Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл...

Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл

15.10.2025

6072

Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл - adebiportal.kz

Бүгін қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қаламгер Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл толды.

Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ботақан ауылында, балықшы отбасында дүниеге келген. Әкесі өмірден өткен соң анасының қамқорлығында, отбасын асырау үшін балықшылық кәсібімен шұғылданады. 

Өлең-жырға, жалпы әдебиетке құмар болып өскен бала Әбу теңіз бойынан нәсібін терген балықшы жұрттың өмір-тіршілігін суреттеп жазуды армандайды. Білім жолын қуып, өмірге ерте араласады. 1929 жылы Астрахань қаласында кеңес-партия мектебін, 1934 жылы Алматыдағы жоғарғы коммунистік ауылшаруашылығы мектебін бітірген. Осы кезеңде журналистикаға келіп, әдебиетпен де шұғылдана бастайды. 

1934-1936 жылдары «Теміржолшы» газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасында директор, бөлім меңгерушісі болады. 1942 жылы майданға аттанады. Майор Әбу Сәрсенбаев соғыс жылдарында Оңтүстік әскери тобы, 3-Украин майданының «Совет жауынгері» («Советский воин») газетін ұйымдастырушы-тілшісі қызметін атқарады. Әр жылдары жарық көрген «Сенің бақытыңды қорғағандар» (1950)«Офицер күнделігі» (1960)«Жауынгер монологі» (1972) «Батырлардың ізімен» (1974)атты кітаптарына майдан өмірі арқау болған.

Майданнан оралған соң 1947 жылдан әдебиет саласында өнімді еңбек етеді. 1947 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры, 1953 жылдан 1958 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші болып қызмет атқарады. 

Әбу Сәрсенбаев әдебиетке өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан  әдеби туындыларын жаза бастады. 1938 жылы «Жүрек сыйы» атты жинағы жарық көреді. Бұдан соң «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947), «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры (1949), «Отан таңы» (1950) жинақтары жарық көреді. 

Әбу Сәрсенбаев – проза мен поэзия жанрларында қатар қалам тербеген қаламгер. Атырау балықшыларының өмір-тіршілігі туралы «Толқында туғандар» (1953) «Теңіз әуендері» (1969) кітаптарын жазды. Жазушының өзге де көптеген прозалық, поэзиялық туындылары әр жылдары жарқ көріп, оқырмандарына жол тартты. 

Қаламгер сондай-ақ Қажым Жұмалиевпен бірігіп «Арбасу» (1948)«Теңіз махаббаты» (1975) драмаларын жазды. Аудармамен де шұғылданып, А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи т. б. көптеген ақындардың жырларын қазақ тіліне аударды. Мектепте оқытылатын «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын құрастырумен де шұғылданды. 

Әбу Сәрсенбаев – өзінің жазған туындыларының тақырыбы, көркемдігі тұрғысында қазақ әдебиетінде «қазақ Айвазовскийі» деген атқа ие болған жазушы. Оған себеп: жазушының жоғарыда аталған «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдарындағы Каспий теңізінің таудай толқынымен алысып, балық аулаған қайсар жандар туралы шынайы айшықтай суреттеп жазуы еді. Әрбір қаламгер өзінің туадан көрген, бастан өткерген өмірін болашақ шығармасына арқау ететіні сияқты, жазушы Әбу Сәрсенбаев та балықшылық кәсіптің қыр-сырын жастайынан меңгеріп өскен жан ретінде шынайы әдеби туынды жарата алды. «Толқында туғандар» романдағы толқынмен алыса жүріп ержететін жетім бала Дауыл бейнесі – жазушының өз прототипі. Осы күнгі қалыптасқан бір тенденция – кешегі кеңес дәуірінде шығармашылық ғұмыр сүрген жазушылардың туындыларын «ақпараты ескірген», «мазмұны мен идеясы дәуірге сай емес», «қасаң соцреализм», т.б. деп негізді-негізсіз мансұқтау болып отыр. Иә, әр қаламгер өз дәуірін, өзіне дейінгіні жазады. Онда түрлі факторлардың ыстық лебі мен суық ызғарының табы бар. Бірақ онда мәңгілік адамгершілік идеясы мен ел-жер тарихына, тұлғаларға, мамандық пен кәсіпшілікке т.б. қатысты, саясаттан ада қаншама мағлұматтар бар. Қазақ әдеби тілі қалыптасу кезеңінің қаншама жауһар маржандары жатыр, кешегі қаламгерлердің лексиконында. Осыларды ескергендік тұрғысында да біз кешегі дәуірдің қаламгерлерін оқуымыз керек. Өзге жұрттардың өткен дәуірін мансұқтап, қаңсықтап жатқанын көріп отырғанымыз жоқ. Ұрпақтар сабақтастығы, дәуірлер тұтастығы дегеннің өзі осы емес пе? Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең бола ма?

Мәңгілік адамгершілік демекші, жастайынан өмірдің қиыншылығын көп көрген, сталиндік зұлматтың куәсі болған, қан майданды бастан кешкен жазушы Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылықпен шұғылдансам деген жастарға қамқоршыл, адамгершілігі биік жан болғаны туралы көптеген жылы естеліктер жазылған екен. Осы орайда белгілі ақын, журналист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Өтеген Оралбаев өзінің «Серпер сезім» атты кітабынан Әбу Сәрсенбаевтың кішіге қамқоршыл тұлғасы жайында тамаша естелікті кездестірдік. Қаламгерге бұл естелікті қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек айтып берген екен: «Бір күні Әбу аға туралы сұрадым. Темірхан көкемнің түрі бірден байсалды тартып, «Әбу ағаңның мен баласымын ғой» дегенде, аң-таң болдым да қалдым. Темірхан көкем: «Адамның ішінде Әбу ағамдай абзал жан, ақ жүрек ағаны кездестірген емеспін, әулие ғой ол» деп ағынан жарылды сосын: «Түркістанда орта мектепті бітірдім. Көңіл деген көк дөненге мінген, арман деген жер тарпып, аласұрып тұрған кез. Бір жалпақ дәптер өлеңдерім бар. Алматыға тарттым. Оқуға түспекпін. Келсем, үміткерлер деген сұмдық көп, сын қатты болғалы тұр. Құр өлеңмен олжалы болу оңай емес сияқты. Әркімнен сұрастырып жүріп Жазушылар одағын таптым. Сол жерде отырған бір жылы жүзді апайдан Әбу Сәрсенбаевтың үйінің адресін алдым. Тартып отырып, тағы да әркімнен сұрай жүріп, көрсетілген үйге жеттім. Есіктің қоңырауын басып едім, сәлден кейін мектеп оқулығынан өзіме көптен таныс, бұйра шашы бұрқыраған Әбу ағаның өзі шыға келді. Асып-сасып сәлем бердім. Сәлемімді алған аға мені жатсынбай, кімсің, қайдан жүрген баласың деп есік көзінде сұрақтың астына алмай, жұмсақ дауыспен ішке өтуге шақырды. Өзінің жұмыс кабинетіне бастап келді. Сәл қарлығыңқы күмбір дауыспен жұбайын шақырып, мені көрсетіп, «Ләзиза, қонақ келді, қазан көтер» деп сыпайы жымиды. Содан кейін кең отырып, менің қайдан келгенімді, неге келгенімді, аты-жөнімді асықпай сұрай бастады. Мен КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне құжат тапсырғанымды, бірақ адам көп болғасын қорқып отырғанымды, қалайда ақын болуым керектігін, отбасымның жағдайын асыға-үсіге айтып шықтым. Сәл күлімсіреді. Сосын жұмсақ үнмен, қане, өлеңдеріңді оқып көрші деп өтініш жасады. Әп сәтте бір дәптер өлеңдерімнің жартысына жуығын оқып тастадым. Әбу аға назарын барынша аударып, байыппен тыңдап болғасын, «Ләзиза, мына бала ақын болайын деп тұр екен, тыңдап көрші» деп бірнеше өлеңдерімді тағы оқытты. Ол кісі де жақсы қабылдады. Көп ұзамай буы бұрқыраған қазақша ет келді дастарханға, самауырын келді екі иінінен дем алып. Үстелдің үсті жайнап тұр. «Қысылмай отыр, еркін дәм ал, сен ақынсың ғой, ақын ұялшақ болмауы керек» деп, ағалық-әкелік қамқорлық көрсетіп, мені көтермелеп қояды. Тамақтан соң мен кетуге ыңғайландым, Әбу аға: «Бүгін демалыс қой, сен ешқайда барма, осында қон, ертең екеуіміз бір жерге барамыз» деп мені қалдырды. Ертеңгі шайдан кейін ол кісі менімен бірге киіне бастады. Содан екеуіміз жаяулап жүріп отырып, КазПИ-ге келдік. «Сен осында отыра тұр» деп аға ішке кіріп кетті. Есікке қарасам, ректор деген жазу бар екен. Оның кім екенін қайдан білейін, жан-жағыма қарап, жайбарақат отырмын. Бір кезде есік көзіндегі әйел мені ішке кіруге шақырды. «Міне, осы бала» деді Әбу аға, болашақ жақсы ақын болғалы тұр, оқуы керек» деп сөзін нығарлап қойды. Төрде отырған еңселі кісі «мақұл, Әбеке, сіз айтқасын, болды ғой, орындаймыз» деп сөз беріп жатты. Кейін білсем, әлгі адам ректор, белгілі әдебиетші ғалым, өзі де ақын Хажым Жұмалиев екен. Емтихан күні де келіп жетті. Бірінші сынақ – шығарма. Өзімше тәп-тәуір жазып шықтым. Бірнеше күннен кейін оқу орнына келіп, хабарландыру тақтасына көз жүгіртсем, құлағандардың тізімін ілген екен, ішінде жоқпын. Құламаған екенмін деп қуанып тұр едім: «Сен бе Медетбеков деген, бері жүр, іздеп таба алмай жатырмыз сені» деп бір ағай мені сүйрей жөнелді. Ішке кірдік. Бір аудиторияның ішіне кірген соң: «Мынау сенің жазған шығармаң» деп менің жазғанымды алдыма тастады. Қарасам, қатеден дәптер беті қып-қызыл. «Енді отыр да, мына шығарманы сол күйінде көшір, қатесіз, байқап жаз, өте абай бол» деп алдыма және бір шығарманы тастай салды. Айтқанын орындадым. «Ағай, енді не болады, мен құлап қалған жоқпын ба?» деп сұрап едім, ол: «Әрине, өз шығармаң үшін алған бағаң екі, бірақ сені құтқарған мына телеграмма» деп тілдей қағазды көз алдыма тосты. Онда ректордың атына жазылған: «Абитуриент Медетбековтің бірінші емтиханнан алған бағасын хабарлауыңызды сұраймын. Әбу Сәрсенбаев.» сөзді оқыдым. Әлгі ағай: «Рахметіңді маған емес, Әбу ағаңа айт» деп жаңадан жазған шығармамды алып, аудиториядан шығып кетті. Кейін білсем, мені ректорға әкелгесін Әбу аға Қара теңіз жағалауына еңбек демалысына кеткен екен. Сөйтіп, Әбу ағамның тікелей қамқорлығы мен қолдауының арқасында өзім армандаған КазПИ-ге оқуға түстім. Қазір мұндай қамқорлық жасайтын адам бар ма? Жалғыз мен емес Әбу аға мұндай тікелей қамқорлық-көмекті кезінде жазушы Сайын Мұратбековке, ақындар Жұмекен Нәжімеденовке, Әділбек Абайділдановқа, Зейнолла Шүкіровке, Меңдекеш Сатыбалдиевке, Қанипа Бұғыбаеваға, тағы басқа ондаған қаламгерге жасапты. Бұлардың бәрі аңызға бергісіз алғысты әңгімелер». Міне, Темірхан көкем айтқан сол әңгімені бүгін қаз-қалпында қағазға түсіріп отырмын», - деп жазған екен. Иә алдыңғы буын қаламгерлердің кейінгі толқын, өндірдей жастарға деген осындай шынайы жанашырлық қамқорлығы туралы мысалдар көп. Сәбит Мұқановтың да арман арқалап Алматыға келген болашақ классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті де үйіне қондырып, шығармасын толықтап жазу үшін Аралға сапар шеккенде аудан басшыларына: «Мына жігітке керегінше қағаз тауып беріп көмектесіңдер» деп хат жазуы, болашақ батыр, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллинге де дәл осындай қамқорлық көрсетуі сияқты мысалдар көп-ақ. Жоғарыдағы естеліктің өзі Әбу абыздың биік адамгершілік тұлғасын танытып тұрғаны анық.

1995 жылы 25 қарашада, тоқсан жасында пәниден бақиға озған үлкен жүректі абыз қаламгердің есімі мәңгілік туған халқымен бірге жасай берері сөзсіз.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan