Сыр өңірінен шыққан жыр мен күй саңлақтары мол. Олар көп болса да әрбірінің өнердегі өзіндік жолы мен ерекшелігі бар. Солардың бірі Дина Нұрпейісова атындағы республикалық күйшілер байқауының лауреаты, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Аякөз Еркінбекқызы ұлттық консерваторияда әйгілі домбырашы, музыка зерттеушісі Сәдуақас Балмағамбетовтен дәріс алып, Қазанғап күйлерін шебер орындауды меңгерген санаулы өнерпаздың бірі. Қазанғаптың күйшілік дәстүрін зерттеп ғана қоймай дәріптеуімен де айналысатын күйшінің шығармашылық жолы мен өнердегі жетістіктері туралы аз-кем әңгімелескен едік.
– Домбырашылар мен күйшілер әулетінен шығып, ес білгелі әкеңіз - домбырашы Еркінбектен, оның інісі – күйші-композитор Бәден Айсыннан күй үйрендіңіз. Дегенмен кей балалар өнерлі отбасынан шықса да басқа саланы таңдап жатады. Жалпы домбыраға деген қызығушылық қашаннан басталды?
– Мен өскен орта Қаратау өңірі ән мен күйге толы ел ғой. Олай дейтінім, менің арғы аталарым – Нұрсұлтан, Айсұлтан, олардан өрбіген өз әкем Еркінбек, әкемнің ағасы Жарқынбек, інісі Қазақстанға белгілі күйші, композитор Бәден Айсын сынды ағаларым өнерлі кісілер болатын. Бала күнімнен әкемнің аялы алақанында еркелеп мен әкем тартқан күйлерге қанық болып өстім. Әр таңда әкем күй тартатын. Сол күйлер әлі күнге дейін менің құлағымда. Ол күйлері осы кезде тартылып жүрген Сыр бойының белгілі күйшісі Әлшекей Бектібайұлының, Темірбек Ахметбековтің «Жетім бала» атты күйлері және өз жанынан шығарған туындылары болатын. Мені алғаш домбыраға баулыған да әкем. Әкемнің туған інісі Бәден Айсын да мені домбыра тартуға құлшындырып, бірінші рет сабақ берген ұстазым болды. Ол кісі сол жылдары біз тұратын ауылға Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның домбыра сыныбын бітіріп, жұмысқа келіп жатқан кезі болатын. Әкемнің арғы аталары белгілі күйші Әлшекей Бектібайұлының қасына ерген. Сол аталарымнан, әкемнен дарыған өнер болар, алғаш алты жасымда қолыма домбыра ұстап, өзімше шертіп талаптана бастадым. Домбыра тартуға ерте әуес болдым. Күнде мектептен келген соң айна алдына отырып алып, екі қолға жаттығулар жасайтынмын. Сондықтан мен музыка мектебінің домбыра сыныбына алғаш барған кезімде екі қолым домбыраны тартуға дайын болды. Әкем үйде «Қолыңды күт» деп мені үй шаруасына жақындатпайтын. Мүлде ауыр жұмыс істетпеуге тырысты. «Сен домбырашы боласың» деп өзінің жолын қуантынымды дөп басып таныды ма деп те ойлап қоямын.
– Алғаш сахнаға шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– Алғаш сахнаға алты жасымда ауылдағы Бәден Айсын ашқан, алпыс адамнан құралған Әлшекей Бектібайұлы атындағы оркестрмен бірге шықтым. Нота білмесем де оркестр орындап отырған Моцорттың «Рондо» атты шығармасын есту арқылы бәрімен бірге ойнап кеттім. Менен үлкен оркестранттар артына қарап, менің тез орындап кеткеніме таң қалысып жатты. Сол оркестр құрамында ауданымыз Жаңақорғанда бірнеше іс-шараға ауылдан келіп күй тартатынбыз. Бұл 1-3 сынып арасы болатын. Осы оркестрде мектеп бітіргенше ойнап, кейін Қызылорда қаласындағы қазіргі Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы музыка колледжінің домбыра сыныбына белгілі ұстаз Айтберген Жаңбыршиевтың сыныбына түстім. Кейін Айтберген ағай өз еліне отбасы жағдайына байланысты көшіп кетіп, белгілі күйші Ерболат Мұстафаевтың сыныбына түстім. Осы колледждің 4-курсын бітіріп, соңғы жылы Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға түсу бала күнгі арман еді. Соңғы мемлекеттік емтиханды бітіргенде коммиссия мүшесі Мүлкаман Қалауов мен орындаған күйлерге риза болып, «Саған 5 емес 10 деген балл қойсам, консерваторияға оқуға барасың ба?» деп сұрады. Емтихан да Венгр Ропсодиясын домбыра мен күйсандықтың орындауында тартқан болатынмын. Сол мемлекеттік емтиханның осы шешімімен арман қуып Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға келдім. Мақсатым – Қазанғап күйлерін жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетовтің сыныбына оқуға түсу болатын.
– «Ақтөбе өңірінің күйшілік дәстүріндегі Қазанғаптың күйлері» деген тақырыпта ғылыми диссертация жазып, Қазанғап туралы кітабыңыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Жалпы, Қазанғап күйлерінің ерекшелігі неде? Ұлы күйшінің шығармашылығы толық зерттелді ме?
– Кеңес заманында әр ауылдың ортасында үлкен радио болатын. Сол радиодан қазақтың әндері мен күйлері беріліп тұратын. Бала күнімнен ауылдың ортасындағы сол радиодан Қазанғап күйлерін тыңдап өстім. Сонда құлақта қалған күйлерді меңгерсем, үйренсем деген мақсатпен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Бірақ консерваторияда мені белгілі күйші Лұқпан Мұхитовтың ұрпағы Құбыш Мұхитовтың сыныбына бөлді де, белгілі күйші Сәдуақас Балмағамбетовтің сыныбына түсе алмадым. Кейін қарасам, Қазанғап күйлерін жеткізуші, Қазанғаптың күйлерін шебер орындаушы Сәдуақас Балмағамбетов бағыма орай осы консерваторияда әншілерге күй үйретеді екен. Консерватория ректоры Дүйсен Хасейіновтен С.Балмағамбетовтің сыныбында Қазанғап күйлерін үйренуге рұқсат алдым. Кейін 2-курста осы консерваториядағы музыкатану мамандарының сұрауымен этно-музыкатану саласы бойынша екінші мамандықты алуыма тура келді. Негізі Қазанғап күйлерін үйрену, зерттеу жұмысым консерватория қабырғасында оқып жүрген кезде басталған болатын. Қазанғап күйшінің туған жеріне үш рет этнографиялық экспедиция жасадым.
Қазанғап күйлері күрделі. Оның шығармалары орындаушысынан үлкен шеберлік талап етеді. Олай дейтінім, екі қолдың бір-біріне жауабы тең болмаған жағдайда Қазанғап күйлерінде кездесетін қағыстар, саусақаралық байланыстар өзіндік ерекшелігін көрсете алмайды. Осы заңдылықтарды сақтаған жағдайда ғана Қазанғап күйлерінің құдіреті тыңдарманның жүрегіне жетеді.
Оның күйлерінде бөлекше қағыс, мысалы триоль қағыстары, сонымен қатар музыка тілінде айтылатын фаршлагтар жиі кездеседі. Қазанғап күйлері толық зерттеліп, зерделенді деп айтуға келмес. Оның күйлерін зерттеу, зерделеу келешектің еншісінде деп ойлаймын. Жақын арада белгілі күйші, күй зерттеушісі Әбдулхамит Райымбергенов шығарған «Қазанғап күйлері» атты кітап біздің өнерсүйер қауым үшін жасалған үлкен еңбек болды. Кім қалай зерттейді, қалай тартады, жазып-сызып, нота желісіне түсіріп қалдыра беру керек. Іздеген адам өзі таңдап алады.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазанғап еліне экспедициялар барысында ұлы күйшінің күйлерін орындайтын бірнеше күйші қариялармен кездестім, сұхбаттастым, күйлерін жазып алдым. Сөйтіп олардың тарихына үңілдім. Алай да бір айта кететін нәрсе, «Қазанғаптың тоқсаннан астам күйі бар» деп белгілі зерттеу кітаптарда жазамыз, айтамыз, бірақ осы күйлердің неге аңызын айта отырып тартпаймыз деген ой ерекше мазалайды.
Бір ғана «Құс қайтару», немесе «18 жасар Балжан қыз», «Боз жорғаның бөгелек қақпайы» деген күйлері қазір біздің құлағымызда, олар орындалды, тартылды. Ғылыми түрде кітапқа санын жазып, оны неге жария етпеске, орындамасқа деген ойым бар. Ал мен зерттеген күйлер арасында циклді күйлер, тармақты күйлер бірінен соң бірі аңызы қосарлана, күйдің шығу тарихын айта отырып тартылады. Мысалы, бізге белгілі «Үлкен Қаратөс», «Кіші Қаратөс», «Бала Қаратөс», «Қаратөстің бұлдыратпасы» деген күйлер. Осы төрт күйдің соңғы екеуі тартылып, қалғаны айтылып жүрген жоқ. Сонымен қатар Қазанғаптың «Бұраңбел Ақжелең», «Бұраңдама, келіншек» сынды күйлері де осындай жағдайда. Қазанғап күйлерін жеткізуші Жаңаберген Әлбетовтің орындауында «Қош бол балам, қош балам», «Жұртта қалған», Теңел Көлбаевтың, белгілі күйші Задаш Байдәулетовтің орындауында «Күй шақырғыш Ақжелең», күйші Қожагелді Амановтың орындауында «Ноғайлының босуы», «Ноғайлының зары» атты күйлер, Мәмбетәлин Нәжімеддиннің орындауында күй төресі «Көкіл», «Домалатпай» атты күйлерді жазып алдым. Қазанғаптың осы сияқты тың күйлері неге орындалмайды, неге тартылмайды деген ойға қаламын. Негізінен Қазанғап күйлері шығу тарихын айта отырып тартылса ғана тыңдарман жүрегінің төрінен орын алар еді деген ойдамын.
– Басқа күйлерді сөз етпегенде шамамем, өнер қорыңызда жүзден астам сирек және елге беймәлім күйлер бар екен. Репертуарыңыздағы сирек күйлерді қалай жинадыңыз? Сирек күйлерді іздеп табу мәселесі қалай жүрді?
– Сирек тартылатын күйлер – менің бала күннен жинап, зерделеген шығармаларым. Алматы консерваториясында оқып жүргенде кезекті емтихандарда тек ешкім естімеген, орындамаған, жарияланбаған күйлер тартатын едім. Мақсатым сол күйлерді сахнаға шығару болатын. Ұмытылып қалмаса екен деген ойым болды. Ол күйлер кезінде сол ауылдағы күйшілерден, әкемнен естіген тың туындылар еді. Жастарға осы күйлерді орындату, меңгерту мақсатында 2018 жылдан бері Ақбала мен Шағдар Ақылбековтің күйлерінен республикалық күйшілер сайысын ұйымдастырып жүрмін, бұл шараларға күйшілердің ұрпақтары демеушілік жасап жатыр. Сондай-ақ, Сыр бойы күйшілік дәстүрінің ішінде тағы бір ұмытылып бара жатқан күйші Әлшекей Бектібайұлы күйлерінің жинағын шығардым. Астана қаласында екінші республикалық күйшілер сайысы Әлшекей шығармаларына арналды. Енді, 26 сәуірде Астана қаласында Қазанғап Тілепбергенұлының ел арасынан өзім жинаған күйлерінен сайыс өткізбеті жоспарлап отырмын.
– Дәстүрлі музыканы үйретуде қандай қиындықтар кездеседі?
– Қазіргі таңда қуанатын жағдай, домбыраны кішкене балалар да, үлкендер де қолына ала бастады. Жер-жерде домбыра сыныптары ашылып, күй тарту, орындау біршама қолға алынып келеді. Бірақ осы ашылған үйірмелер қалай жұмыс істеп жатыр, мектептерде оқытып жатқан ұстаздардың өздері домбыра тартуды қай деңгейде меңгерген деген сұрақ мені жиі мазалайды. Әрине, нота желісін үйретіп жіберсе, ол күй тартуды үйренгісі келетін бала үшін таптырмас дүние болар еді. Бірақ қазір осы өз әріптестерімнің арасында сандық нотамен үйрету басым екенін естимін. Осы жағынан біз балаларды жансыз, тек механикалық тұрғыда домбыра тартуға үйретіп жатқан жоқпыз ба деген де ойға қаламын. Сөз жоқ, нота білу әр баланың сауаты үшін қажет, мысалы мектепте әріпті меңгермесе сыныптан сыныпқа көшірмейді ғой, сол сияқты егер біз әрбір домбыра тартып үйренуші балаға нотаны үйретіп жіберсек, ол балаға өмірлік азық болар еді. Қазіргі жас домбырашылар халыққа кеңінен танылмаған күйлерді көбірек тартса екен деген тілегім бар. Жуырда Алматы қаласындағы А.П Чехов атындағы ұлттық кітапханада таныстырылымы өткен «Жүсіпнама» атты кіаптың жарыққа шығуына менің ағаларым Байбота Серікбаев пен Бақтыбай Айнабековтің тікелей ықпалы болды. Жүсіп Қыдыров – аз өмір сүрсе де, еліне көптеген күйлерін жазып қалдырған көрінекті композитор.
– 1998-2000 жылдары Қазақ радиосында «Бабамұра» күй бағдарламасының авторы және жүргізушісі болдыңыз, 2017-2019 жылдары қазақ күйлері туралы арнайы хабардың жүргізушісі, 2002-2007 жылдар аралығында «Шалқар» радиосында «Өнерге қанат қаққандар» атты бағдарламаны жүргіздіңіз. Радиода күй бағдарламаларын жүргізу тәжірибесі сізге не берді?
– Радиода мен Алматы консерваториясында оқып жүргенде жұмыс істей бастадым. Сол кезден бастап күй туралы хабарларда күйлердің аңызын айтып, соңынан сол күйді тартып беретін едім. Алайда, күйге 15-ақ минут берілетін. Десе де ол кездерде әр үйде 5 сомдық радио тұратын. Екі көзі көрмейтін бір қария менің сол жасаған хабарларымды үнемі үзбей тыңдайды екен. Сол кісі «Осы күйлердің аңызын айта отырып жүргізушінің өзі орындап беруі қандай керемет» деп басшылыққа жақсы пікір айтқан екен.
– Сіз үшін күй деген не? Қазақ күй өнерінің ендігі болашағын қалай елестетесіз?
– Күй деген – ішкі ой, адамның көңіл-күйі, айтылмай жатқан тарихымыз. Күй деген сөзбен айтылатын ән емес. Күй қалай болғанда кеңінен насихатталады, ол жүрегіңмен сезініп, тыңдарманның жүрегіне жеткізген жағдайда ғана нақты нәтижесін табады. Қазақтың күйшілік өнері қазіргі таңда өзінің биігінде деп айта аламын. Бүгінде жастар да, үлкендер де күйге мән бере бастады. Бұрынғы кездерде күй келесі әнші сахнаға киініп шығу үшін қажет аралықты толтыру мақсатында тартылатын, сонда екі минут күй тартылып, оның шығу тарихы еш айтылмайтын еді. Бар арманым –ескі де есті күйлерді жастарға үйрету. Сол күйлерді үйрету арқылы өзіме күш аламын. Әрине, өзің зерттеген күйлерді өзіңе тартып беріп отырса, одан асқан еш бақыт жоқ қой.
– «Ел тірегі» күйін жазуға не себеп болды?
– 2000 жылы Алматы консерваториясын бітірген соң, Астанаға Еуразия ұлттық университетіне шақыртумен жұмысқа келдім. Ол кезде оқу орнын белгілі қоғам қайраткері Мырзатай аға Жолдасбеков басқаратын еді. Ол кісі ауылдан келген өнерлі балаларға «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ашты. Қазір ол кафедра жабылып қалды. Сол кафедраға домбырадан сабақ беру үшін жұмысқа қабылдандым. Сонымен қатар мен Секен аға Тұрысбековтің «Қоңыр қаз» ансамбльінде жеке домбырашы болып жұмыс істедім. Бірде Ақселеу аға мен Әбіш аға Кекілбаевтың кездесу кеші болды. Сол кеште Қазанғап Тілепбергенұлының «Көкіл» күйін орындадым. Тартқан күйім залда отырған Мырзатай ағаға қатты әсер етіпті. Ертеңіне аудиторияға Мырзатай аға келіп, «Кеше күй тартқан қыз сен бе?» деп сол күйді қайта тартып беруімді өтінді. Сол сәтте Мырзатай аға көзіне жас алып, Қазанғап күйінің құдіретіне тамсанып, жоғары баға берген еді. Мырзатай аға бірде мені әкімнің қабылдауына апарды. Өмірзақ аға Шүкеев әкім бізді қабылдап, қолымызға қағаз ұстатты. Сөйтсек Мырзатай аға бірнеше әнші қыздармен бірге маған Астана қаласынан пәтер алып беріпті. Ол кезде тұрмысқа шыққам, бір ұлымыз бар еді. Кейін жолдасымның жұмысы бойынша Иран ислам мемлекетіне жұмысқа баруыма тура келді. Сонда жүрген кезде Мырзатай ағаның ағалық ілтипатына риза болып, мүмкін сағыныштан болар, «Ел ағасы Мырзатай» деген күй дүниеге келді.
– Өзіңіз қазір қай бағытта еңбектеніп жүрсіз?
– Қазіргі таңда туған ауылымның топырағында ғұмыр кешкен, есімдері елге белгісіз күйшілердің шығармаларын нотаға түсіріп, кітап қылып шығарып, оқырманға ұсыну –басты мақсатым. Биыл ақын әрі күйші-компазитор Жүсіп Қыдыровтың күйлерін, өлеңдерін жинақтап «Жүсіпнама» атты кітап жарыққа шықты. Өлеңдерін белгілі ақын, жазушы Байбота Серікбайұлы жинақтап, мен күйлерін бір жүйеге келтіріп, екеуміз бірігіп бір кітапты оқырман қауымға ұсындық.
– 2007 жылдан бері Иран Ислам Республикасында түрлі халықаралық іс-шаралар барысында қазақ өнерін насихаттап, концерттер қойып, күй тартып келесіз. Шетелдегі, соның ішіндегі Ирандағы қандастарымыздың күйге, домбыраға деген көзқарасы, бұл өнерді қабылдауы қай деңгейде екен?
– 2023 жылғы маусымда Иранның Горган қаласында қазақ диаспорасы үшін Домбыра күні мерекесіне орай күй концертін беріп, домбырашылар сайысын ұйымдастырдым. Жалпы, одан басқа да іс-шаралар барысында байқағаным, Ирандағы қазақтар оқу-білімге ерекше құштар деп айтар едім. Олардың барлығы дерлік білсем екен, үйренсем екен деп тұрады. Иранда қазақтың көптеген балаларына домбырадан сабақ бердім.
-Аягөз ханым, тұшымды сұхбатыңызға көп-көп рахмет!
