Қай заман, қай кезең екені белгісіз. Бір жерде атауы жоқ үлкен су болыпты.
Сол жердің тұрғындары, осы судан мол балық аулап күндерін көріпті. Су өзінің көлемі жағынан үлкен де, кіші де емес көрініпті. Содан соң адамдар бұл суды не «теңіз», не «көл» деп айтарын білмепті. Одан өнетін балықтың саны да қисапсыз көп болыпты. Судан шығатын өнім, жергілікті тұрғындармен қоса, шет жердегі елдерге де таратылыпты.
Күндердің күнінде адамдар өз қажеттерін қанағаттандырғандықтан, бұл суға белгілі бір атау қоймақшы болыпты. Ойласа-ойласа келе, бұл жер бір жағынан судың ортасында тұр, бір жағынан мол балық береді деумен «Арал батыр» деген атау қоюды жөн санапты.
Арал батыр өз өнімдерімен адамдарды неше ғасыр, неше жыл асырап келіпті. Осы кездері жұрт мол балықтың қайдан, қалай келіп жатырғандығына аса мән бермепті. Тек қарындарының тойғанына мәз болып жүріпті. Судан алынған өнімдерді оңды-солды шашып, көрінген жерді ластай беріпті. Ысыраппен пайдаланған дүниенің сарқылатындығы ешкімді де ойландыра қоймапты. Әрине, әр салған сайын, қармақтарына дәу-дәу балықтар ілініп үйренген адамдар нені ойлай қойсын? Тойынған халықта қандай ынсап болсын?
Бір күндері қармақтарына майда-майда ғана шабақтар іліне бастапты. Адамдар оларды көп менсінбей, көрінген жерлерге лақтыра беріпті. Жан-жаққа тасталған балықтардың иісі жайыла кетіп, аяқ алып жүретін жер қалмапты. Бір кездері болғанда қармақтарына бұрынғыдай ірі-ірі балықтар мүлдем ілінбей қалыпты.
Осыдан кейін өткен күндерін көксеген жұрттың қатты ашу-ызасы келіпті. Сөйтеді де барлығы бір жерге жиналып, Арал батырды сын тезінен өткізуді жөн санапты. Оның бірден-бір жолы – судың жағасын ластап, күл-қоқыстарға толтыра беру керек деп өзара келісіпті. Ондағылары, егер де біз «Арал батырға» осылай сес көрсетсек біздің торымызға ірі-ірі балықтар түсіріп береді деп ойлапты. Ал Арал батыр керісінше, адам әуелі өз кінәсін ескеруі керек ғой деген оймен, бұл жерден бірте-бірте алыстап кеткісі келеді.
Елден жырақтап кеткен Арал батырдың құлағы біртіндеп тынышталғандай болыпты. Су жағадан алыстаған сайын, жұтаған ел жұтай береді. Сөйтіп адамдардың бар уақыты Арал батырды қуалаумен-ақ өтіп кететін болыпты. Таң атса күн батып, күн батса таң ататын кезге жетіпті. Біреулері суға жетемін деп өте алысқа кетіп қалатындарын да сезбей қалыпты. Кейбіреулері адасып, жоқ болып та кетіпті. Су өзін қуалай берген адамдарға жеткізбеу үшін одан сайын алыстай беріпті. Бір күндері азықтары тек қана балықпен шектелген адамдар ашыққан үстіне ашыға бастайды. Біршама уақыттар болғанда су көзге мүлдем көрінбей ұзап кетіпті. Мұны көрген халықта ес қалмапты. Аштықты былай қойғанда, ас-сусыз қалған адамдар түрлі ауруларға шалдығыпты. Есі кеткен ел халқы не істерлерін білмей дал болыпты. Адамдардың мазасы әбден қашыпты. Бірақ суды баяғы орнына қайтару үшін не істеу керек екендігі ешкімнің де ойына келе қоймапты.
Осы кезде адамдардың жайына қатты алаңдаған бір данагөй қария кісі тап бола кетіпті. Сонда қария былайша сөз бастапты: «Мен бұл суды бұрынғы орнына қалай қайтарудың жолын табамын. Бірақ сендер менің айтқанымды жасайтын болсаңдар ғана айтамын», - деген шарт қойыпты.
Аштықтан әбден қалжыраған адамдардың ақылды қарияның сөзіне құлақ аспауға ешбір амалдары қалмайды. Сол сәтте данагөй қарт Арал батырмен ойша тілдескендей күй кешіпті. Сонда батырдың дана қариямен тілдескен сөзінің жауабы былайша өрбіпті: «Енді мен не берсем де соған риза болып, азды аз демей, көпті көп демей, қанағат қылатын халықтың пайдасына жарайтындай боламын. Тек сол талабыма көнетін болса ғана бастапқы жеріме қайта ораламын», - депті. Сол кезде барлық адамдар шуылдасып, «Ия, ия Арал батыр не десе де, біз соған көнеміз», - десіпті.
Елдің уәдесін алған қарт, Арал батырға олардың оң жауабын жеткізіпті. Содан бастап су өз орнына қайта келе бастапты. Бұрынғыдай тыныс-тіршілігіне көшкен ел, ақырғы берген уәделерінде тұрыпты. Судың жағасы бірде бір ластанбапты. Адамдар жан-жағын таза ұстапты. Теңіз не берсе де соған көніп, қанағат қылыпты. Сол сәттен бастап, Арал батырдың атауы жаңғырып, елдің бар мұқтажына жарап келе жатыр екен. Міне, балалар, бұдан «Жоқтан бар жасасаң құт болады, барды жоқ етсең жұт болады» деген даналық сөз шықса керек-ті. Ал енді балалар, сендердің осыған қосатын ойларыңның қандай екенін білсек қалай болар екен? Қане, бәріміз бірге ойланайықшы!
