Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Алаш арысы Бәтістің Иманқұлы жөнінде бірер сөз...

06.09.2019 4940

Алаш арысы Бәтістің Иманқұлы жөнінде бірер сөз 12+

Алаш арысы Бәтістің Иманқұлы жөнінде бірер сөз - adebiportal.kz

Ұланғайыр ұлы далада ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтап, шекарасын белгілеп, дербес мемлекет болуын аңсағап, сол жолда жанын құрбан еткен біртуарлар туралы мәліметтерге мұқым жұрт қанық десек, артық айтқандық болар. Алашорда үкіметін құруға атсалысқан қаншама арыстарымыздың өмір жолы жайлы ақпараттар әлі де тасқа басылмай, тарих беттерінде ақтаңдақ болып қалып келеді. Жоқтаушысы табылмай жатқандары қаншама. Сол «Алаш» партиясының белді мүшесі - Бәтістің Иманқұлы. Ол қазақтың елім деп еміренген арда азаматтарының бірі, өз уақытында ұлт үшін аянбай еңбек еткен бірегей тұлғасы.

Қазақтан қайсар туған қайраттым-ай...

Иманқұл Жүсіпұлы (кей жазбаларда Түсіпұлы делінеді. Автор.) Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек селолық округінің қазіргі Өтес ауылының түлегі. Қабірі де сол ауылдың бауырындағы Найман-Ақан қорымында. Зиратының басындағы құлпытаста «Бәтіш немересі Жүсіп ұлы Иманқұл. 1875-1924 жылы қайтты» деген жазу бар. Бұл жазуға сенетін болсақ, Иманқұл Жүсіп баласы 49 жасында дүниеден көшкен болып шығады. Ал ақын, өлкетанушы Қимадиден Нығыманов көзі тірісінде Ыдырыс Тілеубердин деген адамның жазбасынан «Иманқұл Жүсіп баласы Бәтісов 1872 жылы туып 1921 жылы дүниеден көшті» деген дерек жазып алған. Бұл деректер бойынша да ол 49 жас жасаған болып шығады. Ал Керекудегі Алаш партиясы комитетінің төрағасы болған Қабыш Бердалин (Баянауыл дуанының аға сұлтаны Қазанғап Сатыпалдыұлының шөбересі) Иманқұлға арнап шығарған жоқтау өлеңінде:

Тағдырдың айналдық па ермегіне,

Құдай-ау мың шүкірлік бергеніңе.

Иманқұл қырық екі жыл дәурен сүрмей,

Ажалдың қарсы келді мергеніне,

- дейді. Бұл жоқтауда 42 жаста екені айтылады. Қалай дегенмен, қолымызда тап басып көрсетер ресми мұрағат дерегі болмаған соң қай жылы туып, қай уақытта көз жұмғанын нақты кесіп айта алмаймыз. Елімізге белгілілі қоғам қайраткері, осы күнге дейін атаусыз, іздеушісіз қалған 28 адамның басына белгітас орнатқан Қуат Есімханов бүгінгі ұрпақ үшін Иманқұлдың туып қайтқан жылы емес, оның ел үшін еткен еңбегі маңызды екенін айтады.

- Мен Қабыштың:

Найманда Ақан деген жұрттан едің,

Елуден бермен әрі қырықтан едің.

Мойының бұрылмайтын жарым қарыс,

Сен жүрген бұл өлкенің сырттаны едің.

Ақылың жүруші еді айла орнына,

Пейілің жүрмеуші еді пайда орнына.

Бетіңнен қарулы адам қаймығатын,

Жұмырдығың жүруші еді найза орнына,

- деген жоқтау өлеңін алты жасымнан бастап санама түйіп өстім. Біз үшін Бәтістің Иманқұлының атын жаңғыртып, қазақы рухты елге оралту парыз. Қазір оның атын мектеп баласы түгілі үлкендер де біле бермейді. Кешегі Алашорданың арыстарының бірі болған адам. Көзі көргендер кетіп қалды. Сондықтан ел үшін еткен еңбегін ұрпаққа жеткізу, ол туралы игі әңгімелерді жұртқа тарату керек, - дейді ұлт жанашыры.

Иманқұлдың ата-тегін тарқататын болсақ, ол Орта жүз ішіндегі Найман руынан. Тарихшы, шежіреші Тілеке Жеңістің 1995 жылы жарық көрген «Шежіре. Ертіс-Баянаула өңірі» атты кітабында: «Бәтіштің Иманқұлы. (Шамамен 1890-1930 жылдар) – халық намысын қорғаушы, ұлтжанды, ержүрек азамат», - деген баға береді. Оның тарқатуы бойынша Иманқұл Найман ішіндегі Құдайберді деген атадан тарайды. Құдайбердіден Бозғозы, одан Ақан, Ақаннан Қалке, Қалкеден Тоңаш. Тоңаштың кіндігінен Ағанас, Байтанас, Тоғанас, Белбалта деген төрт ұл тараған. Сол төрт ұлдың Байтанасынан Бәсібек. Бәсібектен Бәтіс(ш) пен Шолақ туады. Бәтістен Жантөре, Жүсіп (Түсіп), Мұса, Ақылбек, Мұсабек. Жүсіптен (Түсіп) Жолдасбек, Иманқұл, Керей, Құрман деген төрт ұл өркен жайған. Ал Иманқұлдан Зәркеш, Мәжен, Шәкірат деген ұрпақ өрбіген екен.

Қимадиден Нығымановтың қолжазба деректерінде: «Бәсібек баласы Бәтіс уақ-керейге 18 жыл болыс болған. Орысша Иван Семеновичтің қолында болып хат таныған, сөзге шешен кісі болған» деп жазылады. Тарихшы Дәурен Аяшинов пен Ю. Поповтың 2016 жылы «Алкакольская (Актылес-Кушук-Найман-Басентеинская) волость. Павлодарский уезд.» атты мұрағат деректеріне сүйеніп жазған мақаласында Иманқұлдың әкесі Жүсіп Алқакөл болысында бірнеше жыл қатарынан би қызметін атқарғаны көрсетілген. Осы деректерге сүйенетін болсақ, Алқакөл болысында 1872 жылдың 15 ақпанынан бастап болыс басшысы Қасқырбай Маймақов болған тұста Жүсіп Бәтісов бірінші ауылда би болған. Сол жылы 3 сәуірде Батыс Сібірдің генерал-губернаторының Станислав лентасындағы күміс төс белгісімен (медаль) марапатталған. Алқакөл болысының басына 1875 жылы 10 қаңтарда Тумат Тоқсанов сайланғанда Жүсіп Бәтісов үшінші ауылдың биі қызметін атқарған. 1880 жылы 26 наурызда оның орнын Мәмбетәлі Айшуақов алмастырған. Ал 1884 жылы 23 қарашада орыс имепарторы атқарған жұмысын Аннинский лентасындағы күміс медальмен бағалаған екен. Сонымен қатар немере ағасы Жантөре Бәтісов те Алқакөл болысының жетінші ауыл басшысы болған. Мүсәйіп Сыздықовтың «Найман-Бура шежіресі» атты шежіре кітабында 1899 жылы Щербина экспедициясы жүргізген санақ мәліметі топтастырылып баспадан шыққан кітабынан қазақ тіліне аударып берген дерегіне қарағанда, Жантөре Бәтісов жетінші әкімшілік ауыл ақсақалы, қонысы Бәдес қопа, ата-тегі Бозғозы. Сол секілді 1893 жылы 2 қазанда Оразбайдың Сүлеймені болыстыққа келгенде өз ағасы Жолдасбек Жүсіпов Ыбырай Қазымбетовпен бірге сол жетінші ауылға би болған. Бұдан Иманқұлдың қарапайым тектің тұқымы еместігі анық байқалады. Ал нағашы жұрты Керей руынан болған.

Қимадиден Нығымановтың Ыдырыс Тілеубердиннің жазбаларынан келтірген деректері бойынша Иманқұл сегіз жасынан бастап тіл үйреніп, оқуға түседі. «1885-86 жылдары Керекудегі сельская хозяйства мектебіне оқуға түсіп, оны агроном деген дипломмен бітіреді. Әкесі сол кезде қайтыс болады. Алғаш мировая судьяға аудармашы, тілмаш, писар болып қызмет істейді. Бірнеше жылдан кейін өз мамандығына ауысып, алғаш рет өз ауылында бірігіп егін салады. Баянауыл, Қарқаралы жаққа барып інісі Керейді ертіп алып зелломерге түседі. Онда бұл жұмысқа қоса тілмаш болып жүріп, тапқан табысқа соқа-сайман сатып алады. Қарой, Олжабай деп аталатын өздерінің жайлауларына алғаш мол егін салады. Мал құрап үй салады. Осының бәрінде Иманқұл қара күш пен білімді көрсетеді.

Егіншілік осыдан бастап көрші Апай, Бағаналы, Қаңгелді елдерінде де дамиды. Ауыл әкімдерінің озбырлығына жөн айтады. Адамды адамға орынсыз талатпайды. Көнбесе жұдырығы да жөнге түсіретін болады. Иманқұл денелі, алып күшті, аңқау қалтқысыз, ақкөңіл адам, ақ пейіл еді», - деген дерек келтіреді. Осыдан-ақ Иманқұлдың жастай білімге құштарлығы асқақ болғанын шамалау қиын болмас.

Алаш деп өткен арда ер

Белгілі шежіреші Қайролла Қаженов уақытында Ертістің сол жақ жиегінде «Тоғайдың жұдырықтай бес арысы өткен», - дейді. Олар Хангелді -Күшіктен Оразбайдың Сүлеймені, Апайдан Раистың Әйтімі (шын аты Айтмағамбет), Бөріден Исаның Қабышы, Уақтан Жаңқараның Құсайыны, Найман-бурадан Бәтістің Иманқұлы. Бұл бесеуі бір-бірімен тетелес туған, патша заманында қазақтың шұрайлы жері мен халқын қалай отарлаушылардың тырнағынан аман алып қалу жолында таңды таңға жалғап еңбек еткен белді де беделді тұлғалар. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1917 жылы желтоқсан айының 6-13 күндері аралығында сол кездегі Қазақ АССР астанасы Орынбор қаласында «Алаш» партиясының жалпықазақ съезі өтті. Ал 1918 жылы Павлодарда қазақтардың уездік съезі өтіп, Қабыш Бердалин бір ауыздан Алашорда үкіметінің Павлодар уездік комитетінің төрағасы болып сайланады және «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының жергілікті бөлімін басқарады. Екінші қазақ съезі Павлодарда 1918 жылы уақытша кеңес билігі құлағанда өтті. Бұл съезде Алашорданың Керекудегі құрамы бес адамнан тұратын уездік Кеңесі (комитеті) құрылады. Оның төрағасы болып Қабыш Бердалин, төрағаның орынбасары болып Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев, мүшелері Иманқұл Бәтісов, Мұхтар Жәлелдинов, Омархан Күзембаев сайланады. Бұл ешкім ши шығара алмайтындай бұлтартпс тарихи дерек. Қалам тартқан тарихшылар да жетерлік. Уездік кеңес тек қана идеологиялық емес, сонымен қатар халық арасында жер мен елді сақтап қалуға бағытталған нақты тәжірибелік жұмыстар жүргізген. Мәселен, уездік комитеттің тікелей қатысуымен Павлодар уезінде 150 жігіттен тұратын Алаш жасағы құрылған. Аталмыш жасақ қазіргі Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылының Көртоғай деген тоғайында жасақталған екен. Ал Семейде Х.Тоқтамысовтың басқаруымен бірінші Алаш полкі құрылған. Солардың ішінде Бәтістің Иманқұлы да болғаны оның тарихтағы орнын айшықтай түседі.

Иманқұл есеп-қисапқа, заңға телегей терең адам болған екен. Қуат Есімханов: «Ескі құлақтардан естіген әңгімелер көп қой. Иманқұлды Павлодар уездік кеңесінің қазынашылығын басқаруға сайлағанда төраға Исаның Қабышы: «Иманқұл қай жағынан алып қарасаң да таза адам. Бұл жақта Иманқұл салған құлыпты бұзатын жүрек жұтқан адам жоқ», - деген екен. Сол Исаның Қабышы (Қабыш Бердалин) елден салық жинағанда қашанда қасында жүреді және жиналған қаржы салынған дорба Имекеңнің иелігінде болады екен. Барған жерінде Иманқұлдың жанында ілініп тұратын көрінеді. Ол зманда да небір ұр да жық бетсіз жуан жұдырықтылар болған ғой. Ұрылар да жетерлік. Бір-ақ соның біреуі де Иманқұлдан именіп, әлгі ақша салынған дорбаға жақындай алмайтын көрінеді. Имекең ақыл-парасатын былай қойғанда жуан білекті, алып денелі, қарулы адам болған. Қабыш та «Жұдырығың жүруші еді найза орнына» деп тегін айтпайды ғой. Байғабыл Жылқыбаевтан ол кісінің мансабы туралы сұрағанда: «Иманқұлға қызметтің керегі не, Иманқұлдың өзі қызметтің үстінде тұрған адам», - дейтін жарықтық. Бір дүниеге кіріс десе соған жан-тәнімен беріліп кіріседі екен. Иманқұлдың қаншалықты жоғары сенімге ие болғанын осыдан-ақ көруге болады ғой», - дейді ол. Шынымен де, ақын, мемлекет қайраткері, 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін Павлодар уезі Қараоба болысын басқарған, сол жылы Павлодар атқарушы органына сайланып, қалалық Думаның мүшесі болған Қабыш Бердалиннің Иманқұлға елден жинаған салыққа бас-көз болуға сенім білдіруі тегін адам еместігінің айғағы.

Жоғарыда Иманқұлдың ел ішіне алғаш соқа-сайман әкеліп егіншілікті дамытқаны туралы айттық. Белді тұқымның замана ағымына сай пайда табуы да заңды. Бірақ оның бар мақсаты егін егіп баю емес, жиектегі шұрайлы жерді қарашекпенділердің уысына түсірмей аман алып қалу болған. Тарихтан бізге белгілі болғандай, Алашорда мүшелерінің басты назарында болған мәселенің бастысы жер. Әлихан Бөкейхан: «Жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің ең зоры», - дегені де тегін емес. Тіпті Алашорда үкіметінің 11 баптан құралған «Алаш автономиясының жерінде жер пайдалану туралы Уақытша Ереже» атты 1918 жылы 24 маусымдағы құжаты қай жағынан алып қарасаң да маңызы зор құжат. Қазақ жерін сақтап қалуы үшін кеңес үкіметінің басшыларымен жүргізген келіссөздерінің арқасында қазақ елі көптеген жерін уысында ұстап қалды. Ал патшалық Ресейдің мақсаты қазақ еліндегі жерге ауыз салып, сол аумақты иеленіп алуды көздегені әмбеге аян. Қайролла Қаженов Иманқұлдың елге соқа-сайман әкеліп егіншілікпен айналысуы ұлт үшін еткен еңбегі екенін айтады.

-Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш зиялылары сулы да нулы, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы жерге ие болу үшін қазақ елі бойынша үндеу тастаған. Мақсат жергілікті қазақ азаматтарын жерді игеруге шақырып, отарлаушылардан аман алып қалу еді. Ресейде 1905 жылы «крепостной праваны» алып тастағаннан кейін Сібірден бос жатқан қазақ жеріне қарай қара шекпенділер келе бастады. Отарлаушы үкімет «барып бос жатқан жерді игер, егін сал» деп көтерме көмекақы да берді. Бұл қазақтың жерін қан шығармай иеленіп алуға бағытталған қитұрқы саясат. Бекіністер салуының да себебі сол. Тұмсығын тығып алғаннан кейін оларды ешкім қуып шыға алмасын жақсы білді. Осындай саяси ахуал асқынған уақытта Алаш арыстарының ұраны жан айқайы еді. Иманқұлдай азаматтар бастаған ел іші сол себепті де тоң боп жатқан жерге соқа салды. Ал енді шыққан егінді ұқсату керек қой. Бұл мәселені шешу үшін тоғайдың бес арысының ауылдары, яғни жиектегі рубасылардың барлығы түтін санына байланысты ортаға мал жинаған. Әр ауыл ортаға 50-100 құнаншығардан мал шығарып, Песчандағы Сорокин деген көпеске 500-дей құнаншығар жинап беріп, қазіргі Сарышығанақ ауылындағы диірменді сатып алған. Әлгі диірменнің ақ иесі қылып орманшы руынан шыққан Ақылдың Рысбегіне жаздырады. Ол Кенесары көтерілісі кезінде біздің тоғайға қашып түсіп, атақты би Қазанғап Сатыпалдыұлын паналаған. Сауда-саттық жұмыстарын атқарған, керемет бай болған адам, Керекуде дүкендер ұстаған. 1928 жылы кәмпескеге ұшырап, диірменді Житков деген орыстың атына жаздырған. Осылайша ол диірмен ел ішінде «Житковская мельница» аталып кеткен. Бастысы осындай саяси жылымық кезеңде Бәтістің Иманқұлы ірі шаруаларды атқарып, бір болыс қана емес, қалың елдің ішіндегі жағдайға бас-көз болған, - дейді өлкетанушы. 1903 жылы Воронеж қаласында жарық көрген Ф. Щербина экспедиясының материалдарынан құралған кітаптың Павлодар уезіне арналған бөлімінде көпес Сорокин туралы: «По соседству с Алкакульской волостью, в поселке Песчаном живет крупнейший на Иртыше скотопромышленник Сорокин, которому тербуются громадные запасы сена. Сорокин продоет в год свыше 20 тысяч голов скота и громадную массу его держить на сене на арендованных офицерских и войсковых участках», - деген анықтама берілген.

Бәтістің Иманқұлы қайталанбас ірі тұлға. Мұндай ұлт қайраткерлерінің аруағын қадірлей алсақ жақсы. Ел үшін атының ерін алмаған тұлғаның есімін мәңгі ұрпақ есінде қалдыру үшін игі істер қолға алынса игі болар еді.

Қабыш Бердалиннің Иманқұлды жоқтау өлеңі

Тағдырдың айналдық па ермегіне,

Құдай-ау мың шүкірлік бергеніңе.

Иманқұл қырық екі жыл дәурен сүрмей,

Ажалдың қарсы келді мергеніне.

Найманда Ақан елі жұрттан еді,

Елуден бермен ғана қырықтан еді.

Мойыны бұрылмайтын, жалы қарыс,

Ол туған осы өлкенің сырттаны еді.

Керей – паң, бойы тұтам, кер кісі еді,

Иманқұл аңқылдаған ер кісі еді.

Зәркеш, Мәжен, Шәкірат ұрпақтары,

Қалдырған қарақшы қып белгісі еді.

Болмаған туыстары алты бақан,

Қалған жоқ арт жағы да құр алақан.

Тірлікте, тиыштықта өмір сүріп,

Қондырған өз орнына үш балапан.

Болғанда арыстандай айбаттым-ай,

Қабан бел, қасқыр шүйде, қайраттым-ай.

Бетіңе ашуланса жан келмейтін,

Қазақтан қайсар туған қайраттым-ай.

Сатпайтын уағданы пайда орнына,

Ақ көңілі жүруші еді айла орнына.

Әділ айтқан сөзіне жан баспаған,

Жұдырығы жүруші еді найза орнына.

Найманнан ер Иманқұл өтіп кетті,

Қазақта тумас шіркін ондай бетті.

Бай болсын, билер болсын тура айтып,

Ғибраты бұл қазаққа солай жетті.

(Тілеке Жеңістің «Шежіре. Ертіс-Баянаула өңірі» атты кітабынан)

Бейбіт Бөжен,

Нұрбол Жайықбаев.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар