Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Мағауиннің зиратына құлпытас орнатылды...

Мағауиннің зиратына құлпытас орнатылды

04.05.2026

82

Мағауиннің зиратына  құлпытас орнатылды - adebiportal.kz

«2026 жылғы 3 мамырда Вашингтон қаласында жазушы, зерттеуші, тарихшы Мұхтар Мағауиннің зиратына құлпытас орнатылып, жазушы есімімен аталатын Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды» - Juzmedia.kz 

Жазушының ұлы Едіге Мағауин құлпытас концепциясының мазмұнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аталған ескерткіш тек белгі емес, қоғамның тарихи жадын көрсететін мәдени нышан.

«Бір жылдың ішінде қаншама қазақ келіп кетті. Көпшілігі бұл жерді киелі орын ретінде қабылдайтынын айтады. Әкеміздің басына тас қойған кезде келген адамдар әкемізбен сырласқандай күй кешсе деген ниетпен осы құлпытас орнатылды.

Неліктен тау бейнесі таңдалды десеңіз, тау – қазақ пен тұтас түркі жұртының көне тарихының символы, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. Құлпытастың арғы бетінде көне түркі жазуымен бәдізделген тарих көрініс тапқан. Әкем әдебиеттегі жолын жаңа бастаған кезде көне түркі жазуларын аударуға талпынып көрген еді, өмірінің соңында сол еңбегін толық аяқтап кетті. Таудың бергі жағында Шыңғыс хан дәуірінен бастап Қазақ Ордасына дейінгі кезең бейнеленген. Бұл – әкем терең зерттеп, шығармаларына арқау еткен тақырыптар. Құлпытастың төменгі бөлігінен «Аласапыран» романының елесі аңғарылады.

Жоғарғы бөлігінде жыраулар мұрасы көрініс тапқан: архивтерден табылған, арыстан үстінде отырған жырау бейнесі – әрі батыр, әрі сөз ұстаған тұлғаның символы. Оның қолындағы қылыш – алдаспан. Бұл сөз әкем жыраулар мұрасын зерттегенге дейін ұмыт қалған еді, кейін қайта айналымға енді.

Құлпытаста бір жағында қалам, бір жағында алдаспан бейнеленген. Бұл – көркем әдебиет пен ғылыми ізденіс арқылы өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғау идеясын білдіреді. Жоғарғы бөлігі Күлтегін ескерткіші үлгісінде жасалып, шаңырақ орнатылды. Әкем Құранның бірнеше аятын қазақша аударған. Соның ішінде Құранның 62-сүресінен алынған аятты «Мен» атты ғұмырбаяндық романының кіріспесіне пайдаланған. Бұл – қазақ халқының мүддесі мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғысынан алынған шешім», - дейді Едіге Мағауин.

Іс-шара аясында таныстырылған «Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығы» – диаспоралық мәдени саясаттың жаңа форматы. Орталық құрамында жазушының музей-үйі мен кітапханасы құрылмақ. Едіге Мағауин бұл бастаманың негізгі мақсатын былай түсіндіреді:

«Орталықтың бір бөлігі ретінде әкеміздің музей-үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – оның қалай өмір сүргенін, бос уақытын қалай өткізгенін көрсету үшін маңызды. Сонымен қатар кітапхана ұйымдастыру ойымызда бар. Өйткені әкеміздің өмір бойы жинаған ең үлкен байлығы – кітаптары.

Өзінің еңбектерімен қатар, әлем әдебиетінің орыс тіліндегі сирек басылымдарын жинады. Бұл – Америкадағы біздің буын үшін қолжетімді, жеке қолдағы ең бай кітапханалардың бірі болуы мүмкін. Енді соны ағарту мақсатында тиімді пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз. Біздің мақсат – қазақ өнері мен мәдениетін тек әкеміздің шығармашылығымен шектемей, Америка жұртшылығына кеңінен таныстыру».

Мұхтар Мағауиннің 27 томдық мұрасы – тек әдеби құбылыс емес, тарихи сананы қайта құру жобасы ретінде де бағаланады. Оның еңбектері арқылы қазақтың жыраулық дәстүрі, көне түркі мұрасы және ұлттық тарихи жад жаңа интерпретацияда ұсынылды.

Вашингтондағы бұл бастама – қазақ мәдениетінің Батыс кеңістігінде институционалдық түрде ұсынылуының сирек мысалдарының бірі. Әсіресе жеке бастама негізінде құрылып жатқан орталықтың музей, кітапхана және ағарту функцияларын қатар қамтуы – оны тек мемориалдық емес, тірі мәдени алаңға айналдыруға мүмкіндік береді.

Фотосуреттер juzmedia.kz порталының ғаламторлық бетінен алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan