Әскери қызметте жүріп қаламын тастамаған ақындар көп емес. Солардың бірі – ақын, аудармашы. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының әдебиет саласындағы тұңғыш лауреаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайылов.
Дж.Остин, Э.М.Ремарк, Джек Лондон сияқты әлем жазушыларының шығармаларын қазақша сөйлеткен. Күні кеше «Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап жәрмеңкесі аясында испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары» романы Ә.Смайыловтың аулармасымен оқырманға жол тартты.
Әбубәкір Смайылов – ҚР Қарулы Күштерінің ардагері. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында дәріс береді. Біз мереке алдындағы қарбаласта ақынға 4-5 сұрақ қойған едік…
- Әбубәкір аға, біздің ұғымда әскери сала деген темір тәртіп, ал өнерді қиял жасайды дейміз, осы салада жүріп өлең жазу яғни ішкі күйіңді жоғалтып алмау қиын емес пе?
- Рас, әскери қызмет менің біраз уақытымды «ұрлады». Бірақ, бергені де аз емес. Ол жалпы жауапкершілікті, уәдеде тұра білуді, тура да ауыспалы мағынасында да жинақы жүруді үйретті. Анам марқұм айтушы еді: «Әр сөзіңе қарауыл қойып сөйле» деп. Қазіргідей шайпау мінез, бейпіл ауыз заманда, бұл, әсіресе, жігіт адамға ауадай қажет қасиет. Ал ішкі көңіл-күйді жоғалтып алмау әр шығармашылық тұлғаның жеке басына байланысты болар.
- Сіз кейбір өлеңдеріңізде қоғамдағы бассыздыққа, жүйедегі қателіктерге қарсылығы бар адам көрінесіз, бұл оқырман ретінде бізге ұнайды, ал біреулерге ұнамауы да мүмкін ғой.
- Әбден мүмкін. Әділетсіздікке қарсылығын әркім әртүрлі жолмен білдіреді. Мысалы, қари-молдаларға қызылдар қырғидай тиіп жатқан уақытта менің атам Смайыл немерелерінің атын түгел Құраннан алып қойған.
Қандай мықты – Ким, Марлен, Мэлс деген,
Бірақ біздің қырсық шал кері істеген.
Қайта құдай сақтапты, ол заманда,
Халық жауы билікпен келіспеген.
Атамның бұл әрекеті де ішкі қарсылықтың бір көрінісі. Ал ХХ ғасыр басында туып, ғасыр соңында –тура Кеңестер Одағы келмеске кеткен күні көз жұмған әкем Әбдірей сол жүз жылға жуық уақыттағы нәубеттің бәрін бастан кешкен адам. Алғашқылардың қатарында майданға аттанып, содан оралмаған. Кейін қаза тапты деген қара қағаз келеді. Анам онда жаңа түскен келін екен. «Басың жас, балаң жоқ, бақытыңды тап, қарағым!» деп атам рұқсат берсе де «Сүйегім осы үйден шығады» деп сүйгенін күтумен болған.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген, күндердің бір күнінде «өлген әкем» есіктен кіріп кепті! Ол Одиссей сияқты осынша уақыт қайда жүрген дейсіз ғой? Алдымен төрт жыл неміс тұтқынында, сосын Сталиннің пәрменімен Сібірге айдалып, одан қашып Памир тауларын паналаған. Әкемнің бастан кешкен қасіреті бірнеше тағдырға еркін жетер еді. Ол болса соғыс туралы тіс жармастан үн-түнсіз еңбек етіп, егін екті. Оның ең үлкен олжасы – «о дүниеден оралған» соң көрген тоғыз перзенті екені анық, мен – алпыстан аса бере туған кенжесімін.
Тектану ғылымында қазақтың жеті ата туралы түсінігін бекіте түсетін эпигенетика деген ұғым бар. Теперішті көп көрген әулеттің ұрпағы ретінде әділдікке шөлдесем, ол әбестік емес шығар. Қанша жерден «Әділетті Қазақстан» деп ұрандағанмен әрекет болмаса, әділдік орнай қоймайды. «Тек жүрсең тоқ жүресің, одан да табиғат туралы өлең жазсайшы» деп талайлар ақыл айтқан, әлі де айта берер.
- Өміріңізде айрықша еске алатын, осы сәт менің өмірімді немесе ойымды түбегейлі өзгертті дейтін сәттеріңіз бар ма?
- Он алты жасымда оң-солымды танымай жатып Алматыға келдім. Алып қала тау суындай бұрқ-сарқ қайнап жатыр екен. Қойдым да кеттім. Ол кезде ақындар арқырап жүру керек, басынан сөз асырмау керек деген түсінік болды. Сөйтіп жүргенде жастықтың буымен совет милициясына қол көтеріп, сотталып кете жаздағаным бар. Сол жағдай менің санамда зор төңкеріс жасады. Жазамды күтіп жатқанда талай дүниені таразыға салып, ана жақтан мүлде басқа адам болып шықтым. Жапа шеккен кісі мың болғыр, кешірім жасап, ертесіне совет армиясының қатарына аттандым. Марқұм Темірбек Қожакеев ағайдың «Бұзықтау болып кетіп ең, түзіктеу боп келдің бе?» дейтіні сол тұс.

- Әскери қызметіңізді не үшін жақсы көресіз? Бұл саланы не үшін таңдадыңыз?
- Негізі әскер мені таңдаған сияқты. Неден қашсаң соған тап боласың деген түсінік бар ғой. Мен басында екі нәрседен қашқақтап едім. Біріншісі – мұғалім болғым келмей, мектептен соң ата-анам түсірмекші болған пединституттан «құлап қалдым». Екіншісі – тағы екі жылымды жоғалтып әскерге барғым келмеген. Кейін бәрі керісінше болды. Совет армиясының солдаты, қазақ армиясының офицері ретінде бүкіл саналы ғұмырым Қарулы Күштердің сапында өтті. Қазір Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында сабақ беремін, ұстазбын. Міне, мен қашқан екі нәрсе алдымнан шығып, өмірімнің маңызды бөлігіне айналғанына өзім де қайранмын.
- Біздікі әдеби бағыттағы портал болғандықтан, оқырмандарымызды да ұмытпайық. былтыр ақын Елена Әбдіхалықованың поэзиясына арналған жиында ақын әпкеміз сонау жастық жылдарды, Алматыда Табыл Досымовпен бірге сіздің үйіңізге баратын кездерді еске алып еді, сіздер Табыл бәріңіз бірге жүрген екенсіздер, осы жайында аз-кем естелік айтсаңыз...
- Онда Алматының қиыр шетіндегі орыс кемпірдің қуықтай бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Соған қарамай «қонақшылмыз». Не жел қуғаны, не жын қуғаны белгісіз жас ақындар «Әбубәкір осында тұра ма?» деп келіп жататын. Бір күні буы бұрқырап, шашы дудырап Маралтай жетіп келді. Ол ол ма, бір күні Алматыдағы халықаралық айтысқа мына жағы Қытай, мына жағы Монғолиядан келген бір автобус ақын Ұлықбек ағаның бастауымен сау ете түсті. «Менің үйім Жиренше күркесіндей, Созып қалсам аяғым сораяды» деп ақын жырлағандай, сол үйге бәріміз қалай сыйдық, әлі күнге қайранмын…
Сондай кештің бірінде Табылды Досымов «Сыр бойынан – елден келген Елена қарындасың» деп Лена Әбдіхалықовамен таныстырды. Сырттай естуім болғанымен тұңғыш рет дидарласуым. Оның «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» әндерінің ел ішіне кең тараған кезі. Лена әлде айтысқа, әлде ән байқауына келді ме, қазір дәл есімде жоқ. Келіншегім Рая тез дастарқан жайып жіберді. «Жақсыда жаттық жоқ» деген, салған жерден аға-жеңге ретінде дәрежеміз өсіп, бірден тіл табысып кеттік. Жалпы Табыл марқұм таланттарды жазбай танып, сосын соларды бір-бірімен таныстырып жүруші еді. Әйтеуір сол күні орыс кемпірдің қуықтай бөлмесінде ән-жырға толы бір шуақты кештің куәсі болдық. Табыл содан көзі жұмылғанша Ленаны «менің братишкам» деп кетті.
- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болғанда сіз нешеде едіңіз, сізде осы рухтағы өлеңдер болғасын сұрап отырмын.
- Бұл – мәңгілік мызғымастай көрінген Совет одағының шаңырағы алғаш рет шайқалған кез. Содан қайтып ол оңалмады. Сол кездегі хал-ахуал онсыз да шиелінісіп, оқтаулы мылтықтай атылғалы тұрған еді. Оған Қонаевтың орнынан алынғаны тек түрткі болды. Жиырмадан жаңа асқан кезіміз. Көппен бірге алаңға шықтық, бейбіт басталған шерудің соңы ушығып кетті. Ар жағы баршаға аян. Өкініштісі, қырық жылға жуық уақыт өтсе де, Желтоқсан құпиясы әлі толық ашылған жоқ.

- Сіздің өлеңдеріңізде азаматтық рух бар деп бағалаған мақала оқып едім. Қазір не жазып жүрсіз?
- Сөзді энергия деп түсінсек өлеңде от, күш-қуат болу керек. Олай болмаған жағдайда өлең ақыннан бөлек, өз бетінше өмір сүре алмайды. Қазір жанры өзіме де беймәлім бір дүниені бастадым, оның не екенін рұқсат етсеңіз, біткенде бір-ақ айтайын.
- Әңгімеңізге рахмет.
Кетпенші шал
Кешегі анау германның соғысында,
Кетіп қалмай әкеміз оқ ұшында,
Тоғыз перзент әкеліп дүниеге
Жетілдірсем деп өтті тоғызын да.
Өйткені өзі біреудің жалғызы еді,
(Белгілі ғой жалғыздың жанды жері)
Тауқыметті басына тау ғып үйіп,
Тағдыры оны сан илеп, сан түзеді!
Аштық. Соғыс.
Қан майдан. Тұтқын.Түрме!!!
Түсіне де кірмейтін жұрттың мүлде -
Азапты өмір кешсе де сыр берген жоқ,
Сібір жақта елінен сырт жүргенде.
Ажал талай көздеді - ол өлмеді,
Қайтып келіп егін сап, жер өңдеді.
Тірі адамға тіс жармай өткен әкем
Е-е-е-ң жұмбақ жан мен үшін әлемдегі.
Не ойлады ол көшерде көк төріне,
Айтты ма екен лағынет өткеніне?
Көз алдымнан кетпейді қара шалдың,
Тұрған кейпі сүйеніп кетпеніне...
Біздің буын туралы
Құлаш ұрмай қияға дер кезінде.
Өкініштен өртенем енді өзім де.
Ішімізде бір-бір ит өліп жатыр,
Көрінсек те бақытты ел көзінде!
Көмескі ойлар бір кезгі қазір анық,
Көбі кетті өмірдің азы қалып.
“Неден жаздым құдайға?”, - дейді қазақ
Алдыменен алаңсыз жазып алып.
Мен де жаздым,
жаңылдым талай мәрте
Ақырында ақ түсті самайға ерте.
Кең пішілген дүние шолтаң етіп
Ес жиғанша боп шықты, қалай келте?!
Шындық іздеп шыққанда алаңдардан,
Оққа қарсы қайран жоқ жалаң қолдан.
Күшігінен таланып біздің буын,
Иттің азу тісінен аман қалған!
Сол бір екі ай –
Желтоқсан ызғарлы аса
Қаңтар қайта жарар ед сызданбаса...
Арман - алыс,
қол - қысқа, күн - кешкірді
Сонда ғұмыр кештік пе-ей, біз далбаса?
Аймаңдай ұлға ақ тілек
Айналдым ұлдан аймаңдай,
Көркіне көзің тойғандай.
Ой қандай және әр сөзі
Орнықты қолмен қойғандай.
Періште әппақ қанатты,
Аузына елді қаратты.
Жүгіріп жүрміз алқалай
Жүз жылда туар талантты.
Жүз жылдық ескі жүйе бұл,
Ақ түске жұққыш күйе, кір.
Сүйеді ұл шексіз Отанын
Сен де оны қазақ,
сүйе біл!
Күмбезі алтын Ақсарай
Күтіп ап сені патшадай,
Сынайды әлі атақпен
Сыйлық та беріп басқалай.
Бірақ сен мыстан билікке,
Басыңды име,
илікпе.
Бәлесі жұғар аулақ жүр
Сүйме де оны,
сүйдіртпе.
Арманға арман жалғанған,
Кім опа тапқан жалғаннан?
Талайлар бетсіз биліктің
Қолынан сүйіп қор болған!!!
Әбубәкір Смайылов
