Меңдеке метрикасы

146

Меңдеке метрикасы - adebiportal.kz

Әмірхан Меңдеке шығармашылығы туралы, оның мақалаларының сипаты жөнінде айтар кезде ең алдымен сыншының өлшемдеріне мән берер едіңіз. 
«Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да татымайды» деген сөзді Акутагава айтты дейді. Ақынның тұтас шығармашылығын бағалаған күннің өзінде күллі әлемді бір тармақтың салмағына жеңдіре салған мәрт көңіл ме, әлде түпсіз бағалау ма? Жоқ... Мүмкін айтуға болмайтын шындықтарды (адамға да, адамзатқа да ауыр) көркем, терең айта алғаны үшін де бір тармақ, бір сөйлем, бір сөз үшін ақынды, жазушыны жоғары бағалауымыз керек шығар. 
Тютчевтің өлеңдер жинағына Феттің: «Вот эта книжка небольшая, Томов премногих тяжелей» деп жазуының да сыры шығарманың сипаты мен мазмұнына үңілуден шыққан жоқ па?! Арғы-бергі әдебиеттің тарихын қарасаңыз, бұндай бағалауларға аз кездеспесіңіз анық. Қазақ сыншыларының ішінде Әмірхан Меңдекенің шығармашылығына қарасаңыз, осы бір «жалғыздардан» тұратын бағалауды көрер едіңіз. Бір әңгіме, бір сюжет, бір сөйлем, бір сөз төңірегінде ойға, пәлсапалық мәніне, көркемдік қуатына тоқталып, тұтас тұжырымдар айтуды – Меңдеке метрикасы деп айтуға болар еді. 

Бір әңгіме

М.Әуезов. Әдебиетіміздегі осынау қас­терлі, қасиетті есімді оқырман ­қауымға таныстырып, тәпіштеп жатудың да реті жоқ. Еңбектеген бала, еңкейген кәріге таныс тұлғаның туған жері, өскен ауылы да таныс.
Оның қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетінің ең жарқын үлгісі болды. Қазақ прозасының кәсіби деңгейін өсірген – Әуезов. Оның даңқты «Абай жолы» романын айтпағанның өзінде шығармашылық жолының бастауында жазылған, советтік қуғын-сүргін кезінде бас тартқан туындылары сол уақытта-ақ әдебиетіміздің классикалық үлгісі боп шығып еді. Сол шығармалардың бірі – «Қаралы сұлу» әңгімесі.
Жары, ата-енесі өлгеннен кейін иен байлыққа талассыз ие болып, кішкентай Мұқашын бауырына басып, жесір қалған Қарагөз ұлының «...тілеуін тілеп, енді ерге тимейтін тұл қатын болып отырып қалуға өзіне-өзі серт береді». 
«Қарагөз отыз екі-ақ жаста... Қаралы жаулық салынып, қызулы базар есігін жапқанына алты жыл болды...». Бірақ сол алты жылдың талай түнінде жыланша ирелеңдеген сезімдер қаралы сұлудың мазасын қашырып, қанша рет қызметкер кемпірге денесін сипатып, қасына алып отырды. Бұл әңгімені оқырман қауым өте жақсы біледі. Ақыры «жыландардың» ысылына шыдамай, үйден атып шыққан Қарагөз тоғайға барып, Болат жылқышының кім екеніне де мән берместен «өзіне қарай жыға құшақтап» алады. 
Әмірхан Меңдеке «Әйел һәм еркек. М.Әуезовтің «Қаралы сұлуы» хақында» мақаласында осы әңгіменің эстетикалық құндылығын ашуға ұмтылады. Ер мен әйел жаратылысының бірлігіне, тұтастығына, жақындығына, құпиясына бойлайды. 
Жалпы ер мен әйелдің қарым-қатынасы, жаратылысындағы байланысы, сыры қаншама қаламгерді толғандырған. Әлі де ойландырып келеді. Сыншы осы мақаласында ер мен әйелдің әуелде бірі-бірі үшін жаратылғандықтан, табиғатына қанша қарсы келгісі келсе де – болмайтынын түсіндіреді. Иә, Қарагөз сияқты шешім шығарып, бас тартуың мүмкін. Бірақ алты жылдан соң кәрі жылқышының құшағынан табылғаны қалай?
Абай өлеңдері мен Жүсіпбектің «Ақбілегінен», әртүрлі пәлсапашылардың тұжырымдарын, дін сөздерін келтіре отырып, Әмірхан Меңдеке Қарагөздің өз болмысына қарсы шыққанынан ештеңе өнбегенін айтады. Оны Әуезов те айтып тұр ғой дерсіз. Иә, сыншы Әуезовтің қалай айтқанын айтады.
Қарагөздің әрекетіне үңілу арқылы өзі де Әуезовпен жарысып, ер-әйел жаратылысының табиғатына бойлайды. Мұнда бір нәрсені тағы байқайсың. Әмірхан – табиғатында жазушы адам. Себебі өзі талдап отырған шығарманың көркемдік құпиясынан бөлек, авторды толғандыр­ған тақырыптың ішіне кіріп, сол мәселені жан-жағынан қарауға тырысады.
Әуезов отыз жасына жетпей бүгінге дейін әңгіме жанрының ең озық үлгісі саналатын «Қаралы сұлу» сияқты шедевр тудырып, «Қараш-қараш оқиғасын» жазады. Қарқара көтерілісі туралы жазбақ болып Жетісуға келіп, арнайы құжаттармен танысу үшін архив ақтарады. «Абай жолы» эпопеясына дайындығын жүргізеді («Абай жолы» жарық көргеннен кейін қайта қарап, етістікпен біткен сөйлемдердің көбін есім сөздермен аяқталатындай түзеп шығуы ұлтқа, әдебиетке, ұрпаққа адалдық, жанашырлық, сөзге деген үлкен жауапкершілік еді).
Әмірхан Меңдеке: «Біздің Абай мен Жүсіпбектің әйел жайындағы кейбір көркемдік ой-пікірлеріне тоқталыңқырап жатуымыздың да себебі жоқ емес. Қазақ әдебиеттанушылары М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесін «Еуропадан келген үлгі» дегенге ден қойып жүр. Бұл – негізсіз, желқуық пікір. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы» – әрісі Шығыстың, берісі Абайдың әдеби мектебінен келген үлгі Абайдың шекпенінен шыққан шығарма», – дейді.
Біз қазақ прозасындағы модернизм­нің басын М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсімен», М.Әуезовтің «Қаралы сұлуымен» байланыстырамыз. Бұл шы­ғар­малар кеңес өкіметі күш алмай тұрғанда жазылған. Кейін осы бағытта шы­ғарма жазуға тыйым салынып, кеңес өкіметінің идеологиясын жазу ғана цензурадан өтетін болғандықтан қазақ модер­низмінің тамырына балта шабылған еді. 
Меңдеке осы бір әңгіменің бар құпиясы адам жаратылысында деп түсіндіреді. Әу бастағы табиғатына, тіршілікте атқарар функциясына қарсы келем деген әйел затының болмыс алдындағы дәрменсіздігін айтады. Меніңше, бұл әңгімеде және «тағдырдың терең ирониясы» бар. Жары қаза болған соң өзіне пар келетін ешбір еркекке мойын бұрмай келген Қарагөздің ойламаған жерден, «құмарлық мастығының» шырмауында алпыстағы Болаттың «қолына түсуі» қаралы сұлуға тілектес әрбір оқырманға оңай соқпаған оқиға еді.

Бір сюжет

«Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай» романының бірінші кітабында ұлы суреткер өзінің екі кейіпкеріне әйел айырбастатқызады...».
Қымыз ішіп, желіккен топ бас қосып отырғанда, Қарахан мен Манас достықтарының растығын дәлелдеу үшін әйелдерін айырбастайды. 1943 жылғы романды талқылауға арналған жиында «қазақты жер жүзіне масқара етейін демесе, мына тұсты романнан шұғыл алып тастасын!» деген шешімге жалғыз Әуезов­тің шамасы жетпейді. Ақыры қысқарып кетті. 
Меңдеке осы бір көрініс арқылы қоғамның азған тұсын, пенде баласының надандығының шексіздігін өмірдің өз мысалы арқылы бергісі келгенін түсінгісі келмегендерге налиды. Нәпсінің жетегінде кеткен дырду топтың есерлігі, ессіздігі дәл осы сюжетте өмірден ажырамастай, бүтіннің бөлінбестей бір бөлшегі екенін тәппіштейді. 
Бұндай оқиға Абай өмірінің алдында, не одан кейін болды деген дерек жоқ. Жазушы «теліп айту» әдісіне жүгініп отыр екен. «...Тілін айырбастаған, дінін айырбастаған, керек десеңіз, ұлтын айыр­бастаған.., ұят-ұжданын айырбастаған» адамдардың сорақы бейнесін ашу үшін барған тәсілі. 
Әмірхан Меңдеке өлшемінде «Абай жолының» бір бүйірі олқы тұрса – осы сюжеттің жоқтығынан. 

Бір сөйлем

«Абай тегінде бар өмір, бар мінез, бар сезімдерді көп уақытта жұрттан бөлініп алып, жалғыз сезініп, жалғыз ойлай бергенде, ішіне әрқашан елден өзгеше салқын сыншылдық тынысын көп жия беруші еді».
М.Әуезовтің «Абай жолына» енбей қалған бір сөйлемі. Осы сөйлем сыншы Әмірхан жүрегін қатты толқытыпты. «Жалғыздық сені қайтейін...» деген дүниесінде автор осы жалғыздықтың мәніне үңіледі. 
Данышпандардың ішінде жалғыздық туралы айтпағандары сирек. Ақыл-ойы кемеліне келген ойшылдардың өздерін жалғыз сезінгені, содан құлазығаны, кейде сол жалғыздықты аңсап, әдейі оңаша кетіп ғұмыр кешкендері бар. Шәкәрімнің Саятқораға барып, жұртта жоқ үй салып тұруының да мәні – жалғыздық. Шығармашылық жалғыздық.
Ал Абайдың жалғыздығы басқарақ секілді. Өмірінің әр кезеңінде ақын жалғыздығы мәнін өзгертіп тұрған. «Қайран сөзім қор болды...» деген тұсында басқа күй, «моласындай бақсының жалғыз қалдым...» дегенде өзге сезімде болғандай.
Ақын өмірінің соңғы күндері, тіпті құлазып кеткен. Әсіресе Мағауия қайтыс болған соң тіршіліктің мәні қалмағандай болды. Оспан мен Әбдірахман өлгенде жоқтау жазған ақын Мағашына аза жырын арнамады. Ең соңғы өлеңінің өзі 1903 жылы жазылған. Бәрінен түңілген, ескі үміттен күдер үзген жанның күйзелісі. 
Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан
Арсылдар да, қалшылдар.
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт, 
Бас қаңғырт! 
Әуезов бұл күндер жайында: «Абай өзі бұл өлімнен бұрын да өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігіне ешкімге керексіз артық нәрседей қарай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені ендігі күннің үміт тілегінен біржолата у ішіп түңіліп болған еді. Өмір тойдырып болып, енді барлық мағынасынан айы­рылып, ақыл мен сезімін жалғыздық дертімен құлазытып, тоңдырып тоздыруға айналып еді». 
Романда айта алмаған Абайдың жалғыздығын Әуезов мақаласында ­айтыпты. 

Кітапта жоқ бір лекция

«Қарағанды көктемі» әдеби форумына шақырылып, Алматыдан Қарағандыға кетіп бара жатып, Әмірхан Меңдекені әуежайдан кездестіріп қалып, әңгімеміз бірден әдебиет төңірегінде басталып кетсін. Темірғали Нұртазинның бір әңгімені тоқсан минут талдағанын еске түсірді. «Бір ғана шағын әңгіме туралы осыншалықты ұзақ, терең талдауды көрмеппін» деді. Кейін ғалымның бірде-бір кітабынан сол талдауды кездестіре алмағанын айтты. Қателеспесем, Бейімбеттің әңгімесі турасында.
Кеңес үкіметі уақытында социалистік реализм шеңберіндегі зерттеулерін жариялаған ғалым тұтас шығармашылығындағы осы бір лекцияда ғана айтқан ­талдауы оның бүкіл зерттеуінен жоғары екенін ғалым сезсе де – жариялай алмапты. Шәкірті кітаптарын емес, сабақта айтқан ауызша бір лекциясын өмірі есінен шығармапты.

Бағашар Тұрсынбайұлы 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan