Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЭССЕ
/
Қалиакбар Үсемханұлы. Шахановтың Шыңжаңға сапары...

Қалиакбар Үсемханұлы. Шахановтың Шыңжаңға сапары

29.04.2026

323

Қалиакбар Үсемханұлы. Шахановтың Шыңжаңға сапары - adebiportal.kz

(Естелік)

22 сәуір күні әйгілі ақын Мұхтар Шаханов жер қойнына тапсырылды. Өршіл рухтың асқақ жыры көкке қалықтап кете барды...

Шаханов десе, менің есіме ол кісінің Шыңжаң сапары түседі. 2008 жылы қараша айының соңында «Ақын Мұхтар Шаханов келеді екен» деген хабар тарағанда Қытай қазақтары қатты дүрлікті. «Үрімжіде, Алтайда жыр кеші өтеді екен» деген сыбыс шыққанда «Билетін қалай алуға болады?», «Әттең, ол кісімен кездесіп, сәлем беруге мүмкіндік туар ма екен?» деп ентіккен жұрт ақын келгенше ала-шапқын болды да жүрді. Қытай қазақтары баспасөзінің қара шаңырағында істейтін біз де асай-мүсейімізді сайлап, ыңғайы келсе, газетке сұхбат алайық деген оймен қоятын сұрауларымды жарты ай бұрын дайындап, «алдына барғанда айтар сөзімді ұмытып, ынжықтап отырмайын» деп айналасы 10 шақты сұрауды қайта-қайта оқып жаттыққаным есімде. Аты аңызға айналған тұлғамен кездесу туралы ойласам іштей қобалжып та кетем. 

Әрине, бұл сөзім қазір біреулерге әсірелеу, «пендеден періште жасау» болып көрінуі мүмкін. Әсіресе, «жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, Мұқаңды сахнадан, телеарнадан үнемі көріп жүрген қазақстандықтар үшін бұл тосындау да шығар. Бірақ ол кезде тек менің ғана емес, бүкіл арғы беттегі Қытай қазақтарының Мұхтарға деген құрметі ерекше еді. Мұхтар мен Мұқағалидың жырын жатқа білмейтін қазақ аз еді. 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жазушыларын Қытайдағы оқырмандарға таныстырған екі кітаптың маңызы ерекше болғанын да айта кеткен жөн. Оның бірі Қазақстандағы прозаиктердің шығармалары топтастырылған «Орамал» жинағы болса, екіншісі ақындардың өлеңі топтастырылған «Сүмбіле» деген жыр жинағы еді. 1996 жылы Іле халық баспасынан жарық көрген сол «сүмбіледе» Мұхтар Шаханов бастаған 20 ақынның өлеңі топтастырылған. Екі жинақтың басында екі Мұхтар тұр- Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов. Одан ары қарай Әбіш Кекілбай, Олжас Сүлейменов болып кете беретін, төте жазумен жарық көрген осы екі кітап қалам ұстағандарға үлкен мектеп рөлін атқарса, қарапайым оқырманға бұл кітаптар шөліркеп тұрғанда тұманның тұнығынан су жұтқандай нәр сыйлап еді. 

Біз күткен межелі күн де жетті. 8 сәуір күні түстен кейін Мұхаң Үрімжіге келді. Дегенмен, ол кісіні Шыңжаңға шақырған арнайы бір ұйым немесе үкіметтік орындар емес, екі коммерсант азаматтың дәнекер болуымен келгені мәлім болғаннан кейін, «Мұхаңнан ұят болмасын» деп Шыңжаң өлкесінің сол кездегі қазақ басшылары Асхат Керімбай мен Тілебалы Әбдірешитұлы жарты сағат ішінде қиюын тауып Үкімет атынан қабылдау жасады. Саяси тұрғыдан да, дипломатиялық тұрғыдан да бұл кездесу жосынға сыйып тұрған жоқ. Бірақ қазақилықпен жасалған осы кездесу Мұхтар ағаның сапарының деңгейін биіктете түсті. «Инду қонақ үйінің» мәжіліс залында өткен сол кездесуде Асхат Керімбай мен Мұхтар аға араға аудармашы алып, қытай тілінде сөйлескені, қазір қытай түрмесінде жатқан Қасым Оқанұлының аудармашы болғаны күні бүгінге дейін есімде. Кездесуден кейін қазақ салты бойынша дастархан жайып, дастархан басында Тілебалды Әбірешитұлы бастап, басқалары қостап кезек-кезек өлеңдерін жатқа оқығанда Мұқаң қатты толқыған еді. 

Бұл – Шыңжаңда Мұхтар Шахановтың «Дәуір дастандары», «Жаңа қазақтар» жыр жинағы мен «Құз басындағы аңшының зары» шығып, 3000-5000 таралыммен әлденеше мәрте басылып, жұрт Мұқағалидан кейін Мұхтармен «ауырып» жүрген кезі еді.

Ертесі 3000 адамдық «Шыңжаң халық сарайында» Мұхаңның жыр кеші дүркіреп өтті. Залда ине шаншар жер қалмағанын былай қойғанда, сарай сыртында кіре алмай тұрған халықтың да қарасы аз болған жоқ. Кеш соңында Мұхаңнан қолтаңба алған жұрт ақынды бір сағат бойы залдан жібермей айналдырса, сыртқа шыққанда Мұхаң отырған көлікті жүргізбей «тым құрыса сәлем берейік» деп сырттағы жұрт біраз әуреге салды. Тіпті, ол кісі түскен қонақ үй маңына да көп адам жиналған соң, оларды полиция келіп таратуға мәжбүр болды. 

Шынын айтайық, екі жарым сағатқа созылған жыр кеші халықтың құмарын тарата алмады. Сосын ертесі «Шыңжаң қазақ қоғамы» арнаулы кездесу ұйымдастырды. Оған Үрімжідегі зиялы қауым өкілдерінен сырт, Алтай, Тарбағатай, Іле сияқты Үрімжіден алыс аймақтардан да ат терлетіп келгендер аз болған жоқ. Кездесу 4 сағатқа созылды. Мұхаң да шабыттанып өз өлеңдерін оқығанда жұрт сілтідей тынып өлең тыңдады. Мен ол кезде фото тілшінің де жұмысын қоса атқаратын едім. Кездесуден кейін жұрт ұзын-сонар кезекке тұрып фотоға түсті. Шапан жауып, Мұхаңа алғыс айтып жатқандар да аз болған жоқ. 

Сол сапарда Шыңжаңдағы газет, телеарна, радио бәрі сұхбат алды. Біздің сұхбатымыз «Шыңжаң газетіне» «Шаханов Шыңжаңда» деген тақырыппен айқара бетке жарияланды. Газетті де жұрт талап әкетті. 3 күннен кейін Мұхаңның кеші Алтайда өтті. Онда да залға сыймаған халық қара нөпір болып сыртта тұрыпты.

- Кеш біткен соң сыртқа шықсам, жиналған жұрт жүргізбей, қонақ үйге әзер жеттік. Таңғы 4-те біреу есік қақты. Ашсам бір жас жігіт: «Аға, сізден қолтаңба алу үшін жұрт кезекке тұрып күтіп тұр еді», - деді. Қарасам кезекке тұрғандардың соңы сыртта тұр. Сонымен шала-шарпы киініп, сол жатқан бөлмемде қолтаңба беруге отырдым. Бәрінің қолында менің жыр кітабым. Кейбірі балаларын ертіп келіпті, олардың жырларымды жатқа оқығанын көріп қайран қалдым», - деп дән риза болып оралды Мұхтар аға. 

- Осындай құрметті Атырауға барғанда көріп едім, дегенмен, Қытайдағы ағайындардың өлеңге деген өлермендігі мені рас таң қалдырды. Кешкі ас ішіп отырғанда сол арада жұмыс істейтін жастардың да кезек-кезек өлең оқығанын көргенде тебіренбеу мүмкін емес, - деді Мұхтар аға.

Сол сапарынан Мұхтар аға өзі басқартын «Жалын» журналына көлемді мақала жариялап, Шыңжаңда көрген білгенін жазумен қатар, «Шыңжаң» газетінің тілшісі Қалиакбар Үсемханұлы дейтін азаматпен мазмұнды сұхбат жасадым» деп бізді де ауызға алған көргенде әжептеуір марқайып қалдым. «Мұхтар ағамыз шапан жауып, ықыласын берген тілші» деп кейін жұрт та аузынан тастамай жүрді. 

Мұхаң қайтарында «Қазақстан Республикасының визалық-паспорттық орнының жауаптысы Берік мырзаға бере салшы» деп, қолын қойып, екі кітап тастап кетті. Ертесі-ақ жеткізіп бердім. Менің визалық орындағы жігіттермен жақсы араласып кетуіме де Мұхаңның осы кітабы себеп болды. Бірақ Мұхаңның бұл сапарына екі тараптың билігі де аса сақтықпен қарады. «Билікке қарсы сөз айтып, Назарбаевты жамандап жүрген жоқ па?» деп визалық орынның жігіттері Мұхаңның қасынан қалмауға тырысса, Қытай да ақынның әр қадамын қалт жібермей бақылап отырды. Осы сапардан кейін де Мұхаң Шыңжаңға бірнеше рет барады, Үкімет кітап жәрмеңкесіне де арнайы шақырды. Кітабын қытай тіліне аудару жұмыстары да қолға алынған. 

Келесі жылы Қазақстанға Мұхаңның отбасына дейін барып, Қаншайым жеңгенің қолынан дәм татып едім. Қазақтың талантты қызы марқұм Бекқал Әбішпен де осы шаңырақта танысып едім. «Шындығын жоғалтпаған қыз» деп таныстырды Мұхтар аға. 

Қазақстанға келген тағы бір сапарымда «Шыңжаң халық баспасының» басшылары «Мұхаңның кітаптарын қайталай баспақ едік. Автордың рұқсаты керек, ала келесің бе?» деп өтініш айтты. Мұхаңа айтып едім, бірден келісіп, рұқсатнамасын жазып берді. Бірақ мен сол қағазды тапсырарда «Мұхтар аға сәлем айтты, қаламақы жағын ойлассын деді» деп айтып едім: «Біз шетелдік авторларға қаламақы төлей аламаймыз ғой», - деп шырылдады. «Онда Мұқаң келгенде сол заңды көрсетесіздер ғой» деп сөзді көп созбадым. Екі айдан кейін Мұхаңның Үрімжіге жолы түсіп тағы барды. Баспадағыларға хабарласып, Мұхаңның келгенін айтып едім, сол күні кешке «осында ертіп келіңіз» деп бір мейрамхананың мекенжайын берді. Дастархан басында баспа басшысы Мұхаңның баспадан шыққан жаңа кітабын көрсетіп, конвертке салған қаламақыны «Аз болса да көптей көріңіз» деп ұстатты. Жолда қайтып келе жатып Мұхаңа баспа басшыларына өтірік айтқанымды айтып, кешірім сұрап едім: «Мынауың бір пайдалы өтірік болды», - деп сөзін әзілге бұрды. Бұл Мұхаңның Қытайда шыққан кітаптары үшін алғаш әрі соңғы алған қаламақысы болды шамасы.

2016 жылдан бастап, Шыңжаңдағы ұзын арқан, кең тұсау саясаты өзгерді. Қазақстаншыл идеяға да Қытай билігі оқшырая қарай бастады. Ұмытпасам Мұқаң 2016 жылы күзде Үрімжіге тағы барды. «Мұқаң келе жатыр» деп жігіт хабарласты. Ол кезде мен Алтайда тілшілік жұмысымен жүр едім, «ертең қайтам, кеште кездесейік» дедім. Бірақ мен уағдалы уақытта Үрімжіге жеткеніммен Мұхаңмен кездесе алмадым. Дұрысы кездестірмеді...

Бірақ Қазақстанда кездестік. Астанада өткен Азия жазушыларының 1 форумында Мұхаңа сәлем беріп, келіп алғанымды айттым. «Ол жақтағы ел-жұрт аман ба? Жағдай қиындап кетті деп естіп жатырмын. Енді олар да 10-15 жылда қазақы қалпын жоғалтады ғой» деп ауыр күрсінді. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз боларын кім білсін. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan