Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Кеңшілік Мырзабековтің туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Ақын мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған қасиетті топырақ – Торғайдан басталды.
Осы сапардың алдында ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы хабарласып: «Олжас, Торғайға барамыз, дайындал», деп ескертіп қойған еді. Сол кезден-ақ алда бір рухани сапар күтіп тұрғанын ішім сезген.
Сонымен алдын ала келіскен берекелі бейсенбі күні таңсәріден Астанадан Торғай бағытына қарай төрт машина қатарласып жолға шықтық. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Нұржан Қуантайұлы, және ақындар Жәнібек Әлиман мен Мұқарбек Жәкейұлы бар. Сонымен бірге Кеңшілік ақынның қос ұлы – Амангелді Кеңшілікұлы мен Мағжан Кеңшілікұлы және ақынның өзге де аталас ағайындарымен сапарлас болдық.
Алғашқы аялдама Арқалық. Астанамен арасы алты сағаттық жол екен. Қазақстанның ішінде көрсем, барсам деген аймақтар аз емес. Соның бірі осы Торғай даласы еді. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбекұлы секілді тұлғаларды қос-қостан туған Торғай топырағын басып, кең даласын бір көргім келетін. Соның сәті түсті.
Жолдың бойындағы ауылдар нағыз малдың жайында отыр екен. Даласы жазық, көкжиекке дейін көз сүрінбейтін кеңістік. Көктемнің күні болғандықтан болар жап-жасыл, өзенді, көлді. Бір қарағанда қарапайым ғана дала болып көрінгенмен, талайғы тарихтың куәсі – осы дала.
Арқалықтан бір аялдап алып Торғайға тарттық. Біз Торғайға жеткенде күн де ұясына қарай асығып бара жатыр еді. Торғай қақпасының алдынан Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов бастаған ел ағалары мен бір топ өнерпаздар күтіп алып, дәм ұсынды. Негізгі шара ертең. «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы.
Музейлер елі
Кеңшілік Мырзабеков небары 42 жыл ғана өмір сүріп, ұлт ақыны болып, өзіндік мектеп қалыптастырып үлгерген ақын ғой. Бүгінгі күн Кеңшілік ағамыздың басына барып, құран бағыштаудан басталды.

Алматыда жүріп ақын атанса да өмірінің соңында туған жеріне жетіп байыз тапқан Кеңшілік ақын Торғайдың сыртындағы үлкен қорымда жатыр.

Бейіттің әр қабырғасының жоғарғы жазына ақынның өлеңі жазылған.
Туған жер, саған қаталап,
Кім қалай сүйсе өз еркі.
Мендегі сендік махаббат –
Жанардың нұры – көз өрті,
Жүректің жыры – сөз өрті.
***
Шаштым, төгілдім, шайқалдым.
Өмір сүрдім деп айтармын
***
Туса перзент, дүниеден өтсе бір ұл.
Бір қуан да, артыңа өксіп бұрыл.
Найза-ұшында, жүзінде - ұстараның.
Өтер-кетер, қайтейік, өстіп ғұмыр.
Ақының аруағына арнап аят оқылғаннан кейін Торғайдағы ең көне ғимараттардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі келдік. 1901 жылы салынған бұл нысан алғашында ноғай көпесі Фазылжан Назмутдиновтің баспанасы болған.

Алаштың қос арысы ақталғаннан кейін Торғай өңіріндегі 15 кеңшардың тұрғындары бірігіп, өз қаражаттарына бұл ғимаратты қайта қалпына келтірген.

Бүгінде бұл ғимарат халықтың ортақ ниетімен үлкен рухани орталыққа айналып тұр. Оның ішінде қазір Ахаңның өзі тұтынған бірнеше жәдігері сақтаулы.

Мәселен Ахаңның қолын ұстаған таяғы, өзі отырған ағаш диваны, желке тұсында ілулі тұрған сағаты мен кітап сөресі де Ахаңның қолының табы қалған қымбат бұйымдар.

Тағы бір таңқалдырғаны алақандай ғана Торғайда жеті музей бар екен. Оның екеуі мемлекеттің қолдауымен салынса, қалған бес музейді кезінде халық өз қажырымен ашқан.
«Кеңшілік оқулары»
Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінде өткен шара «Кеңшіліктің кең әлемі» атты көрмеден басталды. Көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, фотосуреттер мен құнды деректер қойылып, оқырман назарына ұсынылған.
Іс-шараның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтаулары оқылды.
Жастар байқауына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы, ақын Жәнібек Әлиман, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабаеваға қазылық етті. Арасында біз де бармыз.

Айта кету керек, мектеп оқушылары арасында өткен бұл байқаудың бастамашысы әрі негізгі ұйымдастырушыларының бірі – Амангелді Кеңшілікұлы. Байқаудың мазмұндық деңгейінің жоғары өтуіне оның бағыт-бағдары айрықша ықпал етті.
Алдын ала ақпан айында өткен іріктеуге аудан мектептерінен 62 оқушы қатысып, соның ішінен 28 үміткер финалдық кезеңге жолдама алған екен. «Қарлығаш дәурен» аталымы бойынша 20 оқушы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Іңкәр дүние» аталымында 8 оқушы Кеңшілік Мырзабековке арнаған өлеңдерін оқыды.
«Қарасаздың әр баласы Мұқағалидың өлеңін жатқа біледі» дегенді естіп жүрміз ғой, бұл торғайлықтарда да бар екен. Байқауға қатысқан әр оқушы Кеңшілік ақынның кемі 10-15, тіпті 30-40 өлеңін жатқа білетінін көрдік. Қырық өлең дегеніңіз бір жинақ қой. Кіп-кішкентай оқушылар сол бір жинақты түгел жаттап алған. Және оны мәнерлеп, нақышына келтіріп оқығанын көргенде көз сүйсініп, көңіл қуанады екен.
Сонымен байқаудың нәтижесінде «Қарлығаш дәурен» номинациясы бойынша үшінші орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Перизат Серік иеленіп, Әбіловтер әулеті тағайындаған 100 мың теңгелік сыйлықпен марапатталды.
Екінші орынды Н.Г. Иванов атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Қазымбек Зере алып, Өсеровтер әулеті ұсынған 120 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Ал бірінші орын Ағытаевтар әулеті тағайындаған 150 мың теңге жүлдемен Аңсаған Қоңқабаев атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Айбат Балтабайға бұйырды.
Байқаудың бас жүлдесі Міржақып Дулатов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Назерке Серікқызына табысталды. Оған Мырзабековтер әулеті тағайындаған 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар бірқатар қатысушыларға Сәбілов, Қасымов және Жолпатовтар әулеттері ұсынған 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары берілді.
«Іңкәр дүние» аталымы бойынша өз өлеңдерін оқыған 8 қатысушыға Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Қостанай облыстық өкілдігі, Амангелді Иманов атындағы қоғамдық қор және кәсіпкер Қасым Жүнісов тағайындаған арнайы сыйлықтар теңдей үлестірілді.
Осылайша ұлт ақыны Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған дүбірлі дода Торғай топырағын қара өлеңмен тербетіп, өңірдің рухани өміріне бір серпін бергені анық.
Шараның өтуіне қолдау көрсеткен Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамет Бидашевқа, аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматовқа, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабаеваға, Білім бөлімінің басшысы Абай Қасымға ақынның ұрпақтары ризашылық білдірді.
Ақындардың Ақшығанағы
Ертеңіне Торғайдан 70 шақырымдай жырақ жатқан Ақшығанақ ауылына ат басын бұрдық. Бұл ауыл – өмірде де, өлеңде де қатар жүрген қазақтың аяулы ақындары Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбекұлы туған ауыл. Мұндағы мәдениет үйінде Кеңшілік ақынның біршама қолжазбалары мен сирек суреттері сақтаулы тұр екен.


Бірде Торғайда айтулы ақын Нұрхан Ахметбековтің мерейтойы өтіп жатқанын естіген екі оқушы жаяулатып осы Ақшығанақтан жолға шығыпты. Бар ойлары – ақын тойында өлең оқу, сахнаға шығу, сөз өнерінің ортасына жақындау. Жетпіс шақырымды жаяу жүріп келген екі баланың ынтасын көрген жүргізуші олардың көңілін қалдырғысы келмей: «Екеуіңе бірдей мүмкіндік бере алмаймын. Кімнің жасы үлкен, сол бір өлең оқысын», – дейді. Сонда қағілездеу біреуі өзінің үлкендігін айтып сахнаға шығып өлең оқиды. Бірақ ауылға «екеуміз де ақынның тойында өлең оқыдық» деп келеді.

(Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбекұлы)
Сол екі бала уақыт өте келе Ақшығанақтың атын бүкіл қазаққа танытқан ақын болды. Ол – Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғынбекұлы еді.
Көктемнің басында Серік ақынды 80 жасымен құттықтай барғанымда қаламдас құрдасын сағынышпен еске алып: «Кеңшiлiк екеумiз бiр ауылда өстiк. Бір партада отырдық. Бiр мектептi бiтiрдiк. Университетте де бiрге оқыдық. Өле-өлгенше жұбымыз жазылмады. Мен Кеңшілікпен тірісінде де таласқан жоқпын. Ол әдебиетке келгеннен өз жолын тапқан ақын. Мен оны барлық ақыннан биік қоямын», деген еді. Мұндай кеңдік адам бойына туған жердің табиғатынан да даритын болса керек. Ақшығанақ – жері құмды, маңайы сулы, өзені балықты, даласы жазықты, адамдары ақкөңіл берекелі ауыл екен.
Айтпақшы, есімі пайғамбармен аттас, ісі Қожанасырға, сөзі Алдаркөсеге ағайындас айтулы Айса Егізбайұлының да ауылы осы – Ақшығанақ екен.

Бірде Айса жоғалған малын іздеп өзен жағалап жүрсе, балық аулағалы жүрген орыс ағайындар жанына тоқтай қалып сәлемдесіп: – Балығы көп жерді білесіз бе? Көрсетіп жіберсеңіз, – дейді. Машинаға отырып өзен бойын жағалап, сиыры көзге көрінбеген сайын әне жер, мына жерге тоқтатып түсе қалып суға саусағын малып жіберіп, судың дәмін татып: – Здесь рыба жоқ, – деумен біраз жерді сүзіп шығады. Сиыры жайылып жүрген жерге дөп келгенде түсе қалып тағы судың дәмін көріп: – Наконец-то нашли. Вот, здесь балық много, – депті.
Ақшығанақтықтар өзінен шыққан әрбір перзентін ерекше құрметтеп, олардың әр қылығы мен айтқанын аңыз қылып мақтанышпен айта жүреді екен. Ауылдағы ағайынның аңқылдаған пейіліне шексіз разылық білдіріп, түс ауа біз де Астанаға қарай жолға шықтық.
