Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ерлан Жүніс: Еркіндік үшін жаралған...

03.05.2017 8669

Ерлан Жүніс: Еркіндік үшін жаралған

Ерлан Жүніс: Еркіндік үшін жаралған - adebiportal.kz

... Қонақ үйде,

Шат-шадыман барларда,

Шіркеулерде,

бой түзеген заңғарға,

Емханада,

Мектептерде,

Жолдарда,

жазулар бар:

«Ақ нәсілдіге арналған!»

Көкжиекте,

Алауыртқан таңдарда,

Алаңғасар һәм батылдау арманда,

Махаббатта,

Еркіндікте,

Ақ нанда

жазулар бар:

«Ақ нәсілдіге арналған!»

Шапшаң

қара аяғымда жалданған,

Епті

қара қолдарымда қарманған,

Иығымда

қара тастай қомданған

жазулар бар қашалған:

«Ақ нәсілдіге арналған!»

немесе

«Көліктерде, қан базарда қайнаған,

Мейханада, гүлзарларда жайнаған,

Поштада да, мекемеде жай ғана,

Дәріхана, кинода да, далада –

Жақтырмаған ала көздер,

Есіктер тарс жабылған,

Дем алуға қатаң тыйым салынған,

Ақ нәсілді орталарда қараға.

Бәлкім, ертең, соңғы нүкте –

бір-ақ күн,

Тәңір демін жұтпақ болып

шуақты,

қақпасында тұрған шақта

жұмақтың,

Әлдеқашан ұмытылған жадымнан,

Маңдайшада тұрар ма екен

бұл жазу –

Ібілістей кіріп кеткен араға:

«Ақ нәсілді орталарда қараға,

Дем алуға қатаң тыйым

салынған!»

(Өлеңдерді аударған автор)

... Оу, кәні, адамзат санасы мен болмысы өзінің ең ұлы жетістігіне санайтын аса мәртебелі гуманизмі?...

Жиырмасыншы ғасырдың екінші-үшінші ширегіндегі Африка поэзиясын парақтап отырып еріксіз осылай айқай салғым келді. Жоғарыда келтірілген екі өлең Оңтүстік Африка Республикасының ақыны Леонард Коса поэзиясынан. Леонард Коса болсын, басқа да ана-құрлықтың кез келген ақынының өлеңдерінің көзіне тіке қарасаңыз, өз көзіңізге қарағандай, қарай отырып, әлдебір сұмдық жыртқыштың көзін көргендей боласыз. Бұл жыртқыштық адам бойындағы тирандық қасиеттердің көрінісіндей. Сәби санасының ойыншықтарды меншіктеуі, есейе келе, дүние-мал ғана емес, тіпті адамды меншіктеуге дейін барады. Бір ғана адам емес, тұтас бір ұлттың өміріне қол сұғу, оның тағдыр-талайын шешемін деген пасық пиғыл, өзіңді қожа, оны құл ретінде көру – мәдениеттіліктің белгісі емес. Ол басқыншы ұлттың асқақтауы емес, азғындауы. Африка халқының қаншама ғасырлық көрген қорлығы, ақталмаған үміті мен алданған сезімі, қорланған ары мен тапталған намысы, тоналған топырағы мен талауға түскен малы, отардағы басы мен ошақтағы ғұмырынан басқаның емес, ең әуелі ақын санасы шошып оянды, ақын жаны айқай сап атып тұрды. Классик айтпақшы, «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап!». Олар, яғни, ақындар, еркіндік үшін күрестердің ең ұлысын, отан үшін күрестердің ең киелісін бастап кетті. Ол күрес рухынан туған поэзияның дауыысы, әсірелеп айтсақ, піл түшкіргендей әсер қалдырады. Кішкентай халықтардың үлкен қанжарлары – бостандық алуға деген асқақ рухтары мен алапат құлшыныстары ғаламшарды екіге айырып тастайтындай қуатты.

... «Жұлдыз болсаң сен егер,

Қалмау үшін бір өзіңнен адасып,

Көз ілмес ем түн бойы...»

(Зехор Зеррари)

деген еркіндікке аңсар, іңкәр махаббат жауапсыз қалмауы тиіс еді.

Бұл махаббат мен үшін де махаббаттардың ең ұлысы. Бұл жолдар маған ыстық көрінді, көзіме оттай басылды. Мен бұл жолдардан қазақ халқының тарихын оқып отырғандай болдым. Бұл – менің де көкірегімде қыстығып қалған сан ғасырлық өксік болатын.

... Көнгенімше бұл қорлықты

тағдырға,

Шаһид кешем даласында

майданның.

Мерт болады ақ беренім менімен,

Мерт болады меніменен қанжарым.

Шаһид кешем даласында

майданның! ...

(Кови Авунор)

Бұл – Доспанбеттегі дауылпаз рух, бұл – Махамбеттегі марқасқа рух, бұл – Қазтуғанның қайсарлығы, бұл – Қайраттың қыршын ғұмыры. Тәңір қазаққа берген таңдауды Африка халықтарына да көлденең тартқан еді: «Я болу керек, я бордай тозу керек!». Басқа жол жоқ.

Сенегалдық ақын Давид Диопта жантүршігерлік мынадай жолдар бар:

«Ақ нәсілді әкешімді өлтірді,

Әкемді – арыс тұлғалы.

Анашымның – менің нұрлы

көркімнің

Аппақ арын былғады.

Бауырымды – намысым мен

сертімді,

О, тәкаппар мәрт ұлдың

Ақ айдарын тұлдады.

Сосын маған екі қолын қып-қызыл

Ұсынды ол қара қаныма

шыланған...

Менің көз алдымнан қасақана ұйымдастырылған қуғын-сүргін жылдары, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, қолдан жасалған аштық жылдары, полигон, Желтоқсан оқиғалары зуылдап өте бастады. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, қай жағдайда да басқыншы халық та, бодан халық та сауатсыз жүргізілген саясаттың құрбаны болады. Қарапайым халықтың бұл басқыншылыққа қатысы болмауы да мүмкін, өйткені ол – көбіне-көп – құрбандық қана. Давид Диоптағы аза мен наза жырынан қанталаған жан көзімен алжирлік ақын Башир Ходж Али өлеңдерін оқысаңыз есеңгіреп қаласыз:

«Әуедегі шабуылдардан шошынған,

Ант етемін қарындастың жасымен.

Жалғыз ұлын жаудан қашып

жоғалтқан»

Аналардың қудай болған шашымен.

.............................................................

Аласұрған теңізімен қайғының,

Біздің жарға сүйеу болған кекпенен.

Махаббатпен ашылмаған бір гүлі,

Достықпенен мұратына жетпеген.

Сеніміммен нұрлы әлемнің салтына,

Наразылық отыменен қыштаған.

Ант етемін, бұл француз халқына

Ұзында өш, кегіміз жоқ қысқада».

Ал, бұған не деуге болады?

Соншама уақыт бойы тағдырын тәлкек еткен басқыншыға қырық бірінші күні де махаббат көзімен қарау үшін адамның емес, ақынның жүрегі керек. Сахараның төзімділігі, ұлы Нілдің асаулығы мен сабырлылығының мекені тек қана – ақын жүрегі. Дей тұрсақ та, басқыншылық саясаттың тағы бір қитұрлығы бар. Ол – өзіңді өзіңе айдап салу, өзіңді өз қолыңмен тұншықтыру. Камерундық ақын Элолонгэ Эпанья Йондоның «Қара сарбаз» атты өлеңі осы саясаттағы сайқымазақтықтың бетін ашып көрсетеді:

« – Сауға, сауға,

Қара сарбаз,

Жауға берме басымды!

Тауға соққан басымнан

Танысаңшы қажыған

Сорлы ана – ғасырды!

.....................................

Жылап өтті-ау,

Ана-жүрек – дәуірім,

Сауға, сауға

Қара сарбаз,

Ағатайым – тәуірім.

Қызыл шақа сәбиім бар,

Ол да өзіңнің бауырың.

.......................................

- Жауға салам жаныңды!

Ақ нәсілдің бұйрығы:

«Әкең менен бауырыңды,

Тіпті, туған ұлыңды да – қаныңды

Әкел!» деген!

Оны екі етпедім.

Олар маған уәде еткен.

Шені менен шекпенін.

Міне, талай марқасқаның түбіне жеткен шен-шекпеннің әлегі. Өз бауырын өзі сатып, өзгеге жақсы көрінбектің масқарасы – өз ұлтын сату ойынының бір бөлімі.

« – Қиылсын жан қиылса,

Қара сарбаз,

Байла мені,

Олар саған бұйырса!

Әмір етсе қайтесің ол алуға

Біздің ойлау жүйемізді,

Кегімізді,

Киемізді,

Тіпті, мына өмірді

Тар қапасқа салуға?!»

деген ащы сұраумен аяқталатын бұл өлеңнің артында бір ғана Африканың емес, басқа да құрлықтардың жапа шегуші халықтарының қасіреті мен наласы мен . Қазақ тарихынан бұған мысалды мыңдап келтіруге болады. Бір дерек бойынша, Сәкен Сейфуллин өз ауылынан «қара таңба тағылып» ұсталып кетіп бара жатқанда: «Уа, бұл мен ғой, Сейфолланың Сәкенімін ғой!» деген жан дауысы шығыпты. Сонда ұстап кетіп бара жатқан қазақ жігіттері де, қазақ ауылы да селт етпеген. Селт етуге сол кезеңде қазақ даласын кезіп жүрген үрей елесі мұрша бермеген де шығар.

Африканың көптеген халықтары найзамен де, қаламмен де күресіп жүріп өз тәуелсіздігін алғаны тарихтан белгілі. Ал, содан кейін өз іштеріндегі тайпааралық қақтығыстар басталып кетті. Тәңірі қазақты содан сақтасын.

Нигериялық ақын Джон Эквере:

«... Енді көкте бөгде аспанның

лашыны

қалқымайды,

Желкемізді қимайды,

Өзімізді енді өзіміз қинаймыз!»

деп күйінеді. Қалай болғанда да тәуелсіздік үшін күресе білу – ең ұлы бақыт. Өйткені, бұл күрес ол халықта рух бар екендігін және сол рухтың өлмегендігін көрсетеді. Ал рухқа ешқандай саясат жүрмейді. Оны тарих әлдеқашан дәлелдеген. Оны да әуелі сезінетін ақын.

«...Махаббатқа жаралған

Жүрегімдей

Еркіндікке жаралдың, Африка!», – дейді малилік ақын Гауссу Диавара «Еркіндік үні» атты өлеңінде. Африкаға қатысты сөздің ақиқаты – осы. Ал қалған сөздің бәрі өзін-өзі жоққа шығарып тынады.

Ерлан Жүніс


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар