехан орнынан тұрып кетті. – Кісіні есалаң етерсің мына түріңмен...

Сонда да бұл әңгімені тізгіндеп, тез доғарған жоқ. Тағы да тізбектеп, жалғай берді. Қайта-қайта айналып соға берген соң, Кенжехан:

– Ренжісем, бір ғана кез есімде, – деді.

– Айтшы соны?

– Сен басқарма бастығы болатын күн. Бір кісіге кіріп, шаруаны ыңғайлап отырғанымда алдымды орап кеттің. Лауазымды қанжығалап айтпаймын, маған білдірмей әрекет еткеніңді кешіре алмадым.

– Енді жөнге келдің. Неменеге өкпем жоқ дей бересің? Білем, білемін мен...

– Онда сен де шыныңды айтшы! Неге осы мәселені бүгін көп қаузап отырсың? Әлде ортаға от салғысы келген біреулер...

– Жоқ, ешкім де емес. Періштелер құлағыма сыбырлады.

– Олай болса, осымен бұл әңгімені жауып тасталық. Көп ішіп қойған сияқтымыз.

– Біз мас болдық па, а?

– Аздап масаңдаумыз. Ендігісі артық.

– Жарайды, соңғы рет...

– Соңғы рет алайық та, үйге қайтайық. Келістік пе?

– Ләббай!

 


 

* * *


 

Үйге келген соң, сырт киімдерін шешіп, ваннаға кірді. Түріне қараса – төбелестен шыққан еркектей. Екі көзі қып-қызыл. Қанталаған жанар.

«Антұрған арақ!» деді өзіне-өзі. «Кімге опа беріп едің? Талай-талай достарым сенімен «достасам» деп баяғыда-ақ ана дүниеге...»

Өз ойынан өзі шошып кетті.

«Не деп кеттім?! Ана дүние, бәлкім, мына дүниеден он есе, тіпті жүз есе артық болса ше! Ондағылар бәрін біледі, бәрін сезеді, бәрін көреді. Сосын да ол жақта қиянат, өсек, өтірік, айла, қулық... бола бермес...»

Бетін жуып болды да, бір стакан сәбіз шырынын ішпек боп, ас үйге түсті.

Қарсы алдынан Айсара ұшырасты.

– Ас әзірлеп қойып едім, – деді ізетпен сыпайы сызыла сөйлеп. – Ішесіз бе?

– Тамақтанып келдім. Сок ішемін де, жатамын.

– Еркіңіз білсін.

Алдына сәбіз шырынын әкеліп қойды. Байжұман шырынды асықпай, ұзақ-қ ішті. Дәмін алып, тамсанып ішті.

Ақырын көтеріліп, асықпай басып, жатын бөлмесіне беттеген. Аяғы өзінен-өзі шалына берді. Үш-төрт аттады, бесінші қадам жасай бергенде оң жағына қарай ауып, құлап бара жатқандай екен, біреу демеді.

«Бұл кім? Бижамалым ба! Келген екен ғой, айналайын! Жетіпті-ау...»

Басын көтеріп, көзін ашып қарады, Бижамал дегені қызметші келіншек – Айсара.

– Құлап бара жаттыңыз, – деді ол қипақтап. – Қолтығыңыздан демедім.

– Рахмет! Енді өзім-ақ...

Жоғарыға көтерілді. Төсегіне жетті. Сұлап түсті де, тезірек ұйықтауға тырысты. Өйткені, ұйқыға бас қойса ғана өзінің Бижамалы оралады. Бұны ып-ыстық демімен оятады. Еркелете әңгіме айтады.

Барлық жіберген кемшіліктерін есіне түсіреді.

Тіпті болашағын да болжап беретін – сол Бижамал!

Көзі жұмулы. Ұйқы шақырады. Ұйқы келер емес. Дөңбекшиді. Әрі аунайды, бері аунайды.

Көз алдына әлгінде ғана өзін қолтығынан демеп, тұрғызып жіберген Айсараның дөңгелек, жәудір көздері келе қалады.

«Мені қысып, кеудесіне баса құшақтады-ау! Ыстық демі бетіме тиді-ау! Көзіне көзім түскенде екі беті алаулап кеткені қалай? Бар себебі – құлап қала жаздағаным ба, жоқ әлде... мүмкін емес! Ол – бар болғаны қызметші қатын ғана...»

Тағы да аунап түсті. Түн түскелі қаш-шан! Екі көзі жұмылар емес.

«Айтпақшы, бұл қызметші келіншекті үйге кім әкеліп кіргізіп еді, а? Ә, балам ғой. Баламның тапқаны.... «Әке, сізге осы кісіден ыңғайлы әйел заты бола қоймас. Өзі тамақты дәмді әзірлейді, мінезі жұмсақ. Не десеңіз де көнеді.» Балам солай демеп пе еді...»

Ойланып жатыр. Ойына баласы айтқан әлгі бір сөздер қайта-қайта оралған.

«Ұнамай қалып жатса, рахмет айтамыз да, өз жөнімен шығарып саламыз. Келісім солай.»

– Жоқ, – деді Байжұман өз ойымен өзі сөйлесіп. – Неге қуып жібереміз! Әзірге өкпем жоқ. Не айтсам да екі еткен емес. Қазіргі заманда мұндай көнбіс әйел заты өте аз. Тіпті жоқ десе де...

Ойлана түсіп, өз ойын әрі қарай жалғады.

«Көріп жүрміз ғой. Көбісі-ақ шетінен шатақшыл. Еркектермен тең болмағы былай тұрсын, зәуеде асқақтап, аса сөйлеп, артық сезінгісі де бар. Қызмет пен ақшаға құныққан, ар мен намысты ұмытқан еркекшора әйелдер заманы...»

Тағы да дөңбекшіді. Бір жағына аунап түсті.

«Ұйқы қайда? Ұйқым қайда кетті? Уа, бүгін мен көз ілмейтін шығармын. Жоқ, ұйықтауым керек. Тек ұйықтасам ғана Бижамалым келеді.»

Көзін жұмды. Тарс жұмды. Ұйқы шақырды. Ұйқы ұстатар емес.

«Сорлы еркектер!» деп тағы бір ой сығалады көңіл түкпірінен. «Әйелдермен тең боламыз деді де, ақыр соңында қатындардың айтқанын істеп, дегенімен жүре бастады. Еркек боп қажетті жерінде кесімді сөзін айта алмайтын, тіпті үн де шығара алмайтын халге жетті. Әуелі «әйеліммен ақылдасып алайын» дейді. Әйелі «жоқ, болмайды» десе, онда әңгіме тәмәм. Сыртқа шығып, үйден ұзаңқырап, аз-кем серуен жасаса да, бір құлағы – телефонда. «Қазір жетем, жарты сағаттан соң үйде боламын».

– Ау, сонда-а...– деп, Байжұман өз ойына айбат шеге, ашулана тілге келді. – Сонда... мына әлем әйел ақылымен басқарылып кете бере ме? Аса талантты, аса білгір, аса парасатты болса жақсы, өзі аяр, кекшіл, өзімшіл, шалағай... біреу болса, мына әлемнің аяғы аспаннан келмегенде, енді қайтеді-і...»

Басын шайқады. Зілдей. Ап-ауыр.

Арақтан ба? Ауыр ойдан ба? Ажырата алар халі жоқ.

Есіне тағы да Айсараның... мөп-мөлдір, жәудір көзі оралды. Құшағына алып тұрып:

– Сіз құлап бара жатыр екенсіз... – деді ме, а!

«Құламаңыз, жарық дүниеде, қара жерге құлатпайтын мына мен бармын дегені ме? Құлатпайды екен!»

Орнынан тұрды. Тұрды да есікке беттеді. Сыртқа шықпақ. Сосын...

Шошынды. Айсараға бармақ па? Жоқ-жоқ, ол болмайды. Соңы белгілі. Бәрі де бітеді... (Жүрегі қатты-қатты соқты)

Жатын бөлменің есігін ашып тұрып, не әрі, не бері жүрерін білмей, тастай боп қатып қалыпты. Табаны жерге желімделіп тұрғандай.

«Болмайды деймін! Бижамал өткен түні ескерткен жоқ па! Айтып бермеді ме арғы жағын...»

Төменгі қабаттан Айсара көтеріліп келе жатты.

– Бір жеріңіз ауырды ма? Дәрі әкеліп берейін бе?

Байжұманның тілі байланып қалғандай. Сөз шықпады. Басын шайқады да, жатын бөлмесінің есігін ішінен қайта жапты.

Айсара кері бұрылып, төменгі басқышты басты.

 


 

* * *


 

Таңертең ояна салып, жан-жағына алақтай қарады.

Осы түні Бижамал келмегені ме? Бұған ренжіген шығар. Арақ ішіп, мас болғанына, сірә, өкпелегені де.

Енді мүлде келмеуі де ғажап емес! Біржола келмей қалуы...

Аяғын ауыр басып, төменгі қабатқа түсті.

Алдынан Айсара көлденеңдеді.

– Шәйіңіз әзір.

– Кофе ішейін. Тезірек жұмысқа баруым керек.

– Дегеніңіз болсын.

 


 

* * *


 

Жұмысқа келген соң да көңіл күйі болмады. Телефон шалған әлдекімдерге дүрсе қоя беріп:

– Өзің шеше салатын майда-шүйде шаруаны неге маған айтып, салмақтап бересің, а! – деп зекіп-зекіп тастаған.

Қабылдау бөлмесіндегі жас қыз бүрісе түсіп, қалтырап отыр. Басшының бүгінгі көңіл-күйін түсіне алмаған.

«Не болды екен! Жоғарғы басшылықтан бірінен ескерту алып, не болмаса жайсыз сөз естіді ме, а!..»

Қырсыққанда, бүгін Кенжехан да көрінбеді. Шаруалармен қалада жүрген болатын.

Бүгінгі жұмыс Байжұманға өте ауыр, тіпті азапты болып көрінді.

Дәл осы жағдай бірнеше күнге созылды.

 


 

Үшінші түн


 

 

Қатты ұйықтап кеткен екен, құлағының түбінен өте жағымды, жып-жылы леп есті. Байжұман қуанып сала берді.

Дереу көзін ашып ала қойған.

Міне, ғажап! Сол жағында, өзінің үйреншікті орнында – Бижамал отыр. (Екеуара әңгімелесу басталып жүре берді.)

– Сен... сен оралдың ба! – Оны құшақтай алды. – Енді қайтып көре алмаспын деп ем...

– Келмей қойған себебімді айтайын ба? – деді Бижамал.

– Айтшы! Айтшы, қане?

– Ұнамсыз бір қылығың есіме түсіп кеткені.

– Ол қашан болып еді?

– Өзің ойлашы.

– Арақ ішіп келген күні нәпсіге ерік бересің, Айсарамен төсектес боласың дегенсің. Өзімді-өзім ұстадым.

– Таппадың. Мен басқаны айтамын.

– Тағы не?

– Ойлан. Тереңірек ойлан! Бұл баяғыда-а болған.

– Есімде жоқ? Ашып айтшы?

– Көзіме шөп салған түн...

– Ондай болған емес. (Денесі дірілдеген)

– Өтірік сөйлемеші. Қазір бәрін де білемін.

Байжұман қызарақтап, сөз айта алмай, мүдіріп қалды.

– Неге үндемейсің?

– Ол енді... өткенді несіне қозғайсың? Пенде болған соң...

– Міне, шындық! Әрбір пенде ақиқат алдында осылай қипалақтап-тайсақтайды. Сосын фәниде өтірік өрге баса береді.

– Тайсақтап отырғам жоқ. Тек... қажеті бар ма деп...

– Маған өз аузыңмен мойындау аса қымбат. Сол әрекетің мені де қатты ойландырды.

– Бір жылы жас қызбен... жо-жоқ, жас емес, отызға иек артқан қызбен кездескенім бар. Өзі қиылып, сүйетінін айтып, ыңғай білдірген соң...

– Еркектердің бәрі де солай сөйлейді. Қыз қиылып сұрайды!..

– Енді... әуелі сөз бастаған мен. Ол қарсыласпады.

– Шындық емес. Сен оны өзің...

– Жарайды, жарайды. Солай-ақ делік.

– Содан соң кездеспедің бе?

– Енді... ашығын айтсам, үш-ақ рет кездестік. Сонымен бәрі де бітті! Қайтып жолыққан емеспіз. Бұл – шыным!

– Ең өкініштісі де осында!

– Неге? Неге олай дейсің?

– Қыздың аяғы ауыр болып қалған-ды. Сен... бейбақ қызды біржола ұмыттың.

– Аяғы ауыр болса, хабарласар еді. Бұл – өтірік!

– Қыздың ар-ұяты мен намысы қашанда жоғары тұрады. Саған телефон соқпады.

– Бала ше? Оны не істеді?

– Аман-есен дүниеге келді.

– Рас па?

– Қазір өсіп келеді. Енді он жасқа толады.

– Ұл ма? Қыз ба?

– Ұл.

Байжұман жанын қоярға жер таба алмай, төсектен тұрып кетті. Бөлмеде әрлі-берлі жүріп алды. (Дегбірі қашты)

– Мүмкін емес!

– Әбден мүмкін... Жас қыздың басын айналдырдың да, жарты жолда тағдырмен бетпе-бет қалдырып кете бардың. Сөйте тұра, адалмын, тазамын, ақпын дейсің.

– Ол кезде жастау болдық. Ішкіліктің буы тағы бар.

– Еркектердің бәрі де солай. Жөнсіз, жосықсыз әрекеттері болса, дереу ішкілікке жаба салады. Ең оңай сылтауы – осы!

– Сылтау емес. Қызға «егер аяғың ауыр болып қалса қайтесің?» деп айтқанмын. «Сізге хабарласамын» деген. Сөзінде тұрмапты.

– Әлі де кеш емес. Хабарласуың керек.

– Бет бар ма? Қалай хабарласам көп жылдан соң...

– Баланың не жазығы бар?

– Ал, хабарластым делік. Сосын...

– Қайтадан бас қосасыңдар...

– Ол келісе ме?

– Әуелгіде қарсыласады. Түбі келісетініне шүбәм жоқ. Сені оқтын-оқтын ойлап қояды. Мұны да біл...

– Ойлай ма! Рас па? – деп Байжұман елпеңдеп ала жөнелді. – Ұмыта алмай жүргені ме?

– Қалай ұмытсын! Ана еткен сенсің! – деп Бижамал кіжіне сөйледі. – Ой, еркектер-ай! Сендерді кім деуге болады осы...

Енді қысылып-қымтырылуды қойып:

– Ақыры сөз басталды, – деді. – Ендеше айтшы, менің ұлым қандай?

– Кәдімгі ұл.

– Бойы ұзын ба? Өзі... келбетті ме?

– Саған ұқсаңқырайды.

– Көзі ше?

– Көзі де ұқсайды.

– Ал, мұрны...

– Ойпырмай, сұрағың көбейіп кетті сенің...

– Сабағы ше? Жақсы оқи ма?

– Оны білмедім.

– Неге білмейсің? Бәрін де көріп-біле алам демеп пе едің!

– Балаңның тағдырына тым қызықпаппын. Тек білетінім – ол сенің ұлың...

– Шынымен... менің балам ба? Ой, ғажап-ай! Мұндай да болады екен-ау!

– Болдырған да өзің, бордай тоздырған да өзің.

– Олай демеші! Неге бордай тозады? Бәрі де дұрыс болуы тиіс. Іздеймін. Табамын оларды...

Алақанын ысқылап, Байжұман бөлме ішінде тыпыршып кетті.

Таң да бозара бастаған еді.

Бижамал бір күрсініп алып:

– Қой, мен кетейін, – деді.

– Ертең келесің бе? (Жалынышты үн)

– Ол көңіл-күйіме байланысты.

– Келші! Сені асыға күтемін.

– Оны көрерміз...

 


 

* * *


 

Бижамал, алайда, сол түннен соң тағы бірнеше күн бойы көрінбей қойды.

Осы күндері бірде Бижамалды ойлап, тағы бірде шие ерін қызды еске түсіріп, он жасар баласын «көрсем-ау» деп, іштей арман етіп, күн өткізіп жүрді.

 


 

Төртінші түн


 

 

Әуелі көзін ашты. Қайта жұмды. Қайта ашты. Содан соңғы диалог былай өрбіді.

Сол жағында үн-түнсіз бұйығып отырған Бижамалға қарап:

– Оны іздедім, – деді.

– Кімді?

– Бибісараны. Он жасар баласы бар келіншекті...

– Таптың ба?

– Таба алмадым. Тапқым-ақ келген.

– Демек, дұрыстап іздемегенсің.

– Барлық қалаларға сұрау салып, іздетіп бақтым. Ешкім де білмейді, ешкім де көрмеген. Айтшы, оны қай қаладан табам, а?

– Айта алмаймын.

– Неге? Сен бәрін де біле аламын дегенсің.

– Олай емес. Оның тірі екенін, баласы барын айта алдым. Өзгесін өзің анықтап алуға тиіссің. Қалғаны – фәнилік пенделерге тән іс.

Байжұман қинала сөйлеп:

– Таба алмасам қайтем! – деді де, қайтадан: – Таппасам болмайды! – деп кіжініп қойды. – Баяғылы бері неге естімегенмін!..

Бижамал жылы жымиды.

– Әлі сүйеді екенсің ғой,ә! – Байжұманның иығына қолын салды. – Мені ше! Дәл солай сүйе алдың ба?

– Әрине! – деп Байжұман жалт қараған. – О не дегенің! Сенің орның бөлек. Әлемдегі ең асыл жансың.

– Олай болса, көзіме неге шөп салдың? Бибісараға неге ынтықтың?

– Жас кездің әурешілігі... Ішкілік ішкен кісінің қай ісі дұрыс дейсің!

– Баяғы жауап! Сол ішкілік! О, тоба-ай!

Басын ұстап, отырып қалған-ды. Байжұман оны құшағына қысты. Қысып тұрып:

– Жә, түсінші мені, – деді. – Бибісараны сағынғандықтан іздеп жатқам жоқ. Он жасар баланың болашақ тағдыры маңызды. Әлі сәби ғой, алдында не күтіп тұрғанын да білмейді емес пе!

– Е, солай ма еді, – деді Бижамал, – Сен үшін әйел тағдыры түк те емес. Балаңа жаның ашиды, сол-ақ қой...

– Бала-бауыр ет, – деді Байжұман. – Одан қалай бас тартам.

– Жарайды, балаңды қатты сүйеді екенсің. Жөн-ақ. Алайда, сәби сені әкем деп мойындай алмаса ше! Онда не істейсің?

– Мойындамауы мүмкін емес. Әкесі екенім шүбәсіз.

– Оны айтатын шешесінің ар-ұяты болса жақсы.

– Айтады. Кездескен кезде бәрін де түсіндіреміз.

Енді Бижамал орнынан тұрды. Сөйтіп, бөлме ішінде арлы-берлі адымдады. Ақырын адымдады.

– Жер бетінде тірі жетімдер неліктен көбейіп бара жатыр? – деді ол. – Ең әуелі еркектер кінәлі. Тән ләззатын ғана ойлап, әкелік жауапкершілігін әркез толық сезінгісі келе бермейді.

Оған қарсы дау айтты.

– Бәріне еркектер кінәлі десең, біржақты пікір болады, – деді, – Әйелдер де бала алдындағы жауапкершіліктен оп-оңай қашып құтыла алмаса керек. Еркекке ренжіп, мүлде ат құйрығын кесісіп кету жөн бе? Тірлікте не қиындық кездеспейді, а!

– Әйел жаны нәзік, – деді Бижамал. – Нәзік жүректі жаралап тастау да оп-оңай.

– Еркектер тастан жаралған ба? – деп, Байжұман маңдайы жиырыла қатуланды. – Жанын түсінетін, сезімін сыйлайтын кім бар!..

Бижамал күлді. Күлді де:

– Кім кешірімшіл болғаны абзал? – деді. – Алдымен еркектер...

– Жоқ, әйел кешірімшіл болса жақсы.

– Әйел еркелеткенді ұнатады.

– Еркектер де еркелеуге кет әрі ме?

– Сонда... – деп, Бижамал даусын соза түсті. – Заман не боп барады! Еркектер барлық қиыншылықтарды қайыспай көтере алатын ересен күш иесі демеуші ме едік! Бүгінгі еркектер әйел мінезді, әйел тәріздес бола бастағаны да?

– Олай емес! – деп Байжұман сөзді іліп әкете қойды. – Мүлде олай емес. Еркектің ер мінезділігі, әрине, бар. Басқа түссе, бәріне де көнеді, бәрін өзі көтере алады. Айтып отырғаным-жайшылықта... мынадай мамыражай заманда...

– Бәрібір, – деді Бижамал. – Қай заман, қандай уақытта да еркек еркек боп қалғаны абзал. Бағыт-бағдарынан айрылған қай еркек оңушы еді!..

Осы жолы дауласпады. Тыңдап, үнсіз отырып қалған.

– Таң ата бастапты, – деді Бижамал. – Мен кетейін.

– Таң да атып қалды ма? Қап, неге өте тез...

– Қош бол! Сәлден соң кетемін...

– Неге? Неге бұлай бәрі де...

Ерні жыбырлап, күбірлеген күйі Байжұман көзін жұма берді. Денесі дел-сал болып, әлдеқайдан ұйқы қысып бара жатқан-ды.

 


 

* * *


 

Күндіз Кенжеханды өзіне шұғыл шақырды. Тапсырмаларды сұрайтын болар деп, жұмыс жайын тәптіштеп айта бастаған да:

– Оны қоя тұршы, – деді.

– Не болып қалды? (Алаң көңіл)

– Ойыма түсе береді.

– Кім?

– Бибісара ше? Сен оны білетінсің!

– Е, әрине. Ұмыту мүмкін бе!

– Бибісараны қайдан тапсақ екен, а?

– Оны қайтпексің? Ә, түсіндім. – Жымиды. – Енді соны тауып...

– Маған Бибісараныдан гөрі ұлы... яғни менің балам...

– Оу, аяғы ауыр болып қалып па еді? Қайдан біліп алдың?

– Періштелер сыбырлады.

– Ұлың неше жаста екен?

– Он жаста.

– Онда іздеу керек. Жылдам табу қажет.

– Саған өтініш еткім келеді.

– Жарайды. Іздестірейік. Табылып та қалар...

– Сөйтші. Тапшы оны... (үмітті көңіл...)

 


 

Бесінші түн


 

 

Бүгінгі түні Бижамал өзі сөйлеп, барлығын ыңғайымен жіпке тізгендей тізбектеп отырды.

– Сен білесің бе? – деді Байжұманға. – Сол жолы Англияға неліктен асығыс ұшып бармақшы болдым?

– Е, білем. Қызымыз Гүлсайранға...

– Сол Гүлсайранның не бүлдіре жаздағанын да айтайын ба?

– Ол не?

– Өзімен бірге оқитын грек жігітіне тұрмысқа шықпаққа ынталы болды.

– Оны маған неге айтпағансың?

– Жүрегіңді ауыртпайын дедім. Өзім барып, ың-шыңсыз реттеп келе салмақшы едім.

– О, тоба! Жасырғаныңды қарашы. Гүлсайран болса... ештеңені де сездірген жоқ.

– Білем. Мен бақиға озған соң, Англиядан асыға ұшып келіп, мәйітті жерлеуге қатысты. Жылады. Өксіді. Оңаша сәтте «апа, мені кешірші, ақылға сыймас ақымақ қылығым үшін осындай қайғылы жағдайға душар болдың, енді саған уәде беремін, тек ақылды болып жүремін» деп көз жасын көлдетті.

– Содан...

– Англияға қайта ұшып кетті. Көп күнге дейін өз-өзіне келе алмады. Түнде түсінде мені іздейді. Жылайды. Аһ ұрады.

– Әлгі жігіті... кім еді өзі?

– Грек жігітіне кездесіп айтты: «Сен ренжіме, біз екеуміз енді дос болып қаламыз, тұрмыс құрмаймыз». Жігіт зар жылап, тізерлеп отырып алды. Сонда да иілген жоқ. Жігітті шын аяп кеттім. Қызым осынша қатал бола алады деп ойламаппын.

– Қазір ше? Қызым не істеп жүр?

– Оқудың соңында. Білім алып, тезірек оралсам дейді. Елге келсем, апамның басына күнде барып, гүл шоғын қойып жүрер едім деп армандап қояды.

– Сен біз жерлеген жерде жатырсың ба?

– Тек сүйегім қалды. Жан-дүнием басқа әлемде. Фәнидегілер бізді ешқашан да көре алмайды. Сосын да бейіт басына барған қолайлы.

– Қызымның болашақ тағдырына алаңдаймын. Қандай тосын жағдай тосып тұр екен алда? Айтпақшы, ол жайлы да алдын-ала айта аласың ба?

– Білуге болады. Тек ол туралы әзірге ойламаппын.

– Неге? Неге өйтесің?

– Айтқан сөзде тұрып, грек жігітімен келісімді бұзған соң, риза болып, сол күйі бәрін де ұмытыппын. Айтпақшы...

– Иә, не?

– Гүлсайран соңғы кезде бір жігітпен сөз жарастырып жүр.

– Ол кім? Қазақ па?

Бижамал бұған бұрыла қарады да:

– Фәнидегілер неге ұлт-ұлт болып бөліне береді, а? – деді.

– Бұл не сөзің! – деп Байжұман қарсы сауал қойды. – Жер жүзінде әлденеше жүздеген ұлттар бар. Әр ұлт өзінің салт-дәстүрін сыйлап-қадірлеп, әдет-ғұрпын ұстанатынын ұмытып қалғаның ба?

– Білемін бәрін де. Алайда, сол ұлт-ұлтқа бөліну адамзатқа еш жақсылық әкелмесі де аян. Бақилықтар үшін бәрі бірдей. Мұнда адамдар еш бөлінбейді.

– Сонда қалай? – деп таңданыс байқатты Байжұман. – Діні ше? Тілі ше? Әдет-ғұрпы да араласып кеткені ме?

– Бақидағы өмір мүлде бөлек. Бәрі бір-бірімен бауырлас. Бірі үшін – бәрі, бәрі үшін – бірі қайғыра алады.

– Е, фәниде олай етпейді деп кім айтты? – деп Байжұман да жағаласа сөйледі. – Біз де әлемдегі қайғыға қайғырамыз, қуанышқа қуанамыз.

– Осы сөзің өтірік! – деді Бижамал. – Мен сене алмаймын.

– Неге?

– Өйткені, фәнидегі адамдар арасында қырқысу бар, жұлқысу бар. Бірінен бірі асып түскісі келеді. Біріне-бірі қырғи қабақ. Байқайсың ба, осы күні соғыс өрті тұтанып кете жаздап тұрған жоқ па?

– Ондай кикілжіңге тұтас ұлттардың да, жекелеген адамдардың да еш қатысы жоқ. Бұл – саяси ойын... саясаттың тайталасы...

– Саясат та адамдардың ісі емес пе?

– Саясат – билік басындағы белгілібір топтың ойынан туындап жатады. Солар нені армандаса, нені мұрат етсе, сонда ғана арадағы кикілжің мен тайталастар ушығады. Бұған ұлттарды араластырма да кінәлама!

– Онда неге... – деп Бижамал мүдіре түсті. – Онда деймін, неге ұлт-ұлт болып бөлектене бересіңдер? Неге ағылшын, неге француз, неге қытай, неге араб, неге қазақ болып...

– Оны ойдан шығарған біз емес.

– Фәниліктердің іс-әрекеті қашаннан солай. Оның бәрі сендерге тән.

Байжұман басын ұстап отыра қалды.

– Тым тереңдеп кеттік, – деді. – Қызымды айтшы. Жігіті туралы айт. Қазақ па, жоқ басқа ұлт па?

 

– Міне, тағы да бастадың! – деді Бижамал. – Ұлт туралы сөз қозғадың.

– Енді қайт дейсің маған! Мен – қазақпын, демек қызым да қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын қалаймын.

– Ал, бақида ондайды ойлап қайғырмайды. Жұмыр басты пенделердің бәрі де бір-біріне ұқсас. Артық та емес, кем де емес...

– Мені қинама! – деп Байжұман қинала тілге келді. – Жалғыз қызым. Жігіті қазақ болғанын шын жүрегіммен арман етем. Тілегім де, тілерім де – сол.

– Қорықпай-ақ қой, – деп Бижамал күліп жіберді.

– Демек...

– Әрине, қазақ жігіті.

– Кім екен? Әке-шешесі... (Сұраулы жүзбен қараған)

– Әзір айта алмаймын.

– Білші. Анықташы бәрін де.

– Жарайды. Азырақ сабыр сақта.

Таң да сыз бере бастады.

Байжұманның көзі ілініп бара жатты.

 


 

* * *


 

Ертеңіне қызына телефон соқты. Хал-жағдайын сұрады. Елге қашан келетінін білмекші болды.

– Жаңа жылдан соң барамын,әке, – деді Гүлсайран. – Оған дейін сабақтан босатпайды.

– Ал, жағдайың... қалай? Жеке өмірің дегендей...

– Әке, соңғы күндері анамды қатты сағынып жүрмін. Бізді неге ерте тастап кетті деген ойға берілсем, жүрегім сыздайды.

– Алланың ісі, қызым! Пенде не істей алады!

– Басқалардың анасы әлі де қара жер басып жүр. Тіпті сексен-тоқсанға жетіп отырғандар да бар.

– Тым күйреуік бола берме, қызым! Сабағыңа қара. Болашағыңды ойла. Өзіңе тең болатын бір адамды...

Әрі қарай сөзін жұтты.

Арғы жағын айта алмады. Қызынан «жігітің кім» деп сұрау ерсілеу сияқты.

Әңгіме аяғын сиырқұйымшақтандырып аяқтады.

 


 

Алтыншы түн


 

 

Төбедегі люстра сыңғырлады.

Люстра неге өзінен-өзі қозғалды екен деп ойлап үлгергені жоқ, кісінің сұлбасы көрінді. (Сөзді сұрақпен бастады)

– Бұл кім?

– Бұл – Бижамал болады.

– Ой, сен төбеде не істеп жүрсің?

– Мына люстраға үйдің бар шаңы жиналып, кірлеп, ұсқыны кетіп қалыпты. Сүртіп, тазалап қоятын... кісі бар ма, а?

– Неге болмасын. Үйдегі қызметші...

– Ол сындырып алса қайтпексің?

– Сындырмайды. Сындырып көрсінші, мен оны...

Бижамал сықылықтап күліп алды да, Байжұманның жанына келіп отырды.

– Ештеңе істей алмайсың оған! – деді тағы да. – Люстра сынса, одан кейінгі айқай-ұрыстың мәні қанша!

– Онда... онда өзім сүртем. Демалыс күні...

– Сенің де шамаң белгілі, – деп Бижамал тағы да жымиды. – Үй шаруасына қай кезде де икемсіз едің. Бастық болған соң мүлде...

Екеуі де үнсіз.

Түн. Бөлме іші тып-тыныш.

Енді не айтарын білмей, бірінің аузын бірі аңдып отырғандай.

– Айтпақшы, – деп, Байжұман сөз сабақтаған. – Гүлсайранның жігіті жайлы біліп бермекші болып ең!

– Ол ма! – деді Бижамал. – Қалай десем екен, а?

– Айт! Жасырма!

– Қиналып тұрмын. Айтпасам тағы болмайды.

– Айтсаңшы енді! (Жалына сөйлеген)

– Гүлсайранның жігіті... өзінің ағасы.

– Қалай?

– Жігіттің аты – Қалдархан. Шешесі – Айжарқын.

– Айжарқын дейсің бе? Ал, әкесі... (Күдікті ой)

– Әкесі жоқ.

– Жоғы қалай?

– Баяғыда бақи дүниеге жол салыпты.

– Кім ол?

– Сенің інің.

– Ержұман ба! Қой, әзілің болар.

– Баяғыда-а көзі тірісінде Айжарқынмен көңіл жарастырып жүрмеді ме! Сол кезде оның аяғы ауыр болып қалды. Ержұман аяқ астынан автомобиль апатынан көз жұмғанда, Айжарқын бала көтергенін елден жасырып ұстап бақты. Сөйтіп, басқа жігітке тұрмысқа шықты.

– Күйеуі кім?

– Ол да қазір бақилық! Айжарқын – жесір.

– Ал, баласы... біле ме әкесі жайлы?

– Қайдан білсін! Айжарқын оған өткен оқиғаны мүлде айтқан емес.

Байжұман басын ұстап, қатты қайғыра бар даусымен:

– Бұл болмайды! – деді. – Болмайды ғой ол екеуіне үйленуге...

– Ендеше дәлелдеп көр! Қызыңды көндіріп көр!

– Қайтемін! Не істеймін енді? (Шарасыздық)

– Қызға да, балаға да түсіндіріп, ұғындыру керек. Ол үшін...

– Неден бастайын?

– Алдымен Айжарқынды тауып алып, ашық сөйлес.

– Айжарқын қайда?

– Оны айта алмаймын.

– Тағы да... тағы да іздеу салам ба! Қалай табамын! Қайдан табам!

– Бұл фәнидің ісі... Сендердің шаруаларың...

 


 

* * *


 

Ертеңіне шәй ішіп отырып, Айсараға:

– Үйдің ішін соңғы уақытта шаң басып, кірлеп кеткен жоқ па, а? – деді.

Айсара өзіне тиесілі шаруа болған соң, қипақтап:

– Күн сайын тазалап отырамын, – деген. – Шаң жуатқан емеспін.

– Менің бөлмем ше?

– Оны да тазалаймын.

– Люстраны... – деді де, артынан: – Жарайды, жексенбі күні өзім сүртіп, тазалармын, – деді. Содан соң жұмысқа баруға жиналды.

 


 

* * *


 

Жұмыста әрнәрсе есіне түсіп, дегбірі қашып, ойы да он саққа бөлінді.

«Қызымның тағдырын неге естен шығарып алғанмын, а! Шешесі өлді деп қайғырып, қан жұтып жүріп, бір жылды да артқа тастаппын. Ал, қызым болса... Оның жан азабы мен ішкі қиналысын мен сұрамасам, кім сұрамақ! Әкемін бе, жоқ әйтеуір біреумін бе? Әй, осы...»

Кенжеханды шақырды.

– Не боп қалды? – деп, досы аңқалақтап кіріп келген.

– Қызымды сағына бастаппын.

– О-о, әрине! Гүлсайран бойжетті. Енді оның да болашағын ойластырып қойған ләзім.

– Соны өзіңмен ақылдассам ба деп едім.

– Ақылдассақ, ақылдасайық.

Екеуі ұзақ сөйлесті. Бірақ түндегі әңгімені айтуға еш аузы бармады.

Қалай айтпақ! Қайтіп айтпақ!..


 

Жетінші түн


 

 

– Қалай, басың қатып келе ме? – деп сұрады Бижамал. – Қызың қиғылық салып жатыр ма?

– Рас,– деп, Байжұман қинала сөйледі. – Қиғылық салды деу бергі жағы, тіпті қатты ашу шақырды. «Басқа ұлтқа тұрмысқа шықпа дедіңдер, оған көндім. Қазақ жігітін ұнатып едім, оны да орынсыз дейсіңдер» деді жылап-сықтап. Енді қос қолымен басып ұрғылап отыр.

Бижамал тұнжырап, көңілсіз кейіпке түскен.

– Айтпай-ақ қояйын деп едім, – деді сосын. – Бірақ ескертпесем қалай болады! Екеуінің қаны жақын, қандас екенін жасырсам...

Байжұман даусын соза түсіп:

– Үйлендіруге болмайды, – деді. – Қайтсем де екі жастың көзін шындыққа жеткізем.

– Шамаң жетпей ме деп қорқамын.

– Қызым ақылды. Ол мені түбі түсінеді.

Сәл – кем үзіліс жасап, Бижамал тағы да сөз бастады.

– Осының бәрі еркектердің жауапсыздығынан, – деді. – Қыздардың тағдырын әу баста қақпақыл еткен көкек жігіттер...

– Өмір заңы солай, – деді Байжұман. – Бұйрыққа пенде қашанда бағынады. Жас адам өмірде шалыс басып, қателеспей тұра ма! Тек... аяғы жақсы аяқталса болғаны.

– Бар гәп сонда! – деді Бижамал. – Сәтті аяқтала бермейді ғой.

– Қызымның бақытты болуға толық хақысы бар, – деді Байжұман. – Пенделік бақытқа бөленуге ылайық қыз.

– Он жасар ұлың ше? Оны ұмытып кеттің бе?

– Ұмытқан емеспін. Іздестіріп жатырмын. Түбі табатын боламын. Көр де тұр, табамын...

 


 

* * *


 

Жұмысында отыр еді, басы қатып, әртүрлі ой сонарына түсе бергені. Ұйқысы да шала секілді. Кенет... басы айналып бара жатты.

– Ана жақта, кім бар... – деп айқайлап үлгерді. Содан соңғысы есінде жоқ.

Байжұман есін жоғалтты.

 


 

* * *


 

Есін қайта жиғанда-қасында Кенжехан досы.

– Не болды өзі? – деп, досына сұраулы жүзбен қараған.

– Басың айналып кетті білем! Қаның аз емес пе? – деді Кенжехан.

– Аз болса, болар...

Осыны айтты да, диваннан көтерілді. Өз орнына барып отырмақшы.

– Қайда жиналдың? – деп Кенжехан оны тоқтатты. – Бүгін жұмысты қоя салсаңшы.

– Сөйтейін бе?

– Сөйткенің жөн.

– Жарайды. Ендеше сенімен сөйлесетін шаруам бар.

– Айта бер.

– Қызымның тағдыры қатты алаңдатып жүр мені.

– Не үшін алаңдайсың! Гүлсайран ақылсыз ба?

– Мәселе ақылда емес. Басқада-а...

 


 

Сегізінші түн


 

 

Бүгінгі түні бойы құрыстап, жауырыны сыздап, қатты ой құшағында жатты. Көзі ілінбеді. Көңілі кілкілдеп, әрнәрсені ойлай берді.

Әуелі он жасар ұлы елестеді. Әлдеқайдан, алыстан дауыстап:

– Әке, мені бұлай елеусіз қалдырғаның қалай? – деп шыңғырады.

– Сені мен емес, өз анаң ғой жасырып ұстаған...

– Анам қалай жасырады? Жасырып қоятын затпын ба сонда!

– Зат емессің, әрине! Жігітсің. Тек...

– Жарайды, өзім-ақ өсем. Жігіт болып ержетем-м...

Бала елеске айналып, жоғалып бара жатады.

Артынша өз інісі Ержұман көрінеді.

– Аға, – дейді ол. – Менің ұлымды неге жек көресің! Сен үшін бөтен бе?

– Бөтен дедім ба, айналайын. Тек... екеуі үйлене ала ма?

– Онда түсіндір. Ұғындыр.

– Қалай? Қайтіп?

– Бар да шындықты айтып бер.

– Фәниде бәрі де қиын, бәрі де ауыр...

Әбден қалжырап барып, көз ілініп кеткен екен, Бижамалдың ыстық демі оятып жіберді. (Шын диалог енді басталды.)

– Бижамал, басым қата бастады, – деп, оған шынымен мұң шаға сөйледі. – Не істеймін енді...

– Бұл басы. Алда мол сынақтар күтіп тұр сені!

– Бұдан ауыр қандай сынақ керек маған! – деп, Байжұман жыларман болды. – Осы да жетіп жатыр. Жанымда сен жоқсың...

– Отырмын, міне!

– Түнде келесің де, таң ата кетіп қаласың.

– Өйткені, ана дүниелікпін.

– Рас, солайы солай. Ал, мен болсам...

– Бәріне шыдауың керек, – деді Бижамал. – Жаратушы сол үшін сені фәниде қалдырды. Тағы бір әңгіме айтуың керек.

– Ол не? Не жайлы?

– Інің Ержұманның жан қиналысы...

– Оған не болды?

– Айжарқынның ұлы өзінің баласы екенін білгелі бері жүрегінде маза жоқ. Ұлына қалай көмектессем екен деп азаптанады.

– Ол бақи дүниеде. Қалай көмектесе алады?

– Бұрын тып-тыныш жүруші еді, соңғы уақытта өте беймаз болып бара жатыр.

– Не істеуім керек?

– Англиядағы ұлына қол ұшын бер.

– Қандай көмек?

– Ақша керек.

– Не үшін? (Сұраулы жанар...)

– Ол бір мекемеге көп ақша қарыз.

– Қалайша?

– Бір досының автомобилінің руліне отырып, көшеде үлкен автобуспен соқтығысты. Кінәлі – бұл.

– Ал, содан...

– Автобустың бүлінген жерлерін тез жөндетіп бермесе, басы дауға шатылады.

– Шешесі біле ме екен оны?

– Қайдан білсін. Ондайды қалай айтады! Өз күнін әзер көрі жатқан жесір әйелге оңай салмақ бола ма!

– Түсіндім. Көмектесемін. Бірақ, қалай?

– Қызың таяу күндері көп ақша сұрайды. Сол жігіттің шаруасын шешу үшін алмақшы.

Байжұман ойлана сөйлеп:

– Бірақ, күйеу бала бола алмайды! – деді. – Мен берсем...

– Әрине, інің үшін бересің.

– Қызым екеуі «енді жұбымыз жазылмайды, бірге өмір кешеміз» деп қасарысса не істемекпін? Шындықты қалай айтамын!

– Ол жағын өзің ойластыр. Інің Ержұманды да ұмытпа. Жүрегін жаралап алма.

 


 

* * *


 

Қызы телефон соққан соң, дереу келісті де, артынан Кенжеханды шақырды.

Оған айтты:

– Қызымның кәртішкесіне ақша салып жібер.

Көлемін қағазға жазып көрсетті.

– Ойбай-ау, бұл өте көп қой. Оны қайтеді?

– Арғы жағын сұрама. Айттым ғой салып жібер деп.

– Е, жарайды.

Кенжехан бөлмеден шығып кетті. Жалғыздан-жалғыз отырып, тағы да ой құшағына көмілді.

«Қайран, Ержұман бауырым-ай! Ерте үзілгенің жаныма қандай батып еді. Артыңда ұрпағың қалғанын бұрынырақ белсемші. Егер білгенде...»

Жүрегі су-у ете түсті.

«Балаң енді менің қызыма ғашық. Екеуі бір-бірін сүйеді. Не істеймін, Ержұман? Қайтемін мен... Бар ауыр салмақты маған артып, бәрің ана дүниеге асығыс кетіп отырдыңдар-р...»

Құлағына інісінің даусы естілді.

– Әдейі кеттім бе мен бақиға! – деді дауыс. – Автомобиль апаты...

– Апат болмауы да мүмкін еді. Өзің емес пе ішкілік ішіп алып рульге отырған...

– Қазір ішіп алып, машинаны жүйткітіп жүргендер шаштан да көп. Солар неге...

– Қой! Қой, інім! Өзгелерге өлім тілеме!

– Сыртымнан сөз айтып, мені қаралап сөйлейтіндерге күйіп кетем. Өлсем – тек сол ішкіліктің кесірінен өлген екем. Жо-жоқ, бұл Алланың ісі... Алланың маңдайға жазғаны.

– Оның рас, – деді Байжұман. – Тағдырың солай болған шығар. Тек.. маған бір нәрсені айтпағаның қалай?

– Нені?

– Жүрген қызыңды! Онымен сөз байласып та үлгергеніңді...

– Енді айтам деп жүр едім, аға! Әттең, үлгере алмадым.

– Бауырым-ай! – деп Байжұман кемсеңдеп кетті. – Сені жоғалтқаным жаныма қандай батқанын білсеңші! Неге... мына даңғаза дүниеге жалғыз қалдырдың, а?

Есін жиып, басын көтерген.

Кімге, не үшін сөйлеп отырғанын да түсіне алмай, алақтай берген.

Басы сынып ауырғандай болды.

 


 

Тоғызыншы түн


 

 

Көзін ашып алғанда, бөлме ішінде арлы-берлі адымдап, дегбірі қашып, тынымсыз жүрген Бижамалды байқады. Ашулы.

– Саған не болған? – деді Байжұманға. – Өзің қандайсың, а?

– Не болсын! Сұраған ақшасын түгел салып жібердім.

– Оны айтпаймын.

– Енді не?

– Берген ақшаңа неге сонша өкініш білдіресің! Әйтеуір біреуге берген, желге ұшқан ақша сияқты көріп...

– Оны кім айтты саған? Мен шын жүрегіммен...

– Өтірік! Мені алдай алмайсың. Осыны ұмытпасаңшы.

– Енді-і... көп ақша! Амалсыз салып жіберіп отырған соң, көңіл түкпірінде аз-кем реніш болса болған да шығар.

Бижамал күлді. Ұзақ күлді.

– Сен, – деді сосын. – О бастан дүниеге өте сараң едің. Әлі де солайсың.

– Саған да сараң болдым ба?

– Маған тек айлығыңды әкеліп беретінсің. Ал, өзгесін...

– Өзгесі деген не?

– Мысалы, сыйақы... көлденең табыстар...

– Ондайлар өте көп болды дей алмаймын.

– Болған. Аз болмаған!

– Жарайды. Болды делік. Бірақ мені де түсін. Еркектер болып жұмыстан тыс кезде бас қосқанда саусағымды мұрныма тығып отыруым керек пе сонда?

– Әрине, оны түсінем, – деді Бижамал. – Бірақ сен тым көп ақша шашатынсың. Әсіресе, қыз-қырқындарға...

– Бұл өтірік.

– Қысылмай-ақ қой. Бәрін де білем.

– Ал, нені?

– Әр апта сайын кешкілік ең қымбат саунаға баратындарыңды. Аста-төк ішкілік ішетіндеріңді. Содан соң...

– Арғы жағын айтпай-ақ қой.

– Адал ақшаңды қалайша осындай түкке тұрмайтын жеңіл-желпі нәрсеге ойланбай жұмсап жүрдің? Пайдалы іске жұмсағанда, қатты қиналатының қалай? Неліктен?

– Ақшаға үнемшіл болу – абзал іс. Оның кепиеті барын да білем.

– Соны енді түсіне бастапсың. Ал, сол кезде...

– Жарайды, не айтып кеттік біз! Сонымен, ана жақта қалай?

– Қайда?

– Англияда. Ержұманның ұлы қарызынан құтылды ма?

– Құтылды. Бірақ сол күні қуанышын достарына жуамын деп, үш күн қамауға алынды.

– Неге? (Кіжінулі...)

– Ішіп алып, төбелес шығарғаны үшін.

– Әй, оның сондай мінезі бар ма? Кімге тартқан, а?

– Ержұман қызба мінез емес пе еді.

– Ол өз жөнін білетін. Қызым ше? Не істеді?

– Гүлсайран жүгіріп жүріп, оны түрмеден алып шықты.

– Қазір қалай?

– Жігіт ауырып жатыр. Сабаққа бара алатын халі жоқ.

– Еһе! – деп Байжұман басын ұстап отырып қалды. – Бұл қандай заман боп барады, а?

 


 

* * *


 

Жұмысқа келген соң, Кенжеханды шақырды.

– Англияға барып қайтсаң қайтеді, а?

– Не жұмыспен?

– Сосын түсіндіремін. Ертең жолға әзірлен.

– Жарайды, қажет болса барайын.

 


 

Оныншы түн


 

 

...Бүгінгі түннің түйінді әңгімесін тағы да Бижамалдың өзі бастап әкеткен-ді..

– Сұмдық Кенжехан барған соң басталды, – деді Бижамал.

– Е, не болып қалды?

– Әлгі жігіт... Ержұманның ұлы Ерғали мінез көрсетіп...

– Кімге? (Ашу аралас сауал...)

– Әрине, Кенжеханға.

– Кенжехан не деп сөйлеп еді оған?

– Оңаша отырып, аға болып, ақыл айтпақшы еді!

– Ал-л...

– Ерғали сөздің аяғын тыңдағысы келмеді.

– Содан?

– Кенжехан оны қорқытып көрмек боп, жұдырық түйіп...

– Онысы қалай?

– Басқа айласы қалмаса қайтеді. Сол кезде Гүлсайран келе қалады. Ерғали ашу үстінде «бүгіннен бастап мына қыздарың Гүлсайраннан бас тартамын» дейді. Бұны естіген Гүлсайран бақырып жылайды. Мейрамхана іші у-шу...

– Аяғы немен бітеді?

– Әлі біте қойған жоқ.

– Ау, маған бәрі оңынан шешіліп келеді деп телефон шалды емес пе!

– Онысы сенің көңіліңді алаң еткісі келмегені.

Байжұман дегбірсізденіп кетті. Орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүрді.

– Арты не болады? – деп сұрады Бижамалдан. – Аяғы немен бітеді?

– Қиын болғалы тұр.

– Қалай? (Зілді сауал...)

– Қызымыз өзіне-өзі қол жұмсамасын деп тіле!

– Өйте қоймас.

– Ол түн ішінде сондай тұйық ойларға беріліп кететін болып жүр.

 


 

* * *


 

Таңертең ертемен Кенжеханға телефон соқты.

– Шындықты неге айтпайсың? Өтірік сөйлейсің!

– Қандай шындық?

– Ерғалимен мейрамхана ішінде сөзге келіп қалғаныңды естідім.

– Оны... кім айтты?

– Періштелер.

– Қатты сөзге барған жоқпыз. Әңгіме үстіндегі аз-кем түсініспеушілік қана...

– Жарайды. Қызымның жағдайы қалай? Ол бөлмеден шықпай жатып алыпты ғой.

– Оны да періштелер сыбырлады ма?

– Солай десе де болады.

– Кішкене тымауратып қалды. Ертең сабағына барады.

– Әйтеуір бәрін реттеп, бір жөнге салып оралшы. Бар өтінерім-сол ғана...

– Қам жеме!..

 


 

Он бірінші түн


 

 

Шошып оянды. Түс көріпті. Гүлсайран өзіне-өзі пышақ салып, қансырап жатыр. Даусы дірілдеп:

– Әке, қош бол! – дейді. – Басқа ылажым қалмады.

Оған жетейін десе, жете алмайды. Орнынан қозғала алар емес.

– Қызым, бұның не?

– Әке, бұдан былай өмір сүргім келмейді.

– Қой, олай деме. Сенің бар өмірің алда...

Осыны айтып қиналып жатып, оянып кеткені. Қараса – жанында Бижамал отыр.

– Келгенің қандай жақсы болды, Бижамал, – деп оған құшақ жайды. – Өте жайсыз түс көрдім.

– Білем. Гүлсайран туралы түс шығар.

– Сол рас па? Өтірік пе? Айтшы, тезірек...

– Гүлсайран да түс көрді. Түсінде өзіне-өзі пышақ салмақшы еді. Сол түсі саған да әсер етті.

– Уф! Түсім екен ғой...

– Бірақ қуанатын түк те жоқ.

– Неге? (Үрей...)

– Ерғалиды айтам да.

– Оған не болды?

– Өзін-өзі өлтірмекке талпыныс жасап...

– Пышақ салып алды ма?

– Әйтеуір, ауруханаға түсті. Жағдайы аса мәз емес.

– Неге өйтті?

– Досыңның айтқан ащы сөздері жанына қатты батты.

– Кенжехан не депті?

– Өзің айт дегенді айтты.

– Сонда... ол Ержұманның ұлы екенін енді білді ме?

– Солай.

– Ақыры білдірген екен де.

– Соны естігенде Ерғалидың бар даусымен өкіріп, столды ұрғылап, тоқтамай, ұзақ жылағанын білесің бе?

– Жылады ма?

– Мен неге Гүлсайранның ағасы болуым керек деп күнұзақ көз жасын көл етті. Содан соң барып...

– Ой, әттеген-ай! Өте ауыр қабылдапты-ау.ә!

– Енді оңай ма! Гүлсайранды шын сүйіп еді. Онсыз болашақ өмірді еш елестете алмаушы еді.

– Қайтейін! Мен бе кінәлі...

– Тағдыр дейсіңдер ғой, ә! Жоқ, бұл тағдыр емес. Фәнидегі пенделердің шалағай әрекетінен... Көп адамдарда жауапкершілік жоқ. Бәріне атүсті қарайды...

Оның сөзіне Байжұман аздап шамданып қалды да:

– Інім Ержұманды кінәлағаның ба бұл! – деген.

– Енді қайтейін! Шын еркек болса, жасырын жүрер ме! Елге жария етіп, «осы қыз менің болашақ жарым болады» деуге батылдығы жетпегені қалай?

– Соның сәтін күтіп жүргенде...

– Ол кезде әлі тоқтамды бір ойға табан тіреп үлгерген жоқ-ты. Үйлене ме, жоқ па-ол жағы жұмбақ болатын.

– Оған тезірек үйлен дегем. Сонда айтқаны әлі есімде. «Аға, ойымда жүрген қыз бар, таяуда таныстырамын».

– Айтты да қойды. Таныстырған жоқ емес пе!

– Үлгермеді ғой, жан бауырым!

– Үлгеруге болатын еді. Бір ай емес, бір жыл жүрді сол қызбен...

– Енді... көңіл шешімін таба алмай қиналған шығар, – деп Байжұман аз-кем тоқтап қалды да, артынша:

– Жарайды, бақилық жанның бұрынғы тағдырын талқыға салмай-ақ қоялық, – деген.

Бижамал сонда да тоқтамады.

– Қыз тағдыры бүлінді. Ұл әкесіз өсті. Қаншама азапты күндер мен түндер...

Осыны айтып тұрды да, кенет.. Бижамал шыңғырып жіберді.

– Не болды? Не болып қалды?

– Қызың... Гүлсайран өзіне-өзі пышақ салды.

– Қашан? Қазір ме? (Жаны шырқырады...)

– Тап қазір-р...

– Қайда? Қайда телефон? Ау, Айсара-а... Кенжеханға телефон соғайын. Айсара деймін. Қайдасың, Айсара-а...

 


 

* * *


 

Байжұман сол түні тағы да естен танып құлады.

Жан даусын естіген Айсара жүгіріп келіп, қолтығынан демеп, кереуетке жатқызды да, шұғыл дәрігерді шақыртты.

Есін жимаған күйі асығыс түрде ауруханаға алып кетіп бара жатты.

 


 

Он екінші түн


 

 

...Көкте ұшып жүр. Сонау-у биік көкте, зеңгір аспан астында қанат қағып, кәдімгі қыран құс іспетті қалықтап-қалықтап қояды. Қанатын қағып-қағып қалса болды, зуылдап, ұзаққа ұшып кете алатындай. Шіркін, адам біткен қара жер үстінде мимырт әркетпен, тепең-тепең өмір сүретіні-ай! Не деген азап! Не деген көңілсіз тірлік... Құстар секілді ең болмағанда оқтын-оқтын көкке көтеріліп, қара жерге биіктен қарай алмаған соң, несі қызық!

«Соншалықты дәрменсіз соншалықты әлсіз, соншалықты қауқарсыз екеніңді білемісің, о адам! Біріңе-бірің неге қырғиқабақтанасың? Неге бас біріктіріп, тізе қосып, қара жерден тік көтеріліп, ғажайып әлемге жетуге ұмтылыс жасамайсыңдар? Салғырт тірліктеріңе жол болсын, уа пенде!..»

...Кенет өз даусынан өзі шошып кеткендей. Жо-жоқ, бұның даусы емес, сонау алыстағы Англияда оқып жатқан сүйікті қызы – Гүлсайранның даусы.

– Әке-е! – деп айқайлады ол. – Әкетай-й, неге көкке ұшып кеттің? Енді не істемекпін? Неге жалғыз қалдырып кеттің,әке!..

– Қызым! – деп үн қатады Байжұман. – Неге жалғызсың! Жер бетінде ағаң бар. Ол аз десең, інімнің ұлы – Ерғали бар. Ол да аз десең... иә, саған айтпай-ақ қояйын деп ем, енді айтамын. Тағы бір інің өсіп келеді. Он жасқа толды. Жақында өзің де көресің...

Гүлсайран зар еңірейді. Етегі жасқа толып:

– Олардың бәрі керек емес, мен үшін өзің ең қымбат жансың, – деп дауыстайды. – Төмен түсші, әке! Оралшы қара жерге...

Қанатын қағуды доғарды. Өзінен-өзі қалқып, көкте ұшып жүр. Қанат қақпаса да төмен құлдилайтын емес. Міне, ғажап! Сонда бұл расымен-ақ көкте қалып қойғаны ма! Енді ешқашан қара жерге орала алмай ма?

– Қызым, – деп үн қатады енді. – Жерге орала алмайтын сияқтымын. Ендігі мекенім – зеңгір аспан.

– Жоқ, болмайды, – дейді Гүлсайран көкке ұмтыла түсіп. – Оралмасаң болмайды, әке! Сен жер үшін жаралғансың. Сен – Адамсың. Зеңгір аспан-адамдарға жат.

– Е, неге! – дейді Байжұман. – Зеңгір аспан бәрімізге ортақ. Ешкім де еншілеп алған жоқ. Еншілей алмайды да!

– Әкетай! Әкетай, оралшы!..

...Байжұман бұлқынып қалды. Бұлқына түсіп, денесін тез-тез қозғай бастаған.

Сол кезде байқады, өзі көкте де емес, үйде де емес басқа бар жерде жатыр. «Мен қайдамын! Бәлкім, бұл дүниеде емес, басқа жақта болармын. Фәниді тастап кетіп...»

Шошып кетті. Шошына ышқынды.

Көзін ашып алып еді...

Қою түн. Палатада – жалғыз өзі. Дәліз жақта әлдекімдердің күбірлеген үні ғана еміс-еміс естіліп қалады.

«Есімнен танып қалған екенмін ғой. Сосын осында, ауруханаға жеткізге шығар,ә!..»

Желке тұсынан әлдекімнің күрсінген үні естілгендей.

Мойнын бұрып, қарап еді, міне, қызық! Өзінің Бижамалы отыр. (Диалог басталды)

– Бижамал! Бұл сен бе! – деп ышқына, орнынан көтерілмек болған. Денесі ап-ауыр. Басы зілдей.

– Сен қозғала алмайсың, – деді Бижамал.

– Е, неге!

– Өйткені, сырқаттанып қалдың. Есіңнен танып жатқаныңа міне, үш күн!

– Үш күн! Мүмкін емес.

– Сенсең де, сенбесең де – осы.

– Неге бұлай болды! Маған қатты әсер еткен не?

– Ұмытып қалдың ба?

– Есімде жоқ.

– Онда білмей-ақ қой.

– Жоқ, білгім келеді. Есіме түсірсеңші.

– Әзір болмайды. Тағы да есіңнен танып қалсаң қайтпекпін. Сабырға кел.

– Жарайды, – деді Байжұман. – Атпасаң айтпай-ақ қой. Сен бұл жерге қашан келдің? Мені қалай тауып алдың?

Бижамал күлді.

– Ұмыттың ба? – деді сосын. – Өзіңе айтқан жоқпын ба, бақилықтар кімді көргісі келсе, оп-оңай тауып барады.

– Е, оны айтқансың.

– Басыңда күзетіп отырғаныма – үш күн.

– Күндіз де кеткен жоқсың ба?

– Әрине, күндіз кетемін. Түн түсе қайта ораламын.

– Сенің шын ниетті тілеуің мені аман алып қалған шығар, а?

– Білмеймін. Ол жағын айта алмаймын. Бар білетінім – саған барынша мейіріммен қарадым.

– Рахмет!

Таң да сібірлеп атып келе жатыр еді.

– Қой, мен кетейін, – деді Бижамал.

– Тағы да кетесің бе! Неге жанымда қала алмайсың? Сені ешқайда жібергім келмейді.

– Оны білем! Бірақ, амал жоқ.

Байжұман енді ақырын көзін жұмып, қайтадан ұйықтап кетті...

 


 

* * *


 

Күбір-күбір әңгімеден оянды. Көзін ашып қараса – палатада ұлы Еркінбек пен Кенжехан отыр. Бұның оянғанын әуелі Еркінбек байқады.

– Әке, ояндыңыз ба? Жағдайыңыз қалай?

– Жақсы-а...

Кенжехан да қолынан ұстап, бұған ысырыла түсіп:

– Ой, қатты қорқыттың ғой, – деді. – Осылай етуге бола ма?

– Маған не болды өзі?

– Жатын бөлмеңде естен танып құлап қалыпсың. Қызметші келіншек Айсара бізге дереу хабар берді.

– Мұнда жатқаныма үш күн бе?

– Оны қайдан біліп жатырсыз? – деп, Еркінбек таңдана сұрады.

– Ойпырмай, үш күн ес-түссіз жатқаныңды да білесің бе? – деп Кенжехан да таң қалды.

– Білем.

– Кім айтып үлгерді?

– Періштелер... – деді Байжұман. – Періштелер ғой. Енді дәрігерлер не дейді? Осылай жата берем бе?...

– Жазыласың... – деді Кенжехан. – Әлі аяғыңа тұрып кетесің. Жұмыстағылардың бәрі тез сауығып кеткеніңе тілестік білдіруде.

– Әке, – деді Еркінбек. – Сізден бірдеңе сұрасам ба деп едім.

– Сұра.

– Айсара ұнамай жүр ме? Бәлкім, осы жағдайға кінәлі сол болар...

– О не дегенің?

– Көңіліңізден шықпай жүрсе, рахмет айтып, жөнімен жібере салайын...

– Жо-жоқ, балам! – деді Байжұман баласына. – Оның еш кінәсі жоқ. Өзі өте мәдениетті, өте жауапты...

– Олай болса, сөз басқа, – деп Еркінбек көңілін демдегендей болды. – Кеше сұранып кетіп еді.

– Қайда кетті?

– Туған апайым бар дейді. Облыста. Сол кісі аяқ астынан жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Барып, жерлеп қайтуға рұқсат сұрады.

– Жібердің бе?

– Екі күнге жібердім.

– Өте дұрыс істепсің.

– Ал, біз кетеміз, – деді енді Кенжехан. – Ұзақ отыруға рұқсат жоқ. Бес минутқа әзер кіргізді.

Осылай деді де, екеуі жылдам басып палатадан шығып бара жатты.

Байжұман оларды көзімен ұзатын салды да, кенет... басы айнала бастағанын байқады.

– Ау, дәрігер-р... Дәрігер-р...

Одан арғы жағын білмейді.

 


 

Он үшінші түн


 

 

...Палатаға бір келіншек ақырын басып кіріп келе жатыр. Үстінде-гүлді көйлек, басында – сары орамал, аяғында – қызыл етік. Аяғын баппен басып, баяу аяңдайды. Келіншектің түр-түсін ажырата алар емес.

«Бұл кім болды екен? – деп ойлады Байжұман.

Гүлді көйлек киген әйел жетіп болар түрі жоқ. Бір адам бері аттаса, екі адым кері аттайтындай ма!

– Сен кімсің? – деп дауыстады.

Үн жоқ. Басын төмен салып, жәй-жәй жылжиды.

– Кімсің деймін?

Келіншек тіл қатты.

– Мені ұмытып қалдың ба?

– Танымадым.

– Әрине, ұмытасың. Ойыңнан баяғыда шығарып тастаған боларсың.

– Сен... сен сонда кімсің?

– Бибісарамын. Есіңе түсті ме?

– Мүмкін емес, бұл сен бе?

– Иә, менмін.

– Қайдан жүрсің?

– Өзіңді іздеп келдім.

– Сені көптен бері мен де іздеудемін. Қай түкпірде тығылып жүрсің?

– Шын іздесең табатын едің.

– Сені шынымен іздедім. Тезірек жолықсам деп едім...

– Қашаннан бері?

– Соңғы екі-үш ай бойы...

– Оған дейін ше! Оған дейін неге іздемедің?

Байжұман қипақтап қалды да, қайта ес жиып:

– Өзің кінәлісің! – деді. – Соңғы рет кездескенде «енді қайтып хабарласпайық» деген сен емес пе ең.

– Айттым. Айтқаным рас. Ол ашу үстіндегі сөз болатын.

– Жарайды. Оны қоя тұралық. Айтқандай, менің балам қайда?

– Оны да білесің бе?

– Білем.

– Кім айтты?

– Періштелер.

– Өтірік. Аяғым ауыр екенін сол кезде-ақ білген екенсің ғой, ә!

– Жоқ, ол кезде білмедім.

– Тағы да алдап тұрсың. (Күдікпен қараған...)

– Имандай шыным!

– Сенбеймін.

– Әлі дәлелдеп беретін болам. Тап қазір айта алмаймын.

– Неге қазір айтпайсың?

– Өйткені, бір кісіге уәде бергенмін.

– Жарайды. Айтпасаң айтпай-ақ қой. Қай кезде де маған шын сөйлеп көрген емессің. Үнемі алдайтынсың.

– Бұл қиянат. (Дірілді дауыс...)

– Ақталмай-ақ қой, – деді Бибісара. – Ақталу керек емес. Саған келген себебім-соңғы рет жүзіңді көріп, бір ауыз лебізімді айтайын дедім. Осымен мәңгіге қош айтысамыз.

– Неге олай дейсің?

–Алла-тағала фәниде аман-есен жолығуды бұйыртпапты. Тағдыр жазуы – осылай! Тез сауығып кет! Тілектеспін.

Бибісара осыны айтты да, кері бұрылып, палатадан шығуға беттеген-ді.

– Тоқта! Қайда барасың!

– Мәңгіге кетіп барам. (Тық-тық!..)

– Ал, ұлым ше? Ол қайда?

– Оны өзіңе тапсырам. (Тық-тық!..)

– Қайда ол?

– Өзің тауып ал. (Тық-тық-тық!..)

– Бұлай етпе! Сенсіз мүлде таба алмаймын. Қайда тұратынын айтсаңшы.

...Қара терге түсіп, малшынып жатып оянып кетті. Бағаналы бергі көрініс-түсі болғаны ма? Жан-жағына алақтап қарап, Бибісараны іздеді. Ол тіпті бұл арада болмағандай. Аяқ баспағандай.

Кезекті түн еді. Қою түн болатын.

Көзін ашып ұзақ жатты. Ұйықтай алмады. Оқтын-оқтын өзінің сүйіктісі-Бижамалды ойлап қояды.

«Ол неге бүгін келмеді екен! Маған ренжігені ме? Не үшін? Неліктен?...»

 


 

Он төртінші түн


 

 

Шөлдеп жатыр. Тілі аузына сыймай, қатты шөліркеп, тамағы қурап, қысыла түскенін ап-анық сезінулі. Қайта-қайта ернін жалағанын біледі.

Көзін ашты.

Түн іші. Сол палата. Жалғыз өзі. Тырс еткен дыбыс жоқ. Өлі тыныштық. Анадай жердегі шағын тумба үстінде минералды су тұр. Оған қолы жетпейді. Орнына тұрайын десе, әлі келмейді. Тамағы кеберсіп, бір жұтым суды аңсап жатқан сәті.

Сыртқы есік сықыр етіп ақырын ашылды да, ішке бір келіншек кірді. Байжұман оны дәрігерлердің бірі болар деп:

– Маған су... су беріңдерші, – деп дауыстаған. Асықпай басып келіп, минералды суды стаканға құйды да, бұған ұсынды. Байжұман құшырлана сімірді.

– Тағы да құйшы.

Оны да бір деммен жұтып салды.

– Рахмет!

– Бар болғаны сол ма? – Әйелдің жіңішке, жұмсақ даусы Байжұманды оқыс өзіне қаратты.

– Сен... кімсің?

– О-о, танымаймын де.

– Жоқ! Таныдым. Сен Бижамалсың.

– Е, ұмытып қалмағанына рахмет!

– Мені бүгін сынамашы. Кеше түнде басым шыр айналып, мүлде ұйқы болмады. Ауыр түс көрдім. Таң атқанша түсініксіз түс мазалады.

– Қандай түс! Кім мазалады?

– Бибісара...

– Ол қайдан келе қалды?

– Келген жоқ. Түсімде көрдім.

– Түстің бәрі өтірік дейді. Солай айтатындар – фәнидегілер. Ал, бізде түске де сенеді.

– Қалай сенуге болады, – деді Байжұман. – Ол келді де, сөзін айта сала, деп-демде ғайып болды. Көзімді ашып алғанымда көлеңкесі де жоқ... Құлағымда жалғыз дыбыс қалды: Тық-тық-тық...

– Бибісара көзіңді жұмып жатқанда ғана көрінетін шығар?

– Ол жағын ойламаппын.

– Өзі келген екен. Қайда тұрып жатқанын сұрап алмадың ба?

– Сұрадым.

– Айтты ма?

– Жоқ.

– Неге?

– Осы соңғы кездесуіміз деді. Еш түсінбедім. Оны неге айтты?

– Демек...

– Айтсаңшы ойыңдағаны! Ішегімді үзетін болдың-ау!

– Демек... фәниді тастап кетіп бара жатқаны...

– Жоқ! – деп Байжұман айқайлап жіберді. – Жоқ! Оны мен фәниде көруім керек. Айтарым көп. Кешірім сұрайтын да жөнім бар. Кінәлімін...

– Кінәлі?! Не үшін? Өзің айтып едің ғой, қиыла жалынып, мойныма асылған Бибісара деп...

– Ол сөз ғой. Еркектің бәрі айта беретін тіл ұшындағы жеңіл сөз ғана...

– Жеңіл сөз! – деп миығынан күліп алды Бижамал. – Соған әбден үйреніп алғандарың-ай сендердің! Әй, еркектер-ай, еркектер...

– Оны жаратылыс дейді. Еркектер о бастан солай.

– Бұл өтірік! – деді Бижамал. – Жаратылысқа жаба салу оңай. Бәрін де еркектер өздері ойдан шығарып алған.

– Мейлі! Бүгін не десең – о де. Тек өтінерім...

– Ал, айт!

– Өтінерім – Бибісараны көзі тірісінде бір көрсем деп ем. Әйтпесе өзімді ешқашан да кешіре алмаймын.

– Па, шіркін! – деді Бижамал. – Не деген ақжүрек азамат едің! Ар алдында оп-оңай ақталғың келеді ғой, ә. Бұрын ше? Бұрынырақ қайда қалдың?

– Жаналқымнан ала бермеші. Бибісараның маған есік қағып, осында іздеп келуі тегіннен-тегін емес. Расымен-ақ қиналған. Басына іс түскен.

Аз-кем мүдіре түсіп Бижамалға жалына бастады.

– Сен біле аласың. Білші? Не жағдай болғанын айтшы маған? Анықтап берші соны!..

– Оған уақыт керек.

– Қанша?

– Біршама уақыт.

– Бір өтінішімді істегің келмей ме? Өзіңе деген көңілімді, сезімімді білмеуші ме едің, сені фәниде қалай сүйіп ем! Қалай алақанға салып, құрмет көрсетіп жүруші ем...

– Ой, таусыла сөйлемеші. Айттым ғой анықтап берем деп. Күте тұр. Бірер күн ғана...

– Күтем... күтпей қайтем енді, – деп Байжұман ақырын күрсініп алды.

Таң да ағара бастаған. Бижамал кетуге ыңғайланды. Байжұман оны қия алмай жатыр.

 


 

Он бесінші түн


 

 

Қан қысымын өлшеп болып, дәрігер аз-кем әңгімелесіп отырды да:

– Денсаулығыңызға таң қаламын, – деді. – Кей күндері мүлде нашарлап кетеді де, кей күндері күрт жақсарады. Түнімен ой ойлайсыз ба?

– Түс көретінім рас.

– Түсті кім көрмейді. Түн ішінде алаңсыз ұйықтап, тынығу керек. Ұйқы да үлкен ем...

– Оны түсінем ғой. Алайда...

– Ойсыз адам болмайды. Ойлану да керек. Тек өз мөлшерімен ғана.

– Кейде ажырай алмай, байланып қаласың.

– Өзіңізді өзіңіз игере білгеніңіз абзал. Ерік-жігер деген сол. Ерік-жігері күшті жандар ғана ұзақ жасай алады.

– Сізді ұқтым.

– Ендеше жақсы ұқы болсын. Ертеңге дейін...

Дәрігер осыны айтты да, қоштасып шығып кетті.

Тағы да жалғыз қалды.

Далаға қараңғылық үйіріле бастаған. Терезенің арғы жағы бірте-бірте көрінбеуге айналды.

Бұрынырақ, жұмыста жүргенде неге кеш ерте түседі деп күйгелектенуші еді, ал қазір керісінше түн тезірек келгенін қалайды. Өйткені, сағына күтетін адамы бар. Сұрап-білетін жәйттер көп-ақ.

Кешегі түні ұйқысы шала болғандықтан да Байжұман бүгін ұйқыға тез еніп жүре берген.

Кезекші дәрігер қыз есіктен сығалады. Сырқаттың қорылдаған үнін естіді де, тысырын да білдірместен, палатадан ұзай берді.

...Біреу жағынан сипалап, аймалап отырғанын аңғарды. Ып-ыстық алақан.

Көзін ашты.

Дәл жанында – Бижамал отыр. (Сөзді өзі бастады)

– Келдің бе? – деді қуана сөйлеп.

– Келдім.

– Ал, айтшы. Болшы тезірек.

– Не жөнінде?

– Ой, ұмыттың ба? Ана Бибісараны айтамын. Ол қайда? Біле алдың ба?

Бижамал үндемеді.

– Білдің бе деймін...

– Білдім ғой.

– Айтсаңшы онда!

– Айта алмаймын.

– Неге?

– Жайсыз хабар...

– Мейлі. Не де болса, білгім келеді.

– Өзің әлсізсің! Саған ауыр тиетін түрі бар бұл хабардың.

– Бәрібір. Мен білмей тынбаймын.

Жаңағы хабарды білмейінше тыныштала қоймасын байқаған Бижамал да күрсіне сөйлеп:

– Онымен бұл фәниде қайта қауышуды жазбапты, – деді.

– Сонда қалай?

– Бибісара өмірден озыпты!

– Ол да биқилық болды ма?! Түсіне алар емеспін. Жас емес пе?!

– Екі-үш жылда қырыққа толатын еді.

–Жап-жас қой ол... – деп, Байжұман қиналып кетті. – Қалай болғаны бұның?

– Жүрегі сыр беріпті.

– Қашан?

– Бір жұма болды.

– Оны көре алдың ба?

– Жоқ, көрмедім. Бақиға алғаш келгендер көпке дейін сынақ алаңынан шықпайды. Онда ешкім де кіруге тиіс емес.

– Еһ, тіршілік! – деп тістеніп қойды Байжұман. – Не деген күрделісің осы, а?

– Тіршілік күрделі емес, оны күрделі етіп отырған – фәниліктер....

– Иә, сенікі дұрыс. Бәріне біз кінәліміз. Біздер...

– Ашуланба! Расы да солай.

Байжұман біраз уақыт үндемей, сазарып отырып алды да, кенет тілге келді.

– Ал, менің балам ше? Ол қайда?

– Ол тірі.

– Оны қайдан табам?

– Іздеуің керек.

– Енді қалай іздеймін. Кімнен сұраймын, а? (Шарасыздың күйі...)

– Фәниліктер іздегенін табады, ойлаған жүзеге асырады.

– Барлық уақытта емес.

– Әрине, шын қажет деп санаса...

– Мен енді ұлымды іздеймін. Оны таппай тыныштыла қоймаспын.

– Ізде! Тап! Өйткені, ол сенің ұлың. Сенің балаң...

Бижамал оның басынан сипалап отырды.

Байжұман ұйқыға еніп бара жатты.

 


 

Он алтыншы түн


 

 

Кенжеханның келгеніне біршама уақыт болды. Байжұманға әңгіме айтып, ананы-мынаны қозғап, ұзақ отырып алған – ды. «Қайта бер» десе де кеткісі жоқ.

– Айтпақшы, – деді Кенжехан сөз арасында. – Ертең таңертең қызың Англиядан ұшып келеді. Мен күтіп аламын.

– Еркінбек күтпеуші ме еді?

– Оның тығыз шаруасы шығып тұр.

– Әй, ол да... қарындасын өзі күтпей ме? Сағынып келе жатқан жоқ па!

– Екеуі әлі бірнеше күн бірге болмай ма! Гүлсайран бір жетіге сұраныпты.

– Денсаулығы түзеліп пе? Өткендегі жарасы жазылып па?

– Әрине, жазылды. Әйтпесе, дәрігерлер жолға шығуға рұқсат ете ме? – деді Кенжехан. Сосын орнынан тұрды.

– Ертең түс ауа Гүлсайранды ертіп әкелем. Қызыңды құшып сүйіп, мауқыңды басатын боласың.

– Айтқаның келсін!

Кенжехан палатадан шығып кетті.

Байжұман ойға берілді.

...Сол жолы Бижамал дөп айтқан екен. Гүлсайран да өзіне-өзі қол жұмсамақ болып, пышақ ұстап, енді жүрек тұсына тақай бергенде, бөлмелестері келіп қалып, әзер құтқарып қалыпты. Оны ауруханаға жеткізеді. Қолын, денесіндегі пышақ тиіп кеткен жерлерді тігіп, көп күн ем жасайды.

Бұл шаруалардың басы-қасында Кенжехан жүрді. Қашан ем-дом алып, өз-өзіне келгенше елге қайтқан жоқ.

Тек Байжұманның ауруханаға түсіп қалғанын естіп, дереу билет алып, осында асығып жеткен-ді. Одан бері де, міне, екі жеті өтіп барады.

«Әй, ақымақ қызым-ай!» деп ойланды Байжұман. «Осынша ессіз болармысың! Қамшының сабындай өмірді өз қолыңмен қысқарту деген барып тұрған ақымақтық емес пе! Соны да түсінбегенің...»

Тағы да ойлады: «Бәлкім, кейде кісінің болмысы фәниді жат көріп, бақиға асыға ма! Бақи өмір шақыра ма өзіне...»

«Жоқ!» деді сосын. «Ол ақталу бола алмайды. Жаратушы фәниді де, бақиды да бар етті. Демек, жұмыр басты пенде ең әуелім фәнидегі өзіне тиесілі жұмыстарды атқарып алуы керек. Оны бітірмей, ана дүниеге кетем десе, онысы асылық іс!..»

Ойланып жатып, ақырын көзін жұмды. Ұйқы әлеміне біржола беріліп бара жатты.

...Көзін ашып алғанда байқады, таң да атқан екен. Таң-тамаша! Сонда түні бойы ештеңе де ойламай, түс те көрмей, алаңсыз ұйқы соққаны ма! Бижамал да келмегені ме? Бәлкім, келген шығар. Бұның тәтті ұйқы құшағына беріліп жатқанын көріп, қайтадан кетіп қалған болар-ақ!

«Әттеген-ай!» деп өкінді енді. «Неге ғана оянбадым екен! Дәл бұлай қатып ұйықтамағалы қанша уақыт...»

Ішінен жымиып қойды. Бүгін қызы Гүлсайранды көреді. Түс ауа Кенжехан осында алып келетін болған.

Енді көргенше асығулы. Қызын шынымен-ақ қатты сағыныпты...

 


 

* * *


 

Түстен кейін палата есігін қағып, алдымен Еркінбек, сосын Гүлсайран кірді. Байжұман қуанғанынан орнынан тұрып кете жаздап, алға ұмтыла түскен-ді.

– Әке, қозғалмаңыз! Сізге болмайды, – деп Еркінбек шыр-пыр.

Қызы жүгіріп келіп, мойнына асылды.

– Әке! Әкетай! Сізді қатты сағындым ғой, әкетайым...

Ұлы мен қызы келген соң, тап-тар көрінетін палата іші де кеңіп сала бергендей. Барлық қуаныш пен шаттық тап қазір осында көшіп келе салғандай.

Осы күні Байжұман өзін барынша бақытты сезінді.

 


 

Он жетінші түн


 

 

Бұл түні Байжұман ұзын-сонар түс көріп шықты. Түс болғанда да, жәй түс емес, сырласу түсі секілді.

Кіммен дейсіз бе?

Он жасар ұлы – Сағынаймен!

...Сағынай әкесін өзі іздеп келген екен дейді.

– Мені іздемедіңіз ғой,әке! – деп жыламсырай тіл қатады.

– Іздедім, балам. Таба алмай жүрдім.

– Анам маған «әкең бізді әлдеқашан ұмытқан» деп айтқаны есімде.

– Ол шындық емес.

– Ендеше, неге көрінбедіңіз? Неге сізді аңсаумен күн кештім?...

– Әкеңнің бір қателігі... Өзіңе кейінірек түсіндіремін.

– Қажет емес, әке! Ештеңені түсіндіріп әуре болмаңыз. Қазір анасыз қалдым. Жалғызбын. Сізден басқа ешкімім жоқ.

– Олай деме! Сенің ағаң бар. Әпкең тағы бар.

– Олар мені білмейді ғой. Білсе де туыс деп санай ма?

– Айтамын. Түсіндіремін.

– Маған сіз керексіз. Әкем екеніңізді мойындасаңыз жетіп жатыр.

– О не сөзің, балам! Бұлай деуіңе жол болсын!

– Анам үзілер алдында «әй, сол әкең сені балам деп мойындар ма екен» деп еді. Күдіктімін.

– Анаң дұрыс айтпапты. Ашу үстіндегі сөз. Оны ұмыт.

– Қалай ұмытамын! Қалай есімнен шығарамын!

– Енді жігітсің, балам! Бір-бірімізді дұрыс түсінуге тырысуымыз керек. Саған әлі талай-талай сыр айтамын. Көр де тұр, өте қызық сыр... Әкенің ұлына айтатын таңғы шықтай тап-таза мөлдір сыры...

Өстіп сырласып жатып, оянып кеткен. Таң да бозарып атып қалыпты.

Емдеуші дәрігер де келді. Ол айтты:

– Соңғы анализдеріңіз өте жақсы. Енді үйге шыға берсеңіз де болады.

– Сөйте алам ба? Рас па? – деп Байжұман қуанып кетті. – Орнымнан тұрсам да бола ма?

– Әрине, рұқсат! Енді қорқыныш жоқ.

– Онда тездетейін. Үйіме барайын. Англиядан қызым да оралып еді.

– Қазір тиісті қағаздарды әзірлетеміз. Түске жақын көлік келе берсе де болады.

 


 

* * *


 

Үйге келген соң, көңілі көтеріліп, бір жеті бойы қызының қасынан шықпады. Қызметші келіншек Айсара бұларға күн сайын әртүрлі дәмді ас әзірлейді. Кейде қызы екеуі, ал кейде Еркінбек пен келін келіп қосылып, көңілді әңгіме үстінде ас ішеді.

Әдемі де әсерлі сәттерде байқамапты, бір күні аңғарып қараса– Айсараның жүзі сынық. Оңашада әңгімеге тартты.

– Саған не болған?

– Жалғыз апайым бар еді, содан таяуда айрылып қалдым.

– Қиын болған екен! Еркінбек айтқан. Арты қайырлы болсын! Алланың ісі ғой бұл енді.

– Есіме түсе береді, – деп Айсара кемсеңдеді. – Бір үйде екеуміз-ақ едік. Әке-шешеміз ерте бақиға озды. Енді міне, мен де жалғыз қалдым. Жалғызбын...

– Олай деп қамықпа, – деді Байжұман. – Біздің үйдің бір мүшесісің. Сенің қайғың-біздің де қайғымыз.

– Рахмет сізге! Осы сөзіңіздің өзі мен үшін үлкен демеу...

Әңгіменің үстіне Еркінбек келіп қалды. Айсараның жылап отырғанын байқап қалып:

– Бұлай келіскен жоқ едік, – деп дүрсе қоя берді. – Әкеме көз жасыңызды неге көрсетесіз?

– Кешіріңіз, шыдай алмай... жағдайымды сұраған соң...

– Сонда да бұлай етпеуің керек. Ал, егер...

Сөзді Байжұман бөлді.

– Жә, балам, – деді Еркінбекке. – Туған апайын мәңгіге жоғалтқан кісінің жан – дүниесін, ішкі күйзелісін түсіну керек. Бұл күндер де өтер...

– Әке, сізге ашулануға болмайды. Қобалжуға да. Олай болса, кісінің көз жасын көрмегеніңіз өте дұрыс.

– Оқа емес. Сөзді өзім бастап едім.

– Дегенмен, соңғы рет ескертемін. Мұндай жағдай екінші рет қайталанатын болса, онда келісімді бұзамыз.

– Түсіндім! – деді Айсара. Сөйтті де, орнынан тұрып, ас үйге қарай кетіп қалды.

Еркінбек пен әкесі оңаша қалды.

– Әке, – деді баласы. – Сіз білесіз бе, менің қарындасым Англиядан қайтқысы келмейтін сияқты.

– О, неге? Қазақстан деген ғажайып елі бар емес пе!

– Шетел қатты ұнайды дейді.

– Жоқ, болмайды. Қазақтың Отаны да, жұрты да-осында. Өлсек, сүйегіміз де осында қалуы тиіс. Бұл – бұлжымас заң!

– Соны айтып, түсіндіріп бақтым. Гүлсайран өзінің түпкілікті шешімін қабылдап қойған тәрізді. Көнбейтін түрі бар.

– Жарайды, өзім ертең сөйлесермін.

 


 

Он сегізінші түн


 

 

Оң жақ бүйіріндегі төсек сықырлады. Байжұман көзін ашты да, дереу мойын бұрды. Сықыр бар да, ешкім жоқ. Қайта көзін жұмып еді, тағы да сықыр естілді. (Диалогты өзі бастап әкетті)

– Әй, бұл кім?

Үн жоқ.

– Кім деймін?

– Мен ғой...

Әйел даусы... Әрине, Бижамалдың жағымды үні.

– Неге тығылып жүрсің?

– Мені іздей ме деп ойлап ем! Төсегіңнен қозғалатын түрің жоқ.

– Қайдан іздеймін. Ұйқылы-ояумын.

– Жарайды, іздемей-ақ қой. Мұндамын.

Бижамал төсектің бір шетіне отырды.

– Сен білесің бе! – деді сосын. – Осы шаңырақта үлкен бір шу басталғалы тұрғандай.

– Қандай шу?

– Қызыңа қатысты.

– Жоқ, шу шығара қоймаспыз.

– Болады.

– Неге?

– Гүлсайран шетелдік бір жігітпен танысып үлгерді. Ендігі бар ойы – Англияда қалып қою.

– Онысы дұрыс емес.

– Әрине, фәниліктер үшін бұл өте бұрыс қадам. Ал, біз үшін...

– Бақидың заңы қызық.

– Бақида бәрі де ерікті. Мұнда ұлт деген, ру деген жоқ демедім бе!

– Сол жақсы ма? Ұлт болса, ұлтты сүйетін патриоттар да болады. Ал, ұлтсыздық деген...

– Бақилықтар адамдарды сүйеді. Барша адамдарды қорғауға ұмтылады.

– Кімнен?

– Сол адамдардың өзінен.

– Адамды адамнан қорғау деген немене сонда? Бәрі де бірдей деген жоқсың ба!

– Арам ниеттен! Теріс пиғылдан. Өсек пен өтіріктен...

– Ондай сезім бақида да бола ма?

– Әзір болған емес. Егер бола қалса...

– Сендерде де күрмеулі мәселе жетерлік екен.

– Адамдар бар жерде мәселе мәңгі шешілгенін қашан көріп ең?

– Жә, оны қойшы. Сонымен менің отбасымда неге шу шығады дейсің? Оны неге сүйеніп айттың?

– Қыз сенің дегеніңе көнбейді. Ашуланасың. Дау-дамай содан бастау алады.

– Бұл өтірік!

– Көр де тұр. Солай болады.

– Сонда... не істе дейсің маған! Қызымның дегеніне көнем бе?

– Әзірге қатты сөзге келме. Ақырын күту керек.

– Кейін кеш болса ше!

– Оны уақыт көрсетеді.

 


 

* * *


 

Ертесіне Гүлсайран жол жүруге жиналды.

Байжұман оны оңашалап, әңгімеге тартып көрді.

– Биыл оқуың да бітеді, – деді. – Елге келген соң, қайда жұмыс істемексің?

– Әке, – деді қызы. – Әлі де оқуымды жалғастыра берсем қайтеді!

– Біреуін бітірмейсің бе? Өмір бойы оқымақ ойың бар ма?

– Әрине, өмір бойы емес. Тағы екі жыл оқысам...

– Қайдан білейін... Қасымда болсаң деп едім.

– Әке, екі жылдан соң ораламын. Уақыт тез-тез өтіп кетеді.

– Ондай арманың болса, не дейін! Өз ақылың өзіңе жетеді ғой, қызым! Саған сенемін! Шексіз сенемін...

Әңгіме осымен қысқа тәмамдалды.

 


 

Он тоғызыншы түн


 

 

Бүгінгі түні Бижамал Байжұманды мақтап, арқасынан қағып, өзінің ризалық сезімін қайта-қайта білдірумен болды.

– Өте ақылды іс істедің! – деді Бижамал. – Қызың да артық сөзге бармады, сен де сөйттің.

– Ол енді шетелдік бір жігітпен қолтықтасып кете барса қайтпекпін!

– Әлі шешілген шаруа емес. Кім біледі, Гүлсайран ойланар.

– Сөйтсе екен. Ақылға келсе екен. (Басын ұстады)

– Оны күтесің. Күтуің ғана керек.

– Күтпегенде қайтем. (Даусы дірілдеді)

Басын ұстап, ұзақ отырып қалып еді, енді Бижамал:

– Қызыңды осымен қоя тұралық, – деп басқа әңгіменің тиегін ағытты. – Сенің ұлың бар емес пе! Ана Бибісарадан...

– Иә, бар.

– Сол бала анасының сіңлісінің қолына көшті.

– Олар қайда?

– Білмеймін. Әйтеуір білетінім – баланың жағдайы жоқ. Сіңлісінің жұмысы тым ауыр. Балаға дұрыстап қарауға уақыты аз.

– Қай жерде екенін анықтап берші. Барып алып қайтамын.

– Айтпадым ба, ол енді фәнидегілердің ісі деп.

– Бала мектепке бара ма? Оқуы қалай болып жатыр? (Еліріп алды)

– Айта алмаймын. Айтатыным – қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны...

 


 

* * *


 

Ерте оянып, төменге түсіп, бір шыны кофе ішпек болды. Айсара құрақ ұшып, кофе әзірлеп, алдына тосты. Оған ұрлана қарап қойды.

Жүзі сынық. Көңіл-күйі жоқ екені көрініп-ақ тұр. Сыртымен сыр бермесе де, ішінде ауыр мұң бұғып жатыр.

– Байқаймын, соңғы кезде ауыр ойдан арыла алмай жүрген сияқтысың! – деді Байжұман. – Айта бер. Не көмек керек болса да аянбаймын.

– Бәрі де дұрыс.

– Қысылма! Айт ойыңдағыны.

Айсара қолы дірілдеп, еріндері жуыспай:

– Өзіме емес, – деді.

– Кімге көмек керек?

– Ана балаға... апайымның баласына...

– Не көмек?

– Оқуы ақылы екен, ақша жетіңкіремей...

– Жарайды, беремін. Айлығыңнан кейінірек қайтара жатарсың.

– Сізге Алла разы болсын!

Байжұман тез киінді де, жұмысына шығып кетті.

 


 

Жиырмасыншы түн


 

 

Түн. Тағы да екеуі. Байжұман дел-сал.

Бижамал еркелете, басынан сипалап отырып, кенет:

– Сен білмейтін бір құпия бар, – деді.

– Ол не?

– Айсара бар емес пе?

– Иә.

– Не істеп жүргенін білесің бе?

– Не істепті?

– Сен таңнан кешке дейін жұмыста боласың. Ол үйге апасының жетім қалған баласын алып келіп, тамаққа тойғызады.

– Сосын? (Даусы өзгерді)

– Пианинода ойнатады. Ешкімге қол тигізбейтін пианиноға...

– Сосын? (Даусы тарғылданды)

– Тағысын тағылар.

– Ой, мен оны... адал, таза, ақжүрек жан деп жүрсем... Ертең сөйлесермін.

 


 

* * *


 

Таңертең Айсараның берген шәйін ішті де, айтуға оқталып барып, ол туралы сөз қозғамады. Өз көзімен тексеріп байқамақ. Ештеңе сездірместен жұмысына кетіп қалды.

Кетіп бара жатып:

– Бүгін түсте жиналысым бар, – деді. – Кешке кешірек ораламын.

Жұмысқа келген соң, бір сағат күтті де, сосын шоферға:

– Қазір шығам, – деп ескертіп қойды. Қайда баратынын да айтпады.

Дереу үйге бет алды. Шофер бастығының тапа-тал түсте үйге келе жатқанына аң-таң. Жақындай бергенде жүргізушіні тоқтатты да, ары қарай жаяу жүрді. Оған:

– Сен осында күте тұр, – деді.

Алдынан сүп-сүйкімді, бұйра бас қара бала шыға келгені. (Бірақ Байжұман оның сүйкімділігін сезіне алмады)

– Сен кімсің?

– Ал, өзің кімсің? (Қайсар екен!)

– Мен осы үйдің иесімін.

– Мен осы үйге ас әзірлейтін апайдың баласымын. (Нық сөйлейді)

– Е, түсінікті. Саған мұнда кіруге кім рұқсат берді?

Бала да тайсалған жоқ.

– Ол үшін арнайы рұқсат алу керек пе, а? (Көздері отты!)

– Үйдің иесі рұқсат етпесе, бөтен біреу ол үйге баса-көктеп кіре ала ма?

Айсара да келе қалды.

Ол жыламсырап:

– Мені кешіріңіз, – деді. – Басқа ылажым қалмады. Жетімсіретпей, қалайда өсіруім керек. Амалым жоқ...

Байжұман өз ашуын тежей алмай:

– Баланы бұлай өсірмес болар еді, – деді. – Кімді және қалай тәрбиелеп жатырсың, а?

– Кешіріңіз. Енді қайталанбайды.

Айсара басын иіп, тізерлеп отыра қалғаны.

Бала ашу шақыра, шаңқ ете қалды.

– Апайымды бұлай неге қорлайсыз? (Жанарынан ұшқан шашырады)

– Ол алдымен өз кінәсін түсініп алсын.

– Мұнда өз еркіммен келдім. Жазаласаңыз, мені жазалаңыз.

– Екеуіңді де үйден қуамын.

– Өйтуге хақыңыз жоқ, – деп бала тағы да айбат көрсетті. – Бізге әуелі ақымызды толық төлейсіз. Адал ақымызды...

Баланы желкесінен ұстап алып, жұлқылап-жұлқылап жіберді.

– Өй, көргенсіз...

– Көргенсіз мен емес, мына сіз...

Айсара баланың аузын жауып, қайта-қайта кешірім сұрады.

Байжұман қатты ашуланып, есікті тарс жауып, шығып кетіп қалды...

 


 

* * *


 

Жұмысқа келген соң, қаны басына теуіп, не істерін білмей, ерсілі-қарсылы жүре берді, жүре берді. Есіктен Кенжехан көрінді.

– Саған не болған?

– Үйдегі қызметшіні айтамын да. Мен жоқта жетім баланы кіргізіп алып...

– Онысы дұрыс емес, әрине.

– Үйден қуып шықсам ба деймін. Тап бүгін-ақ...

– Бұл дұрыс шешім бола ма! Амалы таусылған соң баланы алып келген болар? Жағдайы белгілі.

– Сонда да қуамын.

– Меніңше, артын бағу керек. Қанша дегенмен, білдей бір мекеме басшысы деген атың бар.

– Сөйтейін бе?

– Сөйткенің дұрыс. Ал, қуып жіберу, түптеп келгенде, оңайдың оңайы.

 


 

Жиырма бірінші түн


 

 

Ас үйде көп бөгелмей, дәмнен азғана ауыз тиді де, бөлмесіне кетуге ыңғайланды. Айсара бұған жанарын тайсақтай қарап, даусы дірілдеп:

– Көңіліңізге тидім-ау, – деді. – Ешқашан ренжітпеспін деп ойлаушы едім.

– Ондайды айтып барып, ашық істеу керек. Ұрлық әрекетті о бастан жаным сүймейді.

– Бір кемшілік жіберіп алдым.

– Жарайды, бүгін өте қатты шаршадым. Бөлмеме көтерілейін.

Осыны айтты да, ас үйден шығып бара жатты.

 


 

* * *


 

Тез-ақ ұйықтап кеткен екен, құлағының түбінен сызылтып ән салған жағымды үн естілді. Баяғыда-а, жас күнінде айтатын махаббат әні. О, тоба! Бұны кім екен есіне түсірмекші болған?! Бижамал ма? Иә, сол болуға тиісті.

Көзін ашып алды.

Рас. Ыңылдап әндеткен – өзінің Бижамалы. (Көңілді сөз бастады)

– Ту-у, даусың қандай әсерлі! – деді Байжұман. – Қалай сызылтып айтасың, а?

Бижамал күлді. Күлді де:

– Жаныңда жүргенде даусымды мақтамаушы едің, – деді. – Елең де қылмайтынсың.

– Бекер олай дейсің, – деді Байжұман. – О баста сенің даусыңа ғашық болғанмын. Соны ұмыттың ба?

– Айтқансың. Баяғыда-а...

– Жас кезде кісі бір-бірінің қадірін өте жақсы сезінеді.

– Ал, кейінірек ше?

– Есейе келе, сезім де өзгереді. Жастық желік те басылады.

– Сүю сезімі де ескіреді дейсің ғой,ә!

– Жоқ! Сүю – мәңгілік! Сүю сезімін жоғалтып алғандар – бақытсыз жандар.

– Ал, біз ше? Біз қалай болдық?

– Бір-бірімізді шын сүйе алдық. Тек... ертерек тастап кеткенің болмаса...

Екеуі де үнсіз қалып, тым-тырыс болды. Бөлме ішін бір сәт тыныштық жайлады.

Бижамал сөз бастады.

– Кеше Айсараға тым қатты сөздер айттың, – деді. – Оның дұрыс емес.

– Ауыр сөз естісе, өзінен көрсін.

– Бала үшін емес пе! Жетім қалған жас балаға көңіл шуағын төкпек болса, несі айып! Сенің балаң да сондай қиын жағдайды бастан кешіп жүрген болар. Сағынайды айтамын.

– Менің Сағынайым қашан көзіме көрінер екен! Жуық арада көре алам ба, жоқ па – белгісіз! (Ауыр дем алды)

– Көресің. Тіпті жақын күндерде.

– Солай ма! Рас айтасың ба?

– Өтірік айтып қайтемін. Бақида өтірікке жол жоқ.

Байжұман ойлана түсіп:

– Балам табылған күні қайтер екен? Мені әкем дей ала ма! – деді.

– Бәрі өзіңе байланысты.

– Сонда не істе дейсің?

– Жүрегіңнің төрінен орын бере алсаң, әрине, сені әкем дейді.

– Әрине, сөйтемін. Одан аянып қалған сезім біржола сөніп, жүрек жарылып-ақ кетпей ме!

– Осы сөзіңде тұр.

– Тұрам. Көр де тұр, баламды елжірей жақсы көретін боламын.

 


 

Жиырма екінші түн


 

 

– Махаббатқа сенесің бе?

– Әрине, сенемін.

– Оны қадірлей білесің бе?

– Әрине, қадірлеймін.

– Ендеше, тыңда! – деді Бижамал. – Мені мұқият тыңдап ал.

– Ал, құлағым сенде.

– Біздің Гүлсайран, – деді Бижамал тамағын кеней түсіп. – Англияда төрт жыл оқи жүріп, әлемдік деңгейде ой саралауға дейін өсті. Ол – өте ақылды қыз болып бойжетті!

– Е, оған сөз бар ма! Менің қызым ақылды болмаса, кім ақылды бола алады!

– Сол ақылды қызың...

– Иә, не тағы да? (Жүрегі дір-р етті)

– Ақылды қызың – ақылды іске аяқ басты.

– Қандай? (Әрі-сәрі күйде)

– Таяуда тұрмысқа шықпақшы.

– Кімге?

– Бір жігітке.

– Ол кім?

– Әзірге айта алмаймын.

– Неге?

– Толық біле алғам жоқ. Анық білетінім – тұрмысқа шығуға бел байлағаны.

– Енді тезірек білсейші. Әйтпесе, бәріне кешігіп қалсақ...

– Фәнидегілер өте асығыс. Тез-тез болғаны қалайды. Ал, бақида басқаша.

– Жарайды, бақида солай болар. Маған бүгінгі күн қымбат. Фәнилік өмір маңыздырақ.

Енді жалынғандай болып, асыға-аптыға сөз айтып жатыр еді, Бижамал:

– Анықтаймын! – деді. – Уәде беремін. Қазір одан да маңызды іс бар.

– Ол не? (Тағы да шошынды)

– Айсара үйден кетуге жиналып жатыр.

– Кет деген жоқ едім.

– Сөзіңді өте ауыр қабылдаған сыңайлы.

– Солай шешіп жатса, өзі білсін. Байлап-матап ұстап тұра алмаймын ғой. (Селқос кейіп!)

Бижамал оның сөзіне кәдімгідей ренжіп қалды.

– Сен тасжүрек бола бастапсың.

– Неге олай дейсің?

– Айсараны аямасаң да, баланы аяуға болмас па! Жұмыссыз қалса, баланың жағдайы нашарлайды. Оқуына да қиындық туындайды.

– Оны әуелі Айсара ойлануы керек.

– Әйел жаны қай кезде де нәзік. Кішкене қатты сөзді жүрекпен қабылдап, күйреп қалады.

– Оған ешқандай ескерту жасамауым керек пе! Тиісті ақысын өз уақытында төлеймін. Үйде емін-еркін жүре алады.

– Ең әуелі – баланың тағдырын ойла!

– Баланы көрдім. Өзі – бірбет! Тайсақтау дегенді білмеді. Тіпті жағаласа кетуге де әзір...

– Баланың ынжық болып өскені кімге пайда! Ойлан! Әлі де ойлан! Кейін өкініп қалып жүрме, Байжұман!

– Өкінбеймін! Неге өкінуім керек?

– Онда өзің шеш! Мен айттым. Кейін «айтпадың ғой» деме...

...Таң да атып келе жатыр еді.

 


 

* * *


 

Ертесіне шәй үстінде Айсараны әңгімеге тартты.

– Неге жүзің өте сынық? Бір жерің ауырып жүр ме?

– Ештеңе емес.

– Бұрынғыдай көңіл-күйің жоқ.

– Шаршаулы шығармын.

– Онда біраз уақытқа демалып кел.

– Соны өзім де айтқалы отыр едім, – деді Айсара. – Екі жетіге рұқсат етпес пе екенсіз...

– Жарайды, өзің шеш...

Осыны айтты да, жұмысқа жиналды.

 


 

Жиырма үшінші түн


 

 

Айсара бұл үйден өз еркімен сұранып кеткелі үш-төрт күн өтіп бара жатыр, қазір Байжұман оған қатты бауыр басып кеткенін аңғарғандай. Коттеджде жүргенде қадірін сезінбеген екен, күнде таңертең ыстық сүт пен қою шәй әзір тұратын. Тек ол ғана емес, үйдің ішінде жылылық та сезілетін. Ал, қазір бөлменің бәрі азынап бара жатқандай.

Жұмыстан келеді. Жалғыз отырып шәй ішкен болады. Теледидарды қосады. Хабар көреді. Бәрі де тартымсыз.

Кенжехан досы екі рет мейрамханаға шақырды. Онда да көп отыра алмады. Басы ауырып,жүрегі қысады. Ішкілік те тартпайды. Ерніне апарса болды, жүрегі лоблиды.

...Бүгін де жұмыстан ертерек оралып, өз үйінде жападан-жалғыз теледидар көріп отыр. Бір отбасы тағдыры туралы көркем фильм. Еркек бір жаққа, келіншек екінші жаққа тартады. Екі ортада жас сәби жылаулы.

– Екеуің ұрыспаңдаршы! – деп жалынады.

Тыңдап жатқан әке де, шеше де жоқ.

«Міне, бүгінгі заман сиқы осы!» деп ойлап қойды. «Әркім өз басын ойлайды, өз рахатын ғана бастан өткергісі келеді. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік...»

Өз ойынан өзі шошып кетті.

Кімге ақыл айтып отырмын! Өзім ше? Өз тағдырым қалай? Бибісараны екіқабат еттім де, мүлде ұмыттым. Бала әкесіз өсіп келеді. Енді міне, ол да жетім... Шеше жоқ. Әке-белгісіз...»

Ой шырмауында жатып,сол күйі ұйықтап кеткен екен. Тағы да сыңсып салған ән әуенінен оянып кетті.

Диван жанында – Бижамал тұр. (Дереу диалогты бастады)

– Сен... сен мені мұнда іздеп келгенбісің? – деп Байжұман ұшып түрегелді.

– Өз бөлмеңе барып ұйықтау орнына, осында қалғып кеткенің қалай?

– Бәрібір емес пе! Өз үйім...

– Жатын бөлме – ұйықтау үшін...

– Сол жаққа аяғым тартпайды. Көңілсіз... сен жоқсың...

– Мен келем ғой.

– Бәрібір қайта кетіп қаласың.

– Айсараны іздей бастадың ба! – деді Бижамал. – Саған не деп едім.

– Іздегенім рас. Бірақ, ол аса үлкен өкініш емес. Келмей қойса да өкінерің мен болмаймын. Орнына басқа біреу табылар.

– Мәселе сонда, – деді Бижамал. – Басқа келіншек көп, ал Айсара жалғыз...

Бижамалға қарсы сауал қойды.

– Сені түсіне алмай барамын. Ана жолы айттың. «Осы Айсарадан сақ бол, әйтпесе өкінесің» деп. Енді басқаша сөйлейсің. Ойың не? Арманың не?

– Бар ойлағаным-сенің бақытты болғаның. Айсараны айта беретін себебім...

– Иә, не себеп?

– Оның орны бөлек. Бұрын басқаша еді, енді тіпті де...

– Қалайша өзгере қалды? Сонша қадірлі болатындай...

– Ол ана баланың пайда болуымен тығыз байланысты.

– Тағы да бала! Тағы да сол әңгіме... – деп Байжұман күйініп кетті.

– Бала тағдырын мүлде ұмытқаның үшін әлі өзіңді-өзің кінәлайтын боласың. Осыны ұмытпа.

– Жарайды! Есімде ұстаймын. Содан басқа айтар сөзің да таусылған ба осы?

– Бұл әңгіменің ең негізгі өзегі.

– Айтасың-ау!

...Осы кезде таң да сыз бере бастады.

 


 

Жиырма төртінші түн


 

 

...Жүрегі сыздап жатып оянып кетіп еді, жан-жағына қарап, тағы да Бижамалды іздеді. Көрінбейді. Қою түн болса да ол жоқ. Әлденеге ренжіді ме, мұнысы қалай? Өткен түні оған қаттырақ сөйлеп қойып еді, соған жасап отырған ерке-назы ма бұл!..

– Мен мұндамын!..

Үйдің бір бұрышынан сыңғырлаған нәзік үн естілді.

– Е, бар екенсің ғой.

– Немене, келгеніме қуанбайсың ба!

– Қуанамын. О не сөзің!

Бижамал жанына келіп иіліп отырды. Тамағын кеней түсіп:

– Бүгін саған інің Ержұманның сәлемін ала келдім, – деді.

– Ол не деді? Жағдайы қалай? – деп Байжұман жас балаша елпектеді. – Айтсаңшы тезірек...

– Айтатын не бар? Інің ренжулі.

– Не үшін?

– Баласы үшін, әрине.

– Балаға не болыпты?

– Баласы Ерғали Англияны тастап, Жапонияға оқуға ауысыпты.

– Оған менің қандай қатысым бар?

– Оны өз балаңдай бауырыңа баса алмадың. Жақын санамадың.

– Өзі икемделіп тұрмаса, не істей аламын. Ерғалиға айт. Бар кінә – өзінен.

– Бұл – бұйрығың ба?

– Солай десе де болады. Айтқанды тыңдамай, оңды-солды берекесіз өмір сүріп, ақыр аяғында бар ауыртпалықты маған артып кеткен ініме енді не деуім керек!

– Өте қаталсың.

– Оны үйреткен – тағдыр! Заман... (Сөзі зілді!)

– Олай емес.

– Енді қалай? (Даусында ыза бар)

– Ол – сенің бостығың. Өз тағдырыңа өзің ие болмағаннан.

– Бір адам мен секілді өмір сүре алса, аз емес. Қызмет бар ма – бар! Абырой бар ма-бар! Ұл-қыз өсірдім бе – өсірдім! Дүние жете ме-жетеді...

Бижамал күліп жіберді.

– Адамның бар бақыты тек сонда ғана ма?

– Басқа не керек? (Алаң көңіл...)

– Адамгершілік, мейірім, рахым, ықылас...

– Бәрі де алдамшы нәрсе! Қызметің мен дүниең болмаса – сені ешкім де керек етпейді.

– Сенің философияң! Фәниде ең басты құндылық-рахымшылық болуы керек.

– Сенің ойың.

– Онда екеуміз де өз пікірімізде қаламыз ба, қайтеміз...

– Солай еткеніміз оңды болар.

 

 


 

Жиырма бесінші түн


 

 

...Көзінің алдын ұзын-сонар теңіз толқыны көлбеді. Шеті де, шегі де жоқ су... «Бұл қай жер екен» деп ойлады. Ақылы жетсе қане! Дәл мұндай үлкен теңіз болмаушы еді. Бұл қай теңіз?...

Дауыс естілді.

– Әке! Әкетай!

Жалт қараған. Сөйтсе, қызы Гүлсайран!

– Сізге баяғыда-ақ айтқым келген. Бірақ бата алмай жүрдім.

– Не жөнінде, қызым-ау! – деп Байжұман да елжірей сөйледі. – Не айтпақшы едің?

– Мен, әке, жапон жігітіне тұрмысқа шықтым.

– Қой, әзілің шығар.

– Оны шын сүйемін.

– Шын махаббат тек қана қазақ қызы мен қазақ жігітінің арасында болмаушы ма еді?

– Махаббат ел таңдамайды, жер таңдамайды. Махаббат – ұлт таңдамайды, мемлекет таңдамайды...

– Осы сөзің тым артық... (Даусында діріл...)

– Әлі сіз де түсінесіз. Сізге де түсіндіретін уақыт келе жатыр...

– Ол не?

– Жаһандану! Жер бетіндегі шын сүйе білгендер мен нағыз ғашықтардың бір-бірімен мидай араласуы...

– Онда жетіседі екенбіз. (Аһ ұра айтады)

– Өкінбеңіз, әке! Қазақ пен неміс, өзбек пен ағылшын, жапон мен қырғыз... қым-қиғаш араласып жатса, ол жаман емес.

– Әй, қызым-ай! – деп күрсінді Байжұман. – Түбі осыдан таяқ жейміз. Көр де тұр, сұмдықтың көкесі алда.

– Сұмдық емес, жақсылық деңіз. Бар жақсылық – алдымызда.

– Қызым! Қызым-ау, сен не деп кеттің? Бұның қалай? Жапонияда нең бар, қарағым-ау... (Қырылдайды, қылғынады)

Айқайлап жатып, аласұрып жатып оянып кеткені...

Түн екен. Қою түн. Тып-тыныш түн. Тек қара терге түскен – өзі ғана.

Көзін ашып алып, төбеге қарап, ұзақ ойланып жатты.

«Ана жолы Бижамал бірнеңені айтпай, бүгіп қалып еді. Ол осы екен ғой. Қызым расымен-ақ жапон жігітіне тұрмысқа шықпақ па? Бұнда қандай сыр бар? Неге аяқ астынан...»

Әлдеқайдан дауыс естілді.

– Жаңа заманды еш түсіне алмайды екенсің! Бұл жақсы емес...

Байжұман алақтап, жан-жағына қарады.

– Әй, кімсің өзі?

– Кім екенімді қайтесің! Әуелі өзіңе қара. Өз ойыңды жөнде.

– Ойым қате деп кім айтады! Аузыңа келгенді айтып, былжырай берме.

– Заман сөзін айтып тұрмын. ХХІ ғасырдың бағыты осы! Оны ұғынып, түсініп, өз деңгейінде қабылдағаның мақұл.

– Қандай бағыт?

– Ескі қазақ болмайды. Жаңа ұрпақ келе жатыр.

– Жаңа қазақ?! Ол кім?

– Әлем халықтарымен деңгейлес, бәрін де ұғатын, бәрін де білетін өте алғыр ұрпақ.

– Алғыр болғаны жақсы-ақ! Бірақ өз жұртын, өз тегін, өз дәстүрін мансұқ етер болса, онда қазақтан садаға кетсін.

– Таза қазақ азаяды. Қызың басқа ұлтқа тұрмысқа шығып, ұлың өзге елден келін түсіреді. Одан туған ұрпақ кім болмақ? Өзің ойлап көр...

– Дүбәра. Оны таза қазақ деуге бола ма?

– Міне, бар гәп сонда. Сен осыны мойындағың келмейді. Жақсы емес.

– Не жақсы сонда?

– Жаңа заманды түсіну – ақылдылық! Уақытқа ілесе білу – парасаттылық.

– Мен ілесе алмаспын. Ілескім де келмейді.

– Онда ескі заманмен бірге сенің де атың өшеді. Келер ұрпақ өзіңді ұмытады.

– Ұмытса ұмытсын! Ең соңғы ескі қазақ мен болсам да – арманым жоқ. Естимісің, армансызбын-н...

Байжұман қатты дауыстап, айқайлап жіберді де, өз дауысынан өзі шошып кетті.

Бағаналы бері кіммен сөйлескенін де түсіне алмай, елегізіп жатты.

Терезеден таң да енді-енді сызат берген екен...

 


 

Жиырма алтыншы түн


 

 

Ояу жатқан болатын.

Бижамалды күтулі. Ол сықырлай басып, бұның төсегіне жақындай бергенде-ақ:

– Мен бәрін білем, – деді.

– Нені?

– Қызымды айтамын.

– Ал, айта ғой білетініңді.

– Ол жапон жігітіне тұрмысқа шықпақшы ма?

– Қалай біліп алдың?

– Періштелер...

– Періштелерге де дауа жоқ. Үндемей жүрсе қайтеді екен, а?

Байжұман өз ойынан хабар бере:

– Бұған мүлде қарсымын, – деді.

– Қызың тыңдаса жақсы.

– Тыңдаса да, тыңдамаса да – бәрібір келісім бермеймін.

– Онда қызыңнан айрыласың. Сені көрмей кетеді.

– Кетсе кете берсін. Әкесі керек болмаса, не істемекпін!

Бижамал оның арқасынан сипалап қойып:

– Саған өзгеру керек, – деді.

– Өзгермеймін.

– Онда опық жейсің.

– Нар тәуекел!

– Баяғы мінезің...

– Солай жаратылдым, солай өлемін!

– Өлемін деме, бақиға озамын де.

– Иә, солай-ақ делік.

Осыдан соң, Бижамал Байжұманға тағы бір тосын әңгіме айтты.

– Айсара келді ме?

– Жоқ.

– Екі жұма өткен жоқ па!

– Өтті.

– Неге келмей жатыр?

– Қайдан білейін. Өзіне ыңғайлы басқа жұмыс тауып алған шығар.

– Онда өкінесің демеп пе едім.

– Өкінбеймін.

– Өкінесің.

– Ой, неге өкінеді екем! (Даусы тым ащы!)

– Өйткені...– деді Бижамал. – Өйткені, Айсара ұзақ уақыт сарсыла іздеген сүйіктің Бибісараның туған сіңлісі.

– Әзілің бе! (Таң-тамаша!)

– Ешқандай әзілім емес.

– Сонда ана бала... (Діріл...)

– Сенің ұлың – Сағынай. Сол бала...

Басын ұрғылады. Өксіп-өксіп жылап та жіберді.

– Неге, неге маған ертерек айтпағансың!

– Тыңдадың ба?

– Оларды табуым керек. Іздеуім керек... мен қазір...

Оны әзер тоқтатты.

– Қазір түн. Түн ішінде қайда барасың?

– Кешігіп қаламын.

– Таңертең іздесең де табасың.

– Неге кетеді? Мен рұқсат бердім бе, а?

– Өзің кете бер деген соң...

Бижамал күлді. Байжұманның мүлде шарасыз күйге түскеніне.

– Әні, қатты өкінесің дегенім осы болатын.

– Сен... сен бәрін де баяғыдан білдің бе! Неге, неге жасырдың? Бұл-қызғанышың ба?

– Өзіңді тексермек болдым. Сөйтсем, әлі де өзгермепсің! Тым қаталсың! Тасбауырсың! Әйтпесе, жас балаға сонша шүйлігермісің?

– Оған емес, Айсараның ісіне... Маған айтпай, жасырын істегені үшін...

Қайтадан басын ұрғылады. Бижамал оны сабырға шақырды.

– Енді өкінгеннен не пайда! Таң атсын. Сосын іздеп табасың. Ал, мен... кеттім. Таң да сыз бере бастапты.

Алғаш рет Бижамалға жақсы деп айтуға да мұршасы келмей, қалта телефонына жармасқан. Кенжеханды іздеді.

– Ало! Кенжехан, шұғыл іздеу керек! Оны тез табыңдар-р...

– Кімді іздейміз! – деген Кенжеханның әлсіз даусы естілді. – Кімді?

– Ақымақтар! Мисыздар! Оған кет дегем жоқ. Балаға... балаға обал. Ол өте жас қой... Әлі бұғанасы да қатпаған...

Кенжехан түкке түсіне алар емес. Өзі ұйқылы-ояу.

Осы сөздерді айтып тұрғанда Байжұманның көз алдына сүп-сүйкімді бұйра бас бала елестеді. Әрбір қимыл-қозғалысы... Батыл мінезі... Әсіресе, оны желкесінен бүре ұстап, жұлқылап-жұлқылап жібергені...

Қайта-қайта аһ ұрып, Кенжеханға әлденелерді айтып жатыр, айтып жатыр.

 


 

Жиырма жетінші түн


 

 

Күндіз Кенжеханды бір жаққа, Еркінбекті екінші жаққа жіберіп, жақсы хабарды асыға күтіп отырды. Бірақ кешке дейін ешқайсысынан хабар болмады. Кеш түсе амалсыз салы суға кетіп, үйге қайтсын.

Шәй қойып ішпекші болып еді, тіпті тәбеті жоқ.

Теледидар қараса, ол да қызық емес. Өшіріп тастады.

Кеш түсіп, үй қарағылана бастады.

Әртүрлі ойға беріліп жатып, көзі ілініп кеткен екен, төменнен шыққан әйел даусынан оянып кеткені. Ас үй жақта біреу жүр. Әлдекіммен телефон арқылы сөйлесуде.

– Ау, бұл кім?

– Мен едім...

Орнынан ұшып тұрды. Айсараның даусы тап қазір жұмақтан жеткендей.

– Сен бе? Келдің бе? – деп жанына қалай тез жетіп келгенін де байқамаған. – Осынша уақыт неге кешіктің, а? Уәде берген жоқ па ең?

– Бала ауырып қалып...

– Ол бала қайда? (Дегбірі қашқан)

– Ауруханада.

– Қандай аурухана? Қайдағы аурухана?.. (Тамағын кенеді.)

– Ауылдағы.

– Ауылың не сенің? – деп Байжұман дірілдеп-қалшылдап кетті. – Қаладағы дәрігерлер тұрғанда...

– Бұлар көп ақша сұрайды.

– Ойбай-ау, маған айтпадың ба? Бала тағдыры осынша ойыншық па? Әй, сендер де осы...

Аз-кем мүдіріп тұрып:

– Тез жинал! – деді оған.

– Қайда барамыз?

– Балаға. Ауруханаға.

– Қазір жол жабық. Автомобильдерді өткізбей жатыр.

– Е, неге?

– Түнде боран болады дейді.

– Әй, бір десе... Боран деген не пәле тағы...

Қолын ысқылап, арлы-берлі ұзақ жүріп алды.

– Енді амал жоқ, таңды күтеміз де... (Амалсыздың үні!)

Төбеге көтеріліп бара жатты. Екі аяғы зіл-батпан. Әзер ілбиді...

Түн ішінде неше түрлі түс көрді.

Қарлы боран лекіте соғып тұрса да, бұлар жолға шығып кеткен екен. Жол үстінде адасыпты. Айдала. Түк көрінбейді. Көмекке келер жан қайда?

Сонау-у алыстан ұлы Сағынай көрінеді.

– Әке, – деді ол. – Сені құтқару үшін келе жатырмын.

– Балам-ау, – деп Байжұман ышқынады. – Мынадай майлы боранда жолға шығып кеткенің не? Өзің сырқатсың. Әлсізсің...

– Мен жазылдым, – дейді Сағынай. – Қайта өзіңіз ауырып қала ма деп үрейленіп, асығып келе жатқаным ғой бұл.

– Балам! Құлыным-м!

– Әке! Әкетай-й...

Құшақ айқастыра бергенде оянып кетеді. Бәрі де түсі...

Қайта көзін жұмады.

Енді Бибісара елес береді.

«Балаңа ие бол! Мені іздемей-ақ қой. Бақилықпын!» дейді.

«Тірі кезде неге іздемедің мені?»

«Өзің тез ұмыттың емес пе! Бізді керек етпейтін болар деп ойлағам.»

«Ой, ақылсыз неме! Баламның бар екенін де айтпапсың. Осы ісің де әділдікке жата ма?»

«Әділдік дейсің бе! Оның басты шартын бұзған кім екен! Соны ойлап көрші әуелі...»

«Бір-бірімізге кінә арта бермейік, жаным! Болар іс – болды. Өткен күн – өтті. Енді балама бас-көз болып, оны жақсы азамат етіп өсіруім керек.»

Тағы да оянады. Тағы да түсі...

Түні бойы қара терге малшынып, бірде ысып, бірде мұздап, әзер дегенде таңды да атырды.

Дереу төменгі қабатқа түсіп, жолға жиналуға бұйрық етті.

Ауданға тартады. Ауруханадағы өз баласы Сағынайды көргенше асығулы. Сағынайға деген сағынышы тұла-бойын кернеп алған. Байыз таптырар емес.

Жол жүрер алдында ғана есіне түсті. Бүгінгі түн Бижамалы неге, неліктен келмей қойды екен, а? Ол енді мәңгіге, мәңгі-бақилыққа ғайып болғаны ма, а?

Келмей ме енді?..

 

 


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар