«Мен өз басым әдебиеттің негізгі міндеті әшкерелеу де, дәріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды, адамдық тіршілікті әуелі өзің жете түсініп, сосын оқушыңды жете түсіндіріп, оның өзін өзі рухани шыңдай білуіне түрткі болу деп ұғамын...»
Әбіш Кекілбаев
Сауал мен жауап
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында отыздың белесінен енді асқан жас жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы жазылды және жарық көрді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бет қаратпай, өршіп тұрған идеологиялық үстем режимге еріксіз бейімделген, әйгілеу-айқындауынан алдарқатуы басым көп туындыдан көркемдік тұрпаты бөлек бұл шығарма зерделі оқырманның назарынан тыс қалған емес.
Шығарманы оқи бастағанда-ақ, бірден аңғарылатыны – жастығына қарамастан, сөз саптау мәнері ерте қалыптасқан жазушының сенімді, нық аяқ алысы. Сөз-сәуленің кібіртіксіз еркін құйылуы, шаршатпайтын, керісінше, қызықтырып шақырудан бір танбайтын бипаздап баяндау тартымдылығы – телегей дарияның үдере алға тартқан алаңсыз, ыдырамайтын біркелкі ағысы, күшеніп ыңырсымайтын ырғағы, қалай шүйіліп оқысаң да, ықыласыңды баурай беретін пластикасы, қоры мол, құнарлы сөзбен құбылып жеткен түйсіктің тереңдігі, алуан ойлар мен шыңыраудан шымырлап шығатын жұмбағы қабаттасқан құпия сезімдер сапырылысының дүбірі мен дүрбелеңдері автор қаламының жүр-жүрлеген жетегінен емес, мазмұн-әлемнің қажеттілігінен туындап жатуы болмысты өзінше сезініп, өзінше өрнектейтін аса дарынды жас жазушының жасқанбай, жарқырап келгенін айқын көрсетті.
Романды оқып шыққан соң, негізгі үш сұрақ туындайды:
1. Не айтпақшы?
2. Мазмұн арқылы ұсынылған көркемдік шындықтың кімге, қаншалықты қажеті бар?
3. Қалай айтылды?
Осы үш сұрақ романның концептуалдық әлемі мен поэтикасын байыптауға бастайды. Үшінші сұрақ төңірегінде, Әбекеңнің жазушылық шеберлігі туралы аз жазылған жоқ. Бізде ғана емес, шет елдерде де, әсіресе Германияда. Сексенінші жылдары жазушының екі томдығы ең алдымен Германияда шыққанын, оған неміс тілінде бірталай пікірлердің жарияланғанын ғылыми-ақпараттық басылымдардың бірінен ұшырасқанда, таңданғаным бар еді. Олай дейтінім – ол кезде бізде жаңа шығарма туралы пайым жекелеген бірен-саран рецензиялармен шектелетін.
Әлі күнге тиісті дәрежеде сөз қозғалмай келе жатқан алдыңғы екі сұраққа байланысты пайымдаулардың жариялануы кешегі кезеңде мүмкін емес еді. Алда не күтіп тұр, белгісіз. Ендеше кедергіден құтылып, тәуелсіздік берген еркіндік жағдайында кезінде біртүрлі қызық, әрі тосын көрінген туынды туралы айтар кез келді.
ХХХ
Мұндай көп қатпарлы, зер салған сайын мән-мағынасы тереңге тарта түсетін роман жазу үшін мол өмірлік-интеллектуалдық тәжірибенің қажеттігі сөзсіз. Жастықтың асау ағысымен албырттанып-құйындатып келе жатқан немесе серіліктің серуенімен шайқап жүрген Екпіннің өзекті өртейтін өткен мен құбылмалы, қитұрқылы Бүгінді байыптауға шегінбейтін ынта мен суымайтын ықылас танытуы қиын. Ендеше екінің бірі бара бермейтін, бара қалған күнде де, бажайлауы мен бейнелеуі көңілдегідей жарасым таба алмай жататын «қиынға» жап-жас Әбіш Кекілбай қалай келді, не айтпақшы деген алғашқы сұрақ еріксіз алға шығады.
Оның бұған дейінгі жазған әңгімелері мен тарихи кезеңдердің шырғалаңдарын шарлаған повестеріне ортақ айрықшалық – адам табиғаты мен заман, қоғам сабақтастығы мен сол сабақтастықтағы өзара тәуелділік құпиялары зардабының жеке адамға, әлеумет-топқа, әлеумет-қоғамға, одан ары ұзап, тұтас дәуірге әсерін, сол әсердің өмір-болмыстағы құбылыстарға түрткі, қозғаушы факторларға жасаған ықпалын байыптауға ден қойғаны. Болашақ кемеңгер қаламгердің қалыптасуына үлес қосқан субъективті, объективті жағдай мен түрлі себеп-салдарды сараптау, салмақтау – бөлек әңгіменің жүгі.
Тіпті жас кезінде жариялаған «Ең бақытты күн» (1963) атты әңгімесіндегі әскерден келген күйеуін сағынған келіншектің жан дүниесі мен нақты өмір ағысының байланысына мегзеген нәзік емеуріндер мен «Аңыздың ақырындағы» ханшаның көңіл күйі мен күйті, қарасақал мен бейтаныс әйелдің ұшырасуындағы сәттен көңілмен ғана жобалайтын «құпияларды» ішіңіз сезіп отырады. Сонау жылдардағы алғыр түйсік тәжірибесінің уақыт өте келе, көркемдік тәжірибеге қызмет етуге жарағаны, өмірдегі сезімталдық пен сергектіктің шығармашылық тұлғаның толайым шығармашылығына қосқан ересен үлесін «көріп» отырасыз.
«Аңыздың ақыры» тарихтағы түрлі өркениетте, алуан өмір-қоғамда өшпей келе жатқан тарихи-рухани құбылыстар табиғатының индивидуалистік, максималистік сырларына зер салған концептуалдық мазмұнымен әдеби қауымның назарын аударды. Бұған және бір себеп - романның жазылу сипаты. Бұрын-соңды ешкім дәл осы ракурстан арнайы ден қоймаған, алайда қай заманда да қарсы алдынан шығуы әбден мүмкін тарихи-философиялық оқиға-жұмбаққа, әрекет-шешім-жұмбаққа, ежелден емі табылмай келе жатқан рухани-әлеуметтік дертке қоғамдық-тарихи құбылыстар контексінде қоғам мен тұлға талабын, табиғаты мен тағдырын салыстыра-сабақтастыра зер салды. Қай дәуірде де қалтарыста қалмай, қандай қағаберістен де қағынып шыға беретін шырғалаңдардың тамырлары мен байланыстарынан көз жазбай, үнемі бақылау барысында қоғам мен адам сырының сұмдығын, сымбатының сиқын, айбынының айбарағын айқындаудың, замандық сипаттың философиялық, қоғамдық-әлеуметтік салмағы мен зардабын зерттеудің әлем әдебиетінде бұған дейін кездеспеген, мүлдем тың талабы, жинақтап айтқанда, болмысты байыптау мен бейнелеудің жаңа үлгісі ұсынылды.
Бұған дейінгі қазақ және әлем романдарынан басқаша, мәселен, романға арқау болған өмірлік коллизиялардың тосындығынан гөрі /мұнараның салынуы мен қиратылуы/, психологиялық талдау барысында әлем әдебиетінде бұрын кездеспеген тәсіл-мысалдың қолданылуы: Әміршінің ұйықтап жатқан ханшаның үстінен шықққанда, еске түскен сәттер – умаждалған көрпе арқылы баяғы бала кезде көрген қарасақалдың су алуға келген әйелмен кездейсоқ ұшырасуы, шыңғырған дауыс пен қойдың мекіренгені сияқты «тосынның» психологиялық-логикалық астары, кейіпкерлердің кейініне шешуші ықпалы, жас шебер Жағыпардың күлің-күлің еткен көгілдір мұнара арқылы ишаралаған құпиясы, соны көрген көшелінің іші сезбеуі мүмкін емес Сұлулықтың – мұнараның ханша мен ғажап ғимаратты өрген өнерліге эмоциялық әсері, эстетикалық мазмұны, соның бәріне қозғаушы, түрткі болған қызыл алманың көңілді ұйқы-тұйқы еткен астыртын пәрмен серпініне айналуы, ханның өмірдегі әрекет түгіл адамның / ханша мен шебердің/ жарық дүниеден жасырған ойларына жасаған қысымы-қиянаты, алдымен ойын, сосын адамның өзін табанға таптаған ойлап табудың өзі қиын, сұмдық озбырлығы, талай адам-пенденің пікірін қазып алып, солардың көзқарасын және талғамын таразыға тарта келе, талдай келе, жасырын шындықты, адамды танудың өзіндік, жаңа тәсілін табуға деген қайтпас құштарлығы мен белсенділігі, әмірші өзімшілдігінің өрттен бетер өршіп, оқырманның көз алдында «өту шежіресі», басқаша айтқанда, бір адам туралы мәліметі мен «білімін» бірнеше адамның (бәйбішенің, шебер Жапардың, күтуші кемпірдің, азбан құлдардың, қарт уәзірдің сөз ләмі мен қарым-қатынас елестерінен байқайтын сұңғылалығы) «еңбегі» мен «тәжірибесі арқылы молайтуы» және осы «білімін» үзік-үзік объективті жағдайлар-оқиғаларға байлап сәйкестендірмей, үнемі әміршінің бұйрығын бұлжытпайтын өзімшілдіктің өңмеңдеуі, тайынбай, табан аудармай үсті-үстіне жасаған «шабуыл» - әрекетінің арнасымен жүйелі, үздіксіз толықтыруы, болмыстанудың теңдессіз, тиімді тетігінің бірі – «адамтанудың» адымы астамшылық жолында аршындауы, бүкіл романның осы процесті айқындауға қалтқысыз қызмет етуі Әбіш Кекілбаев шығармасының әлем әдебиеті контексіндегі орны мен көркемдік бітімін бірден айрықшалайды.
Тап осындай тосын сипат – тың дәстүрге – жаңа өріске ден қойған, өзіндік Әбіш Кекілбай үлгісімен жазылған роман қазақ әдебиетінде бұған дейін болған емес, әзірге ондай теңдесі де, жалғасы да жоқ дегенде, әсіре мақтан үшін емес, әдебиеттің шексіз көркемдік әлемінде айтулы ізденіске қашанда мүмкіндік барын, әрі осындай жанкешті пайымдауды рухани қажеттілік деңгейіне көтеретін парасатты ізденіс қоғам мен адам үшін ең басты зәрулікке, әсіресе қазіргі ақпарат тасқынында аласұрған заманда рухани кемелденуге әсері зор қоғамдық-мемлекеттік, рухани-мәдени құндылыққа айналғанына назар аудару үшін ескерсек керек.
Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған заманның көзілдірігімен бір шолғанда, қараға аунап кетуге немесе нұсқап жіберуге бейім сол кездің идеологиясына, төбелдірігіне идея деген үкі тағылған талаптарға, бықынажай пікірлерге құлтасыз қызмет ететін секілді. Айталық, «қылмысы» көрінбейтін, айыптауға нақты, айқын дәлел жоқ жас ғашық, ханшаға сырттай іңкәр жазықсыз шебердің көзін ойып жазалауы ханның жауыздығын, дәуірдің сұмдығын көрсетуі сықылды қарапайым көрінгенімен, түптеп келгенде, романның көркемдік мазмұнының әлемі қоғамдық-мемлекеттік болмыс пен сол болмыстың қамалы ішінде үстемдік орнатқан жағдайдың құлақкесті құлына айналған адамның табиғаты мен танымындағы замандар бойы қайталана беретін, қайғыға қамайтын қайшылықтар мен сабақтастықты сан ситуация, сын-сәттерде, қарапайым, күнделікті тұрмыста ұшыраса беретін қылық-қимыл, әрекет, кейіпкер психологиясы арқылы тайқы маңдай адам затының қайталана беретін трагедиясын алдымызға көлденең тартады. Соның барлығын ұршықтай ійіріп, диірменнің тасындай айналдырған, ақ дегені – алғыс, қара дегені- қарғыс болып тұрған, қор етем десе де, зор етем десе де, қалауы білетін, өз елінің, өз мемлекетінің құдіретіне айналған билік иесі – Алмас хан.
Осы орайда айта кетпеске болмайды, Алмас хан – Ақсақ Темірдің бейнесі, прототипі деген пікірлер ақпарат құралдарында айтылып, баспасөз беттерінде жарияланып, ғылыми баяндамалар мен сұхбат-диалогтарда әлсін-әлсін қайталанып келеді. Бұған келісе алмаймыз. Біріншіден, Ақсақ Темір емес (біздің баспасөзде жазылып жүргендей), Әмір Темір деп атау – адамзат тарихындағы әйгілі тұлға ретінде шындықты мойындау. Тарихи тұлға ретінде әркімнің өз танымы – білім-білігі, пейіл-пиғылы тұрғысынан пайымдауы – бөлек мәселе. Өзгенің тарихын менсінбей немесе жазғыра, немесе күстаналап сөйлейтін басқалардың емес, өз көзімізбен де бейтарап қарамайынша, қай басқыншы да – кезінде өз мемлекетінің тұлғасы ретінде зәру санайтын мүдделерге қарай әрекет жасайтынын ескермейінше, тарихтағы дерек-оқиғаларды, тұлғаларды әркімнің өз білімі мен білігіне сәйкес пікір айтуы салдарынан бұрмалау көбейетініне мысал мың-сан...
Қай кезеңде де заман талабына қарай әр хан – әр билеуші өз жұртының бәсекелес басқа елдерден басым түсуіне мүдделі екені тарихтан мәлім. Кез келген сәтте шабуылдауы мүмкін өзгелердің табанында қапелімде тапталмас үшін әскери басымдықпен өмір сүру қажеттілігі – бертінге дейін бетке ұстап келе жатқан тіршілік шарты. Сол замандағы әр елдің билеушілерінің арасындағы объективті, субъективті қарым-қатынастар мен соған әсер етуі мүмкін ықпалдардың үйлесу айрықшалықтары мен қайшыласу зардаптарын толық білмейінше, бұрынғы тарихи оқиғалар мен жағдайларға үкім айту, ақтау немесе жақтаудың қай-қайсысы да әсіресіз әділетті болуы неғайбіл. Ендеше оқиғалар, тұлғаларды дерек, дәйеккөздері ретінде ескеру немесе пікір білдірушінің субъективті сөзі ретінде ғана пайымдау әділетке тым құрыса бір табан жақындау талабына айналса керек...
Биліктің құдіреті мен қулығы
Сонымен бір қарағанда, заман идеологиясына бейімдеп, бейнелегендей көрінетін Алмас ханның прототипін іздеу жөнсіз және оның прототипі – талассыз, айқын. Ол – қандай шексіз биліктің де белгілі бір кезең-жылдармен тұйықталатын шектеулілігі мен зұлымдығы. Бұған тарихта мысалдар қисапсыз, тап кәзір тізіп, уақыт кетірудің қажеті шамалы. Бұрынғы тарихтың алмағайып кезеңдерін, алапат аласапыранын білетін, жеке басқа табынушылықтың қорғансыз, қарапайым қалың бұқараны қандай қасіретке қамағанын өз көзімен көрген қаламгердің бұлайша толғануына себепкер – шексіз биліктің ашық және астыртын озбырлығының жеке адам түгіл тұтас қоғамға, мемлекетке, заманға жасаған және жасай беретін, алдағы уақытта да сан рет сансыратуы мүмкін қиянаттарына деген қайсар қарсылығы, қоғамның жеке адамға көрсеткен немесе көрсете беретін қиянатын, қысастығын әшкерелеу.
Роман мазмұнына қарасаңыз, бүкіл хан сарайындағыларды шырқ үйіруге түрткі – бәрінен бұрын ханның күдігі. Ханның ойында ойран тудырған күлбілте күдік дем беретін дәлелдің жоқтығынан күмілжіп көміліп қалмай, тұншығып өліп қалмай, қызғаныштың қызыл шоғынан тұтана келе, күдірейген күмәнға ұласты. Нақ осы күмәннің шынтуайтқа шыққанда, мызғымайтын мықты дәлел емес, желк-желк еткен желбуаз желеу ғана екенін сұңғыла, әм сарапшыл хан білмейді емес. Білгенде қандай! Сол себепті асығыс, шұғыл шешім жасаудан аулақ. Шешімді көшедегі «куәгер» көптің көзі жетіп, көңілі ұйитындай етіп, үкімді сол көптің өзіне «шығартады». Мұнараға қастандық жасап, қиратпақшы болды деген дәлелсіз желеуді өсекке ұластырып, оған «бәледен» бейхабар қарашы – көптің «рас па, апырмайын» «бәсе, сұмдық-айға» жеткізгенде, әлгі өсекке өң кіргізіп, шырайлы тон киген шындыққа айналдыру технологиясы - үстемдіктің қашанғы сары тәсілі, ары-беріден кейін принципі екеніне барлық замандағы барлық мемлекет, барша қоғам өмірі куә.
Сонымен сауаты кем немесе мүлде жоқ, байыпсыздығы салдарынан кертартпа немесе көрбала көптің көбік сөзін «өзіне сол керек» деген өкімге, сол өкімін үкімге айналдырған қаперсіз жұрттың надандыққа бергісіз білместігін пайдаланғанда, қоғамдағы, тарихтағы, жеке адамның тұтас өмірі мен күнделікті тіршілігіндегі сырт көз байқай бермейтін, байқауы мүмкін де емес небір ию-қию кілтипан-лептерге дейін сол жылдардағы жас жазушы қапысыз сезіп, сұңғыла сараптай білген, сол білгенін психологиялық талдау арқылы таратып, кейіпкерлердің табиғи ой-толғанысы арқылы шебер бейнелеген. Алпысыншы жылдардың соңында, жетпісінші жылдардың басында прозаға бел шеше, белсене араласқан жас Әбіш Кекілбаевтың заман-қоғам-адам сабақтастығының шарасыздығын, сорын идеологияның қалт жібермейтін қырағы көзі қадағалап отырғанына қарамастан, содырлы байланысты сынау жолын тапқан алғырлығы, зеректігі, зерделілігі тәнті етеді.
Тарихи дерек, өмірлік материал мен көркемдік мазмұн логикасы авторды қаншама қанаттандырып, шыңға шығандатып алып кетті деген күннің өзінде бұған дейінгі әдебиетіміздегі тап осындай жүйелі де терең мазмұн-болмысқа зер салып, бұған дейін дәл осындай философиялық концепциямен ұсынылмағанын, билік-қоғам мен адам қарым-қатынастарының қалтарыстарын ақтарғанын, шығармашылық парасат әлеуетінің бұдан кейінгі қазақ әдебиетіне зор әсер еткенін көрмеу, мойындамау мүмкін емес. Қазақ әдебиетінде «Абай жолынан» кейін бір де бір шығарма әдеби процесіміздегі ізденістерге көркемдік мазмұн кеңістігімен, көркемдік шеберлігімен мұндай әсер ете алған жоқ. Болмысты адам мен қоғам, индивидуалистік психология мен тарихи-әлеуметтік жағдай, жеке адам табиғаты мен танымындағы құбылыстар контексі, сол контексте қамтылған шындық арқылы пайымдауды өзіндік таңдап алған ракурста байыптау – шын ойшылдың, нағыз суреткердің қолынан келетін, әрі сәтімен ілуде бір жаратылатын құбылыс.
Әлденеше ғасыр бұрынғы тарихи жағдайдың шындығын алға тартып, «Бес жүз кісі тауда тас шығарып жатты. Екі жүз кісі оны сол арадан жылтыратып өңдеді. Арба жеккен тоқсан бес піл тасып тұрды...
... Мешіттің біткеніне үш күн болды. Ішінде әрқайсысының биіктігі жеті құлаштан асатын, тастан қашалған төрт жүз сексен баған бар...
Мешіттің көк күмбезі сонау зеңгір аспанның өзіне көгілдір сәуле шашқандай, әншейінде шыжыған шілдедегі аптап ыстықтан отқа ұсталғандай, өңі тайып, ақ айранданып тұратын ол бүгін қайтадан ніл жүгіріп, мөлдірей қалыпты» /52-бет/ сияқты мысал – суреттер арқылы кезең көрінісін көз алдымызға әкелгенімен, автордың алаңы арыда – сол заманнан бертінге дейінгі десек те, көне дәуір мен келешектегі кезеңдер аралығы десек те, қайталанып келген, әлі де жалғасуы әбден мүмкін – субъективті өзімшілдіктің тарихи-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық озбырлыққа ұласуы, шексіз биліктің жазықсыз қалың ел үшін, тиран немесе жәдігөй билеушінің өз кезіндегі «беделі» мен көкжиектегі келешек атағына да көлеңке түсіретін жойдасыз, жойқын жуандықтың қасіретке душар ететін, ылаңды, қанды шежіресін айқындау, соған деген ымырасыз қарсылықты ояту. Адамзаттың бүкіл тарихы – озбырлықпен күресуі, тыныш өмір сүруге мүмкіндік беретін заманға ұмтылуы. Жеттік-жетілдік деген ХХІ ғасырда да озбырлықтың өлмей-өшпей, сонымен уланған дүниежүзілік саясаттың мың құбылып, сан түрлі қитұрқы сипатта құтырынып тұрғанына – тарихи-саяси, т.б. оқиғалар мен идеологиялық концепциялар бұлтартпас айғақ.
Концептуалды мазмұны қоғам құрсауындағы адам табиғатын, оның болмыс батпанымен байланысын байыптаған «Аңыздың ақыры» – психологиялық-философиялық роман деп кезінде орынды айтылды. «Қызыл алма» атты алғашқы бөлімінде әмірші Алмас ханның бәйбішесі жіберген қызыл алмадан күдік алуы, одан кейінгі «Мұнара», «Махаббат», «Аңыздың ақыры» бөлімдерінде кезегімен ортөбелік жас шебер Жаппардың, ханшаның ахуалы, ең ақырында мұнараны қиратуға шешім қабылдау «хикаясы» - себептері айқындалады. Оқиға желісі күрделі емес, сюжеті ықшам. Алайда әр кейіпкердің үнемі дызығып, ұстараның жүзінде тұрғандай өн бойын қорқынышты діріл мен емексіген үміт кезек билеп, алма-кезек басым түсіп жатқанда, көлкештеген, адымы қысқа қайырымдар емес, көл-көсір баяндаудың ағыл-тегіл суреттеуге ұласып, одан керісінше тәсіл алмасуы немесе екі тәсілдің де жарыса, жараса қолданылуы жас ойшыл, жас суреткердің орасан зор шығармашылық әлеуеті мен үзілмей, үздіксіз үдере алға тартып отыратын, алған бетінен қайтпайтын, өзіне дейінгі болмаған тың тәуекелден тайқымайтын сұрапыл шабытының, сол қуаттарды негізгі мақсат – нысанаға үнемі бағындыра, бағыттай білген ұлы парасатының, нәзік сезімталдығының дәлелі.
Мәселен, құрт түскен алманың ханға жетуі – әл-әзір тиянағы жоқ, дәлелі жеткіліксіз, бұлыңғыр желеу-емеурін, ійшараның ійіне түсіп қалған күдік қана. Ұйқыдағы жас ханшаның ырықсыз, ессіз тән құмарлығының құшағында көрпені кеудесіне басып жұмарлауы, әлден уақытта саябырлап, бәйіз табуы ойға қалдырған әміршінің ілік іздеуіне себепкер – алманың бүлінгені мен көрпенің умаждалуы ғана емес, бұған дейін жинақталған өмірлік тәжірибесі. Түсінде мауқы басылғандай ханшаның тыншуы мекіренген қойды еске салуына түрткі – ожар қарасақалдың қолына түскен бейтаныс әйелдің алғаш айқайлап жанұшырғанымен, көп ұзамай лажсыз ләззат құшағында масаюы, суын алып, түк болмағандай, бұраңдап кете баруы. Алма – ханша – қарасақал – суға келген белгісіз әйел – мекіренген қой... – бұлардың барлығы – қырағы ханның жадынан шықпаған, өз көзімен көрген мысал-ассоциациялар. Соларды бір-бірімен сабақтастыра салыстыру барысында ұлғая түскен күдігі – ханның енді мұнараға да, жас шеберге де жіті назар аударып, мұқият бақылауына себеп. Әсіресе балғын шағында ну жыныста қарасақал мен беймәлім әйелдің кездейсоқ ұшырасқанын өз көзімен көруі – тәжірибесіз жасты тіксіндіргенімен, таңсық сезімін қытықтап оятуы, өмірі ұмытылмастай әсер алған сәті, естуі, түйсінуі – таңдана қабылдауы. Қабылдау арқылы әсері психологиялық-эмотивтік тәжірибеге айналып, жалпы өмірлік тәжірибесін толықтырды. Осылайша «әккіленуі», есеюі - алдағы күнге жарақсыз бармай, алданып қалмай, қамданып баруына сеп.
«Осындай» тәжірибесі табан тірейтін тиянаққа айналып, шексіз билік иесіне ойға алғанын өзі ғана біле алатын зымияндықпен жүзеге асыруына қолайлы мүмкіндік береді. Қиялы тәуелсіз, ойы азат адамды бүкіл тіршілігін басынған бұйрықтың бағытына бейімдеген, ойы – тұл, қиялы - құл адам-пендеге, адам-малға, құрал-адамға айналдыруына мүмкіндігі ұшан-теңіз. Пендеге немесе тұлғаға айналдыру тетіктерін табу, пайдалану құпиялары мен кілтипандарын әбден біліп қана қоймай, одан әрі дамытатын, үсті-үстіне «жаңасын» ойлап таба беретін, үстемдіктің тұлға-«таланты» – Әмірші.
Оның өз қолындағы биліктің әзәзілдігі мен әзірейілдігін бес саусақтай біле тұра мойындауға, ерте ме, кеш пе, күндердің күнінде жұтып алатын құрдымға құлау қаупін ойлауға құлықсыздығына дәлел – астамшылдығы. Солай бола тұра әмірші – белгілі бір дәрежеде психолог. Аталған ассоциациялар ханшаның жан дүниесін, ханшаның талабы мен қарекетін білуге, сонымен бірге Жаппардың да «аяқ алысын» аңғаруға мегзейді. Сол сияқты шебердің ерекше жан салып, көз жауын алған мұнара өрген өнері, еңбегі – оның өзін де, ханшаны да байқап-барлауға қажет, мызғымас тиянақ. Бір кейіпкер арқылы екіншісін, немесе керісінше, бұл аз болса, басқа характер-образдардың, ситуация, детальдардың барлығының да жиыла, тұтаса келе, ханша мен Жаппарды танытатын, «әшкерелейтін» тұтас жүйеге, дәлелдер тізбегіне ұласуы – қиыннан қиыстыру шеберлігі мен жазушының күрделі ойлау мен сезіну ерекшелігінің мысалдары.
Хан – ханша – шебер – үшеуіне қатысты психологиялық шиеленіс шытырмандары үнемі мұнараға келіп тіреледі. Ол – көптің көзін қытықтап, көңілін арбаған көрнекті, сұлу ғимарат қана емес, шебердің қол жетпес арман – ғашығы – ханшаға деген ықыласын айнақатесіз айшықтап, аспанға, айдай әлемге аян еткен махаббат ескерткіші, қайран қалып, қарамасқа қоймайтын сұлулық бейнесі, қайталанбас ынтызарлық жыры. Күлің-күлің етіп, көз арбаған мұнара, жазықсыз мерт болуға шақ қалған ханша, алып-ұшқан жас жүрегінің толқуын жасыра алмай, таспен сырласуға мәжбүр болған, өзі айта алмай, мұнараны «сөйлеткен», арманды, ынтық сырын соған ғана сеніп тапсырған жас шебердің тасқа тіл бітірген ғажап өнері түрлі кейіпкерлердің қабылдауы арқылы әлсін-әлсін бейнеленгенде, бояулар қайталанбайды, қайта бірін екіншісі толықтыра үстемелеп, мұнараның көркін әр қырынан әрлеп аша түседі. Кідіртетін кісен, тежейтін тұсауды елемей, шарықтаған қиял, төгіліп тұрған жазушы тілі, ана тілінің құнарын еркін, табиғи пайдалануы, қай кілтипан мен қай құпияны да тамылжытатын, жарасымы жанға жайлы табиғи пластикасы, психологиялық иірімдер шырғалаңы мен тұңғиығы арқылы әлем әдебиетінде ұқсасы жоқ өзіндік көркемдік әлем түзілген.
Сол әлем ұстындарының бірі – Жаппар шебер, түптеп келгенде, жазықсыз, сұлу өнердің өкілі. Әміршінің алдындағы бар айыбы – жасырын сезімінің мұнара арқылы бейнеленіп «әшкереленуі». Шығарманың басынан аяғына дейін көктеп өтетін осы ғимарат сұлулығы – әр кейіпкер үшін әркелкі, әрқилы серпін. Бірақ бұл – әлі әмірші ойлағандай қылмыс емес, кесек дәмеден ауылы алыс есекдәме ғана. Әмірші соған да іштей шамданады. Өзімшілдіктің астамшылдық атты уының тамшылай беруі салдарынан әуелгі елеусіз күдік ұлғая беріп, ақыры қыжылға ұласты. Қыжылдың қынабынан кескілеспей келіспейтін кек шықты. Ішіне қатқан кек – зіл оның еркін, алаңсыз тыныстауына мүмкіндік бермей, ойын қақпалап, озбырлығын түрткілеп оята береді. Ақыры шебердің қиялын жазалаудың амалын тауып, жаны жай табады, «есесін» қайтарады.
Жақсыны білмей, қадіріне жетпей мансұқтау – топастық, надандық, түлейлік, ал біліп тұрып мансұқтау – ішмерез іштарлық, қанқұмар қаныпезерлік. Байғұс жас шебер адал еңбегі мен аяулы өнерінің көзге шыққан сүйелдей көрініп, сарай ішіндегі саясаттың, адам ішіндегі саясаттың, сұрқиялықтың тәлкегіне айналарын білмеуі – албырт жастықтың аңғалдығы.
Мұнара сымбатының сиқырын түйсініп, ұғына алатындар, қадіріне жете алатындар санаулы ғана. Ары-беріден кейін басқа түгіл соны өз қолымен тұрғызған шебердің өзі де ақи-тақи анық білмейтін сұлулық айрықшалығын ілуде бір сарапшы ғана анықтай алады. Хан мен ханша дәл сондай деңгейдегі сарабдал болмаса да, күнде шүйілетін күдіктің көзі қырағы, кері шегінуді білмей, өңмеңдеуден қажымайтын күмән – әрі күншіл, әрі сыншыл. Мұндайда ақылға ақыл қоса алатын, баршадан ерек сарапшының – сыншы ойшылдың маңызы баға жеткісіз. Бірақ хан ондай тәуелсіз, тура биді іздеуге де, тыңдауға да ықылассыз, құпиясының жария болып кетуінен сақтанады. Ақылман сарапшы мұндайда тиімді жол табуы, қаһарлыға да, жазықсызға да, шарасызға да шарапаты тиюі, қай-қайсысын да аман алып қалуы мүмкін еді. Алайда ханның өзімшілдіктен өрбіген озбырлығының асқынып, жазықсыздық жендеті - жауыздығы басым түсіп, бас шеберді өлтіртіп, жас шебердің көзін ойғызып тастағанымен, зорлық шешімі өле-өлгенше есінен кетпейтіні анық. Қайдан кетеді, қайыршыдан бетер қарашысы көзінше құлдық ұрғанымен, үнемі именіп, қаймығып тұратынын есінен шығарып, өз ойы, өз еркіне ие бола алмаса? Несі хан – құлына құдіреті жүрмесе?! Ханшаға қайдағы бір бейшараның, күнін көре алмай жүрген байғұстың көзі түсуі – мұның жарты әлемнің әміршісі екеніне қарамай басынуы. Хан сарайы үшін бұдан өткен сорақылық болмақ емес. Тәуелсіз ақылшысы жоқ немесе кемеңгермен келісімі кемшін қоғам, мемлекеттің жығасы қисаюы осындай біржақты, шалағай ойлардың тіршілік нормасына, жүйесіне, өмір сүру принципіне айналуының зардабы екеніне тарих куә.
Сарапшы жоқта, өнер – жетім. Талғамы жетілмеген қай белсендінің де, таңдайы тақылдаған талай-талай тапқыр емес, тақыр шешеннің, қаншама білгішсіп, езуі көпірген демагогтың – қай-қайсысының да сөзі, пікірі, шешімі, т.т. – белгілі бір сәттегі құбылмалы көңіл ауанының, шектеулі тәжірибесінің ықпалымен қорытынды жасауы. Шексіз биліктің шыңына шыққан, өзгені қор, өзін зор тұтқан Әмірші – солардың жиынтық бейнесі іспетті.
Ол – әрі өз дәуірінің Тұлғасы, әрі Заман Құрбаны. Өзгені танып-таразылауға келгенде, соншама сұңғыла ол өз пиғылының құлына, өзімшілдігінің тұтқынына айналғанын аңғармайды. Өзімшілдіктің өзегін өштіктің өрті жайлап алған. Басқа, бейтарап өмірді байыптауға аяқ баса алмайды. Осындай дүлей қара күш – биліктің салдарынан шебер туындысының күйреуі – өнердің сирек ұшырасатын сұлулығының қор болуы ғана емес, адам қиялына – ханшаның ханға арнап ақ тілекпен салдырған мұнара – ықыласының, бәйбішеден басым түссем деген аңқау да адал есебінің, зау биікке талпынған үмітінің соққыға ұшырап есеңгіреуі, шебердің бар білгенін сарқып жұмсаған ғажап еңбегі мен мөлдір сезімінің тас-талқан болуы. Нағыз өнер – адамның адам екенін әсіресе анық танытып, жасампаздығын мойындата алатын, қайталанбас ғажап екенін білгісі келмеген, соған қасақана қастандық жасауға ұмтылған дөкір, дүлей қара күштің аты – Зұлымдық. Сұлулықты терең сезінбейінше, қадіріне жете алмайды. Ендеше зұлымдық тартынбайды, талқандауға бейім тұрады.
Мемлекет кім үшін қажет?
Оның өлмей-өшпей, қай кезеңде де кесір-кесепатқа, замандар зауалына айналып, адам мен қоғамды үнемі шыңырауға құлатуға тырысуына дем беретін – іштарлық топырағында өнетін Өзімшілдік – Астамшылық. Шексіз билікке құмарлық – шексіз өзімшілдіктен. Қорлығы зорлығынан бетер, зорлығы қорлығынан өткен замандарда кім-кімнің де қолын жіпсіз байлаған құдірет-күш – мемлекет. Сонымен бірге анталаған қорқау-адамдардан, өзге аждаһа-мемлекеттерден қорғай алатын жалғыз күш – кім-кімнің де күн кешкен елі.
Бірақ мемлекетте мін бар!
Билікке, биліктің қолындағы күшке, байлыққа тәуелді.
Ал, биліктің саясатқа, байлықтың сайқалдыққа тәуелділігі – өзінің соры. Осыны ескермеген қоғам да, адам да өзіне өзі кіріптар.
Сол билік пен сол байлықтың ұртоқпағына айналған мемлекет – қоғамның, адамның соры, қасіреті, әрі өзін өзі жеп бітіретін кесел, кесір.
Алмас хан – сол биліктің басты тұтқыны. Алайда билікті өзіне қызметші етудің тәсілін тапты немесе соған қол жеткізді. Қолына тиген үстемдік шашылып жүрген шалағай топ пен көнбіс көпті басыбайлы етудің ең басты құралына айналып, күшіне күш қосты. Ал мансапты билікпен қамтамасыз етудің ең ұтымды құралы – мемлекет. Демек, ол – бәріне қажет құрылым. Мұндай өзара тәуелділіктің құпияларын сезіну күшейгенде, одан серпілер қуат іздеу талабы да күшейюіне ол заманда жол жоқ. Әмірші – адам-мемлекет бола тұра, заманның тәлкегі демеске амал жоқ. Әрине, пенде-адамдар, адам-малдар өзін қорлықтың қоршауынан шығармай отырған мемлекет қолдауы мен қорғауынсыз тіршілік етуі – екіталай. Соны білетін мемлекет – қоғам – әмірші де «қу». Сол адам – жұртшылығының қорғауы мен қолдауы - қай-қайсысы үшін де өмір сүру қажеттілігі. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Соны іштей мойындай тұра, Қоғам – әмірші өз қулығының құрығы, немесе қулық – оның құрығы ғана емес, қажетіне қарай көсеуі, қамшысы, қылышы.
Осыны жете сезінген әмірші күрделі қайшылықтар жағдайына қарамастан, үстемдік атты жорғасымен тайпалып келе жатқандай көрінгенімен, өзіне өзі кедергі жасайтынын жете біле бермейді. Адам ықыласын аяққа таптап, жазықсыз жәбірлеудің барлығы да – сол мемлекеттің тікелей өзіне шашыраған заһар. Астамшылық көзін байлаған хан мұны көре алмайды, көргісі де келмейді. Бір өзі адам-мемлекетке айналған, күллі елді ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған оның бүкілмемлекеттік, бүкілхалықтық үрейге, шектеу тізгініне, құтқармайтын, қанқұйлы тажалға айналуы – өзі үшін де, мемлекет үшін де қатер. Олай болса, шектеусіз билік – әрі әмірші парасатына сын, әрі қарақшылық қанаудың қасіретті қаруы.
Мұндай қарудың иесі кім болып шығатынын әртүрлі жағдайлар тоғысы мен уақыт ағысы айқындайды. Қайыптан тайып, таққа мінсе, қауіппен сыбайлас күдіктің азғыруы салдарынан көру көкжиегі тарылып, оның тізгініндегі мемлекет, қоғам өзін қолдауға лайықты күштерін жат сезініп, өзін өзі жейтін /самоед/ машина түлейге айналатынына жойылып кеткен мемлекеттердің тарихы – тапжылмайтын куә.
Бір қарағанда, шексіз билікке ешқандай шектеу жоқ, білгенін істейтін секілді. Кілтипан, міне, осы арада – «білгенін істеуде». Білмейтінін, білуге шамасы жетпейтінін жүзеге асыра алмайды. Мәселе – ой өрісінің шектеулілігінде ғана емес, адамның өзін өзі тұтқындауында. Шексіз билік иесі – өз ортасында, өз мемлекетінің ішінде бәрін жайпап, жаныштай алатын Жойқын. Қай заманда да, қандай алапат болса да, әр дәуірдің, кезеңнің, т.т. Жойқыны өз ниеті мен сол ниеті тіміскілеп, сұғынып-сұғанақтанып бастаған, соған ілесіп шарлап қайтқан қиялына тәуелді. Ең қиыны, әрі сорақысы – Жойқынның әрекет аймағы мен сол аймақты көзімен көрген, немесе естіген жарамсақ, жандайшап жойқыншылардың ең алдымен өз пейілін, өз өмірін ой елегінен өткізіп, содан «тәжірибе» «жинап-қаруланып» алғаннан кейін жүрген жері, жеткен өрісіне дейін жайпауға жанығып, қажет кезде кері қайтуға жетесі жетпейтіні. Өйткені Жойқын да, жойқыншылар да – өзінің өзімшілдігінің тұтқыны. Әмірші – Жойқын тұтқын десеңіз, айналасындағы жандайшаптар мен итаршылар, қолшоқпарлардың барлығы – алып Жойқын мен өз жойқыншылдығының тұтқындары. Ал, тұтқын бейшара емегенде, кім? Өзгені айтпағанда, өзіне өзінің тұтқын екенін сезіне алмаған адамның одан шыға алмайтынын, шығуға талпынбайтынын, өзімшілдіктің сиқырлы шынжырдай шырмаған сайын шырмай беретінін адамзат тарихындағы озбырлықтар мен саяси-әлеуметтік әулекіліктер сан рет көрсетті.
Сорақының сорақысы – «тұтқынның» кем түйсігінің зардабы қоғам ішіндегі қисапсыз қайшылықтарға, қашса, құтыла алмайтын келеңсіздіктерге киліктіре беруі. Мәселен, әлдінің әлсізге зорлығын жеке адам-пенде – әлгі «тұтқын» жасаса, «қылмыс» деп аталып, тиісті жазасын алады немесе алуы мүмкін. Басқаша айтқанда, салдар – нәтиже – зардап дәлелге айналады да, оған әсер еткен, тудырған серпіндер тасада қалады, ескерілмейді. Мұндай мысалдар қайталана береді, салдар – қылмыс назарға ілігеді де, себеп – құбылысқа мән берілмейді, жан-жақты талданбайды. Өз елін жылатқан, теңдік бермей сұлатқан, ақылдысын қорлаған, айбындысын торлаған мемлекет, қоғам кімге қажет?! Қажетсіздің күні – қараң.
Сорақының сорақысынан өткен сұмдық – нағыз қылмыстың бет пердесінің ашылмауы, ашылған күнде де істегеніне сәйкес «жазаланбауы». Егер мемлекетті піл десеңіз, адам – құмырсқа ғана. Өз қарамағындағы сол адамды таптаған мемлекетті тұқыртып, тезге салғанды көрмек түгіл, естіген ешкім жоқ. Шексіз билікке қолы жеткен Әмірші әлдеқашан сол піл-мемлекетке, немесе Адам-мемлекетке айналған. Адамды таптаған зіл – піл-мемлекет, адам-мемлекет! Немесе мемлекет деген термин-ұғымның орнына «қоғам» деген ұғым-терминді қойсаңыз да, қосынды-қорытынды өзгермейді. Қарапайым адамды белгілі бір тіршілікке – жұмысқа мәжбүрлеген, демек, зорлаған – қорлаған қоғамды далабалап айыптау мысалдары сансыз да, байыптап «жазалау», өмір сүруге қолайлап өзгерту талабы үнемі жүзеге аспай жатуы – тізгіннің үнемі Жойқын мен жойқыншылардың қолында қатып қалуының салдары.
Ал егер жеке Жойқынның өзімшілдігіне жойқыншылардың адам мен адамзатқа қарсы фашистік, шовинистік, т.т. идеяларымен уланғаны үстемеленсе, одан арғы тіршіліктің қандай сипатта құбылатынына, қандай қанқасап қырғынға душар ететініне – тағы да адамзаттың арғы-бергі тарихы дәлел.
Романдағы міскін-тіршіліктің күллі тыныс-тіршілігі Жойқынның ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында, оның үстемдігі бүкілхалықтық, бүкілмемлекеттік қысым мен үрейге ұласқан. Ол сыртқы жаулар шабуылынан қорғағанымен, өз елінің ішіндегі Тажалға айналған. Мұндай жағдайда шектеусіз билік – әміршінің парасатына әрі сын-мүмкіндік, әрі таразы.
Талай-талай жорықтарды бастан өткерген ханның өмірден көрген-түйгені мол, адамды зерттеу тәсілдерін игеруге қабілеті біршама, көргенін тексеріп, аңысын аңғара алатын сұңғылалығы да айтарлықтай, белгілі бір жоғары дәрежеде. Мұндай қасиеттерсіз тақта толықси алмайтыны айдан анық. Алайда оның өзі құрған немесе алдыңғылардан мұраға қалған қоғам үшін, сол қоғамның қамалынан шыға алмайтын адам үшін қатерлісі – әміршінің тақ иесі ғана емес, Мемлекет-адамға айналуы.
Мемлекет – көзге анық көрінетін немесе көріне бермейтін, үйлесімді, қайшылықты қисапсыз ағыс-процестер жүріп жатқан аса күрделі организм-құрылым. Саналуан ішкі-сыртқы ықпалдар салдарынан туындайтын құбыл-дірілдердің барлығын сансырамай, сарапқа салып отыру, ең тиімді шешімдерін дер кезінде қабылдау, ең оңтайлы шараларын табу немесе ұйымдастыру жалғыз Адам-мемлекетке, Пенде-мемлекетке аса ауыр екені де анық. Сыртқы саясат па, шабуыл-қорғану, әлде ымыра-мәміле ме, ұрпақтарының билікке таласу қаупі ме, қарамағындағылардың күндердің күнінде өртке айналуы мүмкін сыпсыңы мен пыш-пышы ма, сыртынан айтылатын ғайбаты ма, қоластындағы бұқараның ішіндегі туар күні мен шығар сәтін күткен қанды қыжылы ма, қарамағындағы қалың елдің қыбыр-жыбыр тіршілігі, күнделікті күпті қарым-қатынасы ма, тағы басқа есепсіз кілтипан-мәселер әміршіні қандай тастан жаралса да, қажытатыны сөзсіз.
Негізсіз күдікке, әзәзіл қаңқу мен зілді ишараға ерген кінәмшіл күмәнға тізгін берді-ақ, әмірші басымен жүрегінен дірілі кетпейтін, қорынудан көз аша алмайтын әншейін пендеден айырмасы шамалы. Оның тізгініндегі қоғам мен сол қоғамға қамалып, амалсыз ғұмыр кешкендер үшін ең қауіптісі – Әміршінің осылайша Пендеге, Пенденің Мемлекетке айналуы. Жағдай ушығып, «осылай» болса, алдағы тіршіліктің түтіні қалай шығатынын болжау мүмкін емес. Сарапшыл, салқынқанды ақылмен келісім таппай, мейірімсіз іштарлықпен сыбайласқан қатыгездік қаруының қан тілеп, жөн-жосықсыз жалаңдауы қорқынышты. Мұндай тізгіндегі мемлекет те, қоғам да өзін өзі аңдамай құрта беретін өзінжегіш (самоед) түлейге барабар екеніне тағы да адамзат тарихы мысал.
Ойшыл суреткер Әбіш Кекілбай тамыры тұңғиыққа тартқан осындай бүкіладамзаттық, бүкілзамандық мәселелерді оқырман-халық таразысына ұсынғанда, дүниежүзінің жартысына жуығын өзіне қаратқан Әміршінің – қай заманның да кейіпкерінің белгілі бір шешімін – айналасындағы алуан тағдырлармен тоғыстыру процесін шырғалаң-шытырман психологиялық шиеленістер арқылы байыптайды. Биліктің максимализмі мен жастық сезім-махаббаттың максимализмі, пенделік сезімнің оптимизмі мен осалдығы, жігерді құм қылатын күлбілте-күйбіңнің мәңгүртке айналдыра жаздайтындай шексіз қайталануы, естанды халге сәл-ақ қалған құл тіршіліктің мүшкілдігі... – соның барлығын «тудырып» отырған ожар озбырлықтың жойдасыз пайдакүнемдігін, астамшылық аяғының астында жаншылған байғұстықтың езіле беруін ханның да, бәйбішесі мен ханшаның да, Ахмет байдың да қам-қарекетіне қатысты сәттерде сан рет көргенде, үстемдіктің азғындықтан әрмендігі түңілмеске қоймайды.
Ал астамшылықтың, түптеп келгенде, азғындықтан жаралатынын, сол азғындықты өлтірмей-өшірмей, үнемі өсіре беретін әзәзіл-мыстан – басқа емес, рухани надандық, нойыстықпен кіндігі жалғас өзімшілдік екенін пайымдағанда, жазушының көкейтесті мәселе – шындықты жастайынан көкейіне құйып, санасында саралап алғаннан кейін ұсынуы – шығармашылық-азаматтық позициясы мен белсенділігіне де сабақтастығын аңдауға болады.
Әдебиетте бұрын-соңды осындай ракурста кездеспеген тарихи-философиялық шындық-мәселені – билік пен мемлекет, билік пен жеке адам, шектеусіз биліктің қоғамға, қарапайым қалың елдің өміріне тигізген зардабы, ел қасіреті, адамның өмір сүру бостандығы түгіл ойлау еркіндігіне кісен салуға, тіршілік етуге деген үмітін ойрандауы, жаутаңкөз жазықсыздарға жауыздық жасау мүмкіндігі, жеке адамның мөлшерсіз билігінің қайталанбас тарихи зорлыққа ұласуы сияқты бірінен бірі балалай беретін мәселелерді роман-таразыға салуы – тарихи кезеңдер, тұлғалар мен өз заманын сараптау қажеттілігі. Осы орайда оянатын толғаныстар халқымыздың тарихтағы талай-талай талапайға түскенін әбден біліп, іштей назаланып налыған жазушының толғануға мәжбүрлігі болуы да мүмкін. Тарихтың тақсыретін тартып, тауқыметінен тозып, жоғала жаздаған, үркінде, ашаршылықта, соғыста түтеленген, әупіріммен әзер аман қалған халқымыздың, қоғам мен заманның сыр-сипатының құпияларын байқау, барлау мен байыптаудан туған тебіренісіне әсер еткен - «айтпаса, сөздің атасы өлетін» шындық шығар.
Адамтану мен мемлекеттану
Шығармадағы көркемдік уақыт пен көркемдік рухани кеңістіктің негізгі сипат-серпіндері қазірге дейін болып келген, алайда адам заты осы қалпынан өзгермесе, алдағы алыстарда да сан мәрте қайталана беретін, үздіксіз ағыстың беталысы мен барар жерін межелеуге бейімдейді. Мұндай қияпаттың райын әзелден-ақ аңғарған ойлылардың қанатты сөздері бертінге жеткенімен, замана озбырлары адамзатты үнемі тартынбай тежеуде. Заманына қарай адамы құбылса, жеке ел, өркениет түгіл планетаның өліге айналатыны дәлелденген дәуірде адамына қарай заманы дейтін шақ келді. Өркениеттердің әлі күнге көңілдегідей шешімін таба алмай қалжыратқан өзекті мәселелерінің бірі – билік иелерінің заманды адамға қызмет еткізудің жолдары мен тәсілдерін іздеу жолында шарқ ұруы. Мемлекеттік өзімшілдікке биліктің астамшылдығы үстемеленуінің мысалы – адамзатты талай-талай трагедияға душар етуі. Жершарылық өзара тәуелділіктің қандай үлгісі мен мысалдары да жершарылық жарасымға ұласпайынша, жеке адамның озбырлығы жойылмайтынын осындай тарих мысалынан көре аламыз. Осындай жағдайда «Аңыздың ақыры» сияқты жазылуы – ойлауы мен сөз саптауы өзгеше, дүниеге сирек келетін шығарманың көркемдік мазмұн әлемінде сайдың тасындай сараланған сипаттарды байыптау – қай кезеңде де адам мен қоғам табиғатын бажайлауға қажет көкейтесті мәселелердің қатарында.
Осы мақсаттың нысанасынан айнымайтын «Аңыздың ақыры» – зорлық-зомбылыққа қарсы ашынған шығарма-қарсылық. Кемді күнде табан астынан пайда бола қалған өкпе немесе ашу емес, замандар бойы адамзатты сорлатып келе жатқан адам затының озбырлығына деген өлмес, өшпес қарсылық. Мұндай шерлі пайымсыз, кеудесінде жаны, бетінде ары, ойында нәрі барда қайтпайтын қайсар парасатсыз алуан тарихи дәуірлердің сабақтастығын сараптаған шығарманың жазылуы мүмкін емес.
Күнбе-күн көріп-біліп жүрген адамаралық, адам мен қоғам, қоғам мен мемлекетаралық, тарих пен қоғамдық-әлеуметтік формациялар, мемлекетаралық саяси-тарихи, мәдени-рухани, экономикалық-әскери, т.б., сапырылысып жатқан қарым-қатынастар мен өзара ықпалдар, ықпалдасуды сіңіру сипаттарының күрделілігіне қарай туындайтын шытырмандар мен шырғалаңдар сыры мен сипаты, соларға әсер ететін объективті және субъективті факторлардың ерекшелігі уақыт айырмашылығын қажетке жарата білу стратегиясы мен тактикасы қазақ әдебиетінің қайталанбас зор тұлғасы, ұлттық мақтанышымыз – Әбіш Кекілбайдың аталған шығармасының концептуалды мазмұнына әсер еткен.
«Аңыздың ақыры» арқылы қазақ әдебиетіне болмысты сезіну мен бейнелеудің жаңа үлгісі, жаңа типі дүниеге келді. Кейіпкерлерді талдау тактикасы мен таныту стратегиясының Әбекеңе ғана тән, кемелденген соны үлгісін әкелу арқылы қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне әсер еткеніне шетел қаламгерлерінің Ә.Кекілбай шығармаларымен үндестігі мен олардың ағынан жарылып айтқан лебіздері де айтарлықтай дәлел ретінде ескерілуі тиіс.
Шығармадағы тарихтың белгілі бір дәуір-қоғамдағы дерек, шежіре емес, қай заманға да тән көркемдік уақыт – мәселеге айналуы болмыстану, адамтану, сезінудің әдебиетте бұрын-соңды ұшыраспаған перспективаларын жасады.
Ең бастысы – автордың дәуірлер, қоғамдар, мемлекеттер өмірі мен тағдырын мұқият таразылай келе, ашынбасқа қоймаған көкейкесті ойын жеткізуі, мемлекеттің өмір сүру сипаты мен болашағына биліктің ықпал жасау мүмкіндігін, жауапкершілігін сезіндіруі, жеке адамның бостандығына жасайтын зорлығының қайдан бастау алатыны, әрі соған деген тозбас, тапжылмас қарсылықтың айқындалуы. Ендеше «Аңыздың ақыры» – әлеуметтік-тарихи үстемдік пен оның табиғаты, өзіндік, астыртын психологиясы мен зардабы, озбырлық машинасына айналу қатерін пайымдауға бастайтын роман-толғаныс /размышление/.
Олай болса, Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» атты психологиялық-философиялық романы көркемдік шеберлігімен, сезіну мен байыптау әлемінің байлығымен өз кезіне де, кейінге де зор ықпал жасаған, қазақ прозасының қайталанбас құбылысына айналған кезеңдік классикалық шығарма ретінде байыптай білу – кейінгіге сын.
Өзіндік көркемдік-парасат әлемін қалыптастырған суреткер Әбіш Кекілбайдың бұл шығармасы - арғы заманның адамы арқылы бүгінгі кезеңдегі жұмыр бастының пенделігі мен әлеуетін пайымдауға жетелейтін, бүгіннің адам пендесі арқылы арғы замандағы алшаң басқан пенде адамның өзгеге көрсетпей, жасырып баққан құпияларын байыптайтын, сол арқылы уақыттың біз мәңгілік деп ұғып жүрген ұлы ағысындағы құбылыстарды түйсіну мен түсінуге ынталандыратын, көркемдік мазмұнында қыруар сырлар қамтылған «Аңыздың ақыры» романы әлем әдебиетіндегі ешбір шығармаға ұқсамайды. Суреткердің көкейінен кетпей, көкірек шыңырауында өмір бойы тұнған мұңы: жеке адамның озбырлығы қашанғы адамзаттың қорлығына айнала бермек?
***
P.S. Ендеше ендігі әдебиет дағдылы, стандартты сезіну мен суреттеуден – дәстүрлі, үйреншікті таныс сораптан мүлде бөлек арнаға бет бұруда жазушылық түйсік ұлы мақсат – адам мен адамзатқа көмектесу, кемелдендіруге жетелесін.
****
Сюжет, кейіпкердің көркемдік мазмұні сүйіндіріп, сүйсіндірсе де, таңғалмайық. Олардың әрекетке бару жолындағы қарекеті – «олай еткен себебінен» сырт көз - басқа «біреу» жете хабарсыз. Ал, сіз оқырман «куәгер» ретінде білесіз; шешімге ұмтылу сырларын – жасырын «хикаяны» көлденең көк атты қаймана-біреу білмейді, куәгер Сіз білесіз. Өйткені Сіз – басқалар арқылы қол жеткен және өзіңіз тірнектеп жинаған тәжірибеңіздің қолдауымен нығайған Білімдісіз.
Сізді сондай асқар биікке күштемей-ақ құлшындырған – сыпайы, сырбаз, қарапайым қалпынан айнымай, шын сөзін жасырмай шежірелеген айнымас адал дос, ақылман сырлас – суреткер сөзі. Құпияның қандайын да қалт жібермейтін қаламгердің көреген көзі шолғанның бәрін, шалғанның барлығын сіздің сыбағаңызға береді. Кез келгеннің құдіреті жетпейтін, ғайыптың ғажабымен жасалған осы тарту – қаламгердің Сізді сынауға, Сізге өзіңізді кемелдендіруге және автор-қаламгерді барлауға, байыптауға ұсынылған ғажап көмек, болмысты түйсіну мен түсінуге берілген жаңа мүмкіндік деп білген ләзім.
****
Бергі күнде отырып, арғы заманның қатпарын тануға жетелейтін, арғы заманның көзге көрінбейтін, көңілмен ғана жобалауға шамамыз «жететін» шындығы арқылы бүгіннің қым-қуытын байыптауға жол ашатын, мыңдаған жылдар бойы өзі қапысыз білерліктей түбегейлі өзгеріске ұшырамаған, өзі танымастай өзгере қоймаған адам табиғаты атты жұмбағы қисапсыз әлемді адамтану компасы арқылы заман мен адам құпияларына үнемі жол табатын «сезімтал», терең ағыстай бойлаған шығармалар әлем әдебиетінде сирек. Кәнігі сөз саптау, шығарма тудыру «дәстүрін» ұмыттырып, шеберлік өрнегімен тәнті етуге тіпті де ұмтылмай-ақ, әркім-ақ білетін өмірлік мазмұнның – қарапайым да шексіз байтақ, шексіз тұңғиық болмыстың ұлы тереңіне қашан енгеніңді басқа түгіл өзіңе білдірмейтін ұлы қарапайымдылық ең алдымен мазмұнның аналитикалық болмысы мен замандар, адамдар сабақтастығы ауқымынан байқалады.
***
Әр роман – замана төрі мен төменіндегі адамды, тұлғаны таразылаудың; тарихтағы тұлғаны, тұлғадағы тарихты көңіл ұйып мойындарлықтай пайымдаудың бұған дейін болып көрмеген үлгісі болсын. Бұған дейін бұлжымаған «дәстүрлі дүниені» мүлде бөлек қырынан зерттеп білу құлшынысынан туған шығармада адамның жеке басының өзімшілдігі мемлекеттік деңгейдегі өзімшілдікке, қоғамның қасіретіне, заман-тарихтың зәбіріне айналуы қашанда ойға қалдырсын.
***
Өзіңді өзіңмен, өзгені өзгелермен бірге таразыға тартып салыстыруыңа мүмкіндік беріп, өзге арқылы өзіңді, өзің арқылы өзгені танудың бұған дейінгі әлем әдебиетінде тап осындай сипатта ұшыраспаған талабы, заманауилық-тарихилық концепциялары мен перспективасын уақыт контексінде көркемдік зерттеудің өзіндік айрықша үлгісі жасалсын. Адамның тұлға дәрежесіне жетуі, тұлғаның әміршіге, әміршінің мемлекетке айналу қияпатын, қиястығы мен қитұрқысын танып-білгеннен кейінгі таңдау – әркімнің өзінде...
