Қазақ әдебиетінде, әсіресе қазіргі заман поэзиясында ақын Шөмішбай Сариевтің есімі ерекше орын алады. Бүгін ақын, аудармашы, филолог ғалым, журналист Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл толып отыр.
Өзінің шынайы болмысымен, дара қолтаңбасымен оқырман жүрегінен орын тапқан лирик ақын. Шөмішбай Сариев шығармашылығы – сезім мен ойдың, қарапайым тіл мен көркем бейненің керемет үйлесімі.
Ән-өлең әлдиінде тербетілдім,
Арасында аспан көк, жер мен күннің.
Қасиетті киелі Қазағыма,
Еркелеп халқым-жұртым,
Елден жүрмін, -
деп ән-өлеңнің әлдиіне тербетілген ақын поэзиясының өзегі – махаббат, өмірдің мәні, туған жер және адамзат тағдыры. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, аудармашы, филолог ғалым Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Шөміш станциясында дүниеге келген. Ақын өлеңдерінде Сыр бойының тарихы, төрт мезгілдегі бірегей табиғаты, ондағы адамдардың тыныс-тіршілігі кеңінен көрініс тапқан.
Ән-өлең әлдилейді бесігімдей,
Туған жердің төрі мен есігімдей.
Тербетті Сырдария, Жайығымдай,
Толқытты толқып аққан Есілімдей, -
деп ақынның өзі жырлағанындай, Шөмішбай Сариев – күллі қазақ даласын өзінің жырларына арқау етті. Ақын өлеңдерін оқығанда оның жылтыраққа толы асқақ пафосты сөздерден емес, жүректен шыққан шынайы сезімнен құралатынын сезінеміз. Ақынның лирикасы – әрдайым сағынышқа, мұңға, үмітке толы.
Ән-өлең әлдилейді тіршілікті,
Әуеніне қуанып күрсініпті.
Бір қарасақ қыс келіп ақ қар жатыр,
Бір қарасақ көктем кеп бүр шығыпты.
Тырнақалды өлеңдерін 15 жасында Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жариялатуы – ақын ретінде танылуының алғашқы баспалдағы еді. 1966-1971 жылдар аралығында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып журналист мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң әр жылдары «Қазақстан» саяси баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгеруші, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарады.
Ән-өлең әлдилейді ән-ұраным,
Беретін қайрат-жігер, жаныма мұң.
Өзі шағын өзінен сезім үлкен,
Құп-құйттай әнге кейде табынамын.
1993 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады. «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзия» атты монография жазып, Алаш арыстарының еңбектерін ғылыми тұрғыда талдайды. Мағжан Жұмабайұлының үш томдық шығармалар жинағын дайындауға атсалысып, ақын өлеңдерінің ғылыми түсініктемелерін жазады, кітаптың редакциялық алқасы мүшесі болады.
Қарымды аудармашы Шөмішбай Сариев Д.Гулиа, О.Бергольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, Х.Абдуллин, М.Эминеску, Луиш ди Камоэнс сияқты көптеген шетелдік ақындардың туындыларын қазақ тіліне аударды.
Ақынның өз туындылары орыс, украин, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді және француз тілдеріне аударылып, жарияланған.
Ақын шығармашылығы әр кезеңде лайықты бағаланды. 2003 жылы Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын Медаль сыйлығының иегері атанды. 2004 жылы «Жыл адамы -Алтын адам» және «Платина Тарлан сыйлықтарына ие болса, 2006 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Ақын табиғаттың құбылыстары мен адамның ішкі жан дүниесін үндестіре білетін шебер. Оның өлеңдерін оқығанда, ақынның әрбір жолға, әрбір сөзге қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын сезінесіз.
Ән-өлең әлдиледі жүрегімді,
Әнмен айттым әлемге тілегімді.
Мен осы дүниеде сезінемін,
Ән тербетіп тұрғандай Ұлы Өмірді!
Өлеңдерінің әуенмен үйлесімі, яғни өлеңдерінде әнге түсуге бейім, ырғақтық құрылымы өте шебер сақталғандығы, ондағы сюжеттілік немесе әрбір ән мәтінінің шағын ғана оқиға немесе тұтас бір сезім қалпын бейнелеп бере алуы және тыңдарманға түсінікті тілмен айтылған, бірақ мағынасы терең ойларға құрылған қарапайымдылық пен тереңдігі Шөмішбай Сариевтің есімін қазақ эстрадасымен, ән өнерімен етене жақын етті деуге болады. Шөмішбай Сариев – қазақ ән мәтінінің классикасын жасаған тұлға. Оның көптеген өлеңдері композиторлардың назарына ілігіп, халықтың сүйікті әндеріне айналды.
Ән-өлең әлдиледі баяғы да,
Өмірдің әуенде екен баяны да,
Келер-кетер адамдар мейманы ғой,
Өмірдің басы да әуен, аяғы да!
Қазақтың заманауи ән өнерін Шөмішбай Сариев шығармашылығынсыз елестетудің өзі мүмкін емес шығар. Шөмішбай Сариев – өзінің шығармашылық ғұмырында бес жүзге жуық әнге сөз жазған екен. Және қандай әндердің сөзі десеңізші! Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтар бастаған көптеген танымал композиторлар мен ақынның тандемінен туған «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Сарыарқа», «Қарағым-ай», «Аяулым», «Сәлем, саған, туған ел», «Ойлан балам», «Жусан исі», «Арман жолдар», «Домбыра туралы баллада», «Аққу арман», «Сағындым, сағым жылдар», «Боз жорға», «Сен мұңыңды бер маған», «Аралдан ұшқан аққулар», «»Дос керек», «Қимай сені барамын», «Қайран уақыт, «Балдәурен», «Өкінбе сен», «Өмір-өзен», «Ғашықтар жыры», «Ақ босаға», «Мазала», «Өмір, саған разымын», «Арқаның сұлу аруы-ай», «Ауылым әніміз», «Аққуым», «Сағынышым Астана», «Қазақ елі», «Арман досым», «Аққу сенім», «Далам менің», «Айнала», «Қазағымның күйлері-ай», «Сүйінші», «Аға, сенсің – Алатауым» т.б. аса танымал әндерді отандық сахнаның мегажұлдыздары орындап жүр. Олар талай-талай халықаралық ән байқауларында оза шауып, бәйге де алып жүр.
Толқынындай дария мен тасқын көлдің,
Әуен-сазды мәңгі үнсіз тастан көрдім.
Ән-өлең әлдилей бер шетсіз-шексіз,
Құпия екі арасын аспан-жердің!..
Сыршыл ақын, ізденімпаз ғалым, дарынды аудармашы Шөмішбай Сариевтің соңына қалдырған рухани шығармашылық мұрасы – туған халқының құнды қазынасы. Ақын өлеңдері, өлеңдеріне жазылған әндер оқырмандар мен тыңдармандарды адамды мейірімділікке, адамгершілікке, сұлулықты сезінуге тәрбиелейтін құнды қазына ретінде әр дәуірде де қызмет ете бермек.
Өз заманының үнін дәл тауып, оны нәзік лирикамен жеткізе білген, қазақ әнінің көркемдік деңгейін биіктеткен ірі тұлға Шөмішбай Сариевтің қаламынан от алған өлмес әндер шырқалып, өлеңдері оқылған сайын, ақын есімі де ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.
