ШЫҒЫСЫМ-АЙ...
Алтай мен Тарбағатай етегінде,
Қара Ертіс бүлкілдеген жетегінде,
Кең жайлау, ну орманды туған өлкем,
Көз тоймай, қимай сені өтемін де!
Пай, пай-ау, шіркін, кербез Шығысым-ай,
Алтайым алып күмбез, тынысым-ай,
Жайсаң мен мөлдір Марқа, Алакөлге,
Тең келер бар ма екен, ырысым-ай!
Күн нұры көк мұзына ғашық болған,
Тау гүлі шың-құзына асып қонған.
Кіндігі Жер-Ананың Мұзтауыма,
Көңілің бір көргеннен тасып,толған.
Көгінде қыран қалқып сайрандаған,
Төрінде жусан аңқып, сайран далам.
Өзен, көл, түз дала мен шың құздарын,
Сыйдырған құшағыңа қайран қалам!
ЖЫРАҚТАМА ЖАСТЫҒЫМ
«Таласа биік болып бетегеден,
Алыса ойларыммен өте терең.
Ей, өмір бір өзіңнің алдыңда мен,
Аласарып жусаннан кете берем.»
Тізгінсіз асау пырақтай,
Соңыма мені қаратпай,
Солайын деген құрақтай,
Семейін деген бұлақтай,
Сөнейін деген шырақтай,
Әттең-ай қайран жастығым,
Барасың менен жырақтай!
Шимайланған парақтай,
Тастама мені жаратпай,
Топшысы кеткен қанаттай,
Құны да біткен манаттай,
Жастығым кетсең жырақтай,
Өзімді сенсіз сезінем,
Қайраңдаған шабақтай.
Сырғыма ағып сынаптай,
Демеші мені құлатпай,
Сезімім жайнап құрақтай,
Көңілім шабар пырақтай,
Жанарым жанар шырақтай,
Ғұмырлық қимас жастығым,
Жырақтай көрме жырақтай.
ЛАШЫН ЕДІМ...
Лашыны едім, еркесі түз даланың,
Тұтылдым ғой торына сыз қаланың.
Жусан иісін аңқыған аңсауменен,
Боз далама оңаша жүз барамын.
Көріп пе едің Алтайдың мұзбалағын,
Ие болып күзеткен құз, қабағын.
Шеңгелінен айрылған ақиықтың,
Күнін кешкен жайым бар, мен, қарағым.
Тау өзенін білерсің гүрілдеген,
Тас бөгетті аударған, сүрінбеген.
Арынымнан айрылып қалам ба деп,
Бұлақ сезім мазалар дірілдеген.
Елестетші тұлпарды күзелмеген,
Тізгін бермей, жүгенін үзем деген.
Тұяғы едім тұлпардың -сәйгүліктің,
Ер-тұрманы ертеден түзелмеген.
Құлан түзде емен тұр көпке ермеген,
Дауылға да бой бермей, көкке өрлеген.
Жапырағы жайым бар ұмтылатын,
Қызығына жалғанның шектелмеген.
ҚАЙРАН ДАЛАМ...
Е шіркін-ай, боз далам, қайран далам,
Дарханыңа тамсанып қайран қалам,
Ата мекен, ақ мекен, шаңырағым,
Тентегіңмін, төсіңде сайрандаған!
Қалып қойған өзіңде бала кезім,
Оралмайтын қымбатым бала сезім.
Қалай ғана шіркін ай, ұмытайын,
Мөлдіреген құрбының қара көзін!
Шәуілін де күшіктің сағынамын,
Күзететін өзінше ауыл маңын,
Тізе бүгіп келер ай, дамылдағым,
Басайын деп жүректің ауырғанын.
Е шіркін-ай, боз далам, қайран далам,
Қасиетіңе туған жер қайран қалам,
Жусаныңды бір мезет иіскемесем,
Балықтаймын таязда қайраңдаған.
�арған, сүрінбеген.
Арынымнан айрылып қалам ба деп,
Бұлақ сезім мазалар дірілдеген.
Елестетші тұлпарды күзелмеген,
Тізгін бермей, жүгенін үзем деген.
Тұяғы едім тұлпардың -сәйгүліктің,
Ер-тұрманы ертеден түзелмеген.
Құлан түзде емен тұр көпке ермеген,
Дауылға да бой бермей, көкке өрлеген.
Жапырағы жайым бар ұмтылатын,
Қызығына жалғанның шектелмеген.