Қазақ руханияты ХХ ғасырдың басында жаңа белеске көтерілді. Ресей империясының отарланған түкпірі болып, кенжелеп қалған қазақ даласына да индустриялық капитализмнің дүмпуі жете бастады.
Еуропаша немесе мұсылманша медреселік білім алған көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар шоғыры қалыптасты. Абайдың ақы-ой қуатының көрінісі – өлеңдер мен қарасөздер де ХХ ғасырдың басында кеңінен таралды. Алғашқы газет-журналдар бірінен соң бірі шығып, қазақтарға арнап кітап басып тарату – тартымды бизнеске айналып үлгерді. Қазақ даласының әр тұсынан теміржолдар тартыла бастады. Телеграф сымы тартылып, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу» мүмкіндігі арта түсті. Ауқатты қазақтар малдан жиналған капиталды өзге салаларға сала бастады. Гильдиялық көпестер қауымы қалыптасты. Ғылымның әр саласы бойынша оқыған, білімді азаматтар ел өміріне тың жаңалықтарды енгізе бастады.
Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари әл-Омскауи – осындай оқыған қазақтардың бірі болды. туғанына 2026 жылы 145 жыл толып отырған Зейнелғабиден Әміреұлы – алдыңғы қатарлы ислами оқу орындарының бірі болған «Расул Ғалия» медресесінің түлегі. Бүгінгі Башқұртстанның астанасы Уфада орналасқан бұл медреседе ХХ ғасырдың басында қазақтың көптеген елеулі тұлғалары оқып білім алған.
Абай өлеңдерін алғаш баспа бетінде жариялаушылардың бірі, жаңашыл ұстаз, шығармашыл адам болған Зейнелғабиден Әміреұлының қаламынан шыққан дүниелерді 1910 жылдың төңірегінде жарық көрген басылымдардан табуға болады. Уфада бастырған «Насихат-Қазақия» атты трактаттар жинағының әрбір бөлігіне арнауы тоқталуды қажет етеді. Бұл турасында бұған дейін бірнеше мақалалар жазып, Зейнелғабиден Әміреұлының абайтануға қосқан үлесі, «Насихат-Қазақия» еңбегіндегі трактаттарда көтерілген мәселелерге біршама тоқталған болатынбыз.
Зейнелғабиден Әміреұлының шыққан ортасы, өмір жолы туралы күні бүгінге дейін жарық көрген жинақтар көп емес. Түрки-тарша мәтін құрау стиліндегі мәтінді қазіргі әдеби тілге абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының түсіруімен «Насихат-Қазақия» атты трактаттар жинағы ертеректе жарық көрген. Кейіннен біздің кирилл қарпіне түсіріп, түсініктеме жазған нұсқамыз Көкшетау қаласында, Зейнелғабиден Әміреұлының туысы, педагог ғалым Тұрсынбек Мәліковтің жинақтауымен шығарылған болатын. Шығармашыл зиялы, ағартушы ұстаз, жаңашыл тұлға Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари әл-Омскауидің мұраларын жинақтап, зерттеп-зерделеу ісі әлі күнге дейін толық жүрілді деп айта алмаймыз. Газет-журналдарда жарияланған дүниелерін іздестіру, толықтырып жинақтау қажет. Зейнелғабиден Әміреұлының шығармашылық ғұмырын оның туып-өскен өлкесімен, ауыл-әулетімен тұтастықта, ұрпақтар сабақтастығына негіздей отырып қарастыру маңызды болмақ. Зейнелғабиденнің әкесі Әміре қажы және атасы Жұмабай қажы – Омбы төңірегіндегі ұлан-байтақ өңірге есімі мәшһүр, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу адамдары болған екен. Айналасына жақсылық нұрын шашқан осы бір өнегелі әулеттен қаншама айтулы адамдар өсіп-өнген. Қазіргі дейін бұл бағытта қолға ұстар еңбек – Әміре қажының тікелей ұрпағы Клара Асқарованың «Атадан қалған асыл сөз» атты әулеттік жинағы. Өзінің қысқа ғана шығармашылық ғұмырын ұлтының әдебиетін, мәдениетін дамытуға, өзге бауырлас жұрттарға танытуға арнаған Зейнелғабиден Әміреұлының туып-өскен ортасы, Әміре қажының әулеті туралы баяндайтын, немересі Зияш Асқарұлы ақсақалдың жазбасын аталған жинақтан алып ілкіде үзінді жариялаған болатынбыз. Осы жазбаны толық нұсқада ұсынып отырмыз. Мұнда бір әулеттің ғибратты ғұмырбаяны берілген: «Мен, Зияш Асқарұлынан (шын атым – Зиядден).
Кейінгі қалған ұрпақтарға өз аталарымыз туралы біраз кеңес: Кейінгі қалған ұрпақтарға өз аталарымыз туралы біраз кеңес: бұл сөздің қандай керегі бар деп жазды екен демеңдер. Бір ой түсіп жаза салдым. Ішінен бір-екі ауыз сөз ұқсаңдар да жарап жатыр.
Біз осы Көкшетаудың ығындағы төрт ата қарауыл – атқы, жауар, мөнтік, сарының баласымыз ғой. Оның ішінде Жауар баласы Қанайдан тараймыз. Қанайдан – Өмір, Шәлди, Қалқаман болса, Шәлдиден – Арыстан, Меңдіқұл. Арыстаннан – Өтеп, Жаман, Өмірзақ, Қаблан. Өтептен – Жомарт, Деріпсалы, Баян. Тоқалы Мандырдан Досымбай, Досымбек, Қарымсақ, Есенқұл болса, біз сол Жомарттан тараймыз. Жомарттан – Бектұр, Аңдамас, Алаңгөз, Елемес туады. Ал Бектұрдан Жиеналы, Жұмабай, Байман қажылар.
Ұлы атамыз Әміре қажының әкесі Жұмабай қажы екен. Біздің ата қонысымыз Омбы облысы, Москаленка ауданына қарасты Ебейті сорынан оңтүстігінде үш километр. Саға дейтін терең сайдың іші екен. Мен сол жерде 1908 жылы көктемде туыппын. Сайдың ағын суы сорға құйылып жатады екен. Сайдың ішіне ел қонған терең, екі жақ қабағы бітік өскен қызыл қайың ағаш. Қыстаудан оңтүстікке қарай 1 километр қырға шықсаң, теп-тегіс қара топырақты егіндік жер. Ол жерде бұдан 150 жылдан астам жылдарда шамалы ғана қазақ елі болған екен. Орыс қалалары қоныстанбаған кез. Бос жатқан жер болса керек.
Аталарымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Қосымша аздап егін салуды кәсіп еткен көрінеді.
Ебейті сорының суы күмістей жарқыраған жалтыр көл. Аумағы үлкен. Жақсы деген атпен айналып шыққанда бір күндік жер екен. Сордың суы мен саз балшығы дертке шипалы, қасиетті екен. Әсіресе ревматизм сырқатына өте жақсы дейді. Маңайда сор көп қой. Сонда да Ебейті сорының шипасы көп деп ол күннен мақтайды екен. Оның үстіне қазіргі ғылыми текстерде анықталып отыр. Курорт, санаторий салу керек деген сөз де болған көрінеді. Ол әлі іске аса қоймаған. Әйтеуір Ебейті сорында өндіріске пайдалы заттар бар деседі.
Ебейті сорының айналасында Тұмба, Қызылағаш, Саға төрт ауыл қалың ел жауар баласы қоныстанған екен. Бұл елдерден Тұмба, Қызылағаш ауылдарының жұрнағы бар. Олар осы күнде бұрынғыдан да көбейіп кеткен.
Ебейті соры Есілкөл, Москаленка, Шарбақты көл, Полтава аудандарының нақ ортасында тұр.
Атамыз Әміренің әкесі Жұмабай қажы өз дәулетімен ел балалары үшін ауылда медресе ашып, оған татар моллаларын ұстап, балаларына діни оқу оқытқан көрінеді. Әрине жыл өткен сайын моллалары да өзгеріп отырған. Соңғы бір молласы Кәрім Мұратов деген кісіні біз көрдік. Сол медресенің іргесі 1911 жылы Сиыршыға көшіп келгенде де болды. Оны өзіміз көрдік. Соңғы кезде, 1916 жылы, бір жағы медресе болса, екінші жағында орысша мектеп болды. Онда бірінші учитель болып Смағұл Сәдуақасов келді. Біз 1-класты осы кісіден оқыдық.
Атамыз Әміренің жеті ұлы, бір қызы болған. Бәрі де бәйбішесі Қалампыр деген кісіден туыпты. Балалары өз медресесінен оқып орысша жазып-оқып білген.
Үлкен баласы Нұғман қажы – 1936 жылы Сиыршыда қайтты. Одан кішісі Дайыр – 1937 жылы Сиыршыда қайтты. Шаймұхамет 1948 жылы атығай Дүйсембай ауылында (көктемде) қайтыс болды. Асқар 1922 жылы 12 мамыр күні Сиыршыда қайтты. Зейнелғабиден (молла) 1920 жылы декабрьде Сиыршыда қайтты. Хамзе Сиыршыда қайтыс болды. Біләл 1940 жылы 17 мартта колхоз ақшасын жеді деген өтірік пәлемін 2 жылға сотталып, ескі Жезқазғанға лагерьде жүріп, ішіне ас тұрмай 1942 жылы қыс айында сол жердің больницасында қайтыс болыпты. Оны сотталып бірге жүрген Ленинград ауданы, Менжин совхозының пенсионері Бейсен тұқымы, Хаби баланың нағашылары Мұхамеджан деген кісі өз қолыммен жерледім деп нағашым Ахметжанның қырқына барғанда Шамғон марқұм екеуімізге айтқан еді.
Қызы Зүбайра – мөнтік Жақып қажының үйінде (қазіргі Қызылту совхозының орталығынан 3 километр оңтүстікте Шалақ дейтін өзен бойында) 1918 жылы қайтыс болды.
Нұғман қажы ел иесі болып, төрт ата қарауылға аты шыққан кісі. Дайыр – жылқы малына иелік жасап, жылқышыларға қысы-жазы басшы болған. Шәкен – шаруа ұқсатушы, мал сатып керек-жарақты тауып әкелуші болған. Ол кісінің серігі Зейнулла (Қоқый) болған. Асқар – ол да ел ішіндегі әңгімеге араласып, талас-тартыс, дау-жанжалды мәселелерді шешудегі іске қатысып отырған.
Зейнелғабиден – молла әуелі Қызылжардағы медреседе оқып, одан кейін Уфада медресе «Ғалияны» оқып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Осында оқып жүріп кешкі мектептен оқып, орысша білім алады. Сонда оқып жүріп Пушкиннің өлеңдеріне талдау жасайды. Ұлы Абайдың еңбектерімен танысады, Абай жолын қуады.
Қазақ халқының өміріне көз жіберіп дүния жүзінде ең нашар, надан, артта қалған қараңғы қазақ халқы екен деп қазақ халқына үндеу ретінде сол кездегі газет, жорналдарға мақала беріп, қазақ халқын оқу оқып, білім алуға, отырықшы ел болып, мал шаруашылығымен бірге егіншілік кәсібімен шұғылдануға шақырып отырған. Осы жөнінде 1909 жылы қазан қаласында баспадан қазақ халқына арнап жазған «Насихат Қазақия» дейтін кітабы жарыққа шығады. Бұл кітап мыңдаған экземпляр болып шыққан болар. Үйткені ел жайлауға шығып, көшіп-қонып жүргенде жеке күймелі арбамен тасып жүргенін бала күнімізде көрдік. Бұл халық арасында көп тараған көрінеді. Осы күні кейбір үлкен адамдардың қолында сақталып қалған келгендігі байқалады. Қазіргі күнде осындай еңбектері көзге түсіп (Қазақ социалистік энциклопедиясының 4-томының 595-бетінде) өзінің 1904 жылы 23 жасында Уфа қаласында оқып жүргенде түскен фотосуретімен, Зейнілғабиден (Амре ибн, әл-Жауари, әл-Омсакуи) қазақтың жазушысы әрі ағартушысы деген атпен тарихтан орын алып жазылып отыр. Бұл кісіні біздер жақсы білеміз. Ол кісіні біз молла ағатай деуші едік. 1881 жылы Сағада туып, 1920 жылы (39 жасында) Сиыршыда қайтыс болған. Сиыршы дейтін жерде, қазірде Ленинград ауданы, Қызылту совхозының бөлімшесі қоныстанып мал өсіріп отыр. Зейнілғабиденнің 1916 жылы туған баласы Ануарбек 1936 жылдары Москва қаласында экономистер институтын бітіріп шыққасын, Омбының облисполкомында ст.экономист болып тұрғанда, 1941 жылы соғыс басталған күні әрмияға алынып (ст.лейтенант еді), 1943 жылы Сталинград түбінде отан үшін құрбан болды. Тұқым жоқ, үйленбеген еді.
Зейнілғабиденді Жиреншин деген бір жазушы, татар жазушысы, алымы деп өзінің бір еңбегінде көрсеткен екен. Оны 1965 жылғы «Жұлдыз» жорналының 6-нөмірінде Е.Б.Бекмаханов дейтін бір совет жазушысы – ол қалайша татар жазушысы болады деп, осы кісі жөнінде жазған бір еңбегінде Зейнелғабиден татар жазушысы емес. Ол кісі өзінің «Насихат Қазақия» дейтін, «Қазақ халқына арнап жазған» кітабында автор – Зейнелғабиден Әміре ибн, әл-Жауари, әл-Омскауи деп тұрған жоқ па, - деп. Ендеше бұл кісі – омбылық, жауар руынан шыққан Әміре баласымын деп тұр ғой. Бұл кісі татар емес, нағыз қазақ жазушысы деп, қоярда қоймай анықтама береді де, біз Абай жолын тану ісін тек қана революциядан кейін ғана алдық деп жүрдік. Ол олай емес екен. Ұлы Абай жолын тану ісінде революциядан бұрын жүрген кісілер бар екен. Ол кім десеңіз – мына Зейнелғабиден екен. Оны біз көрмей жүр екенбіз» деп жазады.
Әміренің алтыншы баласы Хамзе – жас жігіт, бұлан болып, еш нәрседе жұмысы болмай өскен.
Жетінші баласы Біләлді анадан туысымен немере ағасы Жағфар деген кісі (Мәліктің туған ағасы) асырап баурына салады. Сосын Біләл Жағфар баласы болып кете барады. Ол кісіден Пәшкен, Есқара, Есболат, үлкені Тасқара еді. Төкежан дейтін бәйбішеден туған – соғыстан қайтып келмеді, аналар – тоқалы Күліш дейтін кісіден туған.
Жеті ұлдың ортасында жалғыз қыз Зүбайра ең кіші баласы екен. Адам баласының көркемі, сұлу әрі ақылды болған. Мөнтік жақып қажының үлкен баласы Хакімге беріпті. Сол үйде жас кезінде, 1918 жылы қайтыс болды. Артында Кәукен, Жәукен, Құсайын дейтін балалары қалып еді, қазірде олар да жоқ. Жәукенді Хабиболла дейтін ағамыз алғанда, қазірде Жәукеннен туған Аида, Арыстан, Бекет, Болат дейтін балалар бар.
Ұлы атамыз Әміре сол кезде мұсылманша жақсы оқыған кісі көрінеді және аздап орысша оқып сауаттанады. Өз тұсындағы әкім иелері уездегі, губернатордағы адамдармен сөйлескенде ойындағысын тілімен де, қағазбен де жеткізе алатын қабілетті адамның бірі болған деседі. Сондықтан ол кісіні көпшілік дауысқа салмай-ақ, ол кездегі Ақмола губернасы, Омбы уезіне қарасты Николаевский болысына уезд басшылары болыс етіп белгілеп бекітіп жібереді. Бұл боласнай управленияға қарайтын 3 мыңдай үй болған. Барлығы да ата жағынан қарағанда қарауыл атқы, жауар, мөнтік, сары. Бір қарауылдың баласы. Бөтені жоқ. Елдің бір шеті Жамантұз Қойтаста болса, Үлкен Қараойдың айналасы, Есілкөл мен Москаленка ауданына дейін барған.
Әміре болыстықты алып келіп, елді бір аралап шыққаннан кейін, елдің көбі артта қалған қараңғы, надан, адалдық пен әділеттілікті сезбейтінін көріп, бұларды жөнге көшіріп, сөзге түсіндіру өте қиын екен деп ойланады да, жанындағы кандидаттарымен ақылдасып, елге енді мен шықпаймын деп жұмысты отырып істейтін болады. Ел ішіндегі талас-тартыс, дау-жанжалдарды басқа көмекшілері арқылы реттеп отырған. Ел арасына көбіне өзінің тілмашы Манабаев Ыбырай деген кісіні жұмсап отырған. Ел аңызы бойынша осы Ыбырай тілмаш елден пайдаланып байыған деседі.
Әміре көбіне елдегі жүз пара мен бұл парадан қашқан. Ол кісінің жүрегі адалдық пен әділдіктен басқаны сүймеген.
Әміре үш жыл болыс болып, осы мерзім ішінде өзінің қызметімен де, адалдықпен әділ атқарған көрнекті еңбегімен де көзге түсіп, сол кездегі патша үкіметі оны екі рет наградтай, шен-шекпенмен сыйлаған екен. Бірақ атамыз Әміре бұл дәрежеге де қарамай, қараңғы елдің ішіндегі талас-тартыс, дау-жанжалды ашық мәнісінде дұрыс, әділ шешуде беделді пасық байлар мен атқамінер қулардың жүз парасымен бұл парасы бөгет болған соң, болыстықтан безіп, қажы жолына баруды ойлайды. Сөйтіп бір жылы жазғы көктемде (Қанкелген дейтін көлге) жайлауға шығып, отауларымен өзінің үлкен ақ ордасын қатар-қатар тіктіріп, үй сыртына желі қақтырып, ақ шағаладай құлалы құлындардың 20-30ынан байлап болған соң өзі бәйбішесі Қалампыр дейтін анамызды ертіп үй сыртындағы биік дөңге шығып отырады да жан-жағына қарап отырып бәйбішесіне: «Мынау қатар-қатар тігілген ақ үйлер, анау жатқан құлалы жылқылар, мынау табын-табын болып жатқан ақтылы қойлар мен анау жатқан сиырлар мен түйелер кімдікі?» - деп сұраған екен. Сонда бәйбішесі: «Әуелі құдайдыкі, қалды – біздікі», - деген екен. Сонда атамыз: «Әлбәттә солай. Біз толған екенбіз. Бір толудың бір төгілуі бар. Дүния бір қалыпта тұрмайды, мұны оңынан төгіл деп тіле, бәйбіше», - деген екен. «Олай болса, маған енді болыстықтың керегі жоқ. Мен енді қажы жолына барамын», - деп бәйбішесінен рұқсат сұрайды. Бәйбішесі қарсы болмайды. Содан былай қажы сапарына дайындалып, әуелі балалары мен жақын туыстарына, ағайындары мен ел ішіндегі өзінің туыстарына айтып рұқсат сұрайды. Соның ішінде 20 жыл болыс болған атығай Кәкеннің Хасеніне: «Болыстықтың қызығын көрдік қой. Енді оны қайтесің, таста, қажыға барайық», - дейді. Ол кісі қарсы болмайды. Бірақ: «Биылша тоқталыңыз, келер жылы бірге барайық, тосыңыз», - дейді. Одан кейін қара да болса қара басы, кісілігі өзімен тең жауар Сағынтайдың Базарбайына айтады. Ол кісі де Хасен болыстың айтқанын айтыпты. Содан кейін барлық ағайындары мен туыстарының, ел адамдарының басын қосып, қажы жолына жүретіндігін айтып рұқсат сұраған екен. Жиылған көпшілік те Хасен мен Базарбайдың сөздерін қуаттай: «Келер жылға тосыңыз», - дегенді айтқан деседі. Сонда да атамыз Әміре: «Мен келер жылға тоқталайын, халқым. Сіздер келер жылға дейін менің өлмесіме кепіл болсаңыздар», - деген екен дейді.
Бұл сөзі естіген халқы: «Болмас-болмас», - деп рұқсаттарын берген екен деседі. Бұл жолда Базарбай да, Хасен де бармай қалады. Атамыз қажы жолына жүріп кетеді. Ол кезде поез да, самолет те жоқ. Тек қана көлікпен жүретін заман. Қара теңізге барғасын пароходқа отырып, ар жағы Стамбулға барып, одан түйемен бірнеше айлар жүріп Арабиядағы Мәкке мен Мәдинаға барып, Аллаға құлшылық етіп, қажылық міндетін түгел атқарып болып, енді қайтуға ыңғайланып жүргенде, сондағы белгілі, қасиеті зор бір әулие шырақшы кісі қажыларды аралап жүріп: «Осы қажылардың ішінен үш адам осында қалуға тиісті-ау», - дейді де, ілгері жүріп келіп біздің атамыздың алдына келіп тоқтап тұрып: «Әміре, сенбісің? Неше жасқа келдің?» - дейді. Сонда атамыз: «Елу төрт жасқа келдім», - дейді. Әулие айтады: «сізге бұл бір хайырлы жас екен», - дейді де, ілгері жүре береді. Әулиенің бұл сөзінен атамыз Әміре сескеніп қалады да: «Бұл қалай айтылған сөз? Елден маған дәм тату нәсіп етілмегені ме?» - дейді жолдастарына. Сол күні атамыз Әміре түнімен ауырып шығады да, сол аурудан үш күн жатып, Мәдина қаласында қайтыс болып, Мұхаммед пайғамбарымыз жатқан жерге жерленеді.
Басқа қажылар елге аман келген соң, келер жылы бәйбішесі Қалампыр анамыз: «Атамыздың басына барып, топырағын көріп қайтайын», - деп, «Мені қажының жатқан жеріне апарып кел», - деп үлкен баласы Нұғманға айтып, балалары мен ел-жұртынан рұқсат алып, жолдастыққа өзінің немере туыстарының бірі Шөйке дейтін кісіні ертіп, үшеуі жүріп кетеді. Қажы жолы – оңай жол емес екендігін айттым ғой, сол қиыншылықтарды мойынға ала отырып бірнеше ай жүріп қажының басына барып, топырағын көріп, мауқын басып, көңіл суыған соң, қажының басына бірнеше белгілер орнатып, өздері қажылық міндеттерін толық атқарып, жылға жақын жүріп, елге аман-есен жетеді. Сөйтіп анамыз «қажы бәйбіше» атанып, Нұғман қажы, Шөйке қажы болған екен. Бұл анамыз 1919 жылы апрель айы ішінде Сиыршыда қайтыс болып, сол жерге жерленді.
Ұлы атамыз Әміре қажының өзінің тұстасы, әрі теңдесі Базарбай деген кісі келер жылдардың бірінде қажыға барып, Әміренің топырағын көрем деп басына барып тұрып: «Уа, Әмірежан-ай, бұл дүниеде бір мойының артық еді. Ол дүниеге оздың-ау!» - деп топырағын құшақтай, үстіне жата кетіп жылаған дейді.
Атамыз Әміре қажының (Біләлден басқа) алты баласы, алды жетпіске келгенше енші алыспаған ынтымақ-бірліктері бір жерде болған. Өздері де, әйелдері де тату-тәтті тұрған. Біреуі ас-суға ие болса, біреуі іске, біреуі қонақ күтуге ие болған. Бәрі де ұлы шешеміздің айтқанынан шықпайтын тәртіпті болған. Жас кезіміз, бала болсақ та көрдік. Еншілерін ұлы шешеміз қайтқасын бөліскенін білеміз. Енші алысқанда ішінде отырдық. Ешқандай талас-тартыс, өкпе-наз деген болған жоқ. Малдың азайып, ықшамдалған кезі. Шамасы үш жүздей жылқы, жүзден аса сиыр малын ағалары Нұғман қажы түс-түсімен Шаймұхамбет пен Хамзені үлкен шаңыраққа ие қылып (Нұғман, Дайыр, Асқар, Зейнелғабидендер бөлек шаңырақ) бөліп берді де, тек қана, бір торы айғырды менің әкеме, бір сұр бесті айғырды Қоқыйға арнап (ақ қолқа) бөлістен артық берді және бөлістің сыртында Зейнелғабиден молланың мініп жүрген қос кері аттары өзінде қалды.
Осылай жылқы, сиыр малын ешбір сөзсіз бөлісіп алғаннан кейін, қой малын әйелдер өздері бөліп алуға қалдырды. Келесі күні 200-250-дей қойды қораға қамап қойып шешелеріміз өздері бөліп алысты. Бала кезіміз ғой, бөлгенді қызық көріп, ойнап ішінде жүрдік. Әлі күні дейін ұмытпаймын. Не әкелерімізден, не шешелерімізден бір сөз болғанын естімедік. Бұл не деген ұйымшылдық, не деген ынтымақ-бірлік десеңізші! Әлі күнге тамаша қаламыз да жүреміз. Қандай адамгершілік. Міне солай да ел аузында аңызға айналып жұртқа үлгі болған екен. Міне, жұртқа үлгі болған осындай тамаша адамдар не болды? 1919 жылы енші алысқаннан кейін, 1920 жылы Зейнелғабиден молла декабрь айында Уфа қаласында болған мұғалімдер съезіне барып (500 адам қатысқан) келе жатып ауырып, үйге келгенсін бір жеті жатып қайтыс болды. Бұл кісінің жылын өткізгеннен кейін төрт айдан соң, яғни 12 маусымда 1922 жылы менің әкем жүрек ауруымен бір ай жатып, қайтыс болды. Бұлардан кейін Нұғман қажы, Дайыр, Хамзе қайтыс болып, сол Сиыршы зиратына қойылған.
Ұлы атамыз Әміре өз тұсында орташа байлар қатарында болған. Бұл кісінің аты елге өзінің адамгершілігімен, тамаша сән-салтанатты тұрмысымен шығады. Сол кезде керей Сағынайдың Нұрмағанбеті деген кісі қазақ баласында байлықпен де, сән-салтанатпен де ел аузына бірінші болып алынған екен. Сол байлықтың әуені ме, әйтеуір ол кісіні ел «Паң Нұрамғанбет» деп атаған. Ол кісі Омбыға барып келе жатып, қасына ерткен жүз кісісі бар (Омбыға патшаның баласы келеді деп барған жолы екен), ол кезде байлардың солай жүретін әдеті болса керек және қонған жерінде бөлінбей түседі екен. Сол жолда біздің ұлы атамыздың үйіне келіп қонады. Бұдан шығып Кіші Қараойдағы Салпық Әлібай қажының үйіне келіп қонады. Ол кезде сұрастырып бірін-бірі сынап отыратын заман ғой. Сонда Әлібай қажы Нұрмағанбеттен: «Бүгін қайда қонып шықтың?» - деп сұрапты. Ол кісі: «Бүгін Әміре болыстың үйіне қонып шықтым», - депті. Әлібай қажы: «Әміре болыс қандай екен?» - дейді. Нұрмағанбет айтыпты: «Әміре болыс болып тұр екен. Мал мен басы бірдей өсіп тұр екен. Басына бақ қонып тұр екен. Өзі болыс, үлкен баласы Нұғман би болса, Дайыр дейтін баласы малға қожа, Шаймұқан деген баласы шаруа ұқсатушы (атарман-шабарман), Асқар деген баласы ел адамы болса, Зейніш деген баласы Уфада, Ғалияда оқып жатқан көрінеді. Бақ-дәулеті мен салтанатында кемістік жоқ екен. Бірақ қонаққа жапқан көрпесі бір түсті емес, ала болды», - деп сынап кеткен екен дейді. Бар тапқан міні – жүз кісіге жапқан көрпенің бір түсті болмай, әр түрлі болғаны болыпты. Әрине ол заманның байларында бақ таласы, тақ таласы көп болған. Бірінен бірі ассақ екен деген мақсатта болған. Сондықтан Нұрмағамбеттің кемітіп айтатын жөні бар. Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» аса мақтап, сипаттап жазды ғой. Ол кісінің байлығы мен сән-салтанаты басқаға қарағанда артық болған дейді.
Енді атамыз Мәліков Сабыр бір сапарында Бостандық совхозындағы ағайындарға бара жатып «ескі қыста» Сиыршыдағы зиратқа жол үстінде кез болып, өткен өмір, балалық дәуір, алтыбақан теуіп, асық ойнап жүрген жер көз алдында жер болып, жатқан аруақтар бәрі есіне түсіп бір-екі ауыз өлеңінде былай деген екен:
Сиыршы көзге ыстық көріндің ғой,
Елжіреп жүрек басы берлді ғой.
Аңғары сағымменен көтеріліп,
Аспанға бұлттан асып керілдің ғой.
Балалық алтын тақпен өскен жерім,
Ғылымға жас уақытта көшкен жерім.
Жемісін асыл білім күндіз теріп,
Кешінде алтыбақан тепкен жерім.
Басына аялдадым аруақтардың,
Жатыр ғой неше түрлі саңлақтарым.
Ескіріп зираттары қалған екен,
Торқадай жұмсақ болсын топырақтарың.
Бірінші еске аламын Зейін аға,
Кездесіп зиратында осы жолда.
Тірлікте жүргеніңде теңдесің жоқ,
Аз өмір сайран еттің қолдан-қолға. (1881-1920)
Өмірлік әркімдерде жемісіңіз,
Болған жоқ тірлігіңізде кемісіңіз.
Тигізген қасиетті шарафатыңыз,
Тарихта өзгермейтін бұл ісіңіз.
Екінші еске аламын Асқар аға,
Бақытың кісілікпен тасқан аға.
Нұрыңыз толған айдай толықсыған,
Атағың төрт атаны басқан аға.
Үшінші еске аламын Уалит аға,
Адамдық қасиетіңіз қымбат аға.
Дүниеден жас уақытта кеттің көшіп,
Білімің жасқа берген таймас таға.
(Уалит Бердімұрат қажының баласы. Жас күнде Омбыда оқып, гимназияны бітіріп, учитель болып, бала оқытып жүргенде ауырып, 1919 жылы қайтыс болған.
Шайхолла жігіттікте әсем болдың,
Адамға сөз бермейтін шешен болдың.
Жолымен партияның тура бастап,
Жастарға жол бастаған көсем болдың.
(Шайхолла – Мусин Ғабдолланың туған інісі. Жасында Хабиболламен бірге Полтавка қаласындағы орыс мектебінен оқып, оны үздік бітірген. Совет үкіметі орнаған кезде партия қатарына кіріп, сол кезде Шарлақ уезі болып тұрғанда секретарь болып қызмет істеп жүріп, суық тиіп ауырып, 21-22 жасында қайтыс болған туыс еді.)
Түрленген егіспенен жер анасы,
Жайқалып гүлденіп тұр сай-саласы.
Майысып көк масақпен егін жәйі,
Сиыршының құбылып тұр айналасы.
Арада көрмегелі көп жыл өтті,
Жас өмір ойдан шығып, кәрілік жетті.
Көрген соң өткен өмір еске түсіп,
Сипаттап аз сөзбенен тәмам еттім.
Сабыр Маликов, 1956 жыл (Сабыр ұзаққа созылған науқастан 1969 жылы 5-желтоқсан күні қайтыс болған.)»
Өткен ғасыр басындағы әдебиетіміз тарихында өзіндік орны бар тұлға Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауари әл-Омскауидің шығармашылық ғұмырын, ата-тектік ортасын танытуда бұл жазбаның маңызы зор деп білген тұрғыда толықтай жариялап отырмыз. Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер алдағы кезеңде толықтырыла береді деген сенімдеміз.
