Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Қажылық, «Қажыбаян» һәм «Қазақ» газеті...

Қажылық, «Қажыбаян» һәм «Қазақ» газеті

232

Қажылық, «Қажыбаян»  һәм «Қазақ» газеті - adebiportal.kz

Адамзат тарихының соңғы 50 мың жылы тарихында дін туып қалыптасқан делінеді. Әлемде он мыңнан астам дін бар делінсе, адамзат баласының 85 пайызы солардың арасынан христиан, ислам, индуизм, буддизм және мәлім түрдегі халықтық діндерге (folk religion) сенеді екен. Ғасырлар жүзінде діндер халықтың, ұлттың мәдениетімен астасып, өзіндік рәсімдік ғұрыптарын қалыптастырды. Солардың бірі – ғибадат-құлшылық сапары.

Бұл – дінге сенушілердің қасиетті орындарға, рухани күш пен тарихи жады мекендеріне (монастырьлар, ғибадатханалар, храмдар) ұйымдасқан немесе жеке түрде жасайтын сапары. Оның басты мақсаты – құлшылық ету, рухани тазару, қасиетті нысандарға тағзым жасау немесе діни парызды орындау.

Әлемдегі ең ірі ғибадат-құлшылық сапарлар

Әлем халықтары өздерінің діни наным-сенімдері бойынша бір-бірінен ерекшеленеді, бір-бірімен үндеседі. Алыс-жуықтағы діндестердің басын қосатын үрдістің бірі – діни ғибадат-құлшылық сапары. Ғибадат-құлшылық сапары – барлық дерлік діндерге тән үрдіс және өзінің қамту ауқымы жағынан аса ірі бес ғибадат-құлшылық сапары ретінде мыналар жатады:

1. Индуизм дініндегі Кумбха Мела. Үндістанның Уттар Прадеш штатында өтетін «Құмыра мерекесі». Цикль бойынша үлкені, кішілері болып бөлінетін, қасиетті суларға шомылып, рухани тазарудан өтуді нышандайтын бұл діни ғибадаттың ең ірісі Маха Кумбха Мела 2025 жылы өтіп, оған 660 миллион адам қатысқан.

2. Ислам дініндегі Қажылық. Мұсылман адамның бес парызының бірі. Сауд Арабиясының Мекке-Мәдина қалаларындағы қасиетті орындарға сапарлап барып ғибадат-құлшылық ету үшін жылына 3-4 миллион адам барады. 

3. Христиандық католиктердің Әулие Иаков жолы (Camino de Santiago). Франция, Португалия, Испания жерімен өтетін 100 шақырымдық рухани тазару жолы. 2009 жылы 145 мың адам жүріп өткен екен.

4. Иерусалимге ғибадат. Қазақтар Құдыс деп атаған, ыбырайымдық үш дін (христиан, иудаизм, ислам) үшін қасиетті болып саналатын бұл қалаға жылына миллиондаған адам келеді.

Қажылық һәм қазақтар

Қажылық (арабша – حَجّ‎ хадж) – ислам дінін негізін құрайтын бес парыздың соңғысы. Шариғат бойынша кәмелет жасына жеткен, ақыл-есі сау, денсаулығы қалыпты, қаржылық қамтамасыз, өзгеге қандай да бір қарызы жоқ мұсылман адамға қажылықты өтеу парыз болып саналады. Бұл туралы «Құран-Кәрімде:  «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» (Әли-Имран сүресі, 97 аят) делінген. 

Қазақ – мұсылман дінді халықтардың бірі. Ұлы Далаға ислам діні ҮІІІ ғасырда алғаш келген деп саналады. Дегенмен осыдан бергі кезеңде қазіргі қазақ даласында өмір сүрген халықтар мен мемлекеттердің діни наным-сенім тарихы өте күрделі болғандықтан, ұзақ тарқатып баяндауды қажет етеді. 

Әдебиетімізде қажылық туралы кешелі-бүгінді мұраларда не айтылған? Ұлы Дала халқының қажылық сапарын өтеуі тарихы турасында біздің ойымызға орта ғасырлардағы жыраулық дәстүрдің ірі өкілі Шалкиіз Тіленшіұлының (1465-1560) «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» атты жыры оралады. Қазақ пен ноғайға ортақ шығармашылық иесі бұл жырында ел иесі Темір биге ұзақ сапар жолында өмірден өтіп кетсе, соңындағы қалың елі иесіз қалып, қайғыға бататындығын ишаралайды:

Жүк тиесең, кетерсің, 

Ниет етсең, жетерсің, 

Жетсең, тауап етерсің, 

Етектеп жиған көп халқың, 

Сұлтан ием, кімге асмар етерсің!..

Жырдың мәтініне қарағанда, Би Темірдің қажылық сапарына теңіз жолы арқылы аттанбақ болғаны аңғарылады:

...Қара басты ақ күспен

Кендір баулы ақ желкен

Көк теңізді жал толқынға жектірдің!

Қазақ хандығы дәуірінде де ауқатты адамдар қажылық сапарға аттанып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Тек нақты дәйек жоқ. Абылай мен Уәли хандар заманында өмір сүрген әйгілі ақын Шал Құлекеұлының (1748-1819) жыр мұрасындағы:

Мекке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші, - 

деген жолдарды кездестіреміз. 

Қазақтардың қажылық сапарға баруы туралы кейінгі дәуірлерде нақты дерек қалдырған адам – әйгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931). Мәшекең өзінің жазбасында мынадай деректі ұсынады: «Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұркен (Нүрикен) бай. Тоқал қатынымен барып, (Семей қаласы, Аякөз, Піскек, Тоқпақ, Алматы, Әулиеата, Тәшкент, Бұхар жолымен бірінші үлгісінде қалалар аты айтылады) төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда аман-есен еліне, жұртына келген.

Сол Нұркеннен соң екінші қажыға барушы – Күлік-Самай сопы. Баянауылда дуан болып, аузы ашылғанда, указ болған ноғай Байжан хазірет екеуі барған. Екеуі де сол жақта өлген. Олардың кеткені жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші қажыға барушылар: Тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубай... Орта жүзден жиырма кісі барып­ты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халпе бар дейді. Мұнан бұрын қазақ бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен».

Ақыт қажы Үлімжіұлы және қажылық сапар

Жоғарыдағы ақпараттардан шығатын қорытынды: қазақтар Ресей империясы құрамына енген соң, Мекке-Мединеге қажылық сапары жолға қойылған.

Осы тұстан бастап қазақ әдебиетінде қажылық сапарға қатысты туындылар да молынан көрініс таба бастаған. Солардың бірі және бірегейі – Ақыт қажы Үлімжіұлы (1868-1940). 

Ақыт қажының «Қажыбаян» дастаны мен «Жеті қажы» жыры – ХХ ғасыр басындағы қазақ қажыларының Мекке-Мединеге сапарының анық баяны. Кітаби ақындар мектебінің ірі өкілі, ағартушы, дін қайраткері Ақыт Үлімжіұлы – Бұқарадағы «Мир Араб» медресесінің түлегі, 1895-1909 жылдары Қазан қаласынан жеті кітабы жарық көрген ақын. Ол қажылық сапар туралы өзінің көрген, бастан өткерген жайларын жазады.

Мамырбек – төресі еді Жайыр елдің,

Қажы сапар жолында биыл көрдім.

Азғана ел мен жерді баян етіп,

Қажы сапар жолына жаңа келдім, - 

деп өзі жазғанындай, Ақыт Үлімжіұлының «Қажыбаян» дастанындағы Мекке мен Мединеге сапар – ақынның өзі өмір сүрген қазіргі Монғолияның Баян-Өлгий аймағынан, Қытайға қарасты Шыңжанның Жайырынан және қазақ даласының шығыс, солтүстік өңірлерінен аттанған қажылардың басып өткен жолы, көрген қиындықтары. 

Жолдағы қиындық, жадап-жүдеуішілк қажылар үшін ең әуелі елден кетіп, орыс қалаларында пәтер жалдаудан басталады. Ақыт қажы былай деп жазады:

Орыстың пәтерінде жаттық қарап,

Тыныш кетті қандала мен бүрге талап.

Ықтияр жоқ ғаріпшілік басқа түсіп,

Бағыландар жүдей берді аттай жарап.

Қазақ қажыларының Семейден түйіскен сапары Омбыға қарай жалғасады. Мұнда Мамырбек төренің Сұлтансаид деген сартты жолбасшы етіп алуының да мәнісі кейіннен ашылады. 

Семейден тоғыз сөтке Омбы бардық,

Ден сауда білінбейді көрген тарлық.

Мамырбек төре бастық, керей қажы,

Омбыдан көп қажыны тауып алдық.

Омбыда біз қосылдық қалың көпке,

Көппен жүрмей, жекелеп жүру еп пе?

Сұлтансаид деген бар басшы сарттан,

Осының да міндетін төре тартқан.

Пайдасы, залалы да бәрі мұнан,

Жарайды екен міндетін құдайға артқан.

Омбы қаласында тобы молайған қазақ қажылары мұнда да ата дәстүрдің жөнімен бір-бірін қонаққа шақырады:

Омбыда Ешмұхаммед Абылайханов,

Қонақ қып, сый көрсетті Мамырбекке.

Теміржол, пойыз міндік ақша жалдап,

Белетті алдық сонда әтейге арнап.

Мінер шақта өкіріп-бақырып ап,

Ұшқан құстай бұлдырап кетер заулап.

Осылайша әдейілеп билет алып, пойызға отырған қазақтар, теңіз жолымен қажылық сапарын ары қарай жалғастырады. 

«Қазақ» газеті һәм қажылық сапардағы қиындықтар

ХІХ ғасырдың ортасына таман Қазақ даласын, оған қоса Орта Азия мен Сібірді, Кавказды толықтай жаулап алған Ресей империясының құрамында миллиондаған мұсылман дінді халықтар болды. Бұл мұсылман халықтың арасынан Мекке-Мединеге қажылық сапармен барушылар Иран арқылы шөл даламен жүріп жететін немесе кемеге отырып Қара теңіз арқылы барған. ХІХ ғасырдың соңындағы мәлімет бойынша бір адамның қажылық сапар өтеп келуіне 300-1000 рубль немесе қазіргі бағаммен 35 мың долларға дейін қаражат жұмсалған.

Қазақтар ХХ ғасырдың басынан көптеп бара бастады. Осы кезеңде ұлт зиялылары қазақтардың қажылық сапар барысында бастан кешетін қиыншылықтарға мән бере бастаған. Қазақ қажыларын жолда алдап-арбап артық қаржы жұмсауға мәжбүрлеу, кемсітіп қорлау, өзге де жағдайлардың алдын алу үшін не істеу қажеттігі жөнінде сол заманда шығып тұрған «Қазақ» газетінде егжей-тегжейлі талқылап, нұсқаулық әзірлеген екен. Сондай-ақ Ресей империясындағы қажылық мәселесімен шұғылданатын мекеме тарапынан шыққан шешімдерді де уақытында жариялап, жол көрсетіп отырған. Бұл – әрине, қазақтар үшін үлкен ақпараттық көмек болған. 

Онан ары біз өттік Уфа, Самар,

Ортасында Еділ мен Жайық қалар.

Басы жатыр Оралдан көлденеңдеп,

Аяғы оңтүстікке ағып барар.

Онан ары пойызбен Харьков бардық,

Қайта ауысып пойызға мініп алдық.

Омбыдан шыққан бойы екі арасы,

Тоғыз сөтке Әдеске барып қалдық.

Әдеске бір күн түнеп сонда қондық,

Ақша бар, әрбіреуде жүрген жолдық, - 

деп Ақыт қажы жазғанындай, Омбыдан отарбаға отырған қажылар Харьковтан пойыз ауыстырып, Әдеске немесе қазіргі Украинаның портты қаласы Одессаға барып бірақ тоқтаған. 

Одесса қаласынан кемеге мініп, Стамбулға қарай сапарды жалғастыратын болған. Бұл жерде де қажылар үшін кейбір қиыншылықтар туындап оытрған.

Ертеңінде бір бапыр жүреді екен,

Сөйлесіп сол бапырмен жүрмек болдық.

Ол барып жөнін таппай қайтып келді,

Қиын, тығыз екен деп айтып келді.

Не де болса, біз жүрмей жатамыз ба,

Тамам қажы жүрелік деді-ау енді.

Он төртінші шәуелде, сәрсенбі күн,

Барып кіріп біз тұрдық енді екі түн.

Біреуі белетінің алпыс бес сом,

Белет алып жөнелдік бейсенбі күн.

«Қазақ» газетінің  1913 жылғы 8 мамырдағы №13 санында «Қажы сапарын жеңілдету турасында» атты жазбада мынадай ақпарат берілген екен: «Қажыларды сымсарлардың талауынан құтқару үшін хүкімет жаңа тәртіп шығаруға жатыр» деп газеталар жазады. Жаңа тәртіп бойынша, қажы паспортты қай жерден болса, сол жерден алуға болады, параход билеті бару-қайтуға біржола алынатын болады. Турда карантин уақытында қажылардың мұқтажын ескеріп тұратын Ресей хүкіметінің өкілі болмақшы. 

Осы хабарды жазған соң, «Уақыт» газетасы бұлай дейді: «Параход билеті бару-қайтуға біржолата алынған соң, параходшылар қажыларды құрметтемейді. Басқа жүк тасып, қажыларды күттіреді. Онан да, қаж сапарын жеңілдету керек болса, мұсылмандардың өзі ен бір жәмиғат түзеп, соған хүкімет жәрдем қылып тұрса екен. Және де Құдысқа зиярат үшін барған орыстар загранишный паспортқа 50 тиын, мұсылмандар 18 сом төлеп жүргендігін де «Уақыт» сездіріп өтті.»

Осы жазбада айтылған жағдайларды біз Ақыт қажының «Қажыбаян» дастанындағы қажылардың басындағы кептен анық аңдаймыз. 

...Орыстың ақ бапыры – мінгеніміз,

Жоқ еді кесепатын білгеніміз.

Стамбулға барам деп қуанып ек,

Бұзылды барған сайын жүргеніміз.

Ақ бапырға ел кірген жары ай бұрын,

Әуелі көп айтпаған бізге сырын.

Соған кез боп мініп ек осы күнде,

Әуелде жол жүйесі болған қырын.

Сынапқа бізді апарды теріс-қағыс,

Қиғаш тұрған жер екен, шаршысы алыс.

Апарып карантин ғып қамап қойды,

Неше күн қойдай шулап, қылдық қалыс...

Көріп отырғанымыздай, ол дәуірде де қажылық сапарды ұйымдастырушылар, жауаптылар, тасымалдаушылар арасында өз ісіне жауапкершілікпен қарамай, халықты шаршап-шалдықтыратындар аз болмаған екен.

«Қазақ» газеті қажылық жолына қандай тиімді кеңес берді?

Қазақ қажыларының теңіз көлігіндегі қымбат әрі жағдайсыз сапары туралы «Қазақ» газеті әлденеше санында ашына жазады. Әркімге жем болып, мазаққа қалмау үшін, қажылық сапарын тиімді де арзан өтей білген адамдарды үлгі етеді. Сондай бір материалды толықтай ұсынып отырмыз. 

Қағбаның тұңғыш фотосуреті

«Биыл Ақмола облысы, Қызылжар уезіндегі Керейден үш кісі қажыға сапар қылған екен. Бұлар: Абылай Рамазанұғлы, Алтай Көкешұғлы, Төрежан Шәукенұғлы. Бұлар 28-інші ауғұста Макушин деген Сібір теміржолының стансасынан отарбаға мініп мәскеуге келеді, мұнда бірнеше күн тұрып, Австрияның астанасы Венаға барыпты. Венада 3-4 күн тұрып, аралап тамашалап көреді. Венадан шығып, Австрияның зор қаласы Будапештке келген. Будапешттен Румынияға келіп, одан Констансиа жолымен жүретін Румыния параходымен Стамбұлға келді. Стамбұлда бір жеті жатып аралап, көретін жерлерді көрген соң франсуз параходымен Меккеге кетті. Бұл жүрген жолдарына адам басына шығарған шығыны: Макушиннен Мәскеу арқылы орыс жерінің шетіне дейін 100 сом. Орыс жерінің шетінен Стамбұлға келгенше 30 сом. Стамбұлдан Бейрутқа 40 сом. Жүрген жолдарында пароход болсын, отарба болсын, екінші класқа отырыпты. Бұл үшеуі басқа қажылар секілді қаптап құрт, қарындап май алып шықпапты, пісірулі даяр тамақтарды сатып алып жепті. Киімдерін еуропаша (орысша) киініпті. Бұлар Еуропа тілін білмесе де жүріс-тұрысы сыпайы болған соң һәр жерде жеңілдік көріпті. Еуропаның қандай адамдары болса да жол көрсетіп, қолдан келген жәрдемдерін тигізіпті. 

Бұл үш қажымен басқаларын салыстырып қарасақ, олардың халі нашар: қаптаған құрт, қарындаған май, қазы-қарта артып шыққан. Өзі алыс сафар, ыстық жерге көбі тымақтарын киіп шыққан. Жүріс-тұрыстың ретін білмеген соң һәркімге жем болып, көп ақшадан аз қызық көре алмай, әурелікте жүр. Жүре білген, жөн-жосық білген кісіге 4-5 жүз соммен рахат барып қайтуға болады. Ғұмырында үйден шықпаған біздің қазақ Мекке-Мәдинені барса  келмес жол көреді. Қазақ қажыларының көретін қорлығын айтып бітіргісіз: еріксіз қажыханаларда қалмауы, карантин болуы, ыстық суға батыруы, Ыстамбұлға келгенде пароходтан шығарылмаулары, елден алып шыққан күшті тамақты жеп іштері бұзылуы, ауырып жолда қалулары, бірінің өліміне бірі қарамауы, көргенсіз бәдәуидің соңынан еріп зиярат етуге лайық емес жерлерге орынсыз ақша шашулар, ақша айыртамын деп ақшасын жегізуі – осыларының бәрін көріп тұрсаң, жаның ашиды, намысың келеді. Сондықтан жоғарыдағы әр дүниені көріп сайрандаған, әрі мойындарынан парыздарын түсірген үш қажыны «малының игілігін көрген қажылар» деймін.

ХХ ғасыр басындағы отарба

Біздің түсінуімізге қажыға барамын деушілер қазақта» басылып шыққан үгіт бойынша жол-жөн білетін, өздерін алдамайтын сенімді біреуді басшылыққа алуы керек. Мекке, Медине, Стамбул барған қулардың басшы боламын дегеніне нанбасқа керек. Оларға «аулақ жүр» дейтін заман жеткен жоқ па?» - деп жазады Стамбулдан Шермұхаммет Қыпшақбайұлы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 30 қарашасындағы №40 санында. Осыдан артық қандай үлгі, қандай жанашырлық керек? Расында да жоғарыда атап өтілген келеңсіздіктер салдарынан қазақ қажыларының оннан тоғызы осы сапардан оралмаған. Тағы да Ақыт қажы жырына кезек берелік:

Карантиын, жиырма үш күн тұрдық Сынап,

Құдайға зар жылаймыз, қуат сұрап.

Күніне неше адамдар дүние салып,

Адамзат бас-басымен тұрған жылап.

Он-он бес, жиырмадан күн-күн сайын,

Кез қылған бұл сапарға бір құдайым.

Адамға елді көрмек екі талай,

Әрбіреу көре алмастай туған жайын.

«Қостанай қажыларынан» деген тақырыппен 1913 жылы Жақып Ысмағұлұлы деген автордың Одессадан жіберген «Қажылар хатында» мұндағы қаражаттық мәжбүрлеу жағдайы айтылады: «14-інші сентябрде Одессаға жеттік. «Қазақ» газетасының жазғаны дұрыс екен: судырлар қажыларды қойдай айдап, қажыханаға кіргізді. Қажыларға ерік беретін емес, билетті барып-қайтуға аласыңдар, болмаса билет жоқ деп ықтиярсыз 105  сомнан алдырды. Дүниеде сорлы болған біздің қазақ баласы екен. Басқалар үшін мал жиған. 17-сентябрде параходқа отырдық. Мұнан Жиддаға, Мекке Муккарәмаға барып, қайтарда Мәдина Мунаууараға соғып, саламат болсақ елге Хижаз жолымен оралсақ деген ниет бар.»

...Қанша жан дүние салды қалың топтан,

Тұрады қашар жер жоқ, шара жоқтан,

Қажылардың бар азығын жинап алып,

Дөктірлер отқа өртеді құдай соққан.

Ауру, аштық екеуі бірдей келді,

«Кіргізбес Стамбулға» деді енді.

Ихрам мен азық-тамақ керек қылып,

Тірілері ақшаны арзан берді.

Осы бір ауыр халді Ақыт қажы жоғарыдағы шумақтар арқылы шынайы баяндаған. Ауру мен аштықтан сеңдей соғылысқан жұртты Стамбулдан ары қарайғы Жерорта теңізімен, одан әрі Суэц каналы арқылы Қызыл теңізімен жүзіп өтетін ауыр сапар күтіп тұр еді.

Жиырма үш күн дегенде кеме жүрді,

Өлгені өліп, кемеге тірі мінді.

Стамбулға таятып алып барып,

Тағы бір күн карантиын сонда қылды.

Енді жүрді кіргізбей Стамбулға,

Жүрсе екен деп барамыз түзу жолға.

Үш сөтке Стамбулдан қатты жүріп,

Порт-Саид қаласына бардық сонда. 

...Каналдан кешке жақын жүріп өттік,

Ертеңінде Суэцке барып жеттік.

Ақ кеменің ғадеті шаһар көрсе,

Аз тұрып «тағзым қылып сәлем еттік»

Жиддадан барып шықтық есен-аман,

Қайық ақы, там ақы бердік тәмам,

Құдайға неше қайта шүкір қылдық,

Болған соң саламатлық жақсы заман.

Осылайша ұзақ уақыт бойы кемемен жүзіп келіп Араб түбегіне табан тигізген сапаршылардың алдында енді аптап шөлмен өтетін жол күтіп тұрған еді. Бұл жолды түйемен басып өтеді.

«Жеті қажы» жыры және тәкия мәселесі

Ақыт қажының «Жеті қажы» атты жыры да деректі оқиғаға құрылған. Қазіргі Баян-Өлгей жерінен 1926 жылы қажылық сапарына аттанған жеті адамның алтауы жолда опат болып, біреуі ғана – Әубәкір Қайқыұлы жыл айналып, арып-ашып жүріп еліне жеткені баяндалады. Әубәкір қажының заманында кешегі түйемен жүретін жолға енді автокөлік қызметке келген екен:

Автомобиль – машина,

Шишанға сонда мініпті.

Екі қонып араға,

Мединеге кіріпті. 

«Шафағатул-рәсул»

Деп зияратын қылыпты.

Пайғамбарды қия алмай,

Он төрт күндей тұрыпты.

Машина мініп тағы да,

Онан қайта жүріпті.

Ертеңінде Мекеге,

Қуаныш-шат боп кіріпті.

Бұл тұста «мал істейтін жұмысты, от пен суға түсірді» демекші, ғылым мен техника біршама дамып, жолға жұмсалатын уақыт қысқара түскенін көреміз. ХХ ғасырдың басындағы қажылық сапарындағы бір маңызды мәселе – сапаршылардың қоналқыға келіп түсетін баспанасы болыпты. Бұл жөнінде де «Қазақ» газетінде проблемалық мақалалар жарияланғанын көреміз. Дүйсенғали Алайсани атты автордың «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 қазандағы №33 санына жариялатқан «Мәдина хаты» атты мақаласын толықтай ұсыналық: «Осы кезде Мәдина Мунаууарада 30-ға жақын қазақ шәкірті бармыз. Үш-төрт жыл мұнан бұрын Мәдинада оқу үшін тұрған шәкірт 5-6-дан артық болмаушы еді, соңғы екі-үш жылдан бері көбейіп келеді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, араларында тәуір оқығандары да бар,  дүние білімінен хабардар, қазақтың һәр қажеттен соңғы қалғанына қайғыратын пікір иелері де жоқ емес. Үлкендердің сөзі бар еді: «Құдайым! Үйде жарлы қылсаң да, түзде жарлы қылма» деген. Біздер мұндай байлықпен келмеген соң тұруымызға, оқуымызға үш жүздің баласының салдырған тәкиелерімен (үй) пайдаланамыз ғой деп ойлаушы едік. Мұнымыз қата екен. Мұндай үй салдырушы қажыларымыз түбін ойламай, қазақ баласы арып-талып келгенде паналарлық қылмай, пайдасыз етіп қалдырған екен. Біздің мұнда сұрастырып, қарастырып тапқанымыз мынау: Мәдина шаһарында қазақ атына алынған, ескі-жаңа аралас алты тәкие бар екен. Біз білмейтін басқалардың пайдасына сіңіп жүргендер де бірсыпыра болса керек.

Мәдинадағы алты тәкиенің біреуі ғана уақытша болса да қазақ пайдасында деуге болады. Бұл Кіші жүзден Жаббас Мырқы мырзаның Ахметсапа деген баласын оқытқан бір түрікпен  молдасы болады екен. Сол молдаға мырза бір жақын қарындасын беріп, Мәдинаға жіберіпті. Мәдинадан үй алып, хүкіметке мағлұмдап, низамға тура келтіріп, әлгі қарындасының атына жаздырып бекіткен екен, бірақ үйдің соқа басынан басқа бұзылғанын түзетуге, ішінде тәрбиеленіп тұрушылардың ішім-жем расходына һеш нәрсе берілмеген екен. Бұл тәкиеге осы күнге шейін қазақ қажылары түсіп кетеді, жатқаны үшін жанбас ақы төлейді. Мұнда қазақ шәкірттері тегін тұрады, бірақ ерік үй иесінде: шәкірттерді тілесе қай күні шығарып жібереді.

Екі тәкиені Орат жүз қажылары салдырған, қашан һәм анық кім салғанын біле алмадық. Жалғыз-ақ сонысы мағлұм: ол тәкиеге Жолдас Қожа деген біреу көптен ие болып, хүкіметке мағлұмдап, өз атына жаздырып, уақыфлықтан біржола шығарған екен. Бұл үй Жолдас Қожаның балаларына мирас болып қалып, осы күні үлкен баласы Ғалуа деген қисық мұрын сарт билеп тұр. Біздің қазақтың момын қажыларына: «Әкемнің орына ишан болдым» деп сендіріп қойған. Жылда Сібірден һәм Қытай қол астынан келген Орта жүз қажылары ишанымызға «пірімізге барамыз, тәкиемізге түсеміз» деп аңсап келеді. Көңілдерінде сұмдық жоқ бишара қажылар қисық мұрынның не айтқанының бәріне нанады. Қазақтың сырын біліп алған соң: «Ауыз-мұрным да кереметтен қисайды» дейтін болып алған. Жүрерінде қажылар әлгі сарттың қармағына ілініп, дұғасын аламыз деп алды жүз сомнан ақша беріп кетеді. Бұл сарт қазақ шәкірттері сырымды айтып қояды деп қажыларға неше түрлі жалған сөйлеп, бізге жолатпайды. Қажылардан дәл жүрерінде садақасынан басқа кісі басынан күніне  5 құрұш (40 тиын) жанбас ақы алып қалады.

Бір тәкиені Қытайға шектес Қоқан, Наманған жағындағы қыпшақ қажылары Миделбай деген кісі бастық болып мұнан алты жыл бұрын 15 мың сомға алған екен, 15 бөлмелі төрт қабат үй. Бұл үйді де Мәдинада тұратын Осман деген сарттың атына жаздырыпты. Бұл үймен пайдаланудың да шарасын таба алмадық. Былтыр 50-60 қазақ қажыларын мәнісін айтып түсіртіп едік, ақырында оларды да айдап шығып,  сарт қажыларын кіргізді. Кейбір шәкірттер тұратын орын болмай әлгі үйдің бір бөлмесін сұрап едік: «Қазақтар көргенсіз халық, үйімді ластайсыңдар» деп маңайына жуытпады. Қазақ ағаларымыздың тәкиеге деп уақыф еткен қара кілем, полски самауыр һәм басқа саймандарын жайнатып сарттар тұтынып отырғанда, біздің есігінен қарауға да халіміз жоқ.

Бір тәкиені Сырдария облысында Әулиата уезіндегі Ұлы жүз дулат ағайынымыз 40 болыс ел болып 17 мың сом береміз деп, Мәдинада тұратын Хамза деген сартқа үй алуға һәм өзін әулие қылып, пір тұтуға уәде байлайды екен. 1911-інші жылы қазақ болыс дулаттан қажыға жүзге жақын кісі келіп, бастығы Жұматай ақсақал, Өте болыс, Аққожа деген бір қожа ортасынан жинаған һәм елдерінен ала келген, барлығы 5-6 мың сом ақшаны Хамзаға тапсырыпты. Хамза өзінің үйін қажыларға: «Мынау сендерге арнап алған үйім» - деп көрсетіпті. Хамзаның сұрауынша қажылар үйге төсейтін он кілем алып берген. 17 мың сомның қалғанын елдерінен жинап беруге уәде беріскен. Біздер Жұматай ақсақал мен Өте болысты ортамызға шақырып алып: «Сарттың алдауына түспеңіздер, түбінде мұнан қазақтың баласына бір тиын пайда болмайды, онан да хүкіметке мағлұмдап, қазақ атына уақыфқа жаздыралық» - десек те, біздің сөзіміз ақсақалдардың құлақтарына кіріп-шықпады, бізді қуып шықты. «Қазақ-мазағыңның керегі жоқ, ишанымызға уәде бердік, енді бұза алмаймыз», - деп.

Тағы бұл алтауынан басқа Сейд Хамза, Сейд Исмағұл деген семсар ғұрыптар да біздің Ақмола, Семей жағындағы қазақтарға бір тәкие салмақшы, оған да ағайындарымыздың ықыласы жаман емес секілді.

Бұл туралы көрген-білгенімізді тағы да жазып тұрармыз.» Автор өзге жұртқа есесі кеткен қазақтың пұшайман халіне ашынып отырып, осылай жазады. 1913 жылдары күйіп тұрған тәкия мәселесі бұдан кейін қалай шешілді деген сұраққа жауапты «Қазақ» газетінің кейінгі жылдары жарық көрген сандарынан табуға болады.

«Жеті қажы» жырындағы Әубәкірдің Мекке-Мединедегі қажылық рәсімдерін өтегеннен кейінгі сапары тіптен басқа бағытқа бұрылғанын көреміз:

Сонда ауру Әубәкір,

Жалғыз қалған бейшара.

Хақтан болған пәрмен ғой,

Жалғыздыққа не шара?

Ақыл бар ма, ес бар ма,

Әйтеу бір тірі, ерқара. 

...Үш-төрт адам сартпенен,

Оңтүстікке жөнелді.

Енді байғұс таппады,

Құдайдан басқа сенерді.

Әрбір жерде қырланып,

Сарт көрсетті өнерді.

Дариядан бері он үш күн,

Құрғаққа шығып жөнеді.

Ауру-науқас бейшара,

Жол мехнатын мол тартты.

Оған таяу шекара,

Жердің жүрген реті.

Дарияның бергі жағасы,

Арғы жұрттың кіренті.

Хаур деген шаһарда,

Сатып атты мініпті.

Онан бері тау-таспен,

Көп қасіретпен жүріпті.

Әубәкір қажы Стамбул, Одесса, Харьков бағытында емес, Үнді мұхиты арқылы сапарлайды. Осылайша Калькуттаға табан тіреген ол құрлықта атқа мініп, тау мен тасты басып, алға жылжумен болады. 

Қайдан білсін жер атын,

Жолдасы жоқ білікті.

Дариядан бері жетпіс күн,

Келіпті Қашғар жұртына.

Жолдастасқан сартпенен,

Іші ме екен, сырты ма?

...Онан бері сарт жалдап,

Алтайға келді елу күн.

Елу үш күн деп айттым,

Көп болмайды еру күн.

Алтайдан атын сарт апты,

Байғұстың оған сенуін.

Алтай тауының солтүстік бағытымен қажылық сапарға аттанған Әубәкір қажы жалғыздықтың мехнатын бек тартумен, елі-жұрты өлдіге санап отырғанда Гималайдың тауынан өтіп, Тарымның шөлін көктеп өтіп Қашғарға жетеді. Одан бері елу үш күн жүріп туған елінің шетіне ілінеді. Бұл – коммунистік дәуірдегі қажылықтың ең соңы болады. 

Сөз соңы

Заман алға озған сайын қашықтыққа жұмсалатын уақыт пен күш-қуаттың мөлшері де азая түспек. Оның анық мысалы – бүгінгі Сауд Арабиясына қажылық сапары. Біздің мақсатымыз: осыдан бір ғасырдан астам бұрынғы қазақтардың Мекке-Мәдинеге бағыт алған ғибадатын қалай өтегені, осы жолдағы қиыншылықтар, оған зиялы қауымның үн қатып, ақпараттық жәрдем жасауы, осылардың бәрінің әдебиетте көрініс табуын Ақыт Үлімжіұлы шығармашылығы мысалында қарастыру еді. «Европада газета – ғұмыр айнасы. Ғұмырда не болса, бəрі газетада көрініп тұрады. Газетаны оқып жұрт өзін өзі көреді, өзін өзі біледі», - деп «Қазақ» газетінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жазғанындай, ХХ ғасырдың басындағы ұлт ғұмырының бір көрінісін дәуір айнасы осылай көрсеткен екен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan