Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Кеңшілік кеңістігі...

Кеңшілік кеңістігі

113

Кеңшілік кеңістігі - adebiportal.kz

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына арналған әдеби жиын өтті. Негізінен ақын-жазушылар, ақынның көз көргендері, жұбайы, әдебиетсүйер жұртшылық жиналған жиын экраннан ақынның алтын қордағы өз бейнесі көрсетіліп, ақынның өз дауысымен оқылған өлеңімен басталды.

 

Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді:

- Жуырда туған жерінде ақынға арналған тамаша кеш өтті. Осы Астанадан бір топ қаламгер барып, тұңғыш рет өткен Кеңшілік оқуларына куә болды. Көптеген жастар, ауылдағы жас балалар, оқушылар қатысып, қорытындысы өте әділ болды деп жатыр. Міне, бүгінгі күні үш кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. Осы істердің басы-қасында жүрген қазақтың белгілі сыншысы, Кеңшілік ағамыздың ұлы, «ат тұяғын тай басар» дейді ғой, осы іс-шараларды қалай ұйымдастырып жатқаны, тағы да қандай шаралар болады деген төңіректе әңгіме айту үшін сөзді біздің Әбең, Аманкелді Кеңшілікұлына берсек деймін.

 

 

Амангелді Кеңшілікұлы, белгілі әдебиеттанушы, сыншы:

- Ассалаумағалейкүм, ардақты ағайын, қадірлі халайық, әкемнің әруағын құрметтеп келіп жатқан баршаңызға басымды иемін. Сексен жылдығына байланысты осы жақында ғана Жангелдин ауданында Кеңшілік оқулары өтті. Оған үлкен ресми жоғары тараптың өзінен айрықша көңіл бөлінді. Осы Кеңшілік оқуларына өзінің ілтипатын білдірген мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бауырыма, одан кейін Жұлдыз Сүлейменова қарындасыма, сондай-ақ  Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ағамызға зор алғысымды білдіргім келеді.

Биылғы жылдың алтыншы маусымы  әкемнің сексен жылдығы. Алтыншы маусымда Торғай жұрты бізде  Кеңшілік мерейтойын өткіземіз деп шақырып жатыр. Негізгі іс-шараны қыркүйек айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Жоғары үлкен тараптардан рұқсаттар алынды. Құдай қаласа, қыркүйек айында әкеміздің үлкен тойы, мерейтойы болады. «Менің мұңым – махаббатты»  заманның қиын кезінде қазақтың үлкен азаматы, меценат Мұхтар Құл-Мұхаммед шығарып берген болатын. Рақымғали Құл-Мұхаммед сол кітапты кейін қайтадан шығарып берді. Одан кейін мынау «Дәуір-дастан» деген кітапты сол Мұхтар ағамыздың інісі, үлкен меценат Рақымғали Абрарұлы бір-екі жыл бұрын шығарып берген. Біз, бірақ, бұл кітаптардың бәрін таныстырып өткен жоқпыз. «Қайран, Кеңшілік» кітабы да әкеміздің жетпіс жылдық қарсаңында шыққан болатын. Сондықтан бұлардың бәрінің басын қосып, осы 80 жылдықта бір таныстырып өтуді жөн санап отырмыз. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан «Сәруар» деген кітабы шыққан. Ұлттық кітапханада көптеген іс-шаралар өтіп жатыр, көрме өткізіліп жатыр. Сондай-ақ  осыған дейін қазақтың талай ұлы ақындары туралы лекция оқыған болсам, осы маусым айында Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылығы туралы да лекция жасамақпын.

Бұдан кейін Кеңшілік Мырзабековтің үш кітабының лентасы қиылды. Ақынның оқырман назарына ұсынылып отырған «Менің мұңым – махаббат» жыр жинағына әр жылдары жарық көрген және бұрын жарияланбаған өлеңдері енгізілсе, «Дәуір – дастан» жинағына Отан, заман, өмір мен адамзат туралы толғамды жырлары топтастырылған. Сонымен қатар, «Қайран Кеңшілік!» атты жинақта ақын туралы сын мақалалар, естеліктер, эсселер мен арнау өлеңдер қамтылған.

Кеш барысында сөз алған  ақынның досы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы Кеңшілік Мырзабековпен бір ауылда туған, бірге өскен адам ретінде ең жылы естеліктерін айтты. «Кеңшілік –  алдына қара салмаған ақын» деп баға берген ол сонау жастық шағына ойша оралып, Кеңшілік досының шығармашылық болмысы мен азаматтық тұлғасы жайлы ұзағырақ толғап айтты. 

Ақынның жары Зинура Ыбырайымқызы ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, жастықтың ғажайып шағында ақынмен алғаш қалай кездескендерін, алғашқы жолығысуда  оның өлең оқып бергенін,  досқа деген пейілі жайлы ептеп сыр шертті.  

Осы тұста Кеңшілік ақынның отбасы атынан кеше ғана 80 жасқа толған  Серік Тұрғынбекұлына шапан жауып, құрмет көрсетілгенін де айта кетейік.

Техниканың мүмкіндігін пайдалана отырып, қырғыз жұртының маңдайалды жазушысы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтің лебізі тыңдалды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі  Бауыржан Омаров: 

- Кеңшілік ағаның өмірден өткеніне қырық жылдай уақыт болып қалды, бірақ соған қарамастан көзін көрдік, нағыз бабында тұрғанын көрдік, нағыз ақын ретінде биігінде тұрған сәтіне куә болып, өз аузынан  өлеңдерін тыңдадық. Сондай-ақ өлеңдері жарияланып жатқан кезде мақалалары да «Парасатқа» шығып,  оқырмандардың кәдімгі пышақ үстінен бөліп әкеткендей оқығанын көрдік. Сол жағынан айтар бірдеңеміз бар деп ойлаймын. Әйтпесе Кеңшілік ағамыздың қасында бірге жүріп, бұл кісінің сойқан жүрістеріне ілесіп жүргендердің қатарынан емеспіз, негізі ақынжанды болғанмен, ақын емес едік. Шынында ол заманда ақындар өте аз болатын, олар бірден ақын болып келеді, ақынға түрі де ұқсайды, жыры да ұқсайды, жүріс-тұрысы да ұқсайды, өзі де ұқсайды. Ол ақын болып мойындалады, мойындалмағандар сол ақындарға жол береді де басқа жанрларға кетеді. Сол қалыптасқан заңдылық болды. Ақын деген ол кезде  Алла тағаланың сүйген, ықыласы түскен құлы сияқты болды. Кеңшілік ақын да тура сондай ақын еді. 

Поэзиясына келсек, қазақ лирикасын саяси құрсаудан шығарды, еркіндікті жетегінде келген ақын еді. Кеңшілік ағам өлең жазып, құрастырып, ұйқас іздеп әуре болмайтын, поэзияның компоненттерін іздеп әуре болмаған сияқты көрінеді, оған әлдеқайдан бір бұлақ болып құйылып тұрғандай әсер қалдыратын. Сондай ақындарды көргеннен кейін басқа ақындар оларға жол беретін. Басқа ақындар поэзия алаңын өз еркімен тастап шығатын. 

Ұлт поэзиясы дегенде Торғай жұртының поэзиясын біз ерекше бөліп айтамыз. Ол – Ғафу аға, ол –  Сырбай аға, ол  – Кеңшілік аға, Қонысбай аға, Серік аға. Даланың кеңдігі, арғымақтың шабысы, сәйгүліктің желісі секілді арындап тұрған поэзияны қалыптастырды бұл кісілер. Қазір, міне, ақынның жары, апайды көріп отырмыз. Сіз қазақтың ең талантты ақынына жар болдыңыз, қазақтың тағы бір талантты перзентін дүниеге әкелдіңіз. Сізге сол үшін басымды иемін.

 

Сондай-ақ ақын, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов, Кеңшілік Мырзабекоа жайында толымды әңгіме айтып  эссе жазған қаламгер Қайсар Әлім, т.б.  азаматтардың сөздерінде ақынға деген ілтипат, оның ақындық қуатын мойындаған ықылас, өткен күндерге деген сағыныш лебі де жатты.

Осы жерде жиналғандар Кеңшілік Мырзабековтің өгіз жайлы өлеңін еске алды. Қонақтардың өгіз жайлы деп отырғаны «Жолда» деген баллада. Бұны қарапайым тіршіліктен философия шығарған өлең дейміз, өгізді білесіз, ол заманда колхоздың өгізінің көрмегені болмайтынын Сайын Мұратбековтің болсын, соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыр жылдарды қамтыған басқа қазақ жазушыларынан да қаншама рет кездестірдік.  

Ол кез уақыт басқа еді, Лениннің 100 жылдығына орай жиналған ақындар көсем, партияға арнаған өлеңдерін оқып жатқанда Кеңшілік ақын өзінің өгіз жайлы өлеңін оқыған екен. Көрдіңіз бе, іштегі еркіндік қандай!  Өгіз бұнда да төзімнің, көнбістіктің, үнсіз қасіреттің символы. Сіз тек «таңдайы тобарсып» «қайызғақ шаң» арасында жүрген «науадай бітім», «кетпендей тұяқты»  өгізді ойлап, өгізді аяп қана қоймайсыз, осы жерде адамның өз тағдыры да тұрады.  Өгіз  халықтың өгізі, ол кешкен қиындық пен ауыртпалық та елдікі, бұл ақынның қарапайым халықтың өмірін, шынайы тіршілікті идеологиядан биік қойғанын көрсетеді. 

Кеңшілік Мырзабековтің ұлы Амангелді Кеңшіліктің әкесі жайлы айтқан әр естелігінде перзенттік сағынышы,  ең аяулы жанға деген жүрек түбінен көтерілген ерекше құрметі аңғарылады.  Ол әкесінің ертеде жазылған өлеңінен үзінді оқып берді.

- Әкем марқұм Мұқағали Мақатаевтің өзімен қатты дос болды. Енді қазір Мұқағали өлгеннен кейін елдің бәрі Мұқағалимен дос болған сияқты түр көрсетіп жатады ғой, бірақ Мұқағалидың жанына жақын келген әкем марқұм болды. Сонда Қарасазға барған кезде Мұқағалидың үйінде болғанын әкем маған айтып берген. Сонда  Мұқағали оны үстелдің үстіне шығарып қойып өлең оқытыпты. Сонда үстелдің үстіне шығып алып әкем мына өлеңді оқып берген екен.

 

Қарлығаш құс-ау, келдің бе тірі, келдің бе?

Сағынған дала бусанып қоя берді ғой.

Сағынған аспан сен келген күні теңбілдеп,

Сәулесіменен сары адырларға төнді ғой.

Сен дағы келдің, көктем де келді қаз-қалпы,

Біздегі жанар бәрін де көріп үлгерсе.

Екеуміз енді қызықтаймыз ғой жаздарды,

Көз жұмғандар да, көз жұмғандар да бір көрсе.

Көре алмай ма екен, қайғырмай-ақ қой, жасыма,

Бұл дүние тек тірілердің отаны.

Сен келеді деп қабірлердің де басына

Қайырымды қолдар су тоқтар жасап жатады.

Пендеміз ғой біз, пенделікті егер сөз қылсақ,

Сені де кейде үркіткен көздер болып жүр.

Елемеші оны, қасиетті құсым, көз жұмсақ,

Қабірімізге құрғатпай келіп қонып жүр.

Мен кейін әкемнің архивін ақтарып отырып осы өлеңін тауып алдым. Бұл өлең еш жерде жарияланбаған екен, мен «Жалын»  журналына бердім. Сөйтсем, әкем марқұм бұл өлеңді он төрт жасында жазған екен. Содан жаңағы жерде Мұқағали қатты риза болып, әкемді құйрығынан бір теуіпті, сосын айтыпты: «Әй, Кеңшілік, мен осы сары тентек сенен қорқам, менің тілім күннен күнге ішіне кіріп бара жатыр, сенің тілің шығып бара жатыр»  деп. Бұл енді Мұқағалидың төмендеуі емес, бұл жас ақынды мойындауы. 

Ұлы ақындар еш уақытта да бірін-бірі қызғанбайды, ол біз ғой кейін олар өлгеннен кейін бір-бірінен қызғанып жүретін. Кейде, мысалы үшін, Мұқағалиды Жұмекенмен салыстырып… сондай бір тенденциялар бар. Бұның бәрі біздің деңгейіміз. Әр ақынның өзінің ұлы орны бар. Мұқағали да, Жұмекен Нәжімеденов те, Кеңшілік те, Жарасқандар да қазақ поэзиясының жарық жұлдыздары,  - деді ол.

Бұдан әрі сөз алған қонақтар Кеңшілік Мырзабеков жырларында сыртқы пафостан гөрі ішкі қуат басым екендігін, ақын өлеңді оқырманға әсер ету үшін емес, жан дүниесіндегі толқынысты дәл жеткізу үшін жазғандай әсер қалдыратынын айтып жатты. Әр пікірдің астарында оқырманның өнердегі, оның ішінде өлеңдегі табиғилықты іздейтіні аңғарылды. Кеңшілік Мырзабековті жас кезімізде біз де оқыдық, мысалы, «ФЗО-ға кеткен жеңешемде» болсын, «Анар» атты өлеңде болсын, уақытпен бетпе-бет тұрған адамның жалғыздығы, арманға адалдығы, өмір алдындағы тазалығы сезілген сонда.

Міне, Кеңшілік ақын туралы жылы естеліктер айтылған, Мақпал Жүнісованың орындауында Кеңшілік Мырзабеков сөзіне жазылған ән тыңдалған осындай келісті шара болды. 

 

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan