Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Әбіштің шыңырауы яки көшпелі кейіпкерлер...

Әбіштің шыңырауы яки көшпелі кейіпкерлер

16.11.2025

6103

Әбіштің шыңырауы яки көшпелі кейіпкерлер - adebiportal.kz

Горизонтальдік тұрғыдан қарағанда, шың мен шыңыраудың бәлендей айырмашылығы болмайды..

Атақты Умберто Эко өзінің «Әдебиеттің кейбір қызметі туралы» деп аталатын жазбасында: «...Роман (кітап) кейіпкерлері де бір кездері, уақыты келгенде көшіп қонады. Біз көркем шығармадағы кейіпкерлердің, тіпті шынайы адамдардың да болмысын ашып көрсете аламыз, өйткені олардың басынан өткен оқиғалар белгілі бір деңгейде нақтыланған, нақтылану арқылы мәтінге енген. Әрі кез келген мәтін музыкалық партитура секілді. Анна Каренинаның өзін-өзі өлтіруі кездейсоқ емес, ол тура Бетховеннің бесінші симфониясының до минорда жазылуы сияқты заңдылықтан туындайды (ол алтыншы симфониядағыдай фа мажорда жазылған жоқ қой). 

Алайда кейбір әдеби кейіпкерлердіңбәрінің емес, кейбірінің тағдырында, пешенесінде өздерінің алғаш туған мәтінінің шеңберінен шығып, біз шекарасын нақты айқындай алмайтын кең әлемнің басқа бір бөлігіне көшу де бар. Кейіпкерлер сәті түсіп, жолы болып жатса, бір мәтіннен екінші бір мәтінге көшіп кетеді; ал көшпеген, көше алмаған кейіпкерлердің онтологиялық тұрғыдан жолы болған бауырларынан еш айырмашылығы жоқтек олардың бағы жанбаған. Сол себепті біз бір кездері жанымызды толқытқан сол бір жолы болмаған кейіпкерлермен уақыт өте келе байланысымызды үзіп аламыз», - дейтіні бар. 

Иә, кейіпкерлер кейде бір шығармадан екінші бір туындыға көшіп, қонып жүретіні рас. «Мәңгілікпен» бой таластырмаса да, өзінің түп қазығын «мәңгілік» тақырыптардың жанына апарып қағу арқылы өмірдің, өлімнің, пәлсапаның, адам болмысының қалтарыс-бұлтарыстарын ашуға тырысқан көптеген шығармалар  - осының бір дәлелі іспеттес.

«Мәңгілік» деген категорияға кіретін ең өзекті үш тақырып болса, оны – жаратушы, дін (жаратылыс) және махаббат деп бөлетін едік. Екі тақырып бар болса да – жаратушы мен жаратылыс болмақ. Бұл жердегі махаббат пен сезімді жаратушы категориясына қоссаңыз да, жаратылыс категориясына қоссаңыз да өз еркіңіз.

Сондай бір кең көлемді тақырыптардың бірі – Жүсіп немесе құдық хикаясы. Жүсіп пайғамбардың басынан өткерген сол бір оқиғаны білмейтін, оқымаған, естімеген жан аз шығар. 

Жақыптың он екі ұлының бірі Жүсіп күндердің күнінде түс көрген екен. Түсінде он бір жұлдыз және ай менен күннің  өзіне тағзым қылғанын көреді. Ертесі келіп, түсін әкесіне баяндап берген екен. Сол сәтте әкесінің ішіне құрт түсіп, баласының тағдырына алаңдай бастайды. «Жағдайдың мәнісін ағаларыңа мүлдем айтушы болма, олар саған тұзақ құрып, қасқырларға жем қылуы мүмкін», - дейді аңыз бойынша. Одан кейін қызғаныштың қызыл иті кеуделерін басқан ағалары жоспар құрып, Жүсіпті құдыққа тастамаққа сөз байласқан екен деседі. Аң аулауға шығамыз деп Жүсіпті де жандарына алуға әкесін көндіріп, оны көздерінің қарашығындай қорғауға сөз береді...

Содан соң Жүсіптің өмірін толықтай өзгерткен сол құдық хикаясы да басталып кетеді. Ағалары Жүсіпті құдыққа тастап, өздері жейдесін қанға бояп әкелерінің алдына келеді. Жалған көз жасын төгіп, Жүсіпті қасқырлар жеп қойғанын айтып, Жақыптың кеудесін шерге малшындырған екен...

Жақып болса, жай ғана өзінің бастапқы күмәнінің шынға айналғанын, үрейінің ақиқатқа ауысқанын сезіп, үнсіз қайғырады...

Міне Жүсіптің құдық жайлы хикаясы осылай басталады. Дегенмен осы жерден аяқталмайды. Құдықтың жанынан өтіп бара жатқан керуен оны құтқарып алып, басқа бір құдыққа апарып тастайды... «Құлдық» деп аталатын немесе «Мысыр» деп аталатын құдыққа... «Құдыққа құламай тұрып, Мысырға сұлтан болу мүмкін емес» деп, бұл жағдайды мотивациялық жағдаятқа айналдырғымыз келіп отырған жоқ... Десе де, өмір жолында «Жүсіптің», «Жүсіптердің» құдығы жиі ауысқанымен, үнемі өз құдығын «Қорқыттың көріндей» қылып, қай жаққа барса да, арқалап апаратыны – ақиқат... 

Әңгіме Умберто Эко айтқандай бір кейіпкердің мәтіндер арасы саяхаты жайлы болмақ. Иә,  кейде бір кейіпкер бір мәтіннен екінші мәтінге көшіп, қонып жүрмек... Құдды бір көшпенді халықтардың ұрпақтары секілді... Дәл осы «Жүсіптің» қазақ даласындағы немесе Еңсептің «Жүсіптің құдығына» түскен сәті жайлы хикаятты да оқыған боларсыздар...

Осы екі хикаяның арасында көшіп қонып жүрген «Бас кейіпкерлер» - тағдырлас кейіпкерлер болатын... 

Екінші шығарма әулие Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» деп аталатын повесті жайлы болмақ. 

Бала күнімізде оқыған осынау хикаятты Маңғыстауға сапарға аттанбастан бұрын тағы бір қайталап, сырға тұнған дала мен сырға тұнған адам болмысының негізінен ғасырлар бұрынғы білім мен біліктен келіп, шығармалар арасында саяхат жасап жүргенін сол кезде ұғынған болатынбыз... Немесе бір оқиға өзіне дейінге басқа оқиғаларды есімізге түсіретіні тағы бар... 

Құдықшы Еңсептің ата кәсібі – құдық қазу болған... Алып мұхиттың аманаты болған киелі Маңғыстау даласының сортаңы мен шөлін аралап жүріп, Әбіш Кекілбаевтың бұл тақырыпты жазуының әбден орынды екенін және соған толық құқылы екенін «сүйегімізге жеткенше» сезініп жүрдік. «Шөлде туған баланың ең үлкен аңсары – шыңырауға кенелту халықты, Ең алып үміті – тас қараңғы түніктің түбіне тұнып алыпты» («Зуһд» поэмасы) деген жолдар сол сәтте түйсігімізге топ етіп түсе қалған болатын... 

Ал енді әңгіме ол Кекілбаевтың «Шыңырауы» жайлы болмақ. Құдық қазып күнелткен Еңсептің бар арманы – әлемдегі, әлемдегі болмаса да, осы маңдағы ең терең, ең зәмзәм сулы құдықты қазып қалдыру болатын... Атаққұмарлық дейсіз бе, өз мансабына деген адалдық деп бағалайсыз ба, ол жағы – өз еркіңіз... 

Дегенмен тас қараңғы түнектің түбіне түскен әр сәтінде өз жалғыздығымен бетпе бет қалған Еңсепке көкке өрмелеп бара жатқан арқанның өзі жазушының көзімен сондай аяулы да, сондай тасбауыр түрде суреттеледі: 

«...Еңсеп көзін тарс жұмып ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң қайта ашты. Жан-жағынан түксиген қара сұр қабырғалар қарауытады. Жалма-жан беліндегі арқанды шешті. Сосын арқанды қағып жоғарыдағыларға белгі берді. Қыл арқан қайтадан көкке көтерілді. Шелтеңдеген ұшы көкірек тұсынан сипап өтіп еді, тікендей тиді. Әлгінде ғана екі жүз құлаштан астам түксиген сұр қара тас, мелшиген меңіреу қара жердің астындағы оны еріктерімен, жер үстіндегі жарқыраған тірлікпен, мұп-мұздай сұп-сұр қабырғаларды шыжыған шаңқай түстегі күннің оттай ыстық нұрымен байланыстырып тұрған қыл арқан енді жеті қабат жердің астына жаңғыз тастап, өзі сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады».

Осынау түнектің түбіндегі жалғыз ермегі – өткен-кеткенді еске алып, қиялының түбіне, ойдың түбіне қарай сүңгу екенін де жазушы шығарма барысында асқан шеберлікпен суреттейді:

«...Тағы да сонау жер бетіндегі жарық дүниеде алшаң басып жүрген күндері, мынандай қара көр жер астынан атымен бейхабар кездегі аз ғана қызықты дәурені еске түседі. Неге екенін білмейді, жасы ұлғайған сайын сол бір қас қағым келте дәурен есіне тым жиі оралып, көз алдына дәл осы қазір көріп отырғандай бәрі сайрап, ап-айқын елестейтін болып жүр. Әсіресе әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған сәттерде өткен-кеткен жадына оралғанда, шиыршық атып шамырыққан жүйкесі бір түрлі өз-өзінен жұмсарып сала беретіндей көрінеді. Ал бүгін кеп көксеп отырған сол аз ғана қызық дәуренінде, тап осы күндерім ертең арман болар деп тіпті де ойлаған емес-ті. Табаны жарық-жарық қара бала әуелі ортасына үңгіп қорғасын құйған құлжаның сақасы қолыма түссе деп армандады. Құлжа қолына түскенмен о да өткінші өмірдің өзге қызықтарындай көп тұрақтамады. Ол хан талапай ойнап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүргенде осы бүгін ұтсаң, ертең ұтылатын ит жығыс ойын тек асықпен тынбай, бүкіл ғұмырына кететінін білген жоқ-ты. Ышқырын толтырып асық ұтып әкелген күндері көңілі жер-көкке сыймай күпсіп жүретін-ді. Нелер тәтті қиялдар мен армандар да тап сондай күндері есіне түсетін».

Еңсеп өзінің өмірде кім болғысы келетінін, нені армандайтынын дөп басып білмейтін... Ешқашан білген емес. Бірақ бір қызығы «кім болғысы келмейтінін», «кім секілді болғысы келмейтінін» жақсы білетін... Мұның өзі адам болмысындағы өзі де біліп жатпайтын «пешене» деп аталған жұмбақ әлем жайлы оқырман көңіліндегі күдікті ұлғайта түседі. Еңсеп туған өңір мен Еңсеп туған отбасы немесе Еңсеп туған кезең яки уақыт – оның тағдыры ма еді? Шығарманың осы сәтінде басқа кезеңде, басқа уақытта, басқа тарихи алаңқайда туса тағдыры қалай болар еді деп ойланбай тұра алмаймыз. Дегенмен көзін ашқалы көрген, бұйырған кәсібі – құдық қазу болатын. Бірақ сол құдық оны «Жүсіптің құдығына» жетелеген болса, тағдырлық трагедияның, өмірлік философияның асқан шебер бір аймағына алып барары – екінші бір шындық болатын: 

«...Әйтеуір ол әркімдер әлімжеттік жасай беретін тілік табан, жалақ бет қара бала күйінде қалып қойғысы келмейді. Ал енді ауылдың шетіне оқшау қонып ап, артқы үзігін ескі жабумен жамап, алдыңғы үзігіне алаша сырыған қырық құрау құрым үйдің оң жағына көрік құрып, шыжыған шілдеде сексеуілдің шоғына шыжғырылып отыратын әкесі Құлжандай болудан ат-тонын ала қашады. Құлжанды қазанының түбі тесілген, шәйнегінің шүмегі ұшқан көрші әйелдер «қайнағалағанмен» қалған жұрт сыртынан ылғи кекеп, мошқап жүреді. «Қырсық Құлжан» атанған әкесінің ел көзіне неге сонша сүйелдей қадалатынына қара бала еш түсінбейді. Әкесінің өзінен сұрауға батылы бармайды».

Еңсептің әкесі Жақыптай Құдайдың сүйген құлы емес, керісінше, қыңыр боп туып, құнсыз өмірдің бес тиындық құнын көре алмай, Құдайға қырсығып қыл тамақ дертіне шалдыққан жан ретінде суреттеледі. Ешкімге ұқсамауға тырысатын әкесінің болмысын автор «Жұрттың бәрі құдық қазып жүргенде бұл темір соғатын болды» деп суреттеген. Сол қыңырлығы үшін де Еңсеп әкесіндей болғысы келмейтін. Дегенмен әкесінің өңешіне қамшы тығып барып, жағдайы нашарлайтын сәтінде көзіне жас толады: 

«...Еңсеп он беске енді іліккенде әкесі қыл тамақ болып, бір жыл бойы қақ төрде қара ала алашаның үстінде жатты да қойды. Ем-дом жасамақшы болып келген бақсы-балгерді: «Жәрмеңкеге барып, сатып алған жаным жоқ, мырзасынып берген құдай сараңдығы ұстаса қайтып-ақ алсын» деп қасарысып, маңына жуытпайды.

Бір күні пәлен айдан бері нәр татпаған әкесі үй ішінің де тамағынан ас жүргізбей, аңқа-саңқа сүйегін сылдыратып, жата беруден әбден жалығып, ызаға мінді. Анасына төрде ілулі тұрған бес өрме қамшыны алып бер деді; сосын оң жақта жүктің астындағы қобдидан пышағын таптырып алды. Өзегіне қорғасын құйып өрген қамшының күлте шашағын типылдап қырқып тастады. Жылмаңдатып майлады. Үй іші оның не істейін деп отырғанын біле алмай аң-таң, ешбірінде үн жоқ. Әкесі қамшыны майлаған соң қымыз сұрады. Сары тостағанға құйылған ащы қымызға қамшыны малып біраз уақыт отырды. Ерні жыбырлап, әлденені күбірледі. Селдір шоқша сақалын көкке көтеріп, әнтек шалқайды. «Біссіміллә»... Қапелімде қалтырап кеткен қолын күшпен басып, қымыздың ішіндегі қамшыны суырып ап көмейіне тықты. Өне бойы май-май, талай аттың ащы тері сіңген қара қамшы оқ жыландай жылжып көмейіне кіріп барады. Есінен айрылып, сылдырап қалған арық қол тастай қатып жабысып алыпты, қалш-қалш етіп, итере түседі. Қамшы бірте-бірте қысқара түсті. Арық қол сонда да итере берді. Терісі қалталанып, шілмиген арық мойыннан безіне шыққан жұдырықтай өндіршек бүлк-бүлк етеді».

Әкесі содан қайтып оңалмады. Аттың ащы теріне әбден піскен қамшымен жарса да, тамағынан ас өтпеді. Ми қайнатқан ыстық басталды. Дені сау адамның өзі жанын қоярға жер таппады. Әкесін шөл шыдатпады, шыжыған шілденің қақ ортасында көз жұмады.

Әкесі өлген соң Еңсеп үй-ішімен әкесінің бауыры құдықшы Дәржанның қасына көшіп барып, осылайша құдықшы деген ата кәсіптің барын ең алғаш білген еді...

Осылайша өз алдына өрби кететін шығарманың сюжетінің Жүсіптің құдығымен нендей байланысы бар деп отырған боларсыздар. Еңсеп құдық қазып жүріп сол маңның ең атақты құдықшысы атанады. Жүсіпті болса, құдыққа құлататын – өзінің аға-бауыры еді. 

Ең атақты құдықшы атанған Еңсеп алдына келген адамның бәрінің құдығын қазып бере бермей, ендігі жаны қаласа ғана құдық қазатын жаңа бір мінез шығарады. Осы тұсында автор шығармаға қарапайым ғана бір эпизод қосқан болды. Байлық пен атаққа қолы жеткен кез келген адамның, кез келген адамның болмаса да, кез келген қазақтың басына түсетін – кісімсіну, тәкаппарлық дерті туралы эпизод..:

«...Күні кеше жігерін құм қылған қараңғы шұңқырға қайтадан жетелеп алып келген әзәзіл күштің аты не екенін ол кезде Еңсептің өзі де білмейтін. Келе-келе түсінді. Бірін-бірі жақсы мен жаманға бөліп, жағаластырып қойған мына дүниеде бөтеннің аузынан шыққан жылы сөз, қошамет-қолпаш әлі арыны қайта қоймаған арғымақ атқа қатты тебінген үзеңгімен бірдей екен. Ал ол кезде адам пақырды тауға ұрып, тасқа соқтыратын аяр алданыштың әлі арыны мұқалмаған арғымақ кезі еді. Қошамет-қолпаш атты аяр Еңсепті қара жердің астына талай рет тірілей түсірді. Ол әуелі құдық қазылып біткенде естіген ел-жұрт түгел қуанады екен деп ойлайтын-ды. Бірте-бірте ол ойының қате екеніне көзі жетті. Әр шыңырау біткен сайын алдына мал түссе, артына сөз еретінді шығарды. Құдық біткен күні жанына кеп:Апырай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шыңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау, -деп сыбырлап қалатындар араға айлар салып өзі келеді. Еңсепжан, біз анау пәленше бай емеспіз. Ақыңды жемейміз. Ернектің үстінен шыңырау қазып берсең, жүз тоқтыны алдыңа саламыз, - деп қолқалайды. Еңсеп енді кез келген қолқашыға қолқ ете қалуды қойды. Алдына келген кісінің шапанына, ер-тұрманына, дәулетіне қарайтынды шығарды. Көп ұзамай Дәржан ағасы: «Шақырлаған ақ тауды тесіп су шығара беруге тайыз ойдағы елге барам», - деп үстіртті тастап көшіп кетті. Сол жақта бес жылдай ауыз суға құдық қазып жүрді де, ақырында бір құмның етегінде құдық қазып жатқанда, жұмсақ топырақ үстіне жапырылып құлап дүние салды. Еңсеп шың үстінде шыңырау қазып қала берді. Әр құдық біткен сайын құдық ақы малдың саны өсе түсті. Бірақ оның есесіне қолқашының саны біртіндеп азайып барады. Дәулеті асқандар ғана атын шығару үшін Еңсепке ат шаптырады. Үйінің іргесі саябыр тартты. Бір өкпелеп аттанғандар енді көрместей боп түңіліп кетті. Барып басқа құдықшы іздеді».

Көп ұзамай құдық қазуда осы маңда нөмірі бірінші адам болып тұрған Еңсептің қарсыласы, бақталасы болып Хорезм жақтан Қалпақ деген бір кейіпкер қосылады. Кезінде кісімсініп құдығын қазбай қойған адамдардың бәрі енді Еңсепті айналып өтіп, Қалпаққа барып қолқа салатын болды. Міне Еңсептің құдығы мен Жүсіптің құдығының кейіпкер алмастыратын сәті де осы жерінде шарықтау шегіне жетеді десек болғандай...

Ел ішіндегі ең атақты құдықшы бара-бара – Қалпақ бола бастайды. Тіпті «Қалпақ қазған» құдығы осы Үстірттегі ең терең құдық атанады. Сол сәтте Еңсеп өзінің дүйім жұртқа керексіз болып қалғанын сезіп, ішін қызғаныш жайлай бастайды. Бірақ бұл қызғаныш – Жүсіпті құдыққа түсіргендей, құдыққа құлатқандай қылып, Еңсепті де құдыққа соңғы рет құлатады... 

Бірінші хикаяда Жүсіпті құдыққы құлатқан – ағаларының қызғанышы болса, Әбіш жазатын хикаятта Жүсіпті (Еңсепті) құдыққа құлатқан өзінің қызғанышы деген байламға келеміз... Өйткені бұл жолы Еңсеп соңғы құдығын қазып отырған еді... Құдды өзінің көрін өзі қазғандай жандәрмен, тоқтамай құдығын қаза береді, қаза береді... Бұл жолы Еңсепке құдық қаздырған – Қалпаққа деген қызғанышы еді. Тұтас ел «Еңсеп қазған» деп атап жүретін, ғасырлардан ғасырларға  атымды жеткізетін құдық қазсам деп армандады... Ал Жүсіптің бауырлары – Жүсіптің пайғамбар болып кетуінен қорықты. Әкесінің ерекше ықыласы түскен сол баланың түбі бар байлықты иемденіп қалуынан қорықты... Дегенмен бұл жерде жалғыз кейіпкер бар – ол да құдық. Өйткені Жүсіпті де, Еңсепті де құдыққа құлатқан сол қызғаныш құдығы еді... Ал бірінше сол құдықты арқалап жүрген – Жүсіптің бауырлары болса, екінші хикаяда құдықты арқалап жүрген Жүсіптің (Еңсептің) өзі болып отыр... Иә, кейіпкерлер кейде мәтіндер арасы сапарға аттанып, ғасырлар мен ғасырларды, мәдениеттер мен өркениеттерді байланыстырып, ой мен ой арасында көпір жасайды... Иә, Умберто Эко айтқандай, кейіпкерлер де сәті түсіп, жолы болып жатсабір мәтіннен екінші бір мәтінге көшіп кетеді... Біз болсақ, жай ғана әулие Әбіш ақсақалдың пайым-парасатына басымызды иіп қала бермекпіз... Не дегенмен, горизонтальдік тұрғыдан қарағанда, шың мен шыңыраудың бәлендей айырмашылығы болмайды..

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan