Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Қанат Алтынбек. Күпірлік...

Қанат Алтынбек. Күпірлік

06.05.2026

19

Қанат Алтынбек. Күпірлік - adebiportal.kz

Қайрат бүгінгі таңды да күпірлікпен қарсы алды. 

Ата-анасының ақ батасын алып, Назым екеуінің шаңырақ көтергендеріне де бүгін бес күз, бес қыс толған. Астананың орталық аудандарының бірінен, көп қабатты тұрғын үйдің күнгей бетінен екі бөлмелі пәтерді, мемлекет бағдарламасымен алғандарына да жылға жуықтады. Әуелгі бас қосқан жылдары университет жатақханасында, кейін шеткі аудандардың бірінде пәтер жалдап жүрген кезінде, екеуіне де мұндай үйде тұру өлшеусіз бақыт көрінетін. Бірақ, бүгін бұларды ол да бақытты етпей тұр. Құдай берген үш қыздары бірінен-бірі өткен сүйкімді. Кеңсе жұмысында қағаз бен қарбалас жұтқан еңсесін үйіне келгенде «әкелеп» алдынан кезек-кезек томпаңдап жүгіріп келетін қыздарының еркелігімен еңсесін тіктейтін. 

Соңғы бір-екі аптада Қайраттың көңілін үш қызы да көтере алмай келеді. Себебі, Назым өзінің жүктілігін сезіп, дәрігер қарауына барғанда, төртінші құрсағының да қыз екенін білген. Кешкі тамақтан соң, Қайрат екеуі оңаша қалғанда соны айтқан. Үн-түнсіз жеті түн қараңғыда тартпада тұрған  шылымын қалтасына салып, сыртқа шығып кеткен. Жарының жанарынан ұғатын сезімтал Назым, бәрін түсініп етпетінен жастыққа жатып, жасын төкті.

Сарыарқа көшесінің жаяу жүргіншілер жолағында күртешесін ілгішінен сұқ саусағымен иығына асыра, оң қолымен шылымын қомағайлана сорып, қалың қайғының арасынан шыға алмай келеді. Үшінші қызы Көркем туылғанда да бұлай қатты қайғырмап еді. Қазақты құртатын сыпсың сөз бен  өсек аяң екенін Қайрат бұған дейін «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамдарының жұмада айтатын уағыздарынан, көркем әдебиет беттерінен оқыған. Енді сол өз басына сынақ болып келді.

Таң ата келіп, Назымның қасына сұлап түскен Қайраттың аздап сыралатқанын, ол бірден сезді. Тумысынан ащы су мен қу түтінге әуестігі болған емес. Алайда, сол қиялындағы ұлын аңсаумен бұл екеуімен де анда-санда бас қосып тұратынды шығарды. Әкесі Уәлихан да Қайратты үш қыздан кейін көрген. Атадан жалғыз оның да арманы, ата-анасына ертерек әулетін жалғастырушы ұл немере сүйгізгісі келеді. Бірақ, Алланың есебі мен адамның есебі бөлек қой. Оны Қайрат түсінсе де, көпке түсіндіре алмай демі ішіне түседі.

Қайрат осы көктемде қала әкімшілігінің сәулет–архитектуралық басқармасында аға сарапшы деген мәртебелі лауазымға жайғасып, бұған бәрі ыстық тілектерін білдірген. Барша тілектердің соңы «көп ұзамай ұлды болуын» тілеумен аяқталғаны да, Қайратқа соққы болып тиген. Әрине, шын ықыласпен тілегендері де бар, бірақ, кейбіреулер жас маманның көз алдарында ілгерілеп бара жатқанына іштарлықпен қарап, сағын сындыру үшін де айтып жатқандары да бар сияқтанады. 

Таң атты. 

Назымның ас бөлмесінен екеуі жақсы көріп айтатын Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» атты әнін жіңішке баяу үнімен әуелетіп жатқаны естілді. Кешегі ісіне ұялған Қайрат жуынып болып, ас бөлмесіне  «Жұбайлар жырын» шырқап қолына Көркемін көтеріп кіріп келді.

– Пәлі, мен оятқанда еркелеп оянбай отыр еді, әкесінің оятуына тұра қалуын қара, – деп Назым қолындағы құрғақ жасыл сүлгісімен жемістерді сүртіп тұрды.

– Әкесінің Құдай бере салған қызы ғой бұл! – деп Қайрат Көркемнің көзі мен бетінен кезектеп еркелете сүйіп алды.

Таңғы асын байыппен отырып, жанұясының қасында ішіп алған Қайрат, әуелгі бақытты қалпына қайта енгендей болды. Бүгін сенбі, демалыс күні болғандықтан, Қайрат отбасын қала аралатып, бір жағы өзінің де жүйкесін жұқартып жүрген сан сауалдарды бір сәтке болсын ұмытқанды ойлады. EXCPO–ға, Бәйтерекке, Хан Шатырды түгел аралап, отбасымен өте көңілді деңгейде үйге екінті еңкейе  келді. Қайрат бүгінгі демалысты соңына дейін көңілді өткізуді қалап, Назымға кешкі асқа әуреленбеуін, қаладағы ең жақсы кәуапханадан кәуап тапсырыс беріп қойғанын айтты. Расында да қаланың қызығынан сергіп, үйге келген отбасын көп күттірмей, жылтыр қағазға оралған ыстық кәуаптар келді. 

Үлкен қыздары Таңсұлудың жасы төртке келген. Былдырлап бірді-екілі әріптерге тілі келмей отбасын думанға бөлеп сыңғырлап күледі. Ортаншы қызы Нұрайдың жасы енді екіден асқан. Әлі сөздерді дұрыс түсіне алмаса да, ата-анасы мен әпкесін жүздеріндегі кіршіксіз күлкіні көріп, ол да шын ықыласпен күліп отыр. Бір кезде жатын бөлмеден жолдан шаршап келіп ұйықтап жатқан Көркемнің жылаған даусы естілді. Назым орнынан тұрып, Көркемді көтеріп алып келді. 

– О, міне енді төрт көзіміз түгелденді, – деп екі алақанын бір-біріне ысқылап, бұйырса айына екі–үш рет осылай өзімізге көңіл бөліп, отбасымызбен қала аралып отырайық, – деп еді, – Таңсұлу мен Нұрай қуанып кетті.

Кешкі асты ішіп болып, он екінші қабаттың балконынан түнгі Астананың керемет келбетіне қарап тұрып ойланды. Қалтасында тұрған шылымын да бір бүктеп, қоқысқа тастап, жеңілдеп қалды. – «Осы, мен неліктен жұрт айтты екен деп, бір-бірінен өткен сұлу, бір-бірінен ақылды әм мейірбан қыздарымды елемей, жоқ ұлдың қамын жеймін. Бұйырса әпкелеріне қамқор ұлды да беріп қалар. Иә, енді бұдан бұлай Назымның да көңіліне келетін сөздерді айтып, оғаш қылықтарды көрсетпеймін», – деп өзіне серт бергендей болды. 

Бірақ, алдағы уақытта бұл шаңыраққа келе жатқан қара бұлттар мен келеңсіз қайғы-қасіреттер туралы Қайрат та, Назым да бейхабар болатын.

***   

Кеңсеге жұмыс басталардан жиырма, отыз минуттай ертерек келетін Қайратты одан да ертерек келетін жан досы Аян күтіп алды. Екеуінің жұмыс басталардан бұрын қара кофе ішіп, азды-көп сұхбаттасатын әдеттері. Бұл жолы да қара кофені сіміріп отырып, сөзді Қайрат бастады.

– Жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп, бала-шағамызға көңіл бөлуді ұмытыңқырап кетіппіз ғой, досым! Мен соны аңғардым. Сенбі күні жоспардан тыс таңертең отбасымды  қала аралатып, қыдырттым. Кешкісін кәуапқа тапсырыс беріп, Назымды кешкі асты әзірлеуден бір күнге босаттым. Қыздарымның көңілін көтеріп, өзім де едәуір сергіп қалдым, – деп қайта кофесін ішті.

– Әп-бәрекелді, жарайсың Қайреке. Дұрыс жасапсың, күндіз бала оқытып, кешкісін үйге келіп, өз балаларын қайта оқытатын Назымға да осындай демалыс ұнаған шығар. Менде де еш ыңғай келмей жүр. Әйтпесе біз де отбасымызбен қыдырып, қала араламағанымызға біршама уақыт өтіп кетіпті. Үйдегі құрдасың Айтоша Назымға қызыға қарайды. Бір емес, үш бірдей қызы бар. Бұйырса Таңсұлуы төр-бес жылда Назымның қолындағы бар жұмысты алады, – дейді екі ұлдың сотқарлығынан мезі болғандай. Жақында дәрігер тексерілуіне барғанда болашақ перзентіміздің тағы да ұл екендігін айтыпты. Айтолқын оны естіп тіптен көңілі түсіп кетті. Мен де оған қалжыңдап: – Нұрсұлтан, Айсұлтанның соңынан Қасымхан келеді екен ғой, деп әзілдеп қойдым, – деп кофесі ащы болып кеткен соң, қасында тұрған қанттан екі қасық салып араластырды.

– Жарайды досым, бұйырса сендерге де қыз, бізге де ұлды беріп қалар. Ренжімесең, менің ертерек бітіруге тиіс жұмыстарым бар еді, соған отырайын, бұйырса түсте жолығамыз ғой, – деді де өз жұмыс кабинетіне бет алды. 

Компьютерін қосып жатып ойланды. Осы тағдырдың қызығын-ай!. Біреулер бір перзентке зар. Біреулер ұлдан мезі, қызға зар, біреулер қыздан мезі, ұлға зар. Соңғы сөзін айтып болып, тағы да ойланып қалды. Құдайдың да ісі қызық, қолда тұрған нәрсені істей салмайды. Аянның ұлдары мен менің қыздарымды арпа, бидай сықылды араластырып берсе болмай ма? –деп жұмысына кірісіп кетті. 

Қайраттың жұмысында Баука деген түлкі бұлаң, ішкі дүниесі дұрыс емес, бір әріптесі болатын. Қайраттың қазіргі лауазымын ол бірнеше жылдан бері нысаналап жүрген. Аяқ асты жоғарының шешімімен ол орынға Қайрат отырды. Бұған дейін де оған теріс көзқарас танытып жүретін Баука бұдан кейін тіпті ала көзденіп кетті. Енді міне, таң атпай Қайраттың кабинетіне сол Баука кіріп келді. Жарты денесі сыртта, оң қолымен бауырлай есіктің сыртынан ұстап, ішке басын сұғып:

– Қайрат Уәлиханұлы, кіруге рұқсат па? – деп өзіне тән жасандылықтан айнымай езу тартты.

– Иә, әрине, кіре беріңіз, Бауыржан Маратұлы! – деп Қайрат та ресмиліктен асқысы келмегегенін танытты. Ішке кіре салысымен құшағын кеңге жайып:

– Оу, Қайреке, Қайреке! Сізді көрмегелі қанша уақыт болды, келіңізші ақыреттік бауырларша құшақтасып, төс қағысайық! – деп құшақтасты. Қайрат ұсынған қоңыр креслоға отыра кетті. 

– Қайреке, кешкісін боссыз ба, егер бос болсаңыз, біз сізді кешкі асқа  мейрамханаға шақырсақ па деп едік.

– Ммм, кешкі ас дұрыс қой ...ммм бірақ, мен бүгін жұмыстан кейін қалып бірер сағат есеппен отырайын деп едім.

– Тууй, Қайреке-ау, мына сіздей өз ісіне адал мамандарды жоғарылатып жіберсе, мына біздей пақырларға жақсы болушы еді. Жұмыс қайда қалушы еді дейсіз. Бір күн әрісі, бір күн берісі сол есепті ертең-ақ жасасаңыз болмай ма? Біз, Шерхан, Айбек, Сәкендермен кешкісін керемет тыныш бір мейрамханамен сөйлесіп қойып едік. Сізді жылына бір рет қонақ етейік деп жатқанымызда,  бетімізден қақпаңызшы.

– Ай, жарайды, маған шегінерге жол қалдырмадыңыз, барсақ барайық. Кешкісін хабарласайық онда, Бауке, – деп көңіл қимастықпен амалсыз келісті. Бауыржанның қасындағы кешкі асқа шақырып жатқан Шерхан, Айбек, Сәкендердің де дұрыс жігіттер еместігін бұл білетін. Бірақ, өзімен жасты жігіт қиылып келіп өтініп тұрғанда, бетін қайтара беруді жөн санамады.

Түскі ас кезінде бірінші қабаттағы мекеме асханасына жедел сатымен Аян екеуі түсіп келеді. Бүгін кешкі асқа Бауыржандардың шақырғанын естіген Аян, ойланып қалды. 

– Досым-ау, сол құрғыр Бауыржан мен әлгі Шерхандардың кешкі асына бармасаң қайтеді. Солардың кім екендерін басқа-басқа, сен жақсы білесің ғой. Әлгі былтырғы әріптестермен жаңа жыл мерекесін тойлауда шығарған лаңдарын есіңнен шығарғаның қалай? Олар әуел бастан бізге дұрыс көзқараста емес екенін білесің ғой? Мені қоя берші, басты сенің сатылап жедел өсіп келе жатқаныңды жақтырмайды. Бірақ, енді өзің білесің. Менің ойым ғой жәй, – деп Аян жан-жағына қарап, асхананың терезе жағында отырған Бауыржандарды меңзеді.

– Енді қайта-қайта қиылып қоймаған соң амалсыз келістім. Менің де барғым келіп тұрғаны шамалы, досым, – деп оң қолдарын Аян екеуі, алыста отырған Бауыржандарға қаратып, сәлем ишаратында бұлғады. Олардан алыстау отырғанды жөн санап, асхананың оларға қарама-қарсы бұрышына барып жайғасты. Үй, жұмыс, қоғам туралы дағдылы әңгімелер айтылды.

Кешкі сағат алтыларда Қайраттың кабинетіне Аян келді.

– Басеке, сізде қайтатын ой жоқ па? Ааа, айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой, бүгін сіз «мәртебелі» адамдардың құрметті қонағы болады екенсіз ғой, – деп аз жымиды да: – Әйтсе де досым, солармен көп байланыспай-ақ қойшы. Егер бір жағдай туындап жатса, маған кез-келген уақытта қысылмай хабарласа бер, жарай ма?

– Еее, сендей досы барды жау ала қояр дейсің бе. Иә, өзімнің де көп отыруға зауқым жоқ. Бір сағаттай отырып, бір сылтаумен үйге қайтатын шығармын. Жақсы, өзіңе де ақ жол! Бұйырса, ертең кездескенше. Айтошаға сәлем айт, балалардың бетін сүйіп қой, –деп досымен қоштасты.

Екеуінің қоштасуы сол-ақ еді, Бауыржандар топырлап сау ете қалды. 

– Оу, Қайреке, әлі дайындалмағансыз ба? Біз асығып, сізді күтіп қалды ма десек, – деп әдеттегідей Бауыржан ыңыранып сөз алды. 

– Иә, дайынмын, сырт киімімді кие салсам болды. Әртістердей сыланады ғой дейсіз бе? – деп кекесін әзіл аралас сөз айтты. Кабинетін жауып, Қайрат та әлгілермен еріп кете барды. 

Алыс жер емес екен, бір-екі көше өз көліктерімен түсе қойды. Расында да, екінің бірі қолы жете бермейтін қымбат мейрамхана болып шықты. Алдын-ала хабарласып қойғандары рас екен, бұлар босағаны аттай бере, ақ жейде, қыр шалбар, жылтыр аяқ киім киген, жас жігіт бұларды қарсы алып, орындарына дейін апарып отырғызды. Бұл жолы Бауыржандардың  біраз шығынданғандарын Қайрат дастарханға қарап байқады. Дастарханда құс сүтінен басқаның бәрі бар. Майысып тұр. Тамақтанып жатқан кезде, Шерхан даяршы жігітке қарап, иек қақты. Оң қолына ақ сүлгіні іліп алған сымбатты жігіт те түсінгендей ишара білдірді. Арадан көп уақыт өтпей, Қайраттар отырған дастарханға виски келді. Басында Қайрат оны жігіттер өздеріне алдыртқан болар деп ұққан еді. Себебі, таңертең бүгінгі кешкі асқа шақыра келген Бауыржаннан ащы судың болмауын сұраған.

– Ал, Қайреке, қазақ айтады ғой, «Жақсымен өткен бір күнің, жаманның өткен ғұмырындай» дегендей, сізбен бір дастарқанда кешкі ас ішу бізге үлкен құрмет. Енді сіздің құрметіңізге мынау вискиден аздап ішпесек күнә болар. Виски дегеніңіз арақ емес қой, бас ауыртатын, жәй ғана көңіл көтеріп, денені сәл-пәл босатудың сылтауы ғой, Қайреке, – деп виски құя бастады.

– Жігіттер, мен таңертең Баукаға ішімдік болмай-ақ қойсын деп едім, бірақ қиылып тұрған соң бір стакан көрейін. Одан әрмен мені қинамаңдар. Үйге ертерек қайтуым керек. Ертеңгі қарбалас өз алдына, жұмыста есеп өткізу керек, – деп Қайрат шынын айтты.

Сол бір стакан вискидің соңы бірнеше бөтелкелердің босауына бастама болды. Құдайдан қорықпаған Баукалар тобырлық қалпынан аспай бұл жолы өз дегендерін істеді. Сөз арасында Қайраттың отбасы туралы да сөз қозғады. Назымды жамандап, ұрғашы лақ туа беретін ешкілерге теңегендей болды. Басы мең-зең болып тұрған Қайрат бір сөзге түсінсе, бір сөзге түсіне алмай бас изеп отырды. Осындай жоғары қызметте жүрген Қайратқа қалайда тізгін ұстар мұрагер керектігін, ал оны Назым ешқашан туа алмайтындығын, Шерхан да сөз арасында Қайраттың құлағына құйып жатты. Бойында мастықтың қаны ойнап тұрған Қайрат бәрін түсініп тұрса да, бұл жолы сайтан арбап, олардың сөздеріне қосылып отырды. Сағат он екілер шамасында телефонына Аян қоңырау шалды. Сол кезде әлгі тобыр Аянды да Қайратқа қарсы қойып, жамандап отырды. Сөйтіп, Қайрат Аянның да қоңырауын алған жоқ. Аян Назымға хабарласып тыныштығын алмайын, мүмкін, ұйықтап жатқан болар деп ойлады. 

Түнгі сағат екілерде Қайратты үйге Бауыржан әкелді де, жедел сатымен он екінші қабатқа көтеріп есік алдына тастап кетті. Назым жалғыз өзі қолтықтап жатын бөлмеге әрең алып кірді. Бір кезде мұздатқышта тұрған салқын айран ішіп өзіне келді. Сөйтіп, Қайрат үйді басына көтеріп, Назымға айқайлай бастады.

– Мына сен мені жұрт алдында қара бет қылдың. Сен маған бес жылда бір ұл, ұл, ұл туып бере алмадың! Қыз туғаннан басқасын білмейсің! Мына  ішіңдегі неме де қыз екен, – деп Назымның ішінен соғып қалды. Жерде жылап жатқан Назымға қарамады. Кішкене кереуетте жатқан Көркемді де, қарсы бөлмеден шығып жатқан айқайдан зәрелері ұшып есіктен сығалап, жылап тұрған қыздарына да қараған жоқ. Назымды екі иығынан көтеріп-алып: – Сен, мені екі құлағыңмен дұрыстап тыңдап ал. Мына ішіңдегіні ертең аборт жасататын бол! Мен үйіме өңшең ұрғашыны жиып Амазонка болатын жайым жоқ. Маған тізгін ұстар ұл табатын әйел керек. Саған соңғы рет мүмкіндік беремін.

– Қайрат саған не болған? Сені не қара басты? Сенің мұндайың жоқ еді ғой, қыздарыңнан ұялсаңшы, – деп Назым өңешіне өксік тығылып, сөзін шала айтып жылай берді.

– Иә, мен осы күнге дейін шыдадым. Мына соңғысы артық болды, – деп Назымның ішін тағы қатты ұстады да қойды. Ертеңнен қалдырмай көзін құрт, –деді. 

Назым төсекте жылап жатқан Көркемді көтеріп алып, Таңсұлулардың бөлмесіне кіріп кетті. Таң атқанша қыздарын  жұбатып, олардың қойған сұрақтарына әрең жауап тауып, ұйықтатты. Өзі де қалай ұйықтап кеткенін байқамай қалды. 

Таңертең оянса, сағат ондар шамасы екен. Жұмысы түстен кейін болатын. Бастығына хабарласып денсаулығына байланысты, жұмыстан сұранды. Жатын бөлмеге кірсе, Қайрат жоқ екен. Жұмысқа кеткен болар деп топшылады. Балабақша тәрбиешілеріне хабарласып қыздарын сұрап алды. Себебі, түндегі шудан қыздары психологиялық соққы алғаны анық еді. Сөйтіп, қыздарын өзінің туысқан әпкесі Бибіқалидың үйіне апарып тастауды жөн көрді. Оның үйінде Таңсұлулармен қатарлас қыздары да бар еді. Солармен бір сәт көңіл ауандары ауып, түнгі оқиғаларды ұмытар деді. Бибіқалиға хабарласып бір-екі сағатта баратындарын айтты. Ол да қуана кетті. 

Назымның ойынан кешегі «баланы алдырып тастау» туралы Қайраттың сөзі шықпай қойды. Бастапқыда, оған да ең әуелі сол арам ой келген болатын. Яғни күпірлік. Енді міне, «ішкен адам ішкі ойын айтады» дегендей Қайратта ойындағысын мас та болса айтты. Қала сыртында Күлейхан деген түбі шатыс, нақты қай ұлт екені белгісіз, кезінде ұзақ жыл гинеколог болып жұмыс істеген әйел ойына түсті. Осы мәселенің түйінін сол әйел шешеді деп ойлады. Сөйтіп өзінің біраздан бері жинап жүрген ақшасының едәуір бөлігін алды.

Қыздарын тамақтандырып, киіндіріп алып болған соң, өз көлігімен Бибіқалилардың үйіне қарай бет алды. 

Бибіқали қазір декрет демалысында болатын. Үйінде шақалағы Әли екеуі ғана екен. Қыздарын жұбайы Нұржан ауылдан келген ата-анасын күтіп алуға бірге ала кетіпті. Ата–анасын күтіп алып, Нұржанның қалада тұратын кенже інісі Сәтжанның үйіне апарады екен. Назым басында жас шақалағымен отырған Бибіқалидан ыңғайсызданып еді. 

– Құдай–ау сен өз әпкеңнен ыңғайсызданып тұрсың ба? Шаруаларыңды асықпай бітіріп келе бер, мен қарай тұрамын ғой, – деді.

Назым да жұмысын жылдам бітіріп қайтуын ойлап, үйден тез шықты. Таңсұлу басында анасымен бірге барам деп өтінсе де, Назым оған бәрін түсіндіріп, тез келетінін айтты.

– Анашым, сен еш уайымдама, бұйырса біздің сымбатты ініміз болады. Мен оған Әли-Нұр деп ат қоямын, – деп анасы мен Бибіқалиді таң қалдырды. Әншейінде әке–шешесіне еркелеп, кей сөздерді сақауланып айтатын тұңғышынан мына сөзді естіп Назым толқып кетті. Бірақ амал жоқ ертерек кетуді ойлап, Таңсұлудың маңдайынан сүйіп кете барды. Таңсұлу:

– «Анашым, мынаны көлікке сала салыңызшы» – деп өзінің жақсы көретін қып-қызыл күртешесін анасының қолына ұстатты. Назым қызының сырт киімін алып кетті.

Бұл кезде Қайрат бастығының шақыруымен басшы кабинетінде болатын. Айлық есептің неліктен толық бітпегенін сұрап, жауапты қызметкеріне аз ескерту жасады да, негізгі мәселеге бірден көшті.

– Қайрат Уәлиханұлы, сізді жедел шақыртуымның басты себебі, жоғарының тапсырмасымен екеуіміз бүгін түскі сағат үште Астана әуежайынан Анкараға ұшамыз. Билет барлығы алынып қойған, – деп тартпадан екі кісілік билетті үстел үстіне шығарды. Бұйырса, бұл іс-сапардан кейін сіздің қызметіңіз тағы да бір саты жоғарылап, менің орынбасарым боласыз. Бірақ, бұл жөнінде ешкімге тіс жармай-ақ қойыңыз, – деді. Түркияда мемлекет басшыларының бас қосуында қаланың сәулет өнерлері бойынша  көрме таныстырып, өздерінің сызбаларын көрсетеді екен. 

– Ғазиз Маратұлы, маған деген қамқорлығыңызға ризашылығымда шек жоқ. Жарайды, сізбен іс-сапарға шығудан қалайша бас тартуға болады. Онда рұқсат етсеңіз, мен үйге барып, жолдың қамына кірісейін,– деді.

– Әрине, Қайреке сіз көлікпен жүрсіз бе?

– Жоқ, бүгін көлікпен келмеп едім, – деді. Түнде ішімдік ішкен соң көлік жүргізуді жөн санамаған болатын.

– Онда тіптен жақсы, сізді менің жүргізушім Қанат Тәңірбергенұлы жеткізіп салады. Кейін әуежайға дейін қызметтік көлікпен жетеміз.

Қайрат үйге түскі сағат он екілерде келді.Үйде ешкім жоқ екеніне таң қалған жоқ. Себебі, күнде бұл уақытта Назым жұмыста, қыздар балабақшада болатын. Кішкене жол шабаданына киімдері мен жолға керекті заттарын алып, Назымға кішігірім хат жазып қалдырып кетті. Хабарласуға түндегі жәйттер есіне еміс-еміс түсіп ыңғайсызданды да, осы хатты жазуға бел буған еді. 

Бұл кезде Назым қала сыртында тұратын Күлейханның үйіне келіп қалған болатын. Күлейхан бірнеше рет тұрмыс құрып, перзент көре алмаған соң ажырасып кеткен, бүгінгі таңда көп қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде жалғыз өзі тұратын. Басында қорқып, келіспеген еді, АҚШ долларының бір шетін көріп, аз-кем ойланып келісімін берді. Есігін қайта-қайта кілттеп, терезелерді қараңғылап, бір қуыс бөлмеге Назымды кіргізді. Құрсақтағы сәбиді алып тастауға керекті медициналық құрал-жабдықтар Күлейханда бар екен. Яғни, ол бұған дейін де бұл іспен айналысқан. Оған бұл шаруа таңсық емес екеніне Назымның көзі толық жетті.

Бибіқалиға Нұржан аяқ асты қоңырау шалып, інісі Сәтжанның үйіне баруы керектігін айтты. Бибіқали болса, үйде Назым мен Қайраттың қыздары бар екенін айтса да, ауылдан ата-енесі келгенде алдарынан шықпай үйде сылтауратып қалудан қысылып екі оттың ортасында қиналып қалған. Дәл сол сәтте, үйге Нұржанның осы қалада биыл оқуға түскен, қазір университет жатақханасында тұратын жиен қарындасы Сара кіріп келді. Бибіқали ауылдан ата-енесі келгенде алдарынан шықпай үйде сылтауратып қалудан қысылып, Сараға Таңсұлуларды табыстап, тоңазытқыштағы тамақтарды, жеміс-жидектерді көрсетіп кетті. 

 Әуежайда тіркеуден өтіп, ұшақтарға отырып жатқан Қайраттың құлағына Таңсұлудың «әке» деген сөзі естілгендей болды. Бірақ оған мән бере қоймады. 

Бұл кезде арам қолды Күлейхан болашақ сәбиді Назымның жатырынан алып тастаған болатын. Мұндайда қолы жеңіл келді дегенді қолданған қаншалықты дұрыс екен. Бірақ өте жедел аяқталды. Көп ұзамай Назым көзін ашты да, Күлейханға ақшасын төлеп, үйіне қайтуға әрең ыңғайланды. Қараса кеш қарайып барады екен. Телефонына түрлі нөмірлерден қоңыраулар келіпті. Солардың ішінде Бибіқалидікі де бар. Оған кері қоңырау шалып еді, көтермеді. Бірақ іші бір сұмырайды сезді. Күлейхан, бірін-бірі танымайтындығын айтып қайта-қайта Назымның құлағына құйды. Сонымен, Назым қалаға қарай кептеліспен жетем дегенше едәуір уақыт өтті. 

Бибіқалилардың үйінің қасында бір емес төрт жедел жәрдем көлігін көріп, Назым есеңгіреп қалды. Шынында да, бұл кезде жедел жәрдем көліктер Бибіқалидың үйіне келген болатын.

*** 

Анкара әуежайынан түсіп, жақын маңдағы қонақ үйге жайғасып алған Қайраттың watsapp әлеуметтік желісіне Бибіқали мен Нұржаннан ондаған қабылданбаған қоңырау келіпті. Қайта соғып еді, бұл да ала алмады. Осы кезде іші бірдеңкені сезгендей болды. Бірақ, оны Ғазиз Маратұлына білдірмеді. Себебі, ертеңгі конференция алдында қала мэрінің ұйымдастырып жатқан кешкі асына дайындалып, солай қарай шығып бара жатыр еді.

Қызыл-ала лентадан аласұрып жүгіріп, еңкейіп өтіп кеткен Назымды ешкім тоқтатқан жоқ. Көп қабатты үйдің алдында ботадай боздап тұрған Бибіқалиды қапсыра құшақтап тұрған Нұржан Назымды көріп қалды. Жүгіріп келе жатқан Назымды Бибіқали құшақтай тоқтатты. Бұл арада Назымның ойында бір күдік ұялап еді. Бар тілеуі тек солай болмаса екен. Бірақ, өкінішке орай, солай болды. Үй алдынан үстін ақ мата жапқан төрт мәйітті кезек-кезек көтеріп келе жатқан фельдшерлерді көріп, Назым талықсып кетті. Талып бара жатып, Бибіқалидың «кешірші, Назым, кешірші» деген зарлы үні құлағына еміс-еміс естіліп жатты. Сол жерде дайын тұрған дәрігерлер лезде Назымға мүсәтір иіскетіп оятып алды. 

Сара сабақтан шаршап келген екен. Бибіқали да аяқ астынан Нұржанның шақыртуымен кетіп қалған соң, ол Көркемді ұйықтатып, Таңсұлу мен Нұрайға телефоннан мультфильм қосып беріп есікті кілттеп, өзі ұйықтап қалыпты. Сол арада Таңсұлу мен Нұрай телефоннан жалығып,  ойнағылары келеді. Ол кезде ұйықтап жатқан Көркем де оянып жылай берген соң, оны теледидар көретін бөлмеге әкеліп жерге көрпенің үстіне қолына ойыншықты беріп қояды. Таңсұлу көзін жұмып жиырмаға дейін санайды. Сол аралықта Нұрай ас бөлмедегі ас пісіретін пештің астындағы үлкен пештің ішіне кіріп тығылады. Сара кешкі асқа әпкелері келгенше тауықты соған пісіргісі келіп, бірақ, жарық сөніп қалғандықтан пісіре алмаған еді. Анда-санда өшетін жарық, сол кезде өшіп қалған. Әлгі пеш тоқсыз істемейді екен. Оның бұрандасын өшіруді жас қыз есінен шығарыпты. Нұрай соның ішіне кіріп жасырынып тұрған кезінде тоқ келіп, ол шыға алмай қалады. Ақырындап жылынып бара жатқан пештің ішінде  Нұрай қанша есікті ашуға талпынса да, әлі келмейді. Ал Таңсұлу жиырмаға дейін санап көзін ашса, жерде ойнап жатқан Көркем дірілдегендей көрініп оны ұстап еді Таңсұлуды да тоқ шалқасынан түсірді. Телефонның қуаттағышы тоқтан ажыратылмаған қалпы жерде салбырап тұрған сабының ұшын аузына салып ойнап жатқан Көркемді ұстаған Таңсұлуды да мезгілсіз ажал айдап әкетті. Ал, пеш ішінде тірідей қақталған Көркемнің иісінен құлағына құлаққап киіп әуен тыңдап ұйықтап жатқан Сара оянып, қорқынышты көріністерді көріп, қатты қорқып, стресспен сегізінші қабаттан өзін тастап жіберген екен.

Солайша, жазмыш дейміз бе, әлде күпірлік келтірудің кесірі дейміз бе, ажал бір күнде төрт бірдей періште қызды өз құрығына салып алып кетті. 

Осы оқиғаларды көтере алмай Назым ауруханада үш күн ес-түссіз жатты. Есін жинап, көзін ашып қараса, қасында жылай-жылай көзі ісіп кеткен Қайратты көрді. Назымның оянғанына қуанды. Оның құрсағындағы баланы алдырып тастағанын және енді ешқашан бала көтере алмайтынын да дәрігерлерден естіген. Гүлдей жайқалып келе жатқан үш қызынан тірідей, өмірге келмеген шарана жас сәбиінен күпірліктің кесірінен айырылған Назым мен Қайраттың ішінде тозақ отының жалыны шармап жатыр еді.

Араға бір жеті салып, тергеу, тексеру бәрі біткен соң Назымды алып Қайрат та үйіне қайтты. Бұларды Аян өз көлігімен жеткізіп салды. Назым жедел сатымен өзі көтерілді. Аян мен Қайрат есік алдында аз аялдады. Назым пәтерінің алдына келсе, есікте қыстырылып бір конверт тұр екен. Хатты алып үйге кірді. Ас бөлмесіне кіріп су ішіп, хатты ашты. Хатта өзі жақында жүктілігі кезінде тексеруден өткен жекеменшік медициналық орталықтан екен. «Біз сізден кешірім сұраймыз. Кейде технологиядан ақау шығатын әдеті бар. Бірақ осы жолғы біздің шатасуымыз сізге үлкен қуаныш сыйлайын деп тұр. Сіздің құрсағыңызда Қайратқызы емес, Қайратұлы деген перзент өсіп келеді», – деген жазбаларды оқып Назым қатты айқайлап шыңғырған үні шықты. Бұл кезде Қайрат Аянмен қоштасып жоғары көтеріліп келе жатқан. Қолында хатты құшақтап, есінен айырылып, ерсілі күліп жатқан Назымды көріп шошып кеткен ол, Назымның қолынан хатты жұлып алып, оқыды. Сол кездегі Қайраттың ішінде болып жатқан күпірліктен өршіген өрт оны қоярға жер таптырмады. 

Ас үйден пышақты алып тез көлігіне жетті де, жұмысына қарай тартты. Осы оқиғаларға бірден бір себепкер сол Бауыржандар екенін білетін. Бірақ олар өршіткен күпірлік өрті оған дейін де лапылдамаса да шоқ болып, маздап тұрған болатын. Есік алдында темекі шегетін арнайы орында тұрған Бауыржанның жанына жүгіріп барып, алты жерінен пышақтап тастады.

Полицейлер қылмыс орнына келіп оны жедел ұстап алып кетті. Тергеу барысында қылмысты толық мойындауының және де оның басынан өтіп жатқан трагедиялық оқиғаларды ескеріп жеті жылға бас бостандығынан айырды. Араға апта салмай, таң сәріде өзін-өзі асып қойған Қайратты жазасын өтеушілер байқады. Назым да сол хатты оқығалы бері есінен адасқан. Перзентханалардың алдында шашы жайылған қалпы өзгелердің зәре-құтын алып жүргендіктен, оны амалсыз психологиялық ауытқушылығы бар науқастар емделетін емханаға жатқызған.

***   

«Алла тағала еш уақытта кісіге қайырсыз болатын тағдырды лаухуз–махпузда жазбайды», –деген уағыздарды қанша естісе де, Қайрат осы іске қалайда себепкер болып қалды. Тағдыр тәлкегіне түсіп жатқан жандарды Алла тағала өз рақымынан айыра көрмесін. 

Өмір өткелдері күпірлікті еш уақытта кешпейді. Ол тек шүкіршілікті ғана...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan